Жүйке жүйесінің ісіктері
Үй жануарларының ми мен жұлын, вегетативтік және шеткей жүйке элементтерінен де (негізінен макроглиядан) қатерлі және қатерсіз ісіктер туындайды.
Астроцитома - астроциттерден жаратылатын, баяу өсетін, негізінен итте, кейде тауықта, қара малда, жылқыда кездесетін қатерсіз ісік. Әдетте бұл ісік – бір ошақты процесс, тек балапанда – көп ошақты. Үлкен миды, мишықты, кейде ми мен жұлынның басқа да жерлерін зақымдайды. Көбінесе ісік айқын шектелген, онда тілік беті біркелкі, тегіс, кейде қуысты болады. Астроцитоманың талшықты, протоплазмалық және талшықты-протоплазмалық деген түрлері бар. Талшықты астроцитома қатар-қатар орналасқан глия талшықтары будаларынан, аздаған астроцит тектес торшалардан, ал протоплазмалық астроцитома өсінділері бірімен-бірі шатасып жатқан үлкенді - кішілі астроцит тәрізді торшалардан тұрады. Ісіктің үшінші түрінде торшалар мен глия талшықтарының ара-қатысы шамамен бірдей.
Олигодендроглиома – ит пен мысықта кездесетін негізінен мишықты зақымдайтын қатерсіз ісік. Ол дөңгелек не сопақша пішінді, қалыпты өрмеге қарағанда нығыздау келеді. Микроскоп арқылы қарағанда ісік паренхимасын құрайтын торшалардың тығыз орналасатынын, олардың цитоплазмасының солғын боялатынын, ядросының ұсақ, дөңгелек, хроматинге бай екенін көруге болады. Ісікте митоз көп, стромасы шағын ғана.
Эпендиома – ми қарыншаларын көмкерген эпендима торшаларынан туындайтын қатерсіз ісік. Кәрі итте, жылқыда, қара малда, мысықта кездеседі. Қатерлі эпендиома малда өте сирек кездеседі.
Менингиома – ми қабықтарынан туындайтын, итте, мысықта, жылқыда кездесетін қатерсіз ісік.
Невринома – жүйке діндерінің Шванн қабығы торшаларынан өсетін, қар малда, жылқыда, итте кездесетін ісік. Оның қатерсіз және қатерлі түрлері бар. Ісік көбінесе 4 - 5 жастағы қара малдың симпатикалық жүйке түйіндерін, иық тұсындағы жүйкелерін зақымдайды, итте жота және аяқ терісінде орналасқан, жүйке талшықтарын бойлай өскен сопақша жуандықтар түрінде көрінеді. Микроскоп арқылы фибробалстарға ұқсас сопақша торшалар көрінеді. Вегетативтік жүйке жүйесінің ісіктері – ганглионеврома және невробластома – жануарларда сирек кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |