Карцинома (cancer - рак) – жайпақ және без эпителийден жаралған қатерлі ісік. Карцинома мүшенің қалың ортасында, жамылғы өрменің бетінде орналасуы мүмкін. Карцинома түйін тәрізді, кедір-бүдірлі, ақшыл-сары, сұрғылт - қызыл, жұмсақ не қатты болады. Айналасындағы өрмені кеулей өсетін болғандықтан ісік шекарасы онша білінбейді.
Карцинома паренхимасы болып табылатын эпителий тектес торшалардың өсіп-жетілу дәрежесі әр деңгейде, яғни карцинома торшаларының морфологиялық сипаты, олардың сау эпителий торшаларынан айырмашылығы (торшалық атипизм) бірдей болмайды. Осыған орай карцинома түрлерінің мал денесіне тигізер зарары да бірдей емес. Карцинома қаңқасы (стромасы) борпылдақ немесе нығыз дәнекер өрмеден тұрады. Әдетте карциноманың паренхимасында да, стромасында да екінші кезекті туындайтын патологиялық процестер (дистрофия, некробиоз, қабыну) байқалады. Тері мен кілегейлі қабықтар карциномалары ерте ойылымданады. Карцинома торшалары негізінен лимфаға ілесіп тарайды. Сондықтан ісік метастаздары әуелі өңірлік лимфалық түйіндерде пайда болады. Микроскоптағы көрінісі бойынша карцинома бірнеше түрлерге бөлінеді. Жалпақ торшалы карцинома - терінің, кілегейлі қабықтардың көпқабатты эпителийінен, кейде метаплазия арқылы бронхтың, көмейдің, т.б. мүшелердің цилиндр тәрізді эпителийінен туындайды. Көбінесе итте кездеседі. Ісік дамуының алғашқы сатысы: көпқабатты жалпақ эпителийдің табанғы қабат торшалары жиірек бөлініп көбейеді, мұның нәтижесінде пайда болған эпителий өсінділері дермаға енеді (ісікалды өзгерістер). Кейін эпителий табанындағы жарғақ жыртылып, ісіктік қасиеті бар торшалар жамылғы эпителийден оқшау шығады, сөйтіп дермада карцинома торшаларының ошағы (карцинома бастамасы) пайда болады.
77-сур. Жалпақ торшалы мүйізгектенбейтін рак (Қой терісі): а) рак ұялары, б) дәнекер өрме.