Құйрық-бауыр
«Құйрық-бауыр» (салт). «Құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» (мәтел). Бұл құдалық дәстүр рәсімі болғанмен ұлт салт-дәстүрінде орны бөлек жай. Екі жақ келісіп, құда болған жағдайда оларға «құйрық-бауыр» арнаулы сый әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық-бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі құжат болып бекітілген.
Құдалық дәстүр және оған сәйкес әдет-ғұрыптар әдетте әзіл-қалжыңсыз, ойын- сауықсыз өтпейтіндігі әркімге белгілі. Сондай-ақ осы «Құйрық-бауыр» салтында да қалжың өлеңдер мен қағытпалар да айтылмай қалмайды. Астана қаласында қостанайлық Сәмкен Омаров пен көкшетаулық Қуантай Әбілмәжінұлының құдалығында «құйрық-бауыр» ұсынғанда Қанапияқызы Орынбасар құдағи осы қазақы салттың ажарын мынадай өлеңмен өрнектей түсті. Осы құдаларға қарап, былай деп әндетті:
Құда, құда дейсің-ау, әй,
Құйрық-бауыр жейсің-ау, әй,
Құйрық-бауыр жемесең,
Несіне құда дейсің-ау, әй.
Үлкен құда, бас құда,
Кіші құда, жас құда,
Құйрық-бауыр әкелдім,
Ауызыңды аш, құда.
Үлкен құда ардақты-ай,
Кіші құда салмақты-ай,
Құйрық-бауыр асатам,
Тістеп алма бармақты-ай.
Үлкен құда әнекей-ау
Кіші құда мінекей-ау.
Құйрық-бауыр асаттым,
Кәделерің кәнекей-ау!
Әр елде, әр ауылда әр салт-дәстүрдің осындай өзіндік әуендері мен ән-жырлары да болған. Ауыз әдебиетіндегі тұрмыс-салт жырлардың мұндай үлгілерінің көпшілігі ұмытылуға айналған. Дегенмен ел ішінен оның бірнеше жақсы түрлерін әлі де табуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |