ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ КИІМДЕРІ Қазақтың ұлттық киімдері – қазақ халқының қол өнері, көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына.
Ерте заманнан бүгінгі күнге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан қазақтың ұлттық киімдері әлі де аз емес. Олардың кейбіреулерін ескінің көзі – қарттар күнделікті киіп жүрсе, енді біреулерін қыз ұзату, келін түсіру, Наурыз, т.б. тойларға, ойын-сауыққа пайдаланады (мысалы – қалыңдыққа сәукеле кигізу). Қазақтың ұлттық киімдерінің көпшілігі театрдың арнаулы тапсырысы бойынша да тігіліп жүр. Солардың неғұрлым көп тараған түрлерінің бірі – айырқалпақ.
Айыр қалпақ Аса қымбат матамен тысталып, ішіне жұқа киіз немесе қалың мата салынып, сырылып тігілетін ер адамдардың бас киімі. Сыртына өсімдік тектес өрнек салынып, алтын жіппен зерленеді. Оны ертеде хан-сұлтандар салтанатқа киетін болған. Қазір оны құрметті адамдарға сыйлайды.
Сәукеле Ұзатылатын қыз - қалыңдық киетін ғұрыптық киім. Оның сом күмістен құйылған төбесіне үкі тағылып, маңдайына жақұт қондырылады. Екі жақтауына моншақтан салпыншақ өріледі, төбесінен жерге дейін төгілген ақ желек жабылады.