ҚАЗАҚТЫҢ БАЛАЛАРОЙЫНДАРЫ Хан алшы Ойынға 5-10 балаға дейін қатыса береді. Асық көп болу керек. Көп асықтың ішінен үлкенірек біреуін қызыл түске бояңдар. Осы асық « Хан» болады. Алдымен санамақ арқылы ойын бастаушыны тағайындап алыңдар. Осы бала асықтың бәрін уысына жиып алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді. Сендер «ханның» қалай түскенін байқап отырыңдар. Егер «хан» бүк, шік, тәйкі түссе, ойын бастаушы бала «ханның» түсуіне қарай жақын асықтарды бас бармақтардың көмегі арқылы сұқ саусағымен итере- ыршытып біріне – бірін дәлдей отырып тигізеді. Тигізген асықтарды өзіне алады. Осы арада «ханды» тек ең соңғы өзі сияқты жатқан асықпен атып алуға болатынын ұмытпағандарың жөн. Ойын бастаушы басқа асықтарға қолымен не асықпен тиіп кетсе, ойынды келесі бала жүргізеді. Ал, егер «хан»алшысынан тұрса, «ханды» әрқайсысың өз қолдарыңа түсіруге әрекеттеніңдер. «Хан» кімнің қолына түссе, сол бала жеңіске жетеді. Ойынды да сол жеңген бала бастайды.
Омпы Асықты мұртынан немесе жамбасынан тұрғызуды «Омпы» дейді. Омпы ойынына 2-10 балаға дейін қатыса берулеріңе болады. Ара қашықтығы 10-20 адым ( қалауларың бойынша) жерге екі көмбе сызыңдар. Әр қайсысың көмбенің тең ортасына белгіленген сызық бойындағы көнге екі асықтан тігіңдер. Ортасына бір асықты омпысынан тұрғызыңдар. Көмбедегі сызық бойына кезекке тұрып, қолдарыңдағы сақаларыңмен көнге тігілген асықтарды атып түсірулерің керек. Атып алған асықтарың өздеріңе қалады. Егер омпыға тигізсеңдер, көндегі барлық асықтарды аласыңдар. Неғұрлым көп асық ұтып алғандарың жеңіске жетесіңдер.