Мектеп директоры орынбасарларының психологиялық-педагогикалық құзыреттіліктері:
инклюзия идеясын қабылдау, білім беру жүйесін реформалау жағдайында оның құндылығы мен қажеттілігін сезіну;
инклюзивті білім беру саласындағы шетелдік және отандық нормативтік-құқықтық құжаттарды білу;
инклюзивті білім берудің теориялық-әдіснамалық және әдістемелік негіздерін білу;
балалардың жас және психологиялық ерекшеліктерін білу;
қауіпсіздік техникасы негіздерін білу;
білім беру бағдарламалары мен технологияларының бейімделуіне әрекет жасау және мұғалімдерге көмек көрсету;
ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды және олардың ата- аналарын әлеуметтік-психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру;
инклюзивті білім беруді насихаттау, педагогикалық ұжым, ата- аналар, қоғам арасында оны жүзеге асырудың ерекшеліктері мен тәсілдері бойынша ағартушылық жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу;
ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту, тәрбиелеу, әлеуметтендіру, өзін-өзі реттеу мақсаттарына қол жеткізу үшін инклюзивті білім беру үдерісіне қатысушылардың ынтымақтастығын ұйымдастыру және жүзеге асыру қабілетінің болуы;
барлық білім алушылар үшін кедергісіз орта құруға мұғалімдердің, сынып жетекшілерінің, үйірмелер мен секция басшыларының кәсіби қызметін үйлестіре және бағыттай білу;
инклюзивті білім беру процесінің сапалы ұйымдастырылуын бақылауды жүзеге асыра білу.
Жалпы білім беру мекемелерінде директордың бірнеше орынбасарлары болғандықтан, лауазымдық функциялардың ерекшелігін ескере отырып, олардың құзыреттіліктерін қарастырамыз:
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:
барлық білім алушылардың білім алу қажеттіліктерін ескере отырып, сабақ кестесін дұрыс құрастыра білу (мысалы, бұл сыныпта тірек- қимыл аппараты бұзылған бала бар екенін біле отырып, дене шынықтыру сабағын бірінші немесе соңғы сабаққа қою немесе ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар үшін басқа сабақпен алмастыру мысалы: дефектологпен қосымша сабақ немесе медициналық емшаралар және т. б.);
пән мұғалімдерінің, сынып жетекшілердің, мамандардың іс- әрекеттерін үйлестіру және әдістемелік басшылықты жүзеге асыра білу;
білім алушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып, олардың толыққанды дамуы үшін жағдай жасауды бақылай білу, конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және т. б. ұйымдастыру;
жіберілген/ауыстырылған сабақтардың есебін жүргізе білу, уақытша болмаған мұғалімдердің орнын алмастыруды ұйымдастыра білу;
білім алушылардың оқу жүктемесін бақылай білу, білім беру мүмкіндіктерін ескере отырып, оларды бағалау (мысалы, балада сөйлеу мен есту қабілетінің бұзылуы болатын болса, онда оған жазбаша тапсырма және т.б. ұсынылады).
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
білім алушылардың қызығушылықтары бойынша үйірмелер, клубтар және білім алушылардың басқа да бірлестіктерін ұйымдастыра білу, олардың қызметін талдау, бақылау және насихаттау;
балаларды тәрбиелеуге және бос уақытты ұйымдастыруға қоғамдық, спорттық ұйымдардың, мәдени-ағарту мекемелерінің өкілдерін тарта білу;
білім алушылар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша жұмысты үйлестіре білу, осы мәселелер бойынша құқық қорғау органдарымен, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялармен, басқа да мүдделі ұйымдармен байланыс орнату;
білім алушылардың денсаулық ерекшеліктерін ескере отырып, демалыс, мереке күндері сауықтыруды жоспарлау және ұйымдастыра білу.
Директордың орынбасарлары оның басты көмекшісі болып табылады және инклюзивті білім беру процесінің табысты жұмыс істеуі олардың құзыреттілігіне байланысты екені түсінікті.
Инклюзивті білім беру үдерісіндегі арнайы педагогтың психологиялық- педагогикалық құзыреттілігін қарастырайық:
мұғаліммен қатар арнайы педагог немесе дефектолог инклюзивті білім беру процесінің негізгі тұлғасы болып табылады, оның ұсыныстарынсыз және түзету-дамыту жұмыстарынсыз «ерекше баланы» жалпы білім беретін мектептің педагогикалық үдерісіне қосу мүмкін емес. Өйткені, арнайы педагогтің кәсіби қызметі балалардың психикалық және дене бітімі дамуымен, ауытқушылықтарын түзетумен тікелей байланысты.
Ғылыми әдебиетте дефектолог-мұғалімнің кәсіби құзыреттілігіне арналған бірқатар жұмыстар бар (Л.С. Выготский, Н.Н. Малофеев, В.И. Лубовский, Б.П. Пузанов, Ю. А. Костенкова және т.б.).
Аталған ғалымдар педагог-дефектолог құзыреттілігінің түрлері мен құрылымын, арнайы білім беру жағдайында болашақ мамандардың кәсіби қызметке дайындығының ерекшеліктерін зерттеді.
Бізді инклюзивті білім беруге қатысты дефектологтардың құзыреттілігі қызықтырады. Жалпы білім беру мекемелерінде кәсіби қызметтің ерекшелігіне байланысты дефектологтың құзыреттілігі сәйкесінше өзгере ме?
Сонымен қатар, ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды әлеуметтендіру бойынша дефектологтың оңалту және түзету қызметі үшін инклюзивті білім беру жүйесінде үлкен артықшылықтар бар. Біз өз міндетімізді тек инклюзивті білім беру процесінде өз қызметін жүзеге асыратын педагог-дефектолог құзыреттерінің мазмұнын анықтау арқылы ғана көреміз. Осы мақсатта дефектологтың кәсіби қызметінің мазмұнын қарастырамыз.
Педагог-дефектологтың кәсіби қызметі білім беру бағдарламасын табысты меңгеруге және балалардың толыққанды әлеуметтенуін қамтамасыз етуге бағытталған. Ол үшін дефектологтар «ерекше баланың» танымдық, сөйлеу, эмоционалдық, әлеуметтік дамуын жүзеге асырады. Осы мақсатта дефектологтар педагогикалық диагностиканы жүзеге асырады, оқу материалын меңгеруді жақсарту үшін қағидаларды, әдістерді, нысандарды, құралдарды анықтайды. Ерекше мүмкіндіктері бар баланы оқыту бойынша бейімделген білім беру бағдарламаларын, әдістемелік ұсыныстарды әзірлейді, балалардың даму динамикасын зерделейді, басқа мамандармен, ерекше мүмкіндіктері бар баланың отбасымен ынтымақтаса жұмыс жасайды. Түзету- дамыту және оңалту қызметін жүзеге асырады, барлық мүдделі тұлғаларға кеңес береді және ағарту жүргізеді.
Осыған орай, инклюзивті білім беру процесінде арнайы педагогтың (дефектологтың) психологиялық-педагогикалық құзыреттілігін бөліп қарастырамыз:
ерекше білім беру мүмкіндіктері бар балаларды толыққанды әлеуметтендіру үшін инклюзивті білімнің маңыздылығын түсіну;
инклюзивті білім берудің ерекшелігін, инклюзивті білім беру жүйесінде туындайтын проблемаларды, кедергілер мен қауіп-қатерлерді, негізгі технологияларды білу;
инклюзивті білім беру жағдайында ерекше мүмкіндіктері бар балаларды оқыту барысында оқыту әдістерін, нысандары мен құралдарын білу;
балалардың психофизиологиялық, жас және жеке ерекшеліктерін, ауытқушылық түрлерін, ағзаның компенсаторлық мүмкіндіктерін білу;
ерекше мүмкіндіктері бар балалардың одан әрі дамуын болжай білу, білім беру бағдарламасын меңгеруге түзетулер енгізу;
жалпы білім беру мекемесінде балалармен жұмыс жасаудың диагностикалық, оңалту, түзету-дамытудың әдістері мен тәсілдерін меңгеру;
бала дамуының ауытқушылық ерекшелігін ескере отырып, жеке білім беру бағдарын құра білу, оқыту және тәрбиелеу процесінде мамандандардың қолдауын қамтамасыз ету;
бұқаралық мектепте ерекше білім беру мүмкіндіктері бар білім алушылардың жалпы оқу іскерліктері мен дағдыларын дамыту;
басқа мамандар, ата-аналар үшін құжаттаманы жүргізу және әдістемелік ұсыныстар жасай білу.
Инклюзивті білім беру процесінде дефектолог ерекше білім беру қажеттілігі бар баланы психологиялық-педагогикалық қолдау бойынша басты маман болып табылады. Ол балаларды социумға табысты енгізу үшін барлық мамандарды біріктіріп, жұмысты үйлестіреді.
Арнайы педагог кәсіптік қызметтің төмендегі түрлерін орындай алады:
ұйымдастыру-басқарушы;
оқыту-зерттеу;
білім беру;
диагностикалық;
әлеуметтік.
Арнайы педагогтың кәсіптік қызметінің мазмұны:
мүмкіндіктері шектеулі балаларға түрлі тузету-педагогикалық, әлеуметтік және емдік көмекті ұйымдастыру;
дамуында пайда болған ауытқулардың түрлерін ерте анықтау, арнайы мектеп жасына дейінгі және мектеп мекемелерін, оңалту орталықтарын толықтыру;
ерте араласу және мектепке дейінгі тәрбие, мектеп білімі;
кемтар балаларға әлеуметтік және емдік кемек көрсету;
денсаулық жағынан мүмкіндіктері шектеулі және арнайы білімді кажет ететін адамдарға әлеуметтік көмек және қызмет көрсету;
дәрігерлік мекемелерінде денсаулық сауықтыру орталықтарының жұмысы, емдік мекемелердегі логопедиялық кабинеттерінде кеңестік және түзету жұмысы.
Сондықтан инклюзивті білім беруді тәжірибеде жүзеге асыратын арнайы педагог даму мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту үшін мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарын және оқу пәндері бойынша бағдарлама мазмұнын бейімдеуде қиналатыны, олардың даму ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін, қабілеттерін түсінбеуі, жекеленген оқытудың белгілі бір әдістемелерін қолдана алмауы, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен қалыпты балалар арасында тұлға аралық қарым-қатынасты орната алмауы және т.б. білмеуі бұл заңды құбылыс. Бұның себебі, инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істейтін педагогикалық кадрларды даярлау көбінесе білім алушыға қажетті кәсіби құзыреттілігінің барлық жүйесін қалыптастырмай, инклюзивті білім беру жағдайында жұмысқа дайындықтың жеке элементтерінің дамуы негізінде жасалады. Инклюзивті білім беру жағдайындағы мұғалімді даярлау ерекшелігі білім беру процесінің нәтижесі білім мен дағдылар жүйесі емес, басты құзыреттер жиынтығы болатын құзыреттілік ыңғай жасауға бағытталуы керек. Негізгілері ретінде академиялық құзыреттер (жаңа білімді алуға қабілетін анықтайтын); әлеуметтік-тұлғалық құзыреттер (мемлекет пен қоғамның идеологиялық, адамгершілік идеалдарын сақтау қабілеті); кәсіби құзыреттер (проблеманы, міндеттерді қою, оны шешу жолдарын анықтау, жопарларды жасау және оларды педагогикалық әрекеттің әр түрлі салаларында орындау) бөлуге болады.
М.М Панасенкованың пікірінше, арнайы педагогтар мүмкіндігі шектеулі балалармен қарым-қатынас жасау барысында тілдік мәдениет нормаларын сақтауы қажет:
қарапайым, түсінікті тілде сөйлеп, материалды логикалық, дәйекті түрде түсіндіруге;
вербалды емес тілдің тәсілдерін білу және дұрыс өңдеу, дауыстың ырғағын, бет әлпетінің өзгерісін айыру және т.б.;
көбіне сөйлесуде бақылайтын емес, қолдайтын және мадақтайтын тәсілдерді қолдану;
сөйлеу тілімен қолдана алмайтын, нашар еститін немесе басқа даму мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесу үшін сөйлесу әдістерін қолдануда иілгіштік таныту;
балалардың шаршауын алдын алу үшін үнемі үзілістер жасап отыру;
оқу материалының барынша аудиовизуалды қолжетімділігін қадағалауға тырысу керек [47].
Инклюзивті білім беру жағдайындағы арнайы педагогқа қойылатын тағы бір маңызды талап – медициналық, психологиялық саладағы мамандармен бірге әрекет етуге дайындығы мен қабілеті. Бұндай әрекеттестіктің басты мақсаты – даму мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту, оқыту, тәрбиелеу және әлеуметтендіру екендігін түсіну қажет. Арнайы педагогика саласында өзінің кемшіліктерін мойындау, әріптестері мен мамандардың көмегін қабылдау, мамандармен тұрақты байланысуға дайын болу қабілеті – топтағы жұмыстың негізі болып табылады.
Инклюзивті білім беруде басымдылық даму мүмкіндігі шектеулі балалармен нәтижелі жұмыс педагог-дефектологтарға беріледі. Сондықтан да бұл саладағы дефектолог мамандардың педагогикалық-психологиялық құзыреттіліктері жоғары болуы керек.
Инклюзивті білім беруде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауда маңызды мамандардың бірі педагог- психолог болып табылады.
Педагог-психолог қызметі инклюзивті білім беру процесін психологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастырумен байланысты. Р. Кочюнас атап өткендей, педагог-психологтың табысты кәсіби қызметі үшін тұрақтылық, өзін-өзі бағалау, әлемге оң көзқарас, эмоциялық тұрақтылық, өзін-өзі құрметтеу және өзіне сенімділік, тұрақты мотивация, жауапкершілік, дербестік, талдай білу талап етіледі.
Психологтың кәсіби құзыреттілігінің негізгі критерийлері: өмірлік және кәсіби ұстанымының болуы; дамудың басым бағыттарын түсіну (мекеменің ерекшелігін ескере отырып); мақсатты, міндетті өз бетінше тұжырымдай білу, жұмыс түрлерін таңдау; нәтижені болжау; құжаттаманы жүргізу; құжаттарды кәсіби сауатты құрастыру; әлеуметтік-педагогикалық жағдаймен жұмыс істеу, әлеуметтік-психологиялық жағдайларды оңтайландыруға ықпал ету; білім беру процесіне қатысушылармен және басқа да мекемелермен өзара қатынасты ұйымдастыру; психологиялық семинарларға, ғылыми-практикалық конференцияларға қатысу [48].
Кәсіби міндеттерді білікті орындау үшін педагог-психолог кәсіптік құзыреттілікті меңгеруі қажет.
Құзыреттілік мекеме қызметіне және білім алушылардың әлеуметтік- тұлғалық дамуына мақсатты ықпал етуге, білім беру процесінде психологиялық тәжірибені рефлексивті бағалауды жүзеге асыруға, құзыреттілік шекарасын анықтауға және кәсіби өсу жолын жобалауға мүмкіндік береді [48].
Жалпы кәсіптік құзыреттіліктер: арнайы психологиялық ұғымдарды білу және түсіну, жалпы және арнайы психологиялық мәдениетке ие болу, арнайы құралдар мен техникаларды пайдалану; білім беру жүйесінің, мекеменің міндеттерін және өзекті жағдайды ескере отырып, өз қызметін жоспарлау, жобалау, модельдеу, болжам жасай білу; коммуникативтік құзыреттілік, білім беру процесінің әртүрлі субъектілерінің бірлескен қызметін ұйымдастыра білу; проблемалық жағдайларды шешуге ықпал ете білу; консультативтік қызмет дағдыларына ие болу; ағартушылықта жұмыс дағдылары мен машықтарын игеру, әртүрлі аудиториялар үшін ақпаратты тиімді пайдалану және ұсыну; нәтижелерді, кері байланысты, мақсатқа жету шарттарын талдай білу; қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды меңгеру.
Психодиагностикалық құзыреттіліктер: психологиялық-педагогикалық диагностикалау, білім алушылардың жеке-психологиялық қасиеттерін, даму ерекшеліктерін бағалау.
Арнайы психокоррекциялық және дамытушы құзыреттіліктер: жеке тұлғаның ерекшеліктерін, білім беру процесіне қатысушылардың мінез-
құлқын түзету, нақты баланың, балалар тобының дамуындағы өзекті міндеттерін шешуге ықпал ету.
Арнайы психопрофилактикалық құзыреттіліктер: психологиялық ағарту, білім беру процесіне қатысушылардың жеке басының қалыптасуы мен дамуындағы және тұлғааралық қарым-қатынастардағы ықтимал ауытқушылықтың алдын алу, жан-жақты тепе-теңдік жағдайын сақтау мен нығайтуға жәрдемдесу; психологиялық білімді тарату, психологиялық мәдениет деңгейін және өмір сүру сапасын арттыру мақсатында психологиялық көмектің мүмкіндіктері туралы хабардар ету.
Арнайы консультативтік құзыреттіліктер: психологиялық және психологиялық-педагогикалық кеңес беру, білім беру процесіне қатысушылардың психологиялық мәселелерін шешуге жәрдемдесу; психикалық даму, оқыту және тәрбиелеу мәселелері бойынша жеке психологиялық консультация беруді ұйымдастыру; балалардың психикалық дамуын жүйелі бақылау. Арнайы әдістемелік құзыреттіліктер: әдістемелік қызмет, психологиялық-педагогикалық әдебиетті, әдістемелік материалдарды жинақтау және жүйелеу, кәсіби мәселелер бойынша жеке және топтық консультациялар жүргізу.
Арнайы басқару құзыреттілігі: басқару үрдістерін психологиялық- педагогикалық сүйемелдеу, білім беру мекемесін басқаруды психологиялық қолдау [48].
Инклюзивті мектептерде педагог-психолог бұл, ең алдымен, даму мүмкіндігі шектеулі балалардың актуалды жағдайы және жақын даму перспективалары тұрғысынан баланың психологиялық-педагогикалық статусын жүйелі түрде қадағалау, балаларды нәтижелі оқыту мен дамыту, нақты бір баланың оқыту, сөйлесу психикалық күйінің проблемаларын шешу үшін әлеуметтік-педагогикалық жағдай жасайды. Сонымен қатар, жалпы білім беретін үдерісте даму мүмкіндігі шектеулі балаларды нәтижелі педагогикалық қолдау, оларды қоғамда әлеуметтендіру білім беру үдерісіне қатысушылардың, ең алдымен, педагог-психологтың даму мүмкіндігі шектеулі баламен жұмыс істеуге қажетті білім мен құзыреттілік болған жағдайда ғана жүзеге асады.
Инклюзивті білім беру үдерісінде педагог-психологтың психологиялық- педагогикалық құзыреттілігін анықтайық:
ҚР инклюзивті білім беру жүйесінің қазіргі жағдайын, инклюзивті білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі принциптерін, технологияларын, әдістерін, формаларын, құралдарын білу;
сабақтың құрылымын білу және оны жүргізе алу;
тәрбие жұмысының негізгі міндеттері мен бағыттарын, психологиялық қолдауды жүзеге асыру жолдарын білу;
оқу-тәрбие қызметін жобалау, оны жүзеге асыру және талдау, барлық балалардың қажеттіліктерін ескере отырып түзетулер енгізе білу;
ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауды жүзеге асыру барысында психодиагностикалық құралдарды қолдана білу;
мамандармен, балалармен және олардың ата-аналарымен бірлескен қызметті ұйымдастыра білу, олармен нәтижелі қарым-қатынас орнату, мектеп және мектептен тыс ортада кездесетін проблемалар мен кикілжіңдерді шешу;
инклюзивті білім беру процесіне қатысушылармен кеңес беру қызметінің дағдыларын меңгеру; оларға көмек көрсету, нақты ұсыныстар әзірлеу және жеткізу;
жеке білім беру бағытын, түзету-дамыту сипатындағы бағдарламалар мен әдістемелер әзірлей білу;
балалардың психикалық даму перспективаларын болжай білу; балалармен, оның ішінде денсаулық мүмкіндігі шектеулі балалармен, девиантты мінез-құлықты балалармен, дарынды балалармен және т. б. түзету жұмыстарын жүзеге асыру;
инклюзивті білім беру процесінің барлық қатысушыларының психикалық және психологиялық денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инклюзивті білім берудің қолайсыз, ықтимал проблемасы, кедергілері мен тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыра білу;
жеке және топтық формада психологиялық-педагогикалық кеңес жүргізе білу;
мектеп ұжымы мен педагогикалық ұжымның әлеуметтік- психологиялық ахуалын бағалау және мониторинг жүргізе білу.
Мамандар тобының құрамында психологиялық-педагогикалық қолдау барысында әлеуметтік педагог ерекше орын алады. Бұл педагогикалық және әлеуметтік-педагогикалық қызмет саласында кәсіби құзыреттілікке ие маман. Ол әр түрлі ұйымдарда бала құқықтарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Бұл білім беру, жалпы білім беру мекемелері немесе әлеуметтік бағыттағы ұйымдар да болуы мүмкін. Әлеуметтік бағыттағы ұйымдарға: денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау мекемелері, оңалту орталықтары, ішкі істер органдары, түзету ұйымдары, балалардың құқықтарын қорғау комитеті жатады. Әлеуметтік педагог денсаулық сақтау ұйымдарында ауруханаларда, психикалық ауру балаларға арналған арнайы ауруханаларда, алкоголь және нашақор балаларға арналған оңалту мекемелерінде, санаторийлерде және т. б. көмек көрсете алады.
Әлеуметтік педагог әлеуметтік қорғау мекемелерінде, отбасы мен балаларға әлеуметтік көмек көрсету орталықтарында, әлеуметтік баспаналарда, кәмелетке толмағандарға арналған әлеуметтік-оңалту орталықтарында, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету орталықтарында, денсаулық мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталықтарында әлеуметтік-педагогикалық қызметті жүзеге асырады.
Ішкі істер органдары жүйесінің балалар мен жасөспірімдерге арналған қабылдау-тарату орындары, құқық бұзушылық жасаған балаларға арналған арнаулы интернаттар мен арнайы кәсіптік училищелер, тәрбие колониялары, жасөспірімдерге арналған ювеналды соттар сияқты мекемелерде әлеуметтік педагог кәмелетке толмаған құқық бұзушыларды қорғауды қамтамасыз етеді.
Әлеуметтік педагог өзінің кәсіби қызметінің кең спектріне қарамастан, оның негізгі міндеті баланың әлеуметтенуіне көмек көрсету болып табылады.
Мұнда әлеуметтік педагогтың және инклюзивті білім беру жүйесінің арасында сәйкестілік көрінеді.
Н. Кириленконың пікірі бойынша «Инклюзивті білім берудің маңызды мәселесі, оны шешуде әлеуметтік педагог маңызды рөл атқара алады, әлеуметтік серіктестік ретінде мектеп, қоғам және ата-ана балалардың толыққанды әлеуметтенуіне мүмкіндік жасайды. Серіктестікті қамтамасыз ету
– заманауи білім беру ұйымының даму шарты болып табылады және ол инклюзивті білім беруді жүзеге асыруда маңызды аспект ретінде байқалады. Инклюзивті білім беруде әлеуметтік серіктестік мәселесін шешу кезінде әлеуметтік педагогтың кәсіби қызметінің басты бағыттары: қоғамдық пікірді қалыптастыру; инклюзивті білім берудің әлеуметтік-педагогикалық аспектілеріне мүдделі әлеуметтік топтармен және ұйымдармен байланыстарды орнату және қолдау; әлеуметтік серіктестіктің құқықтық кеңістігін қамтамасыз ету болып табылады».
Әлеуметтік педагогтың психологиялық-педагогикалық құзыреттілігін толық ашу үшін, оның кәсіби қызметінің ерекшеліктерін қарастыру маңызды.
Әлеуметтік-педагогикалық қызмет педагогикалық қызметтің бір түрі болып табылады.
Әлеуметтік-педагогикалық қызмет туралы зерттеулер В.Д. Семенова (мектеп пен әлеуметтік ортаның өзара байланысы, мектептегі әлеуметтік- педагогикалық жұмыс), Д. Варга, Г. Данаилова, К.П. Королева (отбасылық тәрбие мәселелері), А.И. Кочетова, Н.Н. Верцинской (қиын жағдайда қалған балалардың әлеуметтенуі), В.Н. Келасьева (әлеуметтік педагогтарды кәсіби дайындау) және т. б. ресейлік ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапты.
Балалар мен отбасының мүдделерін қорғауға бағытталған әлеуметтік саясат, оның құқықтық негіздері (И. Амоако-Аддо, М. Болстад, М. Весгаард, С. Стьерно және т.б.), әлеуметтік-педагогикалық жұмыстың теориясы мен практикасы (Л. Берри, М. Готтесманн, Т. Гринде, К. Кеннан, В. Лоренц, Г. Майер, П. Марш, Дж. Триселиотис, Г. Хаген, С. Шлетте және т.б.), муниципалдық мекемелердің әлеуметтік-педагогикалық қызметі (Ф. Кьелберг, Э. Пейдж, Л. Шарп және т. б.), отбасымен әлеуметтік жұмыс, осы саладағы мамандарды даярлау (Л. Белл, Б. Саймоне, К. Морган, О. Тутведт, Л. Шульман, Л. Янг және т. б.) қазіргі заманғы индустриялық қоғам жағдайында әлеуметтік-педагогикалық қызметтің мәнін, оның мақсаттарын, міндеттері мен мазмұнын түсінуге ықпал етті.
Әлеуметтік-педагогикалық қызмет мәселелерімен отандық зерттеушілер Г.М. Кертаева, Ж.Х. Кендірбекова, А.Н. Тесленко және т. б. айналысты.
Инклюзивті білім беру жағдайында әлеуметтік-педагогикалық қызмет мәселелерімен З.А. Мовкебаева., Р.А. Сулейменова, А.М. Ерсарина, Ф.Н. Жумабекова, Б С. Байменова, С С. Жубакова және т. б. айналысады.
Г.М. Коджаспировтың педагогикалық сөздігінде мынадай анықтама беріледі: «әлеуметтік-педагогикалық қызмет – баланы (жасөспірімді) әлеуметтік қорғауға және оған өзіне көмек көрсетуге, өзінің психологиялық
жағдайына байланысты, отбасында, мектепте, қоғамда қалыпты қарым- қатынас орнатуға; оқытуды ұйымдастыруға, оңалтуға және бейімдеуге бағытталған педагогикалық қызмет» [49].
Бұл автор әлеуметтік-педагогикалық қызметті баланы әлеуметтік қорғаумен жүзеге асырылатын педагогикалық қызметтің бір түрі ретінде қарастырады.
М.А. Галагузова өзінің «Әлеуметтік педагогика» оқу құралында әлеуметтік-педагогикалық қызметті «...Білім беру, тәрбие құралдарымен қамтамасыз ету, индивидке адамзаттың әлеуметтік тәжірибесін игерту, әлеуметтік тәжірибені қалпына келтіру немесе әлеуметтік қызмет көрсету» ретінде түсіндіреді. М.А. Галагузова әлеуметтік-педагогикалық қызметтің негізін адамның адаммен қарым-қатынасы арқылы түсіндіруге тырысады.
М.А. Беляева әлеуметтік-педагогикалық қызметті «бейімделу» және
«өзін-өзі іске асыру» ұғымдары арқылы анықтайды.
Автор былай деп жазады: «әлеуметтік-педагогикалық қызмет – бұл тұлғаның әлеуметтік-мәдени бейімделуге және өзін-өзі жүзеге асыруға деген қажеттіліктерін барынша тиімді қанағаттандыру үшін жағдай жасауға бағытталған қоғам қызметінің бір түрі».
Әлеуметтік-педагогикалық қызметті әлеуметтік педагогтар да, мұғалімдер де, түрлі білім беру мекемелеріндегі сынып жетекшілері де жүзеге асыра алады.
Біздің ойымызша, М.А. Галагузова ұсынған педагогикалық қызмет пен әлеуметтік-педагогикалық қызметтің салыстырмалы кестесі өте қызықты болып табылады (1-кесте).
кесте – Кәсіби қызмет түрлерінің салыстырмалы айырмашылықтары
Кәсіби қызмет түрі
|
Педагогикалық қызмет
|
Әлеуметтік-педагогикалық қызмет
|
Қызмет мақсаты
|
Әлеуметтік мәдени
тәжірибені меңгеру
|
Баланың әлеуметтенуіне көмек көрсету
|
Қызмет объектісі
|
Барлық балалар
|
Әлеуметтендіруде проблемалары бар
балалар
|
Қызмет сипаты
|
Бағдарламалық-
нормативтік, үздіксіз
|
Жергілікті мекенжайы
|
Қызметті жүзеге асыратын мекемелер
|
Білім беру мекемелері
|
Білім беру мекемелері, әлеуметтік- педагогикалық мекемелер, әлеуметтік
қызмет
|
«Әлеуметтік-педагогикалық қызмет» ұғымы «әлеуметтік жұмыс» ұғымымен өзара байланысты, өйткені, олардың мақсаттары адамға әлеуметтік көмек көрсету болып табылады. М.А. Беляева атап өткендей, айырмашылық
«... субстанциялық компоненттер жиынтығы мен олардың басымдылығында. Әлеуметтік жұмыс мазмұнының субстанциялық-компоненттік жиынтығы әлеуметтік-педагогикалық қызметке қарағанда кең».
М.А. Беляева былай деп жазады: «...әлеуметтік-педагогикалық қызметтің субстанциялық-компоненттік аспектісі көмек құралдары негізінде
бөлінген үш көмек түрі ретінде ұсынылуы мүмкін: педагогикалық (оқыту және тәрбиелеу кешені ретінде, онда көмектің негізгі құралы құндылықтар, білім, білік, дағды болып табылады), психологиялық, делдалдық, ал әлеуметтік қызметкердің жоғарыда аталғандардан басқа міндетті компоненті материалдық көмек болып табылады. Әлеуметтік-педагогикалық қызметтің әлеуметтік жұмыстан айырмашылығы материалдық көмек көрсетуді көздемейді және тек делдалдыққа ғана емес, бар проблемаларды шешуге немесе олардың алдын алуға бағытталған» [50].
Осылайша, әлеуметтік-педагогикалық қызмет – бұл баланың табысты әлеуметтенуі мен қоғамға бейімделуі үшін кедергісіз әлеуметтік орта құруға, сондай-ақ оған өзін-өзі жүзеге асыруда әлеуметтік-педагогикалық көмек көрсетуге бағытталған мақсатты, арнайы ұйымдастырылған қызмет. Инклюзивті білім беру жағдайында әлеуметтік-педагогикалық қызметті ұйымдастыру әлеуметтік педагог қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Инклюзивті білім беру жағдайында әлеуметтік-педагогикалық қызметтің мақсаты - жеке тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруына ықпал ететін, нақты балаға оның физикалық, психикалық, зияткерлік, эмоциялық мүмкіндіктеріне қарамастан, кедергісіз әлеуметтік орта құру және әлеуметтік- педагогикалық көмек көрсету.
Инклюзивті білім беру жағдайындағы әлеуметтік-педагогикалық қызметтің негізгі міндеттері:
білім алушылардың дене, психикалық, адамгершілік, әлеуметтік денсаулығын сақтау және нығайту үшін жағдай жасау;
жалпыадамзаттық құндылықтар, әлеуметтік маңызы бар бағдарлар, білім алушылардың өмірлік өзін-өзі анықтаудағы ұстанымдары негізінде рухани-адамгершілік қасиеттерді дамыту;
баланың әлеуметтенуіне және бейімделуіне микросоциумның теріс әсерінің алдын алу, жою;
баланың физикалық, психикалық, зияткерлік, эмоциялық мүмкіндіктеріне қарамастан шығармашылық қабілеттерін дамыту, өзін-өзі өзектендіру үшін микросоциумда қолайлы жағдай жасау;
баланың әлеуметтік бейімделуі мен өзін-өзі танытуын оңтайандыруға бағытталған оңалту және түзету, дамыту шаралары жүйесін іске асыру.
Инклюзивті білім беру жағдайындағы әлеуметтік-педагогикалық қызмет мазмұнының ерекшеліктері инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын білім беру мекемесінің келесі ерекше компоненттерімен байланысты:
Инклюзивті білім беру мекемесі контингентінің ерекшеліктері.
Педагогикалық процесті ұйымдастыру ерекшеліктері.
Баланы, отбасын әлеуметтік-психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру.
Инклюзивті білім беру мекемесін басқару ерекшеліктері.
Инклюзивті білім беру жағдайындағы әлеуметтік-педагогикалық қызметтің ерекшелігі тек әлеуметтік жағдайы ғана емес, қалыптасқан құндылық бағыты, тәрбиелік деңгейі, сондай-ақ дені сау, дамуында әртүрлі ауытқулары бар балалардың психикалық, физикалық, зияткерлік, эмоционалдық мүмкіндіктері бойынша да ажыратуға болады.
Инклюзивті білім беру жағдайында әлеуметтік-педагогикалық қызметтің пәні білім беру мекемесінде қалыптасатын барлық әлеуметтік қатынастарға, даулы жағдайларға, дисгармонияға, төзбеушілікке, шиеленіске, жалпы жайлы ортаның бұзылуына әкелетін проблемалық қатынастар болып табылады. Осыған байланысты, әлеуметтік педагогтардың басты міндеті инклюзивті білім беру процесінің барлық қатысушыларына олардың физикалық, психикалық, зияткерлік мүмкіндіктеріне қарамастан, өзін-өзі дамытуға, өзін- өзі көрсетуге және әлеуметтендіруге бағытталған барлық балалар үшін гуманистік, толерантты білім беру ортасын құруға көмек көрсету болып табылады.
Әлеуметтік педагог өзінің кәсібі бойынша, мүмкіндігінше, проблеманың алдын алуға ұмтылады, дер кезінде оны туындатқан себептерін анықтап, оларды жоюға, әр түрлі сипаттағы жағымсыз құбылыстардың (әлеуметтік, физикалық және т.б. сипаттағы) превентивті түрде алдын алуды қамтамасыз етуге тырысады. Әлеуметтік педагог оған көмек сұрап келуді күтпейді. Этикалық формада ол жанұямен қарым-қатынасқа өзі түседі.
Білім беру әлеуметтік педагог қызметінің екі бағытын құрайды: білім берудегі көмек және тәрбие. Бұл жағдайдағы көмек пайда болған проблемалардың алдын алуға және педагогикалық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Тәрбиедегі көмек әлеуметтік педагогпен, ең бірінші, кеңес беру, сонымен қатар уақытындағы көмек мәселелерін шешуге арналған, оны нығайту мақсатында және оның тәрбие әлеуетін неғұрлым кең қолданылуына арнайы тәрбиелік жағдайларды жасау жүзінде өткізіледі.
Әлеуметтік педагог проблеманың не екендігі, оның шешілуіне қандай шарттардың әсер ететіні, тәрбиеленушілерге қалай педагогикалық көмек көрсету жайында хабардар болуы және педагог әрекеті балалардың проблемалық жағдайларын нәтижелі шешуіне ықпал етуі тиіс.
Әлеуметтік педагогқа қойылатын негізгі талап – баланы жақсы көру, қайырымдылық, коммуникативтілік, өз көзқарасын қорғай алу және т.б. Ол қоғамның экономикалық, саяси және әлеуметтік талаптарын меңгеріп, оларды қолданысқа ендіре алады.
Әлеуметтік педагогикалық қызмет – баланың, жасөспірімнің отбасында, мектепте, қоғамда қалыпты қарым-қатынасқа түсуі үшін өзін-өзі ұйымдастыра білуі, сондай-ақ психологиялық ұстамдылық, сабырлылық сақтай алу үшін көмек көрсетуге бағытталған педагогикалық қызметті де қамтитын әлеуметтік жұмыс.
Әлеуметтік педагогикалық іс-әрекеттің пайда болуы мен дамуының нақты сипаттамасының негізінде жалпы адамзаттық қажеттілік жатыр. Ұрпақтың жалғасуы мен сақталуы, атадан балаға әлеуметтік-құнды тәжірибені беру және соңғыларын осының негізінде өз бетімен еңбек етуге дайындау.
Әлеуметтік-педагогикалық жұмыс «саналы адамның» қалыптасуының, оның әлеуметтік ырықсыз сезімдері (қарым-қатынас қажеттілігі, өзін-өзі көрсетуге талпыну, жасампаздық қасиеттері т.б.) дамуының қайнар көзі.
Әлеуметтік педагогиканың тағы да бір қызметінің ерекшелігі: ересектердің балаларды қоғамдық қарым-қатынас жүйесіне ену үдерісіне көмектесу, оған бейімделуі болып табылады. Тәрбие мен әлеуметтену тұтастай алғанда, жас ұрпақты қоғамдық және өндірістік өмірге дайындау қажеттілігінен туған. Ол арқылы ұрпақ жалғасын тауып, ілгері дамиды да, адамзат қоғамының өркениеттілігі қамтамасыз етіледі.
Бір жағынан, әлеуметтік педагогика адамның табиғатына тән адамгершілікті мінез-құлықты басшылыққа алады. Сонымен, адам қайырымдылық жасау арқылы өзінің адамдық қасиетін жоғарылатады.
Соңғы жылдары Қазақстанда балалар мен отбасылардың әлеуметтік денсаулығының, қиын жеткіншек жастағы балаларды әлеуметтік оңалту проблемаларын шешу орталықтары құрылған. Сонымен қатар балалар мен жеткіншектерге психологиялық-педагогикалық кеңес орталықтарының, жоғары оқу орындарында «әлеуметтік педагог» мамандығының ашылуы әлеуметтік педагогика саласының дамып келе жатқандығын көрсете алады.
Дүние жүзіндегі өркениетті мемлекеттерде тәрбиенің теориясы мен практикасындағы жетекші тенденция - әлеуметтік педагогика рөлінің артып отыратындығын көрсетіп отыр. Қоғамдық өмірдің жан-жақты демократияландырылуы мен гуманизациялау процесінде, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының білім жүйесінде адами тұлғалық қатынастың атмосферасын объективті тұрғыдан жасалуын талап етеді. Бұл өз кезегінде кәсіби мемлекеттік-қоғамдық тәрбиелеу құрылымдарының өмірден, отбасынан, әлеуметтік-мәдени ортадан алшақтауын жою арқылы балалар мен жастарды әлеуметтік тәрбиелеу жүйесін өзгерту жолдарын іздестіруді қажет етеді.
1991 жылы біздің елімізде әлеуметтік педагог қызметі енгізілді. Елімізде әлеуметтік жұмыстың кәсіптік деңгейге көтерілуі - маңызды мәселе. Білім беру мекемелерінде әлеуметтік педагог мамандығының енгізілуі, бүгінгі таңдағы білім алушылардың қоғамда әлеуметтік ортаға бейімделуі, әлеуметтенуіндегі қиыншылықтар, оның тұлғалық қасиеттерін зерттеуге, зерттеу нәтижесінде түзету жұмыстарын жүргізуге, өмірдің қиын жағдайынан шыға білуге ықпал етуге қажеттіліктерінен туындап отыр.
Мәліметтерді талдай келе бүгінгі таңдағы жастардың әлеуметтенуі, әлеуметтік ортаға бейімделуі күрделі процесс екендігін байқауға болады. Бұл қиындық алдымен өз болашағы үшін тұлғалық жауапкершілігін сезінуі мен тұлға ретінде өзін-өзі іске асыруы болып табылады.
Өскелең ұрпақтың табысты әлеуметтенуі үшін олардың тұлғалық дамуы үшін, қоғам мүддесі үшін, инновациялық қызметі үшін жағдай жасалынуы тиіс. Соған байланысты тұлғаны әлеуметтік қорғаудың өзектілігі артып отыр.
Әлеуметтік педагог біріншіден, мүмкіндігінше проблеманың алдын алуға тырысады, проблеманы тудыратын себептерді анықтай және уақытында оны жойып отыру, адам бойындағы олардың қарым-қатынасындағы әртүрлі
ауытқушылықтардың алдын-алып отыру, осы арқылы қоршаған әлеуметтік ортаны сауықтырып отырады. Әлеуметтік қызметкер проблеманың алдын алумен емес, проблеманың өзімен жұмыс жасайды: маскүнемдік, нашақорлық, әлеуметтік депрессия, қаңғыбастық, ауру, өзіне-өзі қызмет ете алмаушылық, мүгедектермен жұмыс, стихиялық зіл-зала, көші-қон мәселесі, күйзелушілік, әлеуметтік бейімделу, қарт адаммен жұмыс, босқындармен жұмыстар. Сонымен қатар ол арнайы жас ерекшеліктері бойынша топтардың (балалар, жасөспірімдер, жастар, қарттар), мекемелердің, микроорталықтың ерекше сфераларының әлеуметтік проблемаларын шешуге мамандануы да мүмкін.
Демек, әлеуметтік педагогика - баланы, жастар мен қарттарды, ересек адамдарды әлеуметтендірудің заңдылықтарын зерттейтін ілім ретінде оны жан-жақты қарастырады. Әлеуметтік педагогика зерттеу нысанына байланысты өз ішінде де салаларға бөлінеді. Бірақ, ол көбінесе қарастыратын нысанының жас ерекшеліктері мен күйзелісті ахуалының өзгешелігіне байланысты.
Арнайы (түзету) мекемелеріндегі әлеуметтік педагог іс-әрекетінің негізгі мақсаты төмендегідей болып табылады:
бала тұлғасының дамуы (дене, әлеуметтік, рухани және ақыл-ойының дамуы) үшін жағымды жағдай жасау;
баланың әлеуметтік бейімделуінде кешенді көмек көрсету;
өмірлік кеңістікте баланы қорғау;
бітіруші түлектердің кәсіби бағдарлануы мен интернаттан кейінгі өмірінің бейімделуіне көмек көрсету.
А.Р. Маллер «Дефектология» журналында былай деп атап көрсеткен:
«Арнайы түзету мекемелеріндегі әлеуметтік педагогтың іс-әрекеті келесі бағыттарды қамтуы керек: диагностикалық болжау; түзете білім беру мен әлеуметтік-мәдени; функционалды-ұйымдастырушылық; құқықтық».
Диагностикалық болжау жұмысының барысында әлеуметтік педагог тәжірибелік психологпен бірлесе отырып, балалардың тұлғалық және жасерекшеліктерін зерттеп, баланың жеке және әлеуметтік дамуына кедергі келтіретін факторларды анықтайды, олардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тұлға дамуының түзету кешенді жоспарын өңдейді.
Түзете білім беру мен әлеуметтік-мәдени бағыттың мәні ол әлеуметтік, ұлттық, мәдени және басқа да кедергілер оқыту процесін қиындатқан жағдайда көмек көрсету ретінде көрініс табады. Сонымен қатар мұнда педагогикалық ұжыммен, әсіресе, жас мамандармен кеңес беру жұмысы жүзеге асырылады.
Функционалды-ұйымдастырушылық бағытты іске асыру процесінде әлеуметтік педагог бір жағынан, білім алушылар мен мектеп әкімшілігі арасында, екінші жағынан, сабақтан тыс жағдайда әлеуметтік қызметтердің арасында байланыстырушы қызметін атқарады. Сонымен бірге ол мектеп әкімшілігі мен отбасыларға бітіруші түлектердің кәсіби бағдарлануы бойынша көмек көрсетеді. Еңбекке оқыту профилі туралы шешім қабылдамас бұрын мектеп терең әлеуметтік талдау жасап, жұмыс орындарының болуын зерттеуі
қажет. Мұндай әлеуметтік талдау әлеуметтік педагог басшылығымен жүзеге асырылады.
Әлеуметтік педагог қызметінде профилактикалық бағытты ерекше атап өткен жөн. Тұлғааралық қарым-қатынас дағдылары және білім алушылар мен мектепке әсер ететін көптеген әлеуметтік факторларды үйлестіре отырып, әлеуметтік педагог ұжымда туындайтын кикілжіңдерді реттеп, білім алушылардың әртүрлі жасерекшелік топтарымен болатын жағымсыз жағдайлардың алдын алу шараларын ұйымдастырады. Әлеуметтік педагог іс- әрекетіндегі құқықтық бөлім ең маңызды болып табылады, өйткені мұнда интернат педагогтары мен оқушыларының құқықтық ағартушылық міндеттері, сонымен бірге полиция мен сот органдарындағы тәрбиеленушiлердiң мүдделерiнiң өкiлдiктерi міндеттері біріктіріледі. Мұнда әлеуметтік педагог міндетіне баланың заңды беделінің ақпараттары мен құжаттарын жинау бойынша жұмыс жатады, яғни, ата-аналарын, туыстарын іздестіру, қамқор болушы адамның құжаттарын дайындау, бітіруші түлектердің тұрғын үй алуы үшін құжаттарын дайындау және т.б жатады.
Түзету мекемелеріндегі әлеуметтік-педагогикалық көмек қызметі төмендегідей принциптердің негізінде құрылады: жұмыстағы объективтілік, шешім қабылдаудағы тәуелсіздік, жеке ықпал ету, гуманизм, адам тұлғасының құндылықтарындағы принциптер т.б.
Әлеуметтік педагог арнайы (түзету) мектебінде жұмыс жүргізу арқылы балалардың әлеуметтік-эмоционалдық, дене жағдайы, ақыл-ой дамуымен байланысты күрделі мәселелерді шешуге және балалардың сәтті түрде әлеуметтенуіне мүмкіндік бере отырып, оларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Әрине, қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізу барысында шешімін таппаған мәселер жеткілікті.
Соның алдын алу жолдарын анықтау үшін тәжірибе алмасу жұмыстары жүзеге асырылуы керек.
Әрбір баланы, әсіресе дамуында кемістігі бар баланы әлеуметтік өзара іс-қимыл процесіне қосу, әлеуметтік қатынастардың белсенді субъектілері ретінде балалардың дамуына ықпал ету маңызды болып отыр. Осылайша, біздің ойымызша, инклюзивті білім беру үдерісінде әлеуметтік педагогтың маңызды құзыреттілігіне мыналар жатады:
инклюзивті білім беру философиясын түсіну және қабылдау;
инклюзивті білім беру ортасы жағдайында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың жас және тұлғалық дамуының психологиялық- педагогикалық заңдылықтары мен ерекшеліктерін білу;
инклюзивті білім беруді ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін таңдай білу, сонымен қатар дамуы қалыпты және ауытқушылығы бар балаларды бірлесіп оқыту үшін әлеуметтік-педагогикалық процесті жобалау;
жалпы инклюзивті білім беру және ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға құндылық қарым-қатынасқа бағытталған түзету-білім беру процесінің барлық субъектілері арасындағы әлеуметтік-педагогикалық өзара іс-қимылдың әр түрлі тәсілдерін қолдану;
инклюзивті білім беру кеңістігі жағдайында түзету-дамыту ортасын құру және барлық балаларды дамыту және әлеуметтендіру үшін білім беру ұйымында бар ресурстарды пайдалана білу;
қалыпты және дамуында ауытқушығы бар балаларды бірлесіп оқыту мәселелері бойынша кәсіби өз білімін жүзеге асыра білу;
қиын өмірлік жағдайдағы тұлғаларға әлеуметтік-педагогикалық көмек көрсету үшін өзара іс-қимыл моделін әзірлеу және оның механизмдерін іске асыру;
ҚР нормативтік-құқықтық заңнамасына сәйкес қоғамның әлеуметтік өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті дағдыларды қолдана білу;
әлеуметтік-педагогикалық қызмет субъектілерімен өзара іс-қимылды тиімді басқару.
Білім беру жүйесі мамандарының психологиялық-педагогикалық құзыреттілігін қарастыра отырып мынандай түйінге келдік, инклюзивті білім беру үдерісіне қатысушылардың бірі ата-аналардың құзыреттіліктеріне ерекше назар аудару қажет деп санаймыз.
Өйткені, ата-аналардың құзыреттілігі баланың тәрбиесі мен әлеуметтенуінің сипатына байланысты. Әрине, отбасы баланың дамуы үшін ең жақсы табиғи орта және оның әлеуметтенуінің маңызды факторы болып табылады. Психологиялық-педагогикалық құзыреттілігі жоқ ата-аналар өздерінің ата-аналарына еліктеу негізінде соқыр, интуитивті тәрбиелеуді жүзеге асырады.
Отбасы – бұл қалыптасатын тұлғаға күшті және ұзақ әсер ететін бірінші әлеуметтік ұяшық. Бала, ата-аналардың мінез-құлқы мен қарым-қатынас нормаларын меңгереді, оларды қабылдап, өзінің мінез-құлқы мен басқа адамдарға қарым-қатынасын көрсетеді.
Сондықтан ата-аналардың психологиялық-педагогикалық құзыреттілігін жетілдіру өте маңызды. Бұл әсіресе инклюзивті білім беру жағдайында қажет. Инклюзивті білім беру жағдайында ата-ана қатынастарының екі түрі қалыптасады, бір жағынан олар «ерекше баланың» ата-анасы, ал екінші жағынан – «қарапайым баланың» ата-анасы. «Ерекше баланың» ата- аналарының міндеті-балаға өзіне тән барлық даму әлеуетін ашуға көмектесу, орнын толтырушы мүмкіндіктерді қалыптастыру, баланы балалар ұжымында болуға және болашақта қоғамда барынша ықпалдасуға бейімделуге көмектесу. Бірақ бұны стихиялық және эпизодтық түрде жасауға болмайды. Мамандармен бірлесе отырып, белгілі бір жүйеде барлығын жоспарлау және орындау қажет.
Баланың инклюзивтік білім беру процесіне табысты енуі және оның қоғамда әлеуметтенуі ата-аналардың құзыреттілік деңгейіне байланысты.
«Ерекше баланың» ата-аналарының маңызды психологиялық- педагогикалық құзыреттілігі:
даму мүмкіндігі шектеулі балалардың тұрғылықты жері бойынша жалпы білім беретін мекемеде сапалы білім алу құқығын білу;
тәрбие және оқыту ерекшелігін білу;
қалыпты және патологиядағы баланың психикалық және тұлғалық дамуының ерекшеліктерін білу;
жас ерекшеліктерін білу;
дамуында ауытқушылықтарды ескере отырып, балаға педагогикалық әсер ету және түзету тәсілдерін, технологияларын қолдану;
баланың қажеттілігін түсіну арқылы олардың қажеттілігін қанағаттандыру үшін жағдай жасай білу;
баланың қабілетіне және әлеуметтік жағдайына сәйкес оның білімі мен ересек өмірге енуін саналы жоспарлай білу;
өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі тәрбиелеу дағдыларын дамыту. Инклюзивті білім беруде ата-ана:
тұлғаны үйіне және оның отбасы тұратын жерге тікелей жақын жерде оқыту мүмкіндігі;
өзара қабылдау негізінде инклюзивті білім беру кеңістігіне қатысушылардың барлығының серіктестігі мен ынтымақтастығын дамыту;
тұлғалар ұжымы деңгейінде, сол сияқты ата-аналар жұртшылығы деңгейінде әлеуметтік қоғамдастыққа бірігу сияқты артықшылықтарға ие болады;
тұлғаның ата-анасы өмірден қайтқаннан кейінгі өмір кезеңімен байланысты үрейлер мен қорқыныштардың азаюы;
тұлғаны қоғамдастыққа қабылдаумен байланысты эмоциялық жайлылық;
жағымсыз әлеуметтік стереотиптерге және кемсітушіліктерге қарсы тұру [51].
Инклюзивті білім беру үдерісін сәтті жүзеге асыруда қалыпты дамып келе жатқан баланың ата-анасы маңызды рөл атқарады. Бірінші кезекте, дені сау баланың ата-аналарының инклюзивті білім беру идеологиясы мен философиясын, даму мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға мейірімді және ізгілікпен қарым-қатынасты қабылдауы, осындай баланы қабылдау және олардың бір мектепте, бір сыныпта барлық балалармен тең дәрежеде сапалы білім алу құқығын түсінуі туралы сөз болып отыр.
Сондай-ақ, ата-аналар бір сыныпта олардың балаларымен даму мүмкіндігі шектеулі балалардың болуы қалыпты дамушы балалардың білім сапасына ешбір түрде әсер етпейтіндігін түсінулері қажет, өйткені білім беру мекемесінде әлеуметтік-психологиялық-педагогикалық және медициналық қолдаудың қалыптасқан жүйесі әрекет етеді, оның құрамында мына мамандар бар: мектеп директорлары, меңгерушілер, мұғалімдер, дефектологтар, психологтар, әлеуметтік педагогтар, дәрігерлер, тьюторлар, тәрбиешілер.
Мүмкіндігі шектеулі баланың жалпы білім беретін мекемеде болуы айналасындағыларға тәрбиелік ықпал етеді және адамгершілік, эмпатия, жан- жақты қамқорлық, шыдамдылық, көмек көрсету, бөлісу, әр адамның ерекшелігін түсіну және бірегейлігін сезінуге тәрбиелейді.
Қалыпты дамып келе жатқан балалардың ата-аналары мұны түсінуі, қабылдауы және оларды қоршаған ортаға көмектесуге талпынуда қолдауы
тиіс, бұл жас ұрпақтың рухани-адамгершілік қалыптасуында маңызды болып табылады.
Осылайша, біз инклюзивті білім беру процесіндегі педагогикалық кадрлардың психологиялық-педагогикалық құзыреттілігін, атап айтқанда: мұғалімдердің, дефектологтардың, педагог-психологтардың, әлеуметтік педагогтардың және ата-аналардың құзыреттілігін қарастырдық. Келесі параграфта біз психологиялық-педагогикалық құзыреттілікті арттыру бағыттары мен жолдарын қарастырамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |