Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Сатпаев орта мектебі тарих және география пәнінің мұғалімі



Дата06.10.2022
өлшемі28,26 Kb.
#151965
Байланысты:
Қабанбай батыр


Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Сатпаев орта мектебі
тарих және география пәнінің мұғалімі
Еламанова Б.Х.
«Қазақта үйсін Төле биден асқан би,
батырда қаракерей Қабанбай батырдан
асқан ешкім болмаған».
Мәшһүр Жүсіп Көпеев
Қабанбай батыр ерлігі тарих жазбаларында
Қабанбай ҚожағұлұлыҚаракерей ҚабанбайДарабоз — батыр, талантты қолбасшы. Азан шақырып қойылған есімі — Ерасыл. Ол 1692 ж. қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп 1770 ж. сонда дүние салған.
Қабанбай Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан. 
Кейбір мәліметтерде Арқада туып, Арқадағы Есіл мен Нұра ортасындағы Қабанбайдың Үшбұлағы аталатын жерде дүниеден өткен деседі. Қабанбай батыр Қытай жазбаларына 1757-1758 жылдардан бастап «қазақтың туму батұлы – яғни бас батыры» ретінде хатқа түсіп, Қазақ хандығының Абылай, Әбілпейізден кейінгі 3-ші ірі тұлғасы, кейде Абылай, Әбілпейіз, Әбілмәмбеттен кейінгі 4-ші ірі тұлғасы ретінде аталып отырады. Орыс деректеріндегі Қабанбай батыр туралы деректерді тарихшы былай тізеді. «Орыс тарихшыларының жазбаларында Қабанбай батыр айрықша аталып отырады. Орыс тарихшысы Кузнецовтің 1750 жылдардағы жазбаларында: «Қазақ қолының солтүстік шығыс бөлігін Қабанбай батыр бастап, оңтүстік шығыс бөлігін Абылай бастап жоңғарларды шығысқа қарай тықсырып барады…» – деп жазса, тағы бір орыс тарихшысы Веляминов-Зернов 1752 жылдары Еділ қалмақтары Қытайға қоныс аудармақ болған кезде іргелес отырған Қарақалпақ елін өздерімен бірге зорлап көшіріп әкетпек, болғанда сол елді қалың қол бастап, құтқарып қалған адам қазақтың Қабанбай батыры екендігін жазған.
Қабанбай батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі айтулы ірі шайқастардың бәріне қатысқан. «Хан батыры», «Дарабоз» деген атақтарға ие болған. Сан рет шайқас алдындағы жекпе-жекке шығып, бәрінде жаудың үміткер батырларын жер жастандырып, жауынгерлерін жеңіске рухтандырып отырған. Халқы оны «Қаракерей Қабанбай» деп ардақ тұтып, есімін жырға бөлеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Абылай хан дәуіріндегі қазақтың ең соңғы әскери қақтығысы 1770 жылғы қазақ-қырғыз соғысы. Бұл – осы соғысқа қатысқан Қабанбай батырдың да ерлік жолының соңғы белесі.
Халық арасында Қаракерей Қабанбай батыр жөнінде аңыз -әңгімелер, жыр-дастандар өте көп. Бұған керісінше тарихи құжаттарда Қабанбай батырдың 1740-1762 жылдардағы өмірі ғана көрінеді. Бұл кезде оның есімі ел арасының бітімгершілігіне жүрген дана, би ретінде айтылады.
Қабанбайдың Үмбетей, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі деген жеті ұлы болған. Оларды «Жеті Қабанбай» деп атаған. Осының Әлісі жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың Мәней деген қызына үйленіп, одан бес перзент көреді. Оларды шешесінің атымен «Бес Мәней» дейді.
Батырдың ұрпақтары бұл күнде Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының жерінде мекендегенімен, олардың арғы аталары оңтүстік жақтан ауып келіп, Есіл, Нұра бойын қоныс еткен. Бұл өңірдің 1728-1762 жылдар аралығында батырдың да құтты мекені болғаны белгілі. Қайтыс болғаннан кейін Қаракерей Қабанбайдың денесі осы ата мекеніне әкеп жерленген көрінеді.
Ерасыл соғыс, барымта атаулыны бүкіл болмысымен жек
көретін. Сол бала күнінде ғой, қазақ үйдің күн түсер жағына
отырып алып «соғыс», «батыр» деген сөздердің мағыналарын
салыстырып, талдап есі шығатын. Соғыс бар жерде өлім
бар. Оның не екенін сонау жеті жасында-ақ сезінді. Соғыс –
қасірет-қайғы, жетімдік, көздің жасы. Тіпті атауының өзі жан
түршіктіреді. Ал батыр деген – ел қорғаны, туған ауылын жау-
дан қорғаушы дегенге саяды. Керек болса Ерасыл да Қожақұл
әкесі сияқты жаумен шайқасып соғыста өледі. Осыларды ой-
лап отырып «Атаңа нәлет қу қалмақ! Тұра тұр, сені ме! Ерже-
тейін. Әкем айтпақшы, көзіңе көк шыбын үймелетермін» деп
тістенуші еді. Ол да бір өткінші уақыт екен...
Қалмақтар тым құтырынып кетті. Көз жасын көл қылып
жыламаған адам қалмады. Жан-жағында иық тіресіп
отырған іргелес «көршілер» жыл сайын өзен бойын жағалай
қонған ауылдарды шауып, жылқыларын айдап әкете бере-
тін әдет тапты. Құр кетсе жақсы ғой, жекелеген адамдар-
ды өлтіріп, қорлайтынды шығарды. Сондай шапқыншылық
кезінде қалмақтар жылқы күзетіп жүрген Ерасылдың сүйікті
ағасы Есенбайды өлтірді. Жауыздар жігіттің қарнын жарып,
шала-жансар күйі айдалаға тастапты. Қайран ер ауылдан ел
жиналып жеткенше, о дүниеге аттанып кетіпті. Жанындай
жақын адамы қанға боялып жатқанын көрген Ерасыл өгіздей
өкіріп, үстіне қона кетті. Оны да ауылға әкеліп, әкесінің
қасына жерледі. Осы жолы Ерасылдың көкірегіне қан қатты.
Дүниеде адам өз ажалынан көз жұмбай, басқаның зорлап,
қорлағанынан өлгені қандай қиын еді. Оның үстіне шала-
жансар күйі айдалаға тастап кеткенін қарашы. Әкесінің құны
қалды ма? Жұп-жуас жігітке қалай ғана көзі қиып айуандық
жасады десеңші?! Көп асқанға бір тосқан!
Маңайдағылар «қанға – қан!» деп алғашқыда гөйгөйсіген-
мен, іштерінен жауға қыр көрсететін ешкімнің қарасы
көрінбеді. Ерасылдың күте-күте төзімі таусылды. Бәрінен
бұрын келер намысты айтсаңшы. Жанындай жақсы көретін
бауырын өлтіртіп қойып, тірі жүргені нағыз өлім емес пе?!
Қабырғасымен кеңесіп, көп ойланды. Оңы мен солын енді
ғана аңғара бастаған жас жігітке оңай ма? Алдында екі жол
жатты. Бірі – аға кегін жоқтап, жауға жалғыз бару, екінші-
сі – жоққа көніп, бәріне мойынсұну. Жас жігітті алғашқысы
жеңді. Ағасынан жаны артық па? Қайткен күнде Есенбайды
жауыздықпен өлтірген қанішерді тауып, жазасын береді. Ба-
рар бағытын белгілеп алған. Таудың шығыс бауырында түстік
жерде отырған қалмақтардың басшылары Өлже Жырғал мен
Арсалаңды табу керек. Елден естуінше, ағасының өліміне
кінәлі осы екеуі. Жолға дайындалды. Қоржынына екі-үш
күннің азығын салып, әкесінен қалған төрт қырлы қаратамақ
найза мен қайқы қара қылышты алды. Қынына екі жүзді ал-
мас қанжарды тықты. Ешкімге жөнін айтпастан, жылқыдағы
Ардакүреңін білдірмей ұстап мініп «ата жауым, қайдасың?»
деп тартып отырды. Көкірегі толған кек, кернеген ашу. Түн
қатып жүріп кеп, қалмақ ауылының тұсындағы қалың тоғайды
паналаған Ерасыл біразға дейін үңгірде жатқан аюдың күйін
кешті. Біртіндеп жан-жағына көз тастады. Қалмақ ауылы
тым тақау орналасыпты. Әр тұста қора-қора қой, үйір-үйір
жылқы көрінеді. Бұл маңды Сарыбел дейді. Сонау бала кезінде
Қожақұл әкесі екеуі Теңбілкөкке мінгесіп мұнда талай келген.
«Біздің қоныс» дейтін еді әкесі. Сол бір уақыт келмеске кеткен
сияқты. Ғажап мекен енді үрей ордасындай. А десе бас салып,
ағасы сияқты о дүниенің есігін бір-ақ аштырады. Жалынып,
жалбарынатын Ерасыл емес. Азар болса бір өлім.
Қалмақ ауылы тіпті бейжай, қазақтардан қауіп күтпейтін
сияқты. Өз ісімен мәре-сәре. Мұндайда тоғай ішінде жата
берудің еш жөні жоқ. Қайткен күнде жөн сұрар бір адамды та-
бу керек. Екі қалмақтың бірінің қазақша сөйлейтіні анық.
Ерасыл мал көздеген адам болып, біраз ілгеріледі. Бір
сайдың аузында ескі қыстау қоныс теуіпті. Сол маңда қалың
өскен алабота мен қалақай бар екен. Бір топ түйе жайылып
жүр. Қалыңның ішіне кіріп ет асым уақыт отырды. Тамақ
ішіп әлденіп алды. Сөйткенше қолына таяқ ұстаған бір адам
су жағалап келді де, сәлден соң алаботаға кіріп көрінбей кетті.
Әлгі кеткен жаққа Ерасыл мысық табандап жақындай түсті.
Кенет құлағына мұңлы әуен естілді. Жолбарыстай жымып
әуен шыққан тұсқа жетті.
«Алатоо асып кеткенім,
Түбіме қалмақ жеткені-ай...» –
деп «аһ» ұрып бебеулейді әлдекім.
Анығы қалмақ емес. Өлеңінің мақамы тым бөлек. Қырғыз
сияқты ма? Е, «Бұл жақта сонау суық жақтан ауып келген
қырғыздар бар. Әнді әсем салады» деуші еді Есенбай ағасы.
Солардың бірі болар. Бұл бейбаққа да қалмақтың таяғы өткен-
ау, сірә. Ерасыл демін ішіне тартып, жыбырлап, төрт тағандап
жылжып, есік пен төрдей жерге келгенде қараса, кіп-кіш-
кене, қозының асығындай ғана аласа бойлы жігіт екен. Енді
қорқудың қажеті жоқ. Ерасыл орнынан атып тұрып еді, бей-
таныс анадай жерде жатқан таяғына ұмтылды. Бірақ Ерасыл
бұрын жетіп, аяғымен теуіп жіберді де:
– Қорықпа, мен саған тиіспеймін, – деді басыңқы үнмен. –
Жоқ іздеп жүрген адаммын.
Бейтаныс жігіт Ерасылдың басынан аяғына дейін қарап
шықты да, сенген адамның кейпін танытты. Қарсыласудан
пайда жоқ екенін білді ме, тез жуасып, отыра кетті.
– Атың кім?
– Ердене.
– Не қып жүрсің мұнда?
Түйе бағып жүрмін.
– Кімнің түйесі?
– Қалмақтың батыры – Өлженің түйелері..
– Солай де...
Ерасылдың жанарынан от жылт етті. Қуаныштан жүрегі
дүрсілдеп қоя берді.
– Кімсің сен? Қалмақтардың қолына қайдан түстің?
– Қырғызбын. Мені мұнда қалмақтар жеті жасымда тұт-
қындап әкелген.
Тілдерінің ұқсастығы ма, әлде қазақ пен қырғыздың ара-
сындағы бұрыннан жақын туыстықтың әсері ме, Ердене мен
Ерасыл тез шүйіркелесіп кетті. Қырғыз жігіт:
– Бұл қоныс – Өлже Жырғал мен Арсалаң деген ағайынды
екі жігіттің мекені. Мен мына төбесі көрініп тұрған Өлже ауы-
лының құлымын. Қос қалмақ қазақ ауылдарын шауып, мал
әкелуді әдетке айналдырды. Соңғы барғанда қазақтың бір жі-
гітін мазақ қылып, өлімші етіп тастап кеткенін Өлже Жырғал-
дың айтып отырғанынан естіп қалдым. Бұл жерден тез тайып
тұр. Қолдарына түссең, сені де аямайды, – деді Ерасылға қарап.
Әңгімелесіп болған соң қырғыз жігіті түс ауа ауылға кетіп,
қызыл іңірде қайтып оралды. Қолында шүберекке орап алған
кепкен құрты мен жас ірімшігі бар. Бұл бітімге шақырған
ұсыныс сияқты. Уақыт болса зуылдап өтіп барады. Енді
кешеуілдеуге болмайды. Не де болса тәуекелге бел
байлап, Ерасыл қырғыз жігітке бар сырын ақтармақ болды. Ол
да тағдырдан таяқ жеп, зорлықтың қамшысынан соққы көрген
адам ғой, сатқындыққа бара қоймас деп ойлады. Егіліп отырып,
арасында Есенбай ағасын есіне түсіріп, көзінің жасын сығып
та алды. Мұңды мұң жалғады. Қырғыз да көкірегіне беріш боп
қатқан кегін жасырмады. Бір шапқында Өлже ноян мұның
әкесін өлтіріпті. Шешесінің сұлулығына қызығып, тоқалдыққа
алуды да ойлаған. Бірақ анасы құсадан
1
өліпті. Көз жұмарында
«Әкеңнің құнын, анаңның мұңын ешқашан ұмытпа. Қалмақтың
есігінде жүре бермей, еліңді тап!» деп аманатын айтып кетіпті.
– Мені Өлжемен оңашада бір жолықтыра аласың ба? – деп
сұрады Ерасыл қырғыз жігіттен.
– Мұның да жөн екен. Ол иттер көп қой. Саған әл бермей ке-
тіп жүрсе. Қаніпезердің көзін жойып, ағаңның кегін алмақсың
ғой, – деді қырғыз жігіт бірден қолдап. – Егер Өлжені өлтірсең,
мені өзіңмен бірге ала кетесің бе?
– Әрине, бірге кетеміз.
– Еліме жете аламын ба?
– Пау, өзің қызық екенсің. Қазаққа жеткенің еліңе жетке-
нің емес пе?! – деді Ерасыл.
– Егер Өлжені өлтірсең, жақын маңда жүре алмаймыз.
– Керейдегі әпкеме кетеміз, – деді Ерасыл.
Ерасыл тоғай ішінде тағы бір күн жатты. Өзін-өзі қайрады
кеп. «Уа, аруақ, өзің жар бола гөр!» деп тіледі. Көңілі өрекпіп
басылар емес. «Азар болса, бір өлім. Менің жаным әкем
Қожақұл мен бауырым Есенбайдан артық па?» деп қайрай түсті
өзін. Тіпті қорқатын емес.
Уәде бойынша қас қарайып, түн еңселеген сәтте ол ауылға
жақын келді. Қырғыз жігіті Ерасылды көп күттірген жоқ.
Мұны шөккен түйелердің арасымен жетелеп әкеп өзінің
жыртық қосына кіргізіп жіберді. Түн тастай қараңғы. Ай ту-
майтын өлара шақ.
– Қалмақтар қазір ғана әркіге бас қойды. Іркіттен
2
жаса-
ған арақтары ғой. Әбден тойсын, – деді сыбырлап. Енді бір сәтте
ол Ерасылды үлкен ақ боз үйдің іргесіне алып келіп, екеуі тың
тыңдады. Қалмақтар енді ғана ет жеуге кіріскен екен.
Анау ақ көйлектің омырауын ашып, төрде отырған,
тоқпақтай тұлымы бары – Өлже, – деді үйдің жыртығынан іш-
ке көз тастатқан қырғыз жігіті. – Жаңылып қалма. Мінетін
аттарды белгілеп қойдым. Қалғандарының айылдарын қиып
тастадым.
Енді бір кезде әркіге масайған қалмақтар өлеңге басты.
Мұндайда уақыт болдырған аттай жылжымай қояды емес
пе. Шыдамы таусылып, әбден есі шықты. Біраздан соң да-
бырлаған жұрт сыртқа шығып, үйді-үйіне тарап жатты. Бірақ
ата жауының қарасы көрінбеді. Шөгерілген түйелердің ара-
сында жатқан Ерасыл ақ боз үйдің есігін күзетумен болды.
Әлдекім тысқа шықты. Зор денелі дәу кеуде есік алдында ары-
бері теңселе жүріп, қарнын сипап біраз тұрды. «Иә, сәт!» – деп
күбірлеп Ерасыл қолындағы қанжарын қыса түсті. Өлже шет-
теу байланған ақ боз аттың жанына жетті де, жалын тарап, сәл
бөгелді. Осы кезде Ерасыл да аяғының ұшымен басып жақын
келген еді. Сол сәт «бұл ит өзін кім өлтіргенін біліп кету керек»
деген ой сап ете қалды. Ерасыл көп кідірместен:
– Сен Өлжесің ғой, – деп күңк етті.
– Иә, – деді тоқпақ тұлымды қалмақ басын изеп.
– Қазақ ауылын шауып, ағам Есенбайды өлтірген сен бе,
жауыз! Ендеше қанға – қан! Тарт сазайыңды!
Ерасыл оқша атылып, алмас қанжарын Өлженің қақ жүрек
тұсынан сұғып жіберді. Ата жауы аузы апандай ашылып, екі
қолын алға соза бере, етбетінен құлап түсті. Мұндайды бұрын
көрмеген Ерасыл буыны құрып, сылқ етіп отыра кеткен.
Қырғыз жігіті оны қапелімде орнынан тұрғызып алды да, атқа
мінгізіп, ақ боздың тізгінін ұстатты.
Ит үріп, айқай-шу шыққан кезде екеуі ұзап кеткен еді. Неге
екені белгісіз, арттарынан қуғыншы шықпады. Түпсіз тұңғиық
түн қылмысты жасыратын әдеті. Тек тұяқ дыбысы ғана естіліп
қояды. Бәрінен де Ерасыл өз-өзіне риза. Өмірінде алғашқы рет
еркек атанып, жауынан кек қайтарды.
Алда әлі талай-талай асу бел, бейнетті жол жатты.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет