Аударматану терминдерінің когнитивтік-семантикалық құрылымы



бет18/34
Дата06.02.2022
өлшемі0,59 Mb.
#36003
түріДиссертация
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   34
8. Антонимия. Антонимия құбылысы дербес және көмекші сөздер арқылы берілетін семантикалық қарама-қарсылықты білдіреді. Антонимия көркем әдебиетте антитеза сияқты әр түрлі стильдік фигураларды жасап, экспрессия үшін қолданылады.
Антонимия құбылысы терминологияда терминологиялық өрістің шеткі нүктелерін белгілеуге, сондай-ақ терминологиялық жүйенің қисынды мүмкіндіктерін сұрыптауға жағдай жасайды. Мысалы: кеңейту – тарылту, сәйкестік – сәйкессіздік, ауызша аударма – жазбаша аударма, кіріс тіл – шығыс тіл, кіріс сөздік – шығыс сөздік, кіріс сөйлем – шығыс сөйлем, лексикалық жайылма – лексикалық ықшамдау және т.б.
Терминдерді терминологиялық өрістен бөліп қарауға болмайды. Терминологиялық өріс бойынша моносемантикалық термин жасалуы тиіс. Терминдерді талдау барысында ұғымдық өріс ерекшелігіне басты назар аудару қажет. Бұл тілден тыс негіздемесіз терминологиялық өріс қалыптасуы мүмкін емес. Себебі жай лексикалық өрістен терминологиялық өрістің айырмашылығы – оның құрамына жай сөздер емес, арнайы ұғымдарға сәйкес келетін арнайы лексика жатады.
Терминологиялық өріс теориясында сөздердің басым көпшілігі жасанды жолмен туындайтын болған соң, сөзжасамға ерекше мән беріледі. Сол себепті әрбір терминологиялық өрісте жалпы лексикаға және өрістің басқа түрлеріне тән емес өзінің сөз тудырушы және сөз түрлендіруші парадигмалары қалыптасады. Мысалы, аударматану өрісіндегі балама терминіне зат есімді баламалық, сын есімді баламалық терминдері сәйкес келеді.
Үлкен, ірі терминологиялық өрістер одан кіші, микроөрістерге жіктеледі. Мысалы, аударматану өрісінің мынадай микроөрістерін атап көрсетуге болады:
1) Көркем аударма микроөрісі төмендегідей терминдерден құралады: авторланған аударма, авторлық аударма, бейімдеу, бейімделген аударма, барабар алмастыру, барабарлық, аударма барабарлығы, барабар аударма, антонимдік аударма және т.б.;
2) Машиналық аударма микроөрісі: автоматтандырылған ақпараттық жүйе, аудармашы, АЖО (автоматтандырылған жұмыс орны), кіріс сөздік, кіріс тіл, шығыс сөйлем, шығыс сөздік, шығыс тіл, іріқұрылым бірліктері, машиналық сөздік, машиналық интерпретация, машиналық құрылым және т.б.
3) Мәтін аудармасының микроөрісі: газет мәтіндерінің аудармасы, фельетонды мақалалар аудармасы, көркем аударма, техникалық әдебиет аудармасы, ғылыми әдебиет аудармасы, қоғамдық-саяси әдебиет аудармасы, патенттік рефераттар аудармасы, құжаттар аудармасы, мәтін тақырыптарының аудармасы, кино-бейне материалдар аудармасы және т.б.;
4) Аударма процесінің микроөрісі: аудармашының түпнұсқа мәтініндегі бағдарлау үрдісі, аудармашылық шешімдердің жүзеге асырылу үрдісі, аудармашылық шешімдерді іздестіру және қабылдау үрдісі, аудармашылық шешімдерді іздестіру немесе таңдау үрдісі, оңтайлы шешімді іздестіру үрдісі, бағдарлау үрдісі, коммуникация акті, екі тілді коммуникация акті, аудармалық іс-әрекет, аудармалық амалдар және т.б.;
5) Аударма әдістемесінің микроөрісі: аударма техникасы, аударма практикасы, таңбалық аударма, мазмұндық аударма, ілеспе аударма, жазба әдісі, мәтінді құрақтау әдісі, семантикалық өрісті қысқарту әдісі, статистикалық оппозициялар өрісі, транформация әдісі, бастапқы мәтінді трансформациялау әдісі, сүзгілер әдісі және т.б.
Терминдердің лексика-семантикалық құрылымы термин интенциясы мен экстенциясы ұғымдарымен байланысты болып келеді. Термин интенциясы дегеніміз – бұл таңбаланушы нысанды белгілі бір ұғымдық өріс шеңберінен айқындап алу ниеті мен мақсаты. Сондай-ақ, оның ерекше белгісін сипаттайтын дәл және нақты атаумен таңбалануын білдіреді.
Термин экстенциясы – бұл оның мағынасын көрсететін ұғымдық өріс аумағы. Мысалы, аударматану термині экстенциясының сызба үлгісін былай көрсетуді жөн көрдік:

Сурет 2 – Аударматану терминінің экстенциясы


Осыған сәйкес термин-ұғымның интенция ұғымы, әсіресе, аталымдық интенция, тек термин-сөздерге ғана тән құбылыс болып табылады.


Қазіргі таңда қазақ тіл білімінде уәж, уәжділік мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп жүр. Соңғы бес-он жыл көлемінде лексикалық, терминдік бірліктерді, тілдік құбылыстар мен үрдістерді уәж, уәжділік ерекшеліктері тұрғысынан қарастыратын лингвистикалық зерттеудің арнаулы саласы – уәжтану ғылымы қарқындап дами бастады.
Лексикологияның ерекше саласы ретінде уәжтанудың лингвистикалық мәртебесіне қатысты арнайы зерттеу жұмысын жүргізбегенмен, қазақ тіл білімінде уәж, уәжділік мәселелері жөніндегі Ә.Қайдаровтың, К.Хұсайыновтың, Б.Қалиевтің, Н.Уәлиевтің, Ж.Манкееваның, Р.Шойбековтің т.б. ғалымдардың еңбектерін атап көрсетуге болады.
Ал орыс тіл білімінде уәжтану М.М.Копыленко, З.В.Беркетова, О.И.Блинова, Н.Д.Голев, М.М.Гинатулин, С.А.Колчин, В.В.Левицкий, А.А.Леонтьев, Г.П.Мельников және т.б. ғалымдардың еңбектерінде әбден қалыптасқан, күрделі жүйесі мен өзіндік терминдері бар сала ретінде зерттелген.
Терминжасамның басты талаптарының бірі – атаудың уәжді болуы. Ендеше атау қатаң шарттылықтан аулақ болу керек, кез келген ұғымның атауы уәжді болу керек, сонда өзге тілден еніп, аударылып немесе жаңадан пайда болып жасалып отырған ұғымның мазмұн-мағынасы оның атауынан көрініп тұрады. Яғни, атаудың ар жағында тұрған ұғым аударма немесе түсіндірме сөздіксіз-ақ түсінікті болып тұру керек.
Терминнің уәжділік мәселесіне мысал ретінде А.Байтұрсынұлы дәстүрін үлгі етіп алуға болады: бастауышсөйлемнің басында тұрып, басты тұлғаны көрсететін ұғым; баяндауышсөйлемнің аяғында тұрып, баяндау әрекетті аяқтайтын ұғым. Екі ұғымның да орны мен қызметі олардың атауынан көрініп тұр. Осы ретпен жасалған жалғау, жұрнақ, зат есім, сан есім, өткен шақ т.б. атаулардың сыры ұғым мен атаудың үйлесімінде, атаудың төркіні қазақтың төл сөзі болғандығында екені даусыз.
Тілдегі уәжділік ұғымы сөз мағынасы, лексикадағы жүйелілік қатынастар, мән, форма, мазмұн, таңба, тілдік норма, аталым, терминологиялық аталым, лексикалық бірліктердің идиомалылығы және т.б. маңызды лингвистикалық категорияларды зерттеуде басты қызмет атқарады.
Уәжділіктің осы ерекшеліктеріне орай тіл білімінде оны әр түрлі атаулармен байланыстырады: ішкі форма, мазмұн таңбасы, лексикалық обьективация, уәждеме, уәжденім, сөздің этимологиялық құрылымы т.с.с.
В.В.Левицкий уәжділік құбылысын зерттей отырып, оның үш түрін: «морфологиялық, семантикалық және фонетикалық» түрін атап көрсетеді [10, 21-25].
Сөздің морфологиялық уәжділігі тек сөздің мағынасы мен оның морфологиялық құрылымы арасында байланыс болған жағдайда ғана сөз болады. Ал семантикалық уәжділік – сөзде метафора мен метонимия құбылыстарына негізделген бейнеліліктің болуы. Сөздің фонетикалық уәжділігі, сөз мағынасы мен оның дыбысталу арасындағы байланысты білдіреді де, дыбыс символизмімен тығыз байланысты болып келеді.
Негізінде, бастапқы зат белгілерінің жиынтығы – өзек сема (бастапқы жалпы белгі), бастапқы зат пен кейінгі заттың бір сөзбен аталуына негіз болған белгі – жалпылауыш сема, бастапқы және кейінгі заттардың өздеріне тән өзіндік белгілері – даралауыш сема. Демек, уәжділік дегеніміз – бір сөзбен таңбаланған, мазмұндық-мағыналық бірліктегі лексикалық бірліктердің арасындағы бастапқы, байланыстырушы және даралаушы белгілер. Кейінгі зат атаулары бастапқы затпен негізгі не жалпы, негізгі не қосымша, ықтималды не кездейсоқ жалпылауыш семалар арқылы байланысады. Бұл байланысты аталым теориясының уәжтану саласы зерттейді.
Кез келген тілде терминжасам процесі, ең алдымен, сол тілдің өз сөздік құрамы, ұлттық лексикасы негізінде жүзеге асырылады. Демек, терминдер тілде бұрыннан бар сөздер мен түбірлерден жасалады. Осыған орай, терминдер қатарында сол тілге тән әр түрлі құрылымдық түрлер кездеседі: түбір сөз, туынды сөз, күрделі сөз, сөз тіркесі және т.б.
Туынды терминдердің терминжасам процесінің семантикалық нәтижелері төменде келтірілген түрлерде болуы мүмкін:
1) таза транспозиция (сөздің бір сөз табынан басқа сөз табына ауысып, мағынасының ешбір өзгеріссіз қалуы): аударылған мәтін  аударма мәтін;
2) транспозиция (туынды сөздің синтаксистік сипаты мен мағынасының бірдей өзгеруі): кеңесші  кеңесшілдік; балама  баламалық;
3) модификация (бір сөз табына жататын сөз тудыруға негіз болатын және туынды терминдер арасындағы айырмашылықтар): аударма  аудармашы.
Осы орайда, біздің ойымызша, семантикалық өзгерістердің біріншісі синтаксистік деривация, екінші және үшінші түрлері лексикалық және терминдік деривация ұғымдарына сәйкес келеді.
Терминологиялық жүйеде уәжді терминдермен қатар бейуәжді терминдер де болады. Уәжді терминдер арасында уәжділік деңгейі әр түрлі терминдер кездеседі. Уәжді терминдердің ішкі құрылымының айқындығы нақты белгілерінен көрінеді. Жалпы, уәжділіктің төмендегідей түрлері бар: сөзжасамдық-морфологиялық, семантикалық және синтаксистік. Сондықтан уәжді терминдер қатарына төмендегідей тұлғалар жатады:

  1. аффиксті терминдер;

  2. күрделі сөз терминдер;

  3. сөз тіркесі терминдер;

  4. семантикалық тасымалдаудан пайда болған терминдер.

Осы тұжырымға сәйкес аффикстік терминдер: барабарлық, аударма, аудармашы, жөнелтуші, сәйкессіздік, сәйкестіктер, балама, баламалық және т.б.; күрделі терминдер: қостілділік, дереккөз, мәнмәтін, тіларалық, метатіл, көптілділік, түпнұсқа, референт-аудармашы, аударма-реферат, аударма-реминисенция, аударма-бейімдеу, аударма – диктант, аударма –девальвация, микроаударма және т.б.; терминдік тіркестер: ауызекі аударма, нұсқалық сәйкестік, баламасыз лексика, қысқаша аударма, өзі туындайтын сөзбе-сөздік, ықтималды болжам, баламалық түрлері, уақытша баламасыз терминдер, уақытша семасиологиялық байланыстар және т.б. уәжді терминдер қатарына жатады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   34




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет