Генерал. Әбиірбек Рахымович, болды-болды... Мен де сыйлаймын әкімді.
Прокурор. Аудан әкімдері де сыйлайды.
Генерал. Түсінсемші! Сонда Қасқабай Төреқұловичтің сыйламағаны ма әкімдерді, бізді?
Прокурор. Бұл да маған түсініксіз.
Хатшы қыздың жанындағы столда жатқан көп телефонның біреуі шылдырайды.
Хатшы қыз (телефон трубкасын көтеріп). Сәлематсыз. Ия, өзінде. Қазір. (Телефонды әкімге қосып). Қасқабай Төреқұлович, президент аппаратынан Бұқарбаев.
Төртінші көрініс
Әкім (түсі бұзылып). Жоқ, босатуға болмайды... Бұл не сонда, Президенттің нұсқауы ма?... Бәсе... Онда бұл әңгімені осымен тоқтатайық... Неге?... Білсеңіз, бұл – аяқасты етуге болмайтын жәйт... Бұл бүкіл парақорлардың үстінен жай түсіреді. Ел билік басындағыларды сыбайлас жемқорлар мен парақорлардың шабақтарына ғана әлі келеді, акулалардан аулақ жүреді деп жазғырады, олары дұрыс. Міне, енді бір емес, он акула ұсталып отыр... Неге акула емес, нағыз өзі... Жарайды, аудан әкімдері тақымыңыза толмаса, мен – акуламын... Әрине, алған жоқпын, алмаймын. Осымның өзі-ақ бізді ағаш атқа мінгізетіндерге жоғары эшелондағы басшылардың оң ісінің ұштығын көрсетпей ме... Ара түспеңіз, бұған ешкімді араластырмаймын, өзім шешемін... Керек десеңіз, заң әлдеқашан шешіп қойған. Құқықтық мемлекетте өмір сүргіміз келеді екен, заңға, бір ғана заңға бағынуымыз керек. Ал, заң тәлекке салынбайды, орындалады. Ағайынгершілік, бармақ басты, көз қысты жүрген жерде заңның күші кетеді... Бұл әңгіме осымен тәмам. Басқа шаруаңыз болса, айтыңыз... Онда жақсы.
Әкім телефон трубкасын орнына қойып, бір ырғалып
отырады. Ұялы телефоны шылдырайды.
Әкім (ұялы телефонды ашып, құлағына тосып). Да.. Ия, мен ғой, Сәуірбек Тәуірбекович... Ия, сондай бір ыңғайсыз жағдай болып тұр... Жо-жоқ, ол болмайды... Білесіз ғой, сізден аярым жоқ, бірақ мына айтқаныңызды орындай алмаймын... Жоқ. Қайта тарту – өзімді-өзім досқа күлкі, дұшпанға тәуба ету... Солай енді... Кешіріңіз!
Әкім ұялы телефонын жауып, ойланып отырып қалады.
Әкімнің ойы (радиомен). Апырым-ау, не болып барады мына дүние?! Сұры жаман ғой. Қойсам ба екен, ел-жұртты шулатпай. Жоқ, еститіндер естіпті ғой. Ендігісі – маған жаппай жабылу. Бұл ел білмей ме, немене, телефон беделдің, сыбырласу мен жыбырласудың құрығанын. Онда білсін. (Хатшы қызға телефонмен). Әсия, мені ешкімге қоспа.
Әсияның дауысы. Ерік Көбеновичке де ме?
Әкім. Ия. Оны неге сұрадың?
Әсия. Қасым ағай: «Қазір Ерік Көбенович телефон соғады» деген.
Әкім. Не бүлдіріп жүр ол. «Ешкімді қоспа» – дедім ғой. Прокурор мен генерал кірсін.
Прокурор мен генерал кіріп жайғасады.
Әкім (екеуіне томсырая қарап біраз отырады). Сөйлеңіздер, қайтсе жөн екен?
Прокурор. Қасқабай Төреқұлович, бұл – өте қиын іс.
Әкім. Білемін, қиын іс. Мәселенің өзі де сонда, қиындығында. Сіздер мен біздер шабақ шайнап үйренгенбіз. Міне, енді қолымызға акулалар түсіп еді, не істерімізді білмей, тапырақтап қалдық.
Прокурор. Оларды қамаққа алу түкке де тұрмайды. Тек ұяты сізге келмесін деп отырмыз біз.
Әкім. Осыдан келгенді көрдім, апарыңдар абақтыға!
Прокурор. Апарамыз. Жабамыз. Тергеуге аламыз. Бәрін жасаймыз. Әкімдеріңіз мерзім алады, сонда не болады? Қазақстанда парақорлық тоқтай ма? Әй, қайдам, қайта өрши түсетін шығар. Неге, өйткені оның тамыры тым тереңге кеткен.
Генерал. Ия, сөйткен. Мынау әшейін бергі жағы. Мұның әкесіндей параны жалмап, жалғанды жалпағынан басып жайнап жүргендерде есеп жоқ.
Әкім. Бұл айтып отырғандарыңыз – бос сөз, ал мынау – факт. Сіздер факт бойынша әрекет ететін құрылымдардың басшысысыздар. Мен артық ештеме талап етпеймін, бәрі заң құзіреті ауқымында болсын.
Прокурор (орнынан тұрып). Өзіңіз біліңіз. Сіз айттыңыз, біз орындаймыз.
Генерал (тез). Сіздің айтқаныңыз – бізге заң.
Әкім (сабырлы). Жоқ. Заңнан асқан ешкім де, ештеңе де жоқ. Президенттен бастап бәріміз заңды сыйлауға тиіспіз. Сол заңды қорғайтын, халыққа сыйлататын сіздерсіздер. Мына әкімдер заңды аттап отыр, қылықтарына қарай жауап берсін. Апарыңдар.
Прокурор. Айтпады демеңіз, аяғы дауға айналады.
Генерал (Ұялы телефонын ашып, нөмір тере бастайды). Қазір, мен оперативтік топ шақырайын.
Прокурор. Қажеті жоқ. Олар – бұзылған адамдар емес, әкімдер. Айтқан тілді алады.
Әкім. Әрине, олар – әкімдер. «Ішкі істер департаментіне келіңіздер» – деп кете беріңіздер. Өздері барады.
Генерал. Онда олардың несі қылмыскер?
Әкім. Ендеше, айдап апарыңдар.
Генерал. Қасқабай Төреқұлович, қылмыс үстінде ұсталған адамды рәсімдеудің өз тәртібі бар, ең бастысы айғақ адам керек. Әкімдердің мына пакетті сізге ұсынғанын көрген адам бар ма?
Әкім. Айғақ – Қасым Хасенович.
Генерал. Бітті (Папкасын ашып). Хаттама жасаймыз.
Прокурор. Нұрқат Асылович, сіз де, мен де қызметкерлерімізді шақырайық.
Генерал. Сөйтейік, Әбиірбек Рахымович.
Әкім. Мен айттым ғой, істейтіндеріңді өздеріңе апарып істеңдер.
Генерал. Олай болмайды. Рәсімдеу жұмысы қылмыс орын алған жерде, айғақ адамның көзінше жасалады.
Әкім (ширығып). Не, сонда сендер облыс әкімінің кабинетін тергеу изоляторына айналдырмақсыңдар ма?
Прокурор (байыппен). Қасқабай Төреқұлович, шамданбаңыз бұған. Қандай да қылмыстық істе заттық айғақ басты рөл атқарады. Мына жағдайда мәселенің бәрі мына пакетке, оның ішіндегі отыз мың долларға келіп тіреледі. Ол сізге қай жерде, қашан, қандай жағдайда ұсынылды? Әдбетте, бәрі рас, бірақ заң талабына сәйкес бәрі дәлелденуі, әкімдердің дәл осы жерде мойындауы керек.
Әкім. Жатқан азап екен де.
Прокурор. Адамды абақтыға отырғызу оңай ма, сіздің намысыңызбен бірге олардың құықтары да қорғалуы керек. Жаңа өзіңіз айтқандай, заң ешкімді ерекшелемейді, алалап-құлаламайды. Заң алдында бәріміз теңбіз.
Генерал. Сіздің кабинетіңіз – нағыз заң салтанат құратын жер.
Әкім. Бопты, заңды сақтаңдар. Аудан әкімдері аттаған заңды мен сыйладым, кабинетімді бердім.
Прокурор (қуанып). Бітті онда. Бізге керегі осы сөзіңіз.
Генерал (құлшынып). Қазір жігіттер келеді, тез бітіреміз.
Әкім. Сөйтіңіздер. Жұмыс көп. (Хатшы қыз есікті ашып кіре береді). Әсия бізге ешкім кедергі келтірмесін дегенім қайда?
Әсия (сенімді). Сұрап жатқан Ерік Көбенович!
Әкім. Мейлі. Президент пен Премьерден басқаның бәріне жоқпын мен.
Әсия (күмілжіп). Е-Е-Ерік Көбеннович ашулы сияқты.
Әкім (сесі басылыңқырап). Ерік Көбенович! (Сәл ойланып қалып барып) . Мейлі. Телефонды ала алмайды, жалпы, бүгін сөйлесе алмайды де. (Хатшы қыз шығып кетеді). Ол кісіге жеткізіп жүрген Қасым Хасенович-ау ә. Қызметтік құпияны сақтаса қайтеді екен бұл кішкене бір?!
Прокурор. Қасқабай Төреқұлович, бұл – ешқандай құпия бола алмайтын жағдай. Бұл – сенсация, бұлтсыз күнгі найзағай, елді дүрліктіретін оқиға.
Генерал. Төтенше оқиға.
Әкім (кекесінмен). Мүмкін, сіздер соғыс жағдайын жарияларсыздар? Шынында, жарияласа, дұрыс болар еді. Бұл – соғыс. Бұл – парақорлықпен, оның шақыртқысы жемқорлықпен соғыс. Ал, қашаннан соғыста біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Не мен жеңіп, бұл облыста қоғамның сұмпайы кеселі – парақорлық жойылып, мерейім үстем болады, не парақорлықтан өткен кесепат – сыбайластық үстемдік алып, мені мертіктіреді. Басқа жол жоқ.
Прокурор. Қасқабай Төреқұлович, бәрі түсінікті. Сіз дереу бізге кабинетіңізді босатып бере тұрыңыз. Енді кішкенеден соң бұл жерде опыр-топыр басталады.
Генерал. Ия, сіздің оны көрмегеніңіз жөн.
Әкім. Сонда не болады?
Прокурор. Он әкім тұрмақ бір адамның өзін қамаққа алу – азап, ойран-топыр болады.
Генерал. Он әкім он жаққа тартады, біз омыраулатамыз. Ой, қиын-қиын!.
Әкім. Сендер абайлаңдар, көп еркінсімеңдер, олар – әкімдер.
Прокурор. Сізге пара ұсынған адам қалай әкім болады, олар – кінәлілер.
Генерал. Қылмыстары дәлелденсе, олар әкімдікпен хош айтысады.
Прокурор. Қалай болғада да олар енді қайтып әкім болмайды.
Әкім (қолын бірақ сілтеп). Мейлі. Бірдің ісі – мыңға үлгі, ал онның ісі – мүлде күшті.
(Есік көзінен Әсия көрініп, генералға қарап). Ағай, сіздің кісілер келіп тұр. (Әкім Әсияға жақтырмай қарап). Кірсін! (Прокурор мен генералға). Ал, мен кеттім, кірісіңдер. (Орнынан тұрып). Сәл тұра тұрыңдаршы. Осы жаңа сендер қойын қалталарыңа қолдарыңды салып, конверттеріңнің шетін қылтиттыңдар ғой. Айтыңдаршы, ішінде не бар еді?
Прокурор. Құттықтау хат.
Генерал. Менікі де сол.
Әкім. Қатырасыңдар. Мейлі...
Әкім артқы жақтағы демалыс бөлмесіне кіріп кетеді.
Прокурор. Бұл қандай әкім?!
Генерал. Әлі пісе қоймапты, айтқанға сеніп, көне береді.
Прокурор. Мен оның тілалғыштығын емес, басқа жағын айтып тұрмын. Көресіз әлі-ақ, бұл – сауысқаннан сақ болатын адам, кесіп алса, қан шықпайтынның дәл өзі болады. Соның басы – осы.
Генерал. Дұрыс айтасыз. Не деген қатыгездік!
Прокурор. Менің де ішім қан жылап тұр. Осыны қойсақ қайтеді?
Генерал. Қоя алмаймыз.
Прокурор. Неге?
Генерал. Әбиірбек Рахымович, оны сіз менен жақсы білесіз.
Прокурор. Генерал. Нұреке...
Генерал. Прокурор... Әбеке...
Прокурор. Бұл істі біз атқармасақ, кім атқарады?
Генерал. Ешкім.
Бесінші көрініс
Қалың ойға берілген әкім отыр кабинетіде. Хатшы қыз кесеге шай құйып тұр. Соңына аппарат жетекшісі Қасым Хасенович ерген Ерік Көбенович Мұсылманқұлов кіріп келеді. Әсия шәйнек пен кесені қоя салып, шығып кетеді.
Әкім (орнынан ұшып тұрып, қарсы жүріп барып амандасады). Сәлематсыз, Ерік Көбенович. Қалай тез келіп қалғансыз?
Мұсылманқұлов. Сәлемат! Сөз-ақ! Қалай тез келіп қалғансыз?! (Қасым Хасеновичке). Сен бара бер. (Аппарат жетекшісі зып беріп шығып кетеді). Сен мұнда жер-әлемді бүлдіріп жатқанда мен онда қалай шыдап отырмақпын?!
Әкім (орындықты нұсқап). Ерік Көбенович, алдымен жайғасып отырыңыз. Бүлінген ештеңе жоқ. Аудан әкімдеріне жаныңыз ашып келсеңіз, айтайын, олар өз қылықтарынан тауып отыр.
Мұсылманқұлов (жақтырмай). Ол қандай қылық? Жазықтары – сені сыйлағандары ма?
Әкім. Ол – сыйлаған емес, пара.
Мұсылманқұлов. Олар жылда менің туған күнімде де дәл осындай сыйлық әкелетін. Одан олар кедей болып, мен байып кеткеніміз жоқ. Тек сыйластығымыз артты, түсінісіп жұмыс істедік. Міне, қазір де олар мені пана тұтып отыр.
Әкім. Ерік Көбенович, мен де сізді сыйлаймын. Сол сыйласқан күйімізде қалғанымызды қалаймын. Егер сіз де мені сыйласаңыз, бұл іске араласпаңыз.
Мұсылманқұлов (өршеленіп). Қалай араласпаймын, бұл оларды емес, мені әшкерелеу. Президент аппаратындағылар да, үкіметтегілер де: «Аудан әкімдерінің әдеті еді, жаңа әкім жарайды. Мұсылманқұловтың әкімдерінің әкесін танытыпты» – демей ме.
Әкім. Мен ол жағын ойламаппын. Аудан әкімдерінің сізбен сыбайлас екенін де білген емен. Олар мені парамен сатып алмақ, жалтақ қылып қоймақ болған екен дедім де осындай қадамға бардым.
Мұсылманқұлов. Осы қорқытқаның да жетер, жер жаһанға жария болмай тұрғанда қоя бергіз.
Әкім. Жоқ, ол болмайды. Оларды қоя бергізсем, менде бедел қала ма, қалмайды, қасиетсіз боламын. Оларды босатқанша өзім қызметтен босанғаным дұрыс болар.
Мұсылманқұлов. Сен бұл райыңнан қайтпасаң, ол да болады. Оларға болысатындар аз емес, жоғарғы жақтан да табылады.
Әкім. Мейлі, тәуекел. Шешінген судан тайынбас, қайтпан!
Мұсылманқұлов (түтігіп шыға келеді). Әй, бала, не деп отырсың сен? Қазір босат, әйтпесе сөз басқа.
Әкім (төменшіктеп). Ерік Көбенович, сіз маған әкемдейсіз, тәрбиеңізді көрдім, қамқорлығыңызға бөлендім. Орныңызға қойып кеттіңіз. Мен оның бәрін білемін, алдыңызда басымды иемін. Бірақ ешкім де, ешнәрсе де адамға өз арынан қымбат емес.
Мұсылманқұлов (кекетіп). Арлымын де. Мен білмеген екенмін, енді түсіндім. Жар-р-райды.
Әкім (тайсалмай). Не десеңіз де, не істесеңіз де мен сізді сыйлаймын, бірақ өзімді бейшара ете алмаймын.
Мұсылманқұлов (өкініп). Қап! Сен бір сөзге келмес деп едім, жаңылыппын. Бұрын не айтсам да, мақұл едің, одан жаман болған жоқсың. Елгезек, айтқанды орындауға құлшынып, лыпып тұратын Қасқабай қайда, мен сені танымай тұрмын.
Әкім. Ол кезде арқа сүйейтін сіз бар едіңіз, артық-кем кетсек, кешіріп, бұра тартсақ, дұрыс жолға салатынсыз. Енді желкемде шалқайсам, шүйдеме тиер қабырға ғана бар, бәрін өзім шешуім керек.
Мұсылманқұлов. Қалай тез өсіп кеткенсің, бала! Қуаныштымын, орныма лайықты адам қойып кетіппін. Мына пәленің бір ұштығы маған келіп тірелетін болған соң ғой, қадалып отырғаным. Көнбедің ғой, айтпады деме, оларды босаттырғаныңды өзің хабарлап, сүйінші сұрайтын боласың.
Әкім (жуасып). Не дегеніңізбен мен заңды аттай алмаймын. Бұл істің нүктесін құқық қорғау органдары қояды.
Мұсылманқұлов (орнынан тұрып). Жақсы, сау бол, бала! Бұл облыста бір-ақ заң барын әлі күнге білмесең, шикі екенсің. Ендеше, біліп қой, облыс әкімі – заң да өзі, зәкүн де өзі. Оның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс.
Әкм. Әкімдіктің ол жағы маған әлі белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық, өзім ұстатып, қолдарына кісен салдырған адамдар осында мен тұрғанда енді қайта әкімнің орынтағына отыра алмайды.
Мұсылманқұлов. Осы кесімді сөзің ғой.
Әкім. Иә, кесімді сөзім.
Мұсылманқұлов. Онда сөз тәмам. Айтпады деме, олардың тағдырын шешетін бір сен емессің. (Орнынан тұрмақ болған әкімге). Жарайды. Отыра бер орныңда арыңды әспеттеп.
Әкім. Ерік Көбенович, ренжімеңіз, өйтіп кекетпеңіз де. Сіз тұрмақ өзіме өзім де ренжимін. Қазір де сондай күйде отырмын. Егер сол әкімдер парақор болмаса, нем бар оларда? Себепсіз салдар жоқ. Сіз маған өкпелегенше осыны білсеңіз қайтеді?
Мұсылманқұлов. Мені қайтесің, білгеніңді істей бер.
Әкім. Қалай дегенде де мен ешкімге өзімді қорлата алмаймын.
Мұсылманқұлов. Бұл сөзіңді қалай түсіндік?
Әкім. Пара беру – адамды қорлау. Пара алған адам – құдайдың қоры.
Мұсылманқұлов. Мәссаған безгелдек! Сонда аудандар әкімдері мені қорлап, мен қор болған екенбіз ғой.
Әкім. Енді қалай деп едіңіз?
Мұсылманқұлов. Қой, біткен екен шаруамыз! Жал бітейін деген екен саған. Дереу күзеп тастау керек екен оныңды. Бітті. Кеттім.
Әкім. Бара беріңіз.
Мұсылманқұлов кетеді. Әкім ойланып қалады.
Әкімнің ойы (радиодан). Қатты кетіп қалдым-ау деймін. Енді қайттім?! Жасы жағынан ғана емес, шексіз қамқорлығымен де әкемдей болған адам кетісіп барады. Ерекең аман болса, талай жерге барады, толып жатқан тетікті іске қосады. Беделін салады, туысқандығын пұлдайды, әйтеуір бастықтарды теріс қаратады маған. Не, сонда мен қорқуым керек пе? Неден қорқамын? (Біраз ойланып қалып барып). Ә-ә, қызметімнен қорқуым керек екен ғой. Қызметтен кету – өлім! Бала да біледі, бізде қызмет – бақ, қызметтен айырылған адам – тірі өлік. Өркениетті елдерде қызмет – халыққа қызмет ету, бізде қалтасын қалыңдату. Қарашы, Герхард Шредер қызметінен кеткен күні телекомментатор: «Ол – бүгіннен бастап Германияның қатардағы азаматы» – деді. Шредер мәз болып, күліп тұрды. Ал, бізде ондай адам қара жамылар еді. Америка президенті қызметінен кеткен күні дипломатына киім-кешегін салып алып, машинасына мініп, өз штатына тартады екен. Сөйтіп өмір сүру қамына кіріседі – біреуге басқартып қойған бизнесін өз қолына алады.
Біз қызметтен босасақ, қайда барамыз, не істейміз? Бізде мемлекеттік қызметші – тоналған тұлға. Байып кетсе, өз шаруасын күйттеп, мемлекеттік қызметке керенау қарайды деп оны бизнес, кәсіпкерлік атаулының маңына жолатпайды. Шөптің басын сындыруды білмейтін олақ, өзі жетімсіз бюджеттік ақшаға ғана аузын ашқан шенеуніктің жанама табыс көзі – бір ғана пара болмағанда қайтеді. Иә, пара – шенеунік біткеннің бизнесі, қарапайым халықтың көз жасы.
Пара араласпаған жер қалды ма бұ күнде? Тұяғы қимылдаған адам пара алады. Бәрін былай қойғанда, құдай берген баласының туғаны туралы куәлігін алу үшін де пара беретін болыпты ата-анасы. Сонда дүние есігін жаңа ашқан сәбиімізді парамен ауыздандыратын болғанымыз ба? Ал, мектеп директорларының тып-тыныш жұмыс істеп жүрген мұғалімдер мен үй сыпырушылардан жаңа оқу жылында жұмыс істеуі үшін тиісінше үш жүз және екі жүз доллар сұрайтынын қайтерсің?!
Менің мына тірлігім әзірге кейбіреулерге көпке топырақ шашу болып көрінер, ал түптің-түбінде парамен күресетіндер көбейер. Қандай да қоғам атаулы мұндай әлеуметтік кеселдің жолын кеспей тұра алмаған. Әйтпесе, өмір өсер ме еді?!
Әкім (ұялы телефонның нөмірін теріп). Әбиірбек Рахымович, не боп жатыр? Дұрыс-дұрыс... Басы-қасында тікелей өзіңіз болыңыз... Көп созбай, сотқа тез жеткізу керек... Солай, арашашылар көбейіп барады... Рас айтасыз, бәрін тоқтататын күш – сот үкімі. (Үкіметтік телефон шарылдап қоя береді. Әкім сол телефонға жармасады). Сәләматсыз ба, Дамир Тұңғышбаевич! Тыңдап тұрмын мен сізді... Ия-ия, сондай бір ыңғайсыз әңгіме болып тұр... Рас айтасыз ба?... Мен істерімді істеп алып, зәре-құтым қалмай қорқып отырсам, сіз қуанттыңыз ғой... Мен де соны ойладым... парақорларға сабақ болсын, дедім... Рақмет-рақмет!.. Көріскенше күн жақсы болсын, Дамир Тұңғышбаевич! (Үкіметтік телефон трубкасын орнына қойып, ұялы телефон нөмірін тереді). Нұрқат Асылович, жағдай қалай?... Дұрыс болсын... Бұл мәселе Премьер-Министрдің бақылауына алыныпты, Абаевтың өзі қазір ғана телефон шалды. Премьер-Министр құптап отыр, енді тартыншақтайтын түк те жоқ... Қызметкерлеріңе айтып қой, аналарға аты-жөні жоқ әкіреңдемесін... Жоқ, олар қанша дегенмен, әкімдер... Әрине, кім екендері соттан кейін белгілі болады... Иә, шешінген судан тайынбас, қайта тартпаймын... А-а... Ерік Көбенович пе?... Не дейді?... Кездестір... Кейін телефон соғарсың... Дұрыс, бәрін қайтесің, президенттерімен – Қарғабаевпен жолықтырсаң, жетер... Сөйт...
Алтыншы көрініс
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы генерал-майор Ахметовтың кабинеті. Ахметов пен Мұсылманқұлов сөйлесіп отыр.
Мұсылманқұлов. Нұрқат, сен өзің босатып жіберсең болмай ма оларды?
Генерал. Болмайды. Міндетті түрде прокурордың рұқсаты керек.
Мұсылманқұлов. Шақыр онда Әбиірбекті осында, тез жетсін.
Генерал (телефон нөмірін теріп, тұтқаны Мұсылманқұловқа ұсынады). Мінекиіңіз, өзіңіз сөйлесіңіз. Прокурорға менің билігім жүрмейді.
Мұсылманқұлов (телефон тұтқасын құлағына жақындатып). Әбиірбек, сен осы қазір генералдың кабинетіне жетші. Қай генералы несі, Нұрқат... Ия, келіп қалдық... Дереу кел! (Генералға). Бұл Таразда кісіге шай ұсыну деген ұмытылған ба, немене? Жоқ, мен Шымқалаға шайларыңды да ала кеттім бе?
Генерел (ішкі телефонмен). Айгүл, бізге шәй әкелші.
Прокурор кіреді.
Прокурор (қуанып). Сәлематсыз ба, Ерік Көбенович! (екеуі қол алысады). Иә, келіп қалыпсыз, Ерік Көбенович! Өте жақсы!
Мұсылманқұлов. Жақсы болмай тұр ғой бұл келісім. Соңымнан шу шығарып жатыр екенсіңдер, соған келдім.
Прокурор. Ол қандай шу?
Мұсылманқұлов. Білмей тұрған шығарсың жаман қатты. Менің әкімдерімді қамап қойып, отырмақ екенсіңдер ғой түк білмегенсіп.
Прокурор. Ол – әкімнің тапсырмасы. Сіздің әкімдеріңіз де қызық, «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» дегенді білмей ме, немене?
Мұсылманқұлов. Білгенде қандай, солардың бәрі – Қасқабайдың бірге ішіп, бірге жеп жүрген достары. Мәселе аудан әкімдерінің білімсіздігінде емес, Қасқабайдың аяқ астынан өзгеріп кеткендігінде емес пе. «Адамды сынаймын десең, қызмет бер» деген сөз рас екен. Жаңа ғана мен облыстық әкімиятқа бардым, Қасқабайда болдым, сөйлестім. Қасқабай сұмдық өзгеріп кеткен. Бір кездегі емурініме елеңдеп тұратын Қасқабай ыңыранып зорға сөйлейді. Жер қылып қайтарды. Ендігі үміт – екеуіңде, босатыңдар әкімдерді.
Генерал (жұлып алғандай тез). Қайтіп босатамыз, бұл – әкімнің тікелей тапсырмасы.
Прокурор. Босата алмаймыз, олар заңды бұзған.
Генерал. Олар – сіздің әкімдеріңіз, жаныңыз ашиды. Ал, біздің әкімге олардың қажеті жоқ.
Прокурор. Біздің әкімнің ешкімге жаны ашымайды екен. Арғы жағын айтпай-ақ қояйын, өзіңіз түсінерсіз.
Мұсылманқұлов. Түсіндім. Сол үшін ғой менің құстай ұшып жеткенім. Сендер менің айтқанымды екі етіп көрмеген жігіттер едіңдер ғой, босатыңдар!
Генерал. Ол кезде сіз – біздің әкіміміз болатынсыз.
Прокурор. Сіз айтпайтынсыз, бұйыратынсыз.
Мұсылманқұлов. Мен енді сендердің қазіргі әкімдерің болмағанмен, бұрынғы әкімдеріңмін. Сондағы сыйластығымыз қайда?
Прокурор. Шенеуніктерде сыйластық, адамгершілік дегендер болмайды. Олардың шені үлкені – бұйырады, кішісі орындайды. Сіз мұны сыйластық деп біледі екенсіз ғой, жоқ, бұл – бар болғаны қызметтік әдеп деп аталатын иек қағу, бас шұлғу.
Генерал. Жақсы айттыңыз, Әбиірбек Рахымович. (Мұсылманқұловқа) Менің де сөзім – осы. (Генералдың министрмен сөйлесетін телефоны шылдырайды). Мен сізді тыңдап тұрмын, генерал-полковник мырза... Ия, тергеу изоляторында... Жоқ, босатпаймыз. Әлбетте, міндетті түрде сотқа жеткіземіз... Мақұл-мақұл, генерал-полковник мырза! (Телефон трубкасын қойып, Мұсылманқұловқа қарап). Естідіңіз ғой, әңгіме министрге жетіпті. Министр: «Босатпа. Сотқа жеткіз!» – деген команда берді. Мен министрдің бұйрығын орындаймын. Кешіріңіз, Ерік Көбенович, мен енді ештеңе істей алмаймын.
Прокурор (орнынан тұрып). Қой, кетейін бас прокурор іздеп жатқан шығар мені.
Мұсылманқұлов. Тоқтаңдар! Үрейленіп сонша! Түсіндім, бұл мәселенің тізгіні сендердің қолдарыңда емес екен. Олар – сендерге әкім, министр, бас прокурор, ал маған... Көреміз оларды әлі. Сендерге бір тілек – бәрін демей-ақ қояйын, біреуін – Құрман Қарғабаевты алдырыңдаршы осында. Ең болмаса, сонымен сөйлесіп, мән-жайды айтып кетейін.
Прокурор. Мұныңыз енді қолдан келетін шаруа.
Генерал (кнопканы басып). Подполковник мырза, ана аудан әкімдерінің ішінде Құрман Қарғабаев деген бар, соны дереу жеткізіңдер менің кабинетіме.
Прокурор. Осыған разы болыңыз, Ерік Көшербаевич, мен кеттім. Ендігісін Нұрқат Асылович реттер.
Прокурор кетеді.
Мұсылманқұлов. Нұрқат, айтшы, Қасқабай қандай әкім?
Генерал. Жақсы әкім. Принципті, талапшыл, бәрін түсінеді?
Мұсылманқұлов. Түсінгені осы ма, аудан әкімдерін қаматқаны?
Генерал. Осы. Өте дұрыс істеп отыр. Бұл облыста парақорлық әбден асқынған. Менің білуімше, сіздің Шымқалаңыздан қалыспайды. Парақорларға осындай бір шешімді әрекет керек еді, мынау – сол. Әрине, қармақтың әкімдерді қапқаны өкінішті-ақ.
Достарыңызбен бөлісу: |