Прокурор. Бұл – Сізді сыйлағанымыздың белгісі. Иә, бұл сыйлық емес, сыйлаудың белгісі. Сыйлық – пара, сыйлау – адамгершілік.
Әкім (иығын қиқаң еткізіп). Түсінсем бұйырмасын. Қайткенде де андағының ішіндегі доллар емес пе?
Генерал. Доллар.
Әкім. Онда не қыл дейсіңдер? Доллардың жүрген жері – пара, доллар – долы қатын, аулақ жүрген жақсы.
Прокурор. Нұрқат Асылович екеуміз мұны сыйлық емес, сыйлаудың белгісі деп ұйғардық. Сіз білесіз бе, қылмыстық кодексте сыйлық та пара деп көрсетілген, ал, сыйлауға тыйым салынбаған. Ондай бап жоқ. Сыйлау моральдық кодекске жатады.
Генерал (кекетіп). Коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексіне жатады.
Әкім (кейіп). Сендер сол кодекске жүгініп тәрбиеленбеп пе едіңдер, енді келіп кекетесіңдер. Керек болса, айтайын, сол моральдық кодекс кіл адамгершілікке үндейтін. Оның әрбір тұжырымы құранның сүрелерімен үндесетін. Алдама, ұрлық жасама, парақор, зинақор болма, кісі өлтірме, ешкімге қиянат жасама, арақ ішпе. Осылардың біреуінің адам тәрбиесінде күн тәртібінен түскенін көрдіңдер ме, айтыңдаршы (прокурор мен генерал ештеңе дей алмай, үнсіз келісіп тұр). Әне, көрген жоқсыңдар. Мына дүниеде адам барда бірге болатын құжат ол – моральдық кодекс. Сендер сол кодексті аттағандарды бас салып, май шелпекке айналдырасыңдар.
Прокурор. Біз заңмен әрекет етеміз.
Генерал. Біздің қимыл-әрекетімізде заң басты рөл ойнайды.
Әкім (кекесінмен). Қайдам, сендер заңды қолдан жасайтын сияқтысыңдар. Заң сыйлық, сыйлаудың белгісі дегендерің сияқты тәлкекке салынбауы керек. Заң талқыланбайды, орындалады.
Прокурор. Ол – рас. Дегенде сыйлық пен сыйлаудың аражігін, соңғысының параға жататын-жатпайтынын анықтай түсу керек екен.
Әкім. Сонда қалай, заңды білмегендерің бе?
Генерал. Қасқабай Төреқұлович, қазір заң күнде өзгереді, бәрін біліп үлгеру мүмкін емес.
Прокурор. Заңгерге өмірлік мәні зор заңдарды жақсы білсе, жетіп жатыр, қалғанын жұмыс үстінде игереді.
Генерал. Иә, кішігірім заңды білмесе де болады.
Әкім. Жоқ, бұларың дұрыс емес. Кез-келген заңға майда-шүйде деп қарауға болмайды. Адам өміріне қатысты мәселеде ұсақ-түйек жоқ.
Прокурор. Айтқаныңыздың бәрі дұрыс. Сонда да Сізге бір шындықты айтсам қайтеді?
Әкім. Айт.
Прокурор. Айтсам, біздің заңымыздың біразы – шикі. Олардың осал тұсын кінәлілер де, заңгерлер де пайдаланып кетіп жүр.
Генерал (прокурорға). Әбден тауып айттыңыз. Біз қылмыскердің кінәсін бұлтартпайтын дәлелдермен мойнына қойып өткіземіз сотқа, ал ол сотта ақталып жатады, не болар-болмас мерзім алады. Не істейсің, таңданасың да қоясың.
Әкім. Прокурор қайда сонда? Заң алдында бәріміз жауаптымыз, бәріміз бағынамыз, бәріміз тең құқылымыз. Заңды Президенттен бастап бәріміз бірдей сыйлауымыз керек. Ал, сол заңның сақталуын қадағалайтын, адамдардың құқын қорғайтын өкілетті мансап иесі – прокурор. Прокурорға таңдану емес, заңды жұмыс істету керек.
Прокурор. Істетеміз.
Генерал. Заңмен әрекет етеміз
Әкім. Заңнан саңылау іздеудің қажеті жоқ. Заң – талай-талай білгер адамның ақыл-ойының жемісі. Заңда бәрі ойластырылып пішіліп, кесілген. Заңның бір бабымен қылмыскерді ату жазасына кесуге де, босатып жіберуге де болады. Мәселе заңда емес, заңгердің біліктілігінде. Заңгер қара қылды қақ жарған әділ болса, ешкім жазықсыз жапа шекпейді, жасаған қылмысына қарай жазасын алады. Алайда, қандай да бір заңгерді ала-қол қылатын жалғыз әзәзіл бар, оның аты – пара. Ол араласқан тірлік оңбайды.
Генерал (сергектеніп). Айтқаныңыздың бәрі – шындық. Оны бүгінгі мына тірлігіміз де дәлелдеп отыр емес пе.
Прокурор (дереу қоштап). Генерал мырза, сіз – шұғыл қимылдың адамысыз және тауып сөйлейсіз, шынында да, біздің басымызды дәл қазір бір жерге қосып тұрған күш – біреу. Бәріміз Ерік Көбеновичтің көңілін аулайық деп келіп тұрмыз. Қалтасына бірдеңе түспей, ол кісінің беті бері қарамайды.
Әкім (кекесінмен). Прокурор мырза, жаңа ғана параны сыйлаудың белгісі деп едің, енді келіп көңілін аулауға апарып телисің, мұның қайсысына сенеміз сонда?
Генерал. Пара деген жалғыз сөзге сеніңіз. Параны берудің мың түрлі сүйкімді сөзі бар. Оның бәрі – бергенше және алғанша айтылатын сөздер. Сыйлағанның белгісі, көңіл аулау, тағы басқа толып жатқан сылтаулар пара берген соң айтылудан қалады, пара деген жемір бәрін жұтып, жоқ қылады.
Әкім. Ендеше, екеуің мені несіне алдайсыңдар?
Прокурор. Қасқабай Төреқұлович, әкімді кім алдаушы еді. Алданатын адам әкім болмайды.
Әкім (сұрланып). Екеуің айтыңдаршы, біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз.
Генерал (тез). Құқықтық мемлекетте.
Прокурор (іле) Демократиялық мемлекетте.
Әкім. Екеуің де дұрыс айтасыңдар. Осыны Елбасы: «Демократия дегеніміз – заңдарды бұлжытпай орындау», – деп әдемі әрі дәл тұжырымдаған. Біздің бәріміз Елбасының бұл айтқанын мүлтіксіз орындауымыз керек.
Әкім. Орындасаңдар, Елбасы қазір жаппай майдан ашып отырған сыбайлас жемқорлықпен неге күреспейсіңдер? Жоқ, күресудің орнына өздерің жол ашасыңдар.
Генерал. Біздікі ешқандай сыбайластық емес, сыйлау.
Прокурор. Біздікі ешқандай жемқорлық та емес, Ерік Көбеновичтің бетін бері қарату, көңілін аулау.
Әкім (мырс етіп, кекесінмен). Ендеше, екеуің Ерік Көбеновичтің бетін бері қаратып, көңілін аулағалы әкелгендеріңді (анадай жерде тұрған аппарат жетекшісін нұсқап) Қасым Хасеновичке беріңдер де қайта беріңдер.
Прокурор. Қасқабай Төреқұлович, біз де төбе көрсетейік.
Генерал (прокурордың сөзін іле қостап). Біз міндетті түрде көрінуіміз керек Ерік Көбеновичке. Өйтпесек, болмайды.
Прокурор. Қасқабай Төреқұлович, біз, құқық қорғаушылар, парақор болсақ, болармыз, сыбайлас жемқор бола алмаймыз.
Әкім. Мұныңды қалай түсіндік? Бұл екеуі бір емес пе?
Генерал. Кешіріңіз, бір емес.
Прокурор. Сыбайлас жемқорлар – шенеуніктер. Парақорлар – құқық қорғаушылар. Бұл екеуі екі басқа, айтарлықтай айырмашылықтары бар. Бірігіп алып, қоғам мүлкіне қол салу, немесе біреуді алдап, тақырға отырғызу – сыбайлас жемқорлардың тірлігі. Екінші біреуге жасаған жақсылығы, көрсеткен қамқорлығы, қызметке алғаны, өсіргені, оқуға түсіргені, жақсы баға қойғаны, қойшы, әйтеуір бақайы қимылдағаны үшін заңсыз төлем алып дәнігу – парақорлардың өмір салты. Бұл жағынан парақор мен жемқор бір-біріне ептеп жуықтайды, ал сыбайласу – ауыз жаласу, бірігіп жеп, араны ашылып, құнығу. Оған альтернатива жоқ.
Әкім. Әбиірбек Рахымович, осының бәрін білесіңдер, бірақ құртпайсыңдар. Оны айтам, сол жаман әдеттің бәріне өздерің бой алдырасыңдар. Өкінішті.
Генерал. Біз де өкінеміз. Бұл індеттермен күндіз-түні күресеміз. Ештеңе өндіре алмаймыз.
Прокурор. Неге? Бұл сұрақтың жауабы оңай әрі қиын. Оңай дейтінім, онымен Президентіміз бас болып, барша мемлекеттік құрылым күресуде. Ендеше, оң нәтиже болуға тиіс. Қиын дейтінім, сыбайлас жемқорлық пен парақорлық бұрынғы қоғамдық құрылымдардың, тас дәуірін қайдам, басқасының бәрінде болған, қазір де бәрінде бар. Дүниеде тірі пенде қырылып қалып, үш адам аман қалса, болды, сыбайластық пен парақорлық болады. Екі адам сыбайласып, үшіншісін сорлатады. Күштіге әлсіз әуелі жалынып-жалбарынып, жауыққанын жазалатады. Күшті бірте-бірте кергитінді шығарады. Әлсіз қалай да ойға алғанын орындауы керек. Ол үшін не істеуге болады, әлбетте, күштінің құлқынына бірдеңе тығу керек. Оның аты – пара. Күштінің жұдырығы – тауары. Енді ол сол тауарын сатуға, әлсіз барын, яғни пара беріп сатып алуға үйренеді, тұтынушы болады, сөйтіп бұл құбылыс өзіндік бір бизнеске айналады. Қоғамдық құрылыс жетілген сайын бизнес гүлдемей ме, гүлдейді. Сол тәрізді сыбайластық пен парақорлық та гүлдейді. Сыбайластардың күшті жағының аранының өлшеусіз ашылуына байланысты оған жемқор деген атақ жамалған. Сыбайлас жемқорлық пен парақорлық енді өмірге ендеп те, бойлап та еніп кетіп отыр. Олардың тамырына балта шабу мүмкін емес. Бұл әлемде өмір барда олар бар.
Әкім (таңданып). Прокурор мырза, сен құқық қорғаушыға емес, қоғамның өсу заңын білмейтін, қағаз кеміруді ғана білетін философқа ұқсайсың. Қоғам өз өмір сүру заңын өзі анықтап, адамдардың құқықтарын белгілеп, соларды орындаудың тетіктерін тауып, іске қосып, жүзеге асырады. Бұл істе шешуші рөл атқаруға тиісті сендер өстіп кері кетіп отырғанда, қалайша оңамыз біз? Сыбайлас жемқорды тауар иесі, пара берушіні – сол тауарды сатып алушы, яғни тұтынушы деген сұмдықты естіп отырғаным осы.
Генерал. Қасқабай Төреқұлович, Сіз таңданғанмен, мен таңданғаным жоқ, бәрі рас сияқты.
Прокурор. Бұл сөзімнің түбіне терең бойласаңыздар, айтқанымның айдай анықтығына сенетін боласыздар.
Әкім (шорт кетіп). Сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтан құтылу үшін, алдымен, сендермен күресу керек екен. Қоғам, қазіргі құқық қорғаушылардан тазартпай, тазармайды екен. Әттең, есебі жүргізілмейді, жүргізілсе, параның тоқсан пайызын құқық қорғау органдарының қызметкерлері алатынын анықтар еді.
Прокурор. Сыбайлас жемқорлықтың дәл соншама пайызы – шенеуніктердің еншісіне тиеді.
Генерал. Айтуға Сізден қорқамыз, сонда да айтайын, парақорлыққа келгенде де таразы басын шенеуніктер басады.
Әкім (сұрланып). Қорқатын не бар, айтыңдар айтатындарыңды түгін қалдырмай.
Прокурор. Сіздің қолыңызда билік бар.
Генерал. Билік – шексіз күш.
Әкім (жүзі жылып). Шексіз болғанмен, ессіз емес.
Прокурор. Әлбетте.
Генерал (Прокурордың сөзін бөліп, әкімге). Оған күмәніңіз болмасын.
Прокурор. Билік басындағы азаматтар – ұлттың қаймағы. Олар не нәрсені болса да қапысыз ойлап, қалтқысыз шешеді.
Генерал. Соның бірі – сізсіз.
Әкім (жақтырмай). Жарайды. Мұндай одаларыңды (прокурорға) сен бас прокурорыңа, (генералға) сен министріңе айтарсыңдар. Маған мақтау сөздерің емес, аянбай, адал атқаратын қызметтерің керек. Шынын айту керек, екеулеріңнің бүгінгі тірліктерің маған ұнап тұрған жоқ.
Прокурор. Қасқабай Төреқұлович, Сіз мұндай-мұндайды тірлік деп ойламаңыз. Мұны күнделікті болып жататын әдеттегі әрекеттің елеусіз біреуі деп біліңіз.
Әкім. Мұндай пәле – кәніккендерге елеусіз болса, болар, маған қайғы. Мен ешуақыт бұл жолмен жүре алмаймын. Керек болса, осы кеселмен күресуге өмірімді арнаймын. Қандай да кеселден адам, алдымен өзін тазартуы керек. Жаппай індетпен алысуға сонда барып құқылы болады.
Генерал (таңданып). Қасқабай Төреқұлович, Сізге не болды сонша қапаланатындай?
Прокурор (генералға). Сен өйтіп жаймалама (Әкімге). Сіз тым қатты кеттіңіз.
Әкім. Енді қалай деп едіңіз? Мен – Президент командасының мүшесімін, ол кісінің осы облыстың тізгінін сеніп тапсырған адамымын. Мен әділет жолынан айнысам, мына елдің күні не болмақ?! Мен кеттім.
Генерал (тұтығып). С-с-сонда біз қайттік?
Прокурор. Біз де кетеміз!
Генерал. Кетпейміз. Ерік Көбенович әлі талай керек болады.
Әкім (сабырлы, прокурор мен генералға). Оны өздерің біліңдер. (Бағанадан анадай жерде сөзге араласпай тұрған Қордабаевқа). Сіз қалыңыз.
Қордабаев (түкке түсінбеген сыңаймен). Сіз не деп кетесіз сонда?
Әкім. Мені үкіметтік телефонға Дамир Тұңғышбаевич шақырып, соған кетті, деңіз.
Қордабаев. Жарайды. Айтамын. Солай деймін.
Әкім (үшеуіне ала көзімен бір қарап). Ерік Көбеновичті сендерге бердім.
Әкім енді ештеңені елең қылмай, кете барады.
Прокурор, генерал, аппарат жетекшісі неістерлерін білмей, аң-таң болып тұр.
Прокурор (әкімнің соңынан қолын бір сермеп). Барсын!
Генерал. Қайда барады?
Прокурор. Баратын жеріне барады.
Генерал. Ол қандай жер сонда?
Прокурор. Ол – сыбайластық, жемқорлық, парақорлық жоқ жер.
Қордабаев (прокурорға разы кейіппен). Бұларға өтірік жоқ жер дегенді де қосу керек.
Прокурор (қуана келісіп). Өт-те дұрыс айтасыз. Қазіргі күннің ең зұлым кеселі – өтірік. Ол – сыбайластардың, жемқорлардың, парақорлардың теңдесі жоқ қаруы.
Қордабаев. Өтірікті бұрын бірен-саран адам айтатын. Оларды жұрт «өтірікші, суайт», деп иттің етінен жек көретін. Енді өтірікті келістіріп айтып, елді тақырға отырғызған адамды «ақылы көп» – деп көтермелейтін болды.
Генерал. Өтіріктің осыншама өрістегені, әсіресе, бізге қиын болды. Қылмыскер қашан да өтірікші. Бұрын олардың бірі-екілі сөзі шын болушы еді, қазір барлық сөзі – өтірік. Айыптау қорытындысын шығару – жатқан азап.
Прокурор. Өтірік айтпайтын бір адам қалды ма екен мына жалған дүниеде?
Генерал. Қалған жоқ.
Қордабаев (салмақты). Бар ондай адам.
Прокурор. Қойыңыз.
Генерал. Ол кім?.
Қордабаев. Әкім! Қасқабай Төреқұлович!
Прокурор (сақылдап күліп). Сіз де айтады екенсіз. Бүкіл әкім атаулының қызметі өтірік айту, алдау мен пара алудан тұрады. Олар, алдымен, Президентті, содан соң үкіметті алдайды. Егер алдамаса, орнынан ұшып кетеді. Президент әкімдерге басқарып отырған аймақтың экономикасын көтеру, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөнінде тапсырманы аз бермейді? Әкімдер ол тапсырмаларды құлшынып қабылдайды, бірақ бір де біреуі орындалмайды. Бұл өтірік емей, немене?
Генерал. Өтіріктің көкесі. Сөз бен істің бір жерден шықпауынан асқан өтірік жоқ.
Қордабаев. Ол – өтірік емес, Президенттің айтқанына тақ тұру.
Прокурор. Тақ тұрған екен, орындасын. Орындай алмау – алдау. Сіз адамдардың бір-бірін жай тұрмыстық қарым-қатынаста алдайтынын ғана өтірік дейтін сияқтысыз, жоқ, өтіріктің өрісі кең, телефон шылдыр ете қалғанда баласына әкесінің: «Мен үйде жоқпын» дегенінен басталатын өтірік биліктің ұшар басында отырғандардың алуан түрлі айласымен астасқан. Сөйтіп қазір шын сөз бен өтірік сөздің аражігін ажыратып болмайтын дәрежеге жеттік, жоқ, дәреже қайда, оңбай құлдырадық.
Генерал. Шындық пен өтірікті ажырата алмай дал боламыз күнде.
Қордабаев (прокурор мен генералдың сөзін жақтырмай). Сөз-ақ! Екеуің айтыңдаршы, ал, өтіріктен құтылудың жолы бар ма?
Прокурор. Жоқ.
Генерал. Бар. Арнайы заң шығарып, өтірікшінің бәрін өтірігінің әлеуметтік мәніне қарай жазалау керек.
Қордабаев. Онсыз да толып кеткен түрмені кере түсу керек десеңші.
Прокурор. Түбі солай болады. Өтірік сонда да жойылмайды. Өмірдегі құбылыстың бәрі – егіз, жақсы-жаман, оң-теріс, ыстық-суық, қуаныш-қайғы, шын-өтірік қатар жүреді. Бұл бір жердің тартылыс заңы сияқты ұлы заңдылық. Бірі болып, екіншісі болмаса, тепе-теңдік бұзылып, апат болады. Өтірік жойылып, өң шындық қаптап кетсе, ел іші іриді. Адам өмірі өң жақсылық пен қуаныштан тұрса, ол малғұнға айналады. Егіздің жағымсыз жағы өзіндік бір тежегіш, реттеуші. Өтірік болмаса, адам бас-аяғын жинауды ұмытып, жағасы жайлауда, далаңбай болып кетер. Ара-арасында алданып, өзін-өзі қайрамай болмайды адамға.
Қордабаев. Несі бар, болады әлі зейнетке шыққан соң.
Прокурор. Өтіріксіз күн көру жоқ. Өтіріктің бір кереметі өз кейіпкерін тек өрге сүйрейді. «Өтірік өрге баспайды» деген мәтел әлдеқашан айдалада қалып, «өтірік өсіреді» деген тұжырым тұрақтанған.
Сахнаның сыртынан қонып жатқан ұшақтың гүрілдеген дауысы естіледі. Мына үшеу әңгімелерін шорт үзіп, жолаушылар шығатын есікке беттейді. Ерік Көбенович Мұсылманқұлов шығады. Үшеу лап беріп, жамырай амандасады. Қордабаев. Ат-көлігіңіз аман ба, Ерік Көбенович?
Прокурор. Салаумаликум, Ереке!
Генерал. Сәлематсыз ба, Ерік Көбенович?
Мұсылманқұлов (бәріне). Бұларың қай сәлем, бағана амандаспап па едік.
Қордабаев. Одан бері бір күн өткен сияқты.
Прокурор. Бір күніңіз не, көп күн өткен сияқты.
Генерал. Көп оқиға өтті.
Мұсылманқұлов (Қордабаевқа). Қасқабайдың өзі қайда?
Қордабаев. Ол жаңа келген, үкіметтік телефонға Дамир Тұңғышбаевич шақырып, асығып, соған кетті.
Мұсылманқұов. Барсын. (Прокурор мен генералға) Сендер де барыңдар. (Қордабаевқа қарап). Маған Қасым Хасенович те жетеді. Осы облыстағы маған шын пейілімен берілген, жаны ашитын адам – осы Қаскең. Сендер кімнің тарысы піссе, соның тауығысыңдар, Қасқабайларыңа барыңдар.
Прокурор. Қатты өкпелепсіз, Ерік Көбенович, бізге сол керек. Айтқаныңызға – құлдық. Бір жолға ашуыңызды беріңіз.
Генерал. Сөйтіңіз, Ерік Көбенович. Біз – сізге керек адамбыз.
Қордабаев. Ерік Көбенович, бұлардың жазығы жоқ, кешіріңіз.
Мұсылманқұлов. Түсінемін. Қасқабайдың осыдан сопы болып кеткенін көреремін. Әкімдікті бәріміз де өстіп бастағанбыз. Өмір өзі үйретті қалай өмір сүруді. Қасқабай қайда барады, ол да біз сияқты болады. Мен білетін Қасқабай менің жолыммен жүреді. «Көн тартса, қалыбына» деген сөз тегін айтылмаған.
Прокурор. Біздің әкім – сіздің көшірмеңіз. Сіз не істеңіз, ол соны істейді.
Генерал. Сізден бір елі қалатын емес.
Қордабаев. Қасқабай – Ерекеңнің шәкірті ғой, жақсы шәкірті. Қашан да жақсы шәкірт ұстазынан озған.
Мұсылманқұлов (разы болып, масайрап күліп). Бәрін білесіңдер-ей! Сендер де менің шәкіртімсіңдер. Байқаймын, жаман шәкірт болмапсыңдар.
Қордабаев. Бұл жігіттер осындай бір әдемі сөз ойлап тауып отыр. Сыйлық – пара, сыйлау – адамгершілік, дейді екеуі.
Мұсылманқұлов (Қордабаев ұсынған папканы ұстап тұрып). Қызық екен! Мейлі енді. (Сәл ойланып қалып барып). Сендер шындарыңды айтыңдаршы, Қасқабайды шынымен Премьер шақырды ма, жоқ, өтірік сылтауратып кетті ме?
Генерал. Шын шығар.
Прокурор (Қордабаевқа қарап). Оны мына кісі біледі.
Қордабаев (күмілжіп). Енді...
Мұсылманқұлов. Әй, бір шикілік бар-ау сөздеріңде. (Оқшаулана беріп). Қасым Хасенович, сен бері жүрші өзің.
Қордабаев (Мұсылманқұловтың жанына жақындап). Сіздің не сұрайтыныңызды білемін, Ерік Көбенович. Қасқабайды ешкім шақырған жоқ, өзі кетті. Беретінін маған бұрын беріп қойған, ана екеуінің көзінше қайтып ала алмады. Әйтпесе, онысын қайтып алмақ түрі бар.
Мұсылманқұлов. Түрі құрысын! Таяз ба , деймін өзін?
Қордабаев (құлшынып). Таязыңыз не, көр. Сіз туралы бірдеңе айтпақ болсам, жақ аштырмайды.
Мұсылманқұлов. Қарай көр-ей, мұны! Қасиетсіз! Мына екеуі не істеп жүр?
Қордабаев. Оларды қойшы, олар – кімнің тарысы піссе, соның тауығы.
Мұсылманқұлов. Өзің ше?
Қордабаев. Мен – Сіздің қызметшіңізбін.
Мұсылманқұлов. Айтып едім ғой, сен – менің осы облыстағы өкілімсің. Сені әзірше, Мұсылманқұлов өйтіп кетті, бүйтіп кетті деген әңгіме басылғанша осында ұстаймын, содан соң өзіме аламын кеңесші қылып.
Қордабаев. Қандай әңгіме шықпасын, мен Сізге жеткізіп тұрамын.
Мұсылманқұлов. Сөйт. Сен айтшы, мына Қасқабайды қайтсем болады? Бір жолға қоя тұрайын ба, жоқ, қызметінен қуғызып, қаңғытып жіберейін бе?
Қордабаев. Қоя тұрыңыз. Өзіңіз кеше ғана қошқар қойып кетіп, бүгін орнынан алғызып тастасаңыз, ел-жұрттан ұяттағы. Қасқабай қайда барады, кішкене жүре тұрсын. Оңалар. Өйтпейді екен, өз обалы өзіне, аямаңыз.
Мұсылманқұлов(құшырланып). Айтқаның жөн. Қасқабайдың тізгіні менің қолымда, қалай қарай тартсам, солай қарай жүреді. Ол біледі, ерегіссем, езуін жыртып жіберетінімді.
Мұсылманқұлов (сұрланып). Қасым Хасенович, бар, ана екеуіне айт, кетсін. Маған олардың керегі жоқ. Бағанағы көрсеткен қорлықтарын мен ұмытты дей ме екен? Жо-о-оқ, Ерік ондайды оңайлықпен ұмытпайды (теріс айналып бара жатып). Барсын екеуі Қасқабайларына.
Қордабаев. Ерік Көбенович, Сіз не, екеуіне өкпелеп қалғансыз ба? Оларға өкпелейтін түк те жоқ. Олар – қызметі шеңберінде ғана әрекет ететін шерменделер. Шенеунік атаулының бәрі – сол, басында билігі жоқ, бастықтың құлы.
Мұсылманқұлов. Айтасың, Қаске, айтасың. Айтпақшы, аудан әкімдерін қайтті Қасқабай?
Қордабаев. Бәрінің өтінішіне қолын қойып, босатып жіберді.
Мұсылманқұлов. Неткен қатыгездік!
Қордабаев. Айтпаңыз тегі!
Мұсылманқұлов. Қап, қателескен екенмін! Әкім болатын адам емес екен бұл Қасқабай.
Прокурор мен генерал бір шетте әңгімелесіп жүр. Генерал. Әбиірбек Рахымович, қандай жорамалыңыз бар, аналар не айтып жатыр?
Прокурор. Не айтсын, Ерік Көбенович Қасқабайды қырамын-жоямын, аудан әкімдеріне өзім жұмыс тауып беремін, деп жатқан шығар.
Генерал. Сөйтіп жатыр. Ол кісінің кәрінен біз аман ба екенбіз, әйтеуір?
Прокурор. Бізді қайтсін ол? Әкім болып тұрғанда пайдаланды, енді қажетіміз жоқ.
Генерал. Біз – шәркейміз, десеңізші, жазында киіп, қысында лақтырып тастайтын.