Ақбөпе. Сауыт, бар енді, бара ғой. Айырылысудан басқа амал жоқ екен бізге.
Сауытбек (Ақбөпеге иегін бір қағып, зарлай жөнеледі.)
Ақбөпеден айырылып қалғаным ба,
Көз жасына тұншықты зарлады да.
Кері заман кедейге кесір екен,
Жете алмадым жоқтықтан арманыма.
Енді сені, Ақбөпе, көремін бе,
Қорлығына – тағдырдың көнемін бе?
Сенен қалып не болар көрген күнім,
Енді маған жылаудың керегі не?
Күн бар ма екен, Ақбөпе, көретұғын,
Жан сүйерім сен едің сенетұғын.
Өкпе-бауырым езіліп, ішім күйіп,
Көрінемін қайғыдан өлетұғын.
Бұл қайғыны кім тыңдар құлақ салып,
Өлейін мен бүйткенше Шуға ағып,
Енді тірі жүріп мен кім боламын.
Керегі не өмірдің аман қалып?
Сауытбек күңіреніп кетіп барады. Шошаладан Тантайдың шешесі Әсел шығады.
Әсел (шошалаға қарап). Сен қаншық өліп тынарсың! Алас-алас! «Сүйдім-күйдім!»-деген не пәле ол?! (Сауытбек кеткен жаққа қарап). Ана Мәжнүніңнен көрмегеніңді Тантайдан көресің.
Ақбөпе (есік көзінен көрініп). Апа, айтыңызшы, сіз өзіңіз ғашық болып көріп пе едіңіз?
Әсел (кергіп). Ол не пәле? Ноқаңмен есіктен еніп ерніміз сүйіскен, төсекке жатып төсіміз түйіскен сәттен бастап білгенмін мен бай керек екенін. Содан бері қырық жыл өтті, «ғашық-машық» демей-ақ ерлі-зайыпты болып, тату-тәтті өмір сүріп келеміз атаң екеуміз.
Ақбөпе. Сіз бақытты екенсіз ғашықтықтың не екенін білмеген: Ғашық болу – ішке өрт түсу. Мен Сауытбекке ғашықпын, ішім толған жалын, күйіп барамын.
Әсел. Сорлы қар, бұл күйіңді тіс жарып, ешкімге айтпа!
Ақбөпе. Балаңыз біледі.
Әсел. Онда жетіскен екенсің! Болыстың тұқымы мұндайды кешпейді.
Ақбөпе (өткірленіп). Маған енді бәрібір. Бүйтіп тірі жүргенімнен өлгенім артық
Әсел (аянышпен). Не болар екен көрген күнің, бейшара!
Ақбөпе (тайсалмай). Мен бәріне дайынмын! (Сауытбек кеткен жаққа қарап тұрып).
Сауытбек, мен бейбақты кінәлама,
Еркелеп жүруші едім кіл анама.
Міне, енді еркім болмай кетіп барам,
Бұл дүлей, қатыгез жұрт тіл ала ма.
Мына көш тыныш жатыр, түнеп болар,
Бұл халімді білген соң күлед те олар.
Тантай тісін қайраумен келе жатыр,
Көрген күнім ендігі түнек болар.
Өзіңді сенуші едік ер десе, біз,
Ұзадық, енді қашан шендесерміз?
Жолың болсын, Сауытжан, бара бергін,
Біз енді о дүниеде кездесірміз.
Жылау шығар ендігі менің еншім,
Сауытбек, бір сүйейін, бері келші.
Алыстап барасың сен арманды алып,
Дерт қалдырдың жаза алмас ешбір емші.
Не қылайын,
Жылайын,
Қайғыдан өлейін.
Аман жүргін,
Сауытбек, сен лайым.
Оныншы көрініс
Қыр үстінде Сақ қарт пен түрі бұзылып кеткен Сауытбек тұр.
Сақ (Сауытбектің түрінен шошып). Сауытбек, бармысың? Біліп қойса, аналар не істер екен деп көз жазбай қараумен тұрмын. Олар саған жамандық жасамақ болса, Итжеккенге тағы бір айдалып кетсем де бәрін жайратып салайын деп бекініп едім, шүкір, аман екенсің.
Сауытбек (ауыр күрсініп). Аға, аман келген тек тәнім, жанымды да, әнімді де Ақбөпеге тастап кеттім. Бірақ оның ешқайсысы да Ақбөпенің ажалына арашашы бола алмайды.
Сақ (жалт). Қой, жаман ырымды бастағаның!
Сауытбек (екпіндеп). Ағатай, бұл ырым емес, шындық. Ақбөпе өмірде бір-ақ рет сүйетін адам. Ол менсіз өмір сүре алмайды. Ақбөпе – аққу. Сыңарынан айырылған аққу көктен өзін-өзі жерге тастап жіберіп өлетін көрінеді. Ақбөпе соның керін киеді. Мен де сөйте аламын ба? Қайдам?
Сақ. Аққу – тілсіз құс, мұң-шерін сыртқа шығара алмайды. Арнасынан асқан қайғысы оны жерге алып ұрады. Сен – ақынсың. Ақбөпенің аянышты халін, екеуіңнің мұңды махаббаттарыңды ән қылып айт, шерің тарқайды. Сонда сен аққу құсап жайрап жатпайсың, жұрт қатарына қосыласың. Айт, Сауытбек, шеріңді. Қалың ел жаттап алып, айтып жүретін ән айт!
Жидебай шығады.
Жидебай (ентелеп келіп, Сауытбекті құшақтап). Тірімісің, Сауытжан! Уһ, көңілім енді орнына түсті-ау! (Сақ қарияға). Ассалаумағалайкум, қария!
Сақ (разы болып). Уағалайкумассалам, Жидебай шешен, сал. Бауыр деген осы! Сендер, Ашаның алты салы, бір-біріңе жақынсыңдар, бір-біріңді іздейсіңдер. Оның үстіне Сауытбек – сенің ет жақының.
Жидебай (жымиып). Сіз де бөтен емессіз, аға.
Сақ. Оның рас. Мен де күнтумін. Мен де жасымда ән ұстағанмын, бәрі қалды. Маған ендігісі – Сауытбектің әсем әнін, сенің шешен сөзіңді естіп, «Әл, бәрекелде»-деп отыру.
Сауытбек. Жидеке, «Тірімісің?»-дейсіз ғой, сырттай – тірі, іштей - өлімін. Ақбөпені малы көптер алып кетіп барады, ажыратып алуға шамам жетпей, жер болып тұрмын.
Сақ. Олар – Ноғайбай болыстың адамдары, күйеу жігіт – баласы. Оларға ешкімнің шамасы жетпейді.
Жидебай (Сауытбекке). Ноғайбайдың қолынан қағатын адам жоқ бұл жалғанда.
Сауытбек. Кім білген?
Сақ (қатуланып). Ноғайбай – күшті, сүйегіңді отын, етіңді борша қылады.
Жидебай. Солай. Осы жерден тоқта, Сауытжан.
Сауытбек. Қайтіп тоқтаймын? Маған Ақбөпесіз жарық дүние – қараң, өмір - өксік.
Жидебай. Сенің ендігі өмірің - өлең. Айт, толға мына күйіңді.
Сақ. Мен де соны айтып тұрмын. Іштегі шер айтса, тарқайды.
Жидебай. Сөйтеді. Өлең сөз- құдыретті. Ол сенің шеріңді тарқатып қана қоймайды, көңіліңді де өсіреді.
Сауытбек. Кім біледі, жер болып қалған көңіл көтерілер ме?! Көрейік «Әу»,- деп.
Аралтөбе түбінде бес үй отыр,
Ақбөпе жоқ ішінде несіне отыр?
Әлдеқашан бір ойран етпес пе едім,
Кедейшілік қолымды кесіп отыр.
Айтып жүрген Саукеңнің жыры, қане,
Бастан-аяқ келіскен сыры, қане?
Ақбөпеден айырылып қалғаннан соң,
Тұмсығында Ұланның ұлығаны.
Қалғаным ба Ұланның жотасында,
Ғашық болдым Ақбөпе ботасында.
Кемшілік боп кедейлік соққаның ба,
Жарамадым Бөпенің қолқасына.
Қаңғып қалдым далада қолым жетпей,
Ашадағы жақсыға сөзім өтпей.
Малым жоқ, ақшам да жоқ қалыңмалға.
Жүрекке тиіп барад жанған өрттей.
Қаңғып қалдым қол жетпей боз далада,
Күлкі-мазақ болдым ба бозбалаға?
Кезендің кердең заман кедей үшін,
Қолда жоқ қайрат-қуат жол бола ма?
Құрттың ба шаруаның қысқалығы,
Жаз айында киемін қыстағыны.
Бөрі жеген, Ақбөпе, болдың лақ,
Айыра алмай Ұланда қалдым жылап.
Елу қара берді де бай әкетті,
Бес қара таба алмадым басын құрап.
Ақбөпе, торғай болдың жылан сорған,
Қаңғырып ажыратпай, қайттым жолдан.
Басқа тұрмақ мінерге жалғыз ат жоқ,
Не келер жылағанмен енді қолдан?
Қош бол, Бөпе, көрем бе, көрмеймін бе,
Айналып келемін бе, келмеймін бе?
Бөпе, сенен бар болса, немді аяр ем,
Елу тұрмақ алпысты бермеймін бе.
Қош бол, Бөпе, ақ Бөпе, алтын Бөпе,
Жақсы туған жайдары, жарқын Бөпе.
Малды артық баладан бағалаған,
Қайтерсің бұл қазақтың салтын, Бөпе?
Үш жыл жүрдім соңыңда үміт артып,
Таппадым ешнәрсенің шартын, Бөпе!
Сақ. Кемел ақын да, бұлбұл әнші де өзің екенсің, Сауытбек! Тәнті болдым.
Жидебай. Ақтарды-ау шерін, сабазың!
Сақ. Бірің әнді әдемі айтасың, екіншің бағасына жетіп тыңдайсың. Қандай жақсы! Екеуіңнің де біздің азғантай күнтуден шыққандарың таңданарлық.
Сауытбек. Таңданбаңыз, аға. Мені ән айтқызып зарлатып, Жидекеңді тіл мен жағына сүйендіріп сарнатып қойған күш – кедейшілік. Кедейшілік қой ғана емес, ой да бақтырады. Екеуіміз кедей-кепшіктігімізді әсем ән-жырымызбен, тапқыр, шешен сөзімізбен білгізбей-ақ жүруші едік, ақыры Ақбөпеге қолым жетпей, жария болды. Жидеке, бұйырғаны осы енді, жүріңіз, қайтайық.
Жидебай. Жүр.
Сақ. Сауытбек, мына әніңді айтып бар еліңе.
Сауытбек. Жоқ, аға, айта алмаймын, Ақбөпе – алай-дүлей нөсер. Жауын бір жауса, мен екі жауатын ағаш емеспін. Мен-көшкен жұртта ұлып қалған итпін. Ақбөпе жайлы әр сөзді егіліп, жылап, әнді ұлып айтамын. Бұл ит халімді жария ете беріп, неге керек, ұмытамын бәрін.
Жидебай. Ұмыта алмайсың. Әлі-ақ талай-талай еңіреп отырып айтасың.
Сақ. Айтпасын, ұмытсын. Біз айтамыз, ел айтады.
Жидебай. Сөйтеді. Бұл ән – талайдың шері.
Сақ (разы кейіппен). Сауытбек, сенікі әлаулай ән, сайқал сөз емес, жүректі жарып шыққан ащы айқай, өзекті тіліп түсер сойқан сөз. Ақбөпені қайдам, әннің ғұмыры ұзақ.
Жидебай (ағынан жарылып). Аға рас айтады, Сауытбек, мына әнің бұрынғы әндеріңнен бөлек, ерекше ерен.
Сауытбек. Әй, ағалар-ай, осы мақтау сөздеріңнен Ақбөпенің «Сауыт!»-деген жалғыз сөзі артық еді-ау, шіркін! Амал қайсы, ол сөз енді естілмейді, онсыз маған ес кірмейді. Кеттік, Жидеке!
Жидебай мен Сауытбек кетеді.
Сақ (екеуінің соңынан). Бұл дүниеде сүйгеніне қосыла алмаған адамнан сорлы кім бар екен?! Ешкім жоқ!
Он бірінші көрініс
Тантайдың үйі.
Іргеге таяу төселген көрпе үстінде Ақбөпе жатыр сырт киімімен екі көзі жәудіреп. Өңі құп-қу. Жаны күйзеліп ауырып жатқаны білініп тұр.
Төрде Тантай отыр міз бақпай.
Ақбөпе (демігіп). Айналайын ақ Құдай, бармысың, бар болсаң, бір көрсетші көзіме Сауытты!
Тантай. Құдайдан қанша жалбарынып сұра-сұрама, ол сайтаның келе алмайды мұнда.
Ақбөпе. Сонда бұл қамал болғаны ма?
Тантай. Қамал емес, қасиетті ауыл. Сауытбек сияқты әумесерлердің жолауына жол жоқ.
Ақбөпе. Онда мен де саған жоқпын, о дүниелікпін.
Тантай (Ақбөпеге жақындап, төне түсіп). Сен мендіксің.
Ақбөпе (тайсалмай). Мен енді ешкімдікі бола алмаймын, бақиға аттанып барамын. (Кеудесін көтермек болады, Тантай басын сүйей береді. Ақбөпе жиіркеніп, зорға сөйлейді). Аллам-ау, ең болмаса, жөндеп өлгізсең қайтеді?! Сүймеген адамыма ақтық демім үзілерде басымды сүйеткенің қайткенің?! Мейлі, өлген соң бәрібір. Сүю де, жек көру де тек тірі адамға керек. Өмір... (үзіліп кетеді).
Тантай (безеріп). Бар! Байғұс!
Шымылдық.
Әрқилы ойлар
Адам ойсыз күн өткізбейді. Көңіл қалықтап, небір ойға бөлейді. Бір ой бар, келді, кетті, із-түссіз жоғалады, бір ой бар, қайта-қайта орала береді, көкейіңнен кетпейді. Аяқ астынан болмашы нәрседен тұтанып, кең өріс алып кететін ойлар да бар.
Мен солардың кәдеге жарар-ау дегендерін тәлімді тәмсіл етіп жаздым. Мұндағы мақсат - мен білгенді ел білсін, білетіндері есіне түсірсін, жастар ғибрат алсын.
Неге екенін білмеймін, маған киноларда жылқының кісінегені, дұрысы жылқыны кісінеткені түрлі ой салады. Бала күнімді ат үстінде өткізген маған жылқы жарықтықтың тегін кісінемейтіні жақсы мәлім.
Жан-жануарлардың бәрінің тілі болады, деседі. Әлбетте, біз оған сенбейміз. Дегенде, олардың өз қуаныш-қайғысын, жақсы көру-жек көруін, көңіл-күйін, сезім-түйсігін білдіретін «тілі» бар. Бұл ретте жылқының жөні бөлек, ол - «тілге» бай.
Жылқы «тілін» білген адам жоқ. Сонда да жылқы үнінен көп нәрсені аңғаруға болады. Жылқы ештеңе айтпағанымен, адам бәрін ұғуы керек. Жылқының тілі — кісінеу, оқырану, пырылдау, шұрқыру.
Менің айтпағым - өнер туындыларындағы жылқы «тілі». Бірден айтайын: киноларда жылқыны кісінету кісінің жынын келтіреді. Заты, асау жылқы болмаса, жуас жылқы сирек кісінейді. Ал, аттың кісінегенін өз басым естіген де, көрген де емеспін. Ат деген сөздің бір синонимі жуас болса керек. Өгіз де, атан да сол. Өгіз өкірмейді, атан ашуланбайды.
Осыны өнер адамдарының, әсіресе, режиссерлардың неге білмейтіні таңдандырады. Аттың қарасы көрінген екен, жылқының кісінегені жазылған пленканы қосады. Жылқы тектен-текке үн шығармайды. Жылқының кісінеуі - сағынышы, қуанышы, аңсауы, іздеуі. Кісінеуге жас жылқы бейім. Мініс аты, мама бие көп нәрсені елең қылмайтын, желікпейтін егде адам тәрізді. Жылқының қандай жағдайда қалай кісінейтінін малсақ қазақ жақсы білген. Айғырдың үйірін аңсап, арқырап, құлынның енесін іздеп шырқырап, асаудың аталастарынан айырылып бара жатқандағы аянышты кісінегені адамға тілсіз-ақ түсінікті. Биенің құлынын еміренгені, аттың иесінен жем-шөп сұрап оқыранғаны тіл қату емей немене. Осы үннің бәрін жылқының кадрлардағы қимыл-әрекетіне, көңіл-күйіне қарай үйлестіріп салу керек. Өнер туындысы сонда өміршең болады.
Бір ғажабы, шетел фильмдерінде бұл жағы жақсы ескеріледі, ал бізде жылкының қарасы көрінді екен, аты-жөні жоқ, кісінете береді.
Жылқыны тағы бір қорлау да осы кинода. Қазақ - аттың құлағында ойнайтын халық.
«Ат - ер қанаты».
Біздің кинолардағы аттың сыйқы құрысын. Киношылар бір ауылдың тұсына келіп, шатырын тігіп, жылқы бар кадрларға қойшылардың атын тегін мініп түседі. Масқара! Ағып келе жатқан аттың астына түсіп, үстіне шығатын әбжіл жігіттеріміз қой торы мініп қопаңдайды. Ұяттың ұяты!
Ал, Голливудтың немесе Еуропаның фильмдеріндегі жігіттердің сүліктей жарау аттарымен ойпаң жерде орғытып, қырлау жерде қарғытып шапқанын көргеніңде ішің удай ашиды.
Қазақтың қазанаттары неге түспейді біздің жігіттердің тақымына?!
Көңілге медеу етсек, Бекежанның қара атын, Бақтығұлдың сүлік қарасын атармыз. Ал, қазақтың әр жігітінің маңдайына басқан бір аты болған. Қазақ экранға атпен шыққан екен, қазақ болып шықсын!
Қазақтай атқа соншама жарасымды, қонымды бола кететін адамды өз басым білмеймін. Қазаққа бір маңайласа, қырғыз маңайлар.
Ат та, оны ойнақтатып мінер жігіт те бар бізде. Бар пәле барымызды ұқсата алмай жүрген киношыларда. Оған көз жеткізгіңіз келсе, «Батыр Баян» фильмін көріңіз.
Міне, бұл нағыз қазақтың фильмі!
Айналайын Жұмахан - Баян келіскен торы атпен бір-бірінен айнымайтын екі көк ат мініп қашқан інісі Ноян мен қалмақ қызын қуады. Әсем Көкше етегінде, байтақ Баянауыл баурайында торы аттың сыпыра шапқаны, қос көктің құсша қалқығаны адамның айызын қандырады!
Жұмахан Әбдіқадыров - нағыз жігіт, атқа отырысы-ай, қандай жарасымды, нық, торы мен қос көк шын тұлпарлар ғой, сілтестері-ай, шіркін.
- Көп жаса, айналайын Жұмахан!
* * *
- Көп жаса!
Бұл - бір жақсы бата.
Біз енді бата беретін жасқа жеттік.
Тәубе!
Адамның жасына жетпей бата бергені келіспейді-ақ екен.
Сонау бала кезде сондай бір ыңғайсыз жағдайға тап болғаным бар. Есіме түссе, әлі ұяламын.
Әдебиет сүйер қауым жақсы біледі, талантты жазушы Қарауылбек Қазиев екеуміз түйдей құрдаспыз, бір ауылда, бір көшеде өскенбіз.
Сегізінші сынып оқып жүрген кезіміз.
Бір күні Қарауылбектің үйіне барсам, шешесі екеуі ет жеп отыр екен.
Ерекең (әкесін соғыс жұтқан Қарауылбек, шешесі Ермекті «Ереке» дейтін, біз де солай деп кеткенбіз) мені асқа шақырды.
Ет желініп болды.
Ерекең жанында тұрған шәугімді қолына алып, кірленді өзіне жақындатып:
- Ал, келіңдер, қолдарыңды жуыңдар,- деді.
Мен қолымды жуып болып:
- Жасыңыз ұзақ болсын!- деп бата бердім.
Қарауылбек күліп кеп жіберді.
Ерекең де мырс етті. Сөйтті де мені аяды білем, Қарауылбекті зекіп тастады:
- Қой, әрі! Әлдихандікі дұрыс, су құйған адамға бата беру керек.
Қарауылбектің күлкісі сап тиылды.
Зіңгіттей-зіңгіттей екі бала тұрып, қолымызға үлкенге су құйғызғанымызға екеуміз де ыңғайсызданып қалып едік.
Батаны үлкен берсін жас қуансын. Бата сонда жұғысты болады.
* * *
Киношылар мен театршылардың қазақты оңдырмаған тағы бір қылығы әлсін-әлсін ойыма орала береді.
Ертеде қазақтың ер азаматтары шаш қоймаған. Мұны өнердің маңайында жүргендер жақсы білген. Оларды сахнаға шашсыз шығару керек. Ал, әртістердің шаш қоймайтыны жоқ. Міне, осы жерде өнер иелері бұрынғының адамдарын «тақыр бас» қылудың амалын оп-оңай ойлап таба қойған. Оларша тақыр бас пен шашты адамның арасы - жарты-ақ кез ақ мата. Ақ матамен шаш басып тұрған басты мықтап бір таңып, сыртынан тымақ, қалпақ, тақияны баса киіп ал да тарта бер - қазақсың.
«Көркемөнер құрбандықты талап етеді», деген бір аталы сөз бар. Мұны ұстанатын біз емес, тағы да шетелдіктер. Олар тақыр бастың рөлін ойнайтын болса, шашын қырғызып тастайды, бұйра басты сомдайды екен, жасанды шаш киеді. Біздің тірлігіміз - ауырдың үсті, жеңілдің асты. Қандай да өнердің нендей де шыншыл, шынайы туындысы жан аяудан емес, жанпидадан туады.
Осыны білсек, қане!
* * *
Өнер туындысының бір де біреуіне немқұрайды қарауға болмайды. Өнер өмірмен біте қайнасқанда ғана шыншыл. Өкінішке карай, өнерде өрен туындыдан өлер туынды көп. Өкініштің көкесі - сол сұрқай шығармаларға көз үйреніп кететіндігі. Ал, мұның өзі ұлтымызға немқұрайдылыққа ұласса, мәнтүрттік, әне, сол.
Менің бұлай ашына сөйлеуіме себеп - ТарМУ-дің акт залына ілінген Абай мен Жамбылдың портреттері.
Осы залда профессор Мекемтас Мырзахметұлының туғанына 75 жыл толуына арналған ғылыми-теориялық конференция өтіп жатты. Залда отырғандар ішінде басқа облыстардан, көрші республикалардан келген қонақтар да бар еді. Солардың бірі - ташкенттік қазақ ғалым Қалдыбек Сейданов Жамбылдың портретіне қарап тұрып, қасындағы адамнан:
- Анау кім?- деп сұрады.
Көзі үйреніп кеткен жамбылдық ғалым:
- Жамбыл,- деді.
- Қазақ емес, сарт Жамбыл ғой! - деді ташкенттік қандасымыз.
- Иә, солай.
- Алып тастамайсыңдар ма?
- Айтылады, неге екенін, алып тасталынбайды.
- Қызық екен.
- Қызық.
Әңгіме осымен тәмам болды.
Қызық! Абай мен Жамбыл портреттеріне бір қарап қойып, ойымызды да, сөзімізді де тәмам етіп жүргенімізге онға жуық жылдың жүзі болды.
Әне бір жылы өзбекстандық бір суретші біздің өң ұлыларымыздың суретін салып әкеліп, облыстық көрме залында көрмесін өткізді. Суретшінің өзі - қазақ, өнері - өзбек екен. Мүмкін, ол ұлтын сүйген патриот та болар, ұлыларымыздың портреттерін сондықтан да салған шығар, бірақ тағдыр айдап барып өзбек болып кеткен қазақ қазақты бейнелей алмаған.
Ал, біз болсақ, ұлыларымызды қорлатып қойып, қарап отырмыз. Көнбіс деген осындай-ақ болар.
Жалпы, бір ғана Евгений Сидоркинен басқа ешкімге мұндай бақыт бұйырмаған. Кім білсін, оның қазақ кескінін соншама келістіріп салуына жары, қазақтың талантты суретші қызы Айша Ғаламбаеваның әсері болған шығар. Не десек те әлі күнге дейін қазақ батырлары жырларын Евгений күйеу баламыздан асырып безендірген суретші болған емес.
* * *
Бір ұлттың кескін-келбетін екінші ұлттың өкілі де, өзге ұлттың арасында өскен қандасымыз да ұқсатып сала алмайтынын мен көптен білемін. Тіптен, мынандай әңгіме де болған.
Менің жарым Бану - қаланың қызы. Екеуміз 60-жылдардың дәл ортасында қосылғанбыз. Ол кезде мен - жас жазушымын, ол - жас суретші. Ауыл балаларының өмірінен «Автобус аялдамасы» деген әңгіме жаздым. «Балдырған» журналының екі нөмірінің бірінде әңгімем жарияланып тұратын кез еді. Ол әңгімелерімді В.Безелюк, Б.Табылдиев тәрізді балалар суретшілері безендіретін.
«Автобус аялдамасының» суретін Бану салып, суретті-кітапша шығармақ болдық. Мен Бануға ауыл өмірі, кемпір-шал, балалар туралы айтып, түсіндірдім.
Бану кітапшаның суреттерін салуға кірісіп кетті.
Міне, енді екеуміз әңгімені де, оның желісі бойынша салынған суреттерді де алдымызға алып қарай бастадық.
Лепірген көңілім су сепкендей басылды. Кемпір де, балалар да - орыс. Әлбетте, Бану қазақ кемпірін салуға тырысып-ақ баққан, бірақ онысынан ештеңе шықпаған.
- Мыналарың орыс қой, Бану!- дедім.
- Неге? Қазақ!
- Жоқ, орыс.
- Мен қазақ кемпірін сала алмаймын.
- Орыс кемпірін ше?
- Саламын.
Бану - қаланың қызы. Орысша оқыған. Орыс қыздарымен дос, солардың әжелерімен, шешелерімен көп араласқан.
Бану екеуміздің шығармашылық одағымыз жалғасын таппады.
* * *
«Әр қилы ойлардың» алғашқылары жарияланысымен пікір айтыла бастады.
Әу дегенде лебізді қызым Раушаннан естідім.
- Бәрі дұрыс. Өткір пікірлеріңіз бар екен, өзіңізге зияны тиіп кетіп жүрмесе бопты, әйтеуір,- деп кауіп қылды қызым.
Ештеңе етпейді. Мен шындықты жазамын. Шындық ешуақыт ешкімді орға жықпаған.
- Сонда да.
- Сонда мен қорқуды, жасқаншақтауды қашан қоямын? Алпыстан асқанда аталы сөзін айта алмаған жазушы – аяншақ, аяр.
- Мен қойдым.
Қызымыз екеуміздің әңгімеміз үзілгенімен, ойым үзілген жоқ, қайта шартарапқа алып ұшты.
- Біз - қорқыныштан қорғанып жүріп өмір кешкен ұрпақпыз.
- Қорқыныш бізді тұқыртып тастағаны былай тұрсын, балаларымызды да шарпыған екен.
Кешегі тоталитарлық жүйе кезінде адамды қорқытуды айтасыз, зәресін зәр түбіне кетіретін жайлар көп болушы еді. Пионердің ережелері, комсомол мен партияның, әскердің жарғылары, коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексі адамды ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстаудың заһарлы құралдары болатын. Қандай да бір іс-әрекетіміз олардың нормаларына сай келмеген екен, ағаш атқа отырғызатын, бейшара қылатын.
Біз партиядан, бастықтан, қатыннан қорықтық, зәразап болдық. Біз Құдайдан қорықпадық.
Тәуба, тәуелсіздік алдық, егемен ел болдық. Өз халкымыздың салт-дәстүрімен, демократия үрдісімен өмір сүріп жатырмыз.
Сөз бостандығы социализм кезіндегідей бос сөз емес, шындыққа айналды. Бұқаралық ақпарат құралдарын күндіз-түні аңдып отыратын цензура таратылды.
Енді қорқатын не бар?
Енді тек Құдайдан қорқамыз.
Құдай - адамның ары.
Құдайдан қорқу және Абайша айтқанда, ар ұялар іс қылмау - бүгінгі ұстанарымыз, міне, осылар.
Мен - қорқыныш тұмшалаған тұста сақтық жасап, шындықты жеріне жеткізіп айта алмаған көп жазушының бірімін. Енді еркін сілтермін деп дәмеленіп отырған жайым бар.
* * *
Халыққа керегі - шындық.
Дәл қазір шындықты айтудан қашқақтау - бейшаралық.
Кеңестер одағы кезінде басшы кадрларды Алматы жоғары партия мектебі жанындағы бір айлық курста оқытып, қайта даярлықтан өткізетін, сол курсқа барғанмын. Курстың оқу бағдарламасымен қоса мәдени - көпшілік жұмыстар бағдарламасы да бар.
Бір күні сабақтан соң Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет галереясына апарды. Галерея қызметкері курс тыңдаушыларын бастап жүріп, әр суреттің қасына аялдатып, әңгіме соғады, біз түкті көрмегендей, түк білмейтіндей, аузымызды ашып, көзімізді жұмып тыңдаймыз.
Өстіп жылжып, Қанапия Телжановтың «Ата-баба жерінде» атты полотносының алдына келіп тоқтадық.
Бізді бастап жүрген келіншек ой бір көсілді дейсің:
- Қанапия Телжановтың бұл полотносында Коммунистік партияның дана басшылығымен Қазақстандағы тың игеру керемет шынайы көрініс алған. Қараңыздаршы, әріде пойыз заулап барады, беріде алып тракторлардың өткір соқаларымен аударылған жер жатыр. Күні ертең бұл жерде қалың бидай жайқалады. Қазақ даласы Отан қоймасына миллиардтаған пұт астық құяды. «Ата-баба жерінде» - теңдесі жоқ туынды.
Мен ойланып тұрмын. Мына келіншектің, айтқанының нобайы дұрыс.
Әрідегі пойыз да, мына жыртылып тасталған жер де бір қарағанда қазақ даласын тірілтетін тірлік.
Бірақ, иә, бірақ ата-баба жерін бір көріп, мүмкін соңғы рет көріп қайтуға беттеп келе жатқан қария есік пен төрдей кер биенің үстінде асығы алшысынан тұрып емес, тұнжырап келеді. Желігіп, ойнақтап келе жатқан құлын кенет қалың шөптің тасасынан шыға келіп, арса-арса болып сойылып жатқан қара жерді көріп, екі көзі шарасынан шыға шошып, шапшып барып дірілдеп тұра қалады.
Қанапия Телжанов ғажап суретші екен. Күнәсіз құлынның осы жаншошырлық қарасымен аяусыз жыртылып, ту талақай болып жатқан қазақ даласының халін қалай керемет бейнелеген.
Мен осы ойларымды айтып сөйлеп кеттім.
Жанымдағы жамбылдық жігіттердің бірі жеңімнен тартып, сыбырлады.
- Абайла! Үш әріп адамдары естіп қоймасын.
Достарыңызбен бөлісу: |