Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары


Көбен. «Сонша асығып, өліп бара жатырсыңдар ма?»-деп ұрады. Тантай



бет17/34
Дата21.07.2017
өлшемі5,93 Mb.
#21827
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   34

Көбен. «Сонша асығып, өліп бара жатырсыңдар ма?»-деп ұрады.

Тантай. Ұрмайды. Біз қайта әкеме қыпшақтарға тізесін бір батырып қоюға жағдай жасап отырмыз. Менің әкем мұндайды қалт жібермейді.

Көбен. Айналайын би атам керемет адам ғой. Осыдан қара да тұр, қыпшақтарды апай-топай қылады.

Тантай (масайрап). Енді не қыл дейсің, бар. Айтқаным айтқан, Ақбөпені қатын қылып алмай қайтпан.

Көбен (жып етіп). Құдай соған жазсын.

Тантай (шалқайып). Жазады. Ноқаңның тұқымының ойға алғанын Құдекең еш ойланбастан орындайды.

Көбен (жағасын ұстап). Астапыралла! Тәке, Құдаймен ойнама!

Тантай. Құдай аспанда, алыста, әкем жерде, жақында. Құдай – бар-жоғы белгісіз, күмәнді құдірет, әкем – елдің көзі көріп, сөзін тыңдап отырған әмірші. Көз жетпейтін жердегі Құдайдың құдіретінен қол жететін жердегі әкемнің әмірі күшті.

Көбен (көне кетіп). Рас. Сен Ақбөпені алады екенсің.

Тантай. Енді қалай? Өйтпесем, Тантай боламын ба!
Алтыншы көрініс
Ақбөпенің әкесі Өтелбайдың үйі.

Іргедегі төсек үстінде Ақбөпе жатыр. Өңі құп-қу, ауыру.

Өтелбай мен әйелі Күнімбала үрпиісіп отыр.

Күнімбала (күйініп, налып). Құдайым-ау, қайдан кезіктірдің бұл пәлелерге? Біз олардың қай теңі едік?!

Өтелбай. Бәріне кінәлі – Ақбөпе.

Күнімбала. Бұл қай сөзің, байқұс-ау?! Ақбөпенің жазығы көрікті, ақылды, ақын қыз болғаны ма?

Өтелбай (жайымен). Әрине, солай. Аяқ жетер жердегі беті жылтыраған ұрғашының бәрі – би-болыстың баласынікі. Оның үстіне атының жорға болғанын мақтан көретін қазақ қатынының ақын болғанына жарылып кетер.

Күнімбала (сөзін бөліп). Жоқ. Бәріне кінәлі – біздің кедейлігіміз, сенің аз үй қыпшақтығың. Өзіңнің Арқаңда, қалың арғын, қыпшақтың ортасында отырайықшы, Ноғайбай болыс тұрмақ, Өтеген батыр тіріліп келсе де тісі батпас еді. Бұл аймақта Ноғайбайдың бетінен қағар тірі пенде жоқ, Ақбөпені алмай тынбайды енді олар.

Өтелбай. Оны өзім де біліп отырмын.

Күнімбала. Ақбөпе де біледі.

Өтелбай. Білсе, көнсін.

Күнімбала. Қайтіп көнеді, көнбейді. Сауытбекке сөз беріпті, соны келеді деп күтіп жатыр.

Өтелбай. Келгенде не істейді ол сорлы, мына жуандардың таяғының ұшында кетер.

Күнімбала. Ақбөпе: «Сауытбекті сүйемін, оған қызбын, басқаға мұзбын»,-дейді.

Өтелбай (кекесінмен). Сүю-күю – еріккеннің ермегі. Қайтсем күнімді көремін деп жүрген адамға оның түкке қажеті жоқ. Өзі жарымаған Сауытбек қызымызға қай бір опа шектірмек. Ақбөпе қойсын оны, Тантайға барсын, қолын жылы суға малып отыратын болады.

Күнімбала. Сүйгеніне қосылмаған әйел – бақытсыз. Ақбөпе Сауытбекке қосылуы керек.

Өтелбай. Әйелдің бақыты – қатын болу, бала туу, қазанның қаңырағанын емес, майлысын ұстау. Ноғайбай болыстың тұқымында осының бәрі бар.

Күнімбала. Бәрі болсын, бірақ бақыт жоқ.

Өтелбай. Содан бақытты болатын жерді Меккені үш айналсаң да таба алмайсың.

Ақбөпе (ақырын басын көтеріп). Көке, апа, мен үшін ұрсып-таласпай-ақ қойыңыздар. Мен сіздерді әуре-сарсаңға түсірейін деп ойлаған жоқ едім, өзіме өзім өкінгеннен басқа не амал бар енді?

Өтелбай. Өкінбе, қызым, өмірің алда.

Өтелбай шығып кетеді.

Күнімбала (жігерлі). Әкеңе ренжіме, айналайын! Ол қайдан түсінсін әйел жанын? Сауытбек бір амалын ойластырар.

Ақбөпе. Сауытбектің «Келемін»,-деген күні өтіп кетті. Төрт күн өтті, жоқ. Тантайлар енді күте ме?

Күнімбала. Күтпейді.

Қойшы бала Солтай кіреді.

Солтай. Сәлематсыздар ма?

Күнімбала. Кел, Солтайжан, қозың қайда?

Солтай. Қос талдың көлеңкесінде жатыр.

Күнімбала. Онда отыр.

Солтай (Ақбөпе жаққа көз салып). Әкпе, қалай, айықтыңыз ба?

Ақбөпе (күрсініп). Солтай, менікі айықпайтын ауру. Сен мына әнді үйреніп алшы. Сауытбек келгенде айтып бер. Сенің даусың менікінен айнымайды. Міне, былай айтасың:

Ел ішінде бар ма екен мендей мұңлық,

Екі қолым байлаулы көзім жұмық.

Ықтиярсыз барамын зорлықпенен,

Қол-аяқта салулы құрсау-құлып.
Болмады, Сауыт, хабарың,

Арманда кетіп барамын.

Уәдеңде тұрмастан,

Тістеулі кетті бармағым.


Мен секілді бар ма екен қайғысы асқан,

Босамады жылаудан көзім жастан.

Көкірегім қайғылы, көңілім шерлі,

Сауытбекті барамын көре алмастан.


Болмады, Сауыт, хабарың,

Арманда кетіп барамын.

Уәдеңде тұрмастан,

Тістеулі кетті бармағым.


Күнім қандай болады, біле алмаймын,

Көтеріліп көңілім жүре алмаймын.

Қайғыменен қан жұтып сарғаямын,

Гүл ашылып, күн шығып күле алмаймын.

Болмады, Сауыт, хабарың,

Арманда кетіп барамын.

Уәдеңде тұрмастан,

Тістеулі кетті бармағым.


Көп қарадым Сауытбек келеді деп,

Төрт күн жаттым ауырып, көремін деп.

Қорлықпенен өлтірер барғаннан соң,

Айтып еді: «Жазаңды беремін»,-деп


Болмады, Сауыт, хабарың,

Арманда кетіп барамын.

Уәдеңде тұрмастан,

Тістеулі кетті бармағым.



Күнімбала (Ақбөпені құшақтап жылап). Сорлы қызым, қор қылыппыз-ау! Қарағым-ай, қайтсе болады? Сені аюдың тырнағынан айырып алар күш қане?! О, Құдай, қу Құдай, шұнақ Құдай, Бөпемді осыншама жылататындай не жаздық саған?!

Ақбөпе. Апа, Құдайға тіл тигізбеңіз. Қарғасаңыз теңсіздікті, кедейлікті қарғаңыз.

Күнімбала. Бәрі – Құдайдан. Сауытбекті де келтірмей отырған – Құдай.

Ақбөпе. Сауытбекті маған жеткізбей тұрған күш – кедейшілік. «Бір жақсы ат тауып мініп келіп, алып қашамын»,-деп еді, соны таба алмай, қор болып жүр ол.

Күнімбала (шарасыз). Қайдам? Кешікті. Амал жоқ, бүгін сәскеде ұзатамыз.

Ақбөпе (жылап). Солтай, сен бұған не дейсің?

Солтай. Әніңізді қайта айтыңызшы, мен үйрене түсейін.

Ақбөпе. Ол – мен қайта айта алмайтын ән! Кеудемнен «Сауытбек?»-деп ұшқан құс. Не үйрендің, соны айт Сауытқа, өзі түсінеді. Оның жүрегі мен менің жүрегім – үндес.

Солтай. Әкпе, менің де жүрегім үндес сіздікімен.

Ақбөпе. Онда сенің жүрегіңе ұялады бұл ән.

Солтай. Иә, ұялады, айнытпай жеткізем Сауытбек ағаға.

Ақбөпе. Сөйт. Осы әннен басқа түгім жоқ менің. Сауытбекті қуантатын, жоқ, қайғыға батыратын болар.

Күнімбала. Түңілме, қызым! Қырық жыл қырғын болса да бір Алладан күдер үзбе.

Ақбөпе. Апа, қызықсыз, Құдайды біресе даттайсыз, біресе мақтайсыз.

Күнімбала. Шарасыз адамның көрген күні осы, Бөпем!

Солтай (Ақбөпенің әнін іштей айтып тұрып). Әкпе, мен әніңізді өзіңізден бір кем айтпаймын.

Ақбөпе (езу тартып). Дұрыс. Солтай – сен әншісің, бірақ бұл әнді өзім құсап ешкім айта алмайды. Бұл - ән емес, менің мұңым, қайғым, арманым.

Солтай. Бұл әнді менен үйреніп Сауытбек аға айтатын болады.

Ақбөпе. Сауыт айтады. Мен өлген соң да айтып жүреді ол.

Күнімбала. Қой, қай-қайдағыны айтқаның, Ақбөпе!

Ақбөпе. Рас. Солай болады, апа. Мені Сауытбектей түсінген бір адам жоқ бұл дүниеде. Шіркін, дүние, қандай кең ең, содан титімдей орын табылмайтындай кімнен кем ем?!

Күнімбала. Сен өйтіп түңілме, қызым. Әлі-ақ бақытты боласың.

Ақбөпе (жылап). Апа, менің бақытым – Сауытбек. Одан айырылған өмірім – жылау-сықтау.

Күнімбала. Қайтеміз енді, мұны әкең де, мен де білеміз. Осы күнімізге амалсыз көнеміз.

Солтай. Әкпе, әніңізді айтайын, тыңдап көріңізші.

Күнімбала. Солтай, айтпа. Онсыз да жылап отыр емес пе, Ақбөпе.

Ақбөпе. Бұл – жылау емес, қоштасу.

Солтай. Қош, әкпе!

Ақбөпе (еңіреп жылап). Қош, Солтайжан, мен сені енді көре алмаймын! Әнімді бір Сауытбекке ғана емес, барлық жерде айтып жүр.

Күнімбала. Неге?

Ақбөпе. Аруын жылатқан ел естісін, есі кірер, адамдардың тек сүйгеніне қосылуы керектігін білер.

Күнімбала. Қызым, бұл айтқаныңды ел біледі, әкең екеуміз де білеміз. Қол қысқа болып тұр ғой, амал жоқ, көнеміз.

Солтай (Ақбөпенің әнін ыңылдап айтып). Әкпе, қапа болмаңыз, Құдай басқа салған соң, көніңіз.

Ақбөпе. Соны білсемші мен. Солтайжан, қалай тез өсіп кеткенсің сен?

Күнімбала (Ақбөпеге). Сенің ендігі іздеушің осы інің болады.

Ақбөпе (Солтайды құшақтап сүйеді. Көзінде жас). Іздеп тауып қуанасың ба, жоқ, айырылып қалып жылайсың ба, қошақаным менің?

Солтай. Қуанамын. Әніңізді айтып беріп, Сауытбек ағаны да қуантамын.

Ақбөпе. Сөйт, айналайын!

Солтай. Сөйтемін.

Солтай кетеді.

Күнімбала. Қайтейін, Солтайжан әлі жас. Жігіт болғанда саған араша түсетін еді.

Ақбөпе (күрсініп). Әй, қайда-а-ан!

Мақұлбек кіреді.

Ақбөпе бетін орамалымен жауып алады.

Күнімбала үн-түнсіз отыр.

Мақұлбек (зілді). Құдағи, жұмбақ ойнағанымыз жетер. Ноқаң адам жіберіпті, «Келінді бүгін ұзатасын»,-депті. Ақбөпені бүгін ұзатыңдар, өйтпесеңдер, сөз басқа. Ноқаңды ашуландырған адамның оңғанын көрген емеспін мен.



Күнімбала (шарасыз). Құда да, сіз де қызық екенсіздер. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғының» кері ме бұл, нелеріңіз?

Мақұлбек (ширығып). Құдағи, біздің көзіміз соқыр, құлағымыз керең емес. Көріп, естіп, біліп отырмыз, Ақбөпе өтірік ауырады екен. Сауытбекті күтіп жатқан көрінеді.

Күнімбала. Құда, ондай ащы сөз айтып, тәтті ауыздың дәмін кетіріп қайтесіз? Ат-көліктеріңізді дайындаңыздар, Ақбөпені ұзатамыз бүгін.

Мақұлбек. Міне – сөздің төресі. Біз дайынбыз. Мен сонда да Тантайларға барайын, қуантайын.

Күнімбала. Қуантыңыз. Бірақ Ақбөпе қуанар ма екен?

Мақұлбек (лып етіп). Қуанады. Ноқаңның келіні болу – шанда біреудің маңдайына жазылған бақыт.

Күнімбала. Ноқаңа келін болу үшін алдымен баласына жар болу керек шығар.

Мақұлбек. Әрине.

Күнімбала (селқос). Сол жағы келіспей тұр ғой. Ақбөпе ініңізді сүймейді.

Мақұлбек (шалқайып). Сол да сөз екен. Сүю деген еркек пен ұрғашының басы төсекте түйіскен сәттен басталады. Қой, кеттім.

Мақұлбек кетеді.

Ақбөпе (басын көтеріп). Апа, мен бақытсыз боламын.

Күнімбала (шошып). Қой, күнім, о не дегенің? «Жақсы сөз – жарым ырыс»,- бақытты боламын де, сонда бақытты боласың.

Ақбөпе. Маған енді бәрі белгілі. Бәріне көнемін, Құдай басқа салғанды көтеремін.

Күнімбала. Сөйт, қызым, орныңнан тұр.

Ақбөпе (төсектен түсіп). Апа, кірісе беріңіздер ұзатуға. Мені Тантайдың уысынан ешкім ажыратып ала алмайды екен.
Жетінші көрініс
Құмдағы құдық басы.

Солтай қауғамен науаға, енді су толтырып болып, еңсе көтеріп, бойын тіктеп тұра береді.

Сауытбек шығады.

Солтай байқамай қалады.

Сауытбек. Ау, Солтайжан, аманбысың!

Солтай (жалт қарап). Аға! Ассалаумағалейкум! Сіз... Сіз кешіктіңіз. Ақбөпені алып кетті!

Сауытбек (мең-зең тұрып қалады). Ақбөпе!.. Арман!.. Ақбөпе жоқ, өмір бос! Солтай, Ақбөпе маған сәлем айтқан жоқ па? Мен білсем, Ақбөпе: «Маған жеткіз»,- деп саған сәлемін айтып кетті.

Солтай (таңданып). Оны қайдан білдіңіз, аға?

Сауытбек. Ақбөпе сөз ұғарлық адамды біледі.

Солтай. Аға, Ақбөпе: «Солтай, сенің даусың менікінен айнымайды. Мына әнді Сауытқа айтып бер»,-деп бір ән айтты. Сізге сәлемі – сол.

Сауытбек (дүр сілкініп). Бірден солай демейсің бе, Солтай-ау?! Ұмытып қалған жоқсың ба? Айт, тездетіп айт.

Солтай. Қалай ұмытайын, аға, ондай ән өмірі ұмытылмайды.

Сауытбек. Міне, жігіт!

Солтай. Аға, әннің соңғы ауызын ғана айтайын, содан бәрін ұғасыз.

Сауытбек. Айт.

Солтай (жөткірініп алып). Көп қарадым Сауытбек келеді-деп,

Төрт күн жаттым ауырып, көремін деп.

Қорлықпенен өлтірер барғаннан соң,

Айтып еді: «Жазаңды беремін»,-деп.

Болмады, Сауыт, хабарың,

Арманда кетіп барамын.

Уәдеңде тұрмастан,

Тістеулі кетті бармағым.



Сауытбек (ауыр күрсініп). Мені өлтіріп, өзі өлуге кетіпті-ау, айналайын Ақбөпем! Солтайжан мен – тірі өлікпін. Сүйгенімді тамағына Тантай тажал тақаған ажалдан арашалап ала алмаған соң өлік емей, кіммін мен?!

Солтай (екі көзі боталап тұрып қалып). Аға, ең болмаса, бір көріп қалыңыз Ақбөпені. Ана талдың көлеңкесінде Бүркітбайдың бәйге торысы тұр ерттеулі. Соған мініңіз де қуыңыз Ақбөпенің көшін.

Сауытбек. Солтай, сен – ақылды баласың. Мен кеттім, сен Бүркітбайға айт, атының бір терін қисын маған.

Солтай. Айтамын. Жолыңыз болсын, аға!

Сауытбек. Айтқаның келсін!
Екінші бөлім

Сегізінші көрініс
Сақ қарияның үйі.

Төрде қарияның өзі, дөңгелек столды айнала баласы, келіні, немерелері отыр.

Есіктен үсті-басы шаң-тозаң, бет-ауызы айғыз-ұйғыз, екі көзі қып-қызыл Сауытбек кіреді.

Сауытбек. Ассалаумағалайкум, қария!

Сақ. Уағалейкумассалам! (Сауытбектің бас-аяғын шолып шығады). Түрің қандай адам шошырлық еді, ерім! Жылағалы тұрсың ғой өзің. Қайғың басыңнан асқан адам сияқтысың, жөніңді айтшы, кімсің, қайдан келесің?

Сауытбек. Аттан жығылып, шаңға аунап тұрған адаммын.

Сақ. Жоқ, сен – шерлі адамсың. Аты-жөнің кім, қай елдің адамысың? Айтшы, білейік.

Сауытбек (солқ етіп, өксіп кетіп). Ашадағы шымыр күнтумін. Есімім – Сауытбек. Сіз біліп қойдыңыз, қайғым көп менің. Ауылыңызда түнеп жатқан ана көш – менің сүйген қызым – Ақбөпенің ұзатылып бара жатқан көші. Қу кедейліктен ғашығыма қолым жетпей, зарлап қалған шермендемін мен, аға.

Сақ (елең етіп, сергіп). Өй, сен Сауытбек болсаң, ел аузында жүрген бозым жігіт болдың ғой. Сыртыңнан естуім бар, сені жұрт ақын, сал демейтін бе еді. Мына ұзатылып бара жатқан қызды Ноғайбайдың келіні деп естідік. Ол бейбақ сені әуелі өлердей ғашық етіп, енді өлімші қылып тастап, бидің баласына тиіп кетіп барады екен ғой.

Сауытбек. Қария, Ақбөпе амалсыз, қан жылап кетіп барады. Ажыратып алатын менің түрім – мынау.

Сақ. Сауытбек екеніңді білейін, осы кейпіңді әнге қосып айтшы.

Сауытбек.

Маған айтқан, Ақбөпе, сырың қане,

Сауытбектің сені іздеп ұрынғаны.

Тұмсығында Ұланның қуып келіп,

Сауытбектің ит болып ұлығаны.

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!


Өміріміз жылаумен өтер ме екен,

Бармағымыз тістеулі кетер ме екен?

Адамзаттың түспеді рақымы,

Арызымыз Құдайға жетер ме екен?

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!
Бір жолықсам, Ақбөпе, шырағыма,

Осы даусым жетер ме құлағыңа?

Шыныменен кеттің бе, ақ балапан,

Қара құстың түйреліп тырнағына?

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!
Шырылдатып қара құс кетті алып,

Шеңгелінде барасың естен танып.

Мұңымызды зарлаған екеуміздің,

Тыңдайтұғын адам жоқ құлақ салып.

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у, аһ-аһа!

Сақ (көкірегі қарс айырылып). Ой, жалған-ай! Сауытбек шырағым, сенің еркек басыңмен егіліп жылап отырғаныңды жақтырмап едім. «Арсыз неме ғой мынау бір»,-деп едім іштей. Жоқ, басқа екенсің. Шіркін, ғашықтық адамның өзегін шалған жалын, жоқ, өрт қой. Мен де сен сияқты сүйгеніне қосыла алмаған сорлымын.

Сауытбек (елең ете қалып). Сонда сіз кімсіз?

Сақ. Күнту Балқыбектің баласы Сақ деген ағаң мен боламын.

Сауытбек (қуанып). О-о, Сақ аға, мен сіздің есіміңізге сыртыңыздан әбден қанықпын. Сіздің сүйгеніңізді алмақ болған байды жайратып салып, он бес жыл Сібірде болып келгеніңізді де білемін. Мен - сіздің сөзіңізді жаттап, әніңізді айтып өскен ініңізбін. Сіздің абақтыда жатқанда әкеңіз бен шешеңізге, сүйгеніңізге жолдаған өлеңдеріңізді әнімен талай-талай айтқанмын.

Сақ. Сауытбек қарағым, мен жасым алпыстан асқан, жетпіске қадам басқан, әнім баяу, көңілім қаяу тарланмын, кезінде талай бәйге алғанмын, бұл күнде аяқтан қалғанмын. Сауытбек, сені көріп, жастығым еске түсіп, екі құлағым елеңдеп, арқам қозып отырмын. Бір-екі ауыз өлеңді әнге қосып айтып көрейін, тыңдағын.

Сынап көрші, Сауытбек, тарлан бозды,

Аяғы кем, тұралап қалған бозды.

Естен шығып, елеусіз қалған едім,

Дүбіріңе, Сауытбек, арқам қозды.

Құрдасың қайда, Жамал-ау,

Таппадым іздеп амал-ау,

Кетпейсің естен,

А-а, аһ-аһ, Дәмелі-ау.

Балқыбектің баласы Сақ едім,

Қыз сүйетін жасымда кісі-ақ едім.

Дәмеліден айырылып, алас ұрып,

Тура саған, Сауытжан, құсап едім.

Құрдасың қайда, Жамал-ау,

Таппадым іздеп амал-ау,

Кетпейсің естен,

А-а, аһ-аһ, Дәмелі-ау.

Сауытбек (сергіп). Аға, нағыз тарлан боздың өзі екенсіз.

Сақ (бір көтеріліп отырып). Солай ма?! Сауытбек, мені қой, бүгінгі әңгіме сен туралы. (Келініне). Шырағым, естіп отырсың ғой, ана Батырбектің ауылында қонып жатқан көш мына Сауытбек ағаңның сүйген қызының ұзатылған көші екен. Сауытбек пен қызының арасына дәнекер болғын, сауабы тиеді.

Келіншек (төмен қараған күйі). Мақұл, ата.

Сақ. Сауытбек, Құдай сәтін салса, сен енді Ақбөпемен жолығасың, бірақ «Алып қашамын»,-деп жүрме. Өзің білесің, күйеу жігіт – Ноғайбай болыстың баласы. Болыс аяғыңды қия бастырмайды, ұстатып алады. Маған жақсы мәлім, сүйгенінен айырылу азаптың азабы. Мен – ол азапты он бес жыл өткерген адаммын. Маған бәрі белгілі. Амал қайсы, жағдай осылай болған екен, көнесің. Тағы айтамын, Ақбөпені алып қашамын деп әуре болма. Өйткен екенсің, оныңды Ноғайбай болыс кешпейді, өзіңді былай қойғанда, зияның еліңе тиеді, жар басында жарбайып отырған бізді де аямайды.

Сауытбек. Шын айтасыз. Бәрін түсінемін, аға. Қауіптенбеңіз, ондай әбестікке бармаймын.

Тоғызыншы көрініс.

Уық шаншып, асығыс тігілген бірнеше шошала тұр. Көш ахуалын аңғартар дүние-мүлік тең-тең болып жатыр.

Сауытбек бұғына басып шошалаларға жақындай береді.

Бергі шеткі шошаладан басына шапан жамылған біреу шығады. Ол – Ақбөпе.

Ақбөпе басындағы жамылғыны алады.

Ақбөпенің сұлу жүзі аспандағы айға шағылысып тұрып қалады.

Іле Сауытбек Ақбөпеге жақындай беріп, екеуі құшақтаса кетеді.
Сауытбек (демігіп). Бөпе, жеттім бе шынымен!

Ақбөпе. Жеттің. Құдайым-ай, бар екенсің ғой көзім жасын көрген.

Сауытбек. Айналайын ақ Құдай бар, рақымы мол.

Екеуі құшақтасқан күйі қалың қамысқа кіре береді.

Шу бойының тамылжыған айлы түні.

Қамыс ішінен қос ғашықтың үздіккен үндері естіліп тұрады.

Ақбөпе. Жаным, қой!

Сауытбек. Қалай қоям, сен ендігі жерде маған жоқсың! Бұл – соңғы жырымыз, жоқ, тұяқ серпуіміз.

Ақбөпе. Солай... Онда... Өзің біл...

Сауытбек. Мен білсем... (Ақбөпені сүйгені естіледі). Ақбөпе!..

Ақбөпе. Сауытбек!..

Үнсіздік.

Таң сібірлеп атып келеді.

Ну қамыс сылдыр қағады.

Қамыс арасынан Сауытбек пен Ақбөпе шығады. Бір-бірін қимай, құшақтаса береді.

Сауытбек (күйзеліп). Бөпе, таң атып келеді, қайтеміз? Не істейміз?

Ақбөпе (екі көзі жайнап). Алып кел, Сауыт, атыңды,

Жолығу осы ақырғы.

«Тәуекел түбі – жел қайық»,

Білерсің деген нақылды.

Мінейік те кетейік,

Көз-қорқақ, қолың-батыр-ды.

Жөнел. Сауыт, кетейік,

Салса да заман ақырды.



Сауытбек (жан-жағына қарап, қарауылдап жүрген кісілерді көріп). Бөпе, аналарды қарашы. Олар – бізді қашып кетпесін деп қарауылдатып қойған Сақ қарияның адамдары.

Ақбөпе (үнсіз өксіп). Онда бар, жолың босын! Таң атып қалды, көзге түсеміз. Біліп қалса, ана дүлейлер аямайды. (Ілбіп басып, ұзай беріп). Қош, Сауыт!

Сауытбек (егіліп, езіліп тұр). Қош, Бөпе! Құдай бізді қосылуға жазбаған екен.

Ақбөпе. Сауыт мен – бақыттымын.

Сауытбек. Қалайша?

Ақбөпе. Сені сүйдім, құштым.

Сауытбек. Баянсыз, өткінші бақыт қой ол.

Ақбөпе. Өлі судан өткінші жаңбыр өткір,

Өбістік өлермен боп, куә - өрт тіл.

Қайтейін, барамдағы алғаныма,

Көңілде кетіп барад өте көп кір.



Сауытбек. Келмей тұр, Бөпешім-ау, қалғым енді,

Амал жоқ, алғаныңа барғын енді.

Екі көзің төрт болып сен жүрерсің,

Боп жүрермін мен дағы қайғы жеңді.



Ақбөпе кетеді.

Сауытбек жер болып тұр. Сақ қарт шығады.

Сақ (разы кейіппен). Сауытбек, жігіт екенсің, сөзіңде тұрдың.

Сауытбек (өзіне-өзі налып). Жігіт емес, мігітпін мен.

Ағатай-ау, өртеніп барад өзегім,

Таппады дертім өз емін.

Ақбөпеден айырған,

Жат болды маған өз елім.

Басымды қайда ұрамын,

Бетімді қайда бұрамын?

Ақбөпесіз өмір жоқ,

Болады қайда тұрағым?

Беріп едім сізге серт,

Болды оным маған дерт.

Мұрындық салған мен - өгіз,

Жетекте, аға, үйге ерт.

Сақ (бармағын тістеп). Қап! Обалыңа қалған екенмін!

Сауытбек. Жоқ, аға, менің обалыма қалған сіз емес, кедейшілік, теңсіздік.

Сақ (разы болып). Қалай тауып айттың, інім! Кедейшілік өмірді кер бақтырады, теңсіздік адамды жер қаптырады. Бұл екі нәлеттің де жабысатын жанды жері – қыз бен жігіттің махаббаты. Ақын-салдың еншісі – осы – арманын әнге қосып зарлап жүру. Алда әлі талай-талай Ақбөпені аңырап ән қылып айтасың, ал қазір үйге жүр.

Сауытбек. Аға, мен Ақбөпеден басқа жанға ән айта алмаймын. Мен қазір Ақбөпе жатқан үйге барамын, зарлы әнімді кейін емес, бүгін айтамын. Ақбөпені ақырғы рет көріп қайтамын.

Сақ. Қарағым, қой, тіл ал. Көзге түсесің. Онда Ноғайбай болыстың адамдары аямайды.

Сауытбек. Аға, Ақбөпенің бір ауыз сөзін тағы бір естіп барып өлсем, арман жоқ. Барамын.

Сақ (шарасыз). Сені ешкім тоқтата алмайды екен, бара ғой.

Сауытбек Ақбөпе жатқан шошалаға жақындай бере аңырап қоя береді.

Сауытбек.

Келдім, сәулем Ақбөпе, қайтайын деп,

Ақырғы сөз: «Қайыр, қош!»-айтайын деп.

Бұдан былай көрмеймін енді сені,

Келдім тағы халіңді байқайын деп.
Бұдан артық келмейді қолдан дәрмен,

Кесел болды, қайтейін, іштегі арман.

Жаратқанға жоқ еді жазығымыз,

Қайтіп қана орнатты ақыр заман?!

Ақбөпе – жаным,

Шекер – балым,

Қазан ұрған гүл құсап,

Бүрісіп қалды халім.



Ақбөпе (есіктен шығып, бүркеншігін ашып, егіліп жылап тұрып).

Дауысыңды есіткен соң шыдамадым,

Қайтейін сабыр етіп, тұра алмадым.

Кетейік дегенімде бата алмап ең,

Енді неге арзиды жылағаның.

Еркім жоқ, ықтияр жоқ өз басымда,

Қарайтын жан адам жоқ көз жасыма.

Пайда жоқ қайғырғаннан енді бізге,

Сауытбек, білмедің бе о басында.

Көп жаныс отыз үйге салды қыспақ,

Қолынан не келеді аз үй қыпшақ?

Қорқытып ат ойнатты аз руға,

Жылаған кім бар екен маған құсап.

Ғашығым,


Көре алмаймын,

Күле алмаймын.

Қайғыдан енді тірі

Жүре алмаймын.



Шошала ішінен бір кемпірдің:

«Бұл кім? Үйдің сыртында сұңқылдап тұрған»-деген үні естіледі.

Ақбөпе не бері, не әрі жүрерін білмей, аңтарылып тұр.

Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   34




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет