Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары



бет19/34
Дата21.07.2017
өлшемі5,93 Mb.
#21827
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   34

Шынында, ондай қауіп бар еді ғой ол кезде, мен сөзімді шорт үздім.

Осы жай анда-санда ойыма түсіп кетіп жүретінмін.

Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде орыстың ұлы жазушысы «М.ІІІолоховтың билікке күйінген бір сәттерінде отқа жағып жіберген қол жазбаларын айта келіп, «Такая же участь постигла и рукопись, повествующая о зверьских методах освоения Казахстанской целины»- деген сөзі жарияланды.

Михаил Шолохов білгенді Канапия Телжанов та білген екен:

М.Шолохов - ұлы жазушы.

Қ.Телжанов - ұлы суретші.

Тың көтерудің қазақ даласының ту-талақайын шығарғанын қазір екінің бірі біледі.

Ал ұлылар мұны дер кезінде ұққан, ұлының ұлылығы да осында ғой.

* * *

Сондай ұлының бірі - Асанбай Асқаров.



Қазақ жерінің қиқы-жиқысын шығару тоқтамаған жылдары Асекең Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы екен. Бірінші хатшының жолы қыздың жолынан да жіңішке, Партияның Орталық Комитеті не айтты, соған бас шұлғуы керек.

Адамнан амал артылған ба, Асекең өз наразылығын білдірудің жолын тауыпты.

Жетпісінші жылдардың аяғында облыстық аурухананың «Партактив» деп аталатын, негізінде екінші терапия бөлімінде емделгенім бар. Бір бөлмеде «Талас» асыл тұқымды қаракөл қой кеңшарының бір кездердегі атақты директоры, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевпен бірге жаттым.

Қой шаруашылығының атақты білгірінің жеткілікті бедел мен құрметке ие болғанын аға буын адамдары біледі. Құдай ақыл мен көрікті де аямай берген адам тамаша әңгімеші де екен. Ертелі-кеш әңгімелесіп жүрдік. Әрине, сөйлейтін - Әбекең, тыңдайтын – мен.

- Бір күні маған Асанбай Асқаров шақырып жатыр деген хабар жетті,- деп бастады бір әңгімесін Әбекең. - Келдім. Кабинетіне кірдім.

Асекең кабинетінде әрі-бері теңселіп жүр екен. Сәлемдестік. Жайғасып отырдық.

Асекең біраз ойланып отырып барып, сөз бастады:

- Әбеке, сіз – шаруаның жайын жақсы білетін адамсыз. Әрине, жер тағдыры сізді алаңдатпай қоймайды. Тың көтеру деген желеумен жерді бүйтіп жыртқыза берсе, малды қайда жаямыз? Жоқ, біз партияның саясатына қарсы келе алмаймыз, бірақ қазіргідей жаппай емес, егін шығатын жерді ғана аударалық. Жер-ананы абайлап, біліп пайдаланбаса болмайды. Жер жайылымдық, егіндік, ормандық, жазық, құм, тау болып келеді. Жердің қасиетіне жетпесек, бүлдіреміз. Біздің қазіргі тірлігіміз – сол, бүлдіру. Сіз осыны Орталық Комитеттің пленумында айтып, мәселе көтеріңіз. Сөзіңізді дайындауға біз көмектесеміз,- деді.

Менің СОКП Орталық Комитеті тексеру комиссиясының мүшесі кезім, Асекеңнің айтқанын орындадым. Алайда, еш нәтиже шыққан жоқ. Қайта алып тракторлар мен өткір соқалар Қаратаудың үстіне де шығып кетті, егін өспейтін, мал жайылатын тастақты да аударды-ау!

Әбекең күрсінді. Енді қайтеді? Шарасыздық шарадан асқан заман еді ғой ол.

Мен сол сәтте Асанбай ағаның ұлылығына іштей таңдандым. Жүрегі халық деп соғады екен ғой!

Асекеңді ақыры қапасқа қаматқан осындай ұлтжандылығы шығар.

СОКП Орталық Комитетінің хатшыларын айтпағанда, қатардағы қызметкерлеріне дейін Асанбай Асқаров сияқты ұлы тұлғалардың башпайының қимылдағанына дейін аңдып отырған.

* * *


Беделді адамдар - алтын қор. Мұны Асекең сынды ақылды басшылар жақсы білген.

Айтбай Назарбеков сондай басшы болған.

Мойынқұм ауданын ұзақ жылдар табысты басқарған бұл адам жөнінде айтылар әңгіме көп.

Айтбай Назарбеков мыжырайған жатаған үйлі Фурманов ауылын осы заманғы әсем кентке айналдырған. Айтекеңе бұл істе дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев өлшеусіз көмек көрсеткен.

Құрылыс, жол салатын болсын, басқа да тұрлаулы тірлік бастамақ болсын, Айтекең Жазекеңді машинасына отырғызып алып, Алматыға тартады екен. Содан ағызып отырып, Жаз-ағасын Димаш інісінің қабылдау бөлмесіне алып келіп, айтады екен:

- Ал, Жазеке, Димаш ініңізден аурухана сұраңыз.

Жазекең Д.А.Қонаевтың кабинетіне кіреді. Димекең Жазекеңді Құдайындай қарсы алады, бұйым-тайымын сұрайды.

- Әй, Қонай,- дейді Жазекең жарықтық,- Порманопкаға аурухана керек, бер.

Димаш Ахметұлы береді.

Фурмановкада қандай да бір күрделі құрылыс салуды ойға алған екен, Айтекең Жазекеңді алға тартады.

Соның бір де біреуінде Димаш Ахметұлы қабақ шытып көрмепті: «Ұлық болсаң, кішік бол»,- деген осындай-ақ болар!

* * *


Қалихан Ысқақовтың «Қоңыр күз еді» атты әдемі хикаяты бар. 60 жылдардың басында кітап атына ие болған «қоңыр күз» сөзі содан бері қазақ бұқаралық акпарат құралдарының бетін бермейтін болды. Журналистер күз жөнінде мақала жазған екен, «қоңыр күз еді» тақырып болады.

- Шындығында, сары күз және қоңыр күз бар. Атынан да көрініп тұрғандай, шөп атаулы сарғайған шақ-сары күз, «сұрғылт тұман жерді басқан» тұс – қоңыр күз. Жазушы Кәмел Жүністегі мұның екеуін екі ай дейді.

Қ.Ысқақов осы қоңыр күзді жазып отыр. Жазушы өзінің балалық шағының қоңыр күздей қоңыр, ауыр болғанын хикаятына арқау еткен. Табиғат пен адам тағдырын астастырып тамаша шығарма тудырған.

Ал, біздің түк білмес, ессіз еліктегіш жазғыштарымыз жиын-терін жүріп жатқан берекелі сары күзді де, сұрғылт күзді де қоңыр күз еді деп жаза береді.

Қолға қалам ұстадың екен, нені болса да біліп, байыбына барып жаз, қаламгер ағайын.

* * *


Білместіктің екі түрлі сорақылығын осы жуырда көрдім.

Мен - қазір екі көзім теледидардағы, екі құлағым радиодағы, бар зейінім баспасөздегі зейнеткермін. Хабарлардың, жарияланымдардың бәрін дерлік көріп, тыңдап, оқып отырамын.

Көп уақыт өте қойған жоқ, мені алғаш теледидардан беріліп, кейін «Ақ жолда» жарияланған бір хабар мазаландырды.

Осы Тараздағы бір мектеп-интернатта өзінше бір әдемі шара өтіпті. Оның мәнісі мынау: әке-шешелерінен алыста жүрген, аз қамтамасыз етілген балаларға өкіл әке, өкіл шеше керек екен. Мектеп-интернат басшылығы балаларға сол өкіл әкелер мен өкіл шешелерді тауып, таныстырып игілікті іс атқарған.

Бір қызығы - теледидардың да, «Ақ жолдың» да басшыларының өскен өлкесінде өкіл әке, өкіл шеше дегендер жоқ, аяқ астынан шыға келген жақсы дәстүр жөніндегі хабарларды ойланып жатпай жариялап жіберген.

Менің білуімде өкіл әке, өкіл шеше - жаңа отау құрған екі жастың «еншісі». Әке-шеше баласы үйленерден бұрын өкіл әке мен өкіл шешені таңдайды. Әдетте, олар баласы үйленетін әке-шешенің ағайын-туғаны, дос-жараны болып келеді. Өкіл әке мен өкіл шеше үйлену тойына қатысып, сол жерде олардың ендігі жерде кім екендігі жария болады.

Олар жас жұбайлардың өкіл әкесі, өкіл шешесі ретіндегі жөн-жоралғысын жасайды. Шын әке-шеше баласы мен келініне өкіл әке мен өкіл шешесін өздерінен бір мысқал кем көрмеу, сыйлау жөнінде аманат тапсырады. Бұл - бір екі жасты да, ата-ананы да, өкіл әке мен өкіл шешені де, тойға жиналғандарды да қуанышқа бөлейтін әдемі үрдіс.

Сонда өкіл әке мен өкіл шеше кімнің өкілі, міндеті қайсы?

Мына мектептің іс-шарасьшда ол - демеуші (спонсор), ал біздің жақтың, яғни Шу жағының салтында ол - өкіл. Некелескен екі жастың әке-шешесінің, тілеулес ел-жұртының өкілі. Өкіл әке мен өкіл шеше - ендігі жерде екі жастың ең жақын адамдары.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар.

Өкіл әке мен өкіл шеше тағайындау, біздіңше, соның озығы. Бүйректен сирақ шығарып керегі не?! Орыста «Дурной пример заразителен» деген сөз бар. Бесіктен белі шықпай жатқан балаға өкіл әке мен өкіл шеше телімек болған мына сорақы қылық басқаға жұқпаса екен.

* * *


Жуырда облыстық мәслихаттың сессиясы өтті.

Әрине, сессияда бірнеше мәселе қаралды.

«Қазақстан-Тараз» телеарнасының акпарат арнасын жүргізуші «мәселені» «сұрақ» деп соқты. Бір емес, бірнеше рет айтты.

Шенеуніктерге «сұрақты» «мәселе» деп айтқыза алмай жүргенде, қаламгерлерге не жорық?!

Қазақтың қазіргі ұлы ойшылы, классик жазушы Әбіш Кекілбаевтын кезінде бұл туралы қынжылыс білдіргені бар. Сонда да қоя алмағанымыз ұят-ақ!

Иә, «вопрос» сөзі орыс тілінен сұрақ, сұрау, сауал; мәселе; міндет; іс, жағдай болып аударылады. Біздің тілге жұтаң технократтарымыз осылардың ең алғашқысынан әрі оңайынан жабысып айырылмай-ақ келеді.

Зиялыларымыз қазақ тілін жандандырамыз деп жанын салып жүргенде, ең болмаса, «вопростың» ресми тілде баяғыдан айтылып келе жатқан «мәселе» мәніне мән бергеніміз жөн. Ең өкініштісі - біз мансұқтап жүрген коммунистік замандағы толып жататын жиналыстардың бірде біреуінің күн тәртібіне сұрақ қойылмайтын, мәселе қойылатын.

Еркіндік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткендегі жеткен жеріміз осы – тілімізді көпе-көрнеу шұбарлау ма сонда?

* * *

Сыйластықтың бісмілләсі де, аллаһу әкбары да -«Сіз».



Мұны жақсы біліп, қатаң ұстанған біздің қазақ үлкенді, әйел ерін өмірі «сен» деп көрмеген.

«Сіз»- деп сөйлегенді «әдепті», «сен»- деп сөйлегенді «дөрекі» адам деп білген атам қазақ.

Ресей мен қызыл империялардың тұсында жоғалтып алған «алтынымыздың» бірі осы - «Сіз».

Оған кінәлі үстемдік құрған ел адамдарына біздің өзіміздің ессіз еліктегеніміз. Ойпыр-ай, десеңізші, орыс халқының ең әдемі, адамды бір-біріне жақын тарттыратын сөзі - Сен. Жігіт қызбен жаңа танысқан, жақындық лебі енді ескен екен, «Давайте, перейдем на ты»,- дейді. Енді екеуі «сенге» көшеді. Бітті, махаббат оты маздады дей беріңіз.

Бұған қарапайым халық тұрмақ ақынымыздың еліткені - өкініштің көкесі.

Қазақ сөзінің мәйегіне қанық, өзі де мақал-мәтел шығаратын даңғайыр ақынымыз Мұзафар Әлімбаев:

«Сіз» деген салқын сөзден шошып қалсам,

«Сен» десең, көңіл қайта шалқыр еді,- деп жыр жазды.

Қазақтың аяулы қызы Роза Бағланова ардақты ұлы Шәмші Қалдаяқовтың осы сөздер басты мәніне айналған «Ақмаңдайлым» әнін тамылжыта шырқады.

Сонда осы қазақтың қаймақтарының «Сіз» сөзінің қасиетіне жетпегені ме? Қайран қалмасқа лажың жоқ.

Қазақтың жігіті мен қызы таныстықты «Сіз» деп бастап, өмір бойы «Сіз» деп өткен.

Оны мен өзімнің әкем Қалдыбай мен шешем Әміржанның өмір бойғы қарым-қатынасынан көріп, көңілге түйгенмін. Әкемді шешем: «Әлгі кісі», «Біздің үйдегі кісі», «Шәкеннің (балалардың үлкені) әкесі» дейтін, тіптен бұл сөздерді айтпай-ақ әкеміз туралы, әкеміздің атқарған ісі, сөйлеген сөзі, т.б. жайлы әдеп айта беретін. Біз әңгіме әкеміз туралы екенін түсіне қоятынбыз.

Шешеміз, әкемізге «Сізін» үзген емес. Еріне «сенді» аузына алмау, қандай жағдайда да «Сіз» деп сөйлеу - қазақ әйелінің асыл қасиеті. Ал, әкеміздің шешемізге «Сізі» - өмір бойы Әміржан деп атын атау болатын. «Әміржан, шай дайын ба?», «Әміржан, Шуға, базарға барып келейін»- дер еді. Қазір ойлап отырсам, әкеміз шешемізге деген сыйластығын оның есіміне сыйғызған екен ғой.

«Сіз» деу әдептің үлкені ретіндегі әдетіміз еді, айырылып қалдық. Әдепті, ибалы, қырмызы қызымызды қыңыр, үлкенді ағалап тұратын оғланымызды ожар еткен «Сен» деген сөз. Қазақ «Сен-сен» дей бергенді «Семіп қалғыр»,- деп қарғаған. Күйініп кеткеннен айтқан.

Қарғау - қорқыту.

«Сенді» таста деп қорқытқан ғой үлкендер жасты.

Біз қайтеміз? Қазақтың «Үйрен жақсы әдептен, жирен жаман әдеттен» деген аталы сөзін айтамыз.

* * *


Еркек - әйелдің пірі.

Әйел - ерін шексіз сыйлаған, беттен алу, қарсы тұру атымен болмаған. Әйел өзін еркектен аласа ұстаған, алдынан кесіп өтпеген. Осысымен әйел еркектің сыйластығын туғызған.

Ауыл көшесінің басынан түскен ақсақалды алдын кеспей, күтіп тұрып, сәлем жасап, ілгері оздырып жіберетін әйелді өзіміздің көзіміз көрді.

Қария: «Көп жаса, қарағым!»- деп бата беріп өтетін. Қарияның көңілі көркейіп, келіннің мерейі өсіп калатын.

Қазір өзіміз қария болдық. Келіндер, көшені айтамыз, есіктен бұрын өтуімізге мұрсат бермей, тайраңдап алдымызды орайды. Оларға бірдеңе деп ренжімек түгілі, ала көзіңізбен қарасаңыз, пәлеге қаласыз. «Тәрбиесіз»,- деп өзіңізді күстаналайды. Онысы - еуропа халықтарынан үйренген үлгісі. Оларда еркек әйелге жол береді, бізде - әйел еркектің алдын кесіп өтпейді.

Әйелді біздің қазақтай қастерлейтін халық кемде-кем. Ерлі-байлы адам, яки қыз бен жігіт атқа мінгесуге мәжбүр болса, ұрғашы алға, ерге, еркек артқа, бөктергіге отырады. Осында, аңдап қарағанға, әйел затын сыйлаудың теңдессіз тәлімі бар.

Ал, енді жаңағы әйелге есіктен бұрын өтуге жол беретін халықтардың еркектері әйелдерін аттың артына екі аяғын салақтатып мінгестіріп алады. Әйелді қорлаудың, зәбір көрсетудің бұдан артық көрінісі бола қоймас.

Қазақ ат көтіне отырғызуды жарына емес, жауына жасаған.

Меніңше, біздің атқа мінетін ер жігіттеріміз жарын, жалпы әйел затын алдына отырғызудан танған емес. Ал, әйелдеріміздің еркектің алдын орап тайраңдауын үдетпесе, кемітетін түрі жоқ.

Осыдан бірнеше жыл бұрын мен облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы кезімде кабинетіме қадірменді ақсақал Жапар аға Түйебеков келді.

- Әлдихан, осы қазір кіріп келе жатсам, бірінші қабатта бір әйел күтіп тұрып жол беріп, сәлем жасап өткізіп жіберді. Ол кім?- деп сұрады.

Көпті көрген ағаның үнінде ризалықпен қоса танданыс бар еді.

Қазақы дәстүрді ұстанған әйел таңдандырған ағамызды.

Ойланып қалдым: Кім болды екен? «Ақ жолда» ондай әйел жоқ, бәрі - осы заман мәуесі. Бірінші қабаттағы облрадиода ондай екі әйел бар: Нұржамал мен Несіпкүл. Екеуі әрі өткен - бері өткенде маған да жол беретін.

- Ол - Нұржамал деген әйел. Өзіңіз Шуда аупарткомның бірінші хатшысы болғанда Ленин атындағы ұжымшардың төрағасы болған Жұмағұловтың келіні.

Қара жер қозғалса, қозғалмайтын Жапар аға:

- Апырай-а,- деді де қойды.

Ағаның «Апыр-айында» үлкен астар бар еді. Жұмағұлов қоғам мүлкіне қол салып, сотталып кеткен. Пәленің бір ұштығы оның әйеліне барып тірелген тәрізді болатын. Сондай отбасынан, енеден тәлім алған Нұржамал қалайша инабатты бола қалды? Жапар ағаны таңдандырғаны – осы.

- Аға, бұл - бізге емшектен біткен қасиет, сүйекпен кетеді. Жастар жағы ұстанбаса, ол - заманның зауалы. Көрдіңіз бе, түйсігі бар әйелдер орала бастады инабаттылығымызға. Көн тартса,- қалыбына, қалпына келеді.

- Көп уақыт керек.

Қысқа да нұсқа сөйлейтін Жапар ағаның сөзі рас еді.

Көп уақыт керек.

Мың өліп, мың тірілген менің халқым небір жоғалды деген ата салтымыз бен дәстүрімізге қайта оралып жатыр емес пе. Әйелдің күйеуін, жалпы ер адамды өзінен жолы үлкен деп сыйлайтын жақсы дәстүріміз сөйтер, жалғасын табар. Сенгің келеді.

* * *


Дана халық еш нәрсесін шашау шығармайды, ұмытпайды.

Үндемегеннен үйдей пәле шығады.

Үндемейтін - ішмерез.

Аузын буған өгіздей, үн шығармастың өзі.

Біздің қазақ кісіні сүмірейтуге келгенде алдына қара салмайды-ау, шіркін!

Өстіп жер қылып отырған адамын «Көп сөйлемейтін бір тоға»,- деп демнің арасында ақтап ала қоятынын қайтерсің. Түсініп көр.

Көп сөйлейтінді мылжың, ішіне сыр сақтамай, айтып қоятын адамды ашық ауыз дейді.

Өстіп ағаш атқа мінгізіп отырған адамын, ізінше «Аузын ашса, көмекейі көрінеді»,- деп аспандата мақтайды. Бұл қалай?!

Мінезі ауыр, қабағы түксиіп немесе томсырайып жүретін адамды «Қабағынан қар жауған біреу екен»,-деп жақтырмайды.

Сөйтіп алып, көп ұзамай, әлгі адамға «Жер қозғалса, қозғалмайтынның нағыз өзі екен»,- деп таңданыс білдіреді. Қайран қаласың.

Таңданатын ештеңе жоқ. Үндемеу де, ойына келгенді ірікпей айту да, салмақты болу да - мінез.

Мінез сүтпен бітеді. Оны өзгертем деу - бос әурешілік.

Менің әкем сөздің емес, істің адамы, Шу ауданындағы «Кербұлақ» ұжымшарының темір ұстасы болатын. Қазір ойлап отырсам, жоғарыда мен атап отырған үш түрлі мінездің үшеуі де бар еді әкемде. Отызыншы жылдардың соңы, қырқыншы жылдар түгел бір ұжымшардың темір құрал-саймандарының түзіктігі бір өзінің қолына қараған адам бос әңгімені қайтсін.

Әкем - ешқандай арамдығы жоқ, жақсы өмір кешкен адам. Кейін, елуінші жылдары ұсталықты тастаған соң әкем үйге келген кісілермен әңгімелесіп отырар еді. Сонда байқадым, менің әкем керемет әңгімешіл екен. Арғы-бергі әңгімелерді майын тамызып айтатын, ара-арасында өзінің өмірі жөнінде айтқандары менің жадыма ұмытылмас болып ұялап қалды. Мен әкемнің сол әдемі әңгімелерін «Шаншар атай» хикаятыма, «Мен - апамның баласымын» романыма пайдаландым. Соларды жазып отырғанда әкем тұрды көз алдымда.

Көп-көп әңгіме айтып, тындаушысы кеткен соң әкем:

- Уһ, ішім босап, рахаттанып қалдым ғой,- дейтін.

Әкемнің осы мінезі менде де бар. Не болса, соны ішке бүкпей, емін-еркін айтып отырамын. Әкемнің айтқаны рас, сөз ұғарлық адамға не болса, соны сыр қылмай, ақтара айтсам, ішім босап, кеудем кеңіп қалады.

Менің бұл «мінім» мен деген адамдарымның біреуіне ұнайды, біреуіне ұнамайды. Тіптен, бір ағамыздың ескерту жасап, ақыл үйреткені де бар.

- Әлдихан, сен - шыли ақкөңілсің, іштегі сырыңды аңқылдап, кім болса, соған айта бересің. Бұл жақсы емес,- деп кісімсіді ағамыз.

Сондағы менің оған бар айтқаным:

- Аға, «Жалын» баспасынан кітабым шығатын болды.

Мұнда тұрған не құпия бар?!

Түк те жоқ.

Кітабым шықты.

Мені зымияндыққа баулымақ болған ағаның әрекетінен ештеңе шықпады.

«Ақылшы» ағамыз қулық-сұмдықтарын өзімен бірге о дүниеге алып кетті.

Мен сол ашық-жарқын мінезімнен айныған емеспін.

«Аккөңілдің аты азып, тоны тозбас»- деген рас екен-ау,- деп қоям кейде өзімді «көріп».

* * *

Әлмұхан Исақтың алпыс жылдық тойына әдеттегідей, яғни қазақи қалпымызбен сәл кешігіп барып едік, басталып кетіпті, әрі ыңғайсыздандым, әрі таңдандым. Әлмұхан - жақсы көретін, ұятты адам, кешіккенім ұят болды. Сонша неге ерте бастаған тойды!



Той қызығымен арқа-жарқа болып отырғанбыз, бәрін аңдағыш, әр нәрсенің астарына үңілгіш досымыз Қыстаубай Байтуов:

- Облыстық әкімияттан бір де бір адам жоқ, шақырмаған ба?- деп қалды.


Таңданыстың көкесі енді болды.

- Бұл қалай?

- Мұнысы несі?

Осындай таңданыс, сұрақ көкейімде кілкілдеп тұрып алды.

Бұл қалай? Мұнысы несі?

Әлмұхан Исақ - биліктің ұшар басында бір адамдай-ақ істеген кісі. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық Кеңестің төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары болған. Елге де, билікке де беделді. Талай тойдың құрметті қонағы болып, той иесінің иығына облыс әкімінің шапанын жауып, қолына құттықтау хатын тапсырған.

Бұл адам билікті, билік бұл адамды сыйласа керек.

Тойдан кейін біраз күн өткен соң Әлмұханнан тойға облыстық әкімият басшыларын неге шақырмағанын сұрадым.

- Оларды шақырсаң, кешігіп келіп, елді күттіріп қояды,- деді Әлекең.
Кім білсін, солай ма екен?

Әлмұхан - терең жігіт, шын сөзі ме, әшейін айта салды ма, маған әлі белгісіз.

Мен Әлмұхан Исақтың сол әрекетінің астарын енді тауып отырғандаймын.

Айналайын біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ақылды ғой, ақылды, елімізде не болып, не қойып жатқанын жіті қадағалап, біліп отырады.

Жуырда өткен облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен Кеңесте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы былай деді: «Соңғы кезде азаматтардың хаттары мен Қазақстанның бірқатар басылымдарында мемлекеттік қызметшілер мен жоғары әскери шен иелерінің мерейтойлары мен той салтанаттарына және мемлекеттік наградалар мен әскери шендер алуына байланысты шектен шыққан, ас та төк жиындар өткізу тәжірибесі жағымсыз жағынан атап көрсетілуде. Әдетте, ондай мерекелік банкеттерге тек туған-туыстары, дос-жарандары мен әріптестері ғана емес, сонымен бірге түрлі деңгейдегі және дәрежедегі лауазым иелері, араларында еліміздің өңір басшылары да бар, аса көп қонақтар шақырылатын болып жүр. Қайсыбір шенеуніктердің бүгінде ресми іс-шараларға қарағанда түрлі жиын-тойларда көбірек бой көрсететін «той көркіне» айнала бастағанын да айта кеткен жөн. Ауқымды «банкеттік отшашулар» қазірдің өзінде мерекелік отшашулармен бәсекелесе бастады, ол рәсімдердің сән-салтанаты мен қонақтардың, әсіресе, жоғары лауазымды қызмет иелерінің саны көбіне-көп салтанат иесінің абырой-беделінің өзіндік бір өлшеміне де айналып барады.

Қоғамымызда әлеуметтік мәні бар осы мәселенің асқынғаны соншалықты, мемлекеттік қызметшілер арасында қайтыс болған жақындарын ақтық сапарға шығарып салудың өзі де жарамсыз бәсекеге айналғандай. Діни әдебиеттерде бұл жөнінде ештеңе айтылмағанына қарамастан, қайтыс болған кісінің қырқы мен жылына арнап бір емес, бірнеше мал сойылып, жүздеген адамдарға лайықталған дастархандар жайылуда. Мәселен, Астанадағы «Меруерт», «Аққу» мейрамханалары күн сайын түс мезгілінде осындай жиындардан босамайды. Онда да негізінен жұмыстарынан кешігіп, қайтыс болған кісіге бәлендей қатысы жоқ жоғары лауазымды қызмет иелері жүргенін көресің. Бұл жиындарға ұлттық салт-дәстүріміз деп қарағанның өзінде де, олар қайтыс болған азаматтың жақын туған-туыстары мен дос-жарандары арасында ғана өткізілгені орынды болар ма еді?».

Біздің Президентіміз білгір-ақ қой, шіркін қалай дәл тауып, бүгінгі өмірдің тамырын қалай дөп басып айтқан!

Президенттің бұл айтқандары біздің облысымызда орныққалы қашан.

Үлкен бастық кезінде Әлмұханның өзі де мұндайды басынан аз өткермеген. Той иесі бүкіл елді былай жиып тастап, жоғары лауазымды шенеуніктерге (ішінде өзі де бар) жалпаң қаққанынан жиіркенген де болар. Енді рөлді ауыстырып ойнағысы келмеген шығар.

Оның бәрін айтып жату - Әлмұхан сияқты сарабдал саясаткерге артық. Ал, біз бастықтардың кешігіп келіп, тойдың берекесін кетіргенін талай көрдік. Тіптен бір жақсы ағамыздың тойына екі сағат күттіртіп, келмей қойғанын қайтерсің. Сондағы ағамыздың көңіл-күйін Құдай басқа салмасын. Тойға келгендердің де зығырданы қайнады. Сол ағамыз басшыларды шақырмаса ғой, ештеңе жоқ, тойды Әлмұханша уақытылы бастап, дүркіретіп өткізер еді.

Президент - ең тұғырлы тұлға. Ол кісі түйедейді түймедей етіп түйіп айтады. Елбасының ауызы-уәлі.

Президенттің мына тұжырымдарының да түбінде өмірдің өрескелдіктері тұнып тұр. Соларды көргенде біз түйген ойлар былай болып келеді.

Той лауазым иелерін қалың бұқарамен жақындастырмайды, алыстатады. Оның басты себепшісі - той иесі, қалайда бір мақтап қалуға қолы еркін жетпей жүрген жағымпаздар, асаба жаңа шаңырақ көтеріп жатқан екі жасты жайына қалдырып, әруағына ас беріліп отырған о дүниеліктен бастықтың әруағын асырып мақтау, мадақтау асып-төгіліп бара жатыр еді біздің тойларымызда, енді тоқтау болар.

Қошамет - алтын іспетті.

Алтынды көріп періште жолдан таяды.

Қошаметті көріп бастық ісініп-кебінеді.

Қошаметшіл жұртқа жауап қату керек.

Ұстанар үрдіс - «Сыйға - сый, сыраға - бал».

Әсем сөйлеп, көсем ой айту керек.

Көріп жүрміз, сөйтемін деп кей басшылар аузына келгенді айтатын асабадан да асып түсетін болды, тіптен, асабаның тізгінін қолына алғанды да көрдік.

Той - Құдайдың қазынасы.

Өлік бардың малын шашады, жоқтың көтін ашады.

Той бардың да, мемлекеттің де малын шашады.

Қызықты қараңыз, кейінгі кезде өздері тұрған жер аз болғандай аудан әкімдері Тараздағы «Мөлдір» мейрамханасында той өткізуді әдетке айналдыра бастады.

Той шығыны, әрине, әкімдердікі. Ал, сол тойға ат сабылтқан, қазіргі тілмен айтқанда, машина зулатқан адамдардың, әлбетте, олардың бәрі аудандық деңгейдегі бастықтар және облыстың барлық аудандарының әкімдері, бір де біреуі көліктеріне қалталарынан ақша шығарып, бензин құймайды. Шалғай аудандардан Таразға керуен тартқан машиналар мемлекеттің қанша қаржысын желге ұшырғаны еш уақыт есепке алынбайды. Өйткені, бастық мемлекетке, мемлекет бастыққа қызмет етеді.

Осы жерде ойға облыс әкімі болған кезінде, Амалбек Тшановтың селекторлық Кеңес дегенді шығарып, бүкіл аудандар активін аудандық әкімиятқа, облыс активін облыстық әкімиятқа апта сайын жинап алып, селектормен ақыл айтқаны еске түседі.

Облысқа одан кейін әкім болып келген Сарыбай Қалмырзаев: «Бұл экономикалық жағынан тиімсіз екен»,- деп мұндай кеңес өткізуді тоқтатып тастаған болатын. Өте дұрыс істеді. Сонда Сарыбай жанар-жағар май ысырабын есептепті деп естігенбіз.

Қазіргі той жорықтарының шығынын кім есептейді?

Басшылар той иелерінің иығына шапан жабатын еді, енді алдына автокөлік тартатын болды. Сонда мырза кім, басшы ма, мемлекет пе? Бұл - «жаны ашымастың жанында белі ауырмастың» кебі. Басшының қалтасынан шығып жатпаған соң, бәрібір.

Бұл - тереңдеп айтсақ, Сұлтанмахмұт іздеген «нақақ көзден жас». Себебі шапан да, машина да басшының қалтасынан шыққан жок, басқа біреудің, бизнесменнің табан ақы, маңдай тері. Бастықтың өзі емес, жандайшаптары алдап-сулап, көнбесе, тізеге басып алады. Әрине, бизнесмендер еш уақытта ондай шиеленіске бармайды. Олар сол шапан мен автокөлікті беру арқылы билік басындағылармен сыбайлас болады. Әуелім, қаттырақ айтсақ, ілкімділердің әлгі жөн-жоралғыларға берген дүниелері пара болып шықпай ма?!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   34




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет