Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары


Сәлім. Маған ештеңе керегі жоқ. Тергеуші



бет10/34
Дата21.07.2017
өлшемі5,93 Mb.
#21827
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   34

Сәлім. Маған ештеңе керегі жоқ.

Тергеуші. Тергеуге әрбір азамат көмектесуі тиіс. Сіз – зорлық көріп отырған адамсыз. Меніңше, сіз жәбірленушінің кім екенін білесіз.

Сәлім. Алысқа барасың, лейтенант. Білемін, айтпаймын. Мен өзімді жәбірленушімін деп санамаймын. Ол да, мен де еркекпіз. Ол жастығын жасап, жарадар етсе, жеңгені де. Сол үшін біреуді сендерге кіріптар да, жем де қылғым келмейді.

Тергеуші. Кіріптарыңыз – мақұл, қамауға алынса, кіріптар болмай қайтсін? Ал, жеміңізді қалай түсіндік?

Сәлім. Түсінбей тұрған шығарсың жаман қатты. Оным – сен ол сорлыны қорқытып-үркітіп, жиған-тергенін сыпырып аласың да қоя бересің дегенім.

Тергеуші. Сонда сіз мені парақор демекшісіз бе?

Сәлім. Әй, бала, сен мені тергемек ойдасың ғой өзі! Онда бар, жайыңа жүр.

Тергеуші. Тергесе несі бар, заң адамына тіл тигізсеңіз, тергейміз. Заңның әлі сізден зорға да жетеді.

Сәлім. Иә, заңның алдында бәріміз жауаптымыз, тең құқылымыз.

Тергеуші. Оны білсеңіз, жауап бересіз, беріңіз.

Сәлім. Балақан, сен біліп қой, мен жауап бере-бере шаршап біткен адаммын. Жаратқан құдайға да, өсіріп, оқытқан қоғамға да жауабымды беріп, есептесіп қойғанмын. Ендігі қалған өмірім – өзімдікі. Аулақ жүріңдер! Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде.

Тергеуші. Полковник жолдас, мен бұл істі аяқсыз қалдыра алмаймын!

Сәлім (түсін суытып). Лейтенант жолдас, бар, айт бастықтарыңа, менімен сөйлесуге полковник келсін.

Тергеуші. Сіздің әскери шеніңіздің түкке қажеті жоқ бұл жерде.

Сәлім. Шенім қажет болмаса, менің қажетім қанша, қайта бер.

Тергеуші. Қылмыскерді қайтпекпіз сонда?

Сәлім. Ол қолынан келгенін істеді, жаны жай тапты. Жүре берсін енді өз жөнімен.

Тергеуші. Әрбір жәбірленуші өстіп, сіз құсап көлгірсіп, кеңшілік жасай берсе, қылмыскер қаптап кетер. Адам қылмыс жасаған екен, жазалануы керек.

Сәлім. Жазаң – түрмеге апарып тығып, соттап, колонияның тас бауыр дағдысына көндіктіріп, бұрынғыдан әлдеқайда қатыгез, қарақшы, бандит етіп шығару ма? Қой, аулақ жүр! Менің оны ұстатып бергенім – бір адамның тағдырын тәлкекке салғаным. Солай ұқ та бара ғой, қарағым.

Тергеуші (қасарысып). Жоқ, мен сізден қылмыскердің кім екенін білмей кетпеймін. Онсыз бұл іс менің мойнымда тұрады.

Сәлім. Мен саған айттым ғой, қайталап айтайын, сен қылмыскер атап отырған адам жөнінде мен ешуақыт жақ ашып ештеме айтпаймын. Осымен сөз тәмам.

Тергеуші. Түсінсеңізші, айтқаныңыз, ең алдымен, сіздің намысыңыз, арыңыз үшін қажет.

Сәлім. Ешкімді жауапқа тарттырмай-ақ ардақтауға болады арды. Егер сен білсең, атам қазақ бір-бірін түрмеге жаптырып, соттатып көрмеген. Арға тисе, ат-шапан айыбын, жазым етсе, құнын төлеумен тынған. Соның өзі-ақ жетіп жатқан, бұзық пен содыр жұрт алдында кінәсін мойындап, ондай ағаттыққа қайтіп аяқ баспаған. Ал, сендер ше? Сендердің білетіндерің – соттау. Сөйтіп шын бұзықты да, аяғын шалыс басып алғанды да бір тордың ішіне қамап, «Бір-біріңнен үйреніңдер қатыгез, қаныпезер болуды» – деп жағдай жасайсыңдар. Ақырында болмашы нәрсеге бола түскен жас та, жасамыс та колониядан қулық-сұмдықтың бәрін меңгеріп, нағыз көкжал болып оралады. Осыдан менің қолым сынбақ түгілі, кесіліп тасталса да басқа айтарым жоқ. Қол да, ар да менікі, жоқшысы да өзім. Сендер аулақ жүріңдер, айналайындар!

Тергеуші. Ол сізді газ пистолетімен атқан. Ондай адам ұсталуы керек.

Сәлім. Мейлі, нағыз пистолетпен атсын, мен кесімді сөзімді айттым, бітті.

Тергеуші. Мен істі қайтіп жаппақпын сонда?

Сәлім. Іс ашу үшін мен арыз беруім керек еді, бермедім. Ендеше ашылған ешқандай іс жоқ. Алдағаныңызға иланатын ашықтауызың мен емес. Қайта бер. Мен шаршадым, демалуым керек, босат палатаны.

Тергеуші (кекесінмен). Әй, әскери адамдар! Әттең, жарадарсың, ауруханада жатырсың, әйтпесе, шырқыратып тұрып шыныңды айтқызар едім!

Сәлім. Сендер сөйтесіңдер, қолдарыңа түскен адамды ұрып-соғып, ойларыңа келгенді істейсіңдер. Ол – маған белгілі.

Тергеуші. Жарар-жарар! Жат, жата бер. Сол қылмыскер екінші қолыңды сындырса да ешкім келмейді енді саған.

Сәлім. Келмеңдер. Милициясыз да қазақтың тауығы шақырып, таңы атқан.

Тергеуші. Пәлесің, шал!

Сәлім. Бағанадан бергі «сізің» қайда? Бала, біліп қой, шені бар адамдар «сіз» – деп сөйлесер болар.

Тергеуші. Заңды, заңның өкілін сыйламаған адаммен «Сен» – деп сөйлеседі.

Сәлім. Үлкенді сыйлауды мүлде ұмытқан екенсіңдер сендер, қазақ жастары. Мен сендей оспадарсызбен сөйлеспеймін, команда беремін. Тыңда менің командамды: Тік тұр! Артқа бұрыл! Бас аяқты! Босат палатаны! (Тергеуші не істерін білмей абыржып тұр. Сәлім одан сайын ашуға булығып). Мен кімге айтып тұрмын? Мен енді өз қылығым үшін жауап бере алмаймын. Бол! Жалтырат табаныңды!

Тергеуші. Абайла, полковник! Көзіңді ашып қара, кімге әкіреңдеп тұрсың өзі?

Сәлім. Саған, аға лейтенантқа.

Тергеуші. Олай болса, мен сені КПЗ-ға жапқызамын. Жүр, жинал!

Сәлім. Солай ма? Одан да мен біржола түрмеге жатайын. (Сәлім тап береді). Тергеуші шыға жөнеледі. Бәсе, су жүрек, қорқақ! Бар осы тойғаныңмен.

Тергеуші (есікті айқара ашып тұрып, әрі үрейлі, әрі ызалы). Саған керегі полковник екен ғой, күт онда! Сыйлағанды білмедің ғой ақыры, арманыңа жетесің, түрмеге отырасың.

Сәлім (ашудан түтігіп, есікке беттеп). Маған керегі сен! Көрсетейін мен саған! (Есік тарс жабылады, Сәлім кілт тоқтайды). Не істедім мен? Милицияның тергеушісі тұрмақ жау шапса, селт етпейтін қайран жүйкем, жұқарған-ақ екенсің. Сап-сап көңілім, сап! (Терезе алдына барып, бері бұрылып). Бұл қазақ жастарын үлкенді үлкен, кішіні кіші деуге үйрету керек екен қайтадан. Өзімізше елміз, бесігімізді түзейік! Өйтпей оңбаймыз! (Әрі, далаға қарап ойланып тұрып қалады).

Палатаға лейтенант шеніндегі жас офицер Владимир кіреді.



Сәлім (кірген тергеуші екен деп, теріс қарап тұрған қалпы). Лейтенант, жетер енді! Бар, көзіме көрінбей, әйтпесе...

Владимир (таңданып). Сізге не болған?

Сәлім (тез бері бұрылып, қуанып). Владимир! Ұлым менің! Қандай жел айдап келді сені?!

Владимир. Әдейі келдім.

Сәлім. Кімнен естідің?

Владимир. Ешкімнен. Қонақ үйіне іздеп барсам, осында түсті деді. Қалайсыз?

Сәлім. Көріп тұрғаныңдай, тірімін.

Владимир. Не істеген сізге?

Сәлім. Ештеңе.

Владимир. Қалайша ештеңе? Бұдан артық өлтірмек пе сонда?

Сәлім. Қайдан өлтірген, қорқытпақ болды.

Владимир. Не үшін? Сіз танитын ба едіңіз ол адамды?

Сәлім. Танимын.

Владимир (қызынып). Онда болды. Аты-жөнін, мекен-жайын айтыңыз, мен кездесейін ол батырмен.

Сәлім. Қажеті жоқ.

Владимир. Неге?

Сәлім. Солай. Керек емес.

Владимир. Білемін, мені аяп отырсыз. Аямаңыз, сіз үшін өлуге дайынмын мен! Сіздің арыңыз бәрінен жоғары маған!

Сәлім (толқып). Мен осыңа да разымын, ұлым! Кек алу – кесірлі әдет. Ұрыс-керіс, пәле-жаладан аулақ жүрген жөн.

Владимир. Тыныш өмір сүрсін десеңіз, мені неге әскери училищеге бердіңіз оқуға?

Сәлім. Өз өмірімді жалғастырсын дедім.

Владимир. Папа, шыныңызды айтыңызшы, сіздің өміріңіз ұлың қызығатындай ма?

Сәлім. Жауабы сұрағыңның өзінде тұр. Жоқ!

Владимир. Ендеше, мені неге өзіңіз ығыр болған қатаң, шектеулі өмірге таңып, тағаладыңыз?

Сәлім (сәл ойланып барып). Мен – өмірде жолым болмаған, адасқан адаммын. Адамда бір жаман қасиет бар, оған өзінің бұралаң өмірінің өзі түзу болып көрінеді. Бір кезде менде де сондай бір осалдық болған. Сол тұста сені осы жолға салып едім.

Владимир. Бекер істегенсіз, папа!

Сәлім. Неге, әскери адамның бәрі адасқан деп кім айтыпты? Одақ әскері – орыс әскері болатын. Біз қатарлы орыс офицерлерінің жілігінің майы татитындары түгелдей арманына жетті – генерал болды. Біз, өзге ұлт өкілдері, полковниктен аса алмадық. Ал, сен менен асып түсесің.

Владимир. Қайтіп?

Сәлім. Сен – орыссың. Түріңе қарашы – қара орыс, атың – Владимир.

Владимир. Онда басында неге қазақша ат қоймадыңыз?

Сәлім. Володя, қояйықшы осы әңгімені.

Владимир. Қоймаймыз. Мен сізге біраз нәрсенің басын ашып алғалы әдейі келдім. Сөйтсем, мынандай шатаққа ұрыныпсыз. Сіз айтыңызшы, әкем қазақ бола тұрып, неге менің есімім қазақ емес.

Сәлім. Ол – менің қайғым, қасіретім. Есіміңді қазақша қоймаймын деді дейсің бе, жоқ, шешең қойғызбады. Менің саған қойған атым – Бақыт! Оны ести салысымен шешең жатып тулады. «Менің әкемнің есімін береміз, Сергей қоямыз атын» – деп қасарысты. Екеуміз алғаш рет жүз шайқастық. «Онда бұл Владимир болады. Владимир – ұлы көсеміміздің есімі. Сен не, Владимир Ильич Ленинге қарсысың ба?» – деп жабыса кетті шешең. Есі дұрыс адам Ленинге қарсы болған ба ол кезде, жым болдым. Сен Владимир атандың.

Владимир. Жарайды. Орынды себеп екен. Енді, ең болмаса, қызыңызға қазақ есімін бермедіңіз бе?

Сәлім. Надежда – Крупскаяның есімі.

Владимир. Әй, мама!.. Қатырған екен!

Сәлім. Владимир да, Надежда да көсемге құрмет емес, сендерді орыс қылудың амалы екен. Ақыры орыс болып тындыңдар.

Владимир. Надяны қайдам, мен – қазақпын.

Сәлім (елең ете қалып). Шын ба? Рас айтасың ба?

Владимир. Рас айтам. Мен кішкентай кезімнен-ақ өзімнің қазақ екенімді сезіндім. Менің фамилиям мен қаралығым айқайлап айтып тұратын оны. Орыс балалар: «Терісі қара. Қысық көз. Қазақ», – деп кемсітпек болатын. Сол үшін қаншама рет бет-аузымды көгертті десеңізші, папа. Ал, мамам екеуіңіз бізді «қазақ, орыс» – деп бөліске салып ұрысқандарыңызда, мен іштей ылғи сіз жағында болып отыратынмын.

Сәлім. Соны білсемші, қап!

Владимир. Өкінбеңіз. Мамам мені өз ұлтына қаншама тартса, мен соншама қазақ бола түстім. Міне, енді ақырында Ресей әскерінде қызмет еткім келмей келіп тұрмын мен сізге.

Сәлім. Жаса, балам!

Владимир. Мен қазақ болмас бұрын қазақ елі, жері туралы біраз оқыдым. Қазақ: «Патшалық самодержавие бізді бұратана деп кемсітті, езді, ал, Кеңес өкіметі теңдікке жеткізді, жарылқады» – деп даусы қарлыққанша айқайлаумен болған халық екен. Ал, шын мәнінде, ол орыс та, бұл орыс та еш халықты өзіне тең тұтып көрген емес. Тіптен жарты қаным, жарым түрім, түгел тілім орыс мені де түртпектейді.

Сәлім. Расында да, әбден сорлаған халықпыз – біз. «Аврораның» қуатты үні, қазан төңкерісінің нұрлы шапағы арқасында феодализмнен капитализмге аттап өтіп, социализмге бір-ақ топ ете қалдық» – деп соқтық. «Ұлы орыс халқы, оның озық ойы болмаса, тағы болып, босып, көшіп жүрер едік. Орыс ағамыздың тікелей қамқорлығы және көмегімен отырықшылыққа жеттік, жерімізге зауыт, фабрика орнады, пойыз жүріп, ұшақ самғады. Тың көтеріліп, ғарышқа жол тартылды» – деп сарнаумен өмір өткіздік. Ойлап қарасаң, мұның бәрі – өмірдің өз өсу заңы. Өмірдің тас дәуірде тұрақтамағаны, мұжықтың шәркей киген қалпы қалмағаны сияқты, біз де киіз үйде тұра бермейтін едік. Осы күйімізге орыссыз да жететін едік.

Владимир. Әрине, солай. Қайта коммунистік, шын мәнінде, орыстық идеямен уланбаған елдер ерен дамыған.

Сәлім.Амал қанша, коммунистік тоталитарлық империя, оның саясатын сарнап санаға құйған мәскеулік басшылар іліп алар атаулының бәрі – біздің жақсылығымыз деп түсіндіріпті. Аңқаулық па, қорқақтық па, әйтеуір біз, қазақтар, бәріне мақұл болып, бас шұлғи беріппіз.

Владимир. Жалғыз қазақ емес, орыстан басқа халықтың бәрі сөйткен: орысты мақтап, өздерін даттап күнелткен.

Сәлім. Мен қуаныштымын! Көп нәсені түсініп қалыпсың, ұлым!

Владимир. Мен енді бала емеспін ғой, папа.

Сәлім. Иә, бала емессің, азаматсың.

Владимир. Қазақ елінің азаматымын! Папа, айтыңызшы, қазақ болуды неден бастасам екен?

Сәлім. Қазақ тілін үйренуден баста. Содан соң айтарым: осы бүгін Астанаға жүріп кет. Қорғаныс министрлігіне жет. Ондағылар Қазақстан Қарулы Күштерінде қызмет етемін деген қандастарымызды құшақ жая қарсы алады. Келген жағыңмен азын-аулақ келіспеушілігің болса, солар өздері сөйлесіп шешеді. Ондайың бар ма еді?

Владимир. Бар. Жібермей қойған, демалыс алып кетіп едім, біржолата босану керек.

Сәлім. Меніңше, бұл министрліктегілер үшін онша күрделі мәселе емес. Өйткені Қазақстан әскеріне қазақ офицері ауадай қажет. Соның бірі сен болсаң, арман жоқ менде. Өмірім босқа өтпеген екен. Қазақ халқына бір офицер өсіріп, тәрбиелеп берген әке бақытты емей, кім бақытты?

Владимир. Сіз жазылғанша күте тұрайын.

Сәлім. Бара бер, мен өлмеймін, жазыламын. Білгің келсе, айтайын, енді өлсем де арманым жоқ. Менің ұлым халқымның сардары болады. Келші, сүйейін!

Владимир (әкесімен сүйісіп). Папа, мен сенің бүйтіп қуанғаныңды бірінші рет көріп тұрмын.

Сәлім. Балам, ішіме қатқан шемен – Надя екеуіңнің өзге ұлт болып бара жатқандарың еді. Еңсемді зіл қара тас басып, езетін де тұратын. Сен қазақ болдың, мұнда қуанбағанда қайда қуанамын?! Ендігі арман – Надяның да өз ұлтымызға оралғаны.

Владимир. Надя қыз ғой, мамамның ықпалынан шыға алмайды. Табиғат заңы, бала – әкеге, қыз – шешеге жақын.

Сәлім. Сендер үшін талай-талай шыж-быж болғаным оның да санасына бір сәуе ұялатқан шығар, неғыпты?

Владимир. Иә, ұялатқан.

Сәлім. Володя, мен қазақ әйеліне үйленсем қайтеді?

Владимир. Үйлен.

Сәлім. Надя екеуің теріс қарап кетпейсіңдер ме?

Владимир. Не деп? Біз бәрін түсінеміз. Мама екеуіңіз енді бізге бірге емес, жеке-жеке қымбатсыздар.

Сәлім. Онда шындап ойланатын әңгіме екен бұл.

Владимир. Папа, Алматыдан қайтарда соғамын мен сізге. Оған дейін жазылыңыз!

Сәлім. Міндетті түрде кел. Екеуміз ауылға, ата-баба жұртына барамыз, нағыз қазақ бола түсесің.

Владимир. Жақсы идея. Мен сіз туған ауылды, оның адамдарын көптен көргім келіп жүр. Сіз айтқан небір ғажап әңгімелер мені көрмессем де ата жұртқа әлдеқашан ғашық еткен.

Сәлім. Балам, айтшы, қазақ болуға итермелеген қандай күш?

Владимир. Қазақтығым. Папа, адам ұлтын таңдамайды, ол – өз ұлтының перзенті.

Сәлім. Жақсы айттың. Мен разымын саған В-в... Бақыт!

Владимир (қуанып). Сіз мені Бақыт дедіңіз бе? Мен – Бақытпын! Қандай жақсы есім!

Сәлім. Иә, сен – Бақытсың. Затың да, атың да қазақ сенің. Ал, енді Астанаға тарт, Бақыт. Алла жолыңды оңғартсын, Қызыр Әулие қолдасын!

Бақыт. Қандай қызық, жаңа ғана палатаға Владимир болып кіріп едім, Бақыт болып шығып барамын! Сау болыңыз, папа! Көріскенше!
Бақыт кетеді.
Сәлім (қуаныштан жарыларман болып). Ұлым менің шынымен қазақ болғаны ма?! Тәуба-тәуба! Ақсарбас! Балам тұрмақ өзім де орыс болып кетіп едім, бәрі орнына келді-ау ақыры! Шынында, Бақытты келісімен ата жұртқа, ағайындар арасына ертіп апарып, қуантайын бәрін! Үлкендердің батасын алайық!
Сәлима кіреді.
Сәлім (қуанышты). Кел-кел, Сәлима! Өте жақсы келдің. Қуаныштан жарылайын деп тұрмын мен осы тұрғанда. Балам келді. Ол қазақ екен!

Сәлима. Қазақтың баласы қазақ болмай кім болады?

Сәлім. Сәлима-ай, сен білмейсің, менің балам шыр етіп жерге түскеннен орыс. Мен одан күдер үзіп қойғанмын. Сөйтсем, оның жүрегі қазақ деп соғып жүріпті. Жаңа ғана, дәл осы жерде балам қазақ екенін айтқан кезде жүрегім жарылып кете жаздады, әлі де дүрсілдеп тұр.

Сәлима. Қуанышыңа ортақпын, Сәлім!

Сәлім. Рахмет! Бүгін мен – әлемдегі ең бақытты әкемін! Өз ұлтымды сыйлайтын ұлым бар менің!

Сәлима. Ал, мен – бүгін әлемдегі ең бақытсыз әйелмін!

Сәлім. Қой, неге?

Сәлима. Қайратты сенен кешірім сұрауға көндіре алмадым. Деместі десіп, жеместі жестік, ештеңе шықпады. Ол үшін мен сұрайын: Сәлім, кешіре гөр ақымақты!

Сәлім. Кешіретін түк те жоқ, өтті, кетті.

Сәлима. Тергеушіге де айтқан жоқсың ба?

Сәлім. Оның қажеті қанша? Балаңды соттатып, бетіңді қалай көрмекпін мен сенің? Жоқ, ол болмайды.

Сәлима. Сәлім-ай, менің саған көрсетпеген қорлығым қалмады-ау! (Көзінен жас мөлт-мөлт ете қалады). Жасыңда мен үшін жан азабын тартып едің, енді тән азабын шегіп жатырсың. Саған не жақсылық жасасам болар, немен өтермін кінәмді?

Сәлім. Қой, сен түк те кінәлі емессің. Бұл – тағдыр.

Сәлима. Тағдырды жасайтын адамның өзі. Сен кешір! Қайратты да, мені де кешір.

Сәлім. Бүгін менің көңілім сүттей аппақ, шайдай ашық. Ешкімге өкпем де, ренішім де жоқ. Бар болмысымды бір ғана сезім – балама разылық сезімі билеген. Басқаның бәрін тәрк еттім мен.

Сәлима. Мені де ме?

Сәлім. Сәлима, не дедің, қайталап айтшы!

Сәлима. Сен хош көрсең, мен ендігі қалған өмірімді саған, бір ғана саған арнасам деп едім. Тәрк етсең, қайтем енді, көнем де...

Сәлім (жарыла қуанып). Сәлима, «Хош көрсеңің» не, сен – менің арманымсың. Сен солай ұйғарсаң, мен әркез жаныңда боламын! Бүгін, осы қазір шығамын ауруханадан. Қолымды мойныма асып жүріп те жар бола аламын мен саған.

Сәлима. Бол!

Сәлім. Боламын, әкел қолды! (Екеуі қол алысып, сүйіседі). Алла-ай, арманыма жеттім бе, жоқ па?!

Сәлима. Жеттің. Жеттік. Мен енді некелі байым бар әйел боламын.

Сәлім. Мен енді қазақ әйелім бар қазақ боламын! Өз жарыңмен өз ұлтыңның тілінде сөйлесуден асқан бақыт бар ма екен бұл жалғанда?!

Сәлима (Сәлімнің құшағына кіріп). Неткен ғажап еді бұл – жар болу.
Екеуі өстіп өздерімен-өздері болып тұрғанда Қайрат пен Фатима кіреді.

Қайрат бір нәрсе айтуға оқтала береді.
Фатима (аузын сұқ саусағымен басып). Тс-с-с...

Қайрат (тыңдамай, әкіреңдеп). Несі Тс-с-с... Бұлар өстіп сүйісіп тұрсын, біз аузымызды жабайық. Осындай азғындаған адамнан кешірім сұра дейсің тағы. Оған керегі – кешірім емес, ғашығы. «Жүр-жүрлеп» сонша тыпырлап едің, жаның жай тапты ма енді? (Кекесінмен). Қыз Жібек пен Төлеген!..

Сәлім. Сен өйтіп кекетпе. Біз Қыз Жібек пен Төлеген емес, Сәлима-Сәлімбіз.

Сәлима. Әйелінен ерінің есімі бұрын аталады. Біз – Сәлім-Сәлимамыз!

Қайрат. Мәссаған, безгелдек, үйленіп те үлгерген бе бұлар! Фатима, жүр, кеттік, шаруа біткен екен.

Сәлім. Қайрат, сен өкпелеп бара жатқаннан саумысың өзі?

Қайрат. Енді қалай? (көңілі босап). Сәлима – менің, менің ма...мен онсыз күн көре алмаймын.

Сәлім. Көресің.

Қайрат. Көре алмаймын, арам өлемін.

Сәлима. Қайрат, бұл – шын сөзің бе?

Фатима. Шын сөзі.

Сәлима. Онда қайттім? Сәлім, сен кешір, мен Қайратты тастап кете алмайды екенмін ешқайда.

Қайрат. Жо-жоқ!.. Мама, сен ең болмаса, енді бақытты болшы!..

Фатима. Бақытты болыңыз, мама! Қайрат үшін қам жемеңіз, мен бармын ғой.

Қайрат. Ия, Фатима бар! Бұл – ең бастысы.

Сәлім (ойланып қалған Сәлимаға жақындап). Біз бармыз.

Сәлима. Ия-ия, солай екен ғой.
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ

Аула


немесе

Әжелердің әңгімесі



(Екі бөлімді драма)

Қатысатындар:
Ұлтуған

Жамал зейнеткер әжелер.

Рауза
Алқамбай – зейнеткер қария (Ұлтуғанның жұбайы).

Сағымкүл – Ұлтуғанның келіні, кәсіпкер әйел.

Шотай – көрші жігіт

Қарттар үйінде жатқан кейуана .

Власов – зейнеткер қария.

Кемпір - өзге дінді уағыздаушы.

Қыз – кемпірдің айтқанына көніп жүрген жас.

Ернар – маскүнем жігіт.

Студент қыздар және жігіт.

Жас келіншек.

Әкелі-балалы бизнесмендер.
Б І Р І Н Ш І Б Ө Л І М

Бірінші көрініс


Сәске түс. Екі қабатты үйдің екі кірмесінің бергі шетіндегісінің алдындағы ұзын орындықта егде тартқан екі әйел отыр. Бұлар - осы үйде тұратын, кезінде үлкен қызмет істеген, бүгінде сөз бағып қалған зейнеткерлер – Жамал мен Рауза. Рауза Жамалдан жастау. Онысы реңінен де, киімінен де білініп тұр. Үй ауласының екі жағы ашық, әрі өткен, бері өткен жүргінші үзілмейді.
Жамал (арғы кірме жаққа қарап). Ұлтуғанға не болған бүгін, шықпай ма, немене?

Рауза (езуіне күлкі үйіріліп). Ит біліп пе, келіні мен баласының қабағына қарайды да, солар жұмысқа кетпей, шықпас.

Жамал. Шығады. Сенен де өткен желөкпе ол.

Рауза (бұртаң етіп). Сіз қалай сөйлейсіз өзі? Мен желөпке болып, не істеппін?

Жамал (шап беріп). Бәрін істегенсің. Енді келіп, күнде мына орындықта қаздиып отырғанға ұмытқансың ғой бәрін. Жоқ, сен ұмытқаныңмен, ел ұмытқан жоқ. Сен жел өкпеден де өткенсің, айтуға ауыз бармайды, «Ж» - дан келетін бір жиіркенішті оңбаған адам бар еді ғой, соның нағыз өзісің. Ал, Ұлтуған – бейшара.

Рауза (ашуланып). Сізге не болған бүгін? Бәрімізге баға беретін сіз кімсіз? Кімнің кім екенін уақыт көрсетеді әлі.

Жамал (кекетіп). Уәкіт! Ол – жастар айтатын сөз. Уақыт – жастардың досы, өсіреді, қарттардың қасы, өшіреді.

Рауза. Сіз бүгін шабытыңызға мықтап мінген екенсіз, мейлі. Желөкпе болайық, жезөкшке болайық, өтті бәрі. Аузыңызға келгенді айта беріңіз, менің оған қылым да қисаймайды. Ал, Ұлтуғанды бейшара деудің мүлде қисыны жоқ, баласы бастық, тіреп тұр, келіні – кәсіпкер, шіреп тұр.

Жамал. Оны бейшара қылған сол – баласының бастық, келінің пысық болғаны. Бала тумаған келін тік аяқ, қабағы ашылмайды. Карьерист бала – өз басымен әлек, әкімге жағынудан артылмайды.

Рауза (ентелей түсіп). Қойыңызшы құрысын, баласы бастық ананы бейшара дегенді өмірімде бірінші рет сізден естіп отырмын.

Жамал (кергіп). Сөз – ақ! Соны білмей, жеті қат жердің астындағыны да, үстіндегі де елден бұрын еститін құлағым керең, іліп түсетін көзім көр болып қалды дегеніңе кім сенеді?

Рауза. Өлә-ә-ә, мына кісі не дейді?!

Жамал. Өлме-е-е, мына кісі сені ұятсыз дейді.

Рауза. Өлә-ә-ә-ә, жаңағы жамандықтың бәрі қалып, ұятсыз болдық па енді демнің арасында. (Ашуланып). Екі елі ауызға бір елі қақпақ керек шығар. Адам деген ауыз менікі екен деп сөйлей бер ме екен?

Жамал. Демнің арасында емес, сен әуелден ұятсызсың.

Рауза. Ал, сіз – әуелден пәлеқорсыз.

Жамал. Солай ма, кет онда, бар!

Рауза. Қайда?

Жамал. Өз есігіңнің алдындағы орындыққа. Құзғын сәріден қас қарайғанша біреудің есігінің аладында сықсиып отырып алып, кірген – шыққанды, әрі өткен – бері өткенді өсектеп, ағаш атқа мінгізесің де отырасың. Сен өзі бұл елге күн көрсетесің бе, жоқ па?



Рауза (миығынан мырс етіп). Сөз-ақ, «Көкек өз атын өзі шақырады». Мен осы жерде қанша отырсам, сіз де сонша отырасыз. Мен бір адам жөнінде титтей жақ аштым екен, сіз дамытып, далитып ала жөнелесіз.

Жамал. Ой, алла – ай, мына шіркін қалай қайырады – ей.

Рауза. Адамды кекетіп – мұқатпай-ақ сөйлесеңіз қайтеді? «Шіркін» деп шірік қылғанша, құдағи десеңіз болмай ма.

Жамал (кергіп). О, шіркін, біз сенен қашан қыз алып, сен бізге қашан қыз беріп, құдағи болып жүрсің?

Рауза (өзіне-өзі разы кейіппен). Сіз әлі білмейді екенсіз, ендеше, құлағыңызға құйып алыңыз, қазақтың руы бөлек еркектерінің бәрі – бір-біріне құда, әйелдері-құдағи.

Жамал (таңданып). Мұнысы несі тағы?! О заман да, бұ заман қыз алып, қыз берген адамдар ғана құда – құдағи болмайтын ба еді бір-біріне.

Рауза. Білсеңіз, қазақта бір-біріне қыз беріп, бір-бірінен қыз алмаған ру жоқ. Сіздің балаңызға мен қыз бермегеніммен, біздің таманың жігіттері арғынның талай аруын қатын қылып отыр.

Жамал. Арғынның балалары тізесін құшақтап жатыр деп кім айтып жүр саған, біздің елдің келіндерінің көбі – таманың қызы.

Рауза. Енді не қыл дейсіз, құдағи!

Жамал (күлімдеп). Әне, абысының келе жатыр.

Рауза. Онысы кім тағы? (Арғы кірме жаққа қарайды, одан шығып, бері қарай беттеген Ұлтуғанды көреді). Ұлтуғанды айтасыз ба, ол қашаннан бері абысын болып жүр маған?

Жамал. Ұлтуғанның байы байыс болатын. Сен пәле тимегінің болмаса, талай байыстың өкпесін өшіргенсің. Абысының – ол.

Рауза. Бір тазға бір таз: «Бас жаққа барыспайық» - деген екен. Сол айтпақшы, етек жаққа барыспай-ақ қойсақ қайтеді? Партияда қызмет істеген қатынның құдай өзі кешірсіннен басқасын көрген емеспін. Сіз қай бір сүттен ақ, судан таза болдым дейсіз.

Жамал (нығарлап). Сөз-ақ мен – байым бар қатынмын, бас жаққа да, басқа жаққа да барыса беремін. Өміріңде бір еркекпен бір күн бірге тұрып көрмеген сен мұндай әңгімеге ұяттысың, әрине.

Рауза. Не қылған ұят, екі баламның да әкелері өзіме белгілі. Екі баламның да әкелері мені сүйген, мен де оларды сүйгенмін. Бала махаббаттан жаралады. Әйелге бала көтеру үшін меншіктеген байы болуы шарт емес, ұрғашы мен еркек бір-бірін сүйсе, жетіп жатыр.

Жамал. Ойбай-ау, неке туралы заңды қайтпексің сонда?

Рауза. Заңды қойыңызшы сол, оны қазір қолынан келгендер өзіне лайықтап жазып алып жатқан жоқ па?

Жамал. Мейлі, заңды жоғарыдағылар өз ыңғайына қарай құбылта берсін, құдайды қайтпексің? Некесіз туған бала – харам делінген құдайдың кітабы – құранда.

Рауза. Онда сіз де харамсыз.

Жамал. Тәйт әрі!

Рауза. Шошымаңыз! Құдай алдымен Адам-ата мен Хауа-ананы жаратты. Ол екеуі ешқандай некесіз қосылып, құдайға күнәкар болды. Құдай оларды сол үшін пейіштен қуып жіберді. Есесіне бүкіл адамзат баласы сол екеуінен тараған. Біздің бәріміз – некесіз қосылған Адам-ата мен Хауа-ананың ұрпағымыз.

Жамал. Аспапыралла-Астапыралла! Сен осындай дінсіз бе едің?

Рауза. Сіз ғой адамның көкірегіндегі көмбенің аузын ашқан. Айтқаным – айтқан, рас.

Жамал. Айналайын Рауза, қойшы соны, аузымыз қисайып қалар. Сөзің жаман екен, сені қойдым, Ұлтуғанды ермек қыламын.

Рауза. Сізге керек ермек маған да керек, келсін Ұлтуған (Ұлтуған жаққа қарайды). Көңілсіз ғой өзі.

Ұлтуған (жақындап келіп). Орта толсын!

Жамал. Сізбен болсын! Немене сонша көзіңіз кіртиіп, жүдеп қалыпсыз.

Ұлтуған. Мені жүдеткен сен екеуің.

Рауза. Е-е, не болып қалды, не бүлдіріппіз?

Ұлтуған. Бәрін бүлдіргенсіңдер.

Жамал. Бұл қай жала?

Рауза. Жұмбақтамай, айтып өлтіріңізші, әкпетай!

Ұлтуған. Айтайын. Мен – ашықауызбын. Сен екеуің – кісінің көкейіндегіні көмекейіне жеткізбей сурып алып жұртқа жаятын өсекшісіңдер. Әсіресе, менің айтқандарымды сан- саққа жүгіртесіңдер. Балам сондай өсектеріңнің біреуін естіп қалыпты. Жаңа «Апа үйдегі әңгімені сыртқа тасығаныңыз неңіз?» – деп ренжіді. Келінім де қабағын шытты. (Екеуін ала көзімен атып). Өсекшілер.

Жамал. Әкем-ау, мыны кісі қайтеді?

Рауза. Қызық! Өзінің өсекшілігін бізге таңғаны несі?

Ұлтуған. (сәл ойланып қалады). Екеуің менің не айтқалы тұрғанымды біліп қойдыңдар-ау деймін осы?

Жамал. Жоқ, білгеніміз жоқ.

Рауза. Қайдан білеміз?

Ұлтуған. Білесіңдер. Айтпайсыңдар. Зымиянсыңдар. Білетіндеріңнің өзін менің аузымнан естігенге үйренгенсіңдер. Ал айтайын онда: біздің әкім басқа жаққа ауысатын болыпты.

Жамал. Қойшы құрысын!

Рауза. Рас па?

Жамал (Раузаға). Мұндайды елден бұрын еститін сен неғып білмей қалдың? (Ұлтуғанға). Сіздің балаңыз бәрін біледі. Сапар - керемет жақсы жігіт. Ақкөңіл, аузын ашса, көмекейі көренеді. Біреуге дөңқабақ танытқанын көрген емеспін.

Рауза. Ия, кейбіреулер құсап тымырайып жүрмейді, қабағы ашық. Ойына келгенін ірікпей айтады.

Ұлтуған. Не, ол сонда сендермен әңгімелесіп, сырын айтып жүр ме?

Жамал. Жоқ-а!

Рауза. Ол сырын сізге айтады, сіз бізге айтасыз.

Ұлтуған. Бәсе, балам мен келінімнің маған ренжігені дұрыс. Жоқ, мен енді сендерге ол екеуінің жарты сөзін де жеткізбеймін, қайта зәлім болыңдар деп үйретемін.

Жамал. Сөз-ақ! «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді». Сіздің үйреткеніңіз түкке тұрмайды.

Ұлтуған. Мен үйрете алмасам, қызмет үйретеді. «Партия қызметкері құшақтап отырып, тұншықтырып өлтіреді»- деуші еді бір ағамыз. Бұрынғы партком мен қазіргі әкімдік бірдей, айырмашылығы жоқ. Балам әкімдікте істегелі бері, кішкене қулық үйреніп, адам болып қалды. Әкімдік – кесіп алса, қан шықпайтын, өтірікті сықпыртқанда беті бүлк етпейтін адам істейтін жер.

Рауза. Бәсе, кейінгі кезде әкімдіктің өсегін тек сізден еститін болып едік.

Ұлтуған. Әй сендерді де үлкен қызмет істеген әйелдер дейді-ау. Соны да білмейсіңдер ме, өмірден қалып қойғансыңдар. Менің айтқанымды бұрын өсек дейтін, қазір ақпарат дейді.

Жамал. Рауза, мына кісінің айтқанының жаны бар-ей!

Рауза. Рас айтасыз, Жамал Ахметовна, ақпарат дегеннің бәрі – өтірік, өсек.

Ұлтуған. Ақпарттың көзі – биліктің өзі. Біліп қойыңдар, қай кезде де биліктің атқаратыны бір басқа, ақпараты бір басқа. Ал, мына әкімдік шіркіннің ісі де, сөзі де түсініксіз.

Жамал. Ойбай, абайлаңыз!

Рауза (лып ете қалып). Құрысын, мына сөзді біреу естісе не боламыз?

Ұлтуған. Зейнеткер боламыз, енді қайтып бізге ешкім зейнеткерлікті тастатып, жұмысқа қайта шығара алмайды.

Жамал. Сіз де қызық екенсіз, Рауза біздің емес, балаларымыздың келешегін ойлап айтып отыр бұл сөзді.

Рауза. Ия, балаларымызға кесіріміз тиіп кетпесе екен, деймін мен.

Ұлтуған. Өз сөзіңді өзің өле-өлгенше айта алмайсың десеңші. Қызмет істедік, өзіміз үшін қорықтық, аузын бұған өгіз болдық, енді баламыз үшін шыбын жанымызды шүберекке түйеміз, ертең немереміз үшін шырылдайтын боламыз.

Жамал. Әлбетте, сөйтеміз.

Рауза. Мұндайға келгенде бізден еркектер жүйрік, жорға. Қазақтың қазіргі қариялары – биліктің құлы.

Жамал. Апырай десеңші, біздің қариялар тұлыпқа иіген сиыр болды. Облыс әкімі оларды жинап алып, өзі әлдеқашан шешім шығарып, бағыныштылары орындауға кірісіп кеткен тірлікті алға тартып, ақыл сұраған болады екен. Сөйтсе, шалдар алпыс екі тамырлары балқып: «Мұныңыз бір керемет ұйғарым екен! Бұл – бұрын-соңды болмаған оқиға!» – деп жарыса жамырайды дейді.

Ұлтуған (разы кейіппен). Рас, білсеңдер бұл - дала шонжарларының әдіс-айласы. Құнанбай Қодардың жаны шыққалы жатқан денесіне әр атаның ақсақалдарына бір – бір тас атқызбаушы ма еді, ондағы ойы - Қодарды жазалаған жалғыз өзі емес, бәрі. Әкім де сөйтеді, шешімді өзі қабылдайды, елмен, оның ішінде қарттармен де ақылдасқан, келісіп пішкен болады.
Осы сәтте бұлардың жанына арғы кірмеден шыққан Ұлтуғанның келіні Сағымкүл жақындай береді.
Сағымкүл. Апа-а...

Рауза. Дұрыс, қарағым, апаңа қабағыңды шытқаның. Апаң облыстың әкімін басқа жаққа ауысатын болыпты деп айтып алып, енді соны жуып-шайып, құдайға пұшайман болып отыр.

Сағымкүл. Оған асып-сасатын түк те жоқ, әкім кеше кетіп қалған.

Жамал. Оны неғып айтпай жүргенсіңдер апаларыңа?

Сағымкүл. Елдің солығы басылсын дедік.

Рауза. Қайда кетті енді?

Сағымкүл. Келген жағына, өз облысына.

Жамал. Барсын. Қаптатып ертіп келген мүриттері қайтер екен, шіркіндер?

Сағымкүл. Қайтеді, кетеді. Алды күні бұрын кетіп те қалған.

Ұлтуған. Кетпесе, одан әрі, өзіміздің балалар да жетеді. Жоқ, ә, деймін, сол облыстың отары болып біттік қой тіптен. Әкетсін адамдарын, босатсын облысымызды.

Жамал. Рауза Оразғалиевна-ау, мына кісі не дейді? Бізге де кетіңдер, дер, мүмкін?

Рауза. Жоқ, демейді. Біздің біріміз бай деп, екіншіміз қызмет деп келгенбіз. Ал, олар жесек деп келген. Жеді, тойды, барсын енді.

Сағымкүл. Оқыған апалар осы екен ғой, сөздерініңіздің бәрі рас. Ғажап.

Жамал. Сағымкүл-ау, жарысып сөйлейміз деп сұрауды ұмытып барамыз, әкім қайдан келді?

Сағымкүл. Ешқайдан. Жолбарыс Ақылбаевич болды жаңа әкіміміз.

Жамал. Қайтіп болды, ол осы облыстың баласы сияқты еді ғой.

Рауза. Онда тұрған не бар? Елді жөндеп басқарса болды да.

Ұлтуған. Басқарады. Атасы ел басқарған, қол басқарған жігіт – ол.

Рауза. Қайдам, рушыл біреу болып шықпаса бопты да әйтеуір.

Жамал. Әкімді құртатын сол – рушылдық. Қарапайым халыққа рудың түкке қажеті жоқ. Ол – биліктің көзірі, сыбайластықтың көзі, ешқандай қоғамдық құрылыс індете алмай келе жатқан індет. Ең пәлесі – адамдарды руына қарап өсіру, өшіру.

Ұлтуған (Сағымкүлге). Сен айналайын, жұмысыңа бара бер. Мұндай қу сөзді бізге қалдыр.

Сағымкүл. Әй, қайдам, қу сөз емес, шын сөз бе деймін бәрі.

Жамал (Ұлтуған мен Раузаға бір-бір қарап). Біз – орынтақтан түсіп, орындықта отырған адамбыз, бірақ бізді есептен шығарып тастау – ерте. Біз – қоғамдық пікірдің көрінісіміз. Ана кеткен әкімнің қарттарды әңгімеге тарта беретінінің сыры осында. Біздің өміріміз – адамның кәдімгі табиғи өмірі.

Сағымкүл (күлімдеп). Біздікі ше?

Жамал. Сендердікі – азап. Алдарыңда – тоқсан тосқауыл, бірінен аттап, бірінен айналып өтуге тиістісіңдер, біріне айбат, біріне айла керек. Біз де сендердей болатынбыз, көкке өрледік, жерге түстік. Игі іс те, күйкі тірлік те болды. Енді, міне, мына орындықта соның бәрін електен өткізіп отырмыз. Бірен-саран телі-тентекке ақыл айтатын кезіміз де бар.

Сағымкүл. Бәсе, өзім де сіздер орындықта босқадан-босқа отырмайтын шығар деп ойлаушы едім.

Рауза. Бұл орындық – біздің бүгінгі – жұмыс орнымыз. Ал, мына аула – өмір. Өзің білесің, бұл аула қаға беріс, қалтарыс, сонда да жұрт аяғы үзілмейді, өмірдің барша болмысы қылаң береді. Соларды көріп отырудың өзі бір ғанибет.

Сағымкүл. Дұрыс екен, отырыңыздар.

Сағымкүл кетеді.
Жамал. Рауза, мына келін түсінігі бар адам сияқты ғой өзі.

Рауза. Өйтпесе, менің сіңілім бола ма?

Жамал. Жақсының бәрін сен жинап ал, әйтеуір.

Рауза. Қойыңызшы тіптен. Сағымкүл – таманың қызы.

Жамал. Трайболистка.

Ұлтуған. Қой, мен де кеттім, бүгін сендермен сөйлесіп болмайды екен. Екеуің алдына келгенді тістеп, артына келгенді тебетін қиямпұрыс болыпсыңдар. Отырыңдар. Мен енді сендердің жандарыңа жоламаймын. Сендермен ат кекілін кестім.
Ұлтуған кетеді.
Жамал. Рауза Оразғалиевана, не деп кетті ана пәле?

Жамал. Сөзінің ірісін! Ол – өз жерінде, өз елінде отырған әйел, аузына келгенін айтады, сен екеуміз осы елдің еркегінің етегінен ұстаған қатынбыз.

Рауза. Құдайға шүкір, бұл елдің жігіттерінің көз сатқаны да, сөз салғаны да аз болған жоқ. Солардың ішінен таңдағаныма мақұл болдым.

Жамал. Ия, сен екеуміз бұл елдің жаңағыдай жаман қатыны болмаса, жігіттерін жамандай алмаймыз. Басқаны қайдам, біз – шалымыз екеуміз әлі күнге жігіт пен қыздаймыз. Шүкір, Алқамбайымның қауқары қайтқан жоқ.

Рауза. О, шіркін, деген.

Жамал (шап ете түсіп). Тәйт әрі! Сен қу Алқамбайды да бұзғалы жүргеннен сау емес шығарсың мына түріңмен.

Рауза (шалқайып). Ойбай, қойыңыз.

Жамал. Әуелі өзің қой.

Рауза. Нені қоямын?

Жамал. Алқамбайдан аулақ жүр. Соны қоясың.

Рауза. Ой, қойыңызшы, шалыңызды әлдеқандай қылмай.

Жамал. Әлдеқандай ма, әлеуетті ме, маған бәрібір, қыздай қосылған байым.

Рауза. Сізге қазір бай емес, шал керек.

Жамал (тез, жұлып алғандай). Саған ше?

Рауза. Маған... маған енді... Бір еркекке жететін қауқар бар менде.

Жамал. Құры!
Осы сәт екі апайдың жандарына бір өрімдей жігіт пен үріп ауызға салғандай жап – жас, кіндігі ашық қыз келіп тұра қалып, өліп-өшіп сүйісе бастайды.

Жамал мен Рауза сөздерін тоқтатып, қайтерін білмей, көздері бақырайып бір – біріне қарай береді.

Екі жас ес – түссіз сүйісіп тұр.
Ж а м а л (қатты күйініп). Әй, оңбағандар, не болды сонша, өліп пе едіңдер? Бір-біріңді жеп қоярсыңдар тегі.

Қыз. Апашка, не съедим, это – поцелуй, любовь!

Рауза. Онда әрі барып сүйісіңдер.

Жігіт. Нет уж, если вам не нравится, то не смотрите. А то ...

Жамал. Ей, текешік, не деп тұрсың сен, ұятсыз!

Рауза (ашу шақырып). Барыңдар, әйтпесе ...

Жігіт. Что-о-о? (екі апайға ұмтылып). Я вам покажу теке.

Жамал (Екі көзімен атып). Бар әрі!

Жігіт. Озин барасин казир, старая карга!

Рауза (орнынан атып тұрып, ентелеп келіп қалған жігітті оң қолының қырымен салып жібереді). Мә, саған, оспадарсыз неме!

Жігіт (серең етіп құлап түсіп). Что это такое?

Қыз (күліп). Позор! (Раузаға). Вы, мамаша – бандитка прямо.

Жамал (разы). Рауза Оразғалиевна, өте дұрыс істедің. Қызым, бұл кісі бандитка емес, ана. Сендер үлкенді сыйлаудың орнына ұрғалы жүрсіңдер ғой? Орысшаға жүйрік екенсіңдер, біз де қара жаяу емеспіз. Орыстар өз тілін сендерден бұрын бізге үйреткен. Сендер жақсы көретін орыста мынадай бір мәтел бар: «Какой привет, такой – ответ». Поняли?

Жігіт (орнынан тұрып). Бэла, скажи, что сделать с ними. Крутой кемпирлер. Пале!

Рауза. Идите по дальше. Это будет лучше и для вас, и для нас.

Қыз. Апалар, кешіріңіздер! Біз кеттік.

Жамал (қабағы ашылып). Міне, енді бұларың дұрыс. Мен бірдеңке білсем, сен – ауылдың қызысың. Атың Бэла емес, Балжан. Жоқ, Балшекер ме?

Қыз. Ия, Балжан. Оны қайдан білдіңіз?

Рауза. Сенің бойыңдағы ауылдан дарыған адамшылық әлі ада болмапты. Содан білдім.

Қыз. Түсінбедім.

Жамал. Әлі-ақ түсінесің. Мынадай қылықтарың халқыңның салт-дәстүріне сыйымсыз екенін сезген кезде түсінбек түгілі ұялатын боласың.

Қыз. Аямадыңыздар-ау, апалар-ай!

Рауза. Ұятың бар екен, айналайын! Бара ғой. Ана шоқынғаныңды тәрбиелеп ал.

Қыз. Кешіріңіздер, ол – жақсы жігіт!

Жамал. Өзіңе жақсы болса, бопты. Саған соңғы айтарым: кіндігіңді жауып жүр. Кіндік - жанды жер. Бүйтіп ашық-шашық жүрсең, ана бола алмай қаласың.
Қыз бен жігіт кетеді.

Ізінше әріден екі қыз келіп, дәл жаңағы қыз бен жігіттің орнына тұра қалып, шылым тартуға кіріседі.
Рауза (ашуланып). Бүгін не болған бұл қазақтың қыздарына?

Жамал Әй, шөпжелкелер, немене, мұрындарыңды құрт жеп бара ма?



Бірінші қыз. Апа, мұндай анайы сөз неге керек?

Рауза. Мұндай анайы сөз тәрбиеге керек.

Екінші қыз (кекесінмен). Тәрбие! Сіздердей кербаққан кемпірлерден қандай тәрбие шықпақ? Арақ ішпе, шылым тартпа, нашақор болма ма, сонда айтатындарыңыз? Ондай сөзден құлағымыз сарсып біткен. Бәрі – бос сөз.

Жамал. Жоқ, ақыл сөз.

Бірінші қыз. Апа, қойыңызшы, сіздерсіз де миды жейтіндер жетіп артылады.

Рауза. Сендер жақсы болсаңдар, ешкім де беттеріңе қарап сөйлемес еді, өздерің бұзылғансыңдар.

Екінші қыз. Сіздер кімсіздер сонда, дөрекісіздер.

Жамал. Біз – үлкенбіз, кішіге ақыл айтамыз.

Бірінші қыз. Сіздер – ақыл айтып болған адамсыздар. Сіздердің ақылдарыңыз – архаизм, бізге қазіргі заманғы , неоақыл керек.

Рауза. Қазіргі заманың шылым тарту екен ғой.

Екінші қыз. Ия, шылым тарту. Қазір жер үстіндегі барша халықтың қыздары мен қатындары шылым тартады. Сонда не, біз олардан кембіз бе? Қазақ қызы қашан да алғы шепте жүрген. Содан да Әлия мен Мәншүк шығыс халықтарының қыздары ішінен жарып шығып, Совет Одағының Батыры атағына ие болған.

Жамал. Әлия мен Мәншүктің сіңілілері сендер болсаңдар, біткен екен шаруамыз.

Рауза. Айтпаңыз тегі, Жамал Ахметовна, бұл қазақ қызынан айырылған екен.

Жамал. Қызы бұзылған елдің келешегі жоқ. Бұл жөнінде бір ақылды айтыпты деген сөзді естіген боларсың? Ол шіркін: «Қандай да халықтың тұқымын тұздай құрту үшін қыздарын азғындық жолға түсіру керек» - депті.

Рауза. Естігем. Өте дұрыс айтқан.

Бірінші қыз. Оны айтқан ақылдыңыз сіздер сияқты өмірден қалып қойған біреу де. Қазіргі принцип – ешқандай шектеусіз өмір сүру. Бұл - демократиялық қоғамның шарты.

Екінші қыз. Біз – демократкалармыз.

Жамал. Сендер – нәпсісін тия алмаған шіркінсіңдер.

Бірінші қыз. Нәпсісі несі? Меніңше, шылым шегу мен арақ ішудің нәпсіге еш қатысы жоқ. Нәпсі – секске қатысты сөз.

Рауза. Сонда сендер шылым мен арақтың әкесін танытып, секске жоламай жүр екенсіңдер ғой.

Екінші қыз. Неге жоламаймыз, жігіт жетеді.

Жамал. Ертең барған жерлеріңе не беттеріңді айтпақсыңдар, бейшаралар – ау?!

Бірінші қыз. Байға қыз күйінде тию қалғалы қашан, жігіттің ерніне ерні, етіне еті тимеген қыз – бейшара. Ешкім көз салмаған, ешқандай жігіт сауырынан сипамаған қыз – қара бақыр!

Рауза. Сендердей қызды алған жігіт – қара басқыр!

Екінші қыз. Жігітке қыздан қатын жақсы. Қатын – үй, ақша, ләззат, қыз – басқа бейнет, жүк, мақау.

Бірінші қыз. Жігіттер бұрыннан білген, «Қыздан жақсы көремін жас қатынды» – деп әндеткен.

Жамал. Онда сендер: «Біз – жас қатынбыз» - деп жар салыңдар.

Екінші қыз. Жар салып қайтеміз, жанымызға бір рет жатқан жігіттің өзі-ақ біледі, жақсы көреді.

Рауза. Ойба-а-ай, бұзылған екен мына қыздар!

Бірінші қыз (әндетіп). «Қыздан жақсы көремін жас қатынды».

Екінші қыз (әндетіп). «Ұлдан жақсы көремін егде еркекті».

Жамал. Рауза Оразғалиевна, не болып барады, не дейді мына беті ашылған қарлар – жас қатындар?

Рауза. Жамал Ахметовна, айтудай-ақ айттық, сүйегінен өткізіп айттық, бірақ сөз ұғарлық ұрпақ қайда?!

Бірінші қыз. Ол – ұрпақ – бізбіз.

Екінші қыз. Қайта сіздер ұқпадыңыздар сөзді, қалжыңды түсінбедіңіздер.

Бірінші қыз. Қыздың ары бәрінен қымбат бізге!

Екінші қыз. Солай, апайлар. Кешіріңіздер! Біз кеттік.
Қыздар кетеді.
Жамал (таңданып). Түкке түсінсем, бұйырмасын!

Рауза. Түсінетін не бар, қатырып кетті. (Айқайлап). Әй қыздар, айтпады демеңдер, енді келгендеріңде қолдарыңнан шылым көрсем, онымен ауыздарыңды қаримын.

Жамал. Дұрыс айтасың, сөйтсең, ең болмаса, екі қызды адам қатарына қосар едік.

Рауза. Үш қыз, бір жігіт, деңіз.

Жамал (орнынан тұруға ыңғайланып). Бүгінге осы да жетер, кетейік үйге.

Рауза. Жоқ, бұл – аз. Тұра тұрыңыз, көрейік тағы кім келер екен?

Жамал. Рас-ей, біздің аула кім көрінген жүретін аяқ асты болып барады. Мұның бір шетін жаптыру керек.

Рауза. Ой, қойыңыз, онда аулаға ешкім кірмей, әрлі-берлі жүргінші өтпей, ішіміз пысып өлмейміз бе? Осысы жақсы, адамдар шуап жатса, зерікпейміз. Аула – қоғамдық орын, көпшіліктің игілігі.

Жамал. Бірақ жаңағыдай жастар келмей-ақ қойсын, кісіні шаршатады екен.

Рауза. Жамал Ахметовна, о не дегеніңіз, келсін, келмесе, ішіміз толған әңгімені кімге айтамыз?

Жамал. Шынында, солай шығар. Әй, бірақ сөз тыңдайтын адам қайда қазір, құлағына да ілмейді. Оны жаңа көрдің ғой, қайта өзімізді күлкі қылды.

Рауза. Басқа сөзді қайдам, өсек-аяңды өліп-өшіп тыңдайды жұрт қазір.

Жамал. Өсек – аяңың не, ақпарат де.

Рауза. Ақпарат.

Жамал. Рауза Оразғалиевна, дегенмен, өсек-аяңды ақпарат деу – қауіпті.

Рауза. Өте дұрыс айтасыз, қауіпті. Ақпарат атаулы белгілі бір мақсатпен, не биліктің, не партияның, не топтың мүддесін көздеп таратылады.

Жамал. Бұл ретте, әсіресе, «Нұр-Отан» партиясы алдына жан салмайды. Мейлі «Нұр-Отанды» Президенттің партиясы дейік, ал басқаларына не жоқ?!

Рауза. Өте дұрыс айтасыз. Жамал Ахметовна, сіз осы тәуелсіз газеттерді оқисыз ба?

Жамал. Жоқ.

Рауза. Оқу керек. Оларда не бір сұмдық жазылады. Оқысаңыз, бұл өмірден түңілесіз. Биліктен, әкім – қарадан қарадай көңіліңіз қалады.

Жамал. Оқитын екен. Шынында, солай болып барады бұл өмір. Сен білесің, мен – коммунистік партияның идеологымын. Компартияның кезінде демагогия, нигилизм дегендер болмайтын. Партияның айтқанының бәрі – шын, ақылы – дана, сөзі – сара болатын.

Рауза. Рас, солай еді ғой, шіркін!

Жамал. Рас емей, қалай енді. Қоғамды ары итеріп, бері жығып отырғандар – билік басындағылардың өздері. Оларды коммунистік партияның құшыры ұрып отыр. Өздерінен өздері өткенге топырақ шашып, коммунистік партияны аямай қаралады. Сөйтіп ешкім бабына жетіп болмаған жабайы экономиканы, демагог демократияны алға тартты. Біздің қазақ – биліктің ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс деп білетін халық. Билік тізгінін ұстағандар соны біле тұра, түрлі айла-шарғыларға барып жүр. Егемендіктің төл перзенті – оппозиция аңдып отыр бәрін. Олардың әзірше қолдан келгені – тәуелсіз газет шығару. Шындығына келсек, тәуелді, тәуелсіз деп жүрген газеттердің бәрі жалдамалы. Компартияның кезінде газет – халықтың сөзі, көзі, құлағы деген атқа ие болған, ал, қазір билік пен оппозицияның қолжаулығы. Бүгінде газеттің сөзіне сену, сенбеуге әжептеуір ақыл керек.

Рауза. Түу, мынауыңыз лекция болып кетті ғой тіптен.

Жамал. Сол лекция да құрыды емес пе қазір. Жалпы, үгіт – насихат жұмысының бәрі тоқтады. Жұрттың басын біріктіретін де, қатыратын да бір – ақ құрал қалды, оның аты – бұқаралық ақпарат құралдары. Ал оның бәрі – халықтың емес, өздерінің қожайындарының сөзін сөйлейді.

Рауза. Бұқаралық ақпарат құралдарын төртінші билік деуші еді, сіз қолжаулық, дейсіз.

Жамал. Қайдағы билік, әшейін журналистердің бөркін қазандай қылып қою үшін айтылған сөз де ол. Әйтпесе, жалаңаяқ журналист не шешсін?

Рауза (орнынан бір қозғалып қойып). Шешкеніңіз не, олардың сөзімен итім де санасып жатқан жоқ. Жазылған жай жарияланған бетте қалады.

Жамал (аһ ұрып). Қайран компартия – ай, десеңші! Газетте жарияланған бір де бір сынды елеусіз қалдырмаушы еді. Әне, баспасөз сол кезде, төртіншіні айтасың, екінші, ия, компартияның өзінен кейінгі билік болған. Облыстық газеттің редакторы облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысымен теңестірілген. Айлық жалақысы да бізбен бірей болатын. Газеттің сын мақалаларында көрсетілген кінәлілер жазаланып, көтерген мәселелері алқалы отырыстарда, жиындарда талқыланып, іс – шара қабылданып, редакцияға хабарланатын. Қазір енді әкім айтатын көрінеді: газетке сыналып шыққаны да жетеді. Сыналған адам бала-шағасынан, қызметтестерінен, көрші-қолаңынан ұялатын болады деп.

Рауза (қозғалақтап). Әкім де қызық екен, ұялатын адам сынға ілігерлік іске барушы ма еді. Бұл бір ұят азайып, өтірік өрістеген заман болды ғой.

Жамал. Азайған, өрістеген деген аз, жайлаған деу керек. Әсіресе, өтірік етегін кеңге жайды. Алланың әмірі-ай, бұл күнде өтірік айтпайтын пенде жоқ.

Рауза. Жамал Ахметовна, сіз көп білесіз ғой, осы өтірік қайдан шыққан?

Жамал. Білетін не бар, жақсы, жаман адамға тән қасиетттің бәрі адаммен бірге жаратылған. Адамның адамдығы жақсы қасиетті ұстану, жаманға жоламау. Ә-ә айтпақшы, Абай атама жүгінбейміз бе, ол кісі:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз, – деген.

Көрдің бе, Абай – өтірікті дұшпан деп білген, одан қашық болуға шақырған. Қайда, бәтуасыз ұрпақ өз ғұламасының сөзін ұмытып, өтірікті суша сапырып жүр.



Рауза (разы болып). Шынында, сіз көп біледі екенсіз.

Жамал (пәс). Одан не пайда, бізден ешкім ештеңе сұрап жатқан жоқ. Әкім түсінен шошыған екен, шалдарды шақырады ақылдасуға, әккі шалдар әкім қашан шақырар екен деп күтіп отыратынды шығарды қазір.

Рауза (күліп). Қойыңызшы, тегі, сонша сүмірейтпей.

Жамал (немқұрайды). Мейлі ғой, біздің халық үлкенін сыйлаған. Әкім сыйлап шақырып, пікірлерін тыңдамақ болған екен, шалдар аталы сөзін айтса ғой, жоқ, ауыздары көпіріп әкімді жарыса мақтап ала жөнеледі. Ең болмаса, әкім өзі ұстанып отырған бағытының дұрыс-бұрыстығын сұраған кезде құдайшылықтарын айтуға болады ғой, жоқ, басын шұлғып мақұлдайды кеп, мақтайды кеп.

Рауза. Рас айтасыз, осыны мен де байқап жүрмін.

Жамал. Мұны сен екеуміз ғана емес, барлық ел байқайды, біледі. Бәрінің шалдарға зығырданы қайнайды, бірақ мұның арғы жағында әкімнің айласы тұр, соны сезеді де жым болады.

Рауза. Қойыңыз, әкім мен айла бір-біріне шендесетін ұғымдар емес, меніңше.

Жамал. Шендескенде қандай, әкімнің бәрі айлакер, қулығына құрық бойламайды. «Ойлаймын күндіз-түні ақыл-айла, ойлаған ақыл-айла – жанға пайда» деген өлең естіп пе ең? Естімесең, әкім – сондай ақыл ойлап, айласын асырған, жанына пайдасын көрген адам. Әкім – қып-қызыл отқа пісіп, мұздай суға матырылған шарболат.

Рауза. Түу, әкімді алғаш зымиян етіп алып, артынан жер – суға сыйғызбай мақтағаныңыз!

Жамал. Ел басқару ешқашан оңай болған емес, түн қатып жүріп, түс қашуы керек. Әлбетте, игілік бастан асады. Сондықтан да әкім болуды армандамайтын шенеунік жоқ, бірақ қол жеткізу қиынның қиыны.

Рауза (біліп тұрып сұрайды). Қалайша?

Жамал. Иә, жаман қатты білмессің! Өзің білмесең де ана жылы орнынан босатқанда облыстың бұрынғы әкімі Амалбек Тшановтың «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатын оқыған шығарсың?

Рауза. Оқығам жоқ.

Жамал (нықтап). Оқығансың. Екеуміз оқығанбыз. Мейлі, онда есіңе түсірейін, газеттің сұрағы: «Айтыңызшы, әкімдер пара ала ма?» Амалбектың жауабы: «Алмағанда ше, өзі берген параның орнын толтыруы керек қой!». Міне, адамның қалай әкім болатыны, немен айналысатыны жөнінде бұдан дәл, анық, жақсы айтылған сөз жоқ, меніңше. Миыңа бірдеңе кірді ме?

Рауза. Кірді. Әбекең ер екен де, шіркін! Қалай қорықпай айтқан?

Жамал. Кімнен, неден қорқады?

Рауза. Облыс әкімінен пара алатын (сұқ саусағымен жоғары жақты нұсқап) түсінесіз ғой енді...

Жамал. Адам ашуланғанда құдайдан да қорықпайды. Амалбек те сөйткен. Әлбетте, Амалбектің шын сөзі талайдың шымбайына батты, ешқайсысы бірақ қыңқ дей алмады.

Рауза. Апырай, десеңші. Билік басындағылардың немесе әкімдердің, ең болмаса, біреуі мынау қып-қызыл өтірік, деуі керек еді ғой.

Жамал. Рауза Оразғалиевна, сен қазіргі шенеуніктердің қулығын білмейсің-ау деймін? Білсең айтшы, өздерін өлтіре сынып жатқанда олар неге үнсіз қалады?

Рауза. Жамал Ахметовна, мен оны білсем, сіздің қасыңызда отырамын ба өстіп аузыңызды бағып?

Жамал. Онда біліп қой, олар қазақтың бір әдемі мәтелін басшылыққа алған. Ол – «Ит үреді, керуен көшеді». Дұрыс сынағанға да, қиянат қылғанға да әкім атаулының айтатыны – осы. Енді түсіндің бе?

Рауза. Түсіндім. «Тегін адам таз бала ма?» деген де бір әдемі мәтел бар емес пе еді?

Жамал. Бар. Оны неге айттың?

Рауза. Тегін адам обкомның хатшысы болмайды екен де дегенім ғой.

Жамал. Ол – өткен шақ. Жұрт астынан тақ кеткен адамды басынан бақ кеткен адам санайтын мына заманда біздің сөзіміз кімге дәрі, тәйірі?! Біздің ендігі еншіміз – осы, жоқ-барды, ертегіні теру. Жоқ, сенің, бұрынғы әдетіңе басып, сауда жасамақ ойың бар ма?

Рауза. Жасаса болады. Сіздер бізді алыпсатар деп кемсітуші едіңіздер, қазір коммерсант деп қастерлейтін болды.

Жамал. Қанша қастерлеп, төбесіне көтерсін, әдемі ат қойып, әспеттесін, бәрібір саудамен айналысу – елді алдау. Сенің өзің өзгені былай қойғанда, құдай қосқан көршің бізді де алдайтынсың.

Рауза (қызарақтап). Ой, қойыңызшы. Біз – совет саудасының қызметкерлері болатынбыз, ешкімді алдауға жол жоқ-ты ол кезде, сіз бүгін мәтелді көп айттыңыз, мен де біреуін айтайын: «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – көн шарық». Адам қай кезде де осы принциппен өмір сүріп келеді. Біз де сөйткен шығармыз енді. Бұл мәтелді осы заманға лайықтасақ, «Заманымыз – нарық, халық–арық, әкім – қара – қарық».

Жамал. Дұрыс. «Байлығыңа – байпағым» деген де мәтел бар. Оны айтқан қазақ – мәрт.

Рауза. Мәрт деген не сұмдық?

Жамал. Қап! Біздің буынның өз тілін жетік білмейтін соңғы адамы бір сен болсаң етті.

Рауза. Жамал Ахметовна, бізді қайтесіз, жастарды айтсаңызшы, соларды сөйлету керек қазақша.

Жамал. Рауза Оразғалиевна, әй – қайдам! Бүгінгі аяқ алысымызбен алысқа бара алмаймыз ба, деп қорқамын. Бұл тұрғыда профессор Мекемтас Мырзахметұлының айтқанын істесе, бітті, мәселе өзді-өзінен шешіледі.

Рауза. Ол кісі не деп еді сонша?

Жамал. «Жоғары оқу орнына түсетіндер міндетті түрде қазақ тілінен емтихан тапсыруы керек. Талапкер қазақ тілінде диктант немесе мазмұндама жазсын» - деген. Бұл дегеніңіз, түптеп келгенде, қазақ балаларының қазақ тілінде оқуын, орыс балаларының қазақ тіліне мықтап ден қоюын талап ету болар еді.

Рауза. Аты – жөні қалай – еді жаңағы кісінің, мықты профессор екен, тауып айтыпты.

Жамал. Мекемтас Мырзахметұлы. Нағыз ұлтжанды азамат. Қазір қазаққа сондай тұлға керек.

Рауза. Дұрыс айтасыз. (Орнынан тұрып). Жүріңіз, шайға барайық.

Жамал (қол сағатын қарап). Түу, демнің арасында түс болып қалыпты ғой, кеттік.
Екеуі кетіп бара жатады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   34




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет