Санатбай. Тапқан екенсіңдер басты салбыратып тосып тұратын ақымақты. Санатбай ондайлардың санатына жатпайды. (Қашуға оңтайланады).
Әшірбек. Ал, зытады бұл. Ұстаңдар. (Бекен шап беріп Санатбайды құшақтап алады. Санатбай жанын сала жұлқынады. Бекен жібермей қыса түседі. Балалар жабылып кетеді).
Бекен. Ал, Әшірбек жақсылап шерт шекесін.
Әшірбек (аспай-саспай). Қалай жақсылап шертпексің? Бұл шертпекті алса, атай алсын. Кінәңды атап-атап көрсетіп алады. Сөйлегенде сай сүйегің сырқырайды. Сонда атайдың шертпек алғанына ыза болудың орнына, қайта бір түрлі жеңілейіп қаласың. Біздікі не, тек тыз-тыз дегізу. (Шертпек ала бастайды). Бір, екі, үш...
Санатбай (байбалам салып). Бәрің жабылдың ғой. Көр де тұр, осыдан қалаға барысымен бокс үйренуге кірісемін. Сөйтіп келіп мұрындарыңды қан жалатпасам, Санатбай атым өшсін.
Әшірбек. Солай ма? Онда тағы ала түсу керек екен.
Санатбай. Алыңдар. Пісіріп жеңдер басымды.
Бекен (қоя беріп). Әй, баршы безілдемей. Ойнағанды да білмейді бұл.
Санатбай. Барам, барам. (Былайырақ шығып барып, қайта бұрылады). Ә-ә, жоқ болмайды екен. Кеткенше кіммен ойнамақпын мен? (Балалар қыран күлкі болады).
Әшірбек. Кел, кел.
Бекен. Жүр кеттік өзенге.
Екінші көрініс
Шаншар атайдың үйі. Атай кемпірі Әлипа екеуі дөңгелек столды ортаға алып, кешкі шайын ішіп отыр.
Шаншар атай. Кемпір, ертеңнен бастап қауынның қарауылына Бекен де шығатын болды. Қауын-қарбыз пісті. Енді оны бір мінәт те көзбен таса қылуға болмайды. Соған енді Бекен екеумізге төсек-орын, бір мезгіл ыстық су қайнатып ішетін шәугім сияқты оны-мұны әзірлеп қой...
Әлипа. Сексенге келіп селкілдегенше қоймайдың-ау, осы бір қарауыл деген шіркінді. Өлетін күн жоқ қой осы. Жаз шықты болды шошаңдап шыға келесің. О, неменем ол? Екі адам тұрмақ, жарты адамға беретін түгім жоқ. Аштан өзегің талып, кендірің кесіліп, таңдайың кеуіп бара жатса, үйге бір мезгіл келіп-кетіп тұр бүгінгідей. Жоқ, әлде үйден безейін деп пе ең?
Шаншар атай. Сексенің не, ей, сенің? Сексенге әлі бақандай бес жыл бар емес пе?
Әлипа. Жетпіс бес сексен емей, немене енді?
Шаншар атай. Жетпіс бес дегенің сөз болып па?! Осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жақсы заман тұрғанда жетпіс бесті айтасың, жүздің өзі жігіттің жасы, әуелім!
Әлипа. Жә, шалым, желікпе! Жетпіс бес те аз емес. Отыр үйде.
Шаншар атай. Отырмаймын. Жүзге келгенше қарауыл болам. Үйде омалып отырғанда ою ойдырып, сызу сыздырайын деп пе едің маған? Жасы үлкен кісіге әр күн жылға пара-пар. Адам өзі өлгенімен оның артында басқаға өнеге боларлық ізі қалуы керек. Ол із еңбекпен жасалынады. Келер ұрпаққа тиесілі тірліктің кем-кетігіне құр кеудеңмен тығын бола алмайсың. Еңбекпен ғана толтырасың. Осыны білмесем бір сәрі, біле отырып, Шаншар сенің қасыңда ошақ күзетіп, жантайып жата алмайды, бір күн де болса, шаруа қамымен жүреді. Көп сөзді қой да сен осыны ұғын. Бұл әңгімені осымен доғарайық.
Әлипа. Сондай қырсық қой бұл, бәсе. Өз дегені болмаса, өзеуреп кетеді енді.
Шаншар атай. Соны білсең, нең бар сөзді көбейтіп? Одан да қауындыққа әкететін заттарды дайында тезірек.
Әлипа. Дайындалар енді. Осы дәл қазір бір жаққа ұшптын кісіше өрекпімей қоя тұршы кішкене бір, шайымызды ішіп алайық...
Шаншар атай. Е-е, сөйтпейсің бе манадан бері, әлдекімнің кемпірі құсамай. (Атай суып қалған шайын бір-екі ұрттап, кесесін төңкеріп тастайды). Қандым, болдым. (Атай енді іргеге сүйеулі тұрған қолдан шапқан қоңыр домбырасын алып шерте бастайды. Әлипа апай мұрнының ұшы жіпсіп, шайды әлі ішіп отыр. Үйге елденеге ренжулі Әшірбек кіреді).
Әлипа(төменшіктеп, көңілсіз). Ассалаумағалейкум ата, сәлеметсіз бе, апа.
(Шаншар атай басталған күйді тоқтатпай тарта береді. Әшірбек үнсіз келіп, дастарқан шетіне тізе басады. Атай бір-екі рет Әшірбекке аңдап қарап қояды. Күй бітті. Атай енді домбырасын басқаша тартып жайымен әндетіп кетеді).
Шаншар атай:
Домбырамды тартамын бабыменен, ахау-ей,
Жылжып ескі перненің табыменен, әйги-әйги, ахау,
Төменшіктеп отырсың ілгері озбай, ахау-ей,
Келдің екен, Әшірбек, тағы немен, әйги-әйги, ахау, әйги-ау.
(Атай домбырасын да, әнін де шорт үзеді).
Шаншар атай. Е-е, батыр. Кәне, төрге шық сәлемші болсаң.
(Әшірбек орнынан бір қозғалып қойып отыра береді. Атай қолымен төрді нұсқап).
– Былай төрге шық деймін мен саған. Ол неменем, бөтен үйге келген адамша сызыла қалғаның? Бір нәрсеге ашулысың ғой өзің.
Әшірбека(ширығып). Рас айтасыз ата. Арбасы да, суы да құрысын. Тасымаймын!
Шаншар атай. Иә, не боп қалды, балам соншама? Ауыр ма екен жұмысы?
Әшірбек. Жоқ. Түк те ауыр емес. Шөпшілер де, аспаз апай да жұмысыма риза. Байбағыс ағай күнде тракторын өшіріп, моторын суытып қойып, маған үстіне су құйғызып, жуынып-шайынып рақаттанып қалады. «Қанша ыстықтап өліп бара жатсаң да үлкен адамға ештеңе дей алмайсың. Суды Иман ақсақалдан гөрі сенің тасығаның жөн болар еді бізге», – деді әуелі бағана.
Шаншар атай. Дұрыс-ақ. Кәрі мен жасты салыстырып бола ма, шынында. Шал апарған су – шалап, бала апарған су – бал. Ашуыңа жол болсын. Соны айтшы енді алдымен?
Әшірбек. Кеше Байбағыс ағай: «Әшірбек, сен бұл арбаны ауылға текке салдырлатып бостан-босқа қуып қайтқанды қойғын. Мойнақ жырасын сәл өрлесең, бір қора қойдың орнындай жерде жабайы жоңышқа, солқылдаған бидайық тұнып тұр. Әнеугүні ол жер ойдым-ойдым болған соң трактор жүре алмай тастап кеткенбіз. Көрдің бе, әне арбаңда Иман қарттың шалғысы мен айыры дап-дайын жатыр. Бар да соны шауып ал. Бүгін шап, ертең шап, үйіңе түсіріп ал, әйтеуір. Қазір бірден сонда тарт», – деді.
Шаншар атай. Өте дұрыс айтқан. Шаруаның жайына қанық бала ғой ол. Ондай істің көзін білетін үлкеннің тілін алу керек.
Әшірбек. Өзім де сөйттім. Келсем, Байбағыс ағай айтқан жерде шөп шынында да жайқалып тұр екен. Арбаны доғарып, трактор торыны отқа қоя бердім де іске кірісіп кеттім. Содан екі күн шаптым. Сөйтіп, бағана шалғыға ілінеді-ау деген шөпті түгел жамсатып салып пора-порам шығып отырсам, сай аузында маған қарай біреу далбақтап шауып келеді. Қолын сермеп кіжініп, айқайлап қояды. «Мұнысы несі, кім екен?» – дегенімше болған жоқ, келіп қалды. Мұсатай ағай екен.
Шаншар атай (орнынан бір қозғалып қойып). Иә, оған не көрініпті, сонша бала құсап жалғыздан-жалғыз шапқылап?
Әшірбек. Мұсатай ағай атын омыраулатып келіп. «Әй, иттің баласы, қара, шабындықты ортасынан ойып шауып жатқанын. Кім право берді саған білгеніңді істеуге? Жек атыңды, жоғалт көзіңді», – деді. Содан аузына ақ ит кіріп, қара ит шықты. Мен қасарысып, қыңбадым. Ол әбден жер-жебіріме жетті. Мен айтқан тілін алмадым, отыра бердім. Ол енді қатты ашуланып, маған қамшысын көтерді. Мен қорғанбақ болып шалғыға жармастым.
Шаншар атай (разы кейіппен қозғалақтап). Міне, жігіт.Әбден дұрыс еткенсің. Өзін-өзі қорғай алмағанды өзгелер қорлай алады.
Әшірбек. Мұсатай ағай шошып кетті білем, атын шегіншектетіп анадай жерге барып тұрып: «Бала, ақыры тіл алмадың, апар-апар. Айтпады деме, бұл – қоғам мүлкі. Заң бар, Жылқыбаев сот бар. Маған қыңбадың ғой, ақыры, жазаңды сот береді енді. Ерлігіңді ертең көрермін. Участковой милиционер екі қолыңды артыңа тас қып байлап тастап, ауданға айдап бара жатқанда сөйлесемін мен сенімен», – деп сай аузына қарай қайтадан шаба жөнелді.
Шаншар атай (қызарақтпп). Ағай болмай, құрып кетсін ол, құрып кеткір. Ағай емес қорқау, қарау демейсің бе, ол ағадан садаға кеткірді. Ал, мейлі, ол кетті ала шапқын болып, сен қайттің енді?
Әшірбек. Көңілім әлейім-желейім болып, әр түрлі ойға кеттім. Ақыры. «Бұл – қоғам мүлкі екен. Қой, тимейін», –дедім де ауылға тарттым. Жаңа ғана жолығып білдім, Мұсатай ол шөпті өз үйіне түсіріп алуға Сәлімді жұмсапты. Осыған не айтар екен деп сізге келіп отырмын. (Күйініп). Не істеу керек?
Шаншар атай (ширығып, ойланып қалып барып). Не істеу керек? Өстеді бұл оңбағандар. Қолына тиген кішкентай билікті өзінің оспадар мінез-құлқы мен әулекі әрекетін өрге бастыруға пайдаланады.
Әлипа. Апырай, десеңші. Қайдан шығады екен түге осылар?
Шаншар атай (Әлипаға). Қайдан шықсын? Надандық та баяғы. (Әшірбекке). Ол шөп қоғам мүлкі болса, Мұсатай неге адам жұмсайды оған? Немене, оның аяғы аспаннан салбырап түсіпті де, өзгелер өгей бала ма екен? Болмайды бұл. Біз де біргәдір болғанбыз бір кезде. Біз де бірдеңені білеміз! Оның ойынша біргәдір деген ойына келгенін істейтін адам. Жоқ, олай емес! Біргәдір деген өкімет сеніп қойған халықтың сенімді өкілі, көз-құлағы. Қой, оның мұнысы жарамаған екен, барайын мен оған қазір. Сен енді режімей, шай іш те үйіңе қайт. Мен тірі тұрғанда ол шөп енді ешқайда қашпайды.
Әшірбек. Шайға рақмет, қайтайын, ата. Атты отқа қоюым керек еді. Барайын.
Әшірбек кетеді.
Шаншар атай (Мұсатайдікіне жинала бастайды). Оңбайды екен-ей бұл Мұсатай. Қаршадай баланың еңбегін жеді деген не сорым ол? Қой, барып келейін. Ол заң айтып қорқытқан екен ғой баланы. Айналайын өкіметім адамды қашан алалап-құлалап көріп еді? Заң да, зәкүн де, жақсылық та бірдей бәрімізге. Мұсатай кеңдік көрсін, өңгелерің кемдік көр дегенді ешқашан естіген жоқ едік қой. Мұсатайдың мұнысына басқа біреу көнер-көнбес, бірақ Шаншар көтермес.
Әлипа. Қойшы соны. Деміне нан пісіп тұрған неме екен. Түсінсе жақсы, түсінбей бірдеңе деп жүрсе, ұят-ты... Отыр үйде...
Шаншар атай. Қой әрі. Қит етсе болды, отыр-отыр. Бүйте берсең сен мені аздан соң тірінің тізімінен шығарып тастап тынарсың, тегі.
Кетеді.
Әлипа (дастарханды жинап жүріп, шалына жаны ашып, қамқор көңілмен елжіреп). Осы ауылда мұнсыз таң атып, күн шықпайтындай болып көрінеді де тұрады бұл жазғанға. Бір күні Мұсатай сияқты біреу: «Қақшаңдамай әрі жүр», – деп бетін қайтарып тастап жүрмесе болды-дағы байғұстың. Ол бір жүрген айқайшы, әшейін. Бір ауылға бір айқайшы керек те сияқты бір себептен. Әуелден-ақ солай еді ғой. Бала-шаға бетімен кетпес пе еді, әйтпесе. Мұсатайдікі де қызық екен. Біргәдір басымен қаршадай баланың шапқан шөбіне жармасып не зор келді екен деймін-ау. Тентек қойдың миын жеген шығар тегі. Бүйткен шолақ белсенділік кімге керек екен? Екі ортада дастарханның рәсуәсі шыққанын қарашы енді...
Үшінші көрініс
Мұсатайдың үйі. Дөңгелек стол басныда тігін машинасымен іс тігіп Күләнда отырады. Бір сәт тігуін тоқтатып әндетіп кетеді.
Ән бастала бере ішке Мұсатай еніп, тыңдап тұрып қалады.
Мұсатай. Бәсе, кімнің әйелі дейсің бұл?! Мұсатай білген ғой басында кімге үйленуді. Айналайын қатынынан.
Күләнда. О-ой, қойшы Мұсатай, ойбай, бұлай дегеніңді. Біреу-міреу естісе, ұят-ты...
Мұсатай. Неге ұят?! Осы ауылда кімнің қатыны музыкальный? Әрине, Мұсатайдың қатаны музыкальный!
Күләнда. Жә, өзеурей берме. Үй артында кісі бар, ұялсайшы...
Мұсатай. Қойдым, қойдым. Ендеше әкел, сусыныңнан...
Күләнда. Сабыр ет кішкене. Жасап жатырмыз ғой, міне.
Мұсатай. Әлгіден бар ма еді, бірдеңең?..
Күләнда. Ол не еді, тағы?
Мұсатай. Тамақ жібітетініңді айтамын-дағы әлгі...
Күләнда. Арақ па. Жұмбақтамай-ақ айтпаймысың ол пәлеңді. Жалғыздан жалғыз отырып арақ ішіп, не жаныңа зор келді сонша?
Мұсатай. Кісі келеді қазір. Кеше басталмаған бір бөтелке қалған сияқты еді ғой. Әпкел, бері, сол жетер Сәлім екеумізге. Жетпесе тағы алдырармыз.
Күләнда. Қай Сәлімді айтып отыр? Бала Сәлім бе? Оған не бопты, жасына жетпей жатып арақ ішіп? Сен енді өзің ішкеніңмен қоймай, бала-шағаны да бұзғалы жүрмін де.
Мұсатай. Әй-әй, абайлап сөйле, сен. Қазір ол осында қайқайта басқан бір арба шөп әкеліп түсіреді. Тегін істемек пе біреу сенің жұмысыңды? Алдына бір бөтелке қою – парыз. Іше ме, қоя ма, өзі білсін. Ол ішпесе, мына мені ішемін. «Бригадирдің үйіне барып ем, қара қазан екен», – деп жүрмесе бопты, әйтеуір. Әкел деген соң, көп сөзді қойып, әкелмей ме екен қатын деген.
Күләнда ас үйге шығып кетіп барып, бір бөтелке арақ алып келеді.
Күләнда (арақты столға қойып жатып). Ал, мә, іш осыдан бірдеңе шықса. Әй, қайдам түбі құртатын шығар бұл адамды. (Мұсатайға аңтарыла қарап). Аты-жөні жоқ, шаңқай түсте түсіріп алатын қайдан шыққан шөп ол?
Мұсатай. Қатынға сондайды білудің қажеті қанша? Еркектің тапқан-таянғанын тастай қатып ұқсатып үйде отырса, жетпей ме, бұл әйел дегенге?!
Күләнда. Жетпейді. Сен мені түкті сезбейді деп пе едің? Сен сол шөпті қайбір белімді сындырып шаптым дейсің. Ұрлық шөп қой ол. Көрсетпе көзіме! Адал еңбекпен тапқан малың ба, әкел бері, көгенім толсын. Арамдықпен таптың ба, әкет әрі, көрмегенім болсын!
Мұсатай. Не дейді-ей, мынау?! Айтпаймын ал.
Күләнда. Айтпайды екенсің. Сәлімді мен бұл үйдің маңайына да жолатпаймын. Арбаның даусын естісімен алдынан шығамын да: «Ары апар арам пәлеңді», – деймін.
Мұсатай. «Ауыз – өзімдікі» – деп сөйлей береді екен ғой адам деген бұл.
Үйге ашулы Шаншар атай кіреді.
Ол табалдырықтан аттай бере қатты күйініп сөйлейді.
Шаншар атай. Бүйткен кісілігің бар болсын сенің. Елу шертпек. Әкел бері шақша басыңды! Тос бермен! (Мұсатай жаңағы батырсынған кейпінен лезде айырылып, Күләндаға бір, Шаншар атайға бір қарай береді).
Мұсатай (арақты лып еткізіп стол астына сүңгіте беріп). Осы сіздің шертпегіңіз таусыла ма, әлде, жоқ па? Бәлкім, өле-өлгенше сізге шекемізді тосумен, күн кешерміз. Қит етсе, шертпегіңізді ала жүгіресіз. Жә, енді оның жөні бола қоймас.
Шаншар атай. Ә-ә, солай де, қызталақ. Көрсетейін мен саған жөнді. Қаршадай баланың қабырғасы тыржыңдап, азаптанып шапқан шөбін тартып алған, арақты тығып ішкен сенікі жөн де, сен тентекті тезге салғысы келген менікі жөн емес екен ғой! Қарай гөр-ей, мұны. Сен Әшірбекке – заң, зәкүн айтып, Жылқыбаев сотты айтып қорқытқан екенсің. Ал, саған Жылқыбаев сот мына мен. Сені мен соттаймын. Үкім – елу шертпек. Қане (Шаншар атай Мұсатайға тап береді. Мұсатай сасып қалып Күләнданы паналайды. Сөйтеді де күліп ыржақтап, қулыққа көшеді).
Мұсатай. Хи-хи... Бұл жарықтықтың ашуы қатты енді. Келінінен де шертпек алар ма екен, қайтер екен, а?
Шаншар атай. Келінге жаңа ғана одыраңдап, оспадарсыз бірдемелерді айтып жатпап па едің? Енді панаң болды ма, бөлем. Шөпті қайда түсіріп алдың, қане? Соны айт, алдымен. Шаншарға шалтай-балтайдың кәпекке керегі жоқ. Бір талын қалдырмай қайтар баланың шөбін өзіне.
Күләнда. Күмілжіген түрің жаман еді, бәсе. Оңай олжа қайдан ғана келе қалды деп едім-ау...
Мұсатай. Шөбі құрысын. Әкеледі қазір Сәлім. Апарыңдаршы өзі, бір бау шөп-шаламды басыма пәле қылмай.
Шаншар атай. Солай ма екен? Ендеше, қазір келген соң Сәлімді бірден Әшірбектің үйіне жұмса!
Мұсатай (бір қулық ойланып барып, қатуланып). Жоқ. Өйте алмаймын мен! Сарайға апарып түсіреді оны! Қызғанғанның қызыл итке! Ал, әйтпесе. Сендерге ерегіскенде, өстейін мен енді. Ал, онда қайтер екенсіңдер?!
Шаншар атай. Бұл не дегенің сонда?
Мұсатай. Колхоздың шөбі колхоздың сарайына түседі дегенім.
Шаншар атай. Ондай құйтырқының керегі не? Ешкімнің де шөбі емес, Әшірбектің адал еңбегі – ол. Шөптің иесі – сол.
Мұсатай. Е-е, жоқ, болмайды мұныңыз. Үйінің іргесінде жиырма бес сотых жері бар ма? Бар. Әне, шапсын соның жоңышқасын. Тыржыңдай ма, мылжыңдай ма, өзі білсін. Ал колхоздың шабындығынан аулақ жүрсін.
Шаншар атай. Тапқан екенсің сен ондай қоқан-лоқыңнан қорқа қоятын ақымақты. Зәкүнге жүйрік екенсің, айтшы қане, өкімет не дейді жеке меншік турасында?
Мұсатай. Не десін? Жеке меншікті жою керек дейді де.
Шаншар атай. Бәсе, сол екен ғой қырып бара жатқаның. Бар бол, бар болғыр. Елде бардың ешқайда кетпейтінін сен білмегенмен (сұқ саусағын жоғары нұсқап) ана жоғары жақтағылар біледі.
Мұсатай. Маған керегі жоғары жақ емес, басқарма. Сәкең: «Жан адамға бір тал шөп татырма», – деген, татырмаймын. Айтқанға көнбейді екенсіңдер, апарыңдар. Ертең кеңседе көремін бәріңді. (Күләндаға қарап). Осыларға дем беріп отырған сені де шақыртам Сәкеңе.
Күләнда. Шақырт, сенің сөзіңді сөйлейді деп ойлама, бірақ.
Шаншар атай. Шағынатының басқарма болса, бар. Бір арба шөпті өзімен бірге ала келіп пе еді ол сондай-ақ?
Мұсатай. Ала келсін-келмесін, ол – бастық. Ал мен – бастықтың айтқанын істейтін адаммын.
Шаншар атай. Әй, байғұс, балам-ай. Сол ғой, бәсе, сендерді құртып жүрген. «Бастық, бастық», – деп естерің кетеді де жүреді. Өзінің айтар ойы, пікірі жоқ адам әмәнда сөйтеді. Бастықты сағалап емес, кішіні іні, үлкенді ағалап жүрген адам озады, түптің түбінде.
Мұсатай. Мейлі, қайтсе де, маған бастықтың айтқаны – заң.
Күләнда. Үлкеннің айтқаны қайда қалады сонда?
Мұсатай. Үлкен-кіші деп сызылып тұратын күн қалған әлдеқашан. Бастық бар, бағынушы бар қазір.
Шаншар атай. Үлкенмен санаспаған – халықпен жанаспаған. Соңғы айтарым осы саған. Болды. Шөп Әшірбектің үйіне түседі.
Мұсатай. Түссін, түссін. Ертең сарайға жаяу арқалап тасып жүрмесеңдер бопты, әйтеуір.
Шаншар атай. Оған қам жеме. Сенен келгенді көріп-ақ алдым. (Шаншар атай кетуге ыңғайланады).
Күләнда. Ата, отырыңыз, қымыз ішіңіз. Шөп қайда қашар дейсіз, енді сіз кіріскен соң...
Шаншар атай. Соны айт, тегі. Әкеле ғой қымызыңнан. (Күләнда сапырып бір кесе қымыз құйып береді. Атай сол тұрған жерінде тізе басып, дем алмастан кесені басына бір-ақ көтереді). Ал, рақмет, қарағым. Қой, тұрайын.
Күләнда. Дайын боп қалды, тамаққа қараңыз, ата.
Шаншар атай (орнынан көтеріліп жатып). Рақмет. Көп жаса, балам. Шаруа бар. Қауынның басына барып түнемекші едім, қайтайын.
Күләнда (жымиып). Ата, онда мына балаңыздан жаңағы елу шертпекті алмайсыз ба?
Шаншар атай балаша мәз болып күледі.
Мұсатай ашулы, Күләндаға ала көзімен ата қарайды.
Шаншар атай (күлкісін басып). Ашуым басылып қалды, болмайды енді. Сол елу шертпекті байладым, балам, саған. Мұсатай сені паналаған екен, қалай тақақтайын? Кештім. Ал, жақсы.
Күләнда. Жақсы, ата. Сау болыңыз.
Кетеді.
Мұсатай (Күләндаға кіжініп). Әй, сенікі не жаңағы? Сонша ақ жүрек бола қалғаның неменемнің ақысы ол? Жоса-жосаңды шығарайын ба осы отырған жеріңде! Ертең бастыққа айтып, шөптің не екенін көрсетемін мен ол сыңар езу, еріккен есер шалға. Шертпекті менің басымнан алар ма екен, жоқ әлде, өзінің қаңқасынан алар ма екен, қайтер екен? Көреміз сонда!
Күләнда. Өзеуреп өңмеңдемей, ешкімге тиіспей жүр деп айта-айта шаршадық қой, осы саған? Ана атам қанша шертпек алса да әлі піспеген сенің басың. Тағы да ала түссе екен!
Мұсатай (ашуланып). Мынау қайтеді-ей, тақылдап? Шертпекті өз басыңнан алса, көрер ем өстіп тіл мен жағыңа сүйенгеніңді.
Күләнда (кекесінмен). Сөз-ақ қой. Менен не деп алады атам шертпекті? Сен құсап кім көрінгенге жөн-жосықсыз әкіреңдемесем, біреудің ала жібін аттамасам, жан адамға қиянат жасамасам, несі бар менде атамның?
Мұсатай (ашу шақырып). Әй, не деп тантып тұрсың өзің? Шөп пе тағы айтпағын? Мейлі, апарып түсірсін. Мұсатайдың оған башпайы да қисаймайды. Бригадирге шөп табылады қашан да. Біле білсең, колхоз шаруасын тіреп тұрған бригадир, вот!
Күләнда. Тәк-тәк, арындама. Дүниенің тұтқасы бір өзіңде тұрса да.
Мұсатай. Жалпақ дүниеде нем бар менің? Ал, осы колхозды колхоз қып отырған мына біз – бригадир көкелерің боламыз.
Күләнда. Басқа жұрт қайда қалады сонда?
Мұсатай. Бастық демексің ғой...
Күләнда. Бастығыңды қайтем? Еңбекші елді айтам.
Мұсатай (кіргіп). Еңбекші! Еңбекші біз не айтсақ, соны істейді.
Күләнда. Еңбекші болмаса, кімге айтпақсыңдар сендер. Еңбекшісіз кімге керек сендердің соқа бастарың.
ЕК І Н Ш І Б Ө Л І М
Төрінші көрініс
«Кербұлақ» колхозы басқармасының председателі Сәбит Бегеновтың кабинеті. Председатель қағазға бір үңіліп бір, екі үңіліп екі есепшот қағып отыр.
Шаншар атай кіреді.
Шаншар атай. Ассағалаумағалейкум.
Сәбит (орнынан ұшып тұрып, атайға қарсы жүреді). О-о, ақсақал, мұныңыз қалай? Үлкен адамға сәлемді біз бермейтін бе едік алдымен? Сәлеметсіз бе?
Шаншар атай. Аманшылық. Бұ күнде үлкен-кіші жоқ, бастық бар дегенге жалпаңдап жатқаным да, балам.
Сәбит. Оны кім айтып жүр тағы? Ата дәстүрін атта деу ғой бұл.
Шаншар атай (разы болып). «Түсі игіден түңілме» – деген, шырағым. Түсің де, сөзің де жақсы екен. Жөн-жөн. Ал сәлемге келсек, оның жөні осы. Жас та болсаң – бассың. Сәлем бізден. (Екеуі қол алысады).
Сәбит. Ал, отырыңыз, ақсақал. (Шаншар атай өзі тұрған тұстағы орындыққа отыра кетеді). О, болмайды мұныңыз, былай төрлетіңіз. (Сәбит атайды қолтығынан демеп тұрғызып, ілгері оздырып отырғызады).
Шаншар атай (ыңғайсызданып). Тіптен мені үлкен төреше қолпаштадың-ау, қарағым-ай.
Сәбит. О, не дегеніңіз, қария. Қошемет те, құрмет те сіздерге көрсетілмей, кімге көрсетілмек енді?
Шаншар атай. Сөз-ақ қой. Білгенге солай, білмегенге амал аз, айтарың – нала-наз.
Сәбит. Мынауыңыз есте болатын жай екен. Сіз осы Шаншар... (кібіртіктеп қалады).
Шаншар атай. Иә, Шаншар деген еріккен тентек шал мен баламын, шырағым. Адам жіберіп шақыртыпсың, соған келіп отырмын.
Сәбит (жымиып қойып). Келіңіз, келіңіз. Шақыртқаным рас. Оның өзі бір... (Сәл тоқталып, екі ойлы жүзбен, атайға аңдап қарап қалады).
Шаншар атай. Айта бер, балам. Ауызға келген түкірік – қайта жұтса мәкүрік. Аямай-ақ қой, айта бер.
Сәбит. Айтқанда, өзіңіз білесіз, қазір қат-қабат науқанның қызған шағы. Пішін дайындау, егін жинау, қант қызылшасын күтіп-баптау, осының бәрінің қызып тұрған кезі. Үлкенге де, кішіге де сын болып жатқан осындай қарбалас, жауапты шақта арамыздан колхоз мүлкіне қол сұғушылардың шыққаны қатты қынжылтып отыр бізді. Сондай бір арба шөп ұрлаған баланы бригадир ұстап алса, сіз ара түсіпсіз. Әрі ойлап, бері ойлап, соның жөнін біле алмай дал болғаным. Осыған бір ауыз өз лебізіңізді естісем деп едім.
Шаншар атай. Солай де, қарағым. (Атай шилығып). Жөн-жөн. Ендеше, менің де бірер сұрағым бар өзіңе. Сендер сабылып жем-шөп жинап жатқан мал кімдікі өзі?
Сәбит. Қоғамдікі.
Достарыңызбен бөлісу: |