Тәттігүл. Көретін, білетін нәрсе жетеді, дәл мұрындарыңның астында бәрі. Қызына күйеуді, баласына қалыңдықты өзі таңдап беретін болған қазір ел. Немене, біз солардан сорлы болыппыз ба? Жоқ, сендерді білмеймін, мен өзімді ешкімнен кем санай алмаймын. Мен де өзім қалаған жерге беремін қызымды.
Оспан. Біреу өйтті, біреу бүйтті екен деп көшірме өмір кешетін жайым жоқ менің. Мен өз жөніммен, өз жолыммен жүремін.
Зәуре. Папа, тамаша айттыңыз!
Тәттігүл (Зәуреге). Жә, үлкендермен қабаттаспа! (Оспанға). Ондай кертартпа сөзің өзіңе. Біліп қой, мен осы жұрт отқа түссе, отқа, суға түссе, суға түсемін. (Зәуреге). Сен қыз бүгін өлдім-талдым деп тиіп алып, ертең құтыла алмай қор боласың ол пәлеңнен.
Оспан. Сен өйтіп сәуегейлік айтпа. Жастар ертеңіне күмәнмен емес, үмітпен қарауы керек.
Зәуре. Рас, папа.
Тәттігүл. Болды. Жынымды келтіре бермеңдер енді екеуің. Әкем-ау, неткен түкке түсінбейтін кеще еді бұлар? Әке-шешесі жора-жолдас, аралас-құралас адамдардың балаларының некесі берік болатынын неге білмейді бұлар а?!
Оспан. Білмейміз. Білудің қажеті де жоқ. Білетініміз – бір-бірін сүйген екі жас қосылуы керек. Өз тағдырын өзі шешсін Зәуре.
Тәттігүл. Шешепейді. Бұған ерік беру – ерте. Мен айтқан жерге барсын, үйлі-күйлі болсын, сонда: «Ал, қызым, тізгінді мықтап ұста!» – деп жол болсын тілейміз.
Оспан. Жетелеуден басқа түк көрмеген жас жетілмейді.
Зәуре. Папа, гениально!
Тәттігүл. Сен қыз оп-оңай одақтас таба қойыпсың, оныңның жөні бола қоймас. Оспан – менің байым, менің одақтасым. Сен де әжептеуір біреуге ти де, соған тіліңді алғыз. Ана жалаңаяқ Ерланың саған жар болмайды. Сен алғаш жігітім Ерлан дегенде мен оныңды Әлім жездемнің баласы екен деп қалғанмын. Саған ақыры Ерлан керек екен, онда соған ти.
Оспан. Кімге-е?
Тәттігүл. Әлім жезденің Ерланына. Біліп қой, Зәуре Әлім жездеме келін болмаса, бір күн де тұра алмайсың сен бұл қызметте, ұшып кетесің орныңнан.
Оспан. Тұрмай-ақ қойдым. Зәуре сүйгеніне барсын.
Тәттігүл. Түсіп көр қызметіңнен, сол заматта ажырасамын мен сенен. Ноқтаңды түріп, айдап қоя беремін.
Зәуре. Мама!
Оспан. Міне, сөз. Сонда мен адамдығыммен, арыммен емес, атағыммен, қызметіммен жолдас болып жүр екенмін ғой саған.
Тәттігүл. Енді қалай деп едің? Біле білсең, сені осы дәрежеге жеткізіп отырған мына мен. Мен болмасам, әлдеқашан қаңғып кететін едің.
Оспан. Қалайша?
Тәттігүл. Солайша. Жақсы әйел жаман еркекті таққа, жаман әйел жақсы еркекті тасқа отырғызады.
Оспан. Иә, оның рас.
Зәуре. Біздің мамамыз – философ.
Тәттігүл. Менің тілімді алсаңдар, қор болмайсыңдар. Қызым, менің айтқаным болады дедім бе, болады. Өлем-тірілем, болдырамын. Әлім жездем мен Балқия тәтеме жақсы келін керек, ол – сен. Әкеңді сүйреп жүрген сол жездем, ол – бізге әркез керек адам.
Зәуре. Жоқ, мама. Болды, мен айтарымды айттым.
Оспан. Сенің жездең – болмашысын пұлдайтын күмпілдек, үрген қарын... Сен сонысына сеніп жүр екенсің ғой. Жо-о-оқ...
Тәттігүл. Сонда сен қайтіп бастық болып жүрсің?
Оспан. Еңбегіммен болып жүрмін.
Тәттігүл (кекетіп). Еңбегіммен! Ойбай-ау, еңбекті кім істемейді, бастық болып жүргені қайсы солардың? Сені жездеме айтып мен өзім өсіргенмін.
Оспан. Қолынан біреуге не жақсылық, не жамандық жасау келген адам ғана адам. Олай ете алмаған адам – әшейін біреу. Сенің жездең сол әшейіндердің санын көбейтіп жүрген адам.
Тәттігүл. Болды! Сендер қызың екеуің жыныма тие бермеңдер, әйтпесе...
Зәуре. Мама, абайлаңыз, қазір стресс, инфаркт заманы.
Тәттігүл. Жоқ, қызым, қазір СПИД заманы. Онымен кім ауырады? Жатақханада сенің Ерланың құсап қаңғып жүргендер ауырады.
Зәуре. Жоқ, мама, Ерландар – жатақхананы құтқанаға айналдырып жіберген жігіттер. Маған мынандай жиһазды үйден жатақхана, ұрыс-керісі көп отбасынан жастар ортасы артық.
Оспан. Дұрыс айтасың, қызым. Азғындар еңбек етіп жүрген жігіттердің ортасынан емес, біз сияқты бастықтардың балаларының арасынан шығып жатыр.
Тәттігүл. Түу, сендерге сөз айтып болмайды екен! Түңілдім мен екеуіңнен!
Оспан. Қайтемез, өзің біл.
Зәуре. Мама, сіз түңілген жоқсыз, түсіндіңіз бізді. Сол үшін мен сізге бір ән айтып берейін. Әннің аты – «Махаббат – от-жалын», тыңдаңыз. (Көңілденіп әндетеді).
3
Махаббат – ол асау жүрек – от-жалын,
Шын сүйгеннің шарпымайды оқ талын.
Жүрек – жалғыз, махаббат та біреу-ақ,
Өзге жанды қалай алман, жоқ халім.
Қайырмасы:
Келмейді ұнап күйгім,
Мен оны құлап сүйдім.
Біз – енді бір-ақ әнбіз,
Бұрауы құлақ күйдің.
Махаббатты қастерлеп мен өтейін,
Дей алмайды ешкім мұны төте мін.
«Сүйем», – дестік, қол алыстық, серттестік,
Аяулым – ол, емес енді бөтенім.
Қайырмасы:
Махаббат – ол сүйгендердің еншісі,
Тек адалдық – қос жүректің емшісі.
Арманы бір адамдарды айнытпас,
Еш суық қол – әзәзілдің елшісі.
Қайырмасы:
Тәттігүл (тыжыранып). Қызым, шаруаң біткен екен!
Зәуре. Мама, бұл ән ғой! Ән...
Оспан. Зәуре, мамаңда ән тыңдайтын ахуал жоқ. Одан да мазасын алмай, өзді-өз бөлмемізге кетейік.
Оспан мен Зәуре кетеді.
Тәттігүл (сазарып отырып қалады). Барыңдар-барыңдар, көрсетемін мен сендерге Тәттігүлдің кім екенін! (Телефонға төніп, нөмірін теріп жатып). Өлем-тірілем, дегеніме жетем.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Әлім үйінің бай жиһазды қонақжай бөлмесі. Үй иелері Әлім, Ерлан бір-біріне тоң қабақ болып отыр. Бұрыштағы телефон шылдырайды.
Балқия (барып трубканы алып, құлағына тосып). Ия-ия. Келді... Бәріміз үйдеміз. Біз де кірісіп жатырмыз сол әңгімеге... Ерлан ба?.. Қайда барады, көндіреміз...
Ерлан. Мама, қысқартыңыз бұл әңгімені. (Таяп келіп телефон рычагын баспақ болады).
Балқия. Баршы әрі!.. (Трубкаға). Жо-жоқ, саған емес... Әлім ғой қытықтап тұрған. (Ерлан рычагқа қолын тағы созады). Жоғал! (Телефонға төне түсіп). Тәтті, өстіп жоқ жерде ойыны келіп тұрады жездеңнің... Ерланнан ұялмайды... Баласының көзінше ойнай береді бұл.
Ерлан. Мама. Сонша әртіс болғаныңыз! Жетеді, тастаңыз бос әңгімені. Одан да әкеліңіз тыққан арағыңызды.
Балқия. Тәтті, жарайды, қалғанын қазір барған соң сөйлесеміз. (Телефон трубкасын орнына қояды). Балам-ау, не болды саған сонша ентелеп? Әлім, кісімен сөйлесіп жатқанда кішкене бір қой десең қайтеді балаға?
Әлім. Тапқан екенсің қоятын баланы. Бер-бер, құйсын құқылдатып құлқынына.
Балқия. Жүріңдер, жиналыңдар, Тәттігүлдің үйіне барамыз. (Ерланға). Сол үйден ішесің. Арақ-арақ дей бергенше, әуелі қызды икемдеуді үйренсең етті.
Ерлан. Алдымен жүз грамм беріңіз. Содан кейін жүз қызды ал десеңіз де, мақұл!
Балқия. Бәсе, ақылы бар менің күнімнің!
Әлім. Жүзі нене керек, Зәуре жетеді, бізге.
Балқия. Иә, Зәуре керек бізге. Зәурені алсаң, арақ жетеді саған. Ас үйдегі шкафта тұр арақ, бар да құйып іш жүз грамыңды.
Ерлан ас үйге кетеді.
Әлім. Мынау тез көнді ғой өзі.
Балқия. Айтпа, құдай берді деген осы! Зәуре біздің келініміз деп есепте енді!
Әлім мен Балқия тәтті қиял құшағына еніп кетеді.
Екеуі дәл осы орындарында шіреніп отыр. Есіктен Оспан мен Тәттігүл асығып-аптығып кіріп келеді. Екеуі де естері шығып, еліріп алған.
Тәттігүл. Жезде, әкпе, жастар келе жатыр!
Оспан (жастар кірген есікке бұрылып). Ал, қарағым, атта ақ босағаңды!
Зәуре мен Ерлан кіреді. Зәуре сәукеле киген, беті бүркеулі. Ерлан қара костюм, ақ көйлек киіп, галстук таққан. Екеуі жарасып тұр.
Тәттігүл. Ал, Оспан, беташар айт!
Оспан. Қой, қыз әкесі беташар айтушы ма еді!
Тәттігүл. Әй, бай-құ-шым-ай, Әлім жездем мен Балқия тәтем келін түсіргенде беташар айтпай, қайда айтпақсың енді?!
Оспан. Ләппай, бажеке, әкпе! (Қолына домбыра алып шертіп-шертіп жіберіп, шырқай жөнеледі).
Төрде тұрған Әлекең,
Тұрған бойы ән екен,
Қайын атаңа бір сәлем,
Болып кетед әлі әкең.
Қасындағы қайын енең,
Барлық іске дайын, елең,
Балқияға бір сәлем,
Білгір елдің жайын ерен.
Тәттігүл. Өй, деген!
Құтты болсын, қарағым,
Келген жерің, жар-жар,
Ақ сарай бұл, қарағын,
Енгендерің, жар-жар.
Бір-біріңе мәңгілік
Жар болыңдар, жар-жар,
Жеткілікті мал-мүлік
Бар болыңдар, жар-жар.
Әріден Ерланның даусы естіледі.
Ерланның даусы. Мама, мынау аз болды. Бар ма, тағы жүз грамм керек.
Әлім мен Балқия сергіп, тәтті елес ғайып болады.
Әлім. Бар, анауың тағы сұрап жатыр.
Балқия. Жетеді. Бере берсең, іше береді ол.
Ерлан кіреді.
Ерлан. Неғып отырсыздар маужырап? Мама, мен не дедім сізге? Тағы жүз грамм тауып бер дедім. Қане, әкеліңіз.
Балқия. Болды енді, жоқ. Қазір Тәттігүлдің үйінен ішесің қалғанын.
Ерлан. Онда жүріңіздер тезірек!
Әлім. Жүр. Сенің ындыныңды құрытқан қыз болмай, жүз грамм болып жүрмесін.
Балқия (жақтырмай). Сен де айта береді екенсің әрнемені! Менің күнім айтқанға көнеді.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Оспанның үйі. Тәттігүл Балқиямен жаңа ғана сөйлескен, телефон түбінде отыр.
Тәттігүл (орнынан тұрып жатып). Қой, шай қамына кірісейін. (Сәл ойланып қалады). Апырай, не болар екен? Әңгіме асқынып кетіп, бірдеңені бүлдіріп алып жүрмесем, жарар еді. Әй, бірақ, Балқия аяр өлген адамға да жан салар, Зәурені көндіру де сөз болып па оған? Оспанды Әлім жездемнің мысы баспас деймісің, басады, көнеді.
Зәуре шығады.
Зәуре. Мама, мен кеттім. Ерланды ертіп келемін.
Тәттігүл. Керегі жоқ. Отыр. Үйге кісілер келеді.
Зәуре. Кім?
Тәттігүл. Әлім жездем мен Балқия тәтем. Саған құда түседі.
Зәуре. Мама, бұл не сөз?
Тәттігүл. Қызым, білесің ғой, менің бір қасарыссам, қайтпайтынымды. Айтқан тілді ал. Тексіз қаңғыған Ерлан емес, өзіміз білетін Ерланға – керекті адамның баласына ти. Жездем – қала әкімі. Ол әкеңе көз қырын салып жүрсе, жаман болмаймыз. Баласы институт бітірген, қызметкер. Жездем аман болса, күні еретең-ақ ол бастық болады. Үй де, машина да дайын. Әрі алысқа бармайсың, есікпе-есік көршіміз боласың. Бас ауырып, балтыр сыздай қалса, керексің.
Зәуре. Сіз өйтіп басты қатыра бермеңіз. Жалпы, бұл әңгімені қойыңыз, әйтпесе аяғы жақсылыққа апармайды. Мен Ерланды өйтіп кемсіте бергеніңізге төзе алмаймын.
Тәттігүл. Мәс-саған, безгелдік! Жөндеп танымай жатып қорғайды ғой-ау мынау жігітсымағын!
Зәуре. Енді қалай деп едіңіз? Ерлан ғана емес, жалпы, білмейтін адамыңыз туралы бір ауыз да жаман сөз айтпаңыз, ол адамгершілікке жатпайды.
Зәуре кетеді.
Тәттігүл. Ой-бо-ой, мына қыз шынымен-ақ қағынған екен-ей! Оспан, Ос-па-ан, шық бері!
Оспан шығады.
Оспан. Не болды сонша айғайлап?
Тәттігүл. Кетті ана қызың бай іздеп!
Оспан. Сен өзі қалай-қалай сөйлейтін болғансың, Тәттігүл.
Тәттігүл. Солай сөйлеймін. Сөздің көкесін қазір көресің. Есік қоңырауы шылдырайды.
Оспан барып есік ашады.
Келгендер – Әлім, Балқия, Ерлан.
Оспан (салқындау). Келіңіздер. Сәлематсыздар.
Әлім (маңғаздау). Сәлематсыздар. Қалай, балалар аман?
Тәттігүл (қуанып). О-о, Әлім жезде, Балқия тәте, Ерлан айналайын, келіңіздер-келіңіздер, төрлетіңіздер.
Келгендер диванға жайғасады.
Балқия. Тәттігүл, Зәурені көріп қалдық. Асығыс сияқты.
Тәттігүл. Кетті, айтсам, тыңдамай.
Әлім. Қайда барсын, келеді де біз кеткенше.
Тәттігүл. Әй, қайдам, тіл алатын қызды көрмедім.
Балқия. Көнеді. Көндіреміз.
Оспан. Тәттігүл, бұл қалай? Біздің үйдегі әңгімені мына кісілер қайдан біліп жүр?
Тәттігүл. Не, бұл кісілер бөтеніміз бе еді? Біледі.
Әлім. Білеміз. Зәурені айттырып келіп отырмыз.
Балқия. Иә, біз Зәурені қолдан шығармайық деп ұйғардық.
Оспан. Соның жөні бола қояр ма екен? Кімді қалайды, Зәуре өзі біледі. Жалғыз перзентімді «Өйт-бүйт» – деген тәлкекке салғызбаймын мен.
Тәттігүл. Міне, осындай қырсық – бұл. Қызы да өзі сияқты қасарысқан пәле бір.
Әлім. Ата-ананың тілін алмаған бала кімге керек сонда?
Оспан. Ата-ананың айтқаны баланың арманын аяққа басар болса, тіл алмаған артық.
Балқия. Сонда не, сендердің қыздарың баламызға тисе, арманы аяққа басылмақ па? (Ерланды нұсқап). Қара, кімнен кем біздің баламыз?
Тәттігүл. Соны айтсаңшы!
Әлім. Не тәнтіп тұр өзі?!
Оспан. Сіз абайлап сөйлеңіз, бажа! Сіздердің балаларыңыздың бұл әңгімеге қатысы қанша? Қыздың өз сүйгені, арманы бар екен, жетеді.
Әлім. Жоқ, жетпейді. Зәуре Ерланға тиеді. Қыздарыңды соған көндіріңдер, көндірмейді екенсіңдер, сөз басқа!
Оспан. Бұл не, бұйрық па? Онда айтарым: бастықтығыңызды қызмет бабында, кеңсеңізде көрсетіңіз, отбасымда оспадарсыз болмаңыз.
Әлім. Боламын. Мен сені Тәттігүл үшін тайраңдатып жүрсем, күшейесің ғой-ей!
Оспан. Маған десең, тіреп тұрған аспаныңды тастап жібер. Мен қызымның тағдырын тәлкекке салғызбаймын.
Тәттігүл (Оспанды жеп қоярдай жек көріп). Жезде, бұл – осы, сөз ұғудан қалған.
Балқия. Тым асқақтап тұр екен, қойшы осыны, Әлеке!
Әлім. Жоқ. Сендер тыныш отырыңдар. (Оспанға). Әй, бала, абайла! Кім екендіңді ұмытпа! Сен үндемей жүріп, дүние пәлені ішке түйе берген қудың өзі екенсің ғой. Жауығып көрейік ендеше!
Оспан (өткірленіп). Маған жауығасыз ба, жанығасыз ба, өзіңіз біліңіз, қызымнан аулақ жүріңіз.
Әлім. Сөзің бар болсын. Бұл үйдің жалғыз иесі сен емессің.
Оспан. Қалай десеңіз де, біздің үйдің шаруасына араласпаңыз. Жанға батса, алып тастаймын арқаңызды.
Әлім. Көрініп тұр. Тісің шығайын деген екен. Жар-р-райды! Мынау адам болып қалған екен-ей! Құрту керек екен мұны. Мен – сақа, бұл – кеней. Бір түрткеннен ұшып кететініне қарамай, тісін көрсетуін көрмейсің бе мұның?!
Ерлан (орнынан ұшып тұрып). Бұл не сөз? Мама, сіздер мені осы үшін ертіп келіп пе едіңіздер?
Балқия. Әлбетте. Құдай қаласа, Зәуре біздің келініміз болады. Не, сен бұл сөзді қазір естіп тұр ма едің?
Ерлан. Жоқ, бұрын да естігем, жаңа да айтқансың. Бұларыңыз – сырттан тон пішу. Мұндай болмайды.
Тәттігүл. Болады. Біз құдалық сөйлесіп жатырмыз, Ерлан қарағым. Әңгіме піседі, Зәуре екеуің қосыласың.
Ерлан. Ондай болса, арақ бар ма, әкеліңізші.
Тәттігүл. Бар (Серванттан бір шөлмек арақ алып, стол үстіне қояды). Ерлен, кішкене қоя тұрмадың ба, әңгіме жарассын, дастархан жасайын.
Ерлан. Дереу айтатын сөз бар, содан соң жарасасыңдар. (Шөлмекті ашып, серванттан екі рюмка алып, толтыра-толтыра құяды). Тәттігүл тәте, алыңыз, қызыңыздың бақытты болуы үшін ішіп жіберейік.
Тәттігүл (қуанып кетеді). Аламын, Зәуре екеуіңнің бақытты болуларың үшін у да болса, ішемін.
Екеуі рюмкаларын соғыстырып, тартып-тартып жібереді.
Ерлан (тағы бір рюмканы толтырып алып, ұстап тұрып). Қымбатты ата-аналар, сіздердің мына айтып жатқандарыңыздың бәрі – бос сөз. Зәуре өз сүйгеніне қосылады. Сол үшін ішемін мен (рюмканы қағып салады). Солай...
Әлім. Әй, тентек, арақ ішуге, осыны айтуға келіп пе едің сен мұнда?
Ерлан. Неменеге келгенімді білмеймін мен. Келген екенмін, ішетінімді ішіп, айтатынымды айтамын.
Әлім. Кішкене үлкендерді тыңдап барып сөйлесеңші онда.
Ерлан. Тыңдайтын түк те жоқ. Айтыңдаршы, сіздердің осы сандырақтарыңыздың бірде-біреуі Зәуреге, яки маған, әйтпесе, сыртынан сорын қайнатып отырған ана жігітке қажеті бар ма? Жоқ. Бұл – тек өздеріңе керек әңгіме. Бұл – бір-бірлеріңмен байлықтарыңды, барлықтарыңды, атақ-дәрежелеріңді, киім-кешектеріңді салыстыратын әңгіме. Бұл – біріңді-бірің басынатын, басқа ұратын, жағынатын, жалынатын әңгіме. Сендер отырыңдар өстіп әңгімелесіп, мен кеттім.
Оспан. О, шіркін, айтысыңа болайын, азамат!
Балқия. Оспан, сен өйтіп құтыртпа, бұл алқашты.
Ерлан. Мама, білемін, сіздерге арақ ішкеннің бәрі – алқаш. (Тағы бір рюмка арақты қағып салады). Біліп қойыңыздар, олар ешкімнен кем емес. Басқаны қайдам, дәл сіздерден артық. Адал, ақкөңіл адам ашық ішеді бұл арақты. Сөйтіп алқаш атанады. Арам, қараниет адам жасырын ішеді. Олар көзден, сөзден аулақ. Оның мысалы – мына сіздер. Қазір ішпеймін деп отырсыздар ма, ішесіздер. Бірақ іштегілеріңді айта алмай, аузын буған егіз бола қаласыңдар. Момын, жақсы адамсыңдар. Біз, алқаштар – іштік екенбіз, ойымызға келгенді жасқанбай айтамыз. Туғанына жақпайтын тура биміз – біз. Тәуекелі көп, тәуелсіздігі жоқ халықпыз. Сіздер ұстанған, соған елдің бәрін табындырған моральдың құрбанымыз.
Әлім. Әй, тоқташы сен өзің!
Ерлан. Тоқтамаймын. Сөзді бөлмеңіз. Көр де тұр, жұрт әлі-ақ қазіргідей пыш-пышсыз өмір сүретін болады, сол кезде шектеу, желкелеу тиылады. Арақ ішесің бе, қоясың ба, өз еркің. Кәдімгі батыс елдеріндегідей, біздер де бір-бірімізге емін-еркін тұрған арақ-шарапты нұсқап: «Рахым, етіңіз, ішкіңіз келе ме?» – деп сұрайтын, «Жоқ, зауқым соқпай тұр», деп жауап беретін күн келеді. Сонда арақ ит иіскемес қасиетіне ие болады. Ал, қазіргі адамдар ит қорыған жерге өштің кейпін киіп жүр. (Әлім мен Балқияға). Арақ – қорыған жер, мен – ит, екеуіңіз – қорықшысыздар. (Оспанға) Солай, аға. (Тәттігүлге). Тәте, ренжімеңіз, мен сіздерге күйеу бала бола алмаймын. (Бәріне). Сау болыңыздар! Әркім өз сүйгеніне үйленеді, тәбеті тартқанды ішеді.
Ерлан кетеді.
Әлім (Балқияға). Не деп кетті ана жүгермегің?
Балқия. Білмеймін. «Мен – итпін» – демеді ме?
Әлім. Деді. Ит екен.
Оспан. Айтарсыздар. Білсеңіздер, ол өзін емес, бізді ит деп кетті. Шынында , біз – итпіз, Ерлан – адам.
Тәттігүл. Қойшы, құрысын! Мейлі, біз ит-ақ болайық, ал, Әлім жездем – адам.
Оспан. Бәріміз – бір сортпыз.
Әлім (түтігіп кетіп). Әй, не деп тәнтіп тұрсың сен? Күшік!
Оспан (Тәттігүлге). Міне, көрдің бе, ырылдап шыға келді жездең.
Әлім. Ырылдағанның көкесін ертең кеңседе көресің сен.
Оспан. Сіздің сол кеңсеңіз, жұмысыңыз кімге керек қазір осы? Коммерсант, бизнесмен, кәсіпкер дейтін пысықайларға керек. Олар заңсыз тірлігін сізге мақұлдатып алып, алаяқ тірлікке көшіп жатыр. Сіз – шәпкі жинап отырған біреусіз.
Балқия. Шәпкісі несі құдай-ау!
Тәттігүл. Шәпкісі – пара. Оны солай атайды қазір. Білмейсіз бе, біреуге кішкентай бір жақсылық жасасаңыз, шәпкісі әзір.
Балқия. Онысы дұрыс екен. Алыпсатар бол, шәпкі ки, іс қып-піс қып дүние тапқанды айт!
Тәттігүл. Қазір әйел атаулының бәрі – алыпсатар. Әйел озып тұр еркектен.
Әлім. Ендеше, ертеңнен бастап мен Оспанды қызметінен алып, әйелдердің қатарына қосамын.
Балқия. Қос.
Оспан (кекесінмен күліп). Сонда бұларыңыз мені кемсіткендеріңіз бе?
Балиқия. Әрине, сен еркек болмасаң, қатын емей кімсің?
Оспан. Еркек болу – Зәурені сіздерге келін ету ме? Мен қызым үшін ештеңеден тайынбаймын. Аулақ жүріңіздер!
Балқия. Бопты. Сенің қызыңсыз да бір ұзын етек кезігер не ғыпты? Әлекең аман болса, әлі-ақ талайлар жармасады біздің шаужайымызға.
Әлім. Бұл Оспан оны білмей жүр екен әлі.
Балқия. Біледі. Білмесе, білгіземіз.
Тәттігүл. Білгіземіз, білгіземіз.
Балқия (ызбарлы). Әлеке, жүр кеттік. Адам баласы байланысатын адам емес екен бұлар.
Тәттігүл. Ой, қойыңыздар, отырыңыздар, шәй қайнап қалды.
Балқия. Басиесі басынған үйдің сыйы кімге керек?
Тәттігүл (ызаға булығып). Ешкімге керегі жоқ. Маған да енді ешкім де, ештеңе де керек емес. Мына қайысқан гарнитурдың, құжынаған хрустальдің – бірде-біреуінің қажеті жоқ. (Ас үйден барып балта әкеледі). Қиратамын мен мынаның бәрін қазір.
Оспан. Қират. Осылар құрыса, сенің бойыңдағы жамандық атаулы да құриды.
Тәттігүл (балтамен әр шкафты ұрмақ болып оқталып, ешқайсысын қимай). Жоқ, қирата алмайды екенмін. Мұнда сен тапқан түк те жоқ, бәрі – өзімнің маңдай тер, табан ақым. Сенің соқа басың кімге дәрі, дүнием – өзіме.
Әлім. Әй, Балқия, неменеге аузың аңқия қалды, жүр, кеттік. Маған десе, бірі өліп, бірі қалсын екеуінің.
Тәттігүл. Жоқ, жезде, сіз өйтіп бізді қырылыстырып кете алмайсыз. Осының бәрі – сіздің сойқаныңыз.
Балқия. Не дейді мына шіркін?! Сен абайлап сөйле, қарағым!
Тәттігүл. Абайлайтын түк те жоқ. Мен өз үйімде өз сөзімді сөйлеп отырмын.
Әлім. Жар-р-райды, балдыз. Байың екеуің жеткен жерде сөйлесесіңдер енді бізбен.
Балқия. Сөйту керек. Сен босқа кіжінгенше әрекетке көш дереу. Осы бүгін турала бұлардың шаруасын.
Әлім. Бүгін – кеш. Ертең болсын!
Тәттігүл (қорқып кетіп). Жезде, қойыңыз, ашынғаннан айтылып жатқан әңгіме мұның бәрі. Ашумен қатты кетіп қалып жүрмеңіз енді. Оспан – біздің бетіне қараған бес тасымыз. Қайда барады дейсіз қиқайғанда, көнеді, көндіремін.
Балқия. Көндір. Сонда мен де жездеңнің бетін бері қаратамын.
Тәттігүл. Сөйтіңіз тәте! Қыз – сіздердікі!
Балқия. Бәсе!
Әлім мен Балқия кетеді.
Тәттігүл. Ал, не таптың енді қасарысқанда? Өзіміз деп жүрген кісілерді бездірдің де тындың.
Оспан. Барсын.
Тәттігүл. Тегін кеткен жоқ па деп қорқамын мен соларды. Әлім жездем ширығып бара жатқан сияқты. Қатты өкпелеп кетті.
Оспан. Ширықсын. Өкпелесе, көшке берген тайлағын алсын.
Тәттігүл. Сондай қырсыққан сөз неге керек екен? Қыздың Ерланы саған қарайтын құрылыста істейтін көрінеді, мені әйелім, махаббатым десең, жұмыстан шығар да жібер, кетсін келген жағына. Сонда Зәуре жездемдердің Ерланына қосылмай, қайда барады?
Оспан. Жоқ, ол мүмкін емес.
Тәттігүл. Немене, сонда бір жаман құрылысшыға да әлің келмегені ме?
Оспан. Келмегені.
Тәттігүл. Сонда қалай, құрылысшы, әулие болғаны ма?
Достарыңызбен бөлісу: |