Мұсылманқұлов. Бәрі – өзім тағайындаған әкімдер.
Құрман Қарғабаев кіреді:
Қарғабаев. Ассалаумағалейкум, Ерік Көбенович!
Мұсылманқұлов. Әлейкумассалам. Кел (Екеуі қол алысады). Құрман-ау, бұл не сұмдық?! Не жаздыңдар Қасқабайға?
Қарғабаев. Білмейміз. Жазығымыз – сыйлағанымыз. Сыйлағанымызды пара деп бас салды шәкіртіңіз.
Мұсылманқұлов. Бүйтіп шәкірт болғаны бар болсын! (Генералға). Сен бізді кішкене оңаша қалдыршы.
Генерал. Оған сөз бар ма. (Шығып кетеді).
Мұсылманқұлов. Жігіттер қалай, үрейленіп жатқан жоқ па?
Қарғабаев. Құрысын, шошып отырмыз.
Мұсылманқұлов. Шошитын түк те жоқ. Қасқабай әкім болса, осы облыстың әкімі шығар. Құзыры осы облысқа ғана жүрер. Сендердің тағдырларың бір ғана Қасқабайға тіреліп қалмас, мен қазір Астанаға ұшамын, бүгін бара салып, не ертең ертемен үлкен кісіге кіремін. Ол кісі Қасқабай құсап он әкімді темір тордың арғы жағында отырғызып қоя алмас.
Қарғабаев. Иә, құдай, сәтін сала көр!
Мұсылманқұлов. Әй, Құрман, сен осындай діншіл ме едің?
Қарғабаев. Жаны қысылғанда құдайға жалынбайтын қазақ бар ма?
Мұсылманқұлов. «Сыйынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын» – деп құдайын ұмытып кететіні де бар қазақтың.
Қарғабаев. Біз қазір сондай күйдегі қазақпыз, сүйенгеніміз – сізсіз.
Мұсылманқұлов. Қайдағы, талайға айтып үлгеріпсіңдер ғой. Үкімет үйіндегілер де, Президент аппаратындағылар да естіпті.
Қарғабаев. Өзгені қайдам, мен сізге сүйенемін.
Мұсылманқұлов. Сүйенсең, баяғы сен Ортақұмда, мен Теріскейде әкім болып жүргеніміздегідей «сен» деп сөйлемейсің бе? Екеуміздің достығымыз талай сыннан өтіп еді ғой, бұл жолы да бірдеңе болар.
Қарғабаев. Құдай соған жазсын! Сіздің қызметіңіз үлкен, «сен» деуге ауыз бармайды.
Мұсылманқұлов. Осындай оңашада ресми әдебіңнен танбайды екенсің ғой.
Қарғабаев. Ауыз құрғыр үйреніп кетіп, жұрттың көзінше «сен» деп бүлдіріп жүрермін, «сіз» дей берейін.
Мұсылманқұлов. Мейлің. Не десең де сені түрмеге отырғызып қойып, жер басып жүре алмаймын мен.
Қарғабаев. Қасқабай сонда сіз екеуміздің дос екенімізді білмегені ме? (Көңілі босап, көзіне жас үйіріліп). Ай, айналайын досым-ай, мен саған екі дүниеде де разымын. Мына сөзіңнен кейін түрмеде шіріп өлсем, арманым жоқ!
Мұсылманқұлов. Қой, қай-қайдағыны айтпай. Қасқабай бәрін біледі, білмесе, білгіземіз. Демнің арасында шел басып қалған көзіне көкесін көрсетеміз.
Қарғабаев. Мен сенемін оған.
Мұсылманқұлов. Ендеше көп мұңая берме, ертең үйіңе қайтасың, бүрсігүні қызметіңе кірісесің.
Қарғабаев. Мынадай масқарадан кейін бұл жұмыста істеуім қалай болар екен?
Мұсылманқұлов. Тойп етпе. Бұдан артық болмаса, кем емес қызмет беремін өзім.
Қарғабаев. Сөйтші... «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген, кетейін мен бұл жақтан. Өзіңе еріп келгенмін, өзіңе еріп кетемін.
Мұсылманқұлов. Жарайды, мен сені алып кетемін, басқалар қайтеді?
Қарғабаев. Кеуделерінде намысы барлар кетеді, ездері жүре береді.
Мұсылманқұлов. Мейлі, әркім өзі білсін, мына пәледен құтқарғаным да жетер оларға.
Қарғабаев. Жетеді. Маған да жетеді. Осыдан құтылсақ болды, тірі адам тірлігін істейді.
Мұсылманқұлов. Құрман, осымен доғаралық әңгімені. Менен бір хабар күтіңдер.
Қарғабаев. Жақсы. Күтеміз. Сарылып күтеміз.
Мұсылманқұлов. Ой, қойшы, сонша таусылып сөйлегенің.
Қарғабаев. Ереке, құдай басқа салмасын, абақтыда бір күн, бір сағат, тіптен бір минут отыру азап екен.
Генерал кіреді.
Генерал. Болдыңыздар ма?
Мұсылманқұлов. Болдық. Ал, бердім әзірге Құрманды сенің құзырыңа.
Генерал (орнына отырып, кнопканы басып). Апарыңдар мынаны!
Мұсылманқұлов. Сөзің қандай ірі еді, генерал мырза!
Генерал. Кінәлі адаммен басқаша сөйлесуге болмайды. Бізде кіммен қалай сөйлесу әбден қалыптасқан, яғни ереже бар. Біз соған сәйкес сөйлесеміз.
Мұсылманқұлов. Онда жөн. Мен кетейін, Айттым ғой, көп тұқырта бермеңдер бұл байғұстарды.
Генерал. Көреміз.
Мұсылманқұлов кетеді.
Генерал (ішкі байланыс телефонының кнопкасын басып). Подполковник Әміреев, әкімдердің жағдайы қалай?... Сен оларға өйтіп пейіш орнатпа, тергеу амалдарының бәрін қолданып, естерінен тандыр... Ең бастысы – компроматты көбейт... Пакеттегіні «Пара», – дегіз. Сөйт. (Ұялы телефонның нөмірін тереді). Әбиірбек Рахымович... Мұсылманқұлов кетті... Айтатыны сол бір-ақ сөз: босатыңдар... Сосын айтам... Тергеу бөлімінің бастығына мықтап тапсырма бердім, қатырады... Солай болады... Сөзсіз мерзім алады.
Е К І Н Ш І Б Ө Л І М
Жетінші көрініс
Қасқабай Төреқұлович Дүйсебаев кабинетінде отыр.
Біреумен телефонмен сөйлесіп болып қалған.
Әкім. Мейлі, көреміз. Жарайды-жарайды. Сау болыңыз! Жақсы-жақсы!
Сапар қария кіреді.
Сапар. Қасқабай, аман ба?
Әкім (орнынан атып тұрып, қарсы жүріп). Сәлематсыз, аға! Келіңіз. (Орындықты нұсқап). Отырыңыз.
Сапар (сыздап). Жаңағың кім, сонша елпілдедің.
Әкім. Президент аппаратынан. Тәуірбеков.
Сапар. Оған не жоқ, осындай майда-шүйдеге де араласа ма?
Әкім. Аға, бұл – майда-шүйде емес, үлкен кеселмен күрес.
Сапар (сабырмен). Сен қызбаланба. Парақорлықтың кесел екені бесенеден белгілі, онымен күресу керек, бірақ сен құсап бас-көзге қарамай, бас салудың қажеті жоқ. Мен сенен ит жейдені бұрын тоздырған ағаңмын, андағы орныңда бұрын отырған адаммын, бір ауыз ақылдассаң қайтеді?
Әкім (ширығып). Мен Мұсылманқұлов емеспін, шалдарды жинап алып әдеп кеп ақыл сұрайтын. «Өз ақылым ақыл-ақ, кісі ақылы – шоқырақ» – деген атам қазақ. Мен өз ақылыммен жүремін.
Сапар. Мен саған жаным ашып келсем, сен шатқаяқтайсың ғой-ей!
Әкім. Сіз аяйтындай не бопты маған?
Сапар. Бүкіл ауданның әкімін маған пара бермек болдың деп қаматып қою – адам аяйтын іс.
Әкім. Мынауыңыз қызық екен, бүкіл ел, Президент, үкімет парақорлықпен күрес ашады, сіз оны әбес көресіз.
Сапар. Сен дұрыс түсін, парақорлықпен күрес, бірақ мынандай өрескелдікке барма. Жармахан Тұяқбаев айтты емес пе: «Парақорлықты тоқтату үшін өзің алмауың керек, сонда бітті» – деп. Дұрыс айтқан, «Балық басынан шіриді» – демекші, параны алдымен президент аппаратындағылар, үкімет үйіндегілер, содан соң барлық деңгейдегі әкімдер алмауы керек.
Әкім. Мен де сөйтіп отыр емеспін бе.
Сапар. Бұл жағынан сені мақтаса болады. Бірақ аудан әкімдерін топырлатып апарып қаматып қойғаның – ақылға сыймайтын әрекет.
Әкім. Ешетеңе емес. Өстіп-өстіп барып түсеміз өркениет жолына. Сіз өте дұрыс айтып отырсыз, пәленің бәрін бүлдіретіндер – жоғарғы эшалондағылар. Ал, аудан әкімдері асқынып кеткен.
Сапар (разы кейіпке енеді). Қасқабай, сен өзі білетін бала болып шықтың ғой. Рас айтасың, аудан әкімдері тек пара жинаумен ғана айналысып отырған адам тәрізденеді маған. Басқаны былай қойғанда, бүгінде көбейіп кеткен мүшелтойлардың өзі солардың қалтасын қампайтатын шараға айналыпты. Жуырда ауылға бардым. Әкімиятқа кірсем, толған адам. «Не ғып жүрсіңдер?» – деп бір жөн білетінінен сұрасам, «Құрысын, Сапаке, көрген күніміз осы. Көрші ауданның құрылғанына 60 жыл толыпты. Соған әкім барады екен, әрқайсымызға салық салып жатыр. Жинайтыны – мыңдап доллар, апаратыны – бір шапан, алақандай құттықтау қағазы. Ығыр болып кеттік» – деп күйіп-пісті. Аудан әкімдері сөйтіп елді жылатып жинағандарын сендерге әкеліп береді екен ғой. Қандай оңбағандық!
Әкім (күлімсіреп). Міне, аға, сіз мені түсіндіңіз. Басқа жақты қайдам, біздің облыста пара тоқтайды енді. Мыналар барсын баратын жеріне, ендігі әкім болғандары аяғын тарта басатын болады.
Сапар. Бұл опыр-топырдың зияны саған тиіп жүрмесін деп қауіптеніп келіп едім, көңілім орнына түсті, сенікі жөн екен. Алған бетіңнен қайтпа. Бұдан шегінсең, шаруаңның біткені. Есіңде болсын, қашан да, қандай да бір тайсақтаған екенсің, ел иектеп алады, кеңдігің – кемдігің. Сөз бен іс бір жерден шықсын дейтін талап, ең алдымен, әкімдерге арналған. Ел қасарыссаң, қатал, еркіне жіберсең, ез, дейді. Әділ болсаң, соңыңнан ереді.
Әкім. Рахмет, аға! «Ақыл айтпаймын», – деп едіңіз, көп айттыңыз ғой.
Сапар. Менікі – ақыл емес, ағалық сөз.
Әкім. Басқа шаруа жоқ па енді?
Сапар. Жоқ. Мен сенен ештеңе сұраймаймын, ешуақыт ешкімнен ештеңе сұрап көрген емеспін. Жасымда жасамаған тірлікке енді қартайғанда жолап қайтейін. Ал, бірдеңеге ақыл қос деп хабарлассаң, дайынмын.
Әкім. Қазақта «Жетектеп қосқан тазы түлкі алмас» – деген мәтел бар емес пе еді?
Сапар. Бар.
Әкім. Ендеше, мені неге жетектейсіз?
Сапар. Өй, сен өзі көп өсіпсің. Тәуба! Біздің азғантай Андастан да бір тәуір жігіт туған екен, жолын болдыра көр, құдайым!
Әкім. Аға, бәрімізге, әсіресе, әкімге атаның ұлы емес, адамның ұлы болған жөн шығар.
Сапар (қарқылдап күліп). Қатырдың-қатырдың, қарағым! Адымымды аштырар емессің. Біз көп нәрседен шеттеп қалған екенбіз. Кетейін.
Әкім. Сау болыңыз, аға!
Сапар кетеді.
Әкім ойланып отыр.
Әкімнің ойы (радиомен). Қайран аға, қартаяйын депсіз-ау! Маған дүниеде сіздей ақылды, өткір, әділ, шешен адам жоқ сияқты болып көрінуші еді. «Ер арыса – аруақтың» кебі келіп, қалыпты-ау, аға. Мұндай әңгіменің не қажеті бар екен сізге? Астыңда тағы жоқ адамның сөзін кім елемек?! Бос сөз – құрғақ қасық. Бос сөз құлақ тартады, құрғақ қасық ауыз жыртады.
Үкіметтік телефон шар ете қалады.
Әкім (телефон тұтқасын апыл-ғұпыл құлағына тосып). Тыңдап тұрмын мен сізді Дамир Тұңғышбаевич! Жаңа басқаша айтып едіңіз... Ерік Көбенович пе?... Мақұл... Қазір босаттырамын... Оған сөз бар ма, ешқайсысына тиіспеймін, істей берсін жұмыстарын... Түсіндім-түсіндім... Жайлап, біртіндеп құртамын көздерін... Сөйтемін... Сау болыңыз, Дамир Тұңғышбаевич! (Ұялы телефон нөмірін теріп). Әбиірбек Рахымович, ана әкімдерді дереу босатыңдар!.. Тездетіңдер!... Не боп қалғанын қайтесің?.. Иә, команда... Бітті.
Әкім телефон трубкасын қойып, ойланып қалады.
Әкімнің ойы (радиомен). Қап! Мұным керемет ағаттық іс болған екен. Жатқан жыланның құйрығын басып нем бар еді?! Жылан деймін-ау, жеті басты айдаһар екен бұл – пара. Бір басын қағып түсірермін, екі-үш, тіптен төрт басын домалатармын, одан арғыға шамам жетпес. Жетінші бастың өзі тұрмақ жалына жан адамның қолы шендесе алмайды. Ол – басты бас. Осы басты бас қан беріп, ұшқан бастың орнына басқа бас жалмаңдап шығады. Олар өздері орнына шыққан бұрынғы бастардан әлдеқайда жалмауыз болады. Сондықтан ештеңеге тимеу керек екен. Парақорлықтың да мына өмірдің өзіндей бір сыдырғы аға бергені жөн шығар. Қойдым, құрысын! Әттеген-ай, бәрінен де Ерік Көбеновичтен ұят болды-ау! Қой, ол кісіге ертең жетейін (Ішкі телефонның түймесін басып). Қасеке, біліңізші, Ерік Көбенович ертең қызмет орнында болар ма екен?.. Иә, келіңізші...
Аппарат жетекшісі Қордабаев кіреді.
Қордабаев. Сіз ертеңді айтасыз, Ерік Көбенович бүгін де болады қызмет орнында. Осы қазір ұшып шығады Астанадан чартерлік рейспен.
Әкім. Жарайды. Рахмет. Бара беріңіз.
Қордабаев кетеді.
Әкімнің ойы одан әрі жалғасады.
Әкімнің ойы (радиомен). Мына Қордабаев – Мұсылманқұловтың құлы. Жылы жерде отырып алып, менің тұяғымның қимылдағанына дейін жеткізіп отырады екен ғой. Премьер: «Өзіңе ұнамаған кадрды толайым емес, біртіндеп құрт» – дейді. Алдымен құртатын адам – осы. Бірақ қалай құртарсың. Ерік Көбенович ара түседі. Қасым Хасенович те, аудан әкімдері де бұрын Ерік Көбеновичтің құлы болса, қазір құйыршығы. Ерекең – құлын да, құйыршығын да, жалпы осы облысты да уысынан шығармаған екен. Мынадан соң, әлбетте, оның беделі артады. Мен ше, мен де Мұсылманқұловтың құйыршығымын, енді қуыршағы болуым керек екен. Ерекең не айтса, соған ләпбай тақсыр деп бас-көзге қарамай орындауға кірісетін құл-қуыршақ болуым керек екен. Жоқ, ол болмас.
Қарғабаев кіреді.
Қарғабаев (столға жақындай бере). Қасқабай, біз босандық.
Әкім (томырайып). Дұрыс.
Қарғабаев (кекесінмен). Дұрыс. Үн-түнсіз сыйлығымызды алғанда дұрыс болатын еді, енді бұрыс, енді біз сені сыйлаудан қалдық. Қолыңнан келгенін істе. Сен екеуміз – бір атаның баласымыз, інім деп сырттай арқаланып жүруші едім, бекер бопты.
Әкім. Тура биде туған жоқ.
Қарғабаев. Сендей қаныпезерде иман жоқ. Мен енді сенің қол астыңда бір күн де істемеймін (Папкасынан оншақты парақ қағаз алып). Міне, арызым. Сен сияқты түлейден аулақ жүргенім артық.
Әкім. Дұрыс. Ең болмаса, бір парақор кемитін болды облыста.
Қарғабаев. Бір емес, он. Аналар да өтініштерін беріп жіберді. Мә, қол қой бәріне.
Әкім. Әкел. Парақордың өтінішіне қол қоюға қолым қалтырамайды менің (Өтініштерге шетінен қол қоя бастайды). Барыңдар аулақ.
Қарғабаев. Сенде кішкене бір адамды аяу, сыйлау деген болмай ма өзі?
Әкім. Аяйтын да, сыйлайтын да түк жоқ. Парақорлар кінәларын түсініп арыз берді, мен қызметтерінен босаттым. Аяған, сыйлаған деген осы – аман-есен жіберу.
Қарғабаев. Сен емес бізді аяған Мұсылманқұлов. Сен аясаң, сыйласаң, әкімдермен бірауыз сөйлесер едің.
Әкім. Парақорларға қор қылатын сөзім жоқ менің, барыңдар бәрің!
Қарғабаев (қойын қалтасынан бүктелген бос пакетті суырып алып). Міне, көрдің бе, саған ұсынғанда қомпайып тұрған пакет бос. Сенің құқық қорғау органдарыңның қызметкерлері – кісі тонаушылар. Бізге байтал түгілі бас қайғы болып жатқанда олар барлық ақшамызды тонап алды. Мықты екенсің, облысты солардан тазарт. Адамдардың қайғысы – олардың табыс көзі, неғұрлым қылмыс көп болса, олар соғұрлым байи түседі.
Әкім. Өздерің шығар пара деп берген.
Қарғабаев. Ия, сөйттік. «Осы отыз мың долларды берсеңдер, шығарамын» – деді. Бердік. Шықтық. Сөйтсек, бізді шығартқан мүлде басқа адам екен.
Әкім. Түу, тағы да бүлдіріпсіңдер ғой. Сендерге дауа жоқ екен. Парасыз өмір – тұл, адам – оған құл. Бұл неткен тірлік!
Қарғабаев. Өмірді енді түсініп келе жатырсың, бала. Әлі-ақ бәрін түсінесің, кабинетіңе кірген кісінің қолына, қойны-қонышына телміріп отыратын жемірдің өзі боласың. Аман бол!
Қарғабаев кетеді.
Әкім ойланып отыр.
Әкімнің ойы (радиомен). Апырау, қайттім? Өмірге ендеп те, бойлап та енген екен бұл пара. Әкім болғалы бекініп жүрген ісім еді бұл – парақорлықпен күрес. Онымның быт-шыты шықты. Бүйте берсе, қай шаруам алға жылжыр? Дүниенің бәрін сыбайластық шырмап алған. Осы пәлеге өзім бой алдырмай тұрғанда биліктен атымды аулақ арқандағаным жөн болар. Алда былық-шылыққа бату күтіп тұрған әкімдігі бар болсын! Елбасына өтініш жазайын: «Босатыңыз», – деп. (Радио өшіп, өзі сөйлейді. Залға қарап). Сыбайлас жемқорлық, парақорлық сияқты жегі құрттармен әкім күреспегенде кім күреспек, деп кінә қойма, ағайын! Әне, көрдіңіздер ғой, әжептеуір әрекетімнен не шыққанын. Ойға алғанын орындай алмаған адамнан не үміт, не қайыр?!
Шапалақпен (оң қолымен оң жағын басып) мына жағынан бір тартса, (сол қолымен сол жағын басып) мына жағын, бұл жағынан бір тартса (оң алақанымен оң жағынан басып) мына жағын тосатын езің мен емес. Тепеңдегенге текіректейтін тесік өкпе де бола алмаймын. (Телефон тұтқасын көтеріп, хатшы қызға). Әсия, жаңағы Сапар қария ұзап кеткен жоқ па?
Әсияның дауысы. Ол кісі Қасым ағайдың кабинетінде отыр.
Әкім. Онда шақыр ол кісіні осында.
Әсия. Қазір.
Сапар қария кіреді.
Әкім (орнынан тұрып). Келіңіз, аға!
Сапар (әкімнің бет-жүзіне барлай қарап). Не болды, Қасқабай, демнің арасында жүдеп қапсың?
Әкім. Ештеңе болған жоқ, аға. Жоқ, болды, жаңағы әңгіме ушықты, жоғарыдан: «Әкімдерді босат!» – деген пәрмен болды.
Сапар. Босат.
Әкім. Босаттым. Өзім де босанамын!
Сапар (жұлып алғандай). Е-е, оныңа жол болсын!
Әкім. Сөйткенім жөн, аға. Жаңа ғана Абаев телефон шалып, «Ондай парақор әкімдерге сол керек. Соттат!» – деген. Енді жарты сағат өтпей жатып «Босат!» дейді. Сөйтсем, Ерік Көбенович барып, бүлдіріпті.
Сапар. Түсінікті. Дамир інісінің тілін алған. Сен де менің тілімді ал, босама, істе.
Әкім (ширығып). Ісің алға жылжымайтын болса, істеп неге керек?
Сапар (салмақты). Бала, «Сабыр түбі – сары алтын». Билікте жүр екенсің, ішіңде ит өліп жатса, былқ етпе. Жассың, тәжірибең аз, қызбасың. Әлі-ақ бастығасың, сөйтіп қазір өзің түңіліп отырған тірліктің майын ішкен майталманы боласың. Туған күніңе әкелгенді емес, әкелмегенді жек көретін дәрежеге жетесің.
Әкім. Жететін емес, құлдырайтын шығармын.
Сапар. Не де болса, шыда, Қасқабай. Бастық болу – бөрі болу. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» дегенді талай естіген шығарсың. Жақсылық көрсең де, жамандық көрсең де жан адамға сездірме. Сен – биліктің ұшар басына шыққан адамсың, ұшып түскенің жаман болады, ауызға алғысыз болып қаласың.
Әкім (миығынан күліп). Аға, бұрын сондай болатын, қазір басқаша. Адамның адам болатын кезі – қазір. Ойға келгенді айтып, қолдан келгенді істеуіміз керек. Адамның құлдық психологиядан арылатын уақыты әлдеқашан келген. Сіздердің кездеріңізде адамды құл қылып ұстаудың құралы да, тәсілі де көп болған, солардың ең қуаттысы қызмет болатын. Партияның қызыл билеті мен қызмет егіз еді. Қит етсең екеуі екі өкпеңді қысып, езіп жіберетін. Енді не, еркіндік, екі қолға – бір еңбек. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Басы жұмыс істегеннің асы мол. Қызмет – қолдың кірі.
Сапар (таңданып). Қасқабай, сен менен ақыл сұрайын деп шақырдың ба, әлде, маған ақыл айтайын деп шақырдың ба?
Әкім. Жоқ, оның екеуі де емес, іштегі шерімді айтайын деп шақырдым.
Сапар. Қайдағы шер сендегі? Сенікі – кекірік ату.
Әкім. Аға, әкім тұрмақ Президенттің де қайғы-мұңы, шері болады. Армансыз адам болмайды. Адамды аспанға алып ұшатын да, жерге алып ұратын да арман.
Сапар. Қалай жақсы айтатын болғансың сен, Қасқабай. Мен сені енді түсінгендеймін. Қайтайын. Бірақ абайла! Әкім деген оңай қызмет емес. Біздің Елбасымыз адам таниды. Сенім артқан екен, үдесінен шық.
Әкім. (орнынан тұрған Сапардың қолын алып). Жақсы, аға! Сау болыңыз!
Сапар (есікке беттеп бара жатып). Бала, абайла!
Әкім. (дел-сал қарап тұрып). Көреміз, аға!
(Орынтағына отырып). Не істедім мен, апырау! Жын ұрған шығар мені тегі! Қап, қарашы, сау басымды саудаға салғанымды. Өзгеге жасаған жамандығым өзімді тауып жүрмесін. Қайтіп қана құтылармын бұл пәледен?!
Қордабаев (жылт етіп кіріп, асығып-аптығып). Қасқабай Төреқұлович, осы қазір Ерік Көбенович Астанадан ұшып шықты. Ұшағы бір сағаттан соң жолай біздің әуежайға келіп қонады.
Әкім. Онда жүріңіз, кеттік. (Сәл кідіріп). Әй, бірақ ол кісінің көңілі қалып қалған шығар.
Қордабаев. Ерік Көбенович түсінеді бәрін. Ол кісі жасып-жабырқауды білмейді, жауынгер. Кешірімі мол, кемеңгер.
Әкім. Менің машинамды шақыртыңыз, сіз екеуміз әуежайға барамыз. Ешкімді ертудің қажеті жоқ.
Қордабаев. Сол дұрыс (сәл кідіріп). Сансызбаев пен Ахметов біліп қойып, бара қалса, қайтеміз?
Әкім. Олар қайдан біледі сіз айтпасаңыз?
Қордабаев. Менің мұндайды ешкімге айтпайтынымды сіз білсеңіз керек еді. Прокурор мен генерал мұндай әңгімені бізден бұрын естиді. Олар енді осы түйін шешілгенше тыным таппайды.
Әкім. Мейлі, білсін, барсын, біз де барамыз.
Қордабаев. Онда мен кабинетіме кіріп шығайын.
Әкім. Сөйтіңіз. (Қордабаев шығып кетеді. Әкім орнынан тұрып барып, бұрыштағы сейфті ашып, қолына екі бүйірі тоқ папка алып, ұстап тұрып). Ерік Көбенович, міне, сіздің құныңыз!
Сегізінші көрініс
Әуежай басы. Прокурор Сансызбаев пен генерал Ахметов сөйлесіп тұр. Әріден диктордың ұшақтардың рейстерін хабарлаған дауыстары естіліп жатыр.
Генерал. Келмес.
Прокурор. Ерік Көбеновичтің тілін алмай, кінәлі болып қалды. Бірақ келеді, «Жалмауызға да жан керек».
Генерал. Сіз де тілін алмай қойдыңыз ғой, алдымен келіп тұрсыз.
Прокурор. Білесіз, генерал жолдас, бәрін білесіз. Нағыз тілін алмаған сізсіз. Ерік Көбенович, алдымен сізге өкпелі. Құртса, әуелі сізді құртады.
Генерал. (мырс етіп). Әбиірбек Рахымович, осы шын сөзіңіз бе?
Прокурор. (тез жауап қатады). Енді қалай деп едіңіз, бұдан артық қандай шын сөз керек?
Генерал. Маған да, сізге де керегі қандай да бір сөз емес, Ерік Көбеновичтің бетін бері қарату болып тұр емес пе.
Прокурор. Дұрыс айтасыз. Сіз іс-қимылдың адамысыз ғой, айтыңызшы, қайтіп жібітеміз Ерік Көбеновичтің көңіліне қатқан мұзды?
Генерал. Әбиірбек Рахымович, ол сіз екеуімізге белгілі адам емес пе, мұндайдың мыңын көріп едік қой, бір мәнісі болар. Ең бастысы – қалтаңызда конвертіңіз болса, болды.
Прокурор. Не ғыпты сіз білгенді білетін шығармыз.
Генерал. Оған сөз бар ма, сіз қатырасыз.
Прокурор. Мені қой, (төс қалтасын басып қойып) мынаны қайтеміз, соны айтыңыз.
Генерал. Қазір әкімге еріп Қордабаев келеді. Сол бәрін реттейді. Біз оны оңашалап, әкелгенімізді берсек, жетіп жатыр.
Прокурор (разы болып). Шіркін, оперативті қызметкерлерді қойсаңшы бұл, қиыннан қиыстырасыздар-ау!
Генерал. Бәрібір, біздің істегеніміздің тиянағы сіздердің қолдарыңызда.
Прокурор. Жоқ, соңғы сөзді сот айтады.
Генерал. Айтсын. Мен өз басым прокурорды сыйлаймын.
Прокурор. Қой, Крыловтың «Кукушка хвалит петуха, за то, что хвалит он кукушку» – дегенінің кері мұнымыз.
Генерал (оң жағына бұрылып қарап). Қоятын болдық, әне, келе жатыр екеуі.
Облыс әкімі мен оның аппарат жетекшісі шығады.
Прокурор мен генерал жымың-жымың етіп тұр.
Әкім (жақындай бере). Оу, сендер неғып жүрсіңдер мұнда?
Прокурор. Сізді күтіп жүрміз.
Әкім. Неменеге?
Прокурор. Сізбен бірге Ерік Көбеновичті қарсы алайық деп.
Әкім. Сендер оны бағана қарсы алғанды айтасың, кабинеттеріңде жөндеп қабылдамай, шалқаймап па едіңдер?
Генерал. Сөйткеміз. Онда жағдай басқаша болатын.
Прокурор. Ол Мұсылманқұлов пен мына Мұсылманқұловтың арасы жер мен көктей.
Әкім (жібі босап). Жарайды. Жерде жүрсін, көкте жүрсін, өзіміздің Ерік Көбенович – ол кісі.
Прокурор (қуанып кетіп!). Дұрыс айтасыз. Орыс жазушылары: «Біз Гогольдің шинелінен шықтық», – деген екен. Ал, біз Ерік Көбеновичтің костюмінен шыққанбыз.
Достарыңызбен бөлісу: |