Сәлима. Бар. Шақырған жұмысқа бара ғой, қарағым. Көппен араласасың, жақсылық көріп ашыласың, жамандық көріп ашынасың. Жаның байып, өрең өседі.
Фатима. Кім біледі?
Сәлима. Мен білемін. Қаншама кеңшілік кернеп, демократия орнамасын, адам билік, мансап дейтін құдіреттерден қол үзе алмайды. Құзыры жоқ адам – қызыры жоқ адам. Билікке ие болатын жер – бұрын да, қазір де өзің барайын деп отырған – ақ үй. Онда аспай-таспай жүрген адам аз емес. Сен де сөйт! Жолың болсын!
Фатима. Рахмет, мама!
Қайрат келеді. Жаңағыдан гөрі қызулау. Қайрат. Немене, әңгімелерің тағы да мен туралы ма? Айтыңдар-айтыңдар, мен оларыңа түкірмеймін де. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі, оны өкінбейтіндей етіп өткізу керек: ойнап-күл, ішіп-же!
Фатима. Бұл – бізге таныс әуен.
Сәлима. Әңгіме сен туралы емес, Фатима жайлы.
Қайрат. Е-е, Фатимаға не болыпты, бұл да ішіп алып па?
Сәлима. Фатима облыстық әкімшіліктің аппаратына жұмысқа алынатын болды.
Қайрат(шоршып түседі). Не дейді? Кім жібереді мұны онда?
Фатима. Кім жібередісі несі, өзім барамын.
Қайрат. Жоқ, бармайсың! Ондай жерде істейтін әйелдің қандай болатынын мен жақсы білемін. Менің аузым әбден күйген. Аузы күйген үрлеп ішеді. Маған бастықтардың алдында қылмаңдап жүретін желөкпе әйел емес, жар керек.
Фатима. Не десең, о де, барамын. Тар үйде алқашпен алысқанша, ақ үйде алшаңдап басып жүремін.
Сәлима. Қой, Фатима айналайын! (Қайратқа). Әй, ақылсыз, сен осы қашанғы менің бетімді күйдіріп, етімді шыжғыра бермексің?! Әр нәрсенің шегі бар шығар? Заманы, заманына сай адамы. Мен де өз заманымның адамы болдым.
Қайрат. Айттым, бітті, Фатима сенің жолыңмен жүрмейді, онда мен мұны талақ етемін.
Сәлима. Сен босқа күшейме, қарағым! Кім қалай өмір сүреді, оны өзі біледі.
Қайрат. Қатынының қалай өмір сүретінін еркегі біледі. Сендер, коммунистер, адамның бәрін бір қалыпқа салып тастамап па едіңдер. «Арақ ішпе, шылым тартпа, ойнап-күлме, аяғыңды аңдап бас, үстіңнен арба жүріп жатса, былқ етпе». Ауыздарыңды ашсаңдар, шығатыны өңшең осындай шектеулер еді. Енді келіп елге еркіндік беріп, көлгірси қалыпсың.
Фатима. Егер сол шектеулер болмағанда сендейлер қоңыз теріп кететін еді.
Қайрат. Саған не жоқ араға түсіп? Сен тыңда да отыр, біз айтысып алайық.
Сәлима. Айта бер ендеше айтатыныңды.
Қайрат. Айтсам, адамды шектеп, тұқыртып ұстауды коммунистердей қазыгездікпен, сездірмей, жымысқы жүргізгенді тарих білейді. КОКП неге күйреп, КСРО неліктен быт-шыт болды? Олар – сол өздері жүгінген шектеу саясатының құрбаны. Олардың түбіне арақ жетті. Арақ – шектеудің шыңы. Адамға арақ тұрмақ, шарап татырмай, аттай жаратып саламыз жұмысқа, еңбек өнімділігі еселеп өседі, нәтижесінде тентек судан түсетін қаржы мөлшері асығымен өтеледі, сөйтіп халықты қарық қыламыз, деп лепірді партия.
Сәлима. Кім көрінгенге таба болған, қайран партия!
Қайрат. Шын сөз жақпайды ә, ештеңе етпейді, тыңда аяғына дейін. Сонымен, партия айтты болды, арақ-шарап зауыттары жаппай қиратылып, жүзім алқаптары парша-парша болып жыртылды. Шығарылған азын-аулақ арақ алыпсатарлардың қолына өтті. Адамдар арақты солардан удай бағаға сатып алып, ішіп жатты. Таба алмағандары әтір жұтып, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей өлтіретін уға тұншықты. Үйдің подвалдарынан сол удың құрбаны болған өліктің исі мүңкіді. Осы ма сенің қызғыштай қорғап отырған партияңның адамдары шектеп, шегелеп ұстап шеккізген опасы? Күткен молшылық емес, тапшылық орнады. Аяғы – алып ел тарап, социализмнен капитализмге қайта оралдық. Тарихтың доңғалағы кері айналды.
Фатима. Мейлі. Есесіне республикамыз тәуелсіздік алып, егемен ел атандық.
Қайрат. Тәуелсіздік. Егемен. Сорлылығымызды сорайтып тұрған сөздер.
Сәлима. Тәйт әрі! «Іріктің аузынан шірік шығады». Ұялсаң етті сөйлеуге!.. Мас та, сау да саудаға салған қайран саясат!
Қайрат. Қорықпа, кемпір. Менікі – қауіп. Егемендігімізге емініп, көз алартушы көп. Қоқан лоққы да аз емес. Солардың бәрін көріп, біліп отырып, қалайша қауіптенбессің?
Сәлима. Мұның дұрыс.
Қайрат. Енді қалай, Қазақстан еш анықтауышсыз айтылатын күнге жету – арманым.
Сәлима. Мұныңды қалай түсіндік?
Қайрат. «Тәуелсіз Россия» деп көр, орыстарға мұрныңды бұзсын. Біз де «Тәуелсіз, егемен» деген сөздерге намыстануымыз керек. Оның астары – кемсіту.
Фатима. Мама-ау, айтпап па едім, арағын қойса, бұл – керемет ақылды жігіт.
Қайрат. Мен арақ ішіп жүріп-ақ өзімді ешкімнен кеммін деп санамаймын. Сен екеуіңнен басқа арақты жек көретін адам азайған қазір. Білсеңдер, мемлекетімізді ұстап тұрған екі ұлы күш – атом бомбасы мен арақ. Атом бомбасы – айбар, арақ – ақша. Екеуінің қосындысы – бейбіт, берекелі өмір. Соны білген облыс әкімінің өзі арақ ішкен адамның аузынан сүюге әзір. Неге? Өйткені облыс бюджетінің 60 процентін арақтан түскен қаржы құрайды. Бүгінгі ұран – арақты көлдетіп шығар, бағасын көтер, көптеп сат! Жаса, арақ! Кеңес Одағының быт-шытын шығарған саған облысты оңалту не тұрсін!
Сәлима(Қайраттың сөзін бөліп). Қой, мынауыңды біреу естіп жүрер.
Қайрат. Естісін. Айтсын. Қаматсын. Айдатсын. (Қарқылдап күледі). Әбден су жүрек болып біткенсіңдер ә. Біз қорықпаймыз, әуелім әндетеміз (әндетіп).
Шіркін арақ,
Тұрса қарап,
Ішсең жарап,
Көңіл өсер,
Қайғың тарап.
Фатима(жиіркенішпен). Таныс әуен. Әні мен сөзі Қайрат Еркінұлыныкі.
Сәлима. Құрысын бүйткен әні мен сөзі. Еркіннен аулақ!
Қайрат. Еркін. Әке! Өзіңмен бір рет соғыстырып ішер ме еді! Әкесімен бірге бір дастарханда отырып, арақты бірге сыңғытып жүргендерде арман бар ма екен, шіркін!
Сәлима. Арманының түрін! Не құрыса, арақ құрысын! Әкең енді қайтіп тірілмейді, онымен соғыстырып іше алмайсың. Дастарханда балаңмен бірге отыр. Ол үшін Фатима екеуің өмірге перзент әкеліңдер. Еркіннің оты өшпесін!
Қайрат. Фатимаға кім бала тума депті?! Өзі білсін. Маған бәрібір. Өмірге келген адам өмір сүрсін, келмегенді аңсаудың, армандаудың қажеті қанша?
Сәлима. Ойбай-ау, елдің бәрі перзентке сен құсап немқұрайды қараса, қара жер қаңырап бос қалмай ма?!
Қайрат. Бос қалмайды. Бақытты тек бала деп білетін ақымақтар таусылған жоқ әлі. Солардың бірі сен екенсің, неге тумадың өзің?
Фатима. Сен білсең етті, адамға баладан асқан бақыт жоқ!
Қайрат. Онда ту.
Фатима. Арағыңды қой, адам қатарына қосыл, туамын.
Сәлима. Бәсе десеңші.
Қайрат. Тапқан екенсіңдер ақымақты. Ел арақтың өзіне ақшаны өлдім-талдым деп әзер тауып жүрсе, бала-бала деп тақылдайды ғой-ей бұл екеуі. Жоқ, тапқан-таянғанын улап-шулаған баласының аузына тосатын ақымақтарың мен емес. Бала – артық ауыз, аяққа оралғы, масыл.
Сәлима. Шаруаң біткен екен. Арақ жеп қойған екен мұның миын!
Фатима. Айтпаңыз тегі.
Сәлима. Сенің де сөзің ұнап тұрған жоқ маған. Бала туу, тумауды талас қылу – қызыл империядан қалған кесел. Орталықтың мақсаты – бұратана халықтың санын өсірмеу болатын. Ол саясат Одақпен бірге опат болмап па еді, сендер оны несіне ұстанып жүрсіңдер әлі күнге?
Қайрат. Жаман әдет – итжанды.
Сәлима. Фатима, өтінемін, бала көтер! Бала туу, ұрпақты жалғастыру – әйелдің адамзат алдындағы бірден-бір қасиетті борышы.
Фатима. Білемін. Бірақ ол маған емес, Қайратқа байланысты.
Қайрат. Сөз-ақ! Мұныңды қалай түсіндік?
Фатима. Түсінетін не бар, маскүнемсің. Маскүнем – еліндегі адамға, анаға да, беліндегі балаға да қаскүнем. Маскүнемнен кемтар бала туады.
Қайрат. Былжырапсың. Нағыз әйбат бала бізден туады. Жуырда оқыдым, арақ ұрықты әлсіретпейді, қайта күшейтеді.
Фатима. Сөзің құрысын. Арағыңмен бола бер онда, құшақтап жат бөтелкеңді. (Сәлимаға). Мама-ау, Қайрат бір-екі күн ішпей қалса, құшағына кіргім, аймалап құшқым-ақ келеді, оны біліп жатқан бұл жоқ, қайтадан ләйлиді де кетеді.
Сәлима. Айналайын-ай, сенің қайғың менікінен де ауыр екен ғой. Мен бұл дүниеден байсыз өттім деп армандасам, сен некелі байың бола тұра бойың талмай, пүшәйман болып жүр екенсің ғой.
Қайрат. Босқа армандағанша, ана полковникке тиіп ал. Бала тап, Нағашыбайдың ұрпағын өсір. Әне, кеше оқыдым газеттен жасы жетпіске жақындаған кемпір егіз бала туыпты. Сонда жазылған, ондайлар көп көрінеді.
Сәлима. Ой, ұятсыз!
Қайрат. Оның несі ұят! Көрініп тұр полковник саған әлі ғашық. Соған ти де босат үйді, ең болмаса, біреуіңнен құтылайын.
Сәлима. Әуре болма, бұл үйден менің өлігім шығады.
Қайрат(есіріп, екіленіп). Солай де. Білдім-білдім полковникті кіргізіп алмақ екенсің ғой. Жоқ, ол болмайды, мен оны ендігі әрі аяғын бұлай қарай аттап баспайтын қыламын. Қайда, қонақ үйде ме еді өзі? Осы қазір барамын мен оған, жайратамын.
Сәлима(ашу буып, Қайраттың жолын бөгеп). Ешқайда бармайсың сен! Сәлім – көресіні көріп, елге әбден арып-ашып келген адам. Оның жанына тыныштық, қамқорлық керек.
Қайрат(кимелеп). Бөгеме жолымды! Бол! Кімге айтып тұрмын мен?!
Сәлима. Мына оңбаған кімге әкреңдейді-ей?!
Қайрат. Саған! (Сәлиманы қатты итеріп келіп жібереді. Сәлима етбетінен түседі. Оңбай жығылады). Жат солай!
Фатима(Сәлимаға көмекке ұмтылады, сүйемелдеп әкеліп диванға отырғызады). Қайрат, сен оңбаған екенсің. Адам емес! Мұның нең? (Сәлимаға). Бір жеріңіз ауырып қалған жоқ па, мама?!
Сәлима. Сынып неге қалмайды?
Қайрат(Сәлимаға). Айтқанға көнбесең, бұдан да зоры болады. (Фатимаға). Әй, саған бердім рұқсат, ертең бар әкімшілігіңе, жұмысқа тұр, үй сұра. Мынау күн көрсетпес екеумізге. (Кіжініп). Полковнигін тезірек жайрату керек екен мұның!
Қайрат кетеді. Фатима(жылап). Мама, маматай, мен ажырасамын. Шыдамым таусылып бітті. Құрысын бүйткен өмір! Кетемін!
Сәлима(қосылып жылап). Не дейін саған, күнім? Ажыраспа! Сен тастап кетсең, біткеніміз. (Бүйірін таянып, дауыс салып). Бауырым – Еркінім! «Ермек болсын сізге», – деп бауырыма әкеліп салғаныңда бір жапырақ ет еді Қайрат. Еміреніп сүйгенімде тұла бойым тұнып, иіп, емшегімнен сүт шығып еді. Жасымда қуанышым болып еді, қартайғанда сүйенішім болар деп едім. Қасіретіме айналды ұлың. Өз құрсағыңда жатпаған бала жат екен! Сорлы басым, неге ғана бір еркекті еншілемедім? Ұрғашының күні еркекпен екен, соны білсемші, құдай-ау! Еркегі жоқ әйелдің жүзі – қара , көңілі – жара! Сол ғой, әйтпесе, мен де екіқабат болғанмын, алдырып тастағанмын. Аборт жасатқан әйел құрысын! (Еңіреп). Ол – кісі өлтіруші. Алла-ай, рас болса шарана қауіп төнгенін сезіп мазасызданады дейді. Сол бейшараға ит те, құс та мекен еткен мына кең дүниені қимаған мен адам емеспін! Алладан жар болып, жатырымды нәресте емес, торай жарып шықсыншы осыдан, бас салып бауырыма басар едім! Ондай атты күн қайда? (Кеудесінің түймесін ағытып). Жүрегім, жарылып кетсең етті. Өлсемші!.. Үһ-һ!..
Фатима(шыбын жаны шырқырап). Қойыңыз, қойыңызшы, мама, маматай!.. Қайрат құрысын! Осы қазірден бастап мен сіздің қызыңыз боламын. Сөйтіңіз, мені қызым деп санаңыз. Ендігі қалған өмірімді түгелдей сізге арнаймын.
Сәлима (көз жасын сүртіп). Айналайын, аяғаныңнан! Қайтейін, маған сендей қызым болу бақыты бұйырмаған! Мен – көктегі құдай, жо-жоқ, жердегі құдай – коммунистік партия аямаған адаммын. Тақтан тайған сол құдайымыздың қаңыраған жұртында қаңсып қалған шермендемін.
Фатима. Қойыңызшы, өзіңізді сонша тұқыртпай.
Сәлима. Қайтемін, шындық – сол. Фатима, қой, доғарайық бұл бітпейтін әңгімені. Кішкене бір жинап тастайық мына жерді. Ал, ертең бара ғой жаңа жұмысыңа. Неғыпты, біздің жолымызға түсе қоймассың. Ақ үйдегі адамдар да өзгерген шығар.
Фатима. Әрине, әрине.
Сәлима. Жақсы жағына өзгерсін, әйтеуір.
Фатима. Сөйткен. Сіз маған жол болсын айтыңыз енді.
Сәлима. Жолың болсын!
Фатима. Рахмет! Бірақ менің сұрап тұрғаным бұл емес, ақыл.
Сәлима. Ақыл, онда не десем екен? Алғаныңа адал бол!
Фатима(күлімсіреп). Түсіндім.
Сәлима. Түсінсең сол, ұрғашының күні – еркекпен. «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» – деген сөз рас. Жүрегім біртүрлі байыз таппай тұрғаны.
Әйелдің таусылмайтын тірлігі басталады.
Фатима. Түсінікті. Енді қайттік? Қайратты соттап жібермесе, не қылсын?
Сәлима. Соттатсын. Сөйтсе, сауап.
Фатима. Қойыңыз!
Сәлима. Қоятын не бар? Қолымен жасағанды мойнымен көтеруі керек адам. Бағы ашылмаған Сәлім! Елім, жерім деп келгендегі көргенің осы болды ма? Бәріне мен кінәлімін! Қайрат оны ұрғанша, мені өлтірсе етті. Мен кеттім Сәлімге.
Сәлима (жақтырмай). Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы. Өзі намыстан өртеніп жатқан адамға қайтіп айтпақпын олай деп? Ол адамшылыққа жатпас.
Фатима(мәре-сәре болып). Қайдам? Жауыз да болса жарым ғой Қайрат. Оған сіз екеуміздің жанымыз ашымағанда кімнің жаны ашымақ?
Сәлима. Оның рас. Қайрат түсінер ме екен, бірақ соны?
Фатима. Түсінеді. Ол түсінбесе, біз түсінеміз. Сол жетпей ме?
Сәлима. Жетеді. Білмеймін, қалай аузым барып, ара түсерімді.
Фатима. Қиын-қиын, бірақ басқа амал жоқ.
Сәлима. Қайдам? Қатпек керек? Бара көрейін.
Сәлима кетеді. Фатима. Апыр-ау, енді қайттім? Қайрат сотталса!.. (Шошып). Жоқ, оның беті аулақ! Байсыз, баласыз әйелдің көрген күні қандай болатыны белгілі маған. Ер азаматты аман қыла көр, алла!
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Үшінші көрініс Ертеңгілік.
Сәлиманың үй-іші үрпиісіп стол басында отыр. Көңілсіз.
Дастарханның берекесі кеткен. Фатима (абыржып). Мама, сіз қазір Сәлім ағайға тағы барыңыз. Көңіліңізге келсе де айтайын, кеше түк бітірмепсіз.
Қайрат. Бітірмейді де. Ештеңесінің қажеті жоқ. Мен сотталамын, сен қуыласың қолың әрең жеткен әкімшіліктен. Қылмыскердің әйелі ондай жоғары лауазымды жерде істей алмайды. «Мама» – дейсің тағы мұны, бұл жетіп тынды екеуміздің түбімізге.
Сәлима(ашуланып). Не дейді мына шіркін! Сенің түбіңе жеткен мен де, ешкім де емес, арақ.
Фатима. Иә, арақ.
Қайрат. Мен арақты туғалы бері ішіп келемін, пәлеге ұшырағаным бірінші рет. Ішсем, ішіп, ішпесем қойып, өзіммен-өзім жүрген адам едім, сенің ғашығың араласты да құртты.
Сәлима. Қой, әрі! Сәлім сен жазғыратын адам емес, ол пендешілік атаулыдан аспандай алыс тұр.
Қайрат. Аспаны сол екен ғой – үйі бар кемпірді жағалағаны.
Сәлима. Тоқтат сөзді! Ой, өнбес!
Қайрат. Сен абайла, кемпір! Сәлімнің қасына барып жатасың бүйтіп әкіреңдей берсең.
Сәлима. Мені де сойылға жықпақсың ба сонда? Қанішер болайын деген екенсің сен. Сені, соттатса аз. Сәлімге айту керек екен, аямасын, милицияға айтсын.
Қайрат. Айтып көрсін, мен онда оны өлтіремін.
Сәлима(шошып). Ей, сенде ес бар ма өзі? Шаруаң мүлде біткен екен сенің. Қайта алдына барып «ағатайлап» кешірім сұраудың орнына қоқыраңдайды ғой-ей!
Фатима. Сен неге түсінбейсің, маған зияның тиеді. Егер осыдан саған бола әкімшіліктен жұмыстан шығып қалайыншы, онда бітті дей бер, менің өзім тұрмақ көлеңкемді де көрмейсің.
Қайрат. Білемін, қатынға бай емес, мансап керек. Соның мысалы (Сәлиманы сұқ саусағымен нұсқап), міне, мынау.
Сәлима. Сен енді көп қоқилана берме, айтқады істе!
Фатиима. Мен сізден сұранамын, мама, осы шаруаны өзіңіз реттеңізші.
Сәлима. Қайраттың мұрнына да адамгершіліктің исі баруы керек шығар.
Фатима. Дұрыс қой, мұның мұрны арақтың исінен басқаны ұмытқан.
Қайрат (ас үйден бір шөлмек арақ, қырлы стакан алып шығып). Фатима, өт-те дұрыс айтасың. (Шөлмек аузын мұрнына таяп) мұның исі – жұпар, дәмі – бал. Іштің болды қайғың қашады, әруағың асады. (Стаканға арақ толтырып, демалмай тартып алады). Уһ, міне, енді маған Сәлімнің де, Сәлиманың да, соттың да, прокурордың да кәпекке қажет емес. Тек сен керексің, Фатима. Қатыным менің, жанымда сен блсаң, дүние түгел маған! Келші, аймалап бір сүйейін.
Фатима(Қайраттың құшағына кіріп). Маған да ешкімнің қажеті жоқ. Арақ іш, тамақ іш, аман жүрші, әйтеуір.
Қайрат(Фатимамен сүйісіп). Осы сөзің, түсінігің ғой мені саған құл ететін.
Фатима. Махаббатым мені саған күң ететін.
Қайрат. Рас айтасың. Бүкіл әлемді ұстап тұрған ұлы күш – махаббат. Махаббатсыз адам бір ысып, бір суымай өлексеге, бір жанып, бір өшпей қара тасқа айналар.
Фатима. Мені сүйетінің рас болса, бар, Сәлім ағайдан кешірім сұра!
Қайрат. Сені сүйетінім рас, бірақ кешірім сұрамаймын. Сенің қорқатының – менің сотталуым ғой. Ештеңе етпейді. Біліп қойыңдар, сотталған жақсы мына тар өмірде тарығып жүргенше. Сендер сотталған адамдар бізден бақытсыз деп ойлайсыңдар ғой, жоқ, өйтсеңдер, қателесесіңдер. Сотталғандардың еркіндігін алғанмен, ақылы, абыройы, ар-ожданы өзінде. Олар – адамдарды аздырып бара жатқан – баққұмарлықтан, дүниеқоңыздықтан азат. Әттең, тонның келтесі! Қолымда билік болса, мен түрме атаулының бәрінің есігін айқара ашып тастар едім. Енді түрмедегілердің саны өзі де азаяды. Қазір қылмыс жасайтындардың бәрі – қалталы, құқық қорғаушылар – парақор. Қылмыскерлер асата салады, заңгерлер қылқаның кетті демей, қылқыта береді. Нағыз бөрі тоқ, қой аман дейтін заман – бұл.
Сәлима. Фатима, айтшы, не сандырақтап тұр мынау? Құдайым-ау, сотталғандарды мақтаған адамды кім көрген?! Түрмеден өзіне орын дайындап қойғаннан сау емес шығар мынау тегі.
Фатима. Мама, бұдан ештеңе шықпайды. Сәлім ағайға тағы барыңыз өзіңіз, жайды айтыңыз. Түсінер. Ұстап бермес. Арақ ішсе де аман жүргені жақсы Қайраттың. Жұмысқа жаңа орналасқанымда зиянын тигізе көрмеңізші мұның!
Сәлима. Екі оттың ортасында қалған, сорлы басым! Біреуіңе – арақ, екіншіңе – атақ керек екен ғой. Сонда Сәлімге не керек? Оның аяқ асты болған арын қайтпекпіз?
Фатима. Енді не істедік? Қой онда мен өзім барайын, жалынып-жалбарынайын. Қайрат үшін мен отқа да, суға да түсуге әзірмін.
Қайрат. Міне, біздің махаббатымыз қандай! Бұл – ең бастысы. Қалғанының бәрі – пендешілік. Әлі-ақ Фатиманың қызметі өседі. Мен арақты қоямын. Қатыны бастық еркек – сорлы, оның теңі – қара су. Полковниктің қолы жазылады, жезде болады. Қазір кешірім сұрап керегі не, сол кезде құлағынан тартып ойнайтын боламын мен онымен.
Сәлима(шарасыз). Апырай, не десе болады енді мына күйдіргіге! Ар-ұятты мүлдем ұмытқан екенсің сен!
Қайрат. Ар-ұят қартайғанда керек адамға. Ал, жастар аяқ-қолын кеңірнек сермесін. Сен де жасында ештеңені елемейтінсің, қартайдың, аршыл болдың.
Сәлима. Сен бүйтіп іше берсең, қарттыққа жете алмассың.
Қайрат. Біліп қойыңдар, ертеден қара кешке дейін коньяк қылқытып, сигари түтіндеткен Черчиль 83 жасында өткен бұл дүниеден. Аузынан қорқоры, қолынан грузин шарабы кетпеген Сталин одан он-ақ жыл аз жасаған. Мен де сөйтемін, сексен-тоқсанға келмей, өлмеймін.
Фатима. Маған десең, мың жаса, арағыңды қойшы бірақ.
Қайрат (Фатимаға). Не деп қоямын? Қатыннан қаймығып, бастықтан қорқып қоямын ба? Қатын қоқырақтап, бастық басынатын заман өткен. Қазір бәрін ақша шешеді. (Сәлимаға). Ақша – сен айтып отырған ар, мен ішетін арақ. Ақша – қызық та ұзақ өмір. Тек оны таба біл, іш, же. Қой, менде сендермен салғыласып жататын уақыт жоқ. Уақыт – ақша. Кеттім мен ақша табуға.
Қайрат кетеді.
Сәлима. Фатима, жұмысыңа жинал. Мен де тұрайын, Сәлімге барып қайтайын.
Фатима. Сөйтіңізші, маматай! Сәлім ағай сіздің тіліңізді алады.
Сәлима. Өйтіп дегбірің қаша бермесін. «Кеше түк бітірмепсің» – деп кінәлап отырсың ғой сен мені. Түсінген адамға көп нәрсе әлдеқашан біткен. Сәлім ешуақытта менің баламды ұстап бере алмайды.
Фатима. Мүмкін.
Сәлима. Мүмкін емес, солай. Мен бұл сөзді Сәлімге сенген соң айтып отырмын.
Фатима. Ал, мен сізге сенемін, мама!
Сәлима(разы кейіппен). Жұмысыңа бара ғой, Фатима! Кешігіп жүрересің, тездет!
Фатима. Міне, кеттім.
Фатима кетеді. Сәлима. Айналайын, осы келін болмаса, Қайрат қайтіп күн көрер?
Төртінші көрініс Аурухана палатасы. Сол қолы гипстеліп мойнына асылған Сәлім мен тергеуші, милицияның лейтенанты сөйлесіп отыр. Тергеуші(қадалып). Полковник жолдас, сіз босқа қасарыса бермеңіз. Одан да бұзақының ерекше белгілерін есіңізге түсіріп көріңіз. Жалпы ол туралы не білесіз, бірін қалдырмай айтыңыз.
Сәлім(жақтырмай). Айттым ғой, мен ештеңе айтпаймын. Сендерді кім шақырды өзі?
Тергеуші. Мұнда адам жарақат алып түскен екен, бізге сол заматта автоматты түрде хабарлайды.
Сәлім. Бізден сұрамай ма?
Тергеуші. Сұрамайды.
Сәлім. Қызық екен!
Тергеуші. Сонда қалай, біреуді ұрып-соғу, дене жарақатын салу қылмыс емес демексіз бе?
Сәлім. Қылмыс.
Тергеуші. Олай болса, көмектесіңіз бізге оны ұстауға.
Сәлім. Жоқ, менен ондай көмек күтпе.
Тергеуші. Сіз түсінсеңізші, мынандай қатыгездікке барған адам – айналасындағыларға аса қауіпті. Ол арамыздан аластатылуы керек. Бүгін ол сіздің қолыңызды сындырған екен, ертең біреудің басын жарып, көзін шығарады, тонайды, ұрлайды. Не, сонда сізге сол керек болғаны ма?