Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары


Шаншар атай. Иә, бұл ненің ақысы? Өзің емес пе ең жаңа ғана жалынған? Әшірбек



бет4/34
Дата21.07.2017
өлшемі5,93 Mb.
#21827
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34

Шаншар атай. Иә, бұл ненің ақысы? Өзің емес пе ең жаңа ғана жалынған?

Әшірбек. Онда кеткім келген. Енді кетпеймін.

Шаншар атай. Сонда қалай?

Әшірбек. Балалардың бәрін жіберіңіз. Сонда кетемін.

Шаншар атай (разы болып). Солай де. Міне, гәп қайда жатыр? Сөйтеді енді бұлар. Біріне жақсылық жасасаң, бәріне жасауың керек бұл сабаздардың.
Балалар шулап қоя береді.
Балалар. Ата, бізді де жіберіңізші. Сөйтіңізші, ата...

Санатбай. Бізге де өзіміз көтеріп тұрған қауын-қарбызымызды беріп жіберіңіз. Кетейік соны арқалап алып...
Шаншар атай не қыларын білмей, аңтарылып тұрып қалады. Атайдың қатал райдан қайтып, жібігенін байқаған балалардың алды әй-шәйға қарамай орындаоынан қозғала бастайды. Шаншар атай әуелгі қаталдығына енді қайтып баса алмайтынын біліп, жымиып тұрады бір рақаттанып.
Шаншар атай. Оу-оу, батырлар-ау, бұларың не аты-жөні жоқ баса көктеп? (Балалар батпай тағы дүрдисіп қалады. Атай қолын бір сермеп). Уа, мейлі онда. Жеткен шығар, ендеше. Ұйымшылын қарай көріңдер-ей өздерінің. Сендердің осы ұйымшылдықтарыңды сынайтын бір жер табылып тұр. Ертеңнен бастап шөпке жиналыңдар бәрің. Шөп жинауға ауылдағы барлық шал-шауқан, бала біткен түгел кірісетін болдық. Мына Санатбай мені менсінбей тұр ғой. Басқарма өйткен жоқ, бағана шақыртып алып: «Ен байлыққа ие бола алмай жатырмыз. Жұмыс қолы жетпей тұр. Бұған не айтасыз?» – деп ақыл сұрады. Басқарма бар, мұғалімдердің бар сендермен ақылдасып, көмек сұрамақ екен. Басқармаға мен: «Барады балалар», – дедім. Қане, енді айтыңдаршы, түге, дәл осындай төрт көздерің түгелде. Бұған қалай қарайсыңдар өздерің? Мүмкін, мен артық айтқан шығармын.

Балалар. Қалай қарайтыны бар? Дұрыс айтқансыз? Шөп жинау да сөз болып па? Одан зоры болса да істейміз біз?

Шаншар атай (қуанып). Е, бәсе деп ем-ау?

Әшірбек. Мен де барайын онда шөпке

Шаншар атай. Суды қайтесің?

Әшірбек. Тастаймын.

Шаншар атай. Жо-жоқ, болмайды оның. Иман жазылып, суына өзі шықса ғана барасың сен шөпке. Өйтпейінше, су тасуды тастауға болмайды.

Әшірбек. Қап, балалардан бөлектеніп, қызықтың бәрінен құр қалатын болдым-ау?

Шаншар атай. Неге бөлектенесің? Бұларға да су керек болады. Соны сен емей кім тасымақ?

Санатбай. Мен де барамын шөпке.

Шаншар атай. Иә, саған жол болсын. Оқуға бармайтын ба едің сен?

Санатбай. Балалармен бірге шөпке барамын мен. Маған оқу емес, осылар керек. Ел-жұртқа күлкі болып барған оқуы құрысын. Апам сол оқудан зәрәзап болып отыр. Бармаймын.

Шаншар атай (күліп). Бәрекелде, міне жігіт. Өте тауып айттың. Адамға алдымен жолдас керек. Осылар оқыса оқып, осылар шоқыса шоқы. Егер содан қор болсаң, әпкел бері қолыңды. Оның үстіне ол шіркіннің өзіне пара беріп түсіп неге керек? Оқуға адал жолмен, ешкімге телміріп көзін сатпай-ақ өз күшімен түсіп жатыр ғой осы ауылдың балалары. Әне, анау Ділдаханның Асқары, Сайлаудың Оразәлісі, Жүзжасрадың Мұраты, Айтқұлдың Сапары әке-шешесін салпаңдатып соңдарынан ертпей-ақ, қойы мен тайын жетектемей-ақ бір шамадан кітап арқалап барып өздері-ақ оқуға түсті ғой. Күләнда келін ақылды екен, содан безіп отыр ғой. Жаның тірі болса, оқу қашпас. Кейін барарсың осылармен бірге, қол ұстасып.

Санатбай. Сіз осыны менің көкеме де айтып, көндіріңізші.

Шаншар атай. Несі бар оның? Айтамын. Көндіремін.
Мұсатай шығады.
Мұсатай (ашулы). Бұл не сұмдық өзі? Жеті қараңғы түнде бүкіл баланы иіріп қойып, үрейін алып жатқаныңыз неңіз бұл? Мұндай праваны кім берді сізге. Мұныңыз барып тұрған қылмыс, біле білсеңіз.

Шаншар атай. Өй-өй, тоқта, батыр. Амандық жоқ, саулық жоқ бастырмалатқаның қай сасқаның? Сен өзің екі сөздің біріне клемей жатып заң, прабадан кетеді екенсің. Іздегенің праба болса, мен айтайын, сен тыңда. Бұл прабаны маған осы балалардың барлығының әке-шешесі берген, сендердің әкелерің, әкелеріңнің әкесі, олардың әкесі – бәрімізді жаратқан Есенаман бабам берген. Ол ұрпағым азып-тозбасын деген ұлы тілек қалдырған артына. Мен де өстіп жүрмін бұл балаларға. Осымды бекер деп көрші, кәне. Дей алмайсың ғой. Қайқай ендеше. Өйтпейді екенсің, қара жерге қағып жіберемін қазық қылып осы тұрған жеріңде.

Мұсатай. (не істерін білмей абдырап, жуасып). Қойдық, қойдық, ал. Қатты кеттіңіз ғой тіптен сонша, ақсақал.

Шаншар атай. Енді қалай деп едің? Өз шолақ ойыңша бала жалғыз сенің балаң екен ғой. Жоқ, ондайды бұл ауылда ешкім істеп көрген емес. Үлкеннің қолынан қаға алмаған бәрі. Оның атын атам қазақ әдеп дейді?

Кеудемде жаным барда мен сендерді сол әдептен оздырып, ата жолынан айныта алмаймын? Балаларды мен өзім де жіберейін деп отырмын. Ертеңнен бастап бұлардың бірі қалмай шөпке шығатын болды.



Мұсатай. Білемін. Жаңа басқармада әңгіме болған. Сонда қалай?

Шаншар атай. Білсең сол. Ал, «сонда қалайыңа» жол болсын. Санатбай ғой тағы да айта алмай тұрғаның. Санатбай да шөпке шығады балалармен бірге.

Мұсатай (күмілжіп). Оның жөні қалай болар екен?

Шаншар атай. Мұсатай, сен өйтіп мұрныңның астынан мүңгірлегенді қой. Баланы қатарынан оқшауландыра берме. Ал мұны пара беріп оқуға түсіремін деп ойың тұрмақ, назарыңа да кіріп шықпасын. Онда ендігі ісім сенімен болады.

Санатбай. Бармаймын мен оқуға.

Шаншар атай (Мұсатайға). Міне, көріп тұрсың ғой, бала не дейді, сен дейсің? Санатбай оқуға кейін жұрт қатарлы мектепті түгел тауысқан соң барады. Қазір бұл ешқайда бармайды. Қатарының бәрі колхоздың шөбіне шығып жатқанда, сен екі қалтаңды ақшаға сықита толтырып алып, балаңды жетектеп қалаға тартпақ екенсің ғой. Жоқ, ол жарамайды.

Мұсатай. Түу, сізге сөз айтып қажеті жоқ екен. Біреу оқытып қойған-ай деймін өзіңізді.

Шаншар атай. Өмір оқытқан мені. Елден оқшауланғанның оңғанын көрген емеспін. Осыны неге білмейсің, қайтіп сезбейсің, сен? Жо, шекеңе шертпекпен сіңірейін бе, әлде?

Мұсатай. О-о, қойыңыз, қойыңыз.
Әріге жарығын жарқылдатып жеңіл машина тоқтайды. Сахнаға колхоз председателі Сәбит Бегенов шығады. Жұрттың бәрінің сол кісіге назары ауады. Председатель атайды, Мұсатайды, қауын-қарбыз көтеріп тұрған балаларды жағалай жүріп бір шолып шығады.

Сәбит. Иә, бұларыңыз не? Үлкен жиын ба деймін өзі бір?

Шаншар атай. Кел, балам, кел. Осныдай бір әңгіме болып жатыр.

Сәбит («Шертпек шартын» оқып шығады). Қызықтың көкесі мұнда екен ғой. Қалай қатырып жазғансыз өзін, шіркін. Бұлардан шертпек алып жатқан болдыңыз ғой, сонда.

Шаншар атай. Бұл жорамалыңның екеуі де дұрыс емес, Сәбит шырақ.

Сәбит. Сонда қалай?

Шаншар атай. «Шартты» мына балалардың өздері жазған.

Сәбит. Мұнысы қызық екен...

Шаншар атай. Мен бұлардан аузыма қай сан түссе, соншама шертпек ап жүрсем, өздері мынаны жазып әкеп: «Ата, осыған келісейік», – деді, көндім. Бүгін бұлар осы «Шартта» жоқ әбестік жасады. Мен де соған орай жаза қолдандым.

Сәбит. Бұлардың әбестігі, сіздің жазаңыз қандай сонда?

Шаншар атай. Бұлардың әбестігі – қауынға түсті, менің жазам – өз алғандарын өздеріне көтертіп қойып отырмын. Бар әңгіме осы.

Сәбит. Әбестік-ақ екен. Жазаңыз да орынды, сыйымды.

Шаншар атай. Сұрағың бітті ме, балам? Бітсе, ендігі сауал менен болсын. Сен: «Орынды, сыйымды», – дейсің, бригадирің: «Мұның – қылмыс» – дейді. Мұның қайсысына сенеміз біз сонда?

Сәбит (атайға). Сіздікі жөн. Солай ма, балалар?

Балалар. Солай.

Сәбит. Ал, онда, Мұсеке, сіз айтыңызшы, мұның несі қылмыс?

Мұсатай. Жо-жо. Б-былай...

Шаншар атай. Мұсатай, тұра тұр сен біраз. Басқармада тағы бір сұрағым бар: Інстәт бітірген баласың ғой сен осы, ә?

Сәбит. Жоқ. Жоғары партия мектебін бітіргенмін.

Шаншар атай. О-о, оқудың төресі өзіңде екен ғой. Онда шыныңды айтшы, сол оқуға пара беріп түсіп пе ең, жоқ, өз күшіңмен түстің бе?

Сәбит (шалт, жұлып алғандай). Пара берген деген не сөз ол?

Шаншар атай. Бәсе, деп ем-ау, тегі. Сен бірақ бұған қызарақтамай сәл тұра тұр. Алдымен сұраққа жауап бер, өзгесін кейін көрерсің. Сонымен парасыз түскен екенсің ғой оқуға.

Сәбит. Әрине. Райком жіберді. Оқыдық.

Шаншар атай. Міне, сөздің атасы осы. Бұл бір көңілдегі күдікті сейілткен әңгіме болды. Қо-о-ош... (Пауза). Ал, бірақ мен бір ашықауыздық жасап алдым, балам. Сендердің шөп шабуға жәрдем сұрап отырғандарыңды шыдай алмай, мына балаларға күнілгері айтып қойғанмын. «Бүлдірдім-ақ қой», – деп едім әуелі, жоқ, оным бекер екен. «Шөпке барамыз», – деп шетінен жұлқынып тұр әшейін балалар осы тұрғанда. Сөйтсе, мына Мұсатай елден ерекше: «Баламды қалаға апарамын, пара беріп оқуға түсіремін», – деп сыңар езулеп көнер емес.

Сәбит. Солай ма?

Шаншар атай. Қайдан шыққан пәле екенін: «Пара-пара», – деп мына Мұсатайдың таңдайы тақ-тақ етеді. Осының теріс екенін түсіндіріп қоймайсыңдар ма? Бізді қойшы. Біз өріміз кетіп, ылдиымыз қалған адамбыз. Тыңдамайды бұлар бізді.

Сәбит. Оны білмедік қой біз. Түсіндіреміз, түсіндіреміз. Бригадир болғанның жөні осы екен деп, дікеңдетіп қоймаспыз ел-жұртқа аты-жөні жоқ.

Мұсатай (мүләйімсіп). Түсіндім, әбден түсіндім. Сәке, парасы да, оқуы да құрысын. Ол бізге қайбір қол дейсіз. Қойдым бәрін де.

Шаншар атай. Әуелден өстімейсің бе, Мұсатай-ау? Мейлі, адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң. Ал, балаларды ерт те, қайт ендеше. (Балалар апыл-ғұпыл қарбыздарын тастап кетуге жинала бастайды. Шаншар атай колхоз председателіне бұрылып). Жайшылық па? Қайдан?

Сәбит. Жайшылық. Ауылдан. Қызылшаның түнгі суын байқайыншы деп шығып едім, жолай сізге бұрылғаным ғой.

Шаншар атай. Жайбарақат жатуға бола ма, бәсе. Күн-түн демей жортып жүрсе бітеді де ер жігіттің шаруасы. (Атай кенет санын соғып). Әй, әй, балалар, тоқтаңдар. Қолдарыңдағы қауын-қарбызды ал дегенім қайда жаңа сендерге?

Әшірбек. Алмаймыз. Рақмет, ата.

Бекен. Мен де кетейінші ауылға, ата.

Шаншар атай. Неге?

Бекен. Шөпке шығам ертең балаларме бірге.

Шаншар атай. Оған рұқсат сұрамаймысың менен?

Бекен. Сұрап тұрмын ғой, міне.

Шаншар атай. Е, солай екен ғой. Бара ғой. (Балалар тастаған қауын-қарбызды нұсқап). Өзің де ал, аналарға да ал деші мынадан.

Бекен. Алмайды. Олар енді ел қатарлы еңбегімен жейді қауын-қарбызды. Ертең-ақ мұны шөпшілерге тасисыздар ғой, сонда жейді де.

Шаншар атай (мәз болып ағынан жарыла күліп). Бұл да дұрыс екен. (Атай қолына бір дәу қауынды ала салып, шулап жүріп берген балаларға қарай ұмсына бере көзі жасаурап тұрып қалады. Балалар қайырылмай сахнадан шығып кете барады). Қарай көріңдер-ей. Кім білген өсіп қалған екен ғой өздері, тегі. Тіпә, тіпә, тілім тасқа. Амандық болса, адам болды деген осы енді...

ШЫМЫЛДЫҚ


БАЛАЛАРДЫҢ МАХАББАТЫНДА НЕМІЗ БАР?

(Екі бөлімді, бес көріністі драма)


Қатысатындар:
Зәуре – институтта оқитын бойжеткен

Ерлан – құрылысшы жігіт, институтта сырттай оқиды

Оспан – Зәуренің әкесі, құрылыс компаниясының бастығы

Тәттігүл – Зәуренің шешесі, дүкен меңгерушісі

Берік – Ерланның әкесі, совхоз бригадирі

Аманғайша – Ерланның шешесі, мұғалима

Әлім – қала әкімі, Оспанға бажалығы бар

Балқия – үй шаруасындағы әйел, Тәттігүлге әкпелігі бар

Ерлан – маскүнем жігіт, Әлім мен Балқияның ұлы
БІРІНШІ БӨЛІМ

Бірінші көрініс


Оспанның үйі. Осы заманғы қонақжай бөлме.

Үлкен жұмсақ диванда Тәттігүл отыр ойланып.
Тәттігүл (өзіне-өзі). Апыр-ау, енді қайттім? Балқия мен Әлімге не бетімді айттым? (Осы сәтте есік қоңырауы шырылдайды). Есік ашық, кіре беріңіз. (Балқия кіреді. Тәттігүл орнынан ұшып тұрады). О-о, Балқия тәте! Сәле-е-матсыз! Келіңіз-келіңіз. (Екеуі құшақтасып сүйіседі). «Ауыл үйдің қонағы анда-санда» – деген, есікпе-есік отырып айында-жылында бір көретін болдық қой бір-бірімізді, тәте-ау. Жоғары шығыңыз.

Балқия. Қаланың адамы осы да. Қалай, амансыңдар ма?

Тәттігүл. Аманбыз. Өздеріңіз ше?

Балқия. Шүкір. Қане, көрсетші етігіңді. Қай елдікі екен?

Тәттігүл. Финдікі.

Балқия. Нағыздың өзі екен ғой.

Тәттігүл (басқа бөлмеге барып, қорабымен етік алып келеді). Мінекиіңіз, игілігіңізге киіңіз. Тура сіздің размеріңіз.

Балқия. «Турашыда туғаның болсын» – деген осы енді. Бұл бір біткен шаруа болды.

Тәттігүл. Тәте-ау, сізден аяп не көрініпті маған?

Балқия. Бәсе, десеңші!

Тәттігүл. Тәте, сізге бір жаңалық айтайын ба? Бізді құттықтасаңыз да болады, күйеу балалы болайық деп жатырмыз.

Балқия. «Қыз – шайтан», – деген рас екен-ау, Зәуренің бойжетіп қалғаны ма сонда?

Тәттігүл. Бойжетті, тәтесі. Он тоғызға келді. Мен де осы жасымда тиіп едім ғой Оспанға.

Балқия (кекесінмен). Иә, бұл үлкен жаңалық екен. Құттықтаймын! Күйеу жігіт кімнің баласы екен?

Тәттігүл. Кім біліпті? Кімнің баласы болса да бәрі бір емес пе? Зәуре кешке ертіп келеді үйге. Сонда көреміз, сұраймыз әке-шешесінің кім екенін.

Балқия (даусы қатқыл шығып). Көр-көр? Сұра! Таныс! Тәттігүл, сен өзі уәдені ұмытқаннан саумысың?

Тәттігүл. Қайдағы уәде?

Балқия. Ойланып көрсең ше?

Тәттігүл. Нені ойланамын?

Балқия. «Зәурені Ерланға беремін», – дейтінің қайда? Соны ойлан.

Тәттігүл. Қайдам?

Балқия. Несі қайдам? Сөзді қой, Зәурені Ерлан алады.

Тәттігүл. Сіз екеуміз туысқан емеспіз бе?

Балқия. Туысқанбыз, бір елдің қызымыз. Онда тұрған түк те жоқ. Әлім мен Оспан бір-біріне бөтен, қыз алысатын рулардан.

Тәттігүл. Қайдам? Бірдеңені бүлдіріп алып жүрмесек болыпты да, әйтеуір.

Балқия. Мен не айтып тұрмын саған. Байқаймын, түлкі бұлтаққа салайын деп тұрған сияқтысың.

Тәттігүл. Қойшы, құрысын, онысы несі тағы? Тәте-ау, адамда бас бостандығы деген болмай ма?

Балқия. Болады.

Тәттігүл. Болса, бұл мәселені Зәуренің өзі шешеді.

Балқия. Жоқ, Зәуре де, басқа да емес, сен екеуміз шешеміз.

Тәттігүл (ығып). Кім біліпті, жігітін ертіп келіп таныстырайын деп отырған қыз көне ме айтқанға? Оның үстіне Зәуре – орысша оқыған, тік мінезді, алған бетінен қайтпайды.

Балқия. Көнеді. Көндіреміз. Жоқ, әлде, бізбен құда-құдағи болғыларың келмей ме?

Тәттігүл. О не дегеніңіз, тәте-ау! Сіздермен құда-құдағи болсақ, арман қане!

Балқия. Бәсе, солай демейсің бе бірден! Жездең: «Зәуре – бір айналайын бала. Бұйырса, асқан келін болады», – деп аузынан бір елі тастамайды. Ойбай, мынауыңды естісе, өлер ол байғұс!

Тәттігүл. Естімейді. Естіртпейміз. Бәрін туралаймыз.

Балқия. Міне, енді мұның – азаматтық. Өстімесек, біз Бөрінің қызы боламыз ба?

Тәттігүл. Кешке болсын, осыдан бар ма, осыдан көр де тұрыңыз, Ерланның қайда, өзінің қайда қалғанын білмейтін етейін мен ол қыздың.

Балқия (лезде ашуланып). Не деп тұр өзі? Қызыңды, маған десең, пісіріп же, Ерланда шаруаң болмасын!

Тәттігүл. Тәте, сіз өйтіп құры босқа ашуланбаңыз. Сіздің Ерланды емес, қыздың Ерланын айтып отырмын мен.

Балқия. І-і, ол неменің аты да Ерлан ба еді? «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды», – деген.

Тәттігүл. Соны айтам. Бізге кім көрінгеннің Ерланы емес, сіздердің Ерландарыңыз керек.

Балқия. Иә, бағанадан бері сөйдемеймің бе? Айналайын Зәуре қолдан шығаратын бала ма, жо-жоқ, атай көрме! Өзіміз келін қылып аламыз оны.

Тәттігүл. Сөйтіңіздер, армандарыңызға жетіңіздер.

Балқия. Құдай әумин десін! Бұл әңгіме осымен бітсін. Қайтайын. Ал, мына етігің қанша тұрады.

Тәттігүл. Түк те тұрмайды. Апара беріңіз.

Балқия. Е-е, бұл ненің ақысы? (Сөмкесіне қолын жүгіртіп). Жоқ, болмайды, пұлын ал!

Тәттігүл. Тәте, қойыңызшы тегі! Арамызда бір етік жүрсе, ештеңе етпес. Сізге сыйлағаным болсын, алыңыз.

Балқия. Қап, өстіп құртады ғой бұл адамның діңкесін. Мейлі, етікті айтамыз, адам алғалы отыр емеспіз бе біз енді.

Тәттігүл. Қалың малды жақсылап дайындаңыздар, сонда қайтады бәрі.

Балқия. Дайындаймыз. Бір баладан аярымыз жоқ біздің.

Тәттігүл (разы болып күліп). Қайран менің Балқия тәтем, бәрінің жөнін біледі.

Балқия. Сен де ешкімнен қалмайсың, жасауын жақсылап сайла қызыңның.

Тәттігүл. Сөз бар ма, әлдеқашан әзірлеп қойғанмын бәрін.

Балқия. Білемін ғой, білемін, Зәуре десе, сен ішкен асыңды жерге қоясың.

Тәттігүл. Біздің бір қыздан аярымыз жоқ. Үйдей көшіріп ұзатамыз біз Зәурені.

Балқия. Тілеуіңе жет! Мен енді үйге барайын, Тәтті.

Тәттігүл. Барасыз ғой. Отыра тұрыңыз, шәй ішіңіз. Есікпе-есік отырып несіне асығасыз?

Балқия. Шаруа бар. Жездеңе кешкі ас дайындауым керек.

Тәттігүл. Мейліңіз онда.

Балқия. Жақсы.

Балқия кетеді.

Тәттігүл (өзіне-өзі). Балқия тәте, сені қойшы! Әлім жездем үшін бәрі! Сол кісі болмаса, етік тұрмақ калош ұстатар ма едім мен сенің қолыңа? Ал, жезде, алдымен етік кетті үйіңізге, енді Зәуре барады келін болып. Оспанға оқтын-оқтын дүрдиіп қалатыныңыз болушы еді, түстіңіз-ау ақыры қолға. Бізді енді ешқандай құдай алмайды.
Зәуре келеді.
Тәттігүл. Қызым, не жалдғызбысың? Ерлан қайда?

Зәуре. Келе алмады.

Тәттігүл. Немене, ұялып келмеді ме? Дәу де болса, ауылдың баласы болды ғой оның.

Зәуре. Иә, ауылдың баласы.

Тәттігүл. Бәсе-бәсе, өзім де солай ғой деп ойлап едім. Ауылдың баласы де.

Зәуре. Ауылдың баласы болса несі бар?

Тәттігүл. Несі болсын? Ұялшақ, ынжық болады олар. Әке-шешесі текті адамдар болса, бір сәрі, әйтпесе, құрығанымыз. Айтып ауызға алғысыз біреу шығар ол пәле?

Зәуре. Мама, тегін тергеп қайтесіз? Ерлан маған ұнаса, жетіп жатыр емес пе сізге?

Тәттігүл. Сен әлі түкті де білмейді екенсің, қызым. Жігітің кім өзі? Оқи ма, жұмыс істей ме, жоқ, әлде, рэкет немесе ұры ма?

Зәуре. Мама, қай-қайдағы пәлені айтқаныңыз сонша! Ерлан – құрылысшы.

Тәттігүл (кекесімен). Құр-рылысшы!.. Өйтіп әспеттегенше қара жұмысшы демейсің бе оныңды. Қайдан тауып жүрсің сен оны?

Зәуре. Біздің институтта сырттай оқиды.

Тәттігүл.Сырттай оқығаны несі? Сол да оқу болып па ? Не, кәдімгі өзің сияқты студент бала құрып қалып па? Құрылысшы деген не пәле? Не құрыса құрылысшы, одан соң сырттай оқитын студент құрысын.

Зәуре. Папам да құрылысшы, ол да құрысын ба сонда?

Тәттігүл. Қара қылжақтағысы келеді. Папаң – құрылысшы, бастық.

Зәуре. Папам бірден бастық емес, қатардағы құрылысшы да болған шығар.

Тәттігүл. Болған. Папаң құрылыста істеп жүргенде қай күні биіктен басы айналып кетер ме екен деп қу жанымды қу шүберекке түйіп отыратынмын.

Зәуре. Жаса, мама! Сіз папамды кереметтей сүйеді екенсіз.

Тәттігүл. Сүймегенде ше.

Зәуре. Мен де Ерланды кереметтей сүйемін!

Тәттігүл. Жоқ, керегі жоқ оның, сүймейсің. Айттым ғой, биіктен ұшып кетіп өлсе, байсыз қаласың, қызым!

Зәуре (күліп). Мәс-саған, қызық! Әй мам-мам! Сол да сөз бе екен? Ешкім өлу үшін өмір сүрмейді. Ал, егер шындар болсаңыз, айтайын, адамды қас қағым сәт те бақытқа бөлейді.

Тәттігүл. Тө-ө-өу , ақылың тасып тұр екен ғой, қызым! Қанша көсемсі, шешенсі, бәрібір тимейсің сен оған.

Зәуре. Мама, сіз қызықсыз! Тимейсің сен оған? Бұл неткен дөрекілік! Біз енді ғана...

Тәттігүл. Болды-болды, сөйлеме. Енді ғана болса тіпті жақсы, айырылысу оңай болады. Өзім діттеп жүрген жер бар, соған барасың.

Зәуре. Мама, сол да бола ма екен?

Тәттігүл. Болады. Осы қала толған жақсы жігіт. Соның біреуі бұйырғаны ма бізге? Әлде өтімің жоқ болғаны ма?Маған тартсаң, жігіттің төресіне тиесің әлі-ақ. Мен осы әкеңді бір көргеннен-ақ қағып түскенмін.

Зәуре. Жарайсың, мама! Папама қосылғаныңыз қандай жақсы болған. Әйтпесе...

Тәттігүл (ашуланып). Әйтпесе... Айт арғы жағын.

Зәуре. Әйтпесе мен дүниеге келмейтін екенмін.

Тәттігүл. Қара мен шындап тұрсам, бұл қылжақтайды ғой! Көрсетейін мен шешесімен қалжыңдасқанды!

Оспан кіреді. Жұмыстан келген беті.
Тәттігүл. Оспан, бол ойбай, кел бері!

Оспан. Не болып қалды сонша?

Тәттігүл. Жау шапты! Қызың тексіз біреуге тиетін болыпты.

Оспан. Тексізің не? Соғыс біткелі қай заман. Олжабайлар мен Олжабектердің өзі әке болып кеткелі қашан.

Тәттігүл. Ол немені тексіз дегенім, белгісіз адамның баласы дегенім емес пе? Сөйтсем, қай-қайдағыны айтқаның! Құдайым-ау, енді не дедім бұларға?

Зәуре. Өтінемін, қойыңыздар бұл әңгімені.

Тәттігүл (өрекпіп). Қоймаймын! Ондай ауылынан адасып, тентіреп келген жалаңаяқ құрылысшы кімге керек?

Оспан. Қызықсың сен, Тәттігүл! Құрылыста істейтін адамды ешкім де кекетпейді. Құрылысшы деп құрметтейді.

Тәттігүл. «Бөрік кигеннің намысы бір». Сен де құрылысшы екенсің ғой, айтпақшы. Мейлі, оны қырылысшы дейік, құрметтейік, бірақ қызымыздан аулақ жүрсін.

Оспан. Неге?

Тәттігүл. Өйткені оның әке-шешесі келіспеген адамдар. Бүгін бесіктен белі шықпай жатқан баласын жұмысқа салып қойған ата-ана ертең Зәурені күң қылып жұмсайды. Қызымыз ауылдың салпы етек қатыны болады да шығады.

Зәуре. Несі бар, Ерлан үшін дәл сіз айтқандай келін болуға әзірмін мен.

Оспан. Тәттігүл, Ол бала қалаға қаңғып емес, қанаттанып келіп отыр. Меніңше, ол баланың әке-шешесі өмір білетін адамдар. Баласы еңбек етеді екен, азбайды. Зәуре келін болып, ата-енесі жұмсап жатса, оған қуану керек. Біздің халықтың бір бақытсыздығы – ата-ененің келінге ықпалынан айырылып қалуы.

Тәттігүл. Бұрынғыдай үйде ата-ененің аузына қарап отыратын күн қайда келінге? Қазіргі әйел түзде еркекпен бірдей жұмыс істеп, бірдей дүние табады. Сен өйтіп ескілікті аңсағанша, былай бір жан-жағыңа қарамайсың ба? Құрылыс... Өмір... Қанат... Еңбек... Қызың екеуің осылардан басқаны қашан көріп, қайтіп білмек екенсіңдер?

Оспан. Сонда нені көріп, нені білмекпіз?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет