ӘДЕПТЕН ОЗБАЙЫҚ – ОТЫРАРДЫ ҚОРҒАЙЫҚ
Қазақ Әдебиеті газетінің 30.11.2011ж. санында журналист Әмірхан Балқыбектің “Шыңғыс хан – далалық тұлға” атты қарсы мақаласы жарияланды. Автордың бұрынғы мақаласындағы (ҚӘ, №21, 2001ж.) ойларын қайталауы болып табылатын бұл мақаласында айтары Шыңғыстың ұлы далалық тұлға екені. Мұнымен әсте келісуге болмайды. Журналист бауырымыз Шыңғыс ханды мадақтағанда екі-ақ нәрсені басшылыққа алады: 1-) Шыңғыстың далалық тұлға екені 2-) Оның түркі нәсілінен шыққандығы. Міне, осы екі-ақ нәрсе залымның зұлымдығын ақтауға жетеді деп ойлайды. Біріншіден, адамдарды далалық, ормандық, таулық, шөлдік, қалалық тұлға деп бөліп, жекелеуге болмайды, мұндай сыныптау талдаудың деңгейін төмендеткеннен басқа нәтиже бермейді. Екіншіден, залымның түркі болуы яки болмауы оның зұлымдығын ақтауға негіз бола алмайды. Егемен Қазақстанда жарияланған мақаламызда (30.10.2001ж.) Шыңғыстың шыққан тегінің белгісіз екені, мұны ешкімнің дәлелдеуге мүмкіндігі жетпейтіні туралы айтқанбыз. Егер, Әмірхан Балқыбектің Шыңғыстың түркі нәсілінен екендігін растайтын ғылыми дәлелденген құжаты болса, оны ортаға салсын. Соның өзінде, бұл залымның зұлымдығын ақтауға яки кешіруге негіз бола алмайды. Бұрынғы құқық жүйелерінде һәм заманауи заң ғылымында адамдар жасаған қылмыстарына сол қылмыс бойынша жауап береді, оның тегі, тілі мен діні есепке алынбайды. Сондықтан, журналист бауырымыздың эмоцияға ұрынып, қырғынның қырғынын жасаған тұлғаны даладан уә түркіден шыққандығы үшін деп жақтауын, ақтауын қауіпті үрдіс деп бағалаймын.
Аталмыш қарсы мақалаға тоқталмас бұрын “Қазақ Әдебиеті” газетінің бірінші бетіндегі мақалаға кіріспесі туралы бір-екі ауыз пікір айтқым келеді. Мұнда былай деп жазылған: “Түркиядан келген қандасымыз Мұртаза Бұлұтай “Егемен Қазақстанда” Шыңғыс хан туралы тым үстірт, асығыс пікірлер айтыпты. “Түркиялық қандасымыз” дегеннен шығады, жақында ғана Түркиядан келген екінші бір қандасымыз “отқа май құю, жеті шелпек пісіру – бұлардың бәрі дінімізге жат” деп, теледидардан сөйлеп, тағы бір шетелдік қандасымыз өз кітабында…Біз оралман ғалымдарымыздың…”. Төбесінде Ибраһим Құнанбайұлының суретін іліп қойып, қазақ халқын оралмандар - оралман еместер деп бөліп сөйлеу Қазақ Әдебиеті газетіне артылған ауыр жүкпен сыйыспайды. Түркиядан емес, Керуленнен келіп, Орталық Азияны талқандаған Шыңғысты ақтауы, мақаласында Г.Э. фон Грюнебаум, Г.В. Вернадский сияқты “оралман” емес, нағыз жергілікті (!) авторлардың пікірлеріне жүгінуі журналист бауырымздың пайым шарқын көрсетеді. Біріншіден, оралман болсын, болмасын қазақ халқының бәрі туыс, бәрі де өзінің пікірін білдіруге құқықты. Екіншіден, менің мақаламда келтірілген пікірлеріммен сайыспай, менің қайдан келгенімді алға тарту әлсіздіктің, дәйексіздіктің нәтижесі деп білемін. Үйткені, мұндай пікірлерді Қазақстандық авторлар да, басқа шетелдіктер де айтып келеді. Менің “Егемен Қазақстандағы” мақаламда тура 56 сілтеме келтірілген, олардың ешқайсысы да оралмандар емес. Олардың көбісі дүниежүзі мойындаған ғылыми авторитеттер. Сондықтан, “Мұңғұл Әдебиеті” емес, “Қазақ Әдебиеті” деп аталатын газетіміздің қазақ халқын осылайша шыққан жеріне қарай бөлуін де асқан қаталық деп санаймын. Біз қазақ халқының басын біріктіретін кез келді деп жан айқайымызды салып отырғанда, пікірлерімізге қарсы пікірдің орнына оқшаулаушы жеңіл сөздерді көргенде ыңғайсызданып отырмыз. Қабдеш Жұмаділ, Оразақын Асқар, Марфуға Айтхожина, Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүрік, Дәнеш Рақыш, Мұхтар Құл-Мұхаммет, Ислам Жеменей қатарлы көптеген оралман бауырларымыз қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетіне, ғылымы мен біліміне үлкен үлес қосуда. Сондықтан, бүгінгі өркениет пен баспасөз этикасы талап ететін, егеменді мемлекетіміздің заңдарымен бекітілген мәдениетті сақтай білейік, әдептен озбайық, ағайын, демекшімін. Осы “Қазақ Әдебиеті” газеті сонау 14.09.1990ж. №37 санында Ислам дінінің барлық қағидаларын аяқасты ете отырып, сүйікті пайғамбарымыз Әз Мұхаммедтің (с.ғ.у.) суретін жариялаған-ды. Мен 31.03.1991ж. Алманиядан жіберген хатымда мұның үлкен қата екенін, мұсылманшылықта Әз Пайғамбардың суретінің жоқтығын, мұны жариялаудың дұрыс еместігін ескертіп едім. Сол хатым өкінішке орай басылмады. Енді бұл жолы журналист Ә. Балқыбектің қарсы мақаласын жариялаймыз деп, оралман атаулыға жөнсіз тисуі тағы да редакцияның жауапсыздығы салдарынан деп білемін.
Әсілі, айғай-шу көтеріп, әбестікке баратындай жағдай жоқ. Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов Шыңғыс ханды басты кейіпкер етіп, бір повес жазыпты. Бұған журналист Ә. Балқыбек пен профессор Ғ. Есім өз пікірлерін жазыпты. Ақынның кітабын оқып, мен де өзімнің ойларымды жұртшылықпен бөлістім. Бұлар өте түсінікті һәм демократиялық, плюралтистік түзімде өте табиғи нәрселер. Ал, “Қазақ Әдебиеті” газетінің авторлардың пікірлерінен гөрі қайдан шыққанын алға тартуы, журналист Әмірхан Балқыбектің Шыңғыс ханның қылықтарынан гөрі оның қайдан шыққанына баса назар аударуы дұрыс емес деп білемін. Менің мақаламда келтірілген ойларға жауап берудің орнына, әңгімені басқа жаққа тарту бәрінен бұрын журналистік этикаға сай келмейді. Сондықтан, редакцияның оралман қауымнан кешірім өтініп, менің мына жауабымды жариялауын өтінемін. Бұдан кейінгі пікірталастарда егер біреудің пікірімен келіспесеңіз, онда сол автордың аты-жөнін, мақаласын келтіріп, жауаптарыңызды келтіріңіз. Оның шыққан жерін, ұлтын, дінін, нәсілін нысанаға айналдырмаңыз құрметті рекдакция.
Әмірхан Балқыбек аталмыш мақаласында Отырар әміршісі Қайыр хан бабамызды халық жауындай етіп көрсетіпті, бірақ ол менің мақаламдағы Шыңғыс хан неге тек Қайыр ханды өлтірумен ғана шектелмеді, Отырарда 35 мың адамды қырып, сонымен қатар қаланың ғимараттары мен кітапханасын неге жойды деген пікірлеріме жауап бере алмаған. Қайыр хан саяси қаталық жасады деген күннің өзінде (Ә. Балқыбектің пікірі бойынша, М.Б.) Шыңғыстың соншама аяусыздыққа баруын, бейкүнә адамдар мен кітаптарды жазалауын түсінуге болмайды. Біздің көлемді мақаламызда келтірілген және әрбірі ғылыми деректермен бекітілген аргументтерге журналист бауырымыз жауап бере алмаған. Мәселен, Шыңғыс пен оның ұрқының билігі кезінде найман, керейт, жалайыр, қоңырат, меркіт, қыпшақ, қаңлы, үйсін, оғыз тайпаларының жаппай қырғынға ұшыратылуы жөнінде ештеңке жоқ, баяғы жауыр болған сөздер болмаса. Ал, Әдіһам Шілтерханов (оралман емес, қорықпаңыздар) "Қайырхан қаһарманымыз емес пе еді?” деген мақаласында бұл туралы былай депті: “Насибнамада… Қайырханның нәсілі қаңлы еді деген сөздер бар. Отырарда ирандықтар болмағаны бұл жерде де көрініп тұр… Сол кезде тайпалық одағы мемлекеттік деңгейге көтеріліп қалған наймандар Шыңғыс хан қолынан аз қырылды ма? Қыпшақтар ше? Ертіс пен Дунай арасын ен жайлаған қыпшақтың көбі Шыңғыс хан жорығынан шілдей тозып кетпеді ме? Сол қыпшақтар мекенінде қазір кімдер отыр? Шыңғыс ханнан жеңілмегенде, бәлкім, бұл ұлы тайпаның тағдыры мұншалықты қасіретті болмас па еді?! Шыңғыс хан жаулап алған елін ұлыстарға бөліп, балаларына еншілеп бергенде, лажсыз бөлінген қазіргі қазақ ұлтын құрайтын найман, қыпшақ, сіргелі, жалайыр, қаңлы, қатаған секілді тайпаларға жататын көптеген бауырларымыз жат өлкеде қалып, отырған жеріндегі ұлттарға сіңісіп кеткен жоқ па? Шыңғыс ханға қараған соң шекеміз майға шылқылдады дейтіндей нақ сол кезде моңғол елінің байлығы да, әлеуметтік-қоғамдық даму деңгейі де біздің Жетісу немесе Сыр бойындағы елдерден көп төмен емес пе еді?” /[1]/.
Ибн әл-Әсир: “1043ж. 10 мың шатыр түркi халқы мұсылмандықты қабылдап, 20 000 қойды құрбандыққа шалды” дейдi /[2]/. Әмірхан Балқыбек еңбегіне жүгінген тарихшымыз С.М. Ақынжанов оларды қыпшақтар деп болжайды /[3]/. Алайда, қыпшақтардың ақибеті өте аянышты болды, мұңғұл шапқыншылары қыпшақ жерін талқандады, мәдениет атаулыны құрытты, қыпшақ-құмандарды жаппай құлдыққа әкетті, оларды аяусыздықпен өлтірді. Ә. Балқыбек оқуға кеңес еткен қалмақ тарихшы Хара-Даван мұңғұлдардың қыпшақтарды қалай өлтіргені туралы мынандай һашияны келтіреді: «С собой ведут много пленных, в особенности много вооруженных куманов (половцев), гонят их перед собой в бой и убивают как только видят, что они не идут слепо в бой. Сами монголы неохотно идут в бой. Если же кто из них будет убит, тут же его без гроба закапывают» /[4]/.
Мұңғұл шапқыншылығының алдында Ислам дiнiн мемлекеттiк дiнге айналдырған Қарахан дәуірінде бұрын-соңды болмаған оң өзгерiстер байқалған-ды. Қазақстанның оңтүстiк аймақтарында айтарлықтай мұралар қалдырған осы дәуiрде егiншiлiк, малшылық күшейiп, қолөнершiлiк және сауда гүлденіп, өркендеген-ді. Халықтың экономикалық хал-ахуалы әжептәуiр көтерiлiп, жайбарақат өмiр орнаған-ды. Бұрынғы шаһарлар гүлденiп, көптеген жаңа қалалар бой көтередi, қалалық мәдениет жайылып, орнығады. Сол заманның қаламгерлері Тараз қаласын үлкен сауда орталығы, ал Исфижаб (Испижаб, Сайрам) қаласын бүкiл дүние жүзi саудагерлерi үшiн кен бұлағы деп мадақтайды /[5]/. Тұңғыш Самани патшасы Исмаил Ахмедұлының немере ағасы Нұх Әсетұлы Исфижабты 838 ж. жаулап алған соң осы қаланың халқы Исламды қабылдаған-ды /[6]/.
Мұсылмандықты мемлекеттік дін еткен Қарахандықтар әулетінің билігін барша ғалымдар оңды бағалауда, мәселен, “Қазақстан Тарихы” атты кітапта, отандық тарихшыларымыз: “Қарахан әулеті тұсында түрік этносының ой-санасы өседі, мұсылман әдебиеті түрік тілінде шыға бастайды. Бұл салада жұрттың бәрінен бұрын Йұсұф Баласағұнның есімі белгілі болады. Тұтас алғанда Қарахандар дәуірі сапалық жағынан қоғамның барша саласындағы жаңа кезең боп табылады. Тек, мұңғұл жаулаушылығы тұсындағы ауыр күйзеліс қана қоғамның дамуға бет алған табиғи процессін үзіп тастайды” /[7]/ деп, әділ бағасын беруде.
Оғыздардың Түркияға көшуін үдеткен екінші фактор XIII-ғасырдағы мұңғұл шапқыншылығы болды. Мұңғұл басқыншылығынан бұрын Мауера-ән-Нәһір, Хорасан т.т. елдерінде әлі де болса айтарлықтай мөлшерде оғыз тайпалары бар еді. Мұңғұл басқыншылығы, әсіресе Илхан (Елхан) дәулеті тұсында оғыздардың Түркияға көшуі қайтадан үдей түседі. Мұңғұл ойранынан кейінгі жазба деректерде Мауера-ән-Нәһір мен Хорасан аймақтарында оғыздардың болғаны туралы сөз қозғалмауы үшбұ пікірімізді растайды. Орталық Азияны ойрандатқан мұңғұл басқыншылары Түркия жерін де жаулап алды. Көсетау (1243 ж.) соғысынан кейін мұңғұлдар Селжүк дәулетін өзіне қаратады. Мәмлүк билеушісі Сұлтан Мұхаммед Бейбарыс мұңғұлдармен үнемі соғысып, Түркия мен Алтын Ордадағы мұсылман бауырларына көмектесіп тұрады. Сондай жорықтың бірінде Бейбарыс бабамыз 1277 ж. Оңтүстік Түркиядағы Елбистанға шейін келіп, мұңғұлдарды талқандаған /[8]/. Шындық осылай бола тұра Әмірхан Балқыбек мақаласында «сұлтан Бейбарыстың Яссаның заңдарын (Шыңғыстың тұрпайы қағидалар жинағы, М.Б.) ниет еткенін мәлімдейді» деп, ақиқатқа кереғар пікір танытады да Әс-Сұйұтидың (Эссюути емес, Ә. Балқыбек Вернадский ұстазы қалай жазса солай ала салған, М.Б.) қай еңбегін пайдаланғанын көрсетпейді. Сұлтан II Мәсғұт 1308 ж. өлген соң Түркиядағы Селжүк мемлекеті ресми түрде құлады. Ең соңғы Хорезім-шаһы Жалаладдин (1220-1231) мұңғұлдарға жеңіледі. Мұңғұл шапқыншылары Хорезім-шаһтар билеген өңірлерді жермен жексен етіп қиратады, аяусыз зұлымдықтар жасайды. Жалпы өркениетке үлкен үлес қосқан бұл мемлекетті де Шыңғыс құлатады. Шыңғыстың тобырымен Үндістанда өркениетті мемлекеттер орнатқан түркі бабаларымыз да соғысқан. Мәселен, Деһли (Дели) сұлтандығын 1296-1316 жж. түркiнің хилжи руынан шыққан Алааддин Хилжи билеген. Ол Үндiстанды жаулағысы келген мұңғұлдарға естен кетпес тойтарыс бередi. Шыңғыс бастаған соқыр шапқыншылық, варваризм, вандализм жылдарында он мыңдаған қолжазба кітаптар жоғалып кетті.
Шыңғысты “бабам”, Бөртені “анам” деушілерге айтарымыз: шыныменен біз ата-бабаларымыздың жолын айна-қатесіз қууымыз керек пе? Сонда, өзіміздің ақылымыздың болмағаны ма? Егер олардың қаталықты, жаңылысты қылықтары болса және біз олардың қата екенін білсек, сонда да олардың жолында болуымыз керек пе? Яғни, ата-бабамыздың жолы деп би-төрелік, хандық немесе шаһтық я болмаса шаһаншаһтық ол болмаса патшалық, қағандық, хақандық мемлекет орнатуымыз керек пе? Шыңғыс итке, тауға, бөрікке табынды деп, біз де соларға табынуымыз керек пе? Не болмаса Шыңғыс тек көшпелі өмірде қалуды бұйырды деп, қазіргі адамзаттың жолын емес, көшебелікке қайтадан ауып, елімізді отырықшыларға атақ, даңқ үшін беруіміз керек пе? Шыңғыс 3000 қатынды малданды деп жанұя және неке туралы заңды өзгертіп, ескіліктің қалдығы һәм ғайриадами салттарды қайтадан енгіуіміз керек пе? Әйелдердің хұқұқтарын қолынан ата-баба жолы деп тартып алуымыз керек пе? Шаманист мұңғұл қоғамында әпекелі-сіңлілі екі қызды бірге алу салты бар еді. Мәселен, Шыңғыстың өзі әпекелі-сіңлілі Есүйген және Есүйді бірге әйелдікке алған. Мұңғұлдың «алтын шежіресінде» былай деп келтірілген: «Сол сәтте Есүйген ханым өзінің айтқан сөзінде тұрып, әпекесін көрісімен, өз тұғырын соған ұсынып, өзі төмендеп отырады. Есүйгеннің айтқан сөзі рас болып шықты. Есүй нағыз нұр жүзді, хас сұлудың өзі екен. Шыңғыс қаған салтанатты той жасап, Есүйді қатындыққа алып, ханымдар қатарынан орын ұсынды. Сөйтіп, татар жеңісінен соң, қаған қос ханымға иелік етті». Біреудің әйелін зорлықпен тартып алу Шыңғыс хан өмір сүрген қоғамда күнделікті әдеттен еді. Мәселен, Темүжіннің шешесі Оелен шын мәнінде меркіт руынан Шіледудің әйелі еді. Күйеуі Оеленді төркіндетіп келе жатқанда, Шыңғыстың әкесі Есүкей зорлап тартып алады. Сонда, Әуелін былай деп зарлайды: «Күйеуім еді Шіледу, кекіл-шашы желбіреп, жел өтінде жалғыз қалды-ау!». Бұл уақиғадан біраз уақыт өткен соң Темүжінді босанған Оеленнің өзі баласының тегі кім екенін білмейді. Бұтқақұл жабайы қоғамда мұндай уақиғалар күнделікті нәрселер. Темүжіннің өзі де әке жолының құрбаны болады. Ол қоңырат руынан Бөртені әйелдікке алғанда меркіт тайпасының жігіттері Бөртені тартып әкетеді. Бұл мүмкін Темүжіннің әкесі меркіт Шіледудің әйелін зорлап иемденгенінің қарымтасы еді. Бөрте бірнеше ай осы меркіт елінде жүреді де Темүжін керейттердің көмегімен әйелін құтқарып алады. Бұдан кейін Темүжіннің тұңғышы Жошы дүниеге келеді. Сондықтан, оның да тегі күмәнді болып тұр. Алтын шежірені мұңғұлшадан қазақшаға аударған Абай Мауқараұлының пікірінше Шыңғыс ханның татар және меркіт тайпаларын аяусыз қыруының негізгі себебі осы /[9]/. Ал, осы хақиқатты Мұхтар Шаханов былай деп келтірген: «Но вскоре после замужества // Была похищена меркитами // Воспользовавшимися отсутствием // На стойбище мужчин // И только через три // Мучительных месяца // Чингисхану удалось // Силой и кровью вернуть // Свою молодую жену // Когда на свет появился // Их первенец Жочи // У Чингисхана не было // Радости на душе // Ибо внутренне он чуствовал // Что Жочи не его сын // Но постарался // Скрыть это // От внимания посторонних». Билік қолына түскен соң Шыңғыс хан меркіттерді қуып жүріп өлтіреді. Бұл күндері Абақ Керей руында сақталған меркіттердің санының аз болуының себебі осында.
Бізде Шыңғыстың адамзат өркениетіне жасаған аяусыз соққысын бүркемелеу үшін оны барлық діндерге, сенімдерге еркіндік берген басшы етіп көрсетушілер бар. Мәселен, Әмірхан Балқыбек аталмыш мақаласында “Жаулап барған жеріндегі халықтың діни сеніміне қиянат жасамау да ұлы Шыңысханнан қалған өнеге” дейді. Алайда, осы «ұлы» Шыңғыс мұсылмандардың құрбан айт кезінде құрбан шалуына тыйым салып, бұйрығын орындамаған мұсылмадарды ату жазасына кескен /[10]/. Шыңғыстың кейбір ұрпақтары да оның мұмсылмандарға жасаған зұлымдығын жалғастырған. Мәселен, Шағатай хан құрбан шалуға және бой дәреті (ғұсыл) құйынуға тыйым салған, тіпті, қасындағылардың “мұсылман” сөзін тек бәлағаттау мақсатымен жұмсауына рұқсат еткен. Белгілі тарихшы Ата Мәлік Жуайни (1226-1283) бұл жөнінде былай деген: “Шағатай Ханның билігі тұсында мұсылмандар өте қиын уақытты бастан кешті, үйткені Ислами хүкімдер бойынша мал бауыздап союға және күндіз суға түсуге қатаң түрде шек қойылған-ды. Осы шек салдарынан сол жылдары Хорасан елінде ешкім әшкере мал бауыздай алмады. Аталмыш шектің жойылуы үшін мұсылмандар арызданғанда, Шағатай Хан оларды: “Арам еттен жеңдер” деп қайтарушы еді” /[11]/.
Шыңғыстан қалған жалғыз мұра “атақты” жасақ (Ә. Балқыбек айтқан Ясса) заңы. ХІІІ ғасырдағы өркениетті де адами заң жүйесін талқандаған бұл “данышпанның” әмірлерінің бағзылары мынандай: «Тот, кто мочится в воду или на пепел, также предается смерти; он (Чингис) запретил мыть их платье в продолжении ношения, пока сосвем не износится; он предписал им представлять в начале каждого года всех своих дочерей хану, чтобы он выбрал для себя и для сових детей; по смерти отца сын распоряжается судьбую его жен, за исключением своей матери, может женится на них или выдать из замуж за другую; он разрешил употреблять в пищу кровь и внутренности животных; воспрещается купаться или мыть одежду в прточной воде во время грозы» /[12]/. Тарихта өзінің халқына шектен тыс зиян тигізген залымдар бар. Мәселен, Адольф Гитлер. Бұл залым алман халқын көгертемін, барша ұлттарға үстем етемін деп, күллі жиһанды қиратты, жүз миллиондаған бейкүнә адамдарды қырды. Аяғында өзі көмусіз қалды. Гитлер шынында ең үлкен жамандықты алман халқына жасады, оның дағын бүгінгі алмандар тазалай алмай жүр. Алман халқының тарихында қара күйе болып жазылған бұл қанішердің аты. Ал, қазіргі Алманияда кейбір ұйымдар саналы түрде Гитлердің өмірбаянын, идеологиясын уағыздап, оны құдды бір “қаһармандай” яки “әдеттен тыс адамдай” етіп көрсетуде. Олардың алдау-арбауына іліккен бағзыбір жұмыссыз һәм білімсіз жастар тобыры Гитлерді “бабамыз, көсеміміз” деп, шетелден келген түріктердің, арабтардың үйлерін өртеуде, басқа ұлттарға шабуыл жасауда. Соңғы жылдары “тирандарды” насихаттау үрдісі күшейіп келеді. Осы арада Шахановтың романындағы мына сахна көз алдыма келеді: Отырар қаласы жау қолына түскелі тұрған сәтте Қайыр хан шаһардағы әйелдерді жинап, оларға бұл залымдықты ешқашан да ұмытпауларын, келешек ұрпақтардың жадына құйып тұруларын, сонда ғана тирандардың болашақ ұрпақтарының тарихқа адал баға беріп, өз-өздерін тазалауға мүмкіндік табатындарын айтады. Шахановтың романындағы Қайыр хан мен Шыңғыс хан тұлғалары тарихи шындықпен ұштасады. Алайда, соңғы кезде шыққан кейбір кітаптарда Отырардың ұлы перзенті Қайыр хан бабамызға тіл тигізушілер бар. Оны Хорезім шаһына тәуелді болды деп кінәләушылар бар. Ләкин, соңғы деміне дейін туған жері мен халқын қорғаған, сол үшін жанын фидә еткен Қайыр ханды сөгіп, күллі түркі жұртын бұлқан-талқан еткен Шыңғыс ханды мадақтаушыларды түсіну қиын. Олардың бұлай істеуінде қанағаттанбаған қатыгездік сезімдерінің әсері байқалады. Осы орайда тағы да жазушы Әдіһам Шілтерхановтан үзінді келтірелік: “Шыңғыс ханды моңғол болғандықтан, Галден-Церенді қалмақ болғандықтан, Ермакты орыс болғандықтан емес, еліміздің тыныштығын алғаны, тонап отарлағаны, азаматтарымызды өлтіргені үшін жек көруіміз керек... Өткенімізді, түп-тегімізді тереңдете зерттеп-зерделеудің қазір еліміз егемендік алып, төл тарихымыз жаңадан жазылып жатқанда қаншалықты маңызды екенін мен жақсы түсінем. Бірақ, “Шыңғыс хан қият еді, өзіміз еді, өзімізді-өзіміз жамандамайық” – деген сияқты, тарихты ұлттық-тайпалық тұрғыдан бағалаудың залалын шегелеп айтқым келеді. Жастарды рушылдыққа негізделген “патриотизмнен” үнемі сақтандырып отыруымыз керек. Ол өз ұлтымыздың болашағы үшін қажет” /[13]/.
Әмірхан Балқыбек Отырар әміршісі Қайыр хан бабамызды “тыңшылық етуге келгендерді” қамауға алып, сұлтан Мұхаммедке хабар жіберді деп сөгеді. Қай ел тыңшыларды құшақ жая қарсы алушы еді? Бүгінгі заманда да Ресейдің, АҚШ-тың тыңшыларды тұтқындап, бірін-бірі айыптап жатқанын естіп жүрген жоқпыз ба? Біз Қайыр ханды жамандап, Отырардың Әл-Фарабилерді дайындаған кітапханаларын жойғандарды мадақтағаннан не ұтамыз? Отаны үшін жанын фидә еткен он мыңдаған жерлестеріміздің өмірі босқа кеткені ме? Елбасымыз бен зиялы қауым өкілдері соңғы кездері осы Отырардың кітапханасын қайтадан жаңғырту туралы пікір айтып отырғанда журналист бауырымыздың вандалисттерді ақтауға тырысуын қалай түсінуге болады? Отырарды жоққа шығару, Қайыр ханды жоққа шығару біздің бүгінгі мемлекетімізді жоққа шығарумен парапар. Отырарды қорғаған бабаларымыздың өмірінің үлгі аларлық тұстарын жастарымызға үйрету егеменді елдің ұрпақтарын отаншылдық, имандылық рұхпен тәрбиелеуде аса қажетті құрал екенін ұмытпайық.
Мұхтар Шаханов аталмыш романында адамзат қоғамының маңызды мәселесіне түрен салған. Желтоқсан уақиғасы тұсында ел намысын қорғауда батыл қадам танытқан ақын бұл жолы да ерлік көрсетіп, ХХІ ғасырдың ең бір маңызды проблемасына назар аудартуда. Бұл ізгілік пен жауыздықтың, әділеттілік пен зұлматтың күресі. Соңғы жылдары ұлттар арасында этникалық алауыздықтар өрбіп, “этникалық тазалау” терминдері пайда болды. Сербия халқын Гитлердің әдісімен адастырған Слободан Милошевич деген залым Босния уә Һерсек, Косова, Хырватия секілді елдердегі жүз мыңдаған адамдарды өлтірді, массалық генодцидтерді жасатты. Ол мұның бәрін жасағанда серб халқын сүйгендіктен жасап отырмын деді. Аяғында не болды? Бұл залым дәл осы күнде қамақта, өзінің жазасын күтіп отыр. Оның зұлымдығынан серб халқы ештеңке ұтқан жоқ, қайта экономикалық дағдарысқа ұшырады, әлемдік қоғамдастықтан шеттетілді, артта қалды, тоыпрағынан, абыройынан айырылды.
Шахановтың романында өмірін күллі адам баласының қуанышына бағыштаған дәрігер, ғалым Айбар мен өмірін күллі адам баласының қасіретіне бағыштаған Шыңғыс салыстырылады. Айбар мына өмірде өзінің мақсатына жете алмағанымен, рухани өмірінде жеңіске жетеді. Шыңғыс тірісінде (72 жасқа шейін қан ағызған) үстем болғанымен, рухани өмірде құрдымға кеткен, әрқашан да азап шеккен, өзін бақытты сезіне алмаған. Отырар қаласының әміршісі отаншыл азамат Қайыр хан соңғы кезінде қаладағы әйелдерді жинап, Шыңғыстың көріне үш тас лақтыруды өсиет етеді. Шаханов бұл тәмсілінде мұсылмандардың қажылық кезінде шайтанға тас лақтыруын мысал етеді. Мұсылмандар қажылықта “кіші шайтан” мен “үлкен шайтанға” тас лақтырып, шайтанды жеңудегі шешімділіктерін көрсетеді. Мұхаңның тас лақтыру жөніндегі ойлары Шыңғысты шайтанға теңегенін көрсетеді.
Шахановтың романында үш дәуірдегі зұлмат көрсетілген. Адам баласы адасқан шақтарында зұлматтың өзін әдеттегі нәрседей сезінген, бұл қоғамның ізгі сипаттардан алшақтап, тобырдан да төмен халге жетуі. Көне Италиядағы гладиаторлардың қанды сайыстары, Шыңғыс ханның ақыл-еске симайтын зұлматы және заманауи бұқаралық ақпарат құралдары әкелген түсініксіз зорлық-зомбылық мәдениеті. Жиырма төрт сағат үзіліссіз істеп жатқан телеарналар мен интернет беттері, газеттер мен журналдар ылғи да аяусыздықты, қатыгездікті миларға құюда. Бұл асқынған қауіп адамзатқа тағы да үлкен зиян тигізуі мүмкін. Міне, ақын осы мәселені алға тартуда. Ролмандағы бір сюжетте, Днепр маңындағы бір шайқаста жасы сексенге келген бір кемпір Шыңғысқа өлер алдындағы сөзін айта келіп: «У меня было шесть добрых соновей // Столько же милых снох // И более тридцати внуков // Мы занимались // Только мирными делами // Не ужели в твоем сердце // нет хоть капли милосердия?» дейді. Әрине, өлер деміне дейін тек кісі қырумен айналысқан Шыңғыстың алдында ақын келтірген сахналар көп болған. Пайғамбарымыз Әз Мұхаммед бір хадисінде: «Мән лә йархам, лә йұрхам» яғни «Рахым етпеген адамға рахым етілмейді» деген. Аллаһ Тағала Құран Кәримдегі Ниса сүресінің 168 аятында былай бұйырған: «Кері қағып һәм зұлымдық жасағандарды Аллаһ кешірмек емес! Аллаһ оларды басқа бір жолға да апармайды!». Пенденің айырмасы осында. Бастапқыда жүрегінде мейірім, махаббат сезімдері қалыптасқан азаматтар ешқашан да жамандыққа, қатігездікке бара алмайды. Ал, бұл болу үшін жүректе иман жәуһәрі болмақ керек. Аллаһ Тағалаға иман етпеген, ахирет күніндегі мизаннан қорықпайтын адамдар әр түрлі заңсыздыққа, жолсыздыққа бара алады.
Менің Шыңғыс хан туралы мақала жазғандағы мақсатым Шахановтың романы туралы оқырман ретінде пікірімді айтып, елімізде маргиналды түрде уағыздалып жатқан Шыңғыс ханды мадақтаушылық, отан тарихын бұрмалаушылық, зұлымдықты насихаттаушылық үрдісінің зиянды жақтарын көрсетпек еді. Әсілі, біздің жарқын тарихымызда үлгі аларлық, мақтанарлық мыңдаған тұлғаларымыз бар. Мұсылман түркі халықтарының жарқын мәдениетін осы ізгілікті еңбектерімен тарихта қалған бабаларымыздың мұрасына ие болып, оларды қорғаумен дамыта аламыз.
[1] Шілтерханов Ә. Шығармаларының екі томдық жинағы: Зерттеулер, өлеңдер, аталы сөздер. – Шымкент: Ордабасы, 2001, ІІ-том, 45-бет.
[2] Ибн ал-Асир, издание Торнберга, ХI-том, 55-56 беттер
[3] Археологические исследования древнего и средневекового Казахстана, отв. Редактор К.А. Акишев, Алматы, Наука КазССР, 1980, 51-бет
[4] Хара-Даван Эренжен., Чингис Хан как полководец и его наследие, Алматы, 1992, 212-бет
[5] Қаз ССР тарихи, 1-том, Алматы, 1959, 79-бет
[6] K?pr?l?, Fuad., T?rk Edebiyat?nda ?lk Mutasavvuflar, D?B Yay?nlar?, Ankara, 1991, 14-бет
[7] Қазақстан Тарихы, Алматы, Дәуір, 1993, 72-бет
[8] Kopraman, Y.K., Tarih, Istanbul, 1995, 1-том, 183-бет
[9] Лувсанданзан, Алтын Шежіре, 5-6 беттер
[10] Er?ahin, Seyfettin., K?rg?zlar ve ?slamiyet, S/E/K Yay?nlar?, Ankara, 1999, 41-бет және Arnold, T.W., 224-229 беттер
[11] Er?ahin, Seyfettin., K?rg?zlar ve ?slamiyet, S/E/K Yay?nlar?, Ankara, 1999, 42-бет және C?veyni, Ata Melik., Tarih-i Cihang??a, ?ev. M. ?zt?rk, Ankara, 1988, I.
[12] Хара-Даван Эренжен., Чингис Хан как полководец и его наследие, Алматы, 1992, 183-187 беттер
[13] Шілтерханов Ә. Шығармаларының екі томдық жинағы: Зерттеулер, өлеңдер, аталы сөздер. – Шымкент: Ордабасы, 2001, ІІ-том, 48-бет.
Достарыңызбен бөлісу: |