ӘОЖ 398:801.6
П.Бисенбаев
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы
Алматы қ., Қазақстан
E-mail: fazyl_bisenbaev@mail.ru
Қазақ дастандарындағы мифологиялық ұғым-түсініктерден туған бейнелер
Мақалада автор қазақ қисса-дастандарының сюжеттік желісіндегі ертегілік сарындардың қызметіне тоқтала отырып, мифологиялық ұғымдар негізінде туған бейнелер болмысына назар аударады. Шығыстық қисса-дастандарда қиял-ғажайып мотивтердің мол кездесетінін зерттеуші жіті байқаған. Дастан қаһарманының жат күштермен: айдаһар, дию, мыстан, жезтырнақ сияқты жаналғыштармен күресіп, үнемі жеңіске жетіп отыратыны мәлім. Сонымен бірге басты кейіпкердің ұзаққа созылған қиын да ауыр сапарында самұрық, қызыр, пері сияқты мықты серіктері болатыны, олардың сөйлей алатындығы, қиын кезде батырға нағыз жанашыр, жәрдемші сипатында жүретіндігі оқырман қауымға жақсы таныс. Автор осындай мифологиялық кейіпкерлердің шығарма желісіндегі орны мен қызметіне, шығу тегіне, портреті мен амал-әрекеттеріне, олардың ежелгі халықтардың таным-түсінігімен байланысына ерекше көңіл бөлген. Мұның өзі зерттеушінің шығыстық қисса-дастандардың құрамын жеткілікті түрде танығанын байқатса керек. Ізденуші кейіпкерлер әлемі туралы баяндағанда парсы-түркі сюжеттерімен ұқсастықтарын да ескертіп өткен. Сонымен қатар дастанардың құрылысы жөнінде де нақты байқаулар білдірген. Мәселен, ол дастандарда қайталанатын ортақ жайлардың кездесетініне зер салған.
Мақалада халықаралық ықпалдастықтың жемісі саналатын сюжеттердің дәстүрлі ұлттық сарындармен байланысы туралы да пікірлер кездеседі.
Түйін сөздер: эпос, мифология, сюжет, деталь, фантастика, дастан, жанр, мотив, образ, кейіпкер, тотем, ертегі.
P.Bisenbaev
Images of Kazakh epos, dating back to the mythological concepts and ideas
The author, stopping on the functions of fairy-tale motifs in the Kazakh epos, its pays special attention to the nature of artistic images, which are based on mythological ideas. Researcher systematically considered common motifs of fairy tales found in the eastern dastans. It is well known that fighting the enemy forces such as the dragon, divas, witch-mystan, Zheztyrnak and other heroes dastans overcome them. The reader is also well known that along with the central character in his long and difficult campaign involving such powerful satellites, like a bird Samruk, holy Khizr, Perry, with whom the hero is advised in difficult times, which perform the functions of his assistants. Therefore, the author turned his attention to the functions and role of mythological characters in the literary system works, their description and the action in close connection with the people's worldview. See these characters in the structure of the eastern dastans for the researcher seems relevant. During the observation of the world of fairy tale characters found Persian and Turkic plot similarities. However, the author notes, and significant, specific elements in the structure of the Kazakh epos. Obviously, in dastans very common platitudes. The article presents the views of other scientists on the role of international influence on the formation of motives prevailing in traditional folk stories.
Key words: epic, mythology, story, detail, fantasy, Dastan, genre, style, image, character, totem , tale.
П.Бисенбаев
Образы казахских дастанов,
восходящие к мифологическим понятиям и представлениям
Автор статьи, останавливаясь на функциях сказочных мотивов в системе казахских дастанов, свое особое внимание обращает на природу художественных образов, в основу которых положены мифологические представления. Исследователь системно рассмотрел часто встречающиеся мотивы волшебных сказок, встречающиеся в восточных дастанах. Хорошо известно, что борясь с такими вражьими силами, как дракон, див, ведьма-мыстан, жезтырнак и другими, герои дастанов одолевают их. Читателю также хорошо известно, что вместе с центральным персонажем в его долгом и трудном походе участвуют такие могущественные спутники, как птица Самрук, святой Хизр, пери, с которыми герой советуется в трудные минуты, которые исполняют функции его помощников. Поэтому автор уделил свое особое внимание на эти функции и роль мифологических персонажей в художественной системе произведения, на их описание и действия в тесной связи с народным миропониманием. Разглядеть эти персонажи в структуре восточных дастанов для исследователя представляется актуальным. В процессе наблюдения над миром сказочных героев обнаруживается персидское и тюркское сюжетное сходство. Вместе с тем, автор статьи отмечает и существенные, специфические элементы в строении казахских дастанов. Очевидно, что в дастанах очень часто встречаются общие места. В статье приводятся мнения других ученых о роли международного влияния на формирование мотивов, бытующих в традиционных национальных сюжетах.
Ключевые слова: эпос, мифология, сюжет,деталь, фантастика, дастан, жанр, мотив, образ, герой, тотем, сказка.
Ертегі жанрындағы қиял-ғажайып оқиғалар ежелгі халықтардың мифологиялық ойлау жүйесінен бастау алады. Ертегілік сюжеттер мен мотивтерді «палеонтологиялық» мәліметтермен салыстыра зерттеген ғалымдар олардың негізінде мифтік таным-түсініктер мен соған қатысы бар ғұрыптық шаралар жатқанын анықтаған. Алайда ертегі желісіндегі көне мифтер мен оның мағыналық бөлшектері бастапқы танымдық қызметін жоғалтып тарихи-тұрмыстық шындықты бейнелеуден қол үзген, сөйтіп бірте-бірте тыңдаушының қызығушылығын оятар тартымды фантастикалық сарындарға айналған. Сондықтан халық қиялы ертегі оқиғасының уақытын «ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде» деп көрсетіп, белгісіз мерзімге көшірген. Ертегінің дәстүрлі мотивтерді ауыстырып, өңдеп, өзгерту арқылы еркін дамуға мүмкіндік алуының сыры да осында. Әрине, ертегі алдымен халық өнеріне тән белгілі бір қалыпты дәстүрдің шеңберінде жетіліп, дамитын болса, содан кейін айтушы мен тыңдаушы сауықтық мәндегі қызықты хикая деп қабылдаған халықаралық ықпалдастықтың жемісі саналатын ертегілік сюжеттер арқылы толысады. Осындай ұлттық сипатын жоғалта қоймаған ертегілік фантастика қазақ қисса-дастандарын жаңа сюжеттермен, сарындармен, образдармен байытты.
Пері, самұрық, айдаһар, дию сияқты мифологиялық образдар, сонымен бірге шығыстық қисса-дастандарға өзек болған Едіге, Бахрам, Ескендір, Жүсіп, Сүлеймен сияқты тарихи тұлғалар өмірі жақсылық пен жамандықтың мәңгілік күресін бейнелеп, түркі халықтарының эпосы мен ертегілерінде кеңінен көрініс тапты.
Шығыстық қисса-дастандар мен аңыз-әпсаналардағы перілердің тұрақты мекені-Қап тауы мен Иранбағы. Едігенің әкесі Мәулімниязға перінің қызы: «Қап тауының ар жағында, көзді қара судың бойында менің мекенім бар. Сол арадан мені іздеп тап, екеуміз дәурен сүрейік», – дейді. Сейфүлмәлік сүйген жары Бәдіғұлжамалды жер шарын кезіп жүріп, әрең дегенде Иран бағынан тауып табысады.
Қазақ жырларында да, шығыстық дастандарда да басты кейіпкер перінің қызын түсінде көріп, не суреттегі сұлу дидарын көріп өлердей ғашық болады. Жігіттің пірінен не болмаса ата-анасынан рұқсат алып, қызды іздеген сапарының ақыры перінің қызына үйленумен аяқталады. Осы дастандардағы пері қыздарының кескін-келбеті, портреттері бір-біріне жақын, ұқсас. Көбіне олардың шаштары ұзын, дене бітімі сұлу, терісі аппақ және ұшатын қанаттары болады. Пері қызының толық сипаттамасы Нұртуған жыраудың «Едігесінде» былай көрінеді:
Біз пері деген халықпыз,
Періштеден төмендеу.
Адамнан артық үлесі.
Нағыз таза болады
Перизаттың кеудесі...
Пері халқы ұшады,
Өзгеріліп болымы.
Қолтығының тесігі
Ұшатын қанат орыны...
Басқасын көр, болмайды
Етегін пері көруге,
Солай қып құдай жаратқан.
Қайымдап суда жүзуге...[1, 141]
Аңыз-әпсаналар мен қисса-дастандардағы пері қыздарының аққуға, кейде кептерге айналып кететін де қасиеті бар. Су қоймасына қонған пері қыздары суға түсу үшін қанттарын жағалауға қалдырып кетеді. Кейіпкер бір қыздың қос қанатын ұрлап алады. Киімін алдырған пері қызы қашан қанатын қайырып алғанша жігіттің жанында қалады. Пері қызы кейін жігітке қайда болатынын айтып, мекен-жайын көрсетіп, ұшып кетеді. Ал басынан көп қиыншылықтарды өткерген басты кейіпкер шығарма соңында мақсатына жетеді.
Алайда таза шығыстық сюжеттерге құрылған дастандардағы пері қыздарының айналасындағы елмен қарым-қатынасы адам баласының жүріс-тұрысынан көп ерекшеленбейді. Перілердің зәулім сарайы, зыр жүгірген адал қызметшілері бар. Балаға тәрбиеші пері қарайды, отбасында жасы үлкендерге үнемі құрмет көрсетіп отырады. Мысалы, «Сейфүлмәлік» дастанында басты кейіпкер Бәдіғұлжамалға қосылу үшін оның әжесінің батасын алып, әкесінен рұқсат сұрап беруін өтінеді. Пері әке қызын адам баласына ұзатып жатып, ұлан-асыр той жасайды. Қызына елде жоқ жасау береді. Мұндайда жыршылар перілер ортасын сипаттап отырып, өздері өмір сүрген қоғам келбетін бейнелейді, нақтылықтан алыстап кетпейді.
Шығыстық дастандарда пері қауымының жігіттері жайында көп айтылмайды. Бірақ пері қыздарының әкелері үнемі назардан болады. «Зияда-Шахмұраттағы» Ләззатбалдың әкесі Мұстал болса, «Мәлік Хасанда» Гұлбахрамның әкесі Ахмар пері екені үнемі айтылып отырады. Ал «Сейфүлмәліктегі» пері қызы Бәдіғұлжамалдың әкесі Шаһбал күйеу баласы Сейфүлмәлікті ұрлап әкеткен диюларға қарсы зор майдан ашады.
Шығыстық қисса-дастандардың оқиғлық желісінде бір-бірін сүйіп қосылған адамзат пен періден туған ұрпақтар жайында мүлде сөз болмайды. Ал қазақ эпосы мен аңыз-әпсаналардың көбінде басты кейіпкердің анасы пері қызы болып келеді. Мәселен, «Едіге» жырының бір нұсқасында перінің қызы Баба түкті шашты Әзизге: «Ішімде алты айлық балаң кетіп барады, Құмкент шаһарының қасына балаңды тастап кетермін, өзің іздеп тауып ал деп аспанға ұшып кетеді. Баба түкті шашты Әзиз Ніл дариясының жағасын кезіп жүріп: Құмкент шаһарының қасында жібек орамалға ораулы жатқан» баласын тауып алады, елсіз-күнсіз жерде туды деп атын Едіге қояды. Ел аңызы Асан қайғының да асыл тегін періден таратады. Тіпті берідегі Ақан серінің әкесі Қорамсаның өзі де перімен айналысқан адам екен дейді.
Мұндай аңыздық мотивтер ерекше жаратылған адамдардың сүйегінде құпия бірдеңе болуға тиіс деген түсінік, ұғымдардан туған. Сондықтан басты кейіпкердің мифологиялық кейіпкерлермен кездесуі эпос әлемінде жеке бір хикая. Демек, қазақ эпосы мен шығыстық қисса-дастандардың қалыптасуында бұл сарын өзіндік рөл атқарады.
Тек бір мифте ғана адам мен перінің некесінен жалғыз көзді құбыжық дүниеге келеді. Бұл жағдай туралы «Қорқыт ата кітабында» былай деп жазылады: ... Аруз атты қойшы су жағасынан бірнеше періні жолықтырып, солардың біреуімен қатынас жасайды. Пері жыл өткен соң өзіңнің балаңды алып кет дейді. Араға жыл салып оғыздар бұынғы жайлауына қайта көшіп келеді. Қойшы былтырғы су жағасынан жарқырап сәуле шашқан төбені көреді. Осы сәтте ұшып келген перілер қойшыға баласын ұсынып тұрып: «Сен оғыздардың басына қатер төндіріп тұрсың», [2,128]– дейді. Бұл уақыт өте адам жейтін құбыжыққа айналатын Төбегөз бала болатын.
Түркі,парсы халықтарының дастандары мен ертегілерінде жиі кездесетін мифологиялық кейіпкерлердің бірі- Самұрық құс.Ол айдаһар, дию,пері, жын сияқты фантастикалық сипаты басым қиял-ғажайып ертегілер мен дастандарда тұрақты түрде төбе көрсетіп отырады. Мәселен, Самұрық құс қатысатын оқиғалардың шығыстық сюжеттерге құрылған «Сейфулмәлік», «Мәлік Хасан»,«Самұрық құс» дастандары мен «Ертөстік» ертегісінің идеялық, құрылымдық жүйесіндегі мән-маңызы өте зор.
«Самұрықты Авестада Мерегхо Саена (кең қанатты құс) деп атайды.Ол асқар таудың шыңына көтерілгенде өзінің алып қанаттарымен тау үстін түгел жауып қалады екен. Бұл құс ұясын Воупрукоша теңізінде орналасқан ағашқа салады. Көптеген зерттеушілер оны Каспий теңізі болар деп есептейді.»[3, 52]
Парсы жұртында Самұрық ұя салатын бәйтерек туралы мифтер өте көп көрінеді. Оның бұтақтары мен дәндерінен әртүрлі емдік шөптер өсіп шығады. Самұрық ағаш басына қонғанда мыңдаған бұталары дәндерімен бірге айналаға шашылып түседі де, құс ұшып кеткен соң мыңдаған бұталар қайта өсіп шығады екен дейді.
Самұрық құстың дастандар мен ертегілердегі негізгі міндеті – ұзақ қашықтықты бағындырып, басты кейіпкерді бір әлемнен екінші әлемге жеткізу. Мәселен, ол Ертөстікті жер асты патшалығынан алып шықса, Мәлік Хасанды қалаған жеріне жеткізу үшін жеті қабат көкке алпыс күн ұшады.
Самұрық азығын жолға жететіндей қылып молынан алғанымен, періштелер еліне жеткенше бар қоры таусылған Мәлік Хасан алып құсқа өзінің қоң етін кесіп береді.
Шығыстың қисса-дастандарындағы Самұрық достыққа берік, жақсылыққа жақсылық жасауға бейім тұрады. Қазақтың «Ер Төстік » ертегісі мен қырғыздың «Эр Тошток» эпосында , шығыстық желіге құрылған «Мәлік Хасан» дастанында бас қаһарман бәйтерек түбінде Самұрық құстың балапандарын жыл сайын жеп кетіп жүрген айдаһарды өлтіріп, балапандарды құтқарып қалады. Алыс сапардан келген Самұрық жігіттің ерлікке тән ісіне разы болып, оны көкке алып ұшуға келісімін береді.
«Ер Төстікте» алып Қарақұс Төстікті жұтып жіберіп, қайта құсады. Осы көрініс қазақтың «Қан баба» ертегісінде де қайталанады. Г.Н.Потанин: «Самұрықтың Қан бабаны жұтқаны тәрізді батырды зиянсыз мақсатпен жұтуы – қазақ ертегілерінде жиі кездесетіні белгілі: мен қазақтардың жолаушылап жүрген батырды кәрі ана жұтып жіберіп, қайтадан құсатыны жайында айтатын бірнеше ертегі естідім. Осындай әрекеттің нәтижесінде батыр кемпірдің ұлы болып есептеледі,» - деп жазады.
Батырлық және қиял-ғажайып ертегілерде жиі ұшырасатын сарынның этнографиялық негізі айқын. Қазақ қауымында перзентсіз ана жақындарының баласын бауырына басу үшін балаға емшегін емгізген немесе бұтының арасынан өткізіп өзі тапқан болып ишара көрсеткен. Ертегідегі Самұрық әрекетінде тәңірлік дінінің, тотемдік наным сенімдердің ізі жатыр деп білеміз.
Түркі, парсы жұртына кең таралған Рүстем туралы эпикалық шығармаларда Самұрық құстың емшілік қасиетін танытатын эпизодтар кездеседі.Жас Зал Кабул қаласының билеушісі Мехрабтың Рудабе атты қызына ғашық болады. Бірақ Залдың әкесі Рудабе Зокханна руынан шыққандықтан үйленуге рұқсат етпейді.Бұл іске Иран патшасы Минугехр мен зороастризм абыздары араласқаннан кейін ғана Сам Рудабе мен Залдың некелесуіне келісімін береді. Көп ұзамай Рүстем дүниеге келеді. Рудабенің толғағы ауыр болады. Көмекке келген Самұрық құс «Рудабенің бүйірін кесіп, баланы алыңдар» деп кеңес береді.
«Шахнамада» Рүстемнің әкесі Зал да осы Самұрық құстың араласуымен аман қалады.Самның отбасында денесін түк басқан сәби дүниеге келеді. (Жүні аппақ болғандықтан оны Зал деп атайды.Бұл қазақша «шал» деген мағына береді.) Сам мұны жаман ырым санап, оны балам деуге қысылады. Сондықтан достарының ақылымен сәбиді Албурз тауына апарып,сол жерге қалдырып кетеді. Баланы байқап қалған Самұрық оны тау шыңындағы ұясына орналастырып, балапандарымен бірге бағып-қағып тәрбиеледі. Сам түс көреді.Түсінде бір батыр Албурз тауындағы Залдың әлі тірі екенін айтады. Сам баласын іздеп келгенде Самұрық Залды жерге алып түседі.Баланың әкесіне қауырсынын беріп, керегім болса отқа саларсың дейді.
Қисса-дастандар мен ертегі жанрындағы айналасына қорқыныш,үрей себетін мифологиялық кейіпкерлер қатарында айдаһар да бар. Әлем халықтарының фольклорындағы айдаһар-ең қауіпті құбыжық. Аузынан жалын шашып, түйені түгімен жұтып жататын да сол. Айдаһар қашан да адамға жау күштер санатында.
Әдетте айдаһар алып денесімен өзен арнасын бекітіп тастайды-дағы қала халқын ауыз суға зәру қылып қояды. Шаһар тұрғындары құрбандық ретінде айдаһарға жыл сайын бір қыздан беріп отырады. Басты кейіпкер айдаһарды өлтіріп, әлгі қызды да, қаланы да азат етеді. «Әділ Зайыт», «Ер Бегзат» жырларында айдаһар Шаһарды түгелімен жұтпақ болады.
Фольклорлық үлгілердегі айдаһардың басы үшеу не жетеу болып келеді. Онымен айқасқа түскен кейіпкер сол бастардың бәрін шауып түсуге тиіс. Кейде шабылған бас қайта тіріліп, басқа айдаһарға айналады. Ал «Шәкір-Шәкірат» дастанында кейіпкер айдаһармен алысып жатпайды. Қыздың киімін киіп алған Шәкір айдаһар жұтқан кезде қолындағы қанжарын қарсы тұтып, аузынан тигенде сырылдатып,құйрығының ұшынан бірақ шығады.
Осы шығармадағы басты кейіпкерлердің бірі Шәкірат болса, жыланның тілін меңгерген, оқып, тоқығаны бар жігіт. Ол айдаһарға қарап жүріп, «Біссімілдә» деп бір аят оқиды. Сөйтіп, ысқырған айдаһардың тілін буады. Дастанның осы жерінде айдаһар мен Шәкіраттың мынандай диалогы беріледі:
Айдаһар сол арада тілге келді
-Бекер жігіт емессің білдім,- деді.
Бір шыбындай жанымды алма деді,
Шәкіраттың аяғына жығылды енді.
Шәкірат, айтты: - Тіліме көнемісің,
Көнбесең осы жерде өлемісің,
Алымына берейін, бір қой, бір қыз,
Сонымен жан сақтап жүремісің?
Ей, жігіт, жарлығыңа енді көндім,
Қасиетің бар екен тілге келдім,
Жылда маған бір қой мен бір қызды бер,
Сен болмасаң бұл шаһарды жұтар едім. [4, 182]
«Құбығыл» жырында су бойына аялдаған Ақбілекті айдаһар жұтады. Бұлай болуы қыз әкесі Әділбайдың теріс бата бергендігінен делінеді. Әке шешіміне қайшы келген қызына Әділбай:
Тілегіңді бермегір,
Көзіңнің жасын көрмегір.
Жолдасыңнан айырылып,
Қайғыменен еңірегір, - деп қарғыс айтқан болатын.
Дастандар мен ертегілердегі диюлар адам аяғы баспаған, тек ертегі кейіпкері ғана кесіп өте алатын кедергісі көп жерлерде өмір сүреді. Қиял-ғажайып ертегілер мен шығыстық қисса-дастандардағы диюлардың жер асты патшалығы, жеті қабат көкте орналасқан адам түгілі перілер бара алмайтын от дариясымен қоршалған шаһары болады. Енді бір шығармаларда олардың тұрағы Каф тауы немесе Шын Машында деп жазылады. «Мәлік Хасан» дастанында диюлар тұратын шаһардың керемет келбеті туралы мынандай жолдар бар:
Бір шаһар көрінеді жасыл жауһар,
Кірпіші лағыл, жақұт, өңшең гауһар.
Адамзат мұндай шаһар салған емес,
Жарығы күндік жерден оттай жанар.
Дастан мен ертегі дию бейнесін басқа да белгі-нышандармен толықтырады. Бұл жанрлардағы дию жеке әрекет амалдарымен көрінетін дара тұлға. Ол –кескін- келбеті ұсқынсыз, үрей туғызатын еңгезердей бітімі, түк басқан денесі бар мақұлық. Шығыстық сюжеттерде оның айлап қалың ұйқыға кететін, әрқандай кейіпке көше алатын қасиеттері көрініс тапқан. Сонымен бірге, олардың үлкен жылдамдықпен ұша алатын өнеріне де тәнті боламыз. Мәселен, «Мәлік Хасан» дастанында басты кейіпкер Хасанды іздеп шыққан Аштар дию нөкерлерін соңына ертіп, жер көкті бірнеше рет сүзіп шығады. «Сейфүлмәлікте» диюлар ұшып жүріп Шаһбал патша бастаған перілердің әскерімен соғысады. Олар бір-бірімен адамдарша сөйлеседі, тіпті перілер қолға түскен дию патшасын «теріңді сыпырам», «көзіңді оям» деп адамша қорқытады. Перілер диюді қинап Сейфүлмәлікті қайда жасырғанын айтқызады.
Дастандардағы диюлардың сұлу қыздарды ұрлап әкетіп, тұрмыс құрмақ ниет танытатыны бар. Бірақ оның үнемі сәті түсе бермейді. «Қисса Дандан Ибрахимұлы» атты шығармада патша баласы Дандан сұлтан Мәлике қыздың көмегімен диюдің қолында тұтқында отырған Наркез сұлуды босатып еліне әкеледі. «Мұңлық –Зарлықтағы» дию Қарадәу ханның қызы Құралайды тартып әкетеді. Зарлық кәміл пірлері медет болып Қарадәуді жеңеді. Алайда шығыстық сюжеттер негізінде дүниеге келген дастандарда адамзат пен диюдің некелесетіндігі туралы мотивтер де ұшырасады. Мәселен, «Мәлік-Хасан» дастанының кейіпкері Хасан дию патшасының қызы Ғайнижамалға үйленсе, «Мың бір түн хикаясы» атты дастанда алып диюдің бір сұлу қызды сандығына салып, өзімен бірге алып жүретіндігі туралы оқиға баяндалады. Башқұрттардың «Алтын Дука батыр» ертегісінде жалмауыз басты кейіпкерді Қап тауына диюдің қызын әкелуге жұмсайды.
Хикаялық дастандар мен ертегі жанрында басты кейіпкер диюді жеңу үшін алдымен оның жанын қолға түсіреді. Диюдің жаны кептер кейпінде сандықтың ішінде болады, ал сандық көбіне теңіз түбінде сақталады. Оны қолға түсіру үшін Сүлеймен патшаның жүзігін суға ұру керек екен. Қазақ дастанында Сейфулмәлік осы жолмен су түбіндегі сандықты алып, ондағы диюдің жаны-кептердің мойнын үзіп жерге тығады.
Қырғыз эпосы «Ер Тоштокте» бас қаһарман жер асты патшалығына тап болады. Ол диюдің әйеліне күйеуіңнің жаны жасырылған жерді сұрап бер деп өтініш айтады. Сөйтсе, оның жаны Алтаик деген жердегі алтын көлде өмір сүретін алтын балықтың ішіндегі сандыққа жасырылған қырық құс екен. Диюдің жаны-осы қырыққұстың жаны көрінеді. Ер Төстік сандықты алып, құстарды өлтіреді. Сонымен бірге диюдің өлі денесі де жалп етіп жерге түседі.
Диюлар кейде соғыс өнерін меңгерген сарбаздарға ұқсайды. «Шаһнамаде» Сиямак қазасынан соң диюлармен болған ұлы шайқастар жайы баянадалады. Диюларға қарсы ұйымдастырылған соғыс Cиямак қазасы үшін кек алу мақсатында жүрмейді, елді диюлардың басқыншылық жорықтарынан қорғау мақсатында өтеді. «Шаһнаманың» мифологиялық бөліміндегі диюлар Сиях дию (қара дию) сияқты билеушісі бар Иран жұртының ұйымдасқан ең қауіпті жауы.
«Шаһнамаде» қара диюдан басқа ақ диюдің да(Сепид дию) сыр-сипаты айқындалады. Өзбек пен түрікмен дастандарындағы диюлардың ақ пен қара болып жіктелетіні мәлім. Енді «Шаһнамадағы» диюларға берілген мінездемелерге тоқталайық:
Алып диюлар шаһарына аттандым,
Мен оларды дию емес, арыстанға баладым.
Мінген аты арабы аттан кем емес,
Ал ерлігі ирандықтан көп басым.
Бар сарбазын қас төбетке ұқсаттым,
Жемтік көрген қабыланға баладым.
Парсытанушылардың болжамына қарағанда, ирандықтардың қаһармандық эпосындағы дию бейнесі кірме-арийліктер мен парсы шығанағындағы тайпалардың ұзаққа созылған соғыстарының нәтижесінде дүниеге клген. Ол тайпалардың әлеуметтік тұрқы төмен болғанға ұқсайды. Диюлардың жырда сипатталатын сыртқы бітімі де шындыққа жақын көрінеді. Тайпа адамдары үнемі өңделмеген қой терісін жамылып жүргендіктен келімсектер оларды денесі түк басқан мақұлыққа теңеген.
Орта Азия халықтарының эпосында күні бүгінгі дейін сақталып келген ежелгі мифологиялық образдар бұл халықтардың үзілмей келе жатқан көне дәстүрлері бар екенін дәлелдейді. Сонымен бірге, үнемі жетіліп, жаңғырып отыратын ұлтаралық мәдени байланыстардан хабардар етеді.
Қазақ дастандары тұрмыстың маңызды сауалдарына, бітіспес қайшылықтардың түпкі себеп-салдарын ашып көрсетуге күш салды, адамдар арасындағы этикалық қатынастардың, достық пен жаулықтың түрлі жайларын мөлдіретіп бере алды. Жеке тұлғаның үлкен арманы оны көзсіз ерліктер жасауға итермелейтінін айту, сол идеяны қиял-ғажайып оқиғалар араластыра отырып дәлелдеу көркемдік дамудың биік белесі деп білеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Бердібаев Р. Эпос – ел қазынасы. –Алматы, 1995
Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. –Алматы, 2005
Короглы Х.Г. Взаимосвязи эпоса народов Средней Азии, Ирана и Азербайджана. – Москва,1983
Қисса-дастандар. –Алматы, 1986
References
Berdibaev R. Epos – el kazynasi. –Almaty,1995
Kelimbetov N. Ezhelgi daur adebieti. –Almaty,2005
Koroglu H.G. Vzaimosvyazi eposa narodov Srednii Azii, Irana I Azerbaidjana. – Moskva, 1983
Kissa-dastandar. –Almaty, 1986
Достарыңызбен бөлісу: |