Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Әлия Жолдасқалиқызы Ұлықпанованың



Дата08.09.2017
өлшемі111,08 Kb.
#30492
түріЛекция
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универсиеті

Филология факультеті

Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы

Әлия Жолдасқалиқызы Ұлықпанованың

«Қазақ халық ауыз әдебиеті» пәнінен өткізген дәріс сабағының жоспары


Сабақ тақырыбы: Айтыс.

Мақсаты: Қазақ фольклорындағы айтыс, олардың көркем үлгілері мен жанрлық ерекшеліктері туралы білім беру;

Әдіс-тәсілдері: Шығармашылық жобаны қолдану әдісі, оқу-таным қызметін көтермелеу әдісі, зерттеу әдісі

Кілт сөздері: фольклорлық айтыс, бәдік айтысы, салт айтысы, қыз бен жігіт айтысы, ақындар айтысы, жұмбақ айтыс, т.б.

Негізгі мәселелері мен мазмұны:

  1. Ежелгі айтыстардың тарихы.

  2. Салт-әдет айтысы.

  3. Қыз бен жігіт айтысы.

  4. Атақты айтыс ақындары.

  5. Жұмбақ айтысы.

  6. Жазбаша айтыс.

  7. Ақындардың мысал айтысы.

Лекция тезисі: Айтыс – фольклорлық туынды. Фольклор – синкреттік өнер десек, бұл әсіресе айтыс жанрына да аса қатысты. Өйткені, айтыста – сөз өнері, әуез, күй, орындау мәнеріне байланысты театр өнері де қамтылады. Айтыс – әлем халықтарының көпшілігінде кездесетін ерекше бір өнер түрі. Айтыс – тек өзімізбен бауырлас түркі тектес қырғыз, түрікпен, қарақалпақ халықтарында ғана емес, арабтарда, үндістан халықтарында да бар. Сонымен қатар, мәселен, испан елінде ақындарда, яғни скальдтарда тап қазақтың айтысындай болмаса да, өлеңді алдыменен ауызша шығарып, кейіннен онысын жаттап, өзара өлеңмен айтысатын салттары болған. Бұдан шығатын қорытынды: айтыс – көшпенділерде ғана болатын құбылыс емес. Өйткені, испандықтар негізінен ертеден отырықшы (балықшы) халық. Және бір жайт, айтыс өнері туыстас түркі тілдес халықтардың барлығында бірдей кездесе бермейді. Мәселен, алтай, хакас, шор халықтарында айтыс өнері атымен жоқ.

Тамырын терең ғасырлардан тартқан, ежелгі дәстүрін үзбей келе жатқан айтыс өнері бүгінгі мәдениетіміздің ажырамас айшықты бір бөлігі. Қазақтың көркем сөз фольклорына қазына болып қосылған айтыс ақындарының жәдігерлерін жинақтап, талдап, зерттеу мәселесінде біршама еңбек еткен фольклоршы ғалымдарымыздың есімдерін ауыз толтырып зор мақтанышпен айтуға болады. Жалпы айтыс жанры, оның ерекшелігі туралы, соның ішінде айтыстың туындауына себепкер болған табиғи және тарихи-әлеуметтік жайттар, ондағы ұлттық дәстүрдің көрінісі, айтыстың ғылыми топтамасы, келешегі жайында қазақ фольклортану ғылымында алғаш жан-жақты терең зерттеген М.Әуезов болғандығы талассыз шындық. Сондай-ақ, айтыстың шығу тарихы туралы «Айтыстар туралы» деген еңбегінде С.Мұқанов: «Бұл жанр жазу-сызу мәдениеті дамымаған көшпелі қазақ, монғол, түркмен елдерінде және араб елінің көшпелі бәдәуилеріне тән сауаты аздық, мектебі, оқуы жоқтың қасы болуы – бұл елдерде ақындық күші аузына түсіп, айтысты ауызша өркендеткен» - деп қараса, М.Әуезов алдымен айтыстың жанрлық ерекшелігін айқындамай, оның шығуы туралы ғылыми пікір айту қиын екендігін дәлелдейді.

М.Әуезов: «... Халық, бұл алуандас ақындарға «суырып салма ақын» деп атақ берген. Қынаптан қылыш суырғандай жалт еткіш, отты, өткір өнерді айтқаны. Біз бұны ақпа ақын, төкпе ақын десек жарайды. Айтысқа шеберлік, жалпы ақындық өнерінің өзгеше бір биік сатысы. Ал, ақындықтың өзі не? Егер ол өзгеше көрегендік, сезімталдық және сол көрген мен сезгенді жырлап, күйлеп айта білгіштік болса, жаңағы ақпа ақын сол көрегендік, сезгіштікті шымыраған шарқына жеткізеді».

Ә.Қоңыратбаевта: «Біреулер айтысты «талас» сөзімен мағыналас дейді. Әйтсе де, екі адам арасындағы талас, жанжал – әдеби жанр, көркем де көрікті ойға құрылған нағыз ақындар айтысы бола алмаса керек. ...Айтыс поэзиясы әдет-ғұрып, әлеуметтік мәселелерді қамтиды. Сол себепті оны халық тұрмысы, түрлі әдет- ғұрпымен тығыз байланыста туған салт өлеңдері дейміз. Айтыстың мұндай үлгілеріне бәдік, жар-жар, қыз бен жігіт айтысын жатқызуға болады» делінген.

Айтыс жанрының өзі түр-түрге бөлінеді. Әйтсе де топтастыруда бірізділік көріне бермейді. Қ.Жұмалиев: «бәдік айтысы, жар-жар айтысы, жануарлар мен адамның айтысы, өлі мен тірінің айтысы, жұмбақ айтыс (Сапарғали-Нұржан, Әсет-Рысжан, Қожахмет-Әбубәкір), салт айтысы (ақындар айтысының шеберлері – Біржан-Сара, Жамбыл-Құлмамбет, Шөже-Балта, т.б.., және қыз бен жігіт айтысының көркем үлгілері – Омарқұл-Табия, Жантөлі-Мұрат айтыстары), осы күнгі айтыстар» – деп топтастырады..

М.Ғабдуллин: «Айтыс өлеңдерін мазмұнына, тақырыбына қарай екі түрге бөлуге болады. Біріншісі, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына байланысты туған айтыстар. Екіншісі, шын мәніндегі ақындар айтысы. Яғни, бірінші топқа: жар-жар, бәдік, қыз бен жігіт, дін айтысы, жұмбақ айтысы жатады. Ал, екінші топтағы ақындар айтысы - қазақ айтысының ең күрделісі болып табылады» – дейді.

С.Садырбаев: «Айтыстың түрлері: а) әдет-салт айтысы; ә) ақындар айтысы. Түр ерекшеліктеріне қарай: түре айтыс, сүре айтыс болып бөлінеді. Түре айтыс – шапшаң, бір-бір шумақпен қысқа қайырылып айтылатын өлеңге бейімі бар көпшілік қолданатын айтыс. Сүре айтысқа ақындықтың қыры мен сырын жақсы меңгерген, ысылған, өлеңге әбден төселген шын жүйрік, майталман, дарынды ақындар қатысқан» деп баға береді.

Бекниязов Т.: «Айтыс негізінен екі түрлі: әдет-салт айтысы және ақындар айтысы. Мазмұнына байланысты тағы да екеу: біріншісі – түре айтыс, екіншісі – сүре айтыс. Түре айтыста – айтысушылар бірін-бірі түре қуалап, қысқаша жауап қатады. Сүре айтыста – айтысушылар кеңінен көсіліп, түйдек-түйдек ойлар айтады ұаққа сілтейді. Бұлардың айтысы өткір әлеуметтік, қоғамдық мәнге ие болады. Өмір шындығы, жетістік-кемшіліктер ашық айтылады. Жеңу, жеңілу де қисынды, аталы сөзге келіп тіреледі. Қайым айтыс – көпшілік қатынасатын түре айтыстың түрі. Мысалы:

Қыз: Атымды шешем сүйіп қойған Еркін,

Той болса түзетемін, кәмшат бөркім.

Қолыңда еркің болса мен алғандай,

Неше жүз үйіңде бар сенің жылқың –

десе, жігіт алғашқы екі жолды қосыла қайталай (түзетесің), 3,4- тармақта ғана өз күйін білдіреді. Бұл – қайымдасу айтысы.

Ә.Қоңыратбаев: «Айтысты формасына қарай емес, туған дәуірінен, мазмұнына қарай бөліп, коллективтік, қайымдық, даралық айтыс деп бөлу мақсатқа жақынырақ. Аноним айтушы көп ортасынан шықса, дара импровизатор профессионал айтушы дәрежесінде болған. Осыларды ескерсек, ХІХ ғасырда туған айтыс поэзиясын біз: а) ру айтыс (Жанақ пен бала), ә) салт айтысы (Сапарғали-Нұржан), в) әлеуметтік (Біржан-Сара, Құлмамбет-Жамбыл), г) Совет айтысы» – деп классификациялайды. Сондай-ақ, Ә.Қоңыратбаевтың айтуынша, «импровизацияның үш түрлі мектебі болған: жай айтушылар, профессионал айтушылар, айтыс ақындары. Профессионал айтушылардың басы – бақсылар (VІІІ-ІХ), жыраулар. Ежелгі сақ, ғұн, түрік қағанаты дәуірінде айтыс поэзиясы болған жоқ, бертінірек, яғни қазақ хандықтары ыдырап, ел арасында рубасылар билігі күшейгенде туған. Айтыста эпизм сарыны жоқ, болса да бөлек-бөлек кестелер ғана. Айтыс - лирикалық форма, бір жағы – мадақ, бір жағы – сатира. Айтыс – бір ғана сөз жаршысы, әйтеуір импровизация емес, оны айтыстың мән-мағынасы, ондағы өмір суреттері, идеялық мазмұнына қарай бағалау шарт». Сонымен, айтыс жанрын жіктеуде зерттеушілерде бірізділік жоқ деп отырғанымыз да осыдан. Негізінен айтыс жанрын оқуда М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев зерттеулерін басшылыққа аламыз.

Айтыстың өмірге келуіне қатысты айтатын болсақ, әрине, бәдік, жар-жар ең көне түрлері. Ал жұмбақ айтысы, әрине, жануарлар, өлі мен тірі айтысына қарағанда өте кейін, бертінірек келгендігі белгілі. Сонымен қатар, ақындар айтысы да басқа түрлерге қарағанда ең кеш туған түрі.

Көне дәуірлерде өмірге келген айтыс үлгілері. «Жар-жар» (немесе «ау-жар»), «бәдік» айтыстарын алсақ, олар ерте заманда шыққанға ұқсайды. Бірақ ескі заманда шыққан айтыстардың шыққан мезгілін, шығарушысын шамалау қиын, бұлар ауыздан ауызға көшіп, ел мүлкі, ел қазынасы болып кеткен. Жар-жардың негізгі көркемдік тәсілі - психологиялық параллелизм. Адам өз ойын өзгеге жеткізбек үшін табиғаттағы сәйкес келетін құбылыстармен беріп отырады. Параллелизм сонымен бірге екі нәрсенің ұқсастық жақтарымен де жасалады.

Жануарлар мен адамның айтысынан төрт түліктің қазақ халқының өмірінде аса зор роль атқаратындығына тағы да көз жеткізуге болады.

Дін айтысы – екі ақынның бір-біріне берген сұрау-жауабы түрінде айтылған. Тақырып – дін әңгімесі, үгіті, т.б. Алғашында, дін айтысы – халық әдебиетінің белгілі жанры болған. Өлеңдік жағынан қарастырсақ, үздік үлгідегі айтыстың түрі болды деу қиын. Бұл түрге Болық-Елентай, Шөже-Кемпірбай айтыстарынан үзінді келтіруге болады.

Қыз бен жігіт айтысы – салт айтысының бір түрі. Қыз бен жігіт айтысында көп жағдайда ру, ел мәселелеріне бара бермейді. Қыз бен жігіт айтысының көркем үлгілеріне Омарқұл-Табия, Жантай-Мұрат айтыстарын жатқызуға болады. Әрине алғашқы үлгілерін ақындығы бар қыз-жігіттер шығарса-дағы, кейіннен жастар жаттап алып, ойын-сауық үстінде әдемі әзіл-қалжың түрінде айтқан. Әзілмен көпшілікті күлдіре отырып, бір-біріне көңіл білдіретін де болған. Өлеңдік құрылысы жағынан 11 буынмен келеді. Айтыстың бұл түрі де алғашқы үлгілері, үлкен айтыстың шығуына негіз салған.

Жұмбақ айтысына түсуші ақын, біріншіден, тапқыр, білгір, тез ойлап, шапшаң жауаптасуы тиіс. Кез-келген айтыскер ақын жұмбақ айтысқа түсе алмаған. Жұмбақ айтысына түскен белгілі ақындардың қатарында: Рысжан-Әсет; Шөкей-Құбала; Нұржан-Сапарғали; Қожахмет-Әбубәкірлер бар.

Ақындар айтысы – айтыс жанрының кейінгі даму кезеңінің жемісі. Бұл - айтыстардың ішіндегі ең көлемдісі, күрделісі, көркемі. Ақындар айтысы, шамамен ХІХ ғ. туған. Жазба әдебиет тумай тұрғанда ақынға «ақын» атын әперетін айтыс болған. Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Тоғжан, Орынбай, Балта, Әсет, Рысжан, Майкөт, Сабырбай, т.б.

«Сүйінбай мен Тезек төренің айтысы» – халық арасына кең тараған, әлеуметтік мәні терең, көпке белгілі, әйгілі айтыс. Осы уақытқа дейін ұмытылмай хатқа түсіп, елдің қызыға айтып, тамсана тыңдап келе жатқан көркем дүниесі еді », – деп баға береді зерттеуші М.Үмбетаев.

Шөже Қаржаубайұлы – ірі айтыскер ақынның бірі (1803-1895). Арғы тегіне қарасақ, бір атасы – қырғыздан болса керек, және өзі соқыр екен. Осыларды мін қылып, қарсыластар бетіне көп болған. Шөженің Кемпірбаймен, Орынбай, Жанақ, Тезекбаймен айтысы белгілі. Жалпы Шөже 17 ақынмен айтысқа түскен.

«Біржан – Сара» айтысы. Біржан сал Қожағұлұлы қазіргі Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданында туған (1834-1897). Біржан – ақын, әнші, әнді шығарушы, әрі шебер орындаушы. Біржанның «Ләйлім шырақ», «Айтбай», «Жанбота», «Жамбас сипар», «Адасқақ» деген әндері бар. М.Әуезов: «Біржан – Сара» айтысы – ақындық, көркемдік, көлемдік жағынан қарағанда қазақтың ауыз өнерінің үлкен мұрасы» деп баға береді.

Осы күнгі айтыстар. Халық поэзиясы, оның ішінде айтыс жанры ХХ ғасырда одан әрі жанданды, дамыды. Бұл кезеңдегі айтысқа тән сипат: бұрынғыдай өз бетінше стихиялы түрде жүрмей, қоғамдық-әлеуметтік өмірмен аса байланысты, әлеуметтік маңызы ерекше құбылыс ретінде қалыптасты. Р.Бердібай: «Ақындар айтысы – тамам жұрттың алдында өтетін тапқырлық өнер жарысы. Мұның танытқыштық, тәрбиелік, эстетикалық қызметімен қатар, тамашалық әсері де үлкен. Айтыстар – заманының небір күрделі сауалдарын көтере алатын, әлеуметтік мәселелерді күн тәртібіне қоятын, өмірдегі жақсылықтарды жарқырата ашып, кемшіліктерді сын отымен қаритын мүмкіндігі мол жанр» - дейді.

Айтыс ақындарына қойылатын талаптар. Төкпе өлеңде әріптестеріне табанда сауал қойып, кідірмей жауап айтуға икемділік, сөз бен сөздің үйлесімділігі, тез тұтанған тапқырлық пен сөзді өткір де батыл, әділ айту шеберлігі, өмір құбылыстарын, фольклорды жалаң жырламай, терең мағыналы, көркем бейнелеу әдістерімен астарлап жеткізу, жүріс-тұрыс, көрермендерді түрлі әртістік қимыл арқылы баурап жақындата білу секілді бірнеше қасиеттердің қабыса келіп бір жерден табылу талаптары қойылады.

Тамырын терең ғасырлардан тартқан, ежелгі дәстүрін үзбей келе жатқан айтыс өнері бүгінгі мәдениетіміздің ажырамас айшықты бір бөлігі. Қазақтың көркем сөз фольклорына қазына болып қосылған айтыс ақындарының жәдігерлерін жинақтап, талдап, зерттеу мәселесінде біршама еңбек еткен фольклоршы ғалымдарымыздың есімдерін ауыз толтырып зор мақтанышпен айтуға тұрарлық.

Жалпы айтыс жанры, оның ерекшелігі туралы, соның ішінде нақтылап айтқанда айтыстың туындауына себепкер болған табиғи және тарихи-әлеуметтік жайттар, ондағы ұлттық дәстүрдің көрінісі, айтыстың ғылыми топтамасы, келешегі жайында қазақ фольклортану ғылымында алғаш жан-жақты терең зерттеуші Мұхтар Әуезов болғандығы талассыз шындық.

Сондай-ақ, айтыстың шығу тарихы туралы «Айтыс және ақын» деген зерттеу еңбегінде академик-жазушы С.Мұқанов: «Бұл жанр жазу-сызу мәдениеті дамымаған көшпелі қазақ, монғол, түркмен елдерінде және араб елінің көшпелі бәдәуилеріне тән сауаты аздық, мектебі, оқуы жоқтың қасы болуы – бұл елдерде ақындық күші аузына түсіп, айтысты ауызша өркендеткен», - деп қараса, М.Әуезов алдымен айтыстың жанрлық ерекшелігін айқындамай, оның шығуы туралы ғылыми пікір айту қиын екендігін дәлелдейді. ХІХ ғасырдың басына дейін арнаулы театры болмаған қазақ сияқты көшпелі халықта екі топқа жарылып айтысатын жар-жар, жастардың ойын-сауығы кезіндегі бәдік айтысы жиын-тойда айтылғанын, кейін ақындар айтысы да көпшілік алдында, тыңдаушы сыншы төрелік айтушы, бағалаушы жұрттың алдында орындалып, бәсеке-тілеулестік екі ақынның арасында ғана емес, екі жарылған жиынды шарпып, айтысты драмалық қызу әсері бар халықты қызықтыратын театр өнерінің алғашқы түріне айналдырып отырғанын жазады. Шындығында, қазіргі шартты түрде фольклор жанры деп жүрген айтыста халықтық театрдың алғашқы нышандары бары даусыз. Бұл айтыс жанрының шығу тегі ерте кезде көркемөнердің түрлері бір-бірінен дербес түрде бөлінбей тұрғанда басталғанына айғақ. Өйткені, айтысты тудырушы ақындардың от ауызды, сөзге жүйрікдігімен бірге орындаушылық қабілеті де мол болғандығын байқаймыз. Ол өз кезінде әрі ақындық, әрі артистік рольді бірдей атқарған.

Қазіргі таңдағы айтыстың жай-күйі турасында толғанып, көп еңбек еткен көрнекті ғалым Рахманқұл Бердібайдың есімі ілтипатпен айрықша аталуға лайық.



1943 жылғы республикалық ақындар айтысынан кейін қайта түлеген айтыс дәстүрлі 60-жылдардың аяғына таман қарқынын бәсеңдетіп, тіпті 70-жылдарға қарай біржола құрып кету қаупінің алдында тұрды. Ал 80-жылдардан бастап айтыс өнерінің жаңа өріс алып, жандануына Рахманқұл Бердібайдың кең толғамды мақалалары игі әсерін тигізбей қойған жоқ. Ғалым өзінің біршама мақала, зерттеулерін мерзімді баспасөзде – республикалық газеттер мен журналдарда бастырып отырды. Атап айтсақ, «Айтыс – ақындық мектебі», «Айтыс өнері», «Ақындар айтысы – жыр мерекесі», «Айтыс – айрықша өнер», «Айтыс – қоғамдық пікір мінбері», «Айтыс өнеріндегі дара тұлға» т.б. Осы 80-жылдардан бері қарай жазған мақалалары «Айтыс әлемі» еңбегінде жинақталған. Бұл мақалаларда айтыстың қайта жанданған кезі 80-жылдардан бермен қарай ұйымдастырылған облыстық, республикалық ақындар айтысының мән-жайын, даму эволюциясын, жетістіктері мен кемшіліктерін нақтылы көрсеткен. Ғалымның әрбір мақаласынан көркемсөз өнерінің ғажайып саласы – ақындар айтысы дәстүрінің соңғы жылдары қайта түлеп келе жатқанына деген қуанышын аңғаруға болады. Әрбір сайыста жарысқа түскен жас айтыскер ақындардың есімдерін атай келіп, олардың өздеріне тән өнердегі жетістіктері мен кемшіліктеріне баға беріп отырған.

Иллюстрациялық және үлестірмелі материалдар: Тақырыпқа қатысты дайындалған слайд-презентация.

Ұсынылатын әдебиеттер:

Негізгі әдебиеттер:

  1. Қазақ әдебиетінің тарихы. 10 томдық. 1-том. Қазақ фольклорының тарихы. Жалпы редакциясын басқарған – С.Қасқабасов. Алматы, 2007.

  2. Қазақ фольклористикасы. - Алматы,1972.

  3. Қазақ фольклористикасының тарихы. - Алматы,1988.

  4. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы, 1974.

  5. Садырбаев С. Қазақ халық әдебиеті. Хрестоматия. – Алматы, 1990.

  6. Қазақ әдебиетінің тарихы.I –т., 1-кіт. – Алматы, 1960.

  7. Қазақ әдебиетінің тарихы.I –т., 2-кіт. – Алматы, 1964.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Алматы, 1985. 16-т. 400-б.

  2. Мұқанов С. Айтыс. Алматы, 1965. 17-35-б.

  3. Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті. Алматы, 1950. 117-137-б.

  4. Абылқасымов Б. Телқоңыр. Алматы, 1993. 39-б.

  5. Айтыс. Алматы, 1965. 1-т. 46-47-б. Құрастырушылар: филология ғылымдарының кандидаттары Шеген Ахметов, Балташ Ысқақов.

Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, филология магистрі Амирханова Сара Бекетқызы Коучинг жоспарының тақырыбы: «Lesson study – сабақты зерттеу әдісі»
attachment -> Сабақ тақырыбы: Химияның негізгі түсініктері мен заңдары Сілтеме
attachment -> Сабақтыңтақырыбы: 3 4
attachment -> Сабақ: Алкандардың қасиеттері. Алкандардың жеке өкілдері және қолданылуы
attachment -> Сабақтың түрі: Аралас сабағы Сабақ уақыты: 90 мин. Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақ Алматы қаласы Алатау ауданы «185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Бастауыш сынып мұғалімі Курманова Маржан Сеилхановна
attachment -> Сабақтың тақырыбы Сағат саны Мерзімі Оқып-үйренудің негізгі мақсаты
attachment -> Сабақтың мақсаты: оқушыларға алжапқыштың және бас орамалдың сызбасын есептеуді және құрастыруды үйрету


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет