Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Әлия Жолдасқалиқызы Ұлықпанованың



Дата08.09.2017
өлшемі79,91 Kb.
#30489
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универсиеті

Филология факультеті

Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы

Әлия Жолдасқалиқызы Ұлықпанованың

«Қазақ халық ауыз әдебиеті» пәнінен өткізген дәріс сабағының жоспары

Дәріс №1. Фольклор және қазақ халық ауыз әдебиеті.
1. Тұсаукесер-лекцияның мақсаты: қазақ халық ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшелігін ұғындыру; Халық әдебиетінің – мол мұра, асыл қазына екендігін түсіндіру; Фольклордың синкреттілік сипаты туралы түсінік беру; Халық тағылымын жастардың бойына сіңіру; Көркемдік ерекше белгілерін талдау арқылы әдеби, тілдік қорларын байыту.

2. Тұсаукесер-лекцияның жоспары:

2.1. Фольклордың синкреттілік сипаты.

2.2. Қазақ халық ауыз әдебиеті туралы түсінік.

2.3. Фольклордың ерекшеліктері.

2.4. Өзге ғылым салаларымен байланысы.

3. Тұсаукесер-лекцияның құрылымы: ситуация

Қазақ әдебиеті арнасының бастауы – халықтың асыл қазынасы ауыз әдебиетінде жатыр. Әдебиет әлімінің ел әдебиеті және жазба әдебиет болып екіге бөлінетіндігін ескере отырып, қазақ халық ауыз әдебиеті туралы білім мен ғылымды толық меңгеру өте маңызды. Осы орайда Фольклор – синкретті өнер, халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы, әрі, өшпес қазына екендігі назарда ұсталынады. Фольклордың пайда болуы туралы зерттеулерге шолу жасалынады және халық әдебиетінің түрлері мен жанрлық жіктелімі жайында білім беріледі. Ауыз әдебиетінің көп қырлы табиғаты мен туу, таралу, сақталу ерекшеліктері оқытылады.

Дәріс мәтіні:

Қазақ фольклоры – әдебиеттің бастауы бола тұра, өзіндік қасиеттерге де бай. Фольклор әрі танымдық, әрі эстетикалық қызмет атқарады. Фольклор тәрбиелік мақсатта да пайдаланылады. Сонымен бірге фольклордың утилитарлық (қолданбалы) функциясы да бар, яғни ол белгілі бір жағдайда тұрмыстық қажетті өтейді. Фольклор – көп заманның, бірнеше дәуірдің, әртүрлі қоғамның жемісі, сондықтан көпқатпарлы, көпсатылы және көпмағыналы, көпқырлы. Фольклор – адам тіршілігінің өн бойында қолданылып, әр саласында пайдаланылатын дүние. Фольклор – әрі әдебиет, әрі театр рөлін атқарды, оның шығарушылары әрі орындаушылары – жыршы мен ақындар, сондай-ақ тыңдаушылары мен көрермендері болды. «Жалпы халық мұрасын қазіргі мәдениетіміздің кәдесіне жаратуға болатын бізде бірнеше тәсіл мен бағыт бар» - деп, С.Қасқабасов ағамыз оларды саралап атап шықты. Олардың ең бастылары:



  • Фольклор мен профессионалдық музыка. Бұл сала бойынша республикамызда біраз жұмыс істелгенін айту керек. Мәселен, халық әндерін өңдеу, солардың негізінде өзіндік музыкалық шығарма жазу, халық әндерін симфониялық музыкада пайдалану т.б.

  • Фольклор және театр. Қазақстан театры өзінің алғашқы қадамын фольклордан бастағаны белгілі.Сондықтан бұл салада біздің жетістіктеріміз мол. Бірақ театрымыздың тарихына көз салсаң, фольклордан тек эпос жанрын ғана пайдаланыпты. Театр сахнасынан жас өспірімдер үшін қойылған ертегі – спектакльдерді көрмейміз, балет жағынан келсек, «Қалқаман – Мамыр» мен «Қамбар – Назымнан» басқа спектакль жоқ. Cатиралық пьесалар жазуға болады!

  • Фольклор және кино. Шынын айту керек, осы уақытқа дейін біздің кино өнері халық мұрасын пайдалануға өте аз көңіл бөліп келеді. Мысал үшін, тіпті батырлық жырды былай қойғанда, «Ер Төстік» ертегісін алайықшы. Оны экранға түсіруге болмай ма?

  • Фольклор және әдебиет. Халық поэзиясын, ертегілері мен жырларын әдеби түрде өңдеу, солар негізінде әдеби шығармалар жазу бізде кең қолданылады және көбісі балаларға арналады. Алайда, солардың бәрі бірдей жақсы болып жүрген жоқ. Тіпті кейбірінің көркемдігі фольклорлық түпнұсқасынан да төмен. Осы ретте В.Жуковский мен А.Пушкиннің ертегілері еске түседі. Халық творчествосы негізінде жазылған бұл шығармалар шын мәнінде халық ертегілеріне айналып кетті. Біздің ақын – жазушыларымыз осыны ескерсе...

Нағыз халықтық мұра, егер оны дұрыстап ел арасына кеңінен тарата білсек, адамды көркемдікке тәрбиелеуде, өнерімізді озық дәстүрлермен байытуда, қазіргі дәуіріміз бен ұлтымыздың өткендегісін рухани дәнекерлеудесөз жоқ үлкен рөл атқарады. Тек мұны жүзеге асыру керек.

«Кеңестік солақай саясат» тұсында да, әрине, жоғарғы оқу орындарында фольклортану пәні оқылды. Әйтсе де, оқыту жүйесінде біржақты теріс көзқарас та орын алмай тұрмады. Р.Бердібаевтың айтуында «схоластикалық көзқарас зардабы фольклортану пәнін де айналып өткен жоқ. Қайта ауыз әдебиеті де, оны тексеретін ғылым да көбірек қырсыққа ұшырады. Соның салдарынан фольклортанудың міндеті, өзіндік орны мен мәні, ерекшелігі туралы ғылыми жұртшылық ұғымы тым бұлдыр болып келеді... Фольклор – ауыз әдебиеті әлі де меңгеріліп болмаған тұңғиық терең байлығымыз». Р.Бердібаевтың ой-пікірі келтірілген «Фольклортану пәніне мән берсек» мақаласында санамалап берілген бұрмалаушылықтарға тоқтала кетсек, 1. фольклортанудың құлашын жаздырмаған қырсықтың бірі – мәдени мұраны таптық көзқарас тұрғысынан қараушылық. 2....тағы бір тосқауыл – фольклортануды жалаң саясаттың қанжығасына байлап жіберушілік. Мәселен, 15 ғасырдың бас кезінде орыс княздарына кектесіп, Мәскеуді шапқан Едіге батыр да, 19 ғ.орта тұсында орыс басқыншыларына қарсы шыққан Кенесары Қасымұлы да Ресей жаулары, «орыс халқының, халықтар достығының дұшпаны» атанды. Қазақ халқының классикалық әндерінің біршамасына орындауға тыйым салынды. Ауыз әдебиетін, фольклорды, қазақ тарихын зерттеген Е.Бекмахан, Қ.Жұмалиевтер, Е.Ысмаиловтар қара тізімге ілікті. Сондықтан да, ауыз әдебиеті туралы еңбектерінде жаттандылық орын алды. Фольклортанудың көне жанрларын тексеруге ешкімнің де жүрегі дауаламады.

Р.Бердібаевтың айтуынша, фольклортанудың баяу дамуының бір сыры, зерттелудің толыққандылық сипатқа ие болмағандығында. Ұзақ жылдар бойы фольклор – сөз өнері деп қана қарастырылды. Дегенмен де, фольклор тарих, этнография, музыка, ескі салт, наным-сенімдермен де тығыз байланысты. Ғылыми шындыққа жанаспайтын, ауыз әдебиеті - жазба әдебиеттің көнерген түрі деген қарадүрсін қағида қалыптасты. Халық мұрасының аса үздік үлгілерін ғана қарастырып, ауыз әдебиетінің басым көпшілігін назардан тыс қалдыру да болды. Автор өз зерттеуінде бұдан әрі фольклор мұраларының коллективтік сипатқа ие болып, көп нұсқалы түрде тарайтындығына тоқталады. Р.Бердібаев: Фольклор туындылары көп вариантты болып келеді. Олардың таралуы мен сақталу заңдылықтары да қилы-қилы. Әр заманның дүниетанымдық сүзгісінен өткен шығармаға тосын сипаттар қосылып отыруынан фольклордың көпқабаттылығы (полистадиялығы) келіп шығады. Адамдардың жадында ғана сақталып, ұрпақтан ұрпаққа тарап отыратындығы фольклордың дәстүрлілік келбетін белгілейді. Фольклор жаратындыларын толық мәнінде тану үшін зерттеудің салыстырмалы - тарихи, жүйелілік (системный), тұтастық әдістерін қолдану керек болады. (Р. Бердібаев. IIтом. А., 2005. 460-461 б.)

Ғалымның айтуынша, қазақтың лирикалық өлеңдерінен эпостық шығармаларына дейінгі жанрлары музыка сазымен көркемделіп айтылған. Әйтсе де, қазірде зерттеушілер бірде-бір эпос мәтінін оның музыкасымен қатар тексеріп көрген жоқ. Ауыз әдебиетінің мұраларын толық танып білу үшін, фольклордың этнография, тарих ғылымдарымен байланысын тексерген жөн. Фольклордың синкреттік болмысы айқындалуы тиіс. Фольклорды тек қана сөз өнері деп қарау ауыз әдебиетінің сыры мен тереңіне бойлатпайды. Осы жағдайды ескеріп қазақ фольклоршылары соңғы жылдары ауыз әдебиетінің өзіне тән өзгешеліктерін тиімді ғылыми тәсілдермен зерттеуге бұрылғанын айтуымыз керек. Соның нәтижесінде фольклор құбылыстарының табиғатын тереңдеп ашатын «Қазақ тарихи жырларының мәселелері», «Қазақ фольклорының типологиясы», «Фольклор шындығы», «Қазақ фольклорының тарихылығы», «Қазақ фольклорының поэтикасы» деген ұжымдық еңбектер жасалды. Бұл еңбектер өзінің методологилық таяныштары, ғылыми принциптері жағынан фольклортану ғылымының жетістіктері деңгейінде орындалған. «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты монография зерттеушілердің елеулі табысы деп бағаланды. «Қазақтың архаикалық фольклоры» деген жаңа жұмыс та фольклортанудың аса қажетті мәселелерін сөз етеді. «Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Е.Исмаилов, т.б. ғалымдар эпосты тақырыптық белгілеріне қарап жүйелеген жіктеудің өз кезінде танымдық маңызы аса зор болды», дейді Р.Бердібаев. Әйтсе де, қазіргі эпостануда күллі этикалық мұраны басқаша өлшеммен қарайтын тұжырым қалыптасып келеді. Ол – жанрларды жанрлық-стадиялық сипаты бойынша төрт топқа бөліп, архаикалық, қаһармандық, ғашықтық және нақтылы тарихи жырлар деп жүйелеу.

Фольклор – ежелгі дүниетаным және көне мәдениет, әрі мұра. Ол – көп заманның, бірнеше дәуірдің, әртүрлі қоғамның жемісі, сондықтан көпқатпарлы, көпсатылы және көпмағыналы, көпқырлы. Ежелгі замандарда пайда болған ырымдар мен ғұрыптар, діни ұғымдар мен мифтер, – бір жағынан, фольклор, өйткені, олар сол тұстағы адамдардың ауызша шығарып айтқан әңгімелері және іс жүзінде атқарған ырым-кәделері. Бұл тұрғыдан қарағанда, олар – екінші жағынан, сол дәуір қоғамының мәдениеті болды, себебі сол замандағы адамдар атқарған ырым-кәделер мен айтылған әңгіме-мифтер сол қауым үшін мәдени рөл де атқарды. Үшінші жағынан, әртүрлі ырымдар, ғұрыптар, діни нанымдар мен мифтер алғашқы қауым адамының дүниені танып-білу процесінде қалыптасқан руханият еді. Олар, түптеп келгенде, сол бір көне дәуір адамдарының дүниетанымы еді.

4. Көрнекілік материалдарын дайындау: сызбалар мен слайдтар. Дәрісхана мен ТҚС (компьютер, проектор, интерактивті тақта) дайындалады.

5. Дәрісті жүргізу барысында музыка, сурет-сызбаларға түсініктеме, бейнефильм көрсетіледі.

Лекцияның толық мәтінін интерактивті тақтадан көрсетіп, негізгі ұғымдар мен терминдерді курсивпен белгілеп, оларға түсініктеме беріп отыруға болады.



6. Лекция жоспарына сәйкес кеспелер дайындау.

1) Лекция мәтінінде кездесетін негізгі ұғымдар мен терминдерге түсініктеме берілген глоссарий.

2) Блиц-тест

7. Оқытудың тиімді формалары мен әдістерін қолдану.

7.1. Конструкциялау технологиясы

7.2. Слайд арқылы сабақ беру әдісі

7.3. Ақпараттық оқыту технологиясы.



8. Әдебиеттер:

Негізгі:

  1. М.Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы: Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика баспасы. - 1958 жыл. 344 бет. 4-бетте.

  2. Ә.Қоңыратбаев. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы: Ана тілі - 1991 288 бет. 8 бетте.

  3. С.Қасқабасов. Жаназық. Әр жылғы зерттеулер. Астана: Аударма, 2002. - 584 бет. 3 бетте.

  4. Р.Бердібай. Бес томдық шығармалар Жинағы. Кәусар бұлақ. 2-том. Алматы: Қазығұрт, 2005. - 472 бет.

  5. Дмитриевский В. Плюрализм... Это сколько? // Театр. 1989. № 9.; 6 бетте

  6. Нинов А. А. Мастер и прокуратор // Знамя. 1990. № 1.; 192 бетте.

  7. А.Н.Веселовский. Историческая поэика. Едиториал УРСС., 2004 г.

  8. Қазақ әдебиетінің тарихы.I –т., 1-кіт. – Алматы, 1960.

  9. Қазақ әдебиетінің тарихы.I –т., 2-кіт. – Алматы, 1964.

Қосымша:

  1. Проблемы фольклора.- М.,1975.

  2. Коккьяра Дж. История фольклористика в Европе. - М.,1960.

  3. Пропп В.Я. Фольклор и действительность.- М.,1976.

  4. Ысмайылов Е. Ақындар.- Алматы, 1956.

  5. Әуезов М., Соболев Л. Қазақ халқының эпосы мен фольклоры // Уақыт және әдебиет. - Алматы, 1962.

  6. Садырбаев С. Фольклор және эстетика. – Алматы, 1976.

  7. Турсынов Ғ. Қазақ ауыз әдебиетін жазушылардың байырғы өкілдері. - Алматы, 1976.

  8. Қазақ фольклористикасы. - Алматы, 1972.

  9. Қазақ фольклористикасының тарихы. - Алматы, 1988.

  10. Фольклор шындығы. - Алматы, 1990.

Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, филология магистрі Амирханова Сара Бекетқызы Коучинг жоспарының тақырыбы: «Lesson study – сабақты зерттеу әдісі»
attachment -> Сабақ тақырыбы: Химияның негізгі түсініктері мен заңдары Сілтеме
attachment -> Сабақтыңтақырыбы: 3 4
attachment -> Сабақ: Алкандардың қасиеттері. Алкандардың жеке өкілдері және қолданылуы
attachment -> Сабақтың түрі: Аралас сабағы Сабақ уақыты: 90 мин. Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақ Алматы қаласы Алатау ауданы «185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Бастауыш сынып мұғалімі Курманова Маржан Сеилхановна
attachment -> Сабақтың тақырыбы Сағат саны Мерзімі Оқып-үйренудің негізгі мақсаты
attachment -> Сабақтың мақсаты: оқушыларға алжапқыштың және бас орамалдың сызбасын есептеуді және құрастыруды үйрету


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет