Дидактиканың тағы маңызды саласы – білім беру формасы, оқыту әдістері мен амал-тәсілдері болып табылады.
Таптық әдебиет болмысынан енді ұлттық әдебиет болмысына ауысқан қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі енді өзінің жаңа инновациялық жүйесін қалыптастыруы – күн тәртібіндегі аса өзекті тақырып болып саналады.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті дегенде, жаңа дәуірдің желісін 1991 жылдың 16 желтоқсанынан ғана емес, 1986 жылдан бастауға да болады деп есептейміз. Өйткені қазақ жастарының 1986 жылдың желтоқсанындағы дүниені дүр сілкіндірген қозғалысы – әрбір қазақтың ұлттық санасынан, болашақ ұрпаққа тәуелсіздік аманаты болып кететін тарихи дерек болып қалғаны белгілі.
Сондықтан ғасырлар бойғы жинақталған, жырланған тәуелсіздік идеясының нақты құбылыс ретіндегі көрінісі – 1986 жылдың желтоқсанындағы көтеріліс десек, ол – Қазақстанның бір тарихи керуенінің соңы болғанымен, жаңа тарихи дәуірінің нұрлы қуатты бастауы еді.
Осымен де байланысты, Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті дегенде хронологиялық желінің бастапқы кезеңін 1985 немесе 1986 жыл деп қосуға да болатын сияқты.
Оқу бағдарламасында «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» шолу түрінде берілген.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі үшін жаңа дәуірдің басталғанын ескеру – ақпараттық технологияның, ғаламтордың /интернеттің қарыштап дамуын ескеру міндеттілігінен басталады.
Жаңа оқыту технологияларының, негізінен, ақпараттық технологиямен байланысты екені белгілі.
Шолу түрінде оқылатын «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін» меңгерту үшін жаңа «жеке бағдарлы кеңейту» деген дидактикалық форманы қолданған дұрыс болады. Бұл форманың ерекшелігі – оқушыларға өз бетімен іздену, оқу, талдау жолдары әдістемелік тұрғыдан түсіндіріліп беріледі-дағы, «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің өзіндік болмысы» деген тақырып бойынша оқушының өзінің танымдық-ізденіс желісі қалыптастырылады.
Бұл әдісті қолданғанда мұғалім оқушыларға бірнеше бағдардағы жоба тапсырады:
11 сынып оқушыларына «Төменгі сыныптарда тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінен қандай шығармаларды оқытуға болады?» деген әдістемелік-ізденіс формасындағы жобаны ұсыну.
«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің библиографиясы» деген тақырыптағы жобаны ұсыну.
«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің проза саласын талдау әдістері» атты аналитикалық жобаны ұсыну.
«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің поэзия саласын талдау әдістері» атты аналитикалық жобаны ұсыну.
«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің драматургия саласын талдау әдістері» атты аналитикалық жобаны ұсыну.
«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің әдеби сын саласын талдау әдістері» атты аналитикалық жобаны ұсыну.
«Ерекше жоба»формасында белгілі бір жазушының өмірін, шығармашылығын, интернеттегі қазақ әдбеи туындыларының орналастырылуы, жастар шығармашылығы т.б. тақырыптағы жобаны ұсыну.
Ұсынылып отырған форманың кері байланыс ретіндегі формасы – оқушының өзіндік ізденісінен туындайтын «Мен ұсынатын тамаша әдеби шығарма»атты тақырыппен жүргізілетін жұмыс.
Мұндай жұмыс түрінің ерекшелігі оқу бағдарламасының да, мектеп мұғалімінің де, оқыту үдерісінің де қатып қалған догмалық сипаттан аулақ, «субъект – субъектілік» жүйедегі гуманистік дидактикалық қатынасқа негізделген жаңа оқыту технологиясының қағидаларын басшылыққа алатындығымен танылады.
Сабақ – әдебиетті оқытудың негізгі формасы болып табылады. Десек те, әдебиет сабағын қазақ тілі немесе математика, алгебра, физика пәні сабақтарынан өзге етіп құру керек. Өйткені әдебиет сабағы – оқушының жан-дүниесін қазыналы ететін ерекше дидактикалық үдеріс.
Бұл ретте «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті» бөлімін меңгертуде диалог-сабақ формасын тиімді оқыту формасы ретінде ұсынамыз. Сабақтың бұл формасында, көп ретте, эвристикалық әдіс орын алады. Мұғалім өз оқушыларымен біріге отырып, сабақтың негізгі лейтмотиві болып алынған өзекті сұрақ-проблеманың шешімін көркем әдеби шығарманың өн бойынан іздеп табады. Сол үдеріс барысында түрлі іс-әрекеттер арқылы кейіпкердің бейнесі танылады. Сомдалып тұрған әдеби бейненің болмысындағы ерекше тілдік суреттеу құралдары анықталып, тілтаным арқылы көркем-эстетикалық талғамы қалыптастырылады.
«Әдіс» – әдебиет сабақтарындағы мұғалім мен оқушының бірігіп атқаратын оқу-танымдық іс-әрекеті. Сабақ тақырыбына лайық дұрыс таңдалған әдіс арқылы оқушы жаңа блім мазмұнын игереді, жаңа білік-дағдыларға ие болады, қабілеті жетілдіріліп, белгілі бір дүниетанымдық көзқарасы қалптасады.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістерінің жіктемесін тануда сюжеттік-композициялық талдау, бейне, стильдік талдау, шығарманың тарихи талдануы, шығарманы жазушының шығармашылық қызметі аясында және басқа жазушылар шығармашылығымен салыстыра қарастыру сияқты тағы басқа әдіс-тәсілдер алдынғы орында тұратыны белгілі.
Қазақ әдебиетін оқытуда қолданылатын сапалы әдістер осы әдістің кішкене құраушы элементтері болып табылатын амал-тәсілдердің алгоритмдік қолданысы арқылы жүзеге асырылып қолданылады. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытуда қолданылатын әдістерді былайша жіктеуге болады:
эвристикалық әдіс;
ізденіс әдісі;
репродуктивтік әдіс;
продуктивтік әдіс;
шығармашылық әдіс.
Достарыңызбен бөлісу: |