Қазақ Әдебиетіндегі бұҚарбай батыр бейнесі



Дата14.11.2016
өлшемі171,09 Kb.
#1758
Ғабит Тұяқбаев,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты.
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ БҰҚАРБАЙ БАТЫР БЕЙНЕСІ
Ел қорғаған батыр ұлдарының ерліктерін көркем дүниеге айналдыру ұлттық әдебиетімізде бұрыннан бар дәстүр. Әдебиет – заманның көркем шежіресі. «Үлкен әдебиет қашан да халық өмірінің белді кезеңдерін дәуір тудырған әлеуметтік тартыстарды, қоғамдағы саяси ағымдарды айналып өтіп кете алмайды. Ерте ме, кеш пе әйтеуір ел басынан өткен оқиғалар өнер тілімен сөйлеп, ұрпақтар талқысына түспек» [1.14].

Е.Бекмаханов әдеби туындыларға: «Фольклорлық материалдың маңызы сонда, ол тарихи оқиғалар мен жеке адамдарға дәл және көбінесе дұрыс бағасын береді»,-деп аса мән бере қараған [2.42]. Өзінің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты монографиясын жазу кезінде аңыз-әңгімелерді пайдаланғандығы туралы: «Кенесары және оның серіктері жөніндегі фольклор материалдарының құндылығы сонда, олардың көпшілігі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Кенесары батырларының және көтерілістің басқа да қатысушыларының өз аузынан жазып алынған»,-дейді [2.189]. Ал И.В.Аничков «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты тарихи очеркінің жазылу тарихына байланысты: «...Екінші бір көз – кейде қиял-ғажайып ертегі сықылды көрінгенімен аса қызықты, батырдың өмірі жайында айтылған, ел арасында ауызша тарап жүрген аңыз-әңгімелер еді. Мен оның көбін Жанқожаның сарбазы болған, баяғы бір ат басында жүрген шағының белгісі ретінде ақ найзасын қара үйдің іргесіне шаншып қойып, бүгіндері Жаңарықтағы өз аулында тірлік кешіп жатқан қарт батыр Байжанұлы Ізтілеуден естідім»,-деп естелік айтады [3.10-11]. «Түркістан түземдік газетінде» қызмет атқарған Молла-Әлим-Махмұд-Қажы 1928 жылы Ферғана хандарының ХІХ ғасырдағы Хұдияр ханға дейінгі тарихын баяндайтын «Тарих-Түркістан» атты еңбегінің Кенесары ханға байланысты бөлімін Бұқарбай батырдың айтуы бойынша жазғандығын айтады. Автор 1870 жылы Бұқарбай батырмен кездесіп, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі туралы әңгімелескені, Бұқарбай батырдың көтерілісшілер айтатын жырды орындап бергендігі туралы мәлімет бар [2.19].

Шынында ел аузындағы аңыз-әңгімелердің негізінде тарихи оқиғалар жатады. Әрине, уақыт өткен сайын мұндай аңыздарға айтушылар тарапынан түрлі өзгерістердің енгізіліп отыратындығын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, аңыз түбі – шындық екендігі, оның халық басынан өткізген тарихи оқиғалардан алысқа ұзай қоймайтыны күман туғызбаса керек. Жоғарыдағы деректер ұлт тарихы туралы құнды еңбектер мен көркем туындылардың өмірге келуіне Бұқарбай батыр аузынан жазылып алынған бірнеше тарихи естеліктердің де негіз болғандығын дәлелдейді.

Көзі көріп, өзі қатысқан оқиғаларды кейінгі ұрпаққа жеткізу арқылы әдеби шығармалардың шынайы жазылуына себепкер болған Бұқарбай батыр өзі де бірнеше көркем туындыға қаһарман болды. Соның бірі – Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісін көркем кестелеген Нысанбай жыраудың «Кенесары – Наурызбай» дастаны.

Тарихи деректер Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне Кіші жүз қазақтарының, оның ішінде Табын руынан шыққан батырлардың белсене қатысқандығын айғақтайды. Олар көтеріліске қатысып қана қойған жоқ, сонымен бірге материалдық көмек те көрсеткен. Мәселен, 1840 жылы Кіші жүз қазақтары Кенесары әскеріне көп мөлшерде ұн берген [4.245]. Е.Д.Ділмұхамедов: «Кенесары әскерінің құрамында өз жасақтарымен Кіші жүздің хас батырлары: Табын руынан (Сырдария) Бұқарбай батыр, Шекті руынан (Сырдария) Жанқожа батыр, Табын руынан (Ырғыз-Ақтөбе) Жоламан Тіленшіұлы, Тама руынан (Ембі) Құрман батырлар болды»,-деген деректер келтіреді [5.118].

Бұқарбай батыр өзінің Кенесары әскеріне қосылуы туралы: «Ауылым Қызылжыңғылда отырған кезде Кенесарының көп әскермен қырғызға кетіп бара жатқандығын естідім. Мен де соларға қосылып қырғызға бірге аттандық. Наурызбай төре менімен жасты болып шықты»,-дейді [6].

Табын руынан шыққан Бұқарбай батыр Кенесарының ең жақын серіктерінің бірі... Жиырма бес жасынан бастап Кенесарының сарбазы болған Бұқарбай 1847 жылға дейін осы қозғалыстың басты батырларының бірі болды. Ол алғаш рет 1838 жылдың тамызында Ақмола бекінісін алуға қатысқан [7.68].

Нысанбай жыраудың «Кенесары - Наурызбай» дастаны туралы академик Р.Бердібай: «Мұны шығарушы Нысанбай жырау – Кенесары жорықтары кезінде бірге болған, барлық дерек, оқиғалардың куәгері, әрі азаттық аңсарын биік ұстаған ірі ақындардың бірі. Бұл жырда келтірілген істер мен деректердің молдығы әрі шыншылдығы оны тарихи жырлардың ең таңдаулысы қатарына қосады»,-дейді [8.139]. Ғалым пікірі шығарманың көркемдік, тарихилық сипатына берілген құнды пікір екені даусыз.

Кене ханның қырғыздармен арадағы соғысы арқау болған дастанда Бұқарбай батырдың ержүрек батырлығын, ақыл-парасатын, қолбасшылық шеберлігін көрсететін бірнеше эпизодтар бар. Соның бірі – Наурызбай мен қырғыз батыры Бедердің арасындағы жекпе-жек.

Қырғыз ханына елшілікке кеткен інісі Ержан төрені жібермей қолға ұстап отырғанын естіген Наурызбай қырғыздарға қарсы аттанады. Қырғыз батыры Бедер жекпе-жекке шақырғанда Байзақ батыр бастаған топтан ешкім шықпай, Наурызбай төренің өзі шығады. Жан алысып, жан беріскен екі батыр арасындағы жекпе-жек жырда:

Бедер менен Наурызбай

Жақындасып барысты.

Астарына мінген ат

Ауыздыққа қарысты.

Ат үстінде алысты

Найзаменен салысты,

Бір-біріне жабысты,

Керегедей қабысты,

Ерлерінің артына

Мініп-мініп қалысты.


...Найзаменен салғанда

Қайраттың тиді пайдасы.

Шолтаң етіп Бедердің

Аспанға ұшты найзасы,-

деп суреттеледі [9.262-263].

Жекпе-жекте өлген қырғыз батырының сүйегін алып кетуге қырғыздар лап қойғанда жалғыз қалған Наурызбайға Бұқарбай көмекке келіп, Бедердің сүйегін ала қашады.

Әртараптан қырғыздар

Жағалай шауып жиектен,

Тұс-тұсынан ат қойды,

Үмітті болып сүйектен.

Арасы алыс дауыстап

«Барма, мұнда кел» деуге.

Шауып барып Бұқарбай

Ат үстінен көлбеді- [9.263].

Кене хан шайқаста көрсеткен ерлігі мен адалдығы үшін Бұқарбайды мадақтап, басқа батырларға үлгі етеді. Бұл әсіресе, қырғыз батырының сүйегіне емес, атын алып қалу үшін шапқан Ағыбайға сын еді. Сол жерде Кенесары Ағыбай әкелген қырғыздың сәйгүлігін Бұқарбайға бергізеді.

Бұқарбай батыр ерлігін көрсететін екінші эпизод Наурызбайдың батырдың шайқаста аттан түсіп қалуы. Осы жекпе-жектен кейін қырғыздың Ораз батыры бастаған бірнеше батырларын өлтірген соң, қырғыздар лап қойып Наурызбайды ортаға алады, батырдың серігі - Ақауыз атын атып түсіргенде, Наурызбай жаяу қалады:

Қырсықтың басы емес пе,

Төреден қазақ адасты.

Қырғыз, қазақ екіұдай

Наурызбайға таласты.

Қияда жүрген Бұқарбай

Атына қамшы бір басты.

Үзеңгісін шығарып,

Наурызбайға жанасты.

Бұқарбайдың алдына

Наурызбай кетті мінгесіп...[9.269].

Жалпы ел аузындағы аңызға қарағанда Наурызбай мен Бұқарбай арасында бақталастық та болғанға ұқсайды. Оны Кенесары да білген. Бірде Бұқарбайды шақырып алып оңаша сөйлесіп, жауда жолдасың мықты болса, сенің несібең, ауыздарың бір болсын, іш пікірді тазалаңдар, өкпе-қақпаны тастаңдар. Бұқарбай, сен бірінші батырлықты Наурызбайға қия бер, саған қосынның екінші батыры, мың басылық лайық деп есте қаларлықтай ұлағатты сөз айтқан [10]. Арадағы осындай бақталастыққа қарамастан Наурызбай жау қолында қалып бара жатқанда Бұқарбай батыр жеке бас мүддесінен ұлттық намысты жоғары қояды. Наурызбайды жау қолында қалдырмау үшін өзінің басын бәйгеге тігеді, көзсіз батырлыққа барады.

Бұл нағыз адамгершілік пен пендешіліктің, парасаттылық пен парықсыздықтың, адалдық пен арамзалықтың арасындағы тартыс. Өмірдегі осы тартысты жырау логикалық, психологиялық дәлелдеулердің иін қандыра қандыра көркем шығармада сәтті пайдалана алған.

Нысанбай жорық жыршысы. Дастанда болған оқиғаның барлығын көзбен көріп, жүрекпен сезген ақын. Сондықтан да шығармадағы әрбір оқиға шынайы, өмірге соншалықты жақын. Бір айта кетерлік мәселе, дастанның өн бойында басқа батырларға қарағанда Бұқарбай ерлігі ерекше пафоспен жырланады.

Суреткер һәм туынды. Тағдыр-талайы бір, егіз ғұмыр. Суреткерге бақ сыйлап, мерейін асырып, абыройын асқақтататын оның көркем туындысы. Керісінше, кейде өмірдегі ауыр соқпақты бұйыртатын да оның шығармасы. Кешегі қылышынан қаны тамған кеңестік қызыл идеологияның тұсында бір ғана шығармасы үшін қаншама арыстарымыз темір торға тоғытылса, олардың қаламынан туған дүниелер оқырман үшін «қауіпті саналып», архивтің терең түкпіріне жөнелтілді.

Осындай шығарманың бірі - 1941 жылы «Ленин жолы» газетінің 123 санында жарық көрген Асқар Тоқмағамбетовтің «Бұқарбай батыр» деп аталатын поэмасы. Поэманың үзіндісі газет бетінде жарияланысымен Асекең сын садағына ілінеді. Ескілікті жырлаушы, ұлттық батырларды дәріптеуші ақын ретінде біраз қуғынға да ұшырайды. Сондықтан болса керек, поэманың жалғасы жарық көрмеген. Бір қызығы, Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорындағы №1328 «Кенесары және оның батырлары жайындағы жыр-дастандар» деп аталатын буманың (папканың) мазмұнында ақынның аталған поэмасы көрсетілгенімен, шығарманың өзі жоқ болып шықты. Белгісіз себептермен о баста өткізілген поэма «қолды» болған. Заман сылайынан қауіптенген автордың өзі ме, әлде кеңестік жүйенің «қолшоқпарлары» алды ма, бізге бұл жағы белгісіз. Көңілге қуат, Ш.Уәлиханов атындағы Ұлттық кітапханадан ақын шығармасының газеттік нұсқасы (үзінді болып жарияланған) болса да табылды.

Біздің пайымдауымызша Асқар Тоқмағамбетов поэмасының сюжеттік желісіне негіз болған Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорындағы № 1331 бумадағы «Бұқарбай батырдың әңгімелері» болса керек. Зерделей қарағанда Асқар Бұқарбай батырдың аузынан жазылып алынған осы әңгімені өлеңмен өрнектеп, поэзия тіліне айналдырғандығы байқалады.

Батыр әңгімесі былайша өрбиді: «Мен өзім талай соғыс, қырғын жорықтарда болып жүргенімде батырлығымның бір ісіне өте қатты сүйсіндім. Сырдарияның Шұға беттегі жағында Кенесары бастаған қалың ел орнап жатқан кезі еді. Ол кезде Созақ, Түркістан, Ақмешіт маңында Қоқандармен соғысып жүрдік. Батырлар күні-түні ат үстіндеміз. Сыр бойындағы бізге тілектес іргелес ел қалың қыпшақ.

Қыпшақта бір байдың Күреш деген сұлу қызы болды. Сол қызға Ағыбай, Наурызбай мен үшеуміз бірден қызықтық. Қызыңды маған бер, маған бер деп үшеуміз батырлық беделімізді салып сұрасақ та қыз әкесінің бізге берген жауабы: «Қызымды жалғыз атты жорықшы тентектерге бере алмаймын, жалғыз тұяқ берер қалың малдарың жоқ, нелеріңе қызығамын! Бүгін мұнда, ертең онда кезіп жүрген сендердің артыңа таңып, қанжығаларыңа байлап жіберетін қызым жоқ. Елі сай, жері сай, терезесі тең бір мырза кез келер»-деді.

Біз үшеуміз де байдың бізді менсінбеген мына қорлығына ыза болып, Кененің алдына келдік.

- Ол қызды біреуімізге бұйырыңыз, барып шауып алайық, рұқсат беріңіз-дедік. Кенекең үшеуміздің сөзімізді тыңдап болды да:

- Сендерге ел керек пе, қыз керек пе? Алыстағы жауды алмай іргелі елді бүлдірейін деп пе едіңдер? Қыз керек болса барып Созақтың қамалын бұзып сарттың қызын алыңдар! Мыналарыңа рұқсат жоқ-деді.

Бір күні әскер жаққа жорыққа аттандық. Ағыбай мен Наурызбай бір бөлек, мен Кенесарымен бір бөлек кеттім. Бір-екі күннен соң ауылға оралып келдік, Ағыбай мен Наурызбай әлі қайтқан жоқ екен. Астыма мінгенім 200 қойға сатып алған күрең тұлпар еді. Өз ауылыма келе жатқанда ауыл шулап қоя берді:

- Күрештің ауылын таңертең ертемен Қоқандар шауып кетті-деді. Сонан не болғанымды өзім де білмеймін көзіме қан толып, түгім түлеп сыртқа шығып:

- Олар қалай кетті,- деп сұрай бердім.

– Жаулар Ташкент жаққа беттеп кетті деді. Бір аяқ сусынды жұта салып, Кенекеңнен рұқсат сұрамастан жау жарағымды асынып, Ташкент жаққа шу деп тартып кеттім. Найзамды аспанға үйіріп құйғытып келем.

Түн ортасы ауған мезгілде ән салып шуылдаған көптің сарынан естідім. Кешікпей-ақ қалың қолдың артынан келіп жеттім. Топ-топ болып ән салып, таланған мал-мүлікті артып, жаулар кетіп барады. Менімен бір де бірінің жұмысы болған жоқ. Күреш көрінер ма екен деп қабырғалап шауып келем. Ілезде таң да ағарып атып қалды. Талай байлаулы матаулы сұлуларды көрдім. Бірақ Күреш көзіме түскен жоқ. Бір мезгілде алдыңғы топқа келіп жеттім. Жетсем түйеге мінген екі әйел кетіп бара жатыр екен. Сыртынан байқасам Күреш секілді. Жүгіртіп жанына жетіп келдім де: - Сен Күрешпісің дедім. Жылап бара жатыр екен, а деп бетін ашып алды. Бетін ашып қалған кезде «мін артыма» деп жауырынан алып, ап деп артыма салып жібердім. Түйе жетектеген кісі тұра ұмтылып еді, кеудеден найзамен бірақ іліп тастадым. Шө деп кейін жөнелдім. Сонда сарттар да менің жау екенімді біліп шуылдасып қалды. Бұл кезде мен бір талай жерге ұзап кеттім.

Қыз айтты: - Батыр жау жабылып артымыздан қуып келеді-деді. Мен: -Көңіліңді тайғызба тақ таянғанда айт-дедім. Жау таянып келгенде қыз айтты: «Бір тарлан атты келіп қалды»,- деді. Қызды аттан түсірдім де жауға қарсы мен де шаптым, ода шапты, екеуміз де қайтқанымыз жоқ. Найзаны ол да салды, мен де салдым. Найзасын аспанға бір қағып жіберіп, шұрқылтайдан көк семсермен дәлдеп тұрып беріп қалдым. Қорқырап барып, жығылды. Тарлан атты жүгіртіп барып шылбырын іліп алып, қызды жерден көтеріп алып атқа тастап жібердім. Екеуміз желіп жүріп кеттік. Артымыздан шапқан жау ту ұстаған батыры өлген соң барлығы да сол жерде ұйлығып тұрып қалды. Сұлулығына қанша сұқтанып жүрсем де жолшыбай қызға бірауыз сөз айтқаным жоқ. Жүріп отырып ертең түсте қыздың әкесінің үйіне келдік.

Қызынан айырылып еңіреген шешесі айтты: Қарағым-ай осы еңбегіңді ұмытпаспын деді. Қызды үйіне тастап ауылыма жүріп кеттім. Ағыбай мен Наурызбай қызды босатып әкелгенімді естігенде – ту, сен батыр емес екенсің ғой, қызды мұнда неге әкелмедің деп өкінді. Мен: - Бірінші әкесінен рұқсат жоқ, екінші Кенекеңнен рұқсат жоқ дедім.

Арада бірнеше күн өтті. Науан мен Ағыбайдан гөрі қыз маған тән сияқты болып қалды, олар енді менімен таласа қоймады, тек жалынып сауға сұрай бастады. Бірақ мен өлсем де қызды оларға қиярмын ба. Мен бір күні қыздың үйіне барып, әкесінен балаңды бер деп едім, жау талап малым азайып қалды, дәулетім шайқалды, қолың ұзын ғой, матап қырық жетінің малын тауып әкеп бер де қызды ала бер деді. Жалғыз қарам жоқ, не бермекпін? Бөгеліп қалып, не айтар екен деп қызға қарадым. Қыз орнынан ұшып тұра келіп айтты: Әке мен Бұқарбай болмаса, сарттың бір бегіне күң болып кетпекші емес пе едім? Бұқарбайдың еңбегі менің бір қара басыма татитын болды ғой. Енді Бұқарбайдан басқа ешкімге бармаймын деді. Қыздың шешесі де: - Балаңның бақытына жаралған батырға, жалғыз қызыңды бермей қайтесің деп қостады. Бай ақыры көніп, ал, ал балам қадалған жеріңнен айрылғың келмей тұр ғой деп ризалығын білдірді.

Қызды киіндіріп, бір жорға атқа мінгізіп, үйіме алып келдім. Өзіміздің батырларды жинап, үлкен той жасадым. Тойға Кенекең бас болып, Науан, Ағыбай тағы басқа батырлар бәрі қатынасты. Сол алған әйелім сұлу, өзі ақылды болды. Бұл әйелімнен екі ұл туды. Батырлығыма бір сүйсінгенім міне осы Күреш сұлуды жаудан тартып алған ерлігім болды» [11].

Поэма сюжетіне арқау болған әңгіме осы. Асқар Тоқмағамбетовтің ақындық арынын, эпикалық кең тынысын танытатын туынды поэма деп аталғанымен, жыр үлгісінде жеті-сегіз буынды болып келеді. Тирадалық шумақтар, ұйқас – барлығы дастан, жыр жанрына жақын. Оқиға, ширыққан тартыстан гөрі баяндау әдісінің басымдығы да ежелден таныс батырлар жырын еске түсіреді. Ақынның тілі шұрайлы, әсіресе батыр образын сомдауда ақындық шеберлік көзге бірден көрінеді:

Тебінгісін тер тескен,

Ат арқасын ер кескен,

Екі талай егесте

Келелі жауға теңескен.

Бұғақтан басса бұқтырған,

Сағақтан салса сықтырған,

Шықшыттан қысса шыңғыртқан,

Айғайменен үй жыққан,

Тегеурінді тел өскен,

Табыннан шыққан Бұқарбай [12]!

Күреш сұлу да батырлар жырындағы Гүлбаршын, Құртқа, Ақжүніс т.б. сұлулардан кем емес:

Қарға түскен қарақат

Қандай қара көрінер,

Қарақат көр де көзін көр.

Суға түскен ақша бет,

Қандай аппақ көрінер,

Сәдепті көр де тісін көр.

Аузын ашса ақылмен

Дүр төгілер сөзінен.

Күлсе лағла шашырап,

Нұр төгілер көзінен [12].

Ақын осындай жыр үлгісін шығармасына арқау болған оқиға, уақыт пен кеңістік мәселесін ескере отырып таңдаған деуімізге болады. Және бұл әдіс өз жемісін берген.

Асқар Тоқмағамбетов аяқталмай қалған «Бұқарбай батыр» поэмасына кейінірек (1975 жылы) қайта айналып соғып, «Шынар туралы шындық» деп аталатын дастан жазады. Бір қызығы, дастан сюжетіне негіз етіп 1941 жылы жазған «Бұқарбай батыр» поэмасының сюжеттік желісіне арқау болған аңыз-әңгімені алады. Тек бұл дастанда кейіпкер қыпшақ қызы Күреш емес, жаппас руының қызы – Шынар сұлу. Дастанның алғашқы тарауларына сәл өзгеріспен ғана «Бұқарбай батыр» поэмасының бұрынғы нұсқасын пайдаланып, оқиғаны әрі қарай сол кездегі ел ағасы, алғаш Бұқарбай батыр туралы мәселе көтеріп, мақала жазған Сейітнәби Мұқашевтің айтуы бойынша өрбітіп, аяқтайды. «Шынар туралы шындықта» ақын Кенесары есімін айтудан бойын аулақ ұстайды («Бұқарбай батыр» поэмасын жазған кезде қудалғандықтан болуы керек). Сөйтіп, Кенесарының орнына Лашын қартты сөйлетеді. Бұл ақындық фантазиядан туған кейіпкер екені сөзсіз. Дастан Шынардың өлімімен аяқталады.

Қылышынан қаны тамып тұрған кеңес заманында жазылып, оқырманның ыстық ықыласына бөленген тарихи шығармалардың бірі – І. Есенберлиннің «Қаһар» романы. Шығарма туралы академик Р.Бердібай: «І. Есенберлиннің «Қаһар» романы жазылған тұста «жетілдік, гүлдендік» деп келетін даңғаза ұрандар мен шақырулардың көп айтылып жүргеніне қарамастан, ұлттық мәдениеттер, соның ішінде қазақ тілінің беделі мен мәні тоқтаусыз құлдырап бара жатқан еді. Ал тарихшыларымыз болса, ежелгі дүние, орта ғасырлар шындығын зерттеуді жылы жауып қойып, көбінесе кеңестік дәуірдегі үрдістерді тексеруге бірыңғай дағдыланған. Ол кезде Кенесары аты аталса, оған тек қана күйе жағып сөйлеуге кім де болса «ерікті» еді.

Міне, осындай қысаң шақта «даулы» тақырыпқа бару қандай қаламгерден де саналы батылдықты керек ететін»,-деп жазған болатын [13.298-299].

Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерлісінің тарихи маңызын, Кене ханның ұлт азаттығы жолындағы күрескерлік келбетін ашуды мақсат тұтқан жазушы хан маңайына топтасқан қазақ батырларының да көркем бейнесін шынайы жасай алған. Соның бірі – Бұқарбай батыр образы:

«Жау десе қорқуды білмеген осы Бұқарбай батыр, баладай аңғырт, ақ болатын, әсіресе ол өлең-жырды жақсы көретін. Өзі де әрдайым, рабайсыз жуан даусымен ән салатын. Әсіресе құла дүзде келе жатқанда Бұқарбайды тыңдау бір ғанибет қызық дәурен. Қандай жыр-қисса болсын бәрін тек Ұлы жүз бен Сыр бойын мекендеген Кіші жүз елі айтатын «Бойым талдай» әуеніне келтіріп айтатын, «Жырдың бұл әнге буыны жетпесе оны «әлеуләйләй» не болмаса «қалауләйләй» мен толықтырып, ал буыны артық болса, сөз ұйқасымын былай қойып, оны екі бөліп, әйтеуір «бойым талдай» сарынына келтіріп соға беретін. «Ау, осы «бойым талдыдан» бөтен әндерің жоқ па, бөтен бір әуенге салсайшы», - деп серігі Ағыбай әжуа етсе, оған: «елімнің бар білген әні осы болса қайтейін», - деп қымсынбай жауап беретін» [14.312-313].

Автор Бұқарбайдың портреттік мінездемесін қысқа қайырса да, шынайы, сенімді жасай алған. Кез келген суреткер үшін өз шығармасындағы әрбір кейіпкердің орны бөлек. Жазушы олардың әрқайсысын терең зерттеп, зерделеп, ішкі дүниесіне үңіле отырып, оның жан сыры мен жүрек тебіренісін, жан толқынысын сезіну арқылы ғана жанды образ жасай алады. Кейіпкерге жан бітіріп, сезім бере алғанда ғана суреткер өз мақсатына жетеді. Және өзі жасаған әдеби қаһармандарының әрқайсысына деген суреткерлік-авторлық ықылас қалыптасады. Әдебиетте өз кейіпкеріне жанашырлық сезіммен қарап, оны барынша қорғаштап, ақтау, жамандыққа қимау сияқты құбылысты М.Әуезов, С.Мұқановтардың шығармашылық лабораторияларынан білеміз. І.Есенберлиннің де өз шығармасында көп көзге түсе бермейтін Бұқарбай бейнесіне деген көзқарасы ерекше.

Сыр бойының тұтас бір кезеңін көркем бейнелеген шығарманың бірі – Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы» романы. «Дүниеге періште болып келіп, сол қалпында дүниеден өткен» З.Шүкіров романда Сыр өңірі қазақтарының Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы азаттық күресін суреттеген.



Ел аузындағы аңыздарда Бұқарбай батырдың жүректілігі соншалық, тіптен қылышынан қаны тамып тұрған, айбарынан қара халық сескенетін хандардың да қаһарынан қаймықпағаны туралы көп айтылады. Қара қылды қақ жарарлық туа бітті сол турашылдық қасиетінен әсте айнымаған. Мұны өзімен қарулас болған қанды көйлек жолдастары арғын Ағыбай да, Әлім Жанқожа да, қыпшақ Жаназар да, керейт Нысанбай жырау да жоққа шығармаған. Батырдың бойындағы осы қасиет романда әдемі ашылған:

«Бәйбішесі Күнімжанның айдап салуына еріп, Кене хан Бұқарбай батыр жорықта жүргенде Ақмырзаның (Жанқожа батырдың туған ағасы) әруағын аяқасты етіп, Бәтима есімді қаршадай қызын қойдың соңына салып қояды. Бұл батыр бабамыздың қатты ашу-ызасын тудырады.

- Бәтима, айналайын-ай, мынау иттер қор қылған екен ғой. Бүгін есіттім. Сенген жоқ едім...

- Ағатай, кім едіңіз?

- Бұқарбай деген ағаң боламын. Руым – Тартулы табын. Жәкемнің жақсы көретін інісінің бірімін...

Жанқожаның аты аталғанда Бәтима көз жасына ие бола алмады...

- Адалмын, ағатай. Бұл жамандықтың қалай таңылғанына қайранмын. Бар кәдігім бәйбішеде, тоғыз қатын бір әйелдің ізіне түскен соң оңдыра ма? Түбіме жетті...

- Мен қазір барып Кенекеңе сөйлесемін. Сұлтан сүйегін қорламайды. Абылайханның тоқал қатынынан туған ешкім жоқ. Қорламасын!

- Ағатай, менің боларым болды ғой. Бір бұрымнан айрылдым. Қорғаймын деп жүріп, өзің жазым боларсың. Жәкеме хабар тисе, келіп алып кетер еді...

- Бұлардың некелі қатыным деп шалқаятыны болады ғой... Жәкемді қозғамайық...

- Талақпын деп өзі айтты. Жәкем келсе, мені байлап ұстап тұра алмайды!

- Онда тіпті жақсы! Бұқарбай үзеңгіге аяғын салып тұрып Бәтиманы жұбатты. – Хан маған бірдеңе істер деп қорықпай-ақ қой. Жанқожа мен Сейіл тірі тұрғанда, Бұқарбайға қол көтеруге артына бақсын!

Бұқарбай бастаған Табынның жігіттері хан сарбазының үштен бір бөлігіне жақын еді. Кенесары маңындағы көп жаман Табыннан шыққан адуын батырға сескене қарайды. Солай еркіндікке бойы үйреніп қалған Бұқарбай Кене ханның үстіне сұраусыз кірді...[15.147].

Хан ордасына кіріп барған Бұқарбай төре тұқымынан шыққан Кене ханға бұл ісінің әділетсіз екендігін қаймықпай айтып салады:


  • Ей, Бұқарбай, Табыннан шыққан ер едің! Бір шектінің намысын жыртып, саған не жоқ!

Кенесары екі беті нарттай жанып, ашудан жарылғалы отыр. Бірақ өзін-өзі ұстады.

  • Атасын айтса алыс емес, Шекті де менің бауырым! Мені жұмсап отырған осындағы Кіші жүздің жігіттері. Сүйегімді қорламасын деп отыр [15.148].

Кенехан мен екеуінің арасындағы осы әңгімеден кейін хан Бұқарбай батырдың көзін жоюды мақсат етеді. Інісі Наурызбайды шақырып алып, Табын батырын қапысын тауып өлтіруге тапсырма беріп жатқанын қымыз тасып жүрген Тақжан естіп қалып, Бұқарбайға айтып келеді.

«Тақжан шошынғанмен Бұқарбай қыңқ еткен жоқ. Жалғыз Бопай емес, Кене ханның алдында кінәсі көп екенін біледі. Бәтимаға ара түсті... Кіжініп тұрған Наурызбайдың қолын ұстады... Ондай қылмысты хан ордасының кешірмейтіні белгілі. Одан бұрын да күтініп жүретін. Бұқарбай тікесінен Кене ханның шатырына барды. Ішке кірмейді. Аттың үстінде айқай салған. Кене ханның бар қоймасын ақтарды.


Өлтірмек түгіл сен менің,

Қисайта алмайсың қылымды...

Қолыңнан келсе істеп көр,

Жанқожа мен Сейілдің

Өзі-ақ алады құнымды!

Осы үзінділер арқылы З.Шүкіров Бұқарбай қайсарлығын, кейде тіпті басына төніп тұрған қауіптің өзін адалдық, әділдік үшін жеңіп кете алатын жігерлілігін шынайы аша білген.



Бұқарбай – Табын руына ұран болуымен қатар тарихи тұлға дәрежесіне көтеріле алған батыр. Өйткені ол ел мүддесі үшін күресіп, соның барын жоғалтпауға, берекесін кетірмеуге ұмтылған. Жерін жаудан қорғауда, елдің елдігін сақтауда ерлік көрсетіп, ғұмырын арпалыспен өткізген. Батырдың әр кездегі ерліктері мен ел үшін жасаған жақсылықтары халық жадында сақталып, күні бүгінге дейін жеткен [7.73]. Ол ел азаттығы үшін тұтас ғұмырын арнаған халқымыздың біртуар ұлы, батыр-би. Ол тек Сыр бойы қазақтарының ғана емес, қазақ халқының қамын жем, оның тәуелсіздігі жолында күресіп өткен ел перзенті. Бұқарбай батырдың жасаған ерліктері мен күрес жолының жыл өткен сайын халық жадында жаңғыра түсіп, қашанда әдебиеттегі тың тақырып күйінде қалуы да осыдан.
Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Р.Нұрғалиев. Арқау. 2-том. Алматы. 1991. 14-бетте.

  2. Е.Бекмаханов. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы. Санат. 1994.

  3. И.В.Аничков. Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы. Казань, Типо-литография Императорского университета, 1894, 31 б.

  4. А.Серебрянников. Сборник материалов по историй завоевания Туркестанского края. Том 2. Стр. 245.

  5. Е.Ділмұхамедов. Кандидаттық диссертация. Ташкент, 1946.

  6. Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорынан алынды, № 1338 бума.

  7. Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Табын. ІІ том. 2-кітап. Алматы. 2006.

  8. Р.Бердібай. Бес томдық шығармалар жинағы. 2-том. Алматы. Қазығұрт. 2005.

  9. Жеті ғасыр жырлайды. 1-том. Алматы. 2004.

  10. К.Бердаулетов. Бұқарбай батыр. Егемен Қазақстан. 23.01.1993.

  11. Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорынан алынды, № 1331 бума.

  12. А.Тоқмағамбетов. Сыр бойы. 1941. №123.

  13. Р.Бердібай. Бес томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Алматы. Қазығұрт. 2005.

  14. І.Есенберлин. Он томдық шығармалар жинағы. Жетінші том. Үшінші кітап. Қаһар. Алматы. Жазушы. 1986.

  15. З.Шүкіров. Сыр бойы. Қызылорда. Тұмар. 2002.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет