ЕЙ, ХАЛАЙЫҚ, БАРЫМ ЕҢ СЕН
Әлемдік мәдениетке қазақ халқы қандай көркемдік игіліктер қосты дегенде, ауызға алынар есімнің бірі - Әуезов. Ол - әлемдік құбылыс. Әуезов ғасырлар бойы жиналып келген қазақ топырағындағы асыл құнарлардың жарқырап қайта көрінуінің үлгісі. Ауыз әдебиетіндегі сарындар, мотив, идея, тіл өрнектері, бояулар Әуезов дүкенінде қайта жаңғырды. Қазақтың реалистік әдебиетіндегі халықтық арнадан, ұлы Абай айдынынан нәр алған М.Әуезов қазақ әдебиетіне реалистік дәстүрлердің тереңдеп сіңгенін танытты.
Мұхтар Әуезов ауыл мектебі, медреседе ғана емес, Семей семинариясында, Орта Азия, Ленинград университеттерінде оқып білім алды. Әуезов әлемі – Шығыстың ежелгі өнері мен Батыстың алдыңғы қатарлы мәдениетінің тоғысуынан туған дүниежүзілік мәні бар құбылыс. М.Әуезов өнері – қазақ халқының қайта түлеу заманында туған өнер. Бұл – бүгінгі ұлттық өнердің көркеюінің тамаша айғағы. Әуезовті терең зерттеп, жан-жақты ұғып білу қажет. Н.Погодин М.Әуезовті Шолоховпен, Абаймен, ал Ш.Айтматов Пушкинмен теңдес санайды.
М.Әуезов 1897 жылы дүниеге келген. Қай атырапта туса да, ол жазушы болар еді. Абай топырағы оның қаламына айрықша әсер еткен фактор. Семейде Ресейден жер аударылғандар мол болды. Орыстың «аурулы ары» атанған Достоевский де осында тұрды. Қабілетті жас Мұхтар сөз өнері дәстүріне бай ортада өскен. Ол жақта ұзатылған қызға жасау ретінде Абай өлеңдерін көшіріп беретін дәстүр болған. Мұхтар атасы Әуездің қолында өсті. Әуез – Шығыс әдебиетінен хабардар көзі ашық адам. Атасы Әуез бен әжесі Дінасыл Мұхтарды «Қоңыр» деп атаған. Кейін Мұхтар мұны бүркеншік ат етті. Абай мен Мұхтардың балалық шақтары ұқсас. Мұхтар 9 жасында тұңғыш рет аулынан сапарға аттанады. Бұл – тұманды болашақ сапары еді. Семейдегі орыс мектебіне оқуға кіреді. Қаладағы 5 кластық училищені бітірген соң семинарияға түсіп оқиды. Мұхтардың студенттік өмірі – қарама-қарсы контраста өткен. Ол тарихи фактілерді қазақ өміріндегі жағдайлармен іштей салыстырып отырған. Мұхтар азамат ретінде де, қаламгер ретінде де тез ер жеткен. Алғашқы әңгімесі «Қорғансыздың күнінен» үлкен талант, терең мәдениет үлгісін көреміз. Мұның бірнеше себебі бар еді:
1) Ол – ғасырлар бойы жиналған қазақ халқының әдеби-мәдени қазыналарын жете игерді.
2) Халқына сөзімен, жазуымен қызмет етуді өмірлік мақсат етті.
3) Әлеуметтік аренаға революция заманында шықты.
4) Әлем әдебиеті, орыс әдебиеті классикасынан сабақ алды.
Уақыт толқыны көптеген байлықтардың көзін ашты. Сол асыл қазынаның бірі – Мұхтар Әуезов. Алаш жастарының құрылтайына қатысты; Губревком қызметкері, 1922-23 ж. КазЦИК-тің президиум мүшесі. Кейін қызметтен өз еркімен босап, оқуға кетеді. Алғашқыда САГУ-де тыңдаушы, кейін ЛГУ-ге ауысады. Славян бөлімінде оқиды. Ол Ленинградта оқып білім алған тұңғыш қазақ студенттерінің бірі еді. Т.Нұртазин, А.Жұбанов, Ә.Марғұландар кейін ұлттық мәдениет пен ғылымның тұлғалары болды. САГУ аспирантурасында М.Әуезов фольклор, әдебиет тарихына байланысты зерттеулер жүргізеді. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының толық мүшесі, университет профессоры, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің мүшесі. Әуезов шығармалары қамтыған географиялық аймақ өте көлемді. Онда қазақтың қаласы, даласы, солтүстігі, оңтүстігі, батысы, шығысы – түгел. М.Әуезов Америка, Индия, Жапонияда болды. Мұхтар қазақтың киіз үйінен шығып, ХХ ғ. цивилизация биігіне көтерілді. Ол қазақтың психологиясын, әдет-ғұрпын, салт-санасы, күллі өмірін Ресейге, Англияға, Францияға, әлемнің төрт бұрышына таныстырды.
Мұхтар Әуезов – шығармалары ұлттық шеңберден шығандап көтеріліп, әлемдік мәдениеттің қымбат қазынасына толымды қор болып қосылған ұлы суреткер. Сондықтан бүгінгі таңда туған жекелеген байсалды еңбектерге қарамастан, оның мұрасы әлі ұзақ уақыт жан-жақты, сан алуан, әр бағыттағы зерттеулердің объектісі болуы қажет. Табысына таңдай қағып, тапшысына бас шайқау - әдебиеттанудың марқайған кезіне жараспайтын мінез. Қазақ әсемдік ойы тарихында ерекше құбылыс – М.Әуезов туындылары идеялық-көркемдік, бейнелік, жанрлық ретпен де, ізденіс өрістері, қаламгерлік эволюция тұрғысынан да ақтара қарап, саралауды талап етеді.
Қазірде Әуезовтің ауызға көп алынбай, айтылмай, аса зерттелмей жүрген бірталай еңбегі бар. Ол – жігіт Мұхтардың қаламгерлік жолындағы алғашқы публицистік шығармалары. Жаңа жаза бастаған талапкердің апыл-тапыл басқан жаттығу қадамы күйінде қалып қоймай, бұл туындылардың елеулі маңызға ие болу себептерін ашу керек.
Бармақтайынан өлең-жырды жаттап өскен, қазақ қырындағы аса бір мәдениетті орта – ұлы Абай ауылынан шыққан, туысынан айрықша дарынды Әуезовке бір жағынан өзі туған топырақтың дәстүрі әсер етсе, екінші жағынан орыс мектебінде алған тиянақты білім қуат берді.
Қырық батпан қиыншылық астына түсіп, кенеуі кетіп, жетім баладай жүдеген пұшайман дала тірлігінің қоңторғай халі жас ойшыл, балғын азаматты қилы қиянға сүйреп, оның жүрегін тітіркентіп, сезімін шабақтап, ойын бөліп, санасын сан саққа жүгіртеді. Болашақ дария тебіреністі, қайратты ойдан хабар бергендей жас таланттың алғашқы сапары байлау мен пікірді ашық, жарып айтуды талап ететін публицистикадан басталады. Ол қалың қараңғылық, көзсіз надандық буған өмірден аз да болса жарқын сәуле, үмітті саңлау іздейді.
Ең алғаш баспасөзде жарияланған көлемді еңбегінің бірі – «Адамдық негізі – әйел» (1917) деген мақаласынан жиырмадағы бала жігіт Мұхтардың ой-өрісінің кеңдігі, білім дәрежесінің молдығы, қалыптаса бастаған азаматтық парасатының шамасы жақсы аңғарылады. Мақала арқауы - өмірдің жеке бір ғана фактысы емес, қиын-қыртыс түйін – әйел бостандығы тақырыбы. Автор құбылыстың сыртқы жадағай көріністерін жеңіл қарпымайды, проблеманың түп тамырын қазып, тарихи параллельдер жүргізуге ұмтылады. Оқи бастайық:
«Адамның ғұмыр кешірмек кәсібінің терең түбіріне қарасақ, хайуанша күндік қоректі таспен атып, ағашпен ұрып аң аулап жеп немесе жеміс теріп жеп, қарны тойса, аңша бір жерге жата кетіп жүрген. Ер жағы басқаға қарамай жүргенде, балаларын баулып, асырап, үйлік ұйымның басын құрған - әйел».
Бұл жолдардан тарихтың жай-жапсарын дұрыс түсінгендік байқалады. Осыдан әрі Мұхтар байыпты пікірлерін бажайлап, негізгі жоталы ойын жүйелейді.
Тіршілік талғажауын итшілеп жүріп тапқан сорлылықтан, қолы мың есе ұзарып, қуаты орасан артқан заманға дейінгі сан ықылым дәуірде өшпей, құрымай қалған бір кеселдің аты – жамандық. Талай қыршынның қанын өзендей сапырып, қырықпышақ болып соғысушы елдер әділетті неге ойламайды? Ағайынды екеуді жауша алыстырып қойған пәле қайдан? Тас қабырғадай меңіреу тығырықтан шығар жол бар ма?
Осы алуандас қабырғалы, мазасыз, ауыл сауалдардың сарқынды жауабын сарыла іздейді жас қаламгер. Сонда тапқан биі, жүгінген қазысы – жалпы гуманизм, адамшылық. Қоршаған орта әсері жайлы автор: «Әуелі адам баласының келешектегі адамшылығына ірге болатын істі сол адамның шыққан ортасы бір сурет жасап беріп, соған өзі киген тонын кигізеді. Сонан кейінгі сол адамның өмір жолында көретін жақсы-жаман үлгісінің бәрі жамау я бояу болады», - дейді. Осы пікірді ұлғайта келіп, түйінді байлау жасайды.
Әуезовтің публицистік алғырлығы әйел теңсіздігін жалғыз қалың мал қырсығынан іздемеуден көрініп отыр. Ол бала тәрбиесіндегі ананың, отбасының орнын айтып, бұған әйел правосыздығының жасар қырсығын ашады, жас талант көзі көріп жиренген әділетсіздікке қарсы ашына үкім айтады. Ол жаңа заманның саналы буынының аузынан шыққан ереуілге шақырған ұрандай естіледі. «Өмірде әділет, мархабат, махаббат деген нәрсенің атын естімеген ананың жүректегі уәжі мен от басынан, ғайбат өсектен аспаған анадан ақ жүрек, адал ниетті, қамқор тууы мүмкін бе?» - деп тебіренген жолдардан терең сезім, биік адамшылық аңғарылады.
Өзі көрбала, үйкүшік, сорлы ана баласына қандай тірбие бермек?
- Мегзер биігі – көрші-қолаңнан артыл деу болса, ұсынар мұраты – тоқты-торымды көбейту жолы. Қызғаншақтық, өзімшілдік, мақтаншақтық, пайдакүнемдік, сұмырайлық мінездің бала бойына қаршадайынан сіңірілуі оның әуелгі тәрбиешісі, бірінші ұстазы – анасының шолақ қарымдылығынан, үлгісіздігінен, мәдениетсіздігінен деген ой айтады Әуезов.
Осылайша бұлтартпас дәлелді алға ұстап, жүйелі ретпен отырып, жас публицист революция алдындағы қазақ өміріндегі ең сияқсыз мәселенің ергесін қозғайды. Прогресшіл, ағартушылық арнада байлам жасайды. Мақаласын: «Әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды, ал қазақ мешел болып қалам демесең, тағылымды бесігіңнен түзе! Оны түзеймін десең, оның халін түзе», - деген ілгерішіл пікірмен аяқтаған Әуезовтің әйел мәселесі туралы концепциясы сол кездегі қазақ демократ ақын-жазушылары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, М.Серәлин, С.Көбеевтердің мегзеген биігімен ыңғайлас келеді.
Бұл мақалада Абай поэзиясының, әсіресе Абай қара сөздері әсерінің іздері сайрап жатыр. Жас қаламгер бірде Абайдың белгілі афоризмін қайталайды, екіншіде Абайдың «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген даналығын мысалға келтіре отырып сөз сабақтайды. Абай әсері тұтас тіркестерден, жүйе-жүйе дидактикалық сарыннан байқалады. М.Әуезовтің «Адамдық негізі - әйел» мақаласы қазақ публицистикасының көрнекті туындысының бірі болып табылады.
Шығармашылық сапардың алғашқы кезеңінде М.Әуезов қаламынан туған мақалаларды түгел қамтып, топтай сөйлегенде, оларда қозғалатын негізгі мәселелерді, мынадай салаларға жіктер едік: әйел теңдігі жайы, оқу-ағарту, мәдениет ісі, интеллигенция туралы, ғылым негіздері, саясат, халықаралық тақырып, газет жөнінде, әдебиет мәселесі. Бұлай саралағанда осы мәселенің бәріне жас публицист түп-түгел тиянақты, орнықты жауап берді деуден аулақпыз. Көптеген мақалалардан Әуезовтің таланты, білімі, прогресшілдігі көрінсе, кейбір еңбектерден жас ойшылдың күрделі әлеуметтік құбылыстарды терең барлап, жіті ұғына алмағанын байқаймыз.
Саналы өмір табалдырығын аттап, қоғамдық іске енді араласа бастаған шақта кімде болсын көп тебіреністі, толқымалы іздену, барлау дәуірін бастан кешіреді. Жеке адам және халық, жеке адам және тарих, жеке адам және дәуір деген аса шытырман сұраулар әсіресе суреткерді ойлантуы заңды.
«Оқудағы құрбыларыма» (1917) атты мақаласында Мұхтар өз тетелестеріне осындай сауал тастайды. Оқыған жастар халық үшін қандай қызмет жасауы керек? Бүгін шәкіртіне не істесе рауа? Қазақ интеллигенті ұмтылар кемер, барар жайлау қайсы? Бұл ретте Мұхтар пікірлері кешегі Абай айтқан моральмен үндес жатады. Семинарист жігіт оқығандардың халық ағартудағы прогресті ролін көрсетумен шектелмейді. Әуезов интеллигенттер бойындағы кемшіліктерді сынап, оқығандарды ауыз бірлікке шақырады, адалдық, табандылық, білімділік сияқты қасиеттерді үлгі етеді. Мақаланың идеясы: «Жігіттер! Ендігі уақыт жазғытұрғы күн шуақтай жанға жайлы емес пе? Осы рақымды күннің қызуына жылып, біз де аз ғана білімімізді, аз ғана қайратымыздың кішкене қызметін адамшылықтың жолына слып, ақтыққа жұмылайық!» - деген жолдарда айқындала түседі.
Семей қаласында 1918-1919 жылдары шыққан «Абай» журналында Мұхтар Әуезовтің бірқыдыру мақалалары басылды.
Журналдың тұңғыш санында жарияланған «Ғылым» атты мақаласында Әуезов адам баласының ұзақ сапар тарихынан көптеген мысалдар келтіріп, ғылымның қалай пайда болғанын сөз етеді. Тәжірибеден, өмірлік қажеттіліктен туғанын нанымды дәлелдейді. Рухани тірлік үшін ғылым атқарар қызметті айрықша дәріптеп: «Шын ғылым жолына түсінсе, шын көздеген мақсатты адамдық, ақтық болар еді», - дейді. Бұл мақала лейтмотиві де ағартушылық, адамшылық. Білімнің жетістіктерін сынай келіп, публицист мақаласын: «мұншаны тапқан көркем ақыл, көсем ғылым осы араға келіп тоқтап қалмай, адамшылықтың иманжүзді жарық күнінің астына апарып, бар адам баласын бұрынғы қаскүнемдік, қанішер, жауыздығын тастатып, бір сүйіспеншілік, бір туысқандық жүрекпен табыстырса керек деп білемін» - деген интернационалдық ойлармен тамамдайды.
Әлеуметтік күрес аренасына ХХ ғасыр басында келген қазақ интеллигенттері алдында тұрған көкейкесті проблемалар көп болатын: азиялық артта қалған, мешеу елдің ендігі беттер бағыты, кенже мәдениетті өрлету жолдары, халық ағарту жайы, шаруашылық жөні, бұдан басқа да көп түйін аз мерзім ішінде шешуді талап етті. Үлкен талант иесі Мұхтарға қоғамның күнбе-күнгі тілектеріне орай, журналистикамен айналысуды бұйырған да сол өмір талабы, сол уақыт қажеттілігі.
Мұның анық дәлелін «Қайсысын қолданамыз» (1917), «Ғылым тілі» (1918), «Оқу ісі» (1917) мақалаларынан көруге болады. Үшеуіне де арқау болған түбірлі әңгіме біреу – қазақ тілінде оқулықтар шығару. «Қайсысын қолданамыз?» мақаласы педагогиканың жанды тармағы – оқулықтар жасау мәселесін сол уақыттың өзінде өте дұрыс көтерген құнды еңбек. «Қазаққа келсек, мектепке арналған ретті бір кітап жоқ», - деп күйзелген автор кедергінің түп төркіні – терминдердің жөнге түспеуінде, мектептердегі бірізділіктің жоқтығында деп біледі. Бір нұсқалы оқу құралдарын жасау керек дейді Әуезов. Бұл ойлар «Ғылым тілі» мақаласында таратылып, толықтырылып, тереңдей түседі, термин мәселесі айрықша сөз болып, автор өз байламын ұсынады. Мәдениетті елдер тарихына көз жүгіртіп, олардағы ғылыми терминдердің қандай жолдармен, қандай принципте жасалғанын шолып, айтып шығады, Қазақстанды өзгеше томаға-тұйық жағдайда алып қарамайды. Ресейдегі ескі шіркеулік-славяндық стильдің, Жапониядағы қытайлық стильдің сол елдер мәдениеті үшін зиянды болғанын дұрыс ескертіп, Әуезов мынадай байламға келеді. «Пантюркизм қазақ мәдениетінің жолын өрлетіп, жұрттықтың бойын өсірмейді». Мұхтар Әуезов бұл жерде әсіре түрікшілдікке қарсы шығып отыр. Қазақ мәдениеті европалық ізде дамуының келешегін болжаған Шоқан Уәлиханов пікірімен іштей қабысу бар. Әуезов терминдер жасауда ең алдымен ана тілінің байырғы мүмкіндіктерін сарқа пайдалануды, қажет болғанда ғана басқа тілдерден жаңа сөздер, жаңа ұғымдар алуды жақтайды, бірақ қазақ тілін орынсыз шұбарлауға қарсы.
«Жә, түріктің өз бетімен тапқан мәдениеті жоқ болса, өзі де Европаның дастарқанының шетінен орын алып отырса, біздің не істеуіміз керек? Ол уақытта мәдениеттің кіндігі болған жерге тура тартпай, өзіміздің қалпымыздағы түрікті өткел қылқанымыз оқу ісін түзу жөнге салғанымыз ба, салмағанымыз ба» - деген Әуезовтің пікірі сол кездегі шығысшылардың шымбайына тиді. Олар Әуезов байламына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, былай деп жазды: «Мұхтар мұғалімнің пантюркизм керексіз деп көрсеткен дәлелдерін толық таппаймыз, дұрыс еместігі өзінен-өзі көрініп тұр».
Мұхтардың бұл кездегі ғылыми-мәдени саладағы ізденістері әо қиырда, әр салада. «Философия жайынан» (1918) мақаласында автор философияның басқа ғылымдарға қатысын, олардың қатарында алатын орнын, зерттейтін объектісін дұрыс түсіндіреді. Шәкірттік мінез, білімге құштарлықтан туған философияға таңдай қаға табыну да бар.
«Адамның өмірін көкірегіндегі ақылды идеясы билейді. Ол идеяны философия билейді. Философия мен дін бастас ғылым», - осы тәрізді байламдар Мұхтар көзқарасының идеализммен ұштасып жатқанын айқындайды. Ертедегі Аристотель, орта ғасырдағы Бэкон, Декарт, бертіндегі Кант сияқты философтардың атын ауызға алып отырғанымен, автор олардың дүниетанымындағы айырмашылықтарды жіктеп көрсетпейді. Философиялық ойдың шырқау биігі Кант еңбектері дейді.
Әлеуметтік-қоғамдық проблемаларға арнап жазылған «Мәдениетке қай кәсіп жуық?» (1918), «Мәдениет және ұлт» (1918), «Земство һәм кооператив қауымдары» (1918) мақалалары бар. Негізінен экономиканы сөз ететін «Мәдеиетке қай кәсіп жуық!» мақаласында әртүрлі халықтардың белгілі бір шаруашылықпен айналысуына географиялық орта жасайтын ықпал дүние жүзіндегі көптеген елдер тарихынан алынған ұтымды мысалдармен сенімді дәлелденеді. Ғылымға, мәдеиниетке ең жуық кәсіп – егіншілік деген пікірді публицист ерекше қуаттайды.
ХХ ғасыр басында қазақ демократтары ұстанған прогресті бағыт, ағартушылық, ілгерішіл пікірлер айтылып қоршаған ортаның адам тұрпатына, психологиясына жасайтын әсері материалистік тұрғыдан дұрыс түсіндіріледі.
Жан-Жак Руссоның «Цивилизация адамды бұзады» дейтін қате байламына Мұхтар Әуезов «Мәдениет һәм ұлт» мақаласында қарсы шығады, ондай концепцияның зияндылығын, жалғандығын дәлелдейді. Астрономия, биология, зоология, механика ғылымдарынан алған мысалдарына қарағанда, жас Әуезов эрудициясы екендігі байқалады.
Семинарист Әуезовтің дүниетанымын, қоғамдық көзқарасын айқындауға аса қажет мынадай жоларды да осы мақаладан оқимыз: «Адамшылықтың жолы деп бір адамды бір адамға дос қылудан асып, бір ұлтты бір ұлтқа, барлық дүние жүзіндегі ұлттарды бір адамшылық жалауының астына кіргізем деген де мақсат шықты. Ол мақсаттарды көздер отырған – социализм ғылымы».
Социализмнің негізгі принциптерін дәл басып айта алмағанмен, автор: «Түбінде адам баласы бір туысқандыққа келеді деген пікір дұрыс емес деп таласуға болмайды», - деп бұл ғылымға сенім артқандай болады. Бірақ ол пікірін тиянақты дәйектемейді. Бірінші дүниежүзілік соғыста жаға жыртысып, адам қанын көл-дария ағызып жатқан елдерді мысалға алып: «осы себептерден әрбір ұлт мәдениетінен ұлттық қанын сақтауды ғана иман қылатын күйге келді», - деген байлам жасайды.
Ағартушылық бағытта, педагогикалық жүйеде сапалы ойлар айта алған Әуезов қазақ қоғамындағы әлеуметтік қайшылықтарды анық көре алмады, жалпы теңсіздік, жалпы бақытсыздық қыр тіршілігіне хас нәрсе деп ұқты. Дала өміріне түскен сан қилы жарықшақтың себебін тап баса алмай, оны бас бірікпеушілікте, партияшылықта деп түсінген автор өзінше қамаудан шығар жол іздейді. «Ескеру керек» мақаласында былай деп жазады: «Жуан ауыл – қырдағы бұзық мінездің ұясы. Ел ішіне күшті, әділ үкімет орнатып, нашар мен жуанды теңестіріп, жуан зорлықшылды не қылса да елден айырып, әлсіретуге тырысу керек».
Бұл байламдардың реформашылдық екені көрініп тұр. Мұхтардың тапқаны: бірінші – қара қылды қақ жаратын оқыған, білімді, әділ болыс, екінші – жұрттың тиын-тебенін жемейтін – тұтынушылар дүкендері, үшінші - өнімді еңбекке жұмылу. «Земство һәм кооператив қауымдары» мақаласында кооперативтің пайдалы, тиімді жақтарын тәптіштеп сөз қылады. Тұрмысымды түзейін десең, дүниенің ебін біл, саудагерге алданба, өзара бірлескен серіктік құр дейді. Мұның бәрі де қоғамдық құбылыстардың заңдылықтарын іздеуден туған байламдар еді.
Мұхтардың сол кездегі педагогикалық ойларының қорытындысы – «Оқу ісі» мақаласы. Мұнда мектеп мұқтажын сынай сөз ету бар. Түпкі олқылық мұғлімдер кадрларын даярлаудың сапасында жатқаны айтылады. Қазақ мектептерінің кінәратты қиыншылықтары – ортақ бағдарлама, ортақ оқулық жоқтығы, орыс тілінен аудару, шәкірттерді семинарияға жіберу, мұғалімдерді қызметке тұрақтандыру мәселелерінің шешіду жолдары қарастырылды. Халықты жаппай сауаттандырып, ел арасында кітапханалар ашып, театрлар ұйымдастырайық деген ұсыныстар Мұхтардың ағартушылық-демократиялық көзқарасын сипаттайды.
Қазан төңкерісі қазақ халқының өмірлік, ең түбегейлі проблемаларын қозғап, шабан дамып келген қоғамдық ойды аз уақыт ішінде күрт көтеріп, шырқау биікке шығарды. Революция тұтқан жалынды идеялар Қазақстанның бұрыш-бұрышында түгел лаулады. Әр саланы шиырлап ізденісте жүрген жас Мұхтар жаңа заманмен емірене табысты.
Семинарияның соңғы класының оқушысы Мұхтар Әуезов әуелде Алаш қозғалысын қолдады, артынан Кеңес өкіметі жағына шықты. Қажырлы ойын, қайрат-жігерін салып, қиналып, толғанып барлап жүрген өткелдер бетін бүркеген тұман бір-ақ күнде айығып, халық көші беттер қасқа жол жарқырап ашылып кеткен жоқ. Большевиктер идеясына сеніп, басқа да алаш қайраткерлері сияқты Мұхтар Әуезов 1919 жылдың желтоқсанында Коммунист партиясының қатарына еніп, жаңа өмір үшін күрес жолына түседі. Кеңес өкіметі шығарып тұрған газеттерге белсене араласа бастайды, идеялық-саналық жағынан марқаяды.
М.Әуезов 1919-1920 жылдары Семей губерниялық революциялық комитетінің қазақ саяси бөлімін меңгерді. 1921 жылы губерниялық атқару комитетінің төралқа мүшесі болды және оның заң бөлімін басқарды, сол жылы губерниялық атқару комитетінің төрағасы болды. Әуезов 1921 жылдың қараша айынан 1922 жылдың желтоқсан айына дейін Орынбор қаласында КазЦИК-тың төралқа мүшесі қызметін атқарады.
Совет өкіметі, коммунистік партия бірте-бірте бұрынғы алаш зиялыларын істен шеттетіп, қудалады. Ақыры оларды құртып тынды. Осындай қуғын көрген қайраткердің бірі – М.Әуезов 1922-23 жылдың қысында Ташкентте оқып, одан кейін Ленинград университетіне ауысады. Әуезовтің қайраткерлік жолындағы еңбегін көрсететін тарихи документтер ретінде губревком органы «Қазақ елі» газетінде басылған «Уәкілдер келді» (1921), «Төңкеріс комитеті сайланды» (1921) деген материалдарды атауға болады.
Түрлі мекемелерде қоғамдық қызмет атқарып, ірі орындарда болу Әуезовті шыңдап, ой-өрісін, дүниетанымын байытты. Оның шығармаларының әлеуметтік саналық өткірлігі күшейеді. Семей губревкомының органы «Қазақ тілі» газетінде жарияланған «Қазақ оқығандарына ашық хат» (1920) мақаласының принципті маңызы бар. Өйткені бұл мақала Әуезовтің жаңа биіктерге көтерілгендігін аңғартатын еңбек.
Мұхтар: «Россияның ішіндегі көбігі аспанға атып, жүз толғанып, жұлқынып жатқан революция толқыны дүние жүзіндегі еңбекшілерді құлданған патшалықтардың бәрінің жүз жылдан тұрған құлдық қорғандарын іргесімен теңселтіп, жапсарын ашып» жүгін үлкейтіп тұрғаны әркімге мәлім. Кең жалғаннан пана таба алмай, сол қорғанның (құлдық қорғанының – Р.Н.) түбіне тығылған ақсүйектер, жуандар қалтырап отырып, соның астында жан беретіні де мәлім», - деп жазады. Мұндай революциялық байламдардың Мұхтар мақалаларының өзегін құруы – оның көзқарасындағы ерекше сапалы эволюцияның айғағы.
Оқығандарды Әуезов халық үшін аянбай қызмет атқаруға шақырады. «Қазіргі заман қазақтың басына келіп тұрған әрі ең қиын, әрі ең пайдалы, жайлы заман», - деген пікірді интеллигенцияның көкірегіне құяды. Қарақан бастың тыныштық қамын ойлап, әлеуметтік істерден тысқары қалудан безіндіреді. «Жалпы жарлық» (1921), «Бүгінгі зор міндет» (1920) мақалаларында күнделікті, маңызды шаралар түсіндіріледі. Сауатсыздықты жоюдың мемлекеттік маңызы айтылады.
Әуезов Орынбордан Семей губревкомына берген телеграммасында былай дейді: «Әуелгі жұмыстар: бар кәсіпші орындағы қазақ жұмысшыларын ұйымдастыру, жер туралы шыққан декреттерді іске асыру һәм қазақ кедейлерін милицияға кіргізу». Жаңа заман енді орнап жатқан шақтағы қауырт қимылдар, батыл қадамдар. Әуезовтің сол кездегі қоғамдық қызметі.
Мұхтар Әуезовтің 1917-1922 жылдар аралығындағы қаламгерлік қызметін бағалағанда оның «Шолпан» журналында басылған әдебиет мәселелері жайындағы еңбектеріне тоқталу керек. «Қазақ қалам қайраткерлеріне ашық хат» (1922) мақаласында баспасөздің адам санасын тәрбиелеудегі ролі көрсетіліп, редакциялардың нуқандық шараларды ғана күйттемей, әдеби шығармаларды жариялауға көңіл бөлу қажеттігі баса айтылады. «Қазақ әдебиетінің Қазіргі дәуірі» (1922) әдеби-сын очеркінде М.Әуезов әдебиеттің қоғам өмірінде атқаратын қызметін көрсетеді, қазақ әдебиетінің тарихына шолу жасап, бірталай мәселелерге дұрыс баға беріп, болашақта не істеу керектігі жөнінде өз ойларын ортаға салады. «Біз ескі әдебиетімізді сүйеміз. Сүйеміз дегеніміз дәлелсіз емес. Құрметтейміз! Құрметіміз орынсыз емес», - деп, ол қазақ эпостары «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қобыланды», «Ер Тарғындардың» көркемдік қуатының зор екенін, бұларда халық өмірінің белгілі дәуірі реалистікпен бейнеленгендігін дөп басып айтады: батырлар жырының ерекшеліктерін пайымдайды. Қарабай, Қодар сияқты бейнелерді типтік дәрежеге көтерілген тұлғалар деп танып, оларды еуропалық елдер әдебиеттеріндегі бейнелермен салыстыра талайды.
Айтыстарды қазақ поэзиясының аса қымбат бір саласы деп тапқан және жазба әдебиетке оңай қосылып кетер нұсқа екендігін айқындаған Әуезов пікірінің әділдігі әдебиетіміздің даму жолында шындыққа асып отыр.
Абай есімі, Абайға байланысты әңгімелер, Абай поэзиясы Мұхтардың бала күнінен қанық болып өскен дүниесі, өзіне ет жақын стихия. Орыс, еуропа елдері әдебиетін мол оқып, тұшына түсінуден қалыптасқан биік эстетикалық талғам Мұхтарды адастырмайды. Абай – қазақтың жаңа әдеби тілін жасаған, поэзия мәдениетін асқар шыңға көтерген реалист ақын, міне, Әуезов байлауы осындай. Өмір мен өнер арасындағы қат-қабат байланыстың заңдылықтарын ескермегендіктен, Мұхтар С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасының революция тақырыбын қозғайтын қазақ әдебиетіндегі тұңғыш шығарма бола тұра, көркемдік кемшіліктері барлығын көрсетеді.
Очерк: «Қазақ әдебиеті қазіргі өмірдің бетіндегі қаймағын жалап жүр. Бұрынғы әдебиеттің ішіне тазша бала мен жалшы сақау қатын да кірген болса, бүгінгі әдебиетке қалпақ киген оқығаннан бастап, қой жайып жүрген қойшыға шейін кіруге тиіс», - деген үлкен талап қоюмен тамамдалады. Мұхтардың бұл очеркі - әдебиеттану ғылымымыздың тарихындағы алғашқы профессионалды, сапалы, еңбектердің бірі.
Әлеуметтік күрестер дауылы қашан да жаңғыртушы, өрлетуші күш. Ол мимырт жылдар сапарын оп-оңай аттап, ұлы идеялар тудырады, ұлы істер тындырады, халық мұхиты тұңғиығынан таланттар маржанын жарыққа шығарады. Аз уақытта, аз күнде жас Әуезовті ерекше марқайтып, қазақ тіршілігінің сан қилы шие түйініне қалам серметкен де сол игілікті қуаттың әсері.
Мұхтар Әуезовтің таланты публицистикадан ерекше байқалады. Ол әлеуметтік өмірдің күрделі проблемаларына бой ұрып, прогресшіл көш басшы ойлар айта алады. Дүниетанымының ғылыми негізде қалыптасып бітпеуі оны кейде тығырыққа да ұрындырады. Саяси мектептен өту, ел мақсаты үшін күресу, әртүрлі мекемелерде істеу Әуезовтің ой-сана жағынан толысып, білім эрудициясының айрықша байып, кейін әлемге даңқы жайылған жазушы болуына ерекше ықпал жасаған шешуші факторлардың бірі еді.
Алғашқы мақаласы «Адамдық негізі - әйелді» жиырма жасында жазған Мұхтар «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» очеркіне дейін негізінен өсу үстінде көрінеді. Бұл эволюцияны ойдың тереңдеуінен, пікірдің өткірленуінен, білімнің молаюынан, стильдің айқындалуынан байқаймыз. Мақалаларда айтылған жайлардың бірталайы кейін көркем шығармаларға азық болады, жаңаша пайымдау табады, өзгереді, публицистикадағы көп тақырыптылық, проблемалық, тереңдік Мұхтардың – зерттеулеріне, әңгімелеріне, пьесларына, повестеріне, романдарына ауысады.
Қысқасы, қаламгерлік сапардың алғашқы кезеңіндегі айтылмыш туындылар – Мұхтар Әуезовтің аса күрделі жолының беташары.
Сонымен М.Әуезов күнделікті мәселелерге араласу, солар туралы мақала жазу арқылы саяси-әлеуметтік жағынан тез ер жеткен. Баспасөз талаптары оны жинақылыққа үйретті. Автордың сөйлем құрау машығы, күрделі оралымдарға үйірлігі шамамен 22-23 жасында қалыптасты. Бұдан кейін оның стилінің ажарлануы, айқындалуы, тазалануы басталады.
* * *
М.Әуезов драматургия саласында көп еңбек еткен. Мұның бірнеше себептері бар. Халық әдебиетінде, фольклорда форма жағынан драматургияға жақын нұсқалар көп еді. Батырлар жырында толғаулар мол. Салт өлеңдері, беташар, сыңсу, жар-жар, жоқтау түрі, мазмұны жағынан драмалық шығармалармен ағайындас. ХХ ғасырға дейін қазақтың халық әдебиетінде драматургияға өзек болатын мол қазына жиналды. Осы байлықты игерген қаламгер – М.Әуезов. Ол халық әдебиетінен нәр алды. Әрине, қазақтың көшпелі өмірі, қаланың болмауы драматургияның дамуына кедергі жасады. Қазақ тұрмысындағы сауық түрлері, қыз ұзату салтанаты, алтыбақан ойындары тұңғыш драмаға енгізілді.
Тоғыз жасынан қалада өсіп орыс театрларында болу, Еуропа драматургиясымен танысу М.Әуезов реалистік драматургияға алып келді. Ол осы озық дәстүрді қазақ топырағында тұңғыш қолданды, Шекспир, Гоголь, Погодиндердің шығармаларын аудару Мұхтар үшін үйрену мектебі болды.
М.Әуезов көп уақыт театрда істеген. Осы тәжірибе оған сахна сырын жете үйретті. Әуезов қаламынан 30-дан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың варианттарын қоссақ, 50-ден асады. Бұларды тақырыптық материалдарына қарап шартты түрде бірнеше салаларға бөлуге болады:
а) аңызды, эпосты тарихи оқиғаны арқау еткен шығармалары: «Еңлік – Кебек », «Қобыланды», «Айман - Шолпан» , «Бекет», «Хан - Кене».
ә) тарихи–революциялық тақырыпқа жазылғандары: «Октябрь үшін», «Түңгі сарын», «Ақ қайын».
б) советтік өмір кезеңдерін бейнелейтін шығармалар: «Тартыс», «Тас түлек», «Алма бағында», «Шекарада», «Алуа».
в) Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналғандар: «Намыс гвардиясы», «Қынаптан қылыш», «Асыл нәсілдер».
г) фантастикалық пьесалар: «Дос – Бедел дос», «50 жыл өткен соң».
ғ) ақындар өмірі туралы: «Абай», «Ақан-Зайра», «Қаракөз».
д) сценарийлер: «Райхан», «Абай әндері», «Қалқаман - Мамыр».
М.Әуезов драматургиядағы жанрлық формалардың бәрін қамтыған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар. М.Әуезов кейбір шығармаларын бірігіп жазған. Олар Л.Соболев («Абай»), С.Мұқанов («Ақан -Зайра»), Ғ.Мүсірепов («Қынаптан қылыш»), Ә.Тәжібаев («Ақ қайың»), Ә.Әбішев («Намыс гвардиясы»), «Октябрь үшін» (1933) пьесасының материалдары – Жетісу қазақтарының революцияға келуі. Кейіпкерлері Д.Фурманов, Ж.Бәрібаев. Кітаптың мұқабасында «Мұны жазуға Қ.Байсейітов, Бековтар қатысты» деген сөздер бар. М.Әуезовті әдебиетке «Еңлік – Кебек» алып келді. Шығарма өзегі – эпостық материал. Әлемдік әдебиеттегі мұндай тәжірибеден туған. Шекспирдің 2-3-ақ шығармасы автордың өзі тапқан тың сюжетке жазылған. Фольклор, аңызды пайдалана отырып, шығарма тудыру дәстүрі қазақ драматургиясында да көрінеді. Драманың жанрлық формасын игеру әуелде оңайға соққан жоқ. 1892 ж. «Дала уәләятында» «Қазақтардың есінен кетпей жүрген бір сөз» деген әңгіме басылды. Бұл «Еңлік – Кебек» туралы кейінгі шығармаларда айтылатын кейіпкерлер, негізгі оқиғалар, жер аттары бар 1990 ж. бұл әңгіме екінші рет басылады. Адам аттары өзгерген. Осыдан кейін екі поэма-дастан жазылды.Бұлар Әуезовке дейінгі нұсқалар.
М.Әуезовтің «Еңлік - Кебегі» 1922 ж. Орынборда басылды. Кейіпкерлері сахна тілімен сөйлейді. Автор өзінен бұрынғы мотивтерден алыс кеткен. Билер сахнасы – көркемдік тамаша қайта жазды. Бірнеше көрініс қысқарды. Абыз тұлғасы күшейтілген. Сөйтіп, шығарманың басты идеясы – лейтмотиві Абызға ауысты. Оның монологында Асанқайғы сарындары бар. Соңғы актідегі Абыз монологі – қазақ ақ өлеңінің озық үлгісі. Ғашықтық мотивтері тереңдеген. Жапал бейнесі қосылған. Соңғы рет «Еңлік – Кебек» 1956 жылы қайта қаралды. Мұнда билер сахнасы күшейтілген. Шығарма Абыз толғауларынан басталып, осы жырау толғауларымен аяқталады. Соңғы сөз автрдың өз сөзі, өз аманатындай естілді. Пьесада «ел»сөзі үнемі қайталанып отырады. Тұтас алғанда бұл трагедия көп сарынды симфония тәрізді. Пьеса қазақтың ауыр өмірін көрсетеді. Заманды сынайды. Пьесаны Ж.Шанин Қызылордада, кейін Алматыда театр сахнасында қойған.
Аса терең, мәнді шығарманың бірі – «Түңгі сарын». Бұл – қазақ драматургиясында реализмнің орныққанын көрсеткен туынды. Мұнда көркемдік шешім ақындық идеалмен тығыз байланысты. Таптық тартыс шығармада жай схема түрінде емес, адам тағдырлары арқылы бейнеленеді. «Түңгі сарын» – қазақ драматургиясында жағымды кейіпкерлер проблеасын шешкен туынды. «Октябрь үшін», «Тартыс пьесаларында М.Әуезов реалистік драма жасаудың түрлі-түрлі құралдарын пайдаланған. «Түңгі сарын» – драматургиядағы классикалық бірі. Оның туу тарихы М.Әуезовтің эволюциясын көрсетеді. Мұхтар 1929 ж., 1916 ж. ұлт-азаматтық көтерілісі жайлы «Қилы заман» повесін жазады. Шығарма 1972 ж. А.Н.Пантелеев орысшаға аударған. Алғы сөзді Ш.Айтматов жазды.
«Түңгі сарын» – өзіне арқауболған мотивтері жағынан шоқтығы биік шығарма. Оны тақырыбы жағынан Сәкеннің «Қызыл сұңқарларымен» салыстыруға болады. «Түңгі сарын» – күрескер бейнесін жасаған туынды. Әуезов реализм бір күнде келген жоқ. Жаңа әдеби әдіс-қоғамдық дамумен, халықтық дамумен, халықтық рухани деңгейімен сабақтас. Қазір зерттеушілер мұны әр түрлі түсінеді. Б.Кенжебаев, Т.Кәкішевтер 20-жылдары қазақ әдебиетінде сыншыл реализм принциптері басым болды деген пікір айтады. М.Қаратаев, З.Кедрина, Г.Ломидзелердің айтуынша, Сәкен, Мұхтарлар сол кезде–ақ реализмді меңгерген.
Ол кезде театр, сахна өнерін өрістету көкейкесті проблема еді. Бұл – халық кәмелетінің көрінісі. Осы ояну кезеңінде рухани өрлеудің белгісіндей болып тұңғыш театр дүниеге келді. «Қаракөз» 1926 жылы бірінші сыйлық алды. Ол кезде М.Әуезов ЛГУ-дің студенті болатын. 30-жылдардағы белгілі әдебиет сыншысы Ғ.Тоғжанов трагедияда ескі көшпелі өмірді мадақтау бар дейді. Ж.Орманбаевтың да бір мақаласында осындай пікірі айтылғанды. М.Әуезов бұл пьесаға кейін қайта оралып, жаңа нұсқа жасады. 30-жылдары М.Әуезов реализмді меңгеруде көп еңбек етті. Әсіресе драматургиядан көптеген ізденістерге барды. 1918 ж. Әуезов тұңғыш рет Абай жайлы мақала жазып, Абай заманы туралы білген, естігендерін қағазға түсірген. Л.Соболевпен бірлесіп жазған «Абай» пьесасы кейінгі эпопея тақырыбына барлауы еді. Онда Абай өмірінің соңғы кезеңдері қамтылған
30-жылдардың аяғында М.Әуезов білімі жөнінен, рухани толысуы жағынан шыңға көтерілді. Ол Абай тақырыбына осындай шақта келеді. Автор Абайға лайық сөз өрнектерін тапқан. Бұл трагедия қоғамдық мәні бар күрделі жағдайларды көрсетеді. Шығармада тартыс, әрекет бірлігі мықты. Пьесада қақтығыс көп. Осы пьесаның негізгінде кейін опера либреттосы, киносценарий жазылды. Трагедияны тұңғыш сахнаға қойған – Асқар Тоқпанов. Абай рөлін Қ.Қуанышбаев ойнады. Драма формасын М.Әуезов фантастикалық пьеса да жазған. Ол – «Дос – Бедел дос». Пьесада «бір адам әр түрлі формацияда өмір сүрсе қандай болар еді» - деген сұрауға жауап іздейді.
«Абайдың» 1-кітабы басылғанда, М.Әуезов қырықтың ішінде еді. Ал тұңғыш әңгімесін 24 жасында жариялады. Яғни, 20 жыл бойы прозаның шағын формаларымен айналысқан. Қазақ әдебиетінде алғаш реалистік проза жазған – Аймауытов, Майлин, Әуезов. «Қорғансыздың күні» сыншыл реализммен өзектес. Әуезовке дейін прозамызда адам психологиясының автор идеялымен сабақтас пейзаж жоқ еді. «Қорғансыздың күні» баяндалу әдісі жөнінен еуропалық әдебиет үлгісінде жазылған.
Оқиға автор атынан баяндалады. Реолистік портреттер бар. Адам сезімін дәл басатын диологтар мол. Монолог үлгілері жасалған. Әңгіме соны сюжетке құрылған. Еуропалық талаптарға жауап бере алады. Бұл қай жағынан да реолистік шығарма. Тілі айшықты, автор тұрғысы айқын. Бұдан Әуезов шығармашылығының қуаты ашылады.
Мұндағы сарындар соңғы шығармаларда да көрініс береді. Ақан мен Қалтай зорлығы – Қодар мен Қамқаның өлтіріп, Қаракөзді жындандыратын зорлық. Бұдан кейін көп әңгіме жазды. «Батырма», «Жауыздық» таптық қайшылықтарды көрсетсе, «Үйлену» т.б. махаббатты сөз етеді. Бәрінде жеке бас мүддесі мен қоғамдық идея қатар жүреді. Пейзаж ерекше эстетикалық қызмет атқарады. Бәріне де адам тағдыры арқау болған. Көбінде адам өлімі бар. Бұл-тар заманның символдық бейнесі. Шығармаларда драматизм мол. Әуезов озық үлгілер тудырып, қазақ прозасына көп еңбек етті. Әуезов прозасынан Мопассан, Достоевский сабақтарын көреміз.
Кезінде дау туғызған шығарма – «Көксерек». Ол – автор талантының айқын аймағы. Көп ізденістердің жемісі. Мотив көшіруден аулақ. Ұсақ шығарма емес. Оны әлем әдебиетіндегі үздік классикалық шығармалармен салыстыруға болады. Байқап қарасақ, бұл әңгіме сюжеті Канада жазушысы Сетон-Томсеннің «Виннипег қасқырына» ұқсас. Әуезовтың «Көксерегі»- тұтас философиялық шығарма. Бұдан зор шеберлікті көреміз. Кезінде әңгімеде теріс сарындар басым деген пікірлер де айтылды. Ол–эстетикалық қате тұжырымнан туған жаңсақ ой еді. Біле білсек, кемпірдің қасқырды басқа тебуі – жай тебу емес. Бұл – шығарманың ширыққан, шешім тапқан тұсы. М.Әуезовтың 20-30 жылдардағы ізденістері «Қараш – қараш оқиғасында» тиянақталған. Ғазизаның, «Барымтадағы» өлген кісінің, жетімнің құнын қуған ешкім жоқ. Бәрінде зорлықшыл бар да, күрескер жоқ. Оларда оқырман кек қайтарады. «Қараш-қараш оқиғасы» ойдан алынбаған. Бұл жағынан М.Әуезов оқшау жазушы. Ол жер, кейіпкер атын өзгертпейді.
1988 жылдың көктемі еді. Қазақстан жұртшылығы сөздеріне ден қоятын бір топ ғалым, жазушы, әлеумет қайраткері ерекше мәжіліске шақырылды. Академияның қоғамдық ғылымдар жөніндегі вице-президенті, белгілі философ бұл жиналудың мәнісі не екенін сыпайылап, жұмсақтап отырып түсіндіріп берді: саяси көзқарастар өзгеріп жатыр, соған орай идеологиялық жағдайлар да басқаша болады, тарихи оқиғаларды, кейбір тұлғаларды, әсіресе, Алаш қозғалысына байланысты бұрынғы тұжырымдарға жаңаша қарау керек.
Дәл осы тұста бір тарихшы ғалым орнынан атып тұрып: “Менің қалтамда партбилетім біреу-ақ. Сондықтан большевиктерге қарсы күрескен Алашорданы ағарту керек дейтін жиналысқа қатысудан бас тартам”,– деп, алды-артына қарамай, кабинеттен шығып жүре берді. Сол-ақ екен, у-шу көбейді, басқалар да партбилеттерінің бір-бірден екенін айтты. Ресей, Грузия, Украина, Балтық елдері бұрын буржуазиялық ұлтшыл аталып келген, көбі эмиграцияда болған көрнекті тұлғаларын әлдеқашан ағартып алғандарын мысалға келтірді, қазақ тарихына байланысты көп нәрселерді қайта қарау керектігін дәлелдеді.
Көп уақыт өткен жоқ. Арнайы құрылған комиссия тарихи құжаттармен, архив материалдарымен, сот істерімен, кезінде жарияланған шығармалармен таныса келіп Ахмет, Мағжан, Жүсіпбектерді ағарту керектігі туралы ұсыныс жасап, үкіметтің арнаулы қаулысымен олардың бәрі де ұзақ жылдар бойы жабылып келген жаладан, жағылып келген күйеден, жасалып келген қиянаттан арылды. Артынан Шәкәрім, Әлихан, Міржақып та жарыққа шықты.
Сөйтіп, мұз құрсау күйреп, кезінде қасақана өлім теңізіне батырылған азаттық, тәуелсіздік, ұлттық рухымыздың жалауын көтерген алып кемелеріміз бірінен кейін бірі қасқайып, айдынға жүзіп шыға келді.
Күрт өзгеріс туды. Ең алдымен газеттер, журналдар Алаш азаматтарының шығармаларын жапа-тармағай, бірімен-бірі жарысып жеделдете жариялай бастады. Олардың өмірімен, әдеби, ғылыми мұрасымен таныстырған алғашқы, мақалалар шықты. Бұдан кейінгі істер баспаларда жалғасты: таңдамалы, бір том, көп томдықтар жарық көрді. Ахмет, Әлихан, Мағжан, Міржақып туралы алғашқы, тұңғыш монографиялар шықты. Олардың есімдері көшелерге, мектептерге, жоғары оқу орындарына, зерттеу орталықтарына беріле бастады. Айтулы тойлар өткізіліп, арнап астар берілді. Тарихи ақиқат осылай орнына келейін деді.
Қазақ халқының ұлттық рухының тамырына балта шабу үшін коммунистер ең алдымен осы қозғалыстың бастау көзінде тұрған Алаш көсемдерін, олардың ізбасар шәкірттерін бір қырып тастады да, артынан большевизмді жақтаған, совет өкіметін мадақтаған коммунист зиялылардың өзін де сыпырып әкетіп, көзін жойды. Аман-есен қалған оқығандарды үнемі үркітіп-қорқытып отырды, анда-санда науқан жариялап, олардың ішінен де біреулерді жұлып алып, түрмеге тығып отырды.
Совет үкіметі, партиялық органдар қаншалықты қаталдық жасап, қырағылық көрсеттім дегенмен, Алаш идеялары, ұлттың азаттық рухы, тәуелсіздік сарындары, әсіресе, әдебиетте, өнерде, ғылымда жойылып кеткен жоқ.
Партия қаулы-қарарларымен ой нысанасын, тақырып жүйесін, бейне бағытын, әдіс тәсілін белгілеп берген совет дәуірі әдебиетінің алғашқы өкілдерінің бәрі де Алаш ұранды әдебиет шығармаларымен ауызданған, жазу-сызудың әліпбиін солардан үйренген. Желісі үзілмеген жеке адамдар арасындағы ұстаздық-шәкірттік, ағалық-інілік, туыстық-бауырлық қарым-қатынастар қаншама: Мағжан мен Сәкеннің Омбы семинариясында қатар оқуы, Жүсіпбек пен Мұхтардың “Абай” журналында бірге істеуі, Смағұлдың Әлімханға күйеу бала болуы, Ахметтің Смет Кеңесбаевты, Жүсіпбектің Мәулен Балақаевты, Мағжанның Бейсенбай Кенжебаевты оқытуы – Алаш қозғалысы рухын кейінгі ұрпақпен жалғастырған мың сан тамырлар. Мұның үстіне мәдениет министрі Ілияс Омаровтың Мағжанды ағартуға күш салуын, Ахмет Жұбановтың жүрген жерлерінде Мағжан өлеңдерін жатқа айтып отырғанын, Әди Шәріпов Ахметтің “Әдебиет танытқыш”, Бауыржан Момышұлы Ахметтің “Маса”, “40 мысал”, Бейсенбай Кенжебаев Жүсіпбектің “Психология”, Ахметтің “Әдебиет танытқыш”, Құрманбай Толыбаев Міржақыптың “Оян, қазақ!”, “Бақытсыз Жамал” кітаптарын сақтап келгендігін, оларды жасырын түрде кейінгі буынның оқығандығын қоссаңыз, ұлы арнаның үзілмегеніне әбден көзіңіз жетеді.
Тарихшылар, әдебиетшілер еңбектерінде, оқулықтарда, көркем шығармаларда, кинофильмдерде күні кешеге дейін партия, үкімет тарапынан қадағаланып, жоспарлы түрде бағытталып отырған арнаулы саясаттың нәтижесінде Алаш қозғалысы, “Алаш” партиясы, Алашорда өкіметі туралы тарихи шындық бұрмаланып, қып-қызыл өтірік айтылып келді. Ең бастысы, Алаш қайраткерлері қазақ ұлтының қас дұшпаны болып көрсетіліп, олардың шығармаларына тыйым салынды.
Әділіне келгенде, Алаш партиясы қозғалысына қатысқан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүддесіне арналған күнделікті аршынды іс, қарымды әрекеттермен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды.
Кейін қолдарынан билік кетіп, халыққа қызмет етудің бір-ақ жолы – оқу-ағарту саласы ғана қалған аз уақыт тыныс шақта ұлт тілінде ғылымның барлық жүйесі бойынша оқулықтар жасауға кірісті. Алаш ұранды әдебиетті жасаған қаламгерлердің жеке басына, шығармаларына тән ортақ, сапалы белгілер олардың тағдырын, мұрасын бір тұтас құбылыс ретінде қарауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық белсенді әрекетке, негізінен, ХХ ғасыр басында шыққан бұл толқын 1905 жылғы алғашқы орыс революциясы, 1917 жылғы ақпан, қазан революциялары, өкімет басына большевиктердің келіп, совет өкіметінің орнауы секілді аспан жарылып, жер сілкінгендей әлеуметтік ғаламат жарылыстар тұсында қайрат көрсетті. Осы ұлы ағыстардың баршасы олардың жеке өміріне, қоғамдық, шығармашылық тағдырына ықпал жасап, терең із тастады.
Табиғатынан дарынды жаратылған бұл буын өкілдері қазақы тал бесікте тербетіліп, исламның иманды бұлағынан нәр алып, мұсылманша хат танып, одан кейін жәдидше, орысша оқып, орта, жоғары дәрежелі білім алған, Орынбор, Омбы, Семей, Алматы, Ташкент, Уфа, Қазан, Мәскеу, Петербор секілді шаһарлар тәрбиесін көрген, өз заманының көзі ашық зиялылары. Бұлар мұғалімдік, инженерлік, заңгерлік, экономистік, дәрігерлік секілді сан-алуан мамандық иелері. Түркі, славянды былай қойғанда, араб-парсы, ағылшын, неміс, француз секілді жеті жұрттың тілін меңгерген.
Ауыл мұғалімдерінен бастап бұлар істемеген қоғамдық-әлеуметтік жұмыс жоқ десе де болады: газет-журнал шығару, адам емдеу, сот болу, теміржол салу, жер өлшеу, Ресей Думасына мүше болу, ұлттық “Алашорда” өкіметін жасау. Алаш қайраткерлері – табиғатынан асыл туған, айрықша дарынды жандар. Олар сол сөнбес отты нәрсіз іске, аз күндік мақсатқа, өткінші атақ-даңқ алуға, қайырсыз байлық-дәулет табуға емес, ұлтқа қызмет ету деп аталатын мәңгілік арманға жұмсаған. Күрес жолына шыққан кезде бұл ерлердің бес қаруы сай еді. Сол замандағы кез келген озық елдің зиялыларынан асып түспесе, кем соқпайтын әр түрлі ғылым негіздерін меңгерген, сегіз қырлы бір сырлы тұлғалар еді. Алаш қозғалысына қатысып, “Алаш” партиясын құрысып, Алашорда үкіметін жасаған қайраткерлер ішінен қазақ әдебиетінің алтын діңгек, сом тұғырлары шықты. Отаршылдықпен шайқас, артта қалушылыққа қарсылық, надандықты мансұқ ету, азат, тәуелсіз, демократиялық, дербес мемлекет құруды биік нысана ету, белгілі бір тап мүддесі емес, жалпы ұлт мақсаты үшін күресу, өркениетті нысана тұту – бұл Алаш ұранының астына жиылған ұлылы-кішілі азаматтардың баршасының дүниетанымына ортақ, етене қасиет, сапалар еді.
Бұл идеялар қазақ әдебиетінде бұрыннан бар үлгілермен қоса жаңа жанрлық формалар арқылы жүзеге асырылып, роман, драма, сын, публицистиканың соны түрлері туды. Әлем әдебиетінің классикалық шығармалары аударылды. Сөйтіп, әсіресе Абай сабақтарын нысана тұтқан, бұрынғы озық дәстүрлерді жалғастырған жаңа сапалы Алаш ұранды әдебиет рухани тарихымыздағы ерекше кезең болып табылады. Бұл толқын өкілдерін түгелдей қырып тастағанмен, олардың шығармаларындағы рух, идея, нысана кейінгі әдебиетте жалғасын тапты.
Түгелдей большевиктер ықпалында болған, совет саясатына әбден сенген, теңдік ұранды көтерген Сәкен, Ілиястардың өзі басты шығармаларында (“Аққудың айрылуы”, “Көкшетау”, “Күй”, “Күйші”, “Құлагер”) Алаш ұранды әдебиетпен тақырыптас қана емес, идеялық тұрғыдан сарындас, әуендес. Мұхтар Әуезов Абай заманының психологиялық портретін жасау арқылы халқымыздың күллі әлемге танытты. Ілияс Есенберлиннің романдар шоғыры – әдебиеттегі ұлттық рух көрінісінің тамаша бір белгісі.
Таяу күндердің бірінде теледидардың түймесін басып қалсам, тарихшы ғалым сөйлеп отыр екен:
–Алаш қозғалысы, “Алаш” партиясы, Алашорда өкіметі – біздің тарихымыздағы ең құрметті, қасиетті кезеңдердің бірі. Қазіргі егемен Қазақстан - Алаш ардагерлері арманының іске асуы. Тәуелсіздіктің алты жылдығын атап отырмыз…
Енді аңғардым, бұл сонау 1988 жылы “қалтамда партбилетім біреу-ақ” деп залдан шыға жөнелетін тарихшы ғалым екен. Түлкі боп қашқан заманды тазы болып шалып отыр ма, уақыт желіне орай құбылғаны ма? Не болғанда да тәуба дедім, осындай өзгерістерді көргеніме тәуба. Тәуба!
Алаш ұранды әдебиеттің серкелері Ахметтің, Әлиханның, Міржақыптың тікелей шәкірті, жалғасы Мұхтар Әуезов, негізінен қазақ прозасы мен драматургиясын әлемдік биікке көтерген ұлы суреткер. Сонымен қатар ол әдебиеттану, фольклор, тарих, философия, эстетика саласында да аса бай мұра қалдырған энциклопедиялық қуаты бар тамаша ғалым еді. Әлемге танылған “Абай жолы” эпопеясына дейін отыздағы жас Мұхтар қаламынан туған, Алаш ұранды әдебиеттің азаттық идеясын тағы да бір аспанға көтерген үш туынды бар, олар: “Әдебиет тарихы” (арғы дәуірлер), “Хан Кене” (ХІХ ғасыр), “Қилы заман” (1916 жыл).
Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында әділет әбден бұзылып, билікті қолға мықтап алған Сталин және оның төңірегіндегілер, олардың жер-жердегі сойылсоғарлары ұлттық мәдениетті қудалап, көрнекті қайраткерлерді абақтыға жаба бастады. Ахмет, Мағжан, Шәкәрім, Жүсіпбек, Міржақып, Мұхтар… – бәрі де қамалды, түрмеге, лагерьге жөнелтілді, кейбіреуі сол айдаһар аузынан қайтпай қалды.
Осы тұста көптеген кітаптар да “тұтқындалып”, ұзақ жылдар бойы абақтыға қамалды. Сол еңбектің бірі – Әуезовтың “Әдебиет тарихы” (1928). Автор сыйлықтан сыйлық алып, дүниежүзілік даңққа ие болса да, бұл еңбегі көзі тірісінде қайтадан басылған жоқ. Тіпті, аталмай да келді.
Сөз жоқ, “Әдебиет тарихы” жазылғаннан кейінгі көптеген жылдар ішінде, ең алдымен Мұхтар Әуезовтің өзінің эстетикалық көзқарастары сан алуан өзгерістерге түсті, дамыды, кемелденді, жаңа концепциялар, бағыттар пайда болды, толып жатқан зерттеулер, монографиялар, диссертациялар жазылды. Бұл саладағы табыстарды, жемістерді мүлде мансұқ ету барып тұрған солақайлық, нигилизм болар еді. Сөйтсе де, идеологиядағы солақайлық, тұрпайы догматизм кесірінен әдебиет тарихын теріс түсіндірген, ірі тұлғалардың өзін қаралап көрсеткен, тіпті мүлде ауызға алмай қойған кездердің кесірі әлі де жойылып біткен жоқ.
Ал, “Әдебиет тарихында” мезгілінде объективті ғылыми тұрғыдан айтылған терең тұжырымдар қатарына қазақ елінің отарлануы, өз тәуелсіздігінен айрылуы, осыдан туған кесепаттардың әдебиеттегі көріністері туралы байлам-пайымдауларды жатқызу керек.
Әдебиет тарихын дәуірлеу мәселелеріне келгенде, автордың исламға дейінгі және исламнан кейінгі әдебиет деп ұзақ тарихты екі орасан үлкен кезеңге бөліп қарауында ғылыми негіз жатыр. Бұл, әсіресе, фольклорға ерекше дөп келеді. Мұндай идеяны ең алдымен Ахмет Байтұрсынов айтқанын да естен шығармау қажет. Мұның үстіне Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқышта” жеке шығармаларды тиянақты талдау мақсатын алдына қоймаған ғой, негізгі нысана – қазақ әдебиеті үлгілерінің басты-басты жанрлық формаларын ұғындыру болған.
Әрине, жіті қараған кісі Ахмет Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқыш” (Ташкент, 1926) кітабындағы жанрлық жіктеулердің, термин, категориялардың, анықтамалардың дәлдігін, тереңдігін, өнердің ұлттық ерекшеліктерін тап басып айтудағы даналықты бірден көрер еді.
Ал, сол ұлы ұстазынан кейін, Семей семинариясында, Ленинград университетінде оқып алған арнаулы біліммен, орыс, Еуропа әдебиеттері тарихы туралы үлкен ғалымдардың алдынан дәріс тыңдап жинаған тәжірибе, өз ізденістері қосылып, биік кемелдікке көтерілген зор талант иесі, жас, қажырлы Мұхтар Әуезовтің “Әдебиет тарихы” деген еңбек жазуында шығармашылық заңдылық бар еді.
Бұрын “Абай”, “Таң”, “Шолпан”, “Сана” журналдарының беттерінде фольклор нұсқаларын, ел ақындарының шығармаларын, шешендік сөздерін жариялаған, Абай туралы, қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихы хақында, даму бағдарлары жөнінде мақалалар, зерттеулер тудырған жас ғалым 20-жылдардың ортасында жүйелі, тұтас монографиялық еңбек беретін биік ғылыми, ойшылдық дәрежеге көтерілген болатын.
Сол тұстағы баспасөзде жарияланған бірқыдыру әдеби-сын мақалаларда эстетикалық талғам төмен, саяси ұран, солақай дақпырттан аспайды.
Әділін айтқанда, М.Әуезов еңбегінде классикалық әдебиеттанудың орнықты, ғылыми жүйесі, үлкен мәдениет, ой тереңдігі, стиль сұлулығы сайрап жатыр. Өнерді өмірдің образды, суретті бейнесі, жанды, тірі көрінісі деп қарау, жалпы адам балалық көркемдік игіліктерді бірінші қатарға шығару, ұлттық сұлулық категориялары, терминдер әлемдік әдебиеттің биік-биік тұғырларымен салыстырыла, шендестіріле алынады.
Кітапта ерекше ықтиятпен талданған мәселе – “Зар заман” дәуірінің әдебиеті. Шортанбай өлеңінен алынған ойларды пайдалана отырып, Мұхтар Әуезов қазақтың әдебиетіндегі ең ұлы сарын – елдік, тәуелсіздік, азаттық, бостандық ұранының көркемсөздегі көріністерін нақты шығармаларды айқын саралап талдау арқылы көрсетіп береді.
Өкінішке қарай, 50-60 жыл бойы әдебиетіміздегі отаршылдыққа, басқаға басы-байлы құл болуға қарсылыққа құрылған жігерлі, ер, қайсар ағыс туралы айтуға тыйым салынып келді. Тіпті, тәуелсіздіктен айрылуды мадақтаған том-том шығармалар пайда болып, солар дәріптеліп, қолпашталып жатты.
Ал, М.Әуезовтің “Әдебиет тарихында” Асан Қайғыдан басталып. Бұқар арқылы өрлеп, Махамбет, Мұраттар тұсында дамып, Шортанбай кезінде шығандап шырқаған азаттық рухы зор поэзияның әлеуметтік, саяси, ұлттық, эстетикалық арна-негіздері, мағына-мәністері тамаша ашылып берілген. Мұның үстіне тарихи жырлардағы өмірлік материал туралы тұжырымдарды қосыңыз. Исатай–Махамбет, Сырым Датов, Кенесары–Наурызбай қозғалыстарының түп мәнісін, негізгі өзегін Мұхтар Әуезов бір қазыққа байлайды, ол – отаршылыққа қарсылық, табаңға түсіп, мәңгүрт болмаймын деп шапшу, құрылған зеңбірек, оқтаулы мылтыққа қарсы тұру, бір сөзбен, азаттық, тәуелсіздік ұраны.
Халқымыздың ежелден арман еткен, күрескен, ғасырлар бойы ұмтылған нысанасы – бостандық, еркіндік идеясы бүгінгі тәуелсіздік мақсұттарымен астасып жатқанына көзіңіз жетеді.
Кітапта “Қобыланды”, “Ер Тарғын”, “Қозы Көрпеш–Баян сұлу” жырлары ұлттық табиғаты, тарихи-өмірлік негіздері тұрғысынан да, көркемдік-эстетикалық, жанрлық-образдық аспектіден де терең талданады. Осы эпостық шығармалар туралы кейін жазылған көптеген еңбектерде айтылмаған ойлардың өзін Әуезов зерттеуінен табуға болады.
Кезінде зиянды, жаулық идеясы бар шығармалар қатарына іліккен туындылар кітапханалардан жиналып алынып, жойылған, өртелген ғой, ондай кітаптарды сақтаған адам жауапқа тартылған, тіпті түрмеге қамалып, атылып кеткендер де аз емес. М.Әуезовтің “Әдебиет тарихы” түгелге жуық жойылып жіберілген, тіпті автордың өзінде жалғыз данасы қалмаған. Халық жазушысы Әлжаппар Әбішев айтқан бір сырдың жалпы аңғары мынадай.
Аумалы-төкпелі қиын белестерде аман қалудың өзі үлкен олжаға айналған шақтарда, кісі көлеңкесінен қорқатын екіұдай уақыттарда үлкен ағалардың арасында күрең қабақ, қырбай, араздық қана емес, шатынап сынардай, жауласуға айналып кететіндей сәттер болғанын жасыруға келмейді. Сондай ауыр тұстардың бірінде абзал ойға кеткен жақсы аралары суысып, ажырап бара жатқан екі ағаны оңаша ғана шақырып, татуластыруға ниет етеді. Екі алып көп ырғасады, біріне-бірі алдырмай, бейне жекпе-жекке шыққан батырлардай шайқасады. Әсіресе, Мұхтар айтқан дәлел, дәйек, уәж салмақ баса береді. Әбден кетісердей, мүлде жауығардай боп ширығып алған кезде, Ғабит: “Мен егер ел болмасам, мына кітапты, сенің ішіңнен шыққан перзентіңнің жалғыз данасын ширек ғасыр бойы сақтап жүрер ме едім” деп ортаға кітапты тастай салғанда, Мұхтар бас салып: “Пәлі, мынау не дейді-ау, рас айтады. “Әдебиет тарихы” өлді санаған бір перзентім, ел әдебиетіне деген алғашқы жастық махаббаттан туған перзентім еді. Бір данасын таба алмай ширек ғасыр дал болғаным рас. Кештім, кешірдім бәрін. Сендім, саған, енді сендім, Ғабит” деп төс қағыстырып, татуласып тарасқан екен.
Көркемдік қасиеттеріне келгенде, “Хан Кене” пьесасының көп сарындылық, полифониялық сипатын ерекше атап айту керек. Халық өмірінің ең бір күрделі, қиын, қанды кезеңіне арналған трагедиялық үлкен шығарма үшін бас-аяғы жиырма екі кейіпкердің ғана алынуы туындының мейлінше ықшамдылығын көрсетеді. Прологы бар, бес пердеден, ұзын саны қырық жеті көріністен тұратын бұл пьеса драмалық жанрдың композицияға, характерге, психологиялық талдауға қоятын ең қатал шарт-талаптарына жауап береді. Мінездер қақтығысы, тағдырлар шарпысуы Шекспирлік биік деңгейде.
Босқа жүрген бірде-бір персонаж жоқ. Тіпті, аты-жөні түстелмеген кейіпкерлердің аузымен авторлық идея, халық пікірі білінеді, өтіп жатқан оқиғаға тың көзбен баға беріледі. Мұны уақыт кесімі, мезгіл үні десе де болғандай, ұлы шығарма – “Кенесары–Наурызбай” дастанын тудырған Нысанбай жырау бір қаһарман ретінде берілген, Кенені хан көтергендегі Шеген бидің сөзі халық даналығының айнымас белгісіндей, Ағыбай, Жоламан, Бұқарбай, Ержан батырлар көз алдыңда қалып қояды.
Трагедияда Кенесарының хан сайлануы салтанатын былай қойғанда, негізінен, ұлт-азаттық қозғалысының соңғы кезеңі, оқиғаның оңтүстік өлкеде өрбуі бейнеленеді. Сондықтан орыс әскерлерімен арадағы шайқас, қазақ ішіндегі соғыстар, Қоқанмен қақтығыс оқиғалары жоқ. Мұның бәрі бір драмалық шығармаға сыймайды да. Оның есесіне қазақ-қырғыз қатынастары ешбір бүркемесіз, барлық ащы шындығымен айқара ашылады. Қазақ ру басыларын еркіндік, азаттық, тәуелсіздік жалауының астына топтай алмаған Кенесарының қырғыз манаптарына да бұл ойын өткізуі қиын. Патша өкіметінен жасырын көмек алған, әрі қоқандықтармен ауыз жаласқан, Дулат басшыларымен жең ұшынан жалғасқан Орман, Жаңқараш, Жантайлармен бейбіт мәмілеге келмеген соң, күшпен тізе бүктірмек болған Кенесары–Наурызбай қосындарының кейбір шектен асқан зорлығы қырғыздың қара қауымын да шапқа түртіп, өшпенділік отына май құйған. Қырғыз елшілері Жаманқара, Кәрібоз осы шындықтарды хан Кенеге бетің бар, жүзің бар демей, көзге қамшы соққандай етіп, қасқайып тұрып айтады. Әке, ағаларының дұшпан қолынан мерт болғанын табалай сөйлейді. Өліспей беріспей айбат көрсетіп, аспанға шапшиды. Сондай ерегес сөз үстінде Наурызбай елші Жаманқараны өлтіріп жібереді.
Драматург бүйрегі қазақ, қырғыздың ешқайсысына бұрмайды: тарихи қанды оқиғаны, хан Кененің соңғы сәттерін зор трагедиялық қуатпен реалистік тұрғыда көрсетіп береді.
Шығармадағы барлық кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-құлқы, түптің түбінде, хан Кенеге бір соқпай кетпейді. Трагедиядағы сан-сала әуез-сарынның идея – ойдың түп қазығы – Кенесары. Ақ киізге салып, хан көтерген соң, сөз тиген тұс – бір көсілетін кез секілді еді. Қай заманда, қай елде таққа отырар алдында, енді отырып алғаннан кейін қой үстіне бозторғай жұмыртқалатам деп, кеңінен көсіліп көл-көсір уәде бермеуші ме еді? Мансап иесінің ол сөзі жоқ. Хан Кене қысылған кезде киіз туырлықты қазақ баласы етегінен ұстаған атасы Абылайдың барын салып, сенімін ақтағанын бір айтып өтіп, кеудесінде шыбын жаны тұрғанда сол жолды ұстайтынын жария етеді. Бар болғаны осы. Өзге көп сөз жоқ.
Кенесарының мінез қырлары сан алуан әрекет арқылы өз ортасында, дұшпандармен арпалыста, бейбіт күнде, майданда, хан ордасында, соғыс үстінде біртіндеп, сатылап барып, кеңінен ашылады. Ол бірде арғы-бергіні түгел шолып, түптеп ойлайтын дана, бірде кеселді түйінді асқындырмай қолма-қол шауып тастайтын оташы, бірде дұшпанын өзіне қарату үшін мал-жан, дүние-мүлік сауға-олжаны төгіп жіберетін жомарт, айлакер, бірде түпкі мақсатына жету үшін жауласқанның басын алмай тынбайтын қатыгез, жол-жора, дәстүр-заңға келгенде, жақын-жуық, алыс-ағайын деп бөлмейтін, қара қылды қақ жаратын әділ, бұл сипаттар хан тағына отырғанда, үстінен патша ұлығына арыз жазған Мұса опасыздығын кешіргенде, шабуылдан түскен олжаны Дулат еліне таратқанда, қырғыз елшісі Жаманқараны Наурызбай өлтіріп жібергенде, немере қарындасы Қарашашпен жақындығын сезген соң, інісін жазалауда, қоршаудан қашып шығу мүмкіндігін пайдаланбаған сәтте – осы секілді сан алуан жағдайда, алмағайып ситуацияларда көрініс береді. Сөйтіп отқа салып балқытып, мұзға салып суырған алмас қылыштай қаһарманның бір басында қырық кісінің айласы бар елбасының сан қырлы бейнесі драмалық тәсілдер арқылы сомдалып шығады. Кенесары қашанда ықшам, шебер, қысқа сөйлейді. Өзінің елі үшін күресіп, елі үшін шәйіт боп өтерін толғайтын, кейінгі ұрпаққа айтатын аманаты іспеттес әйгілі сырлы, мұңғы монологының өзі дөп-дөңгелек.
Пьесада бірнеше өрім қатар жүріп, қоғамдық-әлеуметтік арна, жеке бастың бақ-талайы алмасып жатады. Шығармада әйел кейіпкер екеу-ақ: бірі Кененің немере ағасы Ержанның қызы – Қарашаш, екіншісі – Кененің апасы – Бопай. Тарихи деректерден, ауызша әңгімелерден, жыр-дастандардан халық арасына есімі ерекше жайылған – осы Бопай. Еркектерден асқан батырлығымен, кей тұста айырықша қаталдығымен даңқы шыққан.
Сол ел санасында сұлбасы белгілі жанның мінез қалпын бейнелеуде Әуезов дәстүрлі арнадан көп ауытқымағанын көреміз. Күйеуі өліп, жесір қалған басы бос әйел Бопайдың уақыт өткен соң, қаралы желекті шешуге хақы бар. Бірақ төре тектеспен болмаса, қарамен жақындасуға тыйым.
Ерлігі мен өрлігі бір басынан артып жығылатын Бопай ескі заңмен көне жоралғыны ұстанып отырса, Бопай болар ма еді, қарадан шыққан Бұғыбай батырмен көңілдестігін, тіпті уақыты жеткенде оған қосақ болудан тайынбайтынын жасырмайды да. Тіпті, көзінің ағы мен қарасындай көретін батыр інісі Науанның өзімен Бұғыбай үшін қайта-қайта шарпысып, отқа түскендей болады.
Түптеп келгенде, хан Кене бастаған күрес жолында жанын шүберекке түйген Бопайдың, өзге емес, қолбасы Бұғыбайды таңдауында сезіммен қоса, түкпірлей ойлаған алыс мақсат жатыр, құшағына алса, батыр төренің намысын жыртпай қайда барады.
Хан Кене тобы қамауда қалып, әскер ыдырап, опасыздық көбейіп, сарбаздар қаша бастаған алмағайып кезде, Бұғыбай іздеп келіп, Бопайды өзімен бірге алып қашпақ болатын көрініс – пьесадағы шебер жасалған, ғажап көркем тұс. Екіұдай сезім, екіұдай хәл: қалың өлім ішінен сытылып шығып, құтылып кетіп бас қосып, шаңырақ көтерейін дейді батыр, ұлы арман, зор күрес мұраттарын тәрк етіп, ақ жолдан тайғанда, қай жұмақтың төрінен озбақпын деп ойлайды әйел. Сонда өзіне жар санаған, хан Кененің үзеңгілес серігі есептеген Бұғыбайы көп қорқақтың бірі болғаны ма? Ол – ол ма, ақ береннің тасқа соғылғанына сүйіну орнына, табалап, кектіп, мазақтап барады әне. Ғашық сезімі таусылып, кектене шамырқанған Бопайдың опасыз Бұғыбайды өз қолымен атып тастауы – намысты ашудан туған кесек трагедиялық әрекет. Грек, Шекспир трагедияларына лайық қимыл.
Үлкен шебердің сомдап құйған драмалық характерінің бірі – Наурызбай. Жас батырдың фольклордағы, тарихи деректердегі сипаттамасын Әуезов терең зерттеп біліп, өз шығармасында ұлғайта келіп, естен кетпестей сахналық бейне жасаған. Бұл сөзі, ісі, әрекеті, сезім түйсігі, ой байламы бір-ақ арманға, бір-ақ жолға – қазақ елінің еркіндігі үшін күреске арналған хас батыр. Осы сапарда ту ұстаушы – хан Кене, сондықтан хан Кене досы – мұның досы, хан Кене дұшпаны – мұның дұшпаны. Басқа жол жоқ. Былқ-сылқты білмейді. Өзгелер, кейбір мысық табан батырлар, жорға билер жақтастыққа кісі тартудың пара жегізу, олжа сыйлау, шен тағу, қолтығына алып, демеп жіберу, құдандаласу, жер бөліп беру, елші алмасу, ескі дауды ұмыту, баталасып мәмілеге келу, уәжге тоқтау іспеттес атам заманнан келе жатқан дала дипломатиясының мыңжылдық түлкі тәсілдерін қолданса, батыр Наурызбай ұстанатын қасқыр құдірет біреу-ақ: алдаспан, көк найза, ақберен. Берсе қолынан, бермесе жолынан дейді. Билік орнықтырудың бірден-бір құралы күш көрсету, тізе бүктіру деп біледі. Мұның аржағы зорлық, қаталдық, қатігездік, көз жасы, қан, өлім. Ақылға тізгін бермей, ашуға шырақ жаққан батырдың сондай қаһары тұтас тайпалы елді бүлдіріп, хан Кененің тобына қосу орнына, оларды дұшпан туының астына жинаған кездері аз емес.
Сол мінездің жария болған сипаты Наурызбай мен бас қолбасы Бұғыбай арасындағы бірте-бірте шиеленісіп, ақыры мүлде ушығып барып, екі батырдың қол жұмсауға дейін баратын әрекеттерінен көрінеді. Төре әулетін адам баласының ең асыл нәсілі санайтын Наурызбай қарадан шыққан батыр Бұғыбайдың апасы Бопаймен көңілдес болуын сүйекке түскен таңба деп, намыстан өртеніп, кектене ширығып, қалшылдап кетеді. Өзгелер бөгет жасап, араша түспесе, Бұғыбайды өлтіріп жіберуі мүмкін еді.
Мұсылмандық шариғаты тыйым салса да, Наурызбай немере қарындасы, бірақ шешелері бөлек Қарашашпен көңіл қосады. Ұстараның жүзінде жүргендей, өлім мен өмір шайқасындағы бір сәттік рахат, қуанышы осы ғана.
Кенесарыны қазақ ру басыларының бірі қолдаса, бірі қарсы шықты. Қарсылық әр деңгейде болғаны белгілі: жігіт қоспау, мал бермеу, соғысу, іріткі салу, патшаға сатылу, дұшпанды қолдап кету, уәде айтып, артынан опасыздық жасау. Осы алуандас сан түрлі әрекеттерді драматург жанр мүмкіндіктеріне орай пьесаның өн бойында түгел көрсетіп отырады.
Қасым ханның асы беріліп, оның артынан Кенесары хан сайланған бүкілхалықтық салтанат үстінде қыз-жігіттер айтысып, шешендер тілін безеп, батырлар жамбы атып, мәре-сәре боп жатқан қуанышты бір сәтте Жантөре, Шотай, Балғожа бөлектеніп, жырылып шығып, пыш-пыш өсек өрбітіп қарсылық, ғайбат айтады.
Бұлардың ішіндегі кеуделісі Жантөре қазақ халқының бірлігіне, елдігіне сенбейді, жұртты ішкен-жегеніне мәз тобыр, жайдақ су санайды. Сондай ел сайлаған Кененің хандығында да мағына жоқ деп біледі. Қайта патшадан шен алып, әскер жиып келіп, өзі билік құруды мақсат етеді. Қасындағы екі би көбіне мұның шылауында, қостаушысы, көлеңкесі іспеттес.
Ру басыларының мұндай қарабастарының қамын жеген опасыз тұрпатының бір үлгісі кеше хан Кенені таққа отырғызғанда қолдаушы болған, бүгін оның үстінен Омбы ұлығына ақтабан сойылдың табанына тығып, жирен атты жансыздан шағым жіберген – Мұса би.
Драматург хан Кененің Арқада, Жетісуда дұшпандары болған би, төрелерді бөліп-жармай, олардың мінез-құлық қалпының дүние таным нысанасының, тіршілік мақсатының бір арнада екендігін дәл де айқын көрсетеді.
Дулат елінің басшылары ретінде көрінетін Рүстем, Сыпатай, Байұзақ үшеуі үш түрлі мінездің адамдары. Әуелі хан Кене қозғалысына қосылғандай боп келген бұлардың нағыз тас босаға, тар кезеңде шын сырлары ашылады, Рүстем төре хан Кене мен Наурызбайдың бар билікті өз қолдарына алып, бәрін өздері шешкендерінен іш тартады. Ертең қазақ, қырғыз басын қосып, бұдан да үлкен лауазымға жетсе, мүлде тізгін бермей кетеді-ау деп қорқады. Хан Кене әулие болса, Арқадағы рулар неге тұтас мұның соңынан ермеген? Алатауға неге ауған? Сыпатай да өз билігінен айрылып қалудан қорқады. Көршілес, құдандалас қырғызды хан Кене үшін неге шабам деп күдіктенеді. Оның үстіне бас қолбасы Бұғыбайдың өзі жеңістен күдер үзіп отырғанда, Наурызбай шекесінен қарап, менсінбей жүргенде, қанына қарайып, әбден өшігіп алған қырғыз манаптары бұларға мал берем, олжа берем, туыстықпен бітісем деп тұрғанда, оққа қарсы шауып, не көрініпті? Бұлардың ішінде Кенесарының қазақ, қырғыздың басын қосып, тұтас ел қылам деген түкпірлі ойы Байұзаққа ұнағанмен, жол айрығына келіп, мойынға шылбыр түсердей сәтте, ол да сырт айнала береді. Сөйтіп 12 мың сарбазы бар Дулат қосыны Кенесарыны жау қоршауына тастап, соғыс майданынан түн жамылып сытылып шығады. Жеке бастарының қамын, ру-тайпа көсемдігін тұтас ел болу идеясынан жоғары қойған опасыздар кеселінен трагедиялық қателік жасалып, аз сарбазбен тұйықта қалған есілер мерт болады.
Осындай ұлы трагедиялық шығарма “Хан Кене” пьесасы жиырмасыншы жылдардың аяғында жазылып, көп қиындықпен 1934 жылы сахнаға шыққанмен, қолма-қол тыйым салынды да, 1981 жылы әрең қайта басылды. Бұл сахналық классикалық туынды өз режиссерін күтіп жатыр. Ол қашан келеді?
Алаш басшылары Әлихан, Ахмет, Міржақыптар 1916 жылғы июнь жарлығынан кейін ел солдатқа жігіт бермей бас көтерсе, патша өкіметінің қарулы әскері бейбіт елді босқа қырып тастайды, сондықтан босқа арандамау керек деп, “Қазақ” газеті арқылы қалың жұртқа жар салған болатын. Бұл сөз бір елге жетті, бір елге жетпеді. Бұл сөзді бір ел тыңдады, бір ел тыңдаған жоқ. Қара жұмысқа алынғандардың артынан Әлихан, Міржақыптар бастатқан азаматтар ере барып, оларға қолма-қол көмек берген.
Кезінде осы тыл жұмысына алынған жігіттердің өмірін Жүсіпбек Аймауытов “Қартқожа ” повесіне арқау етті. Ал солдатқа кісі бермей, бұлқынып, көтеріліске шығып, патша өкіметінің қарулы қаһарына ұшырап, оққа ұшып, абақтыға қамалып, асылып-атылған, содан кейін мал-жаны, дүние-мүлкі талауға түсіп, мүлде жойылып кету қауіпі төнген соң, ата-мекенін тастап, Қытайға ауып көшкен бірқауым елдің тағдырын Алаш ұранды әдебиеттің екінші бір талантты жас өкілі Мұхтар Әуезов “Қилы заман” повесінде зор реалистік күшпен бейнелеп берді.
Бұл шығармаға негіз болған өмірлік материалдарды жазушының Ілияс Жансүгіров, Ораз Жандосовтардың көмегімен қалай жинағандығы туралы деректер көпшілікке аян. Тұңғыш басылғаннан кейін, зиянды шығарма деген жаламен тыйым салынып, қырық жыл өткен соң ғана зор қиындықпен қайтадан жарияланған бұл туындының ұлттық рухымызды, азаттық үшін күресімізді, тәуелсіздік жолындағы азапты жолымызды бейнелеудегі орны ерекше екендігін тиянақтап айту дұрыс болмақ.
Жазушы көтерілістің басты, негізгі себебі ашық, анық түрткісі патша өкіметінің қаны сорғалаған отаршылдық саясаты екендігін көптеген кейіпкерлерінің іс-қимылы, сөйлеген сөздері арқылы әртүрлі орайда жан-жақты бейнелейді. Бұл ретте 25 июнь жарлығы ең соңғы шеп, төзімнің бітуі, лаулағалы тұрған қауға түскен шақпақ от.
Ұзақ, Жәмеңке, Тұрлығожа, Әубәкірлер ауыздарымен ел келесінде, ұлықтар алдында айтылған кекті, шерлі сөз атаулының құяр аңғары біреу: патша қазақ халқын алдады, шұрайлы жерін, мол суын тартып алып, қарашекпендерді орналастырды, мөлшерден тыс заңсыз салық салды, ең соңында қол астындағы қазақты өзгелермен тең санамай, кем тұтып, қорлап, жігіттерінің қолына қару бермей, көздеріне көк шыбын үймелетіп, атамекенінен ажыратып алып кетіп, қайдағы бір ит өлген шет өлкеде, жер қаздырып, қара жұмысқа салмақшы. Тападай тал түсте он тоғыз бен отыз екі арасындағы өңкей боздақты ажал жолына көгендеп бергенше, туған жерде алысып, жұлысып, бұлқынып, тіпті болмағанда жер ауып көшуге бекінеді.
Осы орайларын олар жасырып, бүкпей, бұқпантайлап, жұмбақтамай, ең алдымен өз ру орманының алдында тебірене, толқып отырып айтса, қаскөй дұшпан, патша өкіметінің атар оқ, шабар қылыштары – ұлықтармен бетпе-бет келгенде боданмын, отармын, құлмын деп кішіреймей, тік тұрып, иықтас деңгейде қасқайып қарап, тең сөйлеседі, тіпті кеткен есені даулайды, салмақ салады, тұрысатын жерінде айт дегенге барады, сөзден – іске көшіп, ұрт қимылға басып, атқа қонып, қару алады.
Бұл биік рух көтеріліс басталмай тұрып көрінеді де, абақты ішіндегі тергеу кездерінде Жәмеңке, Ұзақ мінездерінен терең танылады. Әр буын өкілдері, аттары белгілі, белгісіз азаматтардың азаттық, еркіндікке бұлқына ұмтылуын жазушы зор шабытпен құлшына суреттейді.
Алғашқы әңгімелерінде-ақ табиғат суреттерін бейнелеуге ерекше ден қойған Әуезов бұл шығармасының тұсында нағыз пейзаждық картина жасайтын биік өнерлі қаламгер екендігін көрсетеді. Сүлесоқ қалыпта санамалап айтылған тау, тас, өзен, бұлақтың өлі сүлдесі емес, қимыл-қозғалыстағы жанды табиғаттың мың – сан бояуы жарқыраған, тіршіліктің ыстық та суық лебі бетке ұрып тұрған, бірде асқақ, тәкаппар, бірде нәзік, сұлу табиғат көріністері сол ортадағы, әртүрлі психологиялық күй кешіп жатқан адамның қабылдауы арқылы жүрек сүзгісінен өткізіліп беріледі. Бұлар бірде Үш Мерке, Дөңгелек саз, Үшқара, Сырт, Лабас, Асы, Ақбейіт, Айттөбе, Тұз, Кеген, Көктөбе, Көкбұлақ секілді Албан елінің жайлау, мекендерінің жалпы сурет-панорамасын көрсетсе, бірде нақты жердің суын, қарағайын, тауын, күнін, бұлтын дәл қалпында көз алдыңызға алып келеді.
Жазушының ұлы таулар, ұлы жайлауларға деген ыстық махаббатының лебі жалын атады. Оның қырағы көзі сәуле мен көлеңкенің ауысуын дәл байқап, сан алуан құбылған бояулар кемпір қосағын көлденең тартады, тауға қарай беттей жөнелген сарбаз қарағайлар, аспанда қалтылдап шырылдаған күйкентай, шашырай жайылған қой, мөңіреген бұзау, кісінеген айғыр, беласқан көп аттылар, ізденісіп, өршелене үріп өштескен иттер, ең бастысы мәңгілік кескіні іспеттес алып тұғырлар алдыңнан шыға келеді. Су жолдары ирелеңдеген жыландай бетін ажымдаған, суық түсті таулар, жасыл дүние көркін бойына жинаған алып астау секілді өлкелер бар.
Сондай қымбатыңды обып-жұта бастаған, жер-суыңды тартып алып қала орнатқан, енді ер-азаматыңды қан-қырғынға айдап салмақ боп отырған қас дұшпанға қарсы шыққан ел бұлқынысының сан алуан толқынын Әуезов ғажайып көркем тілмен бейнелеп береді.
Аума-төкпе, аласапыран уақыттағы қалың көпшіліктің ой әуенін, сезім-түйсік толқындарын, мінез құбылыстарын жазушы бір жағынан авторлық баяндау, арқылы еркін, көсіле суреттесе, екінші жағынан атын атап, түсін түстеп беретін кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы бейнелейді, үшінші жағынан кімдер айтқаны белгісіз, бірақ әртүрлі байлам, мінез, көзқарасты білдіретін көп дауысты лебіздерді жиі қолданады.
Екеуара, үшеуара қауымдасу, көпүнді талқы дейсіз бе, бәрінде қорғасын құйғандай салмақ бар, адам мінезін ашып беретін айқын сөздік сипаттамаға ерекше көңіл бөлінген. Бұған тұлғаның негізгі тұрпатын анықтайтын дара сөз, толғау іспеттес монологтарды қоспақ керек.
Шығармада қазақ ауылының әлеуметтік құрамының бағасы елдік, азаттық, тәуелсіздік жолында кім қандай қайрат көрсетті деген тұрғыда көркемдік саралау арқылы беріледі.
Бір Саурық батырдың екі баласы екі қиырда жүр. Кеше бітіспей жауласқан елдің жігіті бір қырғызға ата-ана батасын алмай, рұқсатсыз кеткені үшін қыз Бөкейді дарға асқан қатігез, мыңжылқы айдаған шіріген бай Тұңғатар өз балаларын ұлыққа пара беріп алып қалмақ, көптен бөлініп, бас сауғалайды. Қапыда сүйікті қызынан айрылған, сол қайғының күйігі қаражыландай жанын улап жатқан Ұзақ батыр ел басына күн туғанда қиыннан жол тауып, көш бастайды.
Бықсық, қорда дүниенің құлы Рақымбай болыс ұлықтың алдында құрдай жорғаласа, екінші болыс Әубәкір ел намысын, иманын сақтап атқа мінген, күрескен, арпалысқан жігіттердің бел ортасында. Оспан, Жебірбаев тілмаштардың қашанғы сатылғаны сатылған. Исі Албан – бірлігінен жырылған Алжандар да жүр.
Сонымен, Әуезов кейіпкерлерін кімнің баласы, қай таптың өкілі, қай рудың перзенті деп топтастырмай, ұлттық тұтастық жалауының астынан табылғандар және содан үзіліп кеткендер деп шоғырландырған.
Жазушының бейнелеп отырған өмір құбылыстарына деген ықылас-пейілі, сезім-түйсігін, авторлық көзқарасы, қаламгерлік тұғыры кейіпкерлер тұлғасын сомдау үстінде үнемі айқын-ашық көрініп отырады. Тұтастай алғанда, реалистік прозаның негізгі принциптерін қатаң сақтап, биік көркемдік нысанына мегзей отырып жазылған шығарманың басты байлығы – сан алуан ерекшеліктері бар, бірін-бірі қайталамайтын, ұлттық бояуы қанық мінездер, тұлғалар шоғыры. Солардың ішінде халық қысылып, тығырыққа тірелгенде, сөзіне ден қойып, байлауына тоқтайтын, елдің тағдырын шешетін, билік айтатын, негізінен, екі кісі: бірі – Жәмеңке би, екіншісі – Ұзақ батыр.
Жәрмеңке жасы жетпіс бестен асқан, өмірдің ащы-тұщысын түгел көрген, дәстүр-салтты бес саусағындай білетін, ел жорасының майталманы, көмейі бүлкілдеген шешен, азаттық жолында жанын беретін, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін ғасырлар бойы күрескен ескі билердің соңғы тұяқтарының бірі, оған керегі дүние, байлық, мансап емес, ел тұтастығы, ел бірлігі, ел азаттығы, халық күресінің шамшырағы, алтын діңгегі іспеттес, осыны ұққан патша ұлықтары асыл қарияны Қарақол түрмесінде улап өлтіреді. Жәмеңке – Мұхтар Әуезов қаламынан туған билер тұлғасы галереясының бел ортасынан орын алатын тамаша тұлға.
Шұғыл әрекеттің, батыл қимылдың, тұжырымды, қысқа сөздің иесі Ұзақ батыр бейнесі дәл, нақты, қанық бояулар арқылы жасалған. Ағасы Тұңғатармен арасы, жігіттерді көтеріліске бастауы, тергеу үстіндегі мінезі, түрме бұзғандағы қимылдары айқын суреттелген.
Шығарманың сюжет желісінде Алатаудың жұмыр тасындай тұтастық бар, оқиға үнемі үзілмей жалғасып отырады. Он бір тараушадағы әрекеттер бірінен бірі туындайды. Алғашқы көріністердегі патша өкіметінің екі басты самұрық бейнеленген ақ жалауынан бастап, соңғы тараушадағы лаулап жанған жәрмеңкеде символдық ой, мегзеу нысаны бар. Бұлар бірден көрініп тұрған анық өрнек болса, сойыл, найза, шоқпар, шиті мылтық ұстаған аттылы көшпелілердің, жәрмеңке ішінде, қалаларда бекінген мылтық, зеңбірекпен мұздай қаруланған, соғыс ісін меңгерген, тұрақты әскермен шайқасуында орасан зор философиялық, әлеуметтік азаматтық мағына бар. Бұл тапталғандардың, қорланғандардың, қуғындалғандардың бас көтеруі, момындардың бұлқынысы. Түптің түбінде жеңбей қоймайтын осынау асыл идеяны Мұхтар Әуезов сұлу тіл, көркем бейнелер, адам тағдырлары арқылы кітап бетіне түсіріп, ұрпақ жадында мәңгілікке байлап қалдырған.
Қазіргі зерттеулердің нәтижесінде анықталып отырғанындай, Мұхтар Әуезов мұрасы елу томнан асып жығылатын телегей теіз байлық, оның ішінде мыңсан саз, сарын, ой толқындары тербеліп жатыр. Солардың ішіндегі ең үлкен ағыс – азаттық, тәуелсіздік, дербестік идеясын арқау еткен қазақ халқының арғы дәуірлердегі, ХІХ ғасырдағы, ХХ ғасыр басындағы арпалысты күрес жолына арналған отыз жасқа дейін тудырған бір зерттеу, бір пьеса, бір хикаятымен-ақ Мұхтар Әуезов бүгінгі еркін Қазақстанды жасаушылардың бірі болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |