Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары



Дата16.12.2016
өлшемі200,83 Kb.
#4014
Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары

(Араб әдебиеті негізінде)
Азия мен Еуропаны қосып жатқан Қазақстанмен әлемнің көптеген елдері әртүрлі тарихи, мәдени, қоғамдық, саяси-экономикалық байланысын күні бүгінге дейін үзбей жалғастырып келе жатыр. Ежелден басталған бұл байланыс халық өмірінің мәдени өміріне, рухани дүниесіне де өзінің барлық болмысымен ізін қалдырғаны даусыз. Адамзат қоғамының бір бөлшегі ретінде жасап келе жатқан қазақ мәдениеті шығыстық өркениеттің құрамдас бір бөлігі ретінде дамуда. Ата-бабаларымыз өзінің күрделі де сан қырлы тарихының қатпарлы беттерінде Үндістанмен, Қытаймен, Мысырмен, Иракпен, Сириямен, Византиямен, Иранмен әр түрлі деңгейде мәдени байланыстар жасағаны тарихтан белгілі. Қазақ жерінен шыққан ұлылар осы шаһарларға барып шығыстық ілім алып, білім сырына қаныққан.

Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің қалыптасу, даму жолы мен өркендеуі түркілік дүниетанымның негізінде өріліп, өзіндік сипатқа ие болғанымен, дара дамыған ерекше дүние емес, ол бүкіл әлемдік әдебиетпен үндестікте, байланыста қалыптасқан деп айтуға болады. Адамзат болмысының әмбебаптығы әртүрлі халықтар арасындағы жақындықты, жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, махаббат пен зұлымдық туралы ой-пікірлерінің ұқсастығын туғызады. Осыған орай қазақ халқының халықаралық мәдени, әдеби байланыстары аясында оның Шығыс халықтарының ішінде араб, қытай, иран және т.б. елдермен әдеби, мәдени байланыстарының да негізі олардың адамдық болмысымен астасып жататыны шындық. Қазақ мәдениеиетінің өркендеу, кемелдену жолында араб-парсы елдері мен көршілес Қытай мәдениетінің әсері мен алар рөлі, маңызы мен мәні ерекше болғаны белгілі. Әсіресе, орта ғасырда қазақ жеріне ислам дінімен қабат келген араб мәдениеті мен әдебиеті біздің бүгінгі ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне, көркемдік көкжиегінің кеңеюіне ықпалы зор болды деп айтуға толық негіз бар.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, қазіргі жаһандану процесіне бой ұсынып отырған кезеңде халқымыздың жалпы рухани өмірінде, әсіресе көркем әдебиет саласында өзге елдердің рухани құндылықтарымен байланыс мәселесінің арта түсетіні түсінікті.

Қазақ-араб әдеби байланыстарының тамыры өте тереңде жатыр. Оның арғы бастаулары қазақ халқының ислам дінін қабылдаған замандардан арна тартқандығын айтсақ, шындықтан алшақ кетпейміз. Көшпелі елге ислам қағидаларын таратқан қожа-молдалар Құран сүрелерін ұғындырумен қатар араб жұртының ескі ауыз және жазба әдебиетінің нұсқаларын да қоса насихаттай отырған. Бұл үрдіс ғасырлар бойы бірте-бірте кең өріс ала келе, ақыр-аяғында тұрақты дәстүрге айналғаны тарихи факты. Алғашқы кездегі таза діни сарынды аңыз-әпсаналардың аяғын ала әлеуметшіл, азаматтық әуенді тарихи дастандар, жырлар, әфсана-әңгімелер лек-легімен таратылып, олардың көбі кітаби ақындардың жергілікті халық санасына ыңғайланған нұсқалары арқылы ұлттық әдебиеттің төл қазынасына айналып кетті деп айтарлықтай сіңісті болғаны да бекер емес еді. Бірақ кешегі кеңестік тәртіп тұсындағы қатаң атеистік идеология бұл тасқынға тыйым салып, алдынан мықты бөгет тұрғызғаны да белгілі.

Мұсылман мәдениеті – адамзат тарихындағы ең көне рухани қазыналардың бірі. Ол дүние жүзіндегі ең ықпалды діни ағымдардан саналатын исламмен тамырлас болып, өмірге қатарлас келген. Сондықтан оның адам санасына тигізетін игі ықпалын Құран сүрелері мен аяттарының уағыздарымен бір тұрғыдан бағалауға болады. Демек, араб әдебиеті мен өзге халықтар әдебиеттері арасындағы байланысты жалпы адамзат әлеміндегі руханият қазыналарынан арна тартатын игілікті бір нәрлі көзі деп қарастыруға хақылымыз. Еңбектің моральдық-этикалық мәнін де осы тұрғыдан бағалауымыз ләзім.

Рухани байланыстың нақты көрінісінің бірі, әрі негізгісі – лингво-мәдени байланыстар. Соның ішінде, бай қазақ әдебиеті шығыстық көркем сөз өнеріндегі жақсылық нышанның қай-қайсысын да жатсынбаған, бойына сіңіре білген. Мұның өзі қазақ әдебиеті мен тілінің әлемдік өркениетке құлаш ұруының, әлемдік мәдениетпен сусындауының және өзгелерге танылуының көрінісі ретінде бағаланады.

ҮІІ ғасырда ислам діні Араб халифатының ресми дініне айналғаннан кейін Дамаск, Бағдат, Мысыр сияқты іргелі қалалар арғы жағы Еуропа бергі жағы Азиядан шыққан ғұламалар мен ғылым-білім іздеушілердің ғалымдардың жиналған орталықтарына айналды. Себебі сол кездері Еуропада ғалымдарды дінбұзарлар деп отқа жағып, қамаққа салып қуғындаса, Азияда да жаңа ғылыми жаңалықтарға іштарта қоймаған болатын. Ғылым-білім ерекше құрметтелетін ислам дінінің арқасында әлем ғалымдары Халифатқа қарай ағыла бастады. Біздің жерімізден араб жеріне барған сол алғашқы толқындардың ішінде алгебраның негізін қалаған әл-Хорезмиді, есімі дүние жүзіне мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ даласының асыл перзенттерінің ең жарық жұлдызы – Әбу Насыр әл-Фарабиді айтуға болады.. Олардың еңбектері сол кезден бастап қазіргі таңға дейінгі мың жылдан астам уақыттың ішінде әлем ғалымдарының сусындар кәусәр бұлағына айналды. Ұлы ғұламалардан қалған ғылыми мұралар ғылымның түрлі саласын қамтиды, әрі өте құндылығымен ерекшеленеді әрі теориялық тұжырымдары Дүние жүзі халықтарының қоғамдық-философиялық ойларына ықпал етті деп айтуға болады. Олардан кейінгі Исмаил әл-Жауһари мен тағы да жиырмаға жуық әл-Фарабилердің, Ахмет Йассауи, Ахмет Йүгінеки, Сүлеймен Бақырғани және басқа да көптеген тұлғаларымыздың еңбектері қазақ-араб әдебиетінің тарихи даму жолында өзіндік өрімімен, рөлімен, маңызымен ерекшеленеді.

Қазақ және араб әдеби байланыстарының түп төркіні орта ғасырда араб мәдениетінің Орта Азия мен қазақ жеріне енуімен байланыстырылады. Қазақ мәдениетінің кейінгі дамуына, ғылымы мен білімінің өркендеуіне араб тілі мен әдебиетінің қосқан үлесі едәуір. Араб мәдениетімен бірге келген араб жазуы, араб тілі мен ислам діні, сол арқылы енген араб классикалық әдебиетінің үлгілерінің ауызша таралуы – қазақ әдебиетінің дамуына ықпал етті.

Әдеби байланыс түрлі халықтар мәдениетінің жақындасуына, рухани қарым-қатынасының өркендеуіне үлкен үлес қосады. Бұл жайында атақты шығыстанушы ғалым, академик Н.И.Конрад: «Ұлттық әдебиеттің өркен жаюы мен даму факторларының бірі – өзге халықтардың әдебиетімен өзара қарым-қатынаста, байланыста болу. Кез келген әдебиетте екі компоненттің болатыны белгілі. Бірі – сол елдің өзінде дүниеге келген төл туындылар, екіншісі – басқа елдерден енген кірме шығармалар. Осындай дүниелердің негізінде әдеби байланыстың рөлі ерекше көрінеді. Мұны қандайда бір әдеби шығармалардың түпнұсқасымен тікелей танысып, сол туындымен ұлт әдебиетінің тілінде оқуы негізінде және олардың аудармалары арқылы қанығуынан немесе бір халық жазушысының шығармаларының мазмұны мен мотивтерін басқа елдің жазушысының өзінше қабылдауынан пайымдауға болады. Осындай факторлардың арқасында бір елдің әдеби дүниесі екінші бір елдің меншігіне айналады» [1, 290].

Ислам діні пайда болған уақыттан бастап, араб жұртының әдеби жәдігерлері саналатын «Мың бір түн», «Ләйлі-Мәжнүн», «Калила мен Димна» кітабының мысалдар жинағындағы дидактикалық хикаяттары мен басқа да ертегі, дастан, мысалдардың көшпелі сюжеттерінің кірігуі, қазақ әдебиетінде қисса, мысал жанрларының қалыптасуына негіз болды деп пайымдауға болады. Осындай себептердің қазақ әдебиетінің жанрлық жағынан баюына, көркемдік үлгілердің молаюына белгілі бір дәрежеде өз үлесін қосты деуге негіз бар.

Кеңес өкіметі ыдырап, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін қазақ мәдениеті мен әдебиеті жаңа сипатта, шынайы көзқараспен қайта зерттеліп, зерделене бастады. Кеңестік кезеңде ұлттық әдебиетіміздің толыққанды қарастырылмай, кенжелеп қалған қырларының бірі қазақ-араб әдеби қатынастары екені мәлім. Осыған байланысты белгілі ғалым М.О.Әуезов қазақ-шығыс әдеби байланыстары жайында сөз ете келіп, «...қазақ әдебиетінің шығыстық байланысының тек кейінгі уақыттарда ғана қолға алына бастағанын» айтады [2, 30]. Әйтсе де, қазақ әдебиетінің классикалық Шығыс әдебиетімен өзара сабақтастығы жөнінде қалам тартып, ой айтқан көрнекті әдебиетші ғалымдарымыз болды. Атап айтсақ, С.Талжанов, Б.Кенжебаев, Ә.Дербісәлин, А.Машанов, С.Қасқабасов, А. Қыраубаева, Ш.Сәтбаева, Ү.Сұбханбердина, М.Мырзахметов, Ә.Дербісалі, Ө.Күмісбаев, Н. Келімбетов, Б.Әзібаева, С.Төлеубаева және т.б. ғалымдардың есімдерін атауға болады.

Қазақ халқы мен басқа Шығыс халықтарының сұлулық пен парасаттылық, жақсылық пен ізгілік, сүйіспеншілік пен махаббат, кішілік пен кісілік туралы толғамдары мен пайымдауларының ұқсастығы әдеби үлгілердің аударылып берілуінің басты шарты деп түсінуге болады. Халықтардың жер шалғайлығы мен таным-түсінігінің, тілінің өзгешелігіне қарамастан, олардың рухани болмысының, жалпы дүниетанымының арасында айырмашылықтан гөрі жақындық мол. Жалпы табиғаты, жаратылыс болмысы шығыстық болғандықтан да, араб және қазақ халықтарының шынайы сезімді насихаттаудағы, қарапайымдылық пен сұлулықты әлпештеудегі ұстайтын бағыты, шығармадағы көркемдік шешімі ортақ.

Қазақ және араб мәдениетінің өзара байланысының басты себептерінің бірі қазақ жеріне ислам дінінің енуімен де байланысты болғанымен, халық арасына кеңінен тараған шығармаларда дінге қатысы жоқ, өзге де көркем шығармалар мол. Мұның өзі жоғарыда атап өткеніміздей халықтардың дүниетанымдық ортақтығы, жақсылық пен жамандыққа, ақ пен қараға деген көзқарасының жақындығынан болса керек. Дүниетаным мен түсініктің, талғамының жақындығы қазақ халқының арасына тараған көркем бейнелердің сипатымен де байланысты. Айталық, «Мың бір түн» ертегісі кейіпкерлерінің ішінде қазақ арасына кең тарағандары – Лұқпан хәкім, даңқты патша Һарун Рашид, қайырымды Атымтай жомарт және Әділетті Наушаруан (Ануширван). Қазақ ақындарының шығармаларында аталған дидактикалық сарындағы кейіпкерлердің әрқайсысының өмірі мен істеген іс-әрекеттері халыққа адамгершілік, ұлағаттық сияқты үлгі-өнегеге бағытталған жақсы қасиеттерді уағыздауға қызмет жасайды. Мәселен, Шалкиіз жыраудың «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны» атты толғауындағы:
...Ай, хан ием, сұраймын:

Тәңірінің үйі кебені

Ибраһим Халилулла жасапты,

Ғазірейіл – жан алмаға қасапты,

Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң,

Қисайғанды түзетсең,

Тәңірінің үйі бәйтолла,

Сұлтан ием қарсы алдыңда жасапты! –
деген үзіндіден жыраудың еліңе игі де қайырымды істер жасасаң, қасиетті Мекке қаласындағы Бәйтулла, яғни қағба қарсы алдыңда тұр емес пе деп, Темір биді райынан қайтаруға үгіттегенін көреміз [3, 41-42]. Мұндағы кебе сөзінің түп төркіні «қағба» екенін айта кету керек. Ал, «бәйтолла» сөзі араб тіліндегі «Алланың үйі» деген мағынада берілген.

Ақтамберді жыраудың “Күлдір-күлдір кісінетіп” толғауында:

Атымтай жомарт секілді

Атағым жұртқа білінсе! –

деп «Мың бір түн» хикаясын жетік білетінін білдірсе [3, 62 ], «Ей, азаматтар, шоралар» өлеңіндегі:

Мекені іздеп нетесің,

Мекеге қашан жетесің

Әзір Меке алдыңда,

Пейіліңмен сыйласаң,

Атаң менен анаңды, –

деген жолдардан жыраудың Ислам дінінің шариғатын жақсы білетіндігін және «Жұмақ – ананың табанының астында» деп келетін пайғамбар хадисін де осы өлең желісінде өргендігін бағамдауға болады [3, 65]. Осындай діни сауаттылық Үмбетей жыраудың толғауларында да көрініс береді. Мысалы, жыраудың Бекболат биге айтқан толғауынан, оның пайғамбарлар тарихы баяндалатын «Қисас-уль-Анбияны» жетік білетіндігі байқалады.

Мен пайғамбардан бастасам, –

Әңгімеге кетермін,

Едігеден бастасам,

Ертегіге кетермін [3, 75 ].

Он бес жасында даңқы шығып, Шал атанған, Тілеуке Құлекеұлы өлеңдерінің өн бойынан шығыстық дәстүрдің ізі айқын көрінеді. Әсіресе, Шал ақынның Ислам дінінің қағидаларын және мұсылман адамды имандылықтан айыратын нәпсі-дұшпанды көркем теңеулерімен шебер бейнелеген. Мысалы, ақынның «Пасыл да пасыл, пасылман» атты толғауындағы мына бір үзіндіден әдеби айшықты теңеулерді анық байқауға болады:

Нәпсің бір көкжал бөрідей,

Иманың бағлан қозыдай,

Егер тыю салмасаң

Иманыңды жеп кетер [3, 113]

немесе «Ашу – дұшпан, болғанда, нәпсі – жауың», «Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі» атты тағылымды өлеңдерінен ақынның имандылықты таза қазақи дүниетаныммен дәріптегенін зерделеуге болады. Иманды қойға, ақылды қойшыға, ислам дінінің мотиві нәпсіні бөріге теңеп, өлеңді поэтикалық айшықпен көркемдеп, адамшылықтан тек батыл, мықты болғанда ғана айрылмайсың деп насихат айтады.

Шал ақынның өлеңдерін саралай келе, оның Ислам шариғатына да жетік екеніне көз жеткіздік. Сондай-ақ, араб әдебиетінде кездесетін нәпсі мотиві де ақын өлеңдерінен орын алғандығы байқалады. Араб халқының әдеби мұрасы саналатын Құран Кәрімде, «Мың бір түнде» көп кездесетін Мекке мен Медине қалаларының аттары мен Қап тауы, Перғауын сияқты сөздерді көп қолданатынын бағамдадық. Оны ақынның «Құдая, құдіретіңмен сақтағайсың» атты өлеңінен:

Ойнағы жын-перінің Қап тауында,

Пенденің ойын, күлкі ден сауында,

Ер адам мақсатына жетпей қоймас,

Тілеуін алып өткен Перғауында [3, 116 ]

немесе «Мекке менен Медине жолдың ұшы» деп басталатын ақынның мына бір шумақ өлеңінен де көруге болады.

Мекке менен Медине жолдың ұшы,

Алыс сапар дейді ғой барған кісі,

Ата менен ананы құрметтесең,

Меке болып табылар үйдің іші [3, 128].

Бұл жерде ақынның діншілдікті емес, қазақ дүниетанымына сәйкес, алдымен, ата-ананы сыйла, құрмет тұт деген ислам қағидасын меңзеп тұрғаны аңғарылады. Сондай-ақ, Шал ақын араб тілінен де хабары барлығын білдіру мақсатында араб сөздерін өз өлең жолдарында орынды қолданып отырады. Мысалы, ақын «Бақ-дәулет, жеті мүният болса жолдас» атты өлеңін «Кун фаякун турджағун» сияқты араб тілінің тұрақты тіркесімен өрнектеген [3, 128]

ХІХ ғасыр қазақ даласы үшін қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгеріске толы кезең болды. Мұндай тарихи жағдайлардың халықтың рухани дүниесіне ықпал етері анық. Аталған кезеңде қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетіне Шығыс пен Батыстың әсері қатар келді деп айтуға болады. Бір жағынан, діні бір мұсылмандық Шығыстың рухани мұралары ел арасында кең тарап жатса, екінші жағынан Ресей патшалығы бодандықты қабылдаған аймақтарға өзінің діни миссионерлерін, жер аударылған зиялы қауым өкілдерін жібере бастады. Осы кезеңде қазақтардан оқып, білім алған Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сынды ұлы ағартушы тұлғалар тарих сахнасына шықты. Олардың халықты білімге, ғылымға ұмтылуға, басқа елдерден қалып қоймауға уағыздап, адамгершілік пен имандылықты насихаттау мақсатындағы істеген істері мен қалдырған мұраларының маңызы зор.

Өзінің әдеби мұраларымен қазақ-араб әдеби байланыстарына белгілі дәрежеде үлес қосқан ағартушыларға тоқтала кетейік.

Ыбырай Алтынсарин шығармаларының араб әдебиетімен байланысын саралап, қарастырар болсақ, оның жалпы Шығыс мәдениетінің негізі, мәйегі саналатын араб мәдениетімен жан-жақты таныс болғандығын әдеби мұраларын зерделей келе көз жеткіздік. Ы.Алтынсарин «Өсиет өлеңдер» атты өлеңінде адамзат баласының бір-біріне бауырмалдығын, олардың жұмылған жұдырықтай бір болуын:

Бәріміз бір адамның баласымыз

Жігіттер бір-біріңе қарасыңыз , –

деп насихаттай отырып, Құранда аттары аталатын пайғамбарлар: Дәуіт, Сүлеймен, Ілияс және Жүсіп пен оның жары Зылиха сияқты аңызға айналған тарихи кейіпкерлердің өмірлерін көркем әрі көне хикаялар негізінде дәл баяндауына қарағанда, ағартушының араб әдебиеті мен тарихын білгенін ұғуға болады.

Ыбырайдың «Мың бір түн» ертегісінен алып жазған әңгімесінің бірі – «Жомарт». Бұл әңгіме оның «Хрестоматиясында» жарияланады. Ел аузында кең тараған аңыздың түп негізі “Мың бір түнге” барып тірелетіні және оның екі жүз алпыс сегізінші түні айтылған әңгіме екені мәлім. Кезінде белгілі әдебиетші ғалым Ә.Дербісәлин де бұл әңгіменің «Атымтай жомарт» деген аңыздың негізінде шыққандығын айтқан [4, 158].

Қазақ әдебиеті мен араб әдебиетінің сабақтастығы туралы сөз қозғағанда, қазақтың бас ақыны Абайға соқпай өтуге болмайды. Қазақ және Шығыс елдері әдеби байланыстарын сөз ете отырып, біз Абай шығармаларының шығыстық тамырын, түп төркінін Ислам дінімен бірге келген араб мәдениетінің Орта Азия мен қазақ жеріне енуімен байланыстырамыз. Араб мәдениетімен бірге келген араб жазуы, араб тілі мен ислам діні, сол арқылы енген араб классикалық әдебиетінің үлгілерінің Абай дүниетанымына да қаншалықты ықпал еткені жайында да, оның шығармаларының Шығыс әдебиетімен сабақтастығы туралы да көптеген зерттеу еңбектер жазылды. Ұлы ақынның шығармаларындағы шығыстық араб әдебиетімен байланысы жөнінде іргелі мәселені ғылыми тұрғыдан зерделеу ісіне жол ашқан ғалым М.Әуезов болды. Содан бері Абай мұраларының Шығысқа қатысы жайында қазақтың бүкіл ғалымдары қалам тартқан десек артық айтқандық болмас. Ақын шығармаларының Шығыс әдебиетіне қатыстылығы жайында, әсіресе, М.Әуезов, З.Ахметов, С.Қасқабасов, М.Мырзахметов, Ө.Күмісбаев, А.Қыраубаева және т.б. ғалымдар нақтылы ғылыми еңбектер жазған.

Қазақтың ұлы ғалымы М.Әуезов «Әр жылдар ойлары» атты еңбегінде Абай мұраларын саралай отырып, «Тегінде, Абай шығармаларының барлық қор, нәрі үлкен үш арнадан құралады. Бұның біріншісі, ең молы – қазақтың халық әдебиетінің мұра-тумалары, екіншісі – Шығыс әдебиетінен келген және ең аз сезілетін белгілер, үшіншісі – Батыс әдебиетінің үлгі өрнектері» деп орынды атап өтеді [2, 199].

Енді сол классикалық мәдениетті айтқанда көз алдымызға әуелі араб халқының «Мың бір түн» ертегісі елестейтіні даусыз. Абай бұл классикалық туындының сюжеті негізінде “Әзімнің әңгімесі” поэмасын жазғанда, арабтың ертегі аңыз-әңгімелерін өңдеп, өз дүниетанымына, қазақ қоғамына орайластырып, қайта жырлағанын көруге болады. Шығарманың басында поэма сюжетін қайдан алғаны жөнінде ақынның өзі былай баяндап өтеді:

Бір сөзім «Мың бір түннен» оқып көрген,

Өлең қып сол сөзімді айтқым келген.

Болыпты ағайынды екі жігіт

Бағдатта Мұстапа мен Сапа деген [5, 140]

Берілген шумақтан ақынның шығармасын бастамас бұрын араб әдебиетіндегі қалыптасқан әдеби дәстүріне сәйкес автордың «ертегі» деп емес, «бір сөзім» бар деп өз жанынан қосқан кіріспе сөзінен басталғанын көреміз. Әрі қарай оқиғаның желісінен байқайтынымыз өзі жас, әрі қарапайым, он саусағынан өнер тамған зергердің ниеті арам, пиғылы бұзық, алаяқтың құрбанына айнала жаздағаны және зұлымдық ойлаушы жазасын осы өмірде тартатыны айтылады.

Абай туындысының «Мың бір түндегі» «Хасан зергер туралы әңгімеден» ерекшелігі Хасанды Әзім деп алып, « Әзімнің әңгімесі» атты поэма жасзады. Ол ертегіде орын алмаған баланың тәрбиелену оқиғасын қазақтың дәстүрі мен өзінің ағартушылық идеяларына сәйкестендіріп жыл санап өсіреді, медреседе оқытады. Сонымен қатар автор бұл поэмада кейіпкерлердің образдарын мінездерін, қасиеттерін өмірде кездесетін адамның жағымды, жағымсыз қасиеттерімен сомдайды. Айталық, «Мың бір түнде» кездесетін ғажамдық шал мүттәйімдік, жылпостық, зұлымдық әрекеттерін өте тапқырлықпен, қулықпен алдаумен жүзеге асырады. Поэмада ертегі композициясына сәйкес қайталаулар мен Шаһаризаданың монологы сияқты баяндаулар орын алмаған. Оның орнына шығарманың көркемдігін ашатын диалогтар, қазақ салтындағы үлкеннің кішіге ізетін, кішінің үлкенге құрметін білдіретін «шырағым», «балам», «ақсақал» тәрізді қаратпа сөздер қолданылады. Шығарма желісінде негізгі кейіпкердің бойындағы еңбексүйгіштік, тапқырлық сияқты қасиеттер шындыққа негізделген қосымша детальдармен үстеліп, автор дүниетанымына орай өзгеріске ұшыраса, поэмада ертегідегі кейіпкерге бір алтын сарай кез болып, онда екі сұлу қыздың шахмат ойнап отырғаны сияқты эпизодтардың сақталғанын көруге болады.

Абайдың бізге жеткен «Әзімнің әңгімесі» поэмасының бөлігі «Мың бір түн» ертегісінің назирашылдық дәстүр негізінде өлеңмен қайта жырланған туынды нұсқасы деп түсінеміз.

Шығыс аңыздарының бірінің негізінде жазылды деп айтылып жүрген ұлы ақынның «Масғұт» поэмасының да түп негізі араб аңызына барып тіреледі. М.Әуезовтің пайымдауынша, «Масғұт» поэмасындағы Масғұттың тіршілік еткен шаһары – Бағдат, Һарун Рашид халифтің тұсында болса керек. Араб әдебиетіндегі бұл шығарма Абайдың эстетикалық ой-пікірлерімен ұштасқандықтан, ақын қаламы арқылы қазақ жерінде қайта түлеген. Абай осы поэмадағы басты кейіпкер Масғұт арқылы өзінің қоғамдық, әлеуметтік көзқарасын, өмірден түйген түйіндерін әңгіме арқауына айналдырады. Белгілі абайтанушы ғалым М.Мырзахметов Абайдың “Масғұт” поэмасындағы бұл таңдауды жасаған мақсаты толық адам танымын таратуды кәдеге асыру деген ой айтады [6, 172]. Ұлы ақын жағымды образды жасағанда, оның ізгі қасиеттерінен үлгі, өнеге аларлықтай сомдап, өзінің идеялық-эстетикалық ұстанымдарын шығармада көркем суреттеген. Абайдың өлең өрнектерінде де шығыстық араб әдебиетінің үлгілері мен ықпалы байқалады.

Абайдың шығармашылығына Шығыс поэзиясының ықпалы болғанымен, ақын оларды өзінің ой өлшемінде таразыға салып, төлтума туындысына айналдырған. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Қызарып, сұрланып» өлеңдерін ақын шешен тілмен шеберлеп, сүйіспеншілік сезімдерді көркем көрсетеді. М.Әуезовтің «Әр жылдар ойларын» оқи отырып, Абайдың “күншығысым күнбатыс, күнбатысым күншығыс болып кетті” деген философиялық ойының мәнін ұққандай боламыз. Онда ұлы ақынның отыз жасына дейін Шығыстың классикалық әдебиетіне ден қойғанын, орда бұзар жастан өткен соң, орыс оқымыстыларының кітаптарын оқығанын, ал қамал алатын жасқа келгенде бүкіл дүние асты-үстіне шығып өзгергені айтылады [2, 45].

Абайдың шығармашылығын үлгі тұтып, Шығыстың классикалық поэзиясының қыры мен сырын еркін игеріп, қазақтың қара өлеңінің қасиетін жетік меңгерген, Абайды үлгі тұтқан Шәкәрім Құдайбердіұлы да араб әдебиетіндегі қос тармақты шумақта қолданылатын мәснәуи үлгісінің өлең құрылысына сәйкес өлеңдер жазды. Оның «Насихат» деген өлеңі арабтың классикалық поэзия жанрына еліктеп жазылған.

Шәкәрім араб әдебиетімен таныс болып қана қоймай, оның идеялық-көркемдік жағынан озық үлгілерін қабылдағандығы шығармашылық тәжірибесінен танылады. Философ-ақын шығармашылығының негізі қазақ халқын надандықтан құтқарып, имандылыққа, өнер білімге тарту еді. Оның шығармашылық қызметі тек ақындықпен, аудармашылықпен ғана шектелмейді. Шәкәрімнің әдебиет саласында ғана емес, тарих, философия тәрізді ғылымның басқа арналарында да құнды төлтума еңбектері жеткілікті. Ақынның, әсіресе, шығыстық тақырыптағы мұралары Кеңес дәуірінде зерттелмей, архивте ғылыми жұртшылыққа белгісіз күйінде жатты. Құдайдың бірлігіне, пайғамбардың хақтығына кеңестік кезеңнің өзінде күмән келтірмеген Шәкәрім Құдайбердіұлы араб әдебиеті мен ислам дінін өзі толғаған өлеңдерінің негізгі арқауы, желісі етіп алған деп санаймыз.

Шығыс мәдениеті мен Қазақстан, Орта Азия мәдениеттерінің бір-бірімен ықпалдасуында маңызды рөл атқарған Азия мен Африка ақын- жазушыларының 1958 жылы Ташкентте өткен тұңғыш конференциясы М.Әуезовтің баяндамасымен ашылуы да тегін емес. Ол өзінің кіріспе сөзінде жиынның мәні мен маңызын ашып көрсетеді. «Әдеби Бандунг» атанған осы конференция қарсаңында Қазақстанда Азия мен Африка ақын-жазушыларының көптеген өлеңдері мен әңгімелері қазақ тіліне (орыс тілі арқылы) аударылып, кітап болып басылып шықты. Солардың бірі «Азия, Африка ақындары» атты жинақ [7]. Бұл жинаққа аталған құрлықтағы елдерден Біріккен Араб Республикасы (Египет пен Сирия), Ирак, Алжир, Морокко, Тунис және Иран, Қытай т.б. елдердің қаламгерлерінің шығармалары енген. Осы орайда, Әуезовтің Азия, Африка ақындары жинағындағы алғы сөзінен мына дәйексөзді келтіргенді жөн көрдік: «Бұл жинақ біздің оқушылардың қалың көпшілігіне тосын, тың жинақ. Мұнда аты аталатын ақындардың көптен көбін біздің оқушы жете білмейді. Себебі бұл ақындар біздің Одақтағы туысқан елдердің жазушылары емес, дүниежүзілік Еуропалық әдебиеттерде аттары, шығармалары көбірек аталып, молырақ мәлім болатын жазушылар да бұл жинақта аса көп емес. Солай бола тұрса да, біздің оқушы барынша бейіл бұрып, көңіл-ойын аудара, ынтыға танысарлық жырлар, шығармалар осы жинақ ішіне молынан кірген дей аламыз» [7, 5].

Әлем әдебиетінде өзіндік орны мен қолтаңбасы бар М.Әуезов пен араб әдебиетінің арасындағы байланыстың тамыры тереңде деп санаймыз. Кешегі кеңес заманында араб әдебиеті десе апиын саналған діни әдебиет түсінілген тұста араб әдебиеті мен қазақ әдебиетінің арасындағы сабақтастық туралы көп пікір айтыла қойған жоқ. Керісінше көп зерттеулерде қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүрді батыстық әдебиетпен байланыстыру басым болды. Ал жалпы қазақ әдебиетінің дәстүрлі көркемдік сипатында араб әдебиеті мен мәдениетінің ықпалы, әсері мол болғандығы туралы деректер көп-ақ. Қазіргі егемен ел болып, тәуелсіздігімізді алған тұста, дініміз бен ділімізді түгелдеп, өз болмысымызды, дәстүрімізді саясаттың салқынынсыз жаңаша зерделей бастаған кезде, қазақ-араб әдебиеттерінің тарихи сабақтастығын, ықпалдастығын тереңірек зерттеу қажеттігі күн тәртібіне қайта қойылып, зерттеудің өзектілігін туғызды.

Абай мен Шәкәрім сусындаған Шығыстың көркем әдебиеті М.Әуезовтің өз шығармаларына да әсер еткен, кей дәстүрлі көркемдік үлгілер негіз болған деген ой түйеміз. Тереңірек үңілген зерттеушіге жазушы туындыларының машриқ әдебиетімен байланысты қырларын дәлелдейтін жақтары жеткілікті.

Тегінде, қазіргі қазақ әдебиеті үшін қайталанбас үлгі саналатын Мұхтар Әуезов шығармаларында шығыстық сарын айқын аңғарылады. Ұлы Абайдай заманынан асып туған тұлға туралы эпопея жазған кемеңгер жазушының өзі де адамзаттық мәдениеттен қанып сусындағандықтан да, шығыстық көркемдікті пайдаланбауы мүмкін де емес еді.

М.Әуезовтің көркем шығармаларында, әдеби зерттеу еңбектерінде шығыстық мотивтердің болуының өзіндік ішкі заңдылықтары бар екені дау туғызбаса керек. Бұл шығыстық сарындар тек суреттеу деңгейімен ғана емес, дүниетаным деңгейімен де тығыз байланысты. Біздің пайымдауымызша, Әуезовтің шығармаларындағы халықтық дүниетаным көздеріне шығыстық араб дүниетанымы, араб әдебиеті мен мәдениетінің әсері үлкен болған. Жалпы шығыстық менталитет пен Ислам діні көркем шығармалардың жазылу үрдісіне, образдар жасауға, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын бейнелеуде ортақ ізденістерге, ортақ тұжырымдар жасауға, көркем бейнелердің шығыстық типтік көрінісін кестелеуге алып келетіні даусыз. Көркем шығарманың негізгі ұлы мақсаты Адам тәрбиелеу десек, “атаның ұлы болмай, адамның ұлы бол” деген Абайлық мұраттан үлгі-өнеге алған М.Әуезовтың Шығыс шайырлары жүрген ізбен, кісілік пен кішілікті, имандылық пен махаббатты дәріптеуінің өзі үлкен ғибрат. Салғастырмалы әдебиет жайын теориялық тұрғыдан терең зерттеген ғалым М.Х.Маданова өзінің «Актуальные вопросы литературной компаративистики” деп аталатын зерттеу еңбегінде былай деп жазады: “Көрнекті де ірі әдеби дарындардың шығармашылығының генезисі белгілі бір ұлт әдебиеті көсемінің қандай да бір маңызды шығармашылық мәселені шешу кезінде басқа ұлт әдебиетіндегі мәнді құбылыстарға назар аударуын және оның өз туған әдебиеті үшін де көрнекті орын алуын қамтиды» [8, 63].

М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Талжанов, С.Ғылмани және т.б. тұлғалардан кейін қазақ-араб әдеби байланыстарының кең өріс алуына белгілі арабтанушы-ғалым Ә.Дербісәлі үлкен үлес қосып келе жатыр. Оның бүкіл шығармашылығына араб әдебиеті мен Ислам діні арқау болды десек асыра айтқандық болмас.Себебі профессор Ә.Дербісәлі қазақ-араб мәдени, әдеби қатынастарын зерттеу барысында екі халықтың мәдени сабақтастығына алғаш сүрлеу салған Әбу Насыр Әл-Фараби, Әл-Жауһари Әл-Фараби секілді жиырмаға жуық Фарабтан шыққан ғұламалар мен басқа да қазақ жерінен шыққан, әлемге танымал даналардың әдеби мұраларын араб елдерінен тауып, жариялауда үлкен еңбек сіңірді. Сонымен қатар автордың қаламынан туған «Араб әдебиеті», «Морокконың араб тілді әдебиеті», «Шыңырау бұлақтар», «Қазақ даласының жұлдыздары», «Ислам және заман» және т.б. ғылыми еңбектерінде таза араб әдебиеті мен қазақ әдебиетінің байланысы мәселесі жайында толымды талдаулар мен тұшымды тұжырымдар жасайды.

Профессор Ә.Дербісәлі қазақ-араб әдеби байланыстары мәселесіне де қалам тартқан. Кеңес заманында ғалымдар назарынан тыс қалған осы әдеби дәстүрді өркендету мақсатында екі халықтың қаламгерлері арасындағы орнаған достық қарым-қатынастар жайында да қалам тартқан.

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны мен қолтаңбасы бар Ә.Дербісәлі кешегі кеңес заманында араб әдебиеті десе апиын саналған діни әдебиет түсінілген тұста араб әдебиеті мен қазақ әдебиетінің арасындағы сабақтастыққа дәнекер болып, келешек арабтанушы ғалымдар үшін маңызды әдеби бағытқа жол ашты. Қазіргі егемен ел болып, тәуелсіздігімізді алған тұста, дініміз бен ділімізді түгелдеп, өз болмысымызды, дәстүрімізді саясаттың салқынынсыз жаңаша зерделей бастаған кезде, қазақ-араб әдебиеттерінің тарихи сабақтастығын, ықпалдастығын тереңірек зерттеу қажеттігі күн тәртібіне қойылған кезде ғалымның зерттеу еңбектерінің алар орны ерекше.

Жалпы әлемдік әдебиеттану ғылымын өркендетуде салыстырмалы әдебиеттанудың өзіндік рөлі мен маңызы бар. Әдеби байланыстың дамуы мен таралу идеясы ұлттардың бірін-бірі түсінуі үшін, ұлтаралық қарым-қатынастың орнығуы үшінде ерекше мәнді. Әдеби шығармалардың шығу төркінін анықтау сөз өнеріндегі компаративистиканың басталуындағы маңызды жайттарды аңғаруға мүмкіндік береді.

Шығыстық сюжеттер ретінде танылып жүрген көшпелі мотивтердің ішінен тек арабтың классикалық әдебиетіне ғана тән көркем сюжеттер мен сарындарды жеке бөліп, олардың қазақ әдебиетіндегі көріністері мен ықпалы айқын көрініс береді. Қазақ әдебиетінің көркем сөз шеберлерінің шығармаларына енген араб әдебиетінің көркемдік үлгілері мәтіндік талдау арқылы нақтылы мысалдармен дәлелденіп, қазақ әдебиетінің тарихы үшін қайталанбас үлгі саналатын қазақ қаламгерлерінің шығармаларында шығыстық сарындардың айқын аңғарылатыны нақтылы деректермен түсіндірілді. Бұл шығыстық сарындар тек суреттеу деңгейімен ғана емес, дүниетаным деңгейімен де тығыз байланысты.

Қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығындағы шығыстық, соның ішінде араб әдебиетінің ықпалы мен сөз саптау мәнерінің арабтық ерекшеліктерін Шығыстың рухани нәрінен сусындап өскенінен деп тұжырымдауға болады.



Ақындар шығармаларындағы тек тақырыптық қана емес, көркемдік үлгілерден де классикалық араб әдебиетінің ықпалын анық аңғаруға болады. Алланың нұр сипаты мен сұлудың пәк келбетін, айдай жүзін жырлаудан бастап, көркем шығармалардағы сөз саптауларда, образ жасауда аңғарылатын ерекшеліктер мен соны сипатты ашып көрсетуге ұмтылдық.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Конрад Н.И. Запад и Восток. – Москва: Наука, 1972. – 496 б.

  1. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы: ҚМКӘБ, 1959. – 556 б.

  2. Бес ғасыр жырлайды Т. 1. – Алматы: Жазушы, 1989.- 384 б.

  3. Дербісәлин Ә. Ыбырай Алтынсарин (өмірі мен қызметі туралы). – Алматы: Қазақстан, 1965. – 226 б.

  4. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т. 2.– Алматы: Жазушы, 1995. – 384 б.

  5. Мырзахметов М. Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары. – Алматы: Ғылым, 1982. – 296 б.

  6. Әуезов М. Алғы сөз // Азия-Африка ақындарының жинағы. – Алматы: ҚМКӘБ, 1958. – 388 б.

  7. Маданова М. Актуальные вопросы литературной компаративистики. – Алматы: Ғылым, 1999. – 268 с.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет