Қазақ әдебиетінің



бет10/20
Дата25.01.2017
өлшемі3,63 Mb.
#7708
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   20

* * *

Әбу Насыр әл-Фараби әдебиет теориясымен де жан-жақты шұғылданған ғалым. Әдебиет теориясы бойынша бірқатар келелі еңбектер жазғанын ғалым шығармаларының сақталып қалған тізімдерінен білеміз. Мәселен,

117

орта ғасырда өмір сүрген араб ғалымы Ибн Аби Усайбианың (1203—1270) айтуы бойынша, әл-Фарабидің өлең құрылысын зерттеуге арналған “Қалом фи аш-шеьер ва ал-қавофий” (“Өлең және ұйқас туралы сөз”) деген шығармасы болған. Әл-Фараби дәуірінде және одан кейінірек өмір сүрген бірқатар әдебиетшілер бұл еңбекті поэзия табиғатын зерттеуде теңдесі жоқ туынды деп жо-ғары бағалағаны мәлім. Өкінішке орай, ұлы ғалымның бұл шығармасы әзірше табылған жоқ.



Сондай-ақ Фараби еңбектерінің тізімінде оның “Өлең ырғағы туралы”, “Ырғақ пен өлең туралы сөз” және “Поэзия өнерінің негіздері туралы трактат” деп аталатын зерттеулері болғаны көрсетіледі.

Соңғы жылдары Әл-Фарабидің бұрын ғылымға белгісіз болып келген аса құнды бір шығармасы Братислава (Чехословакия) университетінің кітапханасынан табылды. Арабша жазылған бұл ғылыми еңбек “Китаб аш-шеьер” (“Өлең кітабы”) деп аталады. Бұл шығарманы араб тілінен өзбек тіліне аударып, оған алғы сөз, ғылы-ми түсініктер жазып, жеке кітап етіп шығарған белгілі өзбек ғалымы А. Ирисов болды1.

Әл-Фарабидің “Өлең кітабы” көлем жағынан шағын ғана туынды, оны тіпті кітап емес," мақала деп атаған жөн шығар. Мүмкін мұнын, өзі алғашта көлемді шығарма күйінде жазылған болуы да ықтимал. Кейінірек белгілі бір себептер әсерімен кітап көлемі әдейі қысқартылып, бізге тек тезис күйінде жеткен болуы да ғажап емес.

Фарабидің бұл зерттеуі жеке кітап күйінде сақталмаған. Ұлы ғалымның он екі бөлімнен тұратын логика саласындағы кітабының ішіне қосылып, сонымен бірге түптелген екен.

Фараби өзінің “Өлең кітабын” мынадай сездермен бастайды: “Біз поэзиясымен хабардар болған көптеген халықтарға қарағанда арабтар өз поэзиясында бәйіттің соңғы жағына көбірек мән береді. Сол үшін де араб бәйіттері белгілі бір өлшемдегі шектелген сөздермен толықтырылады әрі көркемделеді, мұның өзі оларда сирек қолданылатын яки көпшілікке мәшһур болған сөздерді пайдалану арқылы іске асады. Жоғарыда аталған бәйіттердегі сөздерден туындайтын мән-мағына осы әңгіме болып отырған нәрсе мен оқиғаларға ұқсайтын еліктеу болуы керек.

1 Абу Насыр Форобий. Шеьер саньати. Тошкеит. 1979.

118


Мұндай жағдайда қолданылатын сез тіркестері ырғақты, белгілі бір бөлшектерге жіктелген болуы керек, тіпті ондағы әрбір ритм, ырғақ, буын, бунақ саны да шектеліп тұруы шарт.

Өлеңнің әрбір ритмінде қолданылатын сөз бөлшектері тәртібінің де өзіне лайықты шекарасы болады.

Өлең шумағының әрбір буын, бунағындағы ритм тәртібі мен өзге шумақтағы тәртіп өзара үндесіп жатуы керек. Міне, осы жоғарыда айтылған шарттардың орындалуы нәтижесінде, өлеңнің әрбір құрамдас бөлігі оқылған кезде өзара бір мезгілде оқылады. Әрі біркелкі болып шығады. Әрбір ырғақта қолданылатын бәйіт сөз-дерінің де белгілі бір тәртібі, шекарасы бар. Мұнда бәйіт сөздерінің соңғы жағы да шектелген: Не дыбыстар дәл өзіндегідей яки оны дауыстап оқығанда тен, келетін сөздер болуы керек.

Бәйіттегі сөздер де әңгіме не туралы айтылып жатқан болса, соған ұқсас етіп, бейнелі түрде айтылуы тиіс. Сонымен бірге бәйіттердің бір-біріне үндес болуы да талап етіледі.

...Алайда грек шайыры Хомердің (Гомер — Н. К.) етістік қолдануына қарасақ, ол өз жырларында өлең жолдарындағы соңғы сөздердің сәйкес келуіне мән бермейді...”1.

Фараби осы еңбегінде “бәйіт сөздерінің соңғы жағы да шектелген” деген пікір айтқан. Оның мәнісі: өлеңнің соңы бірінші тармақта қалай келген болса, екіншісінде де солай келуі керек деп түсіну қажет. Бұл арада Фараби өзара ұйқасатын сөздер туралы әңгіме қозғап отырған сияқты. Өйткені мұндай жағдайда тармақ соңындағы әріптер, дыбыстар ұдайы бірдей болып келеді, әсіресе соңғы буындар солай болады.

Сонымен бірге, Фараби “бәйіттегі сөздер де әңгіме не туралы айтылып жатқан болса, соған ұқсас етіп бейнелі түрде айтылуы тиіс” дейді. Орта ғасыр философтары табиғатағы әрбір құбылыстың әсері қоғамдық өмірде де сол күйінде қайталанып, өз көрінісін тауып отырады деп түсінген. Сондықтан табиғат пен қоғамдық өмірдегі құбылыстарды жырлаушы ақынды олар “Табиғатқа еліктеуші” деп атаған. Алайда бұл арада Фараби көркем сөз өнеріндегі ұқсату-теңеу жөнінде айтып отыр. Демек, сол өмірдегі әрбір оқиға тек теңеу жолымен,

Бұл да сонда, 13—14-беттер.

119

образ арқылы ғана оқырманға жетеді деген пікірді меңзеп айтып отыр.



Әбу Насыр әл-Фараби өзінің “Өлең кіабында” поэзияның бірқатар теориялық мәселелеріне — өлеңнің, композициялық құрылысына, шумағына, өлшеміне, ұй-қасына, т. б. шолу жасай келіп, жырдың барлық компоненттері ақынның айтайын деп отырған ой жүйесіне лайық, орынды болу керек деген түйін жасайды. Жақсы өлеңде қашанда басы артық, оғаш тұрған шумақ, тармақ болмайтынын ескертеді.

“Өлең кітабында” автордың айтпақ болған басты пікірі — өлеңнің ішкі мән-мағьшасы мен сыртқы тұлғасы өзара қабысып, логикалық тұрғыдан үндесіп тұруы тиіс. Поэзиялық туындының әрбір буыны, бунағы, ұйқасы, үні, өлшемі т. б. бір-бірімен үндесіп, дәлме-дәл келіп жатқанда ғана ол оқырманның ойынан шығады. Дарынды шайыр құдды шебер үста секілді. Қарапайым сөздердін, өзінен-ақ тайғажайып өрнектер жасайды.

Фарабидің әдеби мүрасын игеруде оның кейінгі кезде табылған “Өлең кітабын” жан-жақты зерттеп, оқып үйренудің мәні зор.

Әл-Фарабиді өлең табиғатын терең зерттеуші ғұлама-ғалым ретінде танытатын шығармаларының бірі —“Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат” больш табылады1. Мұны Лондондағы үнді диуаны (Хиндиан офис) кітапханасынан белгілі Шығыстанушы- ғалым Артур Арберри 1937 жылы тапқан болатын. Бұл зерттеу Аристотельдің “Поэтика” атты еңбегінің ықпалымен жазылғаны мәлім. Әрине, “Поэтикада” сөз болатын көне грек әдебиетінің жанрларымен, терминдерімен, өлең өлшемдерімен т. б. жақсы таныс болмаған адамға Фараби трактатын бірден түсініп оқу қиын. Сол үшін біз өлең өнерінің қағидаларына арналған зерттеудің кейбір тұстарына өзімізше түсінік бере кетуді жөн көрдік.

Әл-Фараби езінің “Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат” деген еңбегінде ұстазы Аристотельдің “Поэтика” атты зерттеуіне сілтеме жасай отырып, өлең жазудағы ақындық шеберлік пен өнер жайында ғылыми ой-пікірлер айтады.

Фараби поэтикада екі түрлі кұбылыс бар деп біледі. Олардың бірі — софистика, ал екіншісі — еліктеу. Ғалым бұл екеуі төркіндес емес, қайта олар бір-біріне

Сөзстан (Екінші кітап). Алматы, 1980, 8— 14-беттер.

120


қайшы келетін ұғымдар, екеуінің мүддесі де екі түрлі екенін ерекше атап көрсетеді: “Софист тыңдаушы санасында болмыстан тыс, оған қайшы қайдағы бір елес туғызады, сондықтан ол бар нәрсе жоқ, жоқ нәрсе бар деп ойлайды, ал оған қарама-қарсы еліктеуші тыңдаушы-сына үйлесімге орай ой түюге жетелейді. Оған сезім шарапатын тигізеді”.

Фарабидің ақындық ой қорыту, өлең өлшемі мен мазмұны жайындағы пікірлерін айқынырақ аңғару үшін трактатты одан әрі оқи түсейік: “Ақындық түйіндеуді өлшеміне, яки мазмұнына қарай топтау мүмкін. Өлшеміне қарай топтау әуенділікке немесе екпінге, тұжырымдау қай тілде екеніне байланысты, сонымен қатар музыка-ның деңгейіне де қатысты. Мазмұнына қарай ғылыми тұжырымдау, тап басып болжау, поэзияны талдаушының, поэтикалық мәнді зерттеушінің, әр түрлі халық поэзиясы мен оның' әрбір мектебін білетіндердің харекетіне кіреді”1.

Міне, Фараби осы жәйіттерді айта келіп, ежелгі араб және парсы өлең-жырларын зерттеушілер бұл халықтардың поэзиясын сатира, поэтика, айтыс, комедия, газель, жұмбақ, тағы басқаларға белетінін ескертеді. Сонымен бірге, Фараби өзі өмір сүріп отырған дәуірде және көне заманда көптеген халықтардын шайырлары фабула мен өлшем арасына шек қоймағанына оқырман назарын аударады. Поэзиядағы мұндай жағдайдан тек ежелгі гректер ғана тыс тұр деп көрсетеді. Өйткені гректер әр-бір ақындық тақырыпқа ерекше өлшем қолданған.

Сөйтіп, әл-Фараби грек поэзиясын төмендегідей топқа беліп сипаттайды, олар: трагедия, дифирамбы, комедия, ямб, драма, эпос, диаграмма, сатира, поэма, риторика, амфигеноссос (космогония), акустика.

Әрине, бұл айтылған өлең формалары бүгінгі әдебиетке әбден орныққан әдеби жанрларға айналғаны мәлім. Алайда Фарабидің айтуы бойынша, кезінде мүның бәрі өлеңнің тұр-тұлғасы қызметін атқарған.

Фараби грек поэзиясына тән осы өлең түрлерінің әрқайсына өзінше анықтама береді. “Трагедия дегеніміз — арнайы өлшемі бар, бәріне тыңдаушыға һәм айтушыға да ләззат беретін поэзия түрі. Онда еліктеуге тұрарлық, үлгі алар орайлы оқиға бар: онда билеушілер мен шаһар манаптары марапатталады. Орындаушылар

Сөзстан (Екінші кітап). Алматы, 1980, 11—14-беттер.

121


әдетте оны патшазадалар алдында келістіріп айтып береді. Егер патша өлсе, олар трагедияның орнына кейбір әуен қосып, марқұмды жоқтайды.

Дифирамбы — трагедиядан екі есе артық өлшемі бар поэзия түрі. Онда да жалпы бекзаттар жайлы, марапаттарлық мінез, адамзатқа тән ізгі жайлар айтылады. Дифирамбыда да көбінесе қайсыбір патшаларды мақтауға талпынады, бірақ негізінен жалпы ізгі істер тілге тиек етіледі.

Комедия болса ерекше өзіндік өлшемі бар поэзия түрі. Оған кейіпсіз, келеңсіз жайлар арқау болып, жеке адам мінез-құлқының көлеңкелі көріністері шенеледі. Кейде адам мен хайуанға тән құлықтың, сонымен қатар сыртқы ұсқынсыз тұрпаттын, нышандары келемежделеді.

Ямб — ерекше өлшемі бар жыр түрі. Онда жалпыға мәлім жағымды, жағымсыз жайлар айтылады, ен, бастысы, ол көпшілікке кеңінен аян болуы тиіс: мәселен, мақалдар. Жырдың бұл түрі тайталас бәсеке мен соғыста, ашу мен беймазалық үстінде қолданылады.

Драма — алдыңғы тұр сияқты, оған жеке есімдерге қатысты мақалдар мен қанатты сөздер кіреді.

Эпос — мейлінше көркем немесе әдеттен тыс эмоциялық күшімен ләззат беретін поэзия түрі.

Диаграмма — зан шығарушылар қолданатын поэзия түрі. Онда адамдар жанын күтіп тұрған бақи бақытсыздық бейнеленеді (егер олар бейәдеп һәм шектен шыққан болса).

Эпика мен риторика — ежелгі басқару мен заң формаларын жырлайтын поэзия түрі. Бұнда патшалардың парасаты мен ерлігі, жорықтар мен бастан кешкен қызықты жайттары айтылады.

Сатира дегеніміз — музыканттар ойлап тапқан поэзия түрі. Осы өлшемді олар әндеріне пайдаланып, сол арқылы жабайы хайуандарға әдеттегісіне ұқсамайтын сан алуан қимыл жасатады.

Поэма да — сүлулық пен тұрпайылықты, жүйелік пен бей-берекеттікті жырлайтын поэзия түрі. Осы орайда, әр поэзияның түрі өзі жырлайтын затқа — сұлулық пен әдемілікке, келістілік пен ұсқынсыздыққа сәйкес келеді.

Амфигеноссос — жаратылыс ғылымдарын баяндайтын оқымыстылар ойлап тапқан поэзия түрі. Поэзиянығ барлық түрінен өлең енеріне дәл келетін ең сәттісі осы.

Акустика — шәкіртті музыка өнеріне үйрететін поэзия

122

түрі: онын, пайдалылығы осымен шектеледі, өзгеге онша қажеті жоқ1.



“Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат” атты осы шығармасында Фараби ақындарды үш топқа қарастырады, әрі әрбір топқа өзінше сипаттама береді. Бірінші топқа Фараби табиғи дарыны мол, тамаша теңеулер табуға мейлінше бейім, бірақ өлең өнерінің сын-сипатымен, яғни теориясымен онша таныс емес ақындарды жатқызады. Ал, енді екінші топтағылары — өлең өнері-мен толық таныс ақындар, олар өлең жазу қағидасына да, бейнелеу құралдарын қолдануға да шебер болып келеді. Үшінші топтағылар — жоғарыда аталған екі ақындық топқа еліктеушілер деуге болады. Бұлардың әлі өзіндік жазу мәнері толык қалыптасқан емес.

Сонымен Фараби біз әңгіме етіп отырған шығармасында ежелгі дәуірдегі араб, парсы және грек поэзиясының тарихы, тақырыбы, композициялық құрылысы, өлшемі, шумағы, ырғағы, тармағы, буыны, бунағы, ұйқасы, тұр-тұлғасы, т. б. мәселелерін әдебиетші-ғалым ре тінде жан-жақты зерттейді.



* * *

Әбу Насыр әл-Фараби — өз дәуірінің көрнекті ақындарының бірі. Бұл жөнінде әл-Фараби замандастары және одан кейінірек өмір сүрген щығыстың көрнекті ақындары, әдебиетшілері және тарихшылары көптеген мәліметтер жазып қалдырған. Мәселен, белгілі араб тарихшылары Ибн Аби Усайба (1203—1270) және Ибн Халликон (1211 —1282) өздерінің еңбектерінде әл-Фарабидің араб, парсы тіліндегі жазылған жырларынан үзінділер келтірген.

Мұндай өлеңдерінің бірқатары бертінде жарық көрген әдеби жинақтарға енгізілген. Сол жырлардың бірінде мынадай жыр жолдары бар (Біз баспахана мүмкіндігін ескеріп, парсы сөздерін қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген әріптермен транскрип ция жасадық):

Әсрари уәжуд хам уә напухтә биманд,

Уан гауһари бәс шәриф насуфтә биманд.

Хәр кәс бәдәлили ақил чизий гуфтәәд

Ан иуктәки әсіл бұд нагуфтә биманд.

Мазмұны: “Барлық ой-сырларым шикі күйінде, түйінделмей, пісіп-жетілмей қалып барады. Бұл қымбат гауһар өнделмеген

Сөзстан (Екінші кітап)^ Алматы, 1980, 11—12-беттер.

123


(тесілмеген) күйінде, кәдемізге жаратылмай қала берді. Жүрек сыры жайында әркім өз ақыл-парасаты жеткенше бірдеме айтқан болды. Әйтсе де айтылуға тиіс ең басты пікір — айтылмай, нүкте қойылмай қалып барады”.

Тағы бір өлең жолын мысалға келтірейік:

Ей, ан ки шума пийру жәван дийдарид,

Әзрәқ пушони ин кухән деварид.

Тифли зи шумо дар бәри ма махбусаст

Ура бәхалис химмәтн бигумарид.1

Мазмұны: “Ей, көзге көрінген қарттар мен жастар! Мына өмір қорғанының көк киімділері! Сіздердің бір балаңыз бізде сырқат болып жатыр. Сіздер оның науқасынан сауығып кетуіне жәрдем беріңіздер, демеу болыңыздар”.

Кезінде араб тарихшылары Ибн Халликон жазып қалдырған Фараби бәйіттерінің бірнеше шумағын жолма-жол аударып беруді жөн көрдік:

Бауырым, сен теріс жолға түскен жандарға ерме,

Олардан аулақ жүр, қашанда әділдік жағында бол.

Бұл дүние — біз мәңгі тұратын мекен-жай емес,

Әлемде ешкім елімді жеңе алмады.

Адамдар әлде құмға түскен із бе екен?

Біз соншалықты дәрменсіз болғанымыз ба?

Бір рет самал соқса-ақ бәріміз,

Мына өмірден ұшты-күйді жоғалып кетеміз бе?

Адамға бір сәттік қысқа ғұмыр берілгең,

Сол қас қағымдай сәттің өзін кеп керіп,

Адамдар бірін-бірі жегідей жейді,

Бірін-бірі азапқа салып қинайды.

Түкке тұрғысыз атақ-даңққа таласып,

Қашанға дейін бір-бірімізді азаптай береміз?

Одан гөрі көк-тәңірісіне жалбарынып,

Өліп кеткеніміз жақсы емес пе?

Сөйтіп, ақыл-парасат пен оқу-ағарту ісінің жалыкды күрескері болған Фараби зорлық-зомбылық атаулыға барынша қарсы шықты. Осы идеяны өз жырларына арқау етті. Ақынның гуманистік тұрғыдан айтылған ой-пікірлері бүгінгі оқырманды да таңдандырып, сүйсіндіреді.

Фараби табиғатты танып білу мәселесіне материалистік тұрғыдан қарады. Ғұлама-ғалым, өнер мен білім қамқоршысы, озат ойлы азамат десек те Фараби өз заманыныи перзенті еді. Ол діннің 124

қара түнегі қаптап тұрған орта ғасырлық Шығыста өмір сүріп, еңбек етті. Діни идеология үстемдік еткен дәуірде жазылған Фарабидің өлең-жырларына мұның бәрі әсер етпеуі мүмкін емес еді. Мәселен, Фарабидің араб тілінде жазылған бір өлеңінің мазмұны мынадай болып келеді: “Ей, барлық нәрселердің себепшісі! Мына әлемдегінің бәрі сенің нұрыңнан жаралған. Сен өз құдіретіңнен қабат-қабат аспанды жараттың, сол аспандар ортасында Жер мен теңіздерді жараттың. Міне, осы Жер мен теңіздер күллі әлемнің кіндігі, орталығы. Тәңірім, сен осылардың бәрінің иесісің. Ал, мен сенен пана іздеп келген бір күнә-кәр пендемін. Мендей күнәкәріңнен кемшілік кеткен болса, ғафу ет, кешір! Сен өз күдіретіңмен табиғат лен элементтердің (унсур) былғанышты кір-қоқыстарынан менің жан-тәнімді тазала”.

Фарабидің пайымдауы бойынша, ондай кезде адамдардың табиғатын жамандық элементтері билеп алады. Мұндайда адамдар бұзылып, адамгершілікке мүлдем жат, жиіркенішті мінез-құлық керсетеді. Бұл өлеңінде ақын “мені сондай кір-қоқыс элементтерден тазарта гөр” деп құдайға жалбарыньш отыр.

Орта ғасырда өмір сүрген арабтың мәшһур шайырлары мен тарихшыларының еңбектерінде әл-Фараби көп өлең жазған деген пікір айтылады. Белгілі шығыс-танушы Е. Э. Бертельс те осындай қорытынды жасайды1. Бірақ оның жырлары сақталмаған. Бізге Фарабидің бірнеше өлеңі ғана мәлім.

Әл-Фараби өлеңдерінің негізгі тақырыбы — өмірдің мән-мағынасы жайлы толғау, оқу мен білімді мадақтау, адамгершілікке шақыру.

Ақынның мына бір жырынан Фараби поэзиясының бағыт-бағдарын, тынысын айқын сезінуге болады.

Қашықтасың туған жер — қалың елім,

Ие бір жүйрік болдырып жарау деген,

Шаршадым мен

Қанатым талды менің

Шадыт жолға сарылып қарауменнен.

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,

Қасіреттің жасына көз жуынар.

О, жаратқан, көп неткен ақымағың,

Кұм сықылды тез ысып, тез суынар.



1 М. Иброхимий адабиёти Эрон, Боку, 1922, 9-бет.

1 Е. Э .Бертельс. Избранные труды. М., 1960, с. 113.

125


Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,

Әкімдікке күллісі жүгіреді.

Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,

Жаным менің түршігіп, түңіледі.

Қайтейін мен көкжиек көңілімді.

Келер күнге үмітпен жол ашамын.

Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді,

Соны медет етеді болашағым.

Бір шөлмекте көк сия толып тұрса,

Екіншіде — шарап бар жайы мәлім.

Даналықты сиямен толықтырсам,

Шарабымен шерімнен айығамын1.

Әл-Фараби тағы бір өлеңінде бұл ғұмырдың мәңгі еместігін айта келіп, жастық жүректің жалынын осы өмірдің игілікті істерін атқаруға жұмсау керектігін аңғартады:

Бауырым, қанша сүйгенмен,

Өтеді өмір күйбеңмен.

Шындыққа бас тік алаулап,

Пенделіктен бол аулақ.

Жататын дәйім жаңғырып,

Бұл ғұмыр емес мәңгілік.

Бейопа мына заманда,

Бақұл боп кетер адам да.

Жұрт кілең күнін көп қызық.

Жіберер зая өткізіп.

Қағаздың түсіп бетіне,

Сызықтай бейне тартылған

Тап болып, жігер сарқылған,

Кездейсоқ өмір өтіне.

Қайыспай тұрса нар тұлғаң

Сонда да беріп кетеміз,

Жүректің отын молында

Арманды аңсап өтеміз

Біз ұлы мұрат жолында.

Төмендегі өлең жолдары әл-Фарабидің ақындық тұғырынын, да биік болғандығын толық дәлелдейді:

Тамылжып бал тыныштық айналамнан,

Тылсым түнге құшағын жайған далам.

Мен жатырмын ұйқысыз жапа-жалғыз,

Жанымды ой жарығы аймалаған.

Аққан жұлдыз құласа кейде егер,

Сенің нұрлы бейнеқ боп кеудеме өнер.

Әлдеқайда ғайыптан ынтызар ғып,

Өміріме бір ғажап сәуле берер.

Аударған А. Нысаналин.

126

Үнің жетер жаңғырып жырақтан ең,



Сезініп мен деміңді гүл атқанмен,

Оның өзі бір-ақ сәт... содан кейін,

Мұңды әуенді жалғаймын бірақ та мен...

Тіршілікте құрыштай бол төзімді,

Сан мәртебе алдаса да өзіңді.

Тағдырыңды еш уақытта жазғырма,

Тіпті кейде болса әзәзіл азғырған.

Өрге жүзген өнегелі ісімен,

Таңда адал дос өз теңінің ішінен.

Жүргендер көп достық атын малданып,

Алайда тек қалма оған алданып.

Әрине, әл-Фараби өмір сүрген дәуірде үлкен ғалымдардың өлең де жазуы өзінше бір әдетке айналып кеткен салт, дәстүр болған. Мәселен, Фарабидің замандасы, ұлы ғалым, медицина ғылымының негізін қалаушылардың бірі Әбу Әли ибн Сина, энциклопедист-ғалым Бируни, ұлы математик әл-Хорезми т. б. кезінде азды-көпті өлең-жыр жазумен де айналысқан. Бірақ орта ғасырдың әдебиет зерттеушілері мен тарихшылары поэзия мәселесін сөз өткенде көбінесе дерлік әл-Фарабидің есімін қайталап отырады Өкінішке орай, Фарабидің поэзиялық мұрасы біздің дәуірімізге дейін толық сақталмады. Әйтсе де саусақпен санарлықтай азғана жыр жолдарының өзінен оның зор шабытты, кең тынысты, терең ойлы, нәзік сезімді, дарынды ақын болғанын аңғару қиын емес.

ОРТА ҒАСЫР ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ӘЛ-ФАРАБИ

ТУРАЛЫ ОЙ-ШКІРЛЕРІ

Әбу Насыр әл-Фараби туралы сол кездегі көптеген авторлар өздерінің ой-пікірлерін жазып қалдырған. Ұлы ойшыл Әбу Әли ибн Сина (980—1037), тарихшы-ғалымдардан Захируддин әл-Байхакий (1169 жылы қайтыс болған), Жамолуддин ибн әл-Қифтий (1172—1248), Ибн Әби Усайбиа (1203—1270), Ибн Халликон (1211 — 1282) сияқты атақты ғалымдар өз шығармаларында ұлы философ Әбу Насыр әл-Фараби женінде кейбір мәліметтер беріп кеткен. Белгілі шығыстанушы-ғалым А. Ирисов солардың бірқатарын араб тілінен өзбекшеге аударып жариялаған екен1. Біз соны өзбек тілінен қа-



1 А. Ирисов. Форобий адиб. Тошкент, 1975, 35—45-беттер.

127


зақшаға тәржіма жасап, оқушыларға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Әбу Әли Мен мантиқ (логика), жаратылыстану және

ибн Снна: риезиет (математика, геометрия) ғылымдарын жақсылап меңгердім. Сосын теологияны оқып үйренуге кіріскенімде Аристотельдін. “Метафизика” кітабын оқыдым. Бірақ онда не жазылғанын оқып түсіне алмадым. Бұл кітапты жазған кісінің мақсаты маған құпия болып қала берді. Тіпті оны қырық рет қайталап оқып шықтым. Бұл кітапты тіпті жаттап та алдым. Бірақ соның өзінде, мен оны түсіне алмадым. Ақыры одан үмітімді үзіп, бұл түсінуге болмайтын кітап екен деген қорытындыға келген едім.

Бір күні бесін намазы кезінде кітап сатушыларға бардым. Онда бір делдал мұқабалы бір кітапты қолына ұстап алып, мақтап тұр екен. Ол мені қасына шақырып, маған кітапты көрсетті. Сонда мен бұл ғылымды білудіқ пайдасы жоқ деген оймен әлгіні жақтырмай, алмайтынымды айттым. Делдал маған: “бұл кітапты ал, бағасы арзан — үш дирхам, кітаптың иесі ақшаға мұқтаж”— деді. Осылайша кітапты мен сатып алдым. Қарасам, ол Әбу Насыр әл-Фарабидің “Метафизика” кітабының мақсаты жайында жазылған шығармасы екен. Үйге келген бойда оны оқуға кірістім. “Метафизика” ойымда жатталып қалғаны себепті сол сәтте-ақ кітап-тың мазмұнын түсініп алдым. Бұған қатты қуанып кеттім. Мұндай кітаптың табылғанына шүкіршілік жасап, ертеңіне-ақ кедейлерге біраз нәрсе садақа бердім.



Захируддин Шейх Әбу Насыр әл-Фарабидің аты

әл-Байхакий- Мұхаммед ибн Тархан болып, шыққан

тегі Түркістанның Фараб деген жерінен екен. Бұл кісі “Муаллим ас-Саний”—“Екінші ұстаз” деген лақап есім алғаи. Ислам ғалымдары арасында одан бұрын мұншалықты ақылы алғыр адам болмаған

еді.

Әбу Насырдың көп трактаттары болған. Мен Рай шаһары бастығының кітапханасынан бұл кісінің шығармаларын көрдім. Сол жерде мен Әбу Насырдың небір шығармаларын көрдім, тіпті ондай кітаптар жайында ешқашан естімеген де екенмін. Тағы бір айта кететін жәйіт, керген кітаптарымның көпшілігі Әбу Насырдың өз қо-лымен жазылған яки оның шәкірті Әбу Закария Яхия ибн Адидің қолымен көшірілген еді.



...Ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби айтқан екен:

128


Кімде-кім хикмат (философия, даналық) білімін оқып үйренуге кіріспек болса, ол ен, алдымен жас болуы, ниеті дұрыс, әдепті, қайырымды адам болуы керек. Ондай кісі адамдарға мейірімді, таза, адал болуы, азғын қылықтардан: күнә, қиянат, зұлымдық пен аярлықтан таза болуы тиіс. Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламауы қажет. Хикмат біліміноқып үйренуге кіріспек болған адам білімді де, ғалымдарды да құрмет тұтатын кісі болуы шарт. Ондай кісі ғылым адамдарынан басқа ешбір нәрсені қадірлейтін болмауы керек.

Білімді кәсіп, өнер етіп алмауы керек, әрі оны мал-дүние табу құралы етіп жібермеуі қажет.

Кімде-кім мұны керісінше істейтін болса, онда ол көзбояушы саналады.

Жалған ақша таза ақша есептелмейтіні сияқты, жалған сөз ешқашан мәнді сөз болмайды.

Егер мінез-құлқы біз айтқандай емес, теріс мінезді кісі болса, ол ешқашанда ғалымдар қатарына қосылмайды.

Ағаштың өсіп-жетілгенін бұтақтағы жемісіне қарай бағалайды ғой. Сондай-ақ адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-кұлыққа байланысты.

Кімде-кім өзін өз дәрежесінен жоғары көтермек болса, ондай адамның өсу жолына тосқауыл қойылады.

Жамолуддин Әбу Насыр әл-Фараби Мауараннахрдағы түрлік

иби әл-Кифтий шаhарының бірі болған Фарабтан шыққан философ. Бұл кісі мұсылмандардан шығып, әлемге танылған данышпан саналады. Ол Иракқа барып, Бағдад шаһарында тұрып қалады. Әбу Насыр бұл қалада хикмат білімін үйренеді. Осы жерде Әбу Насыр сол дәуірде теңдесі жоқ адам болып шығады. Логикаға қатысты кітаптарды зерттеу және оларға түсініктеме жазуда көп іс тындырды. Логиканың қиын тұстарын айқындай түсті, көпшілікке түсініксіз болған жасырын сырларын ашты әрі бұл ғылымнан пайдалану әдістерін жеңілдетті. Ол өз шығармаларында логикадан пайдалану үшін түсінікті сез тіркестерін, астарлы меңзеу сөздер қолданып отырды. Тіпті ол логиканы түсіндіру, үйрету және талдау жасаудағы әл-Қиндий, тағы басқалар жіберген олқылықтарды да атап керсетті.

...Әбу Насырдың бұдан басқа “Ихсо ал-улум ва ат-5—93 129

таьриф”— “Ғылымды меңгеру және оныц мақсатын түсіндіру” туралы жазылған құнды кітабы бар. Мұндай шығарма жазуда осы кезге дейін Әбу Насырдан ешкім озып кеткен емес. Тіпті бұл секілді ой-пікірлерді оған дейін әлі ешкім айта алмаған, ол кісі шыкдан биікке ешкім көтеріле алмаған еді. Дамып келе жатқан ғылым-дардың барлық салалары да оның салған дұрыс жолынан пайдаланды деуге болады.

Әбу Насырдың Афлотун (Платон) және Аристотель философиясындағы идеяларға арналған кітабы оның философия саласындағы аса көрнекті ғалым екенін әрі философия пәнін терең меңгергенін дәлелдеді. ...Мен философияны үйренушілер үшін одан (“Фараби кітабынан.—Н. К.) пайдалырақ бірер кітап бар деп ойлаймын. Бұл шығарма барлық ғылым салаларына ортақ әрі осы еңбек арқылы басқа ғылым салаларының өзіне тән мән-мағыналарын түсінуге болады. Бұрын логикадағы категориялардың мағыналарын, олардың неден құрылғаньш түсіну мүмкін емес еді, қалайша сол мән-мағына барша ғылымға ең алғашқы негіз, іргетас болып қалануы мүмкін екендігі дәл осы Фараби шығармасында ғана түсіндірілген болатын...



Каталог: Книги
Книги -> 3. ҚАбдолов әдебиет теория – сының негіздері жоғары оқу орындарына арналған оқУ ҚҰралы мазмұНЫ
Книги -> “Қош,махаббат” Алматы 1988 жыл Ақынның жыр жинақтары
Книги -> Қазақcтан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Книги -> Көкшетау 2011 Құрастырғандар
Книги -> АҚША, несие, банктер
Книги -> А. А. Букаева 5В090200 Туризм мамандығына арналаған КӘсіби қазақ тілі
Книги -> М а 3 м ұ н ы қазақ тілі леқсикологиясына кіріспе қазақ лексикологиясының мақсаты мен зерттеу объекгісі лексика
Книги -> Қ а з а қ тіліні ң грамматикас ы 1 т о м Алматы, 1967
Книги -> Сүлейменова Зәуре Екпінқызы Қошанова Мараш Төлегенқызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет