2. 3. Қазақ философиясыұлттық идеяның өзегі Ғалымдар ұлттық идеяны ақыл таразысынан өтіп халықтың басым бөлігі қабылдаған ұлттық құндылықтар жүйесі деп түсінеді. Ұлттық идея Қазақстанда жүріп жатқан мәдени мұраларды жаңғырту үрдісі мен әлемдік өркениет ықпалымен туындаған жаһандану процесінің арақатынасында қарастырылуы тиіс. Соңғы процестің объективтік негіздеріне өркениеттің ақпараттық толқынының қарыштауы, Кеңес Одағы тарқағаннан кейін батыстандыру мен америкаландырудың жаңа пәрменге ие болуы, бұқаралық мәдениет үлгілерінің жаңа тәуелсіз елдерде барынша таралуы, этникалықтан өркениеттіліктің басымдылыққа ие болуы т.т. жатады. Қазақстанда ұлттық идеяның қалыптасуына үш суперөркениеттердің тоғысуында орналасуы (православтық, мұсылмандық және конфуцийлік), мәдени-әлеуметтік транзиттік, тоталитарлық және атеистік сана қалдықтары, номадалық діл архетиптері ықпал етеді. Басқа да ТМД елдерінде сияқты, Қазақстанда ұлттық идеяны іздеу амбивалентті құбылыс болып табылады. Қазіргі өркениеттік және ұлттық-рухани құндылықтарға қарай бетбұрыс әлемдегі елу озық елдердің қатарына қосылуға себебін тигізе алады.
Қазіргі кезде ойлау жүйесінің шеңбері ұлғайып, ауқымдалып, ғылымды, қоғамды және адамның өзін дұрыс бейнелеу белесіне жетуге мүмкіншілік бар. Оның басты бағыты – зерттейтін объектісі осы заманнан шығып, өткенді, қазіргіні, келешекті жүйелі түрде ақыл-ой өрісінен, елегінен өткізіп, сол арқылы өз бойындағы жаңа типті ойлау мәнерін, өрнегін таразылау, сақтау және жаңарту. Осы мақсатта мына мәселелер зәрулік танытады: қоғамдық келісім және демократиялық даму, адам және қоғам, нарық және ғылым байланыстары. Ерекше бөліп қарайтын мәселе азаматтық қоғам қалыптасуындағы қазақ идеясының орны. Қазіргі зерттеулерде «Қазақстан – жалпы біздің үйімізң деген қоғамдық ой негізі орын алуда. Дегенмен бұл идея өткен қоғамдағы ұрандарға ұқсас, негізінен саяси мәнге ие болып тұрған сияқты. Ұлттық идея – адамдардың ішкі рухани дүниесімен астасып жатуы ғанибет. Сондықтан біздің ойымызша қазақ идеясы мынадай формулаға айналса, ұлтымыздың өресінен шыға ма дейміз: «Еркіндік түбі бірлікте!».
Шығыс халықтары ұлттық идеяларының құндылығы мәселесін қарастыруда бірінші тұғырнамаға баяғыдан белгілі еуропоцентризм жатады. Егер классикалық еуропоцентризим тек жалғыз Батыс өркениеттілігі бар, басқалары «аборигендік», «жабайылық», «варварлық» деңгейден шыққан жоқ және Шығыс мәдениеттерінің болашағы жылдам вестернизацияға енумен айқындалады деген пікірлер төңірегінде өрбісе, онда қазіргі жаһанданып келе жатқан және мозаикалы өркениеттерде аталған ұстаным, әрине, мимикрияға ұшырайды.
Қазақтың ұлттық идеясына қатысты батысшылдық ұстындармен қатар әсіре-исламдық тұғырнама туралы да айтып өткен жөн, әрине, біз бұл жерде исламның қазақ мәдениеті үшін құндылығына, өркениеттік функциясына күмән келтіріп отырғанымыз жоқ. Алайда, діннің өзіндік құндылықтары мен діни қайраткерлердің пікірін ажырата білген дұрыс. Айталық, логика пәнінен дәріс оқитын ұстаздың қателіктері логиканың өзін төмендетпейді.
Тарихтан Орта ғасырларда христиандық теологияның Еуропада білімнің барлық түрлерін өз қолжаулығына айналдырғаны белгілі. Сол себептен секуляризация қозғалысы Батыс Еуропада ой еркіндігіне де жеткізе алды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, әрине, діни қайта өркендеу басталғанын және осының оң құбылыс екендігін бәріміз білеміз. Атеистік және тоталитарлық санадан арылу өте маңызды үдеріске жатады. Бірақ басқа мұсылман елдеріне діни білім алуға барған жастар көбінесе сол біліммен қатар бөтен өркениеттік сананың ықпалына да енді, төлтума мәдени құндылықтарға деген оларда нигилистік көзқарастар қалыптасты.
ХХ ғасырда қалыптасқан жаңа гуманизм идеялары бойынша «тұрпайы», «жабайы», «қиратушы», «дөрекі», «анайы» сияқты бағалау үлгілерін ежелгі тарихи нормаларға қолдану қазіргі адамның өзінің арғы тектеріне деген шовинизмі болып табылады. Осындай ұғымдардың орнына ежелгі қоғамды адамзаттың сәбилік шағы деп бағалау, қай жағынан алсаңда, әбден орынды.
Тағы бір тарихи-мәдени паралельге назар аударайық. Х-ХІ ғасырларда Орталық Азияда Ислам Ренессансының өзінің шарықтау шегіне жеткенін «көзқамандардан» басқалардың бәрі аңғара алады. Алайда моңғол шапқыншылығынан басталып, түркілердің өзара этникалық тартыстарымен жалғасқан бұл үрдістер, Ш. Уәлихановтың сөздерімен айтқанда, бұрын білім ордаларына, обсерваторияларға, т.б. бай өлкеде кертартпа билеушілер мен дінибасыларына, «зындандарң мен «кенеханаларғаң толы иеліктермен аяқталды. Бұл тарихи санадан айырылудан айдын көрінісіне жатады.
Ежелгі көшпенділерге танылған «соғысқұмарлық» және «кісі өлтірушілікң туралы бірер сөз айтайық. Э. Фромм өзінің «Адамдық қиратушылықтың анатомиясы» атты еңбегінде «алғашқы қасқыр-адам» туралы мифті этнографиялық деректермен бекерге шығарады. Мәселе көнені идеализациялау туралы болып тұрған жоқ. Сұрақты былай қоюға болады: адам туа біте, өзінің табиғаты бойынша жақсылыққа ма, әлде зұлымдыққа ма бейім? Шынайы теология мен ғылым бұл жерде бірауызды жауап береді: адам – құдайдың таңдаулы пендесі, ең жетілген форма; жасанды кедергі жоқ жағдайда ол міндетті түрде өзінің адамгершілік мәнісін жүзеге асырады. Ал соғысқұмарлық пен кісіні өлтірудің сұмдық көріністерін ежелгі заманнан гөрі қазіргі тарихта көбірек кездестіреміз (ХХ ғ. екі дүниежүзілік соғыстар, этникалық геноцидтер, Балқан түбегіндегі, Камбоджадағы т.б. қырғындар).
Ежелгі түркілік немесе арийлік көшпенділерде «бірге жерлеу» рәсімі болған шығар. Бірақ діни соғыстарда адам қанының судай тасығаны тарихи куәлік. Алайда, мәселе қатігездік деңгейінде емес, ал нақтылы тарихи-мәдени типтің адамдық өркениеттілік қорына қосқан үлесінде тұр деп білеміз. Сол «қатал дәстүрлің сақтар атақты «аң стиліменң өздерін бүкіл әлемге паш еткен, олардың арасынан шыққан ғұлама философ Анахарсисті ежелгі гректер «Әлемдегі жеті дананың бірі» деп мойындаған (қараңыз: Қазақ халқының философиялық мұрасы. 1 т. – Астана: Аударма, 2005).
Қазіргі әдебиеттегі ұлттық идеяға қатысты кейбір пікірлерге келсек, онда оларды теориялық тұрғыдан эклектикалық үйлесімсіз қоспа деп айқындауға болады. Нені бұл сипатта кездестірмейміз: марксизм догмалары батыстың үйлесімсіз қабылданған үлгілерімен, фундаменталистік діни ұстанымдар діни экстремизмді шектеу туралы ұрандармен, “Түркілер мәдениетке атынан басқа ештеңе бермеді” деген, бірақ Қазақстанда рәміздік тұлғаға айналған Лев Гумилев, әсіре түрікшілдік жаңа мифтерді қардай боратқан Мұрад Аджимен қатар өмір сүреді. Кеңес Одағы тарқағаннан кейін бастапқы жылдары зиялы қауым әлемдік өркениеттілік үлгілеріне үлкен қызығушылып танытып, оларға философиялық-теориялық талдау бере бастаса, кейін ресми басылымдарда публицистиканың жеңілдетілген клишелері қаптап кетті. Шенеуніктер ғалымдарды ығыстырғаны сияқты, әншілер мен филологтар тарихшылар мен философтардың мәселері төңірегінді көлемді еңбектер шығара бастады. Олардан оқырман бүкіл осыған дейінгі ақиқаттарды бекерге шығаратын жаңа симулакрумдарды / елес бейнелер мен ұстындар/ кездестіре алады: “Шыңғыс хан да қазақ, оны қазақ рулары хан етіп жариялаған”; “ Буддамен де солай болып тұр, өйткені оның бір есімі – Сакья / сақ/ Муни”. Осындай “жаңалықтар” қатарын шексіз жалғастыра беруге болады. Тіпті әлемдік өркениеттілік қабылдаған толеранттылық принципі бізде мүлдем басқа мағынаға ие болды, ғылыми ақиқат саяси берілгендік жолына құрбандыққа шалынды.
Осының барлығын ескере отырып біз мынаны айтуымыз керек: "американдану", "еуропалану" да біздің жол емес, ескішіл, фанатик болып, қайтып келмес көшпенділікті аңсау да орынсыз. Біз екі бұрынғы рухани элитаның екі буынының да тәжірибесін, тәсілдерін ұштастырып қолдануымыз қажет. Жаппай вестеризация, рухани азу ықпалы күрт өскен жағдайда (өкінішке орай, бізде Батыстың биік мәдениетін, философиясын емес, азғындық жағын насихаттау басым), оған төтеп беру үшін руханият, өз дәстүріміз бізге қорған. Сөйтіп қана зиялылары, басшылары ұлтты дағдарыстан алып шыға алады.
Ендеше, ХХІ ғ. ұлттық мәдени трансформация кері жылжу емес, біреуді қайталау да емес, жаңа жағдайда творчестволық ізденіс (мүмкін техногендік батыс Өркениетіне альтернатива ретінде рухани сипаттағы "еуразиялық" Өркениет құру идеясы – егер де оны біз дұрыс түсіндіріп, айқындай алсақ) біздің бүкіл аймақтық мәдени, әлеумет, саяси трансформация процестеріне үлкен өзгеріс, ілгері басу, гүлдену әкелер.
Рухани кеңістікті құрайтын ұлттық идеяның элементтері көп. Солардың ішіндегі оның мәнін терең де ауқымды анықтайтындар бұл ұлттық философия мен әдебиет; мәдениет пен оның түрлері, рухани қазынанның басқа да елементтері осы екі үлкен тұғырлардың айналасында өрбиді, дамып отырады. Олардың даму деңгейі, қоғамдық өмірге тигізетін әсері және қоғамдық сананы белгілеудегі алатын орны ерекше. Дамыған елдердің тәжірибесі осы ойды айғақтап отыр, оған көптеген мысалдар келтіруге болады.