Мақал мен мәтелдер.
Мақал мен мәтелге бай халықтардың бірі – қазақ халқы. Қазақ мақалдары ХІХ ғасырда–ақ европа халықтарына мәлім бола бастаған. Әдемі, сұлу сөйлеуге құштарлық мақал мен мәтелді орынды жерде пайдалануға байланысты. “Мақалды тудырушы – еңбекші халық. Ол халық данышпандығының алтын қазынасы”, - дейді атақты қазақ фольклористика ғылымының білгірі профессор Мәлік Ғабдуллин. Халықтың мақалдары мен мәтелдерін жинауда, зерттеуде, Ш.Уалиханов, В. Радлов, А.В. Васильев, П.М. Мелиоранский, Ә. Дибаев, Ө.Тұрманжанов, С. Аманжолов секілді ғалымдардың еңбегі зор. Белгілі бір жүйемен берілген, өте көлемді еңбек деп 1899 жылы Орынборда басылып шыққан В. Катаринскийдің “Сборник Киргизских пословиц” деген кітабын санаймыз. В. Катаринский жинағына мың жарымнан артық мақал-мәтелдер енгізілген. Олар бірнеше тақырыптарға жіктелген. Түркі тектес халықтар мақал мен мәтелді былайша атайды. Өзбекше-мақал, қырғызша мақал мен лақаптар, татарша – мәкаль һәм әйтем, әзірбайжанша – аталар сөзі, ұйғырша – мақал вә тәтсил, түркіменше – нақылдар ве аталар сөзи, чуваштар- ватнисем калани.
Қазақ мақалдары мен мәтелдерінің тақырыптары әр алуан: туған жер, ел-отан, еңбек, денсаулық, өнер, төрт түлік мал, егіншілік, денсаулық, өнер, төрт түлік мал, егіншілік кәсібі, ынтымақ, достық ерлік, батырлық, жақсы адам мен жаман адам т.б. Мақал мен мәтел құстың екі қанаты секілді бір-бірімен байланысты, бірақ олардың араларында аздаған өзгешеліктері мен айырмашылықтары болды. Мәселен, мақал сөзде адамның нәзік сезімдері мен терең ойлары ашық айтылады, дәлме-дәл көрсетіп, бейнелейді. Мысалы: “Білімді өлмес – қағазда аты қалар, ұста өлмес – істеген заты қалар”, “Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ”, “Ағаш тамырымен, адам жолдасымен мықты”.
Ал, мәтел сөздің сыры: белгілі бір құбылысты астарлап, жұмбақтап, бейнелеп айтады. Мәтел сөзге бір мысал: “Сауысқан тоты боламын деп, жүрісінен жаңылыпты”. Сөз сауысқан туралы емес; сауысқан тектес, әсіре қызыл, еліктегіш, әсершіл адамдарды сынаған. Біреулер бар: өзінің дербес қасиеттерін жоғалтып, ықпалды адамдардың әуеніне төңкеріліп, соның көлеңкесіне тасаланады, өмірдің ағысынан өзін-өзі таба алмай әуре болады. Аталған мәтел сол образды бейнелеген.
Қазақ фольклорында “шыбынның басына бақ қонса, самұрық құс сәлемге келер”деген мәтел бар. Өмір қызық қой! Біреулер бар: тым жылпос, әккі, қу өмірдің бос жерлерін білгіш-ақ. Көз ұшында мұнарланып көрінген бақ пен дәулетті жазбай таниды, соған жету жолында айламен өзін “алтын ыдысқа салып”көрсетуге тырысады. Ретін тауып жағымпазданады, жарамсақтанады. Ары мен ұжданын сатып, әйтеуір бір биліктің балақ бауынан ұстайды айналасына шыбын-шіркейді жинайды. Өзінен ақылы асқан адамды жек көреді, ығыстыруға шеберлік көрсетеді, мүсәпірлік пен бағыныштылықты, өтірік пен өсекті дәріптейді, қорлау мен намысқа тиюдің тәсілдерін ойлап табады, ел арасына жік салады, тозу мен құлдырауды ұйымдастырады.
Ондайлардан салмақты, зерек адамдардың өздері сескенеді, ішкі салмағын жоғалтады, оның айтқанына өз еркінен тыс бағынуына мәжбүр болады. Самұрық құс сауысқанға сәлемге келіпті деген мәтел осы жайларды тұспалдап баяндайды.” Дүние - ақсақ елік жеткізбейді ” деген мәтел де қиюы қашқан дүниені жалғаймын деп, тепеңдеп тозығы жеткен кедейдің күйін көрсетеді.
Фольклорист М. Әуезов қазақ мақалдары мен мәтелдерінің көпшілігі өлең түрінде келетіндігін, ондағы ассонанс, аллитерациялардың мол болатындығын атап көрсеткен. Соған бір мысал келтірелік:
Туған елдің қадірін,
Шетте жүрсең білерсің.
Тепкі көріп тентіреп,
Текке жүрсең білерсің.
Сол сияқты: “тозған қазды – топтанған қарға алады”, “Сұлу сұлу емес, сүйген – сұлу”. Аталған мақал-мәтелдердің көркемдік құны олардың ұйқастары мен ырғақтарында.
Достарыңызбен бөлісу: |