Қазақ фольклористикасы



Дата15.09.2017
өлшемі243,3 Kb.
#32271
Қазақ фольклористикасы.
Қазақ фольклорының жиналуы ХІХ ғасырдан бастау алады. ХХ ғасырдың бас кезінде көптеген әнші, ақын -әдебиетшілер ел аузындағы фольклор үлгілерін жинап, газет-журнал бетінде, басқа да жинақтарда жариялай бастайды. “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қобыланды”, “Алпамыс” жырлары Қазанда жеке-жеке жинақ болып басылады. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ауыз әдебиетінің көркем үлгілеріне арналған төрт томдық қолжазбасы болған. М. Сералин “Шаһнаманың” кейбір тарауларын қазақ тіліне тәржімелеп шығады. Сонымен қатар орыс ғалымдарының халық поэзиясын жинауға бағытталған іс-әрекеттері де бұл ғылымның ілгері басуына көп септігін тигізді.

Қазақ фольклористикасы ХХ ғасырдың жирмасыншы жылдары айрықша бой көрсетеді. Бұл кезде Ә.Диваев, Х.Досмұханбетов, М.Әуезовтердің қатысуымен қазақтың батырлық жырлары басқа да фольклор туындылары дүркін-дүркін жарық көреді. Москвада Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов құрастырған “Жиырма үш жоқтау” (1926) басылса, “Сана”, “Терме”, “Шолпан” журналдарында да фольклор шығармалары жарық көріп тұрады.

Отызыншы жылдары қазақтың эпостық жырлары жарық көре бастайды. “Батырлар жыры”, “Алдар Көсе”, “Сексен өтірік” атты жинақтарды айтпағанда, С.Аманжоловтың “Жұмбақтар”, Ө.Тұрманжановтың “Қазақтың мақал мәтелдері” М.Әуезов тапқан “Қозы Көрпеш Баян сұлу” жырының жаңа нұсқасы, айтыстың бірінші кітабы (С.Мұқановтың сөз басымен) басылады.
Ертегілер. Халықтың фольклорлық шығармаларының бір мол саласы – ертегілер. Қазақ халқы ертегіге бай елдердің бірі. Қазақ фольклорындағы ертегілердің сан алуан түрлері бар. ХІХ ғасырдан бастап қазақ ертегілерінің ғажап та, көркем үлгілерін В. Радлов, Г. Потанин, И. Березин, А. Алекторов, П. Мелиранский, Ш. Уәлиханов сияқты беделді де белгілі ғалымдар жинап, жариялай бастады. Қазақ фольклорының кейбір нұсқалары “Дала уалияты”, “Айқап”, “Туркистанские ведомости”, “Туркистанкая газета”, т.б. мерзімді баспасөз бетінде жарияланып келді.

Қазақ фольклоры Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов сондай-ақ М. Әуезов, С. Сейфуллин еңбектерінен де мол орын алғаны бар. Кейінгі кезде қазақ ертегілерін зерттеуге М. Әуезов, Қ. Жұмашев, Е. Ысмайыловтар белсене араласты. Қазақ ертегілерін тақырыбына қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Олар а) мифологиялық, (қиял-ғажайып) етегілер; ә) хайуанаттар (жан-жануар) жайындағы ертегілер; б) тұрмыс – салт ертегілері.

А) Қиял-ғажайып ертегілер тым ерте замандарда адам табиғат сырын толық түсініп болмаған кезде туған. Мұнда өмір көрінісі аздау болады. Мифологиялық ойлау адамдардың топ-топ болып орман, тау-тас үңгірлерін мекендеп жүрген кезеңінен бастап туса да ғажап емес. Күн, ай, от судың жойқын күштерінің сырына түсінбеген алғашқы қауым адамдары табиғатқа сиынып, табынған: бірінен қорықса, бірін қастерлеген. Оларды адамша ойлап, әрекет жасайтын құбылыстар деп ұққан.

Кейбір елдерде киелі аңдарға сиыну дәстүрі де болған. Қиял – ғажайып ертегілердің сюжетінде адам иланбайтын, көңіл сенбейтін сан түрлі қызық-қызық оқиғалар болатыны рас, бірақ бұған қарап халықтың ертедегі творчествалық күштерінде бей-берекет жалған көріністер басым болды деп ойлауға болмайды. Мейлі, көз көріп, құлақ естімеген неше түрлі суреттер бола берсін, ол халықтың сергек санасын, этика, эстетикалық көз-қарастырып бүркемелей алмайды. Бұл тектес ертегілер қазақ халқының өмір тарихымен бірте қос өрім қатар жасасып келеді, мұнда халықтың бесіктегі бала, бозбала, жігіт ағасыездері айқын бейнеленген.

Фольклордың өзіне тән табиғаты бар. Соның ішінде қиял-ғажайып ертегілердің өз заңы, өз тәсілдері бар. Мәселен, әйелдердің көпшілігі “ай десе аузы, күн десе көзі” бар шетінен сұлу болып келеді. Олардың тұрған жері мұз тауының ар жағында, оң тауының бер жағында. Аспандағы жұлдыздай алыстағы аруды алып келуге кәдімгі қарапайым шаруаның өзі атанады. Сол жолаушы жалғыз өзі не көрмеді: жыландар елі, аждаһа, айдаһарлар ордасы. Ол неге осыншама қауіпті жолға шықты? Әлбетте, сұлуды сүймеске2.

Қиял-ғажайып ертегілердің басты бір ерекшеліктері - өмір үнемі қозғалыста көрінеді. Бір орында тұрған зат болмайды: от тауы, мұз тауы, ұшқан құс, жүгірген аң, сұлулар еліне жол тартқан жолаушы бәрі бір нүктеден шығып, екінші бағытқа бет алып бара жатады. Аң адамға, адам аңдарға кездеседі. Олардың арасында жамандық пен жақсылық үшін күрес бір сәтке тоқтамайды. Өте ерте дәуірде пайда болған ертегілерде адамның сұлуы, құстың әдемісі, сән-салтанаттың сарайы бұлар көбінесе перілер елінде деп бейнеленеді. Олардың мекені көбінесе жер асты, не су асты болып келеді. Соған орай тоғыз қабат жердің, тоғыз түрлі теңіздің астына перінің сұлу қызын іздеп, жер үстінен біреу аттанады. Оның да жолы тым ауыр. Сондай жұмбақ елді тауып, ақыры арманына жететін тағы да шаруаның бейнетшіл баласы болып көрсетіледі.

Халықтың неше түрлі қызық таңғажайып аңыздарды шығару себебі - бір жағы діни нанымдарға байланысты болса, екіншіден, өзіне жұмбақ, жауабын іздеген заңдылықтарға жұмбақтық сипат берген. Мысалы, дөңгелек жердің арғы жағында не бар, ол нендей затқа сүйеніп тұр. Міне, осы сұрақтың төңірегінде жерді ұстап тұрған көк өгіз, мамонт, тасбақа сияқты мифтік ертегілерінде айтылатын осындай беймәлім үлкен жәндіктерді әдетте батырлар өлтіреді, олардың денесінен – жер, сүйегінен –тау, қанынан-өзен, көзінен күн мен ай, тісінен- жартастар жаратылған деп дәлелдейді. Бұлар өте ерте дәуір қоғамының сенім-нанымдары. Олар табиғаттағы әрбір заттың екі сипаты бар деп қараған: ой мен күн, аспан мен жер, құрғақшылық пен су, құс пен бауырымен жорғалаушылар, ақ пен қара.

Мұндай көне дәуірдегі логикалық жіктеу-жер үсті және жер асты, онда мекендейтін адамдар мен перілер деп екіге бөлуге әсерін тигізген.

Бір ғажабы сол, қиял-ғажайып ертегілерде еңбек пен еңбекке құштарлық өте жиі көрсетіледі. Жатып ішер жалқауды адамның қоры деп сипатайды. Ол ауру секілді өмірге масыл. Бұның қарама-қарсы ұғымы –еңбек сүйгіштік. Адам бесіктен түскен бетте қолын жерге тіреп еңбектейді, өзіне-өзі қызмет көрсетеді, өрістен жылқы қайырады, үйінде от жағады. Осының барлығы тынымсыз тірліктің, қозғалыстың белгісі болып табылады. Ондай адамадарды ертекші дегеніне жеткізуді, бақыттың балаң болуы құсын соның бөркіне қондырады, жаннан асқан сұлу қызды соған жар етіп қосады. Осының бәрі еңбектің арқасында болған нәтиже, кімде-кім еңбек етсе, сол адам өзін бақыттымын, өмірлімін деп санауға болады деген сенімді аңғартады.

Фольклорлық сюжеттерде үздіксіз ағып жатқан суға ау тастап телміріп отыратын кім, әлбетте кедей шаруа. Асылы, ау жастау дегеніміз ауға не түсер екен деп күту ғой, сол секілді қарапайым халық та өмірге ау тастаған, бірақ соған ілінгені шамалы болған. Мейлі, өмірде кедейдің күткен арманы орындалмаса да, ең құрыса өзі шығарған ертегіде өзін-өзі алдасын ба, жоқ. Кедейдің құрған ауы судан бос көтерілмейді, не үлкен алтын балық, не ділдә толған сандық, не сұлу бала жатқан жәшік шығады. Ақыры жәшіктен шыққан бала елге ақылы асып хан болады, әрі өзін құтқарып қалған кедейді мұратқа жеткізеді. Асылы, қиял, фонтазия араласқан ертегілерде бәрі өзіне -өзі орнамайды, орнататын адамның қолы. Еңбек иесінің қолындағы сәнді тұрмысын, сұлу қызын тартып алу үшін араға ханның іштарлық қызғанышы араласады, кедейдің отбасы бірлігін бұзу үшін олардың күшін әлсіретіп, алыс жолға жібереді. Тапсырмасы – шаһардың сәулесімен жарқырататын гауһар тас тауын әкелу. Мұндай сапарға бармаймын, ондай гауһарды таба алмаймын деп шаруа да кері шегіншектемейді, сен сынасаң мен сыныңа татимын деп ханның қаһарына қарсы жүреді, өмірдің ағымынан қорықпайды, қайта ағысы қатты толқынға қарсы жүзеді.

Адам және жер, жер және адам деген мәселеде: дүние о баста неден жаратылады деген сұраққа фольклорлық шығармалар әр түрлі жауаптар бермек болады. Дүние судан ба, оттан ба, неден жаратылды? Жұмбақтың шешуі әр алуан, бір ертегілер айтады: алдымен дүние қараңғы болған, содан аоң жарық жаратылған дейді. Мәселен, жарық және қараңғылық деген үғым о бастан ақ философия мен дінің риторикалық басты сұрақтары болған, соған жауап беруге әрқайсысы әр түрлі болжамдар айтқан дейді. Ф.Энгельс “табиғат диалектикасы” деген еңбегінде Халықаралық мифтерде күн мен түннің, суық пен жылылықтың, қараңғылық пен жарықтың алма-кезек ауысу құбылыстарын түсіндіргенде, жарық қараңғылықпен күреседі, түннен перде түріп күн шығады, жылылық суықтықты ерітеді, жаз қысты жеңеді. Дүние осылай алма-кезек қозғалыста көрінеді. Сол сияқты жоғарыды аты аталған ертегілерде басты кейіпкер қараңғылықтан халықтың көзін ашу үшін жер астындағы жасырын жатқан отты әкеледі. Ол от кейде жеті басты жалмауыз кемпірдің қолында (“Қара үйрек”) болады, оның барған адамға қоятын талабы мынау: “Бармағыңнан бір сорғысаң, от беремін, болмаса от бермеймін”, - дейді. Бақсақ, от үшін адамзаттың күресі қазақ халқына да оңайға түспеген. Соны іздеп тапқанға шейін тыным таппаған, әрекет істеген, жол жүрегі, әйтеуір ақыры қолына отты түсірген.

Бұл адамзатқа от әкелген ошақты көне дәуірдің кейіпкері Прометейді еске түсіреді. Прометей адамдарға ғылым мен қолөнерді берумен бірге, Гефест құдайдың ұста дүкенінен от ұрлап, оны адамзаттың қолына табыс еткен. Зевс құдай бұған ашуланады. Зевс айтады: егер адамзаттың қолына от тисе, олар құдайларды мойындамайды, сондықтан отты адамзатқа апарған Прометейді жартасқа таңып жазалау керек деп үкім етеді. Прометейдің бауырын бүркіт күнде келіп шоқиды. Осындай азаптан Прометейді Геракл құтқарады. Прометейдің адамзат үшін жасаған жақсылығын бейнелеу үшін ХҮШ ғасырдағы Италия суретшісі Пьетро Стаджи мрамордан оның суретін ойып жасаған. Осы тектес от әкелу оқиғасы қазақстанға қалай келеді, оған кім қай жерден, қандай қиындықтармен әкеледі деген аңыз-ертегілердің бірнешеуі екенін ескере кеткеніміз келеді.

Қазақ ертегілерінде отбасылық салттардың кейбір әлсіз жақтары да сыналады, оған көбінесе әйелдердің қанғыштығы аңқаулығы себеп болды деп түсіндіреді. Соның барлығын білдіретін жалмауыз кемпірлер. Ол сұлуларды арбайды, жолдан тайдырады. Бұқара халық осындай мінездерді сынай отырып, отбасы бірлігін, тұтастығын сақтауға ерлі-зайыптардың сақ, сергек болуына үндеп отыр. Ұсқынсыз, тұрпайы кейіпкерлерге жататын образдардың бірі- бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс шал. Заттың сыртқы өлшемі, оның биіктігі мен тереңдігі, қаттылығы мен жұмсақтығы бәрі түйсікке әсерін тигізетін құбылыстар. Адамдар әрбір өлшемнің атқаратын міндеті бар, ол ішкі рухани салмақтың сыртқы көрінісі деп қараған. Мәселен, бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс дегенде адамның азған, әлсіреген түрін елестетеді. Бұлар күнделікті қарым – қатынасына іштарлықтың ролін ойнайды. Олар нендей іске араласпасы да рәсуасын кетіреді, бүтінді бөлшектейді, әрі ыдыратады. Ендігі бір пікір дегеніміз не?. Бақыт пен байлық туралы армандағанда, іздеп-іздепп шаршаған халық оны қолы жетпейтұғын, әуеде ілініп тұрған тылсым секілді елестейді, ол кейде жүзік түрінде, кейде аттың қылы, құстың қауырсыны ретінде кездеседі. Сол бір бақыт іздеген адамға аттаған қадамын ілгері бастырмайтұғын айдаһар, жезтырнақтар тағы бар. Бақыттың, байлықтың жатқан жері жеті қабат жер астында, оған жолаушы жігіт кездейсоқ кездеседі: түн, енді не істеу керек, көрге паналайды. Шұқылап отырса, ар жағынан жанып тұрған гауһарды көреді, арғы жағын ашса, үйдің төрт қабырғасы толған алтын. Соны алмақ болады, бірақ жеті басты жылан ысқырып алдынан шығады, ақыры адам жеңіп, бақ дәулетті күреп қайтады. Әркім де бақытты болғысы келеді, ал бақыт ағып жатқан судың бетімен қалқып жүрмейді, ол еңбекпен, қайратпен келмек, оны іздемек керек.
Мақал мен мәтелдер. Мақал мен мәтелге бай халықтардың бірі – қазақ халқы. Қазақ мақалдары ХІХ ғасырда–ақ европа халықтарына мәлім бола бастаған. Әдемі, сұлу сөйлеуге құштарлық мақал мен мәтелді орынды жерде пайдалануға байланысты. “Мақалды тудырушы – еңбекші халық. Ол халық данышпандығының алтын қазынасы”, - дейді атақты қазақ фольклористика ғылымының білгірі профессор Мәлік Ғабдуллин. Халықтың мақалдары мен мәтелдерін жинауда, зерттеуде, Ш.Уалиханов, В. Радлов, А.В. Васильев, П.М. Мелиоранский, Ә. Дибаев, Ө.Тұрманжанов, С. Аманжолов секілді ғалымдардың еңбегі зор. Белгілі бір жүйемен берілген, өте көлемді еңбек деп 1899 жылы Орынборда басылып шыққан В. Катаринскийдің “Сборник Киргизских пословиц” деген кітабын санаймыз. В. Катаринский жинағына мың жарымнан артық мақал-мәтелдер енгізілген. Олар бірнеше тақырыптарға жіктелген. Түркі тектес халықтар мақал мен мәтелді былайша атайды. Өзбекше-мақал, қырғызша мақал мен лақаптар, татарша – мәкаль һәм әйтем, әзірбайжанша – аталар сөзі, ұйғырша – мақал вә тәтсил, түркіменше – нақылдар ве аталар сөзи, чуваштар- ватнисем калани.

Қазақ мақалдары мен мәтелдерінің тақырыптары әр алуан: туған жер, ел-отан, еңбек, денсаулық, өнер, төрт түлік мал, егіншілік, денсаулық, өнер, төрт түлік мал, егіншілік кәсібі, ынтымақ, достық ерлік, батырлық, жақсы адам мен жаман адам т.б. Мақал мен мәтел құстың екі қанаты секілді бір-бірімен байланысты, бірақ олардың араларында аздаған өзгешеліктері мен айырмашылықтары болды. Мәселен, мақал сөзде адамның нәзік сезімдері мен терең ойлары ашық айтылады, дәлме-дәл көрсетіп, бейнелейді. Мысалы: “Білімді өлмес – қағазда аты қалар, ұста өлмес – істеген заты қалар”, “Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ”, “Ағаш тамырымен, адам жолдасымен мықты”.

Ал, мәтел сөздің сыры: белгілі бір құбылысты астарлап, жұмбақтап, бейнелеп айтады. Мәтел сөзге бір мысал: “Сауысқан тоты боламын деп, жүрісінен жаңылыпты”. Сөз сауысқан туралы емес; сауысқан тектес, әсіре қызыл, еліктегіш, әсершіл адамдарды сынаған. Біреулер бар: өзінің дербес қасиеттерін жоғалтып, ықпалды адамдардың әуеніне төңкеріліп, соның көлеңкесіне тасаланады, өмірдің ағысынан өзін-өзі таба алмай әуре болады. Аталған мәтел сол образды бейнелеген.

Қазақ фольклорында “шыбынның басына бақ қонса, самұрық құс сәлемге келер”деген мәтел бар. Өмір қызық қой! Біреулер бар: тым жылпос, әккі, қу өмірдің бос жерлерін білгіш-ақ. Көз ұшында мұнарланып көрінген бақ пен дәулетті жазбай таниды, соған жету жолында айламен өзін “алтын ыдысқа салып”көрсетуге тырысады. Ретін тауып жағымпазданады, жарамсақтанады. Ары мен ұжданын сатып, әйтеуір бір биліктің балақ бауынан ұстайды айналасына шыбын-шіркейді жинайды. Өзінен ақылы асқан адамды жек көреді, ығыстыруға шеберлік көрсетеді, мүсәпірлік пен бағыныштылықты, өтірік пен өсекті дәріптейді, қорлау мен намысқа тиюдің тәсілдерін ойлап табады, ел арасына жік салады, тозу мен құлдырауды ұйымдастырады.

Ондайлардан салмақты, зерек адамдардың өздері сескенеді, ішкі салмағын жоғалтады, оның айтқанына өз еркінен тыс бағынуына мәжбүр болады. Самұрық құс сауысқанға сәлемге келіпті деген мәтел осы жайларды тұспалдап баяндайды.” Дүние - ақсақ елік жеткізбейді ” деген мәтел де қиюы қашқан дүниені жалғаймын деп, тепеңдеп тозығы жеткен кедейдің күйін көрсетеді.

Фольклорист М. Әуезов қазақ мақалдары мен мәтелдерінің көпшілігі өлең түрінде келетіндігін, ондағы ассонанс, аллитерациялардың мол болатындығын атап көрсеткен. Соған бір мысал келтірелік:



Туған елдің қадірін,

Шетте жүрсең білерсің.

Тепкі көріп тентіреп,

Текке жүрсең білерсің.

Сол сияқты: “тозған қазды – топтанған қарға алады”, “Сұлу сұлу емес, сүйген – сұлу”. Аталған мақал-мәтелдердің көркемдік құны олардың ұйқастары мен ырғақтарында.



Жаңылтпаш – қай халық фольклорында болмасын кең таралған жанрлық түр. Қазақ жаңылтпаштарына да зерттеушілер ертеден назар аударып келеді. Оның тұңғыш хатқа түскен үлгілерін Ә. Диваев, М.Ф. Гаврилов жазбаларынан кезіктіреміз. Кейінгі кезеңде жаңылтпаштар балаларға арналған мерзімді басылымдарда да жиі жарияланып, жеке кітап та болып басылып шықты.

«Жаңылтпаш деген аты жаңылтудан шыққан. Қатарынан қайта-қайта шапшаң айтқанда, иә тіл келмейтін, иә тіл басқа сөз қылып бұзып кететін сөздердің басын құрап, келістірген шығарма жаңылтпаш деп аталады», - деп дәйектейді алғаш рет оның ғылыми анықтамасын А. Байтұрсынов.

Жаңылтпаштардың ғылыми маңызына алғаш назар аударған адамның бірі – С. Сейфуллин еді. «Жастардың, бала-шағаның жиналып ойын-күлкі “дүкенін” құрған орында айтылатын айтыстың бірі – жаңылтпаш. Бұл да – ертек, өлең, жұмбақ айтысу тәрізді жастардың, балалардың тілге ұстауларына, ойнақы, қырлы сөздерді қақпақылша атқылап, билеп еркін сөйлеуге төселулеріне өз әлінше әдемі сабақ, тәжірибе болатын ойын – деп жазады ол 1931 жылғы жазған «Қазақ әдебиеті» атты зерттеуінде. Кітапта зерттеуші жаңылтпаштың тәрбиелік мәні мен атқаратын қызметін айқын аша отырып оның ойындық сипатына да назар аударады. Яғни, жаңылтпаш жеке баланың ермегі емес, ол – көбінесе жұрт жиналған жерлерде балалардың тез де, жаңылыссыз, дыбыстарды анық сөйлеуіне дағдылануына үйрететін өлең-ойын. Оның ойындық сипаты балалардың бір-бірімен жарыса кезекпе-кезек айтысуында жатыр. Ол тіл жаттықтыру мақсатын ғана көздемейді, жаңылтпаштағы сөздері дұрыс айтылмаса, құлаққа мүлде басқаша естіліп, күлкі де туғызады.

Мәселен:



Ақ тай ақ па?

Қара тай ақ па?

деген сияқты жаңылтпашты интонацияны дұрыс сақтамай, жылдамдата айтса,



Ақ таяқ па?

Қара таяқ па?

болып мағыналық жағынан мүлде өзгеріп кетеді.

Ертеректе, жаңылтпаш балалар ғана емес, ересектердің де ермегі болған. Бірақ үлкендер арасында ол басқашалау қызмет атқарған.

«Ерте кезде ойын-сауықтарда жаңылтпаш айтқызу қазақтың салты болған. Жаңылтпаш жиналған жұртты күлдіру, тіл ұстартуды көздеумен қатар, ол өлең, ән білмейтін жастарға берілетін жаза есебінде қолданылған» деп жазады белгілі фольклорист ғалым М. Ғабдуллин, жаңылтпаштың үлкендар арасындағы қолданысы жөнінде.

Жаңылтпаш мазұнында халық өмірінің түрлі қырларын таныстыратын танымдық детальдармен қатар балаларды тағылымдық өнегеге баулитын ғибраттық сарындар да мол кездеседі.

Қамаштан көріп қалашты,

Қалашқа Жарас таласты.

Бөлінсін десең қалаш тең,

Талас, Жарас, Қамашпен, -

тәрізді кейінірек шыққан жаңылтпаштар бұл ойымызға дәлел бола алады.

Жаңылтпаштардың өлең құрылысы тым шағын, қарапайым болып келеді. Онда өлеңдік үйлесім, әсем ұйқастардан гөрі дыбыс ойнату, тіл оралымына ауыр сөздерді термелеу басым болып келеді. Дегенмен ішінара:

Жаңбыр жауып келеді қар аралас,

Бір топ әйел келеді шал аралас.

Тауға қайың бітеді тал аралас.

Бір топ сиыр келеді тана аралас, -

Сияқты қара өлең үлгісіндегі шумақтар да кездеседі. Немесе:



Айыр атанды жүк қартайтар.

Семіз қойды май қартайтар.

Күйгелек менің атамды

Жас қартайтпас, ой қартайтар, -

тәрізді нақыл деуге келетіндей жаңылтпаштар да бар.



Жұмбақ - қай елдің фольклорында болмасын салмақты орын алатын арналы саланың бірі. Қазақ халық жұмбақтары да ғалымдар назарына ерте ілініп, арнайы зерттеліп келе жатыр. Оның көне жазба үлгілерін қыпшақ тілінің ескерткіші (XIV ғ.) «Кодекс куманиканс», М. Қашқаридің «Диуани луғат-ат түрк» сияқты кітаптардан кезіктіреміз.

Революцияға дейінгі кезеңде қазақ жұмбақтарын жинауға М. Иванов, М. Ибрагимов, А. Лютш, П.М. Мелиоранский, А. Алекторов, Ә. Диваев сияқты адамдар ат салысты. Қазан қаласында жұмбақтарға арналған кітаптар ғасыр басында-ақ шыға бастады.

Қазақ жұмбақтарының толық жинағы 1959 жылы ғана жарық көрді. Жұмбақтардың қыр-сыры С. Сейфуллин, М.Әуезов, Ә. Марғұлан, М. Ғабдуллин еңбектерінде кеңінен сөз етіледі.

Жұмбақтың шығу тегінің рулық қоғамдағы әскери дипломатия мен отбасылық әдет-ғұрыптарға байланысып жатқандығы ғылымда айтылып жүр. Жұмбақтың бұл көне қызметі эпикалық көлемдегі фольклор жанрларында молынан көрініс тапқан. «Кейде бүкіл бір ертек жұмбақтан тұрады. Әңгімелі әсем жыр, дастан атаулының талайының жұмбаққа соғып кететіні болады. Ертеде ердің даналығын, жүйріктігін жұмбақпен сынау машық болған... » - деп жазады М.О. Әуезов.

Халық жұмбақтарының тақырыптық ауқымы өте кең. Профессор М. Ғабдуллин «Жаратылыс дүниесі, табиғат жайы, еңбек құралдары хайуанаттар мен өсімдіктер, адам және өмірі, өнер-білім, техника т.б. жұмбақтардың басты тақырыбы» - деп келіп, олардың тақырыптық жіктерін мысалдар келтіре отырып айқындайды.

Жұмбақ белгілі зат пен құбылыстың ең негізгі қасиеттерін шебер жинақтап, адамды ойлануға мәжбүр ететін ой жаттығуы ғана емес. Ол баланы байқағыштыққа, көңіл зеректігіне, көп қасиеттердің ішінен ең мәндісін ажырата білерлік талғампаздыққа да үйретеді. Жұмбақ өз ойын жинвқтап, аз сөзбен жеткізе білуге де тәрбиелейді. Ал жұмбақтың өлең оралымдары, ұйқастықтары, айшықты сөз қолданыстары, оның теңеу, метафора сияқты көркемдік тәсілдермен шебер, қиыстыратын суреттеу құралдары арқылы балаларға берер эстетикалық нәрі аз емес.



Төбелбайдың төрт ұлы,

Төбелесіп келеді.

Ерубайдың екі ұлы

Ерегісіп келеді.

Алдындағы Аңғарбай

Шөпшек теріп келеді.

Артындағы Артықбай

Шыбан қағып келеді

(Түйе)


деген тәрізді жұмбақтар оның халық кәсібімен, күнделікті тұрмысымен де етене байланысып жатқандығын танытады. Бұл жұмбақты түйенің тайрандаған төрт аяғы мен ербиген екі өркешін, «шөпшек» терген аузы мен «шыбын қаққан» құйрығын көз алдында елестеткен қазақ баласы ғана шеше алады. Әрине, бертінде халықтың көне кәсібі мен ескі ұғым түсінігіне байланысты көне жұмбақтар балалар репертуарынан ысырылып барады.

Ат басты,

Арқар мүйізді,

Бөрі кеуделі,

Бөкен санды

(Шегіртке)

тәрізді кілең бейнелі өлеңге негізделіп құрылған тамаша жұмбақты бүгінгі балалар ұғына бермейді. Өйткені олар көз алдына арқардың мүйізін, бөрінің кеудесін де, бөкеннің санын да елестете алмайды. Оның есесіне балалар репертуарында:

Шыр-шыр етеді,

Құлағыңнан өтеді.

Ұстай алсаң,

Сөйлеп кетеді.

(Телефон)



Апам үшін қам жеген,

Тозаң жұтып, шаң жеген,

Жатыр үйде айдаһар,

Ондай мешкей қайда екен?

(Шаң сорғыш).

деген сияқты жаңа жұмбақтар көп.

Қазақ эпосы. Қазақ фольклорының тарихи сипаты басым көркем де құнды саласы – эпостық жырлар. Эпос деп оқиғасы ел, халық өмірінен алынған, образдары ірі әрі кемелді түрде жасалып, батырлық немесе ғашықтық сюжетке құрылған үлкен эпикалық жыр–дастандарды айтамыз.


Қазақ эпосы бірде ерлікті, батырлықты дәріптеп, ел қорғау, отаншылдық сарынға құрылса (“Қобыланды”, “Алпамыс”), бірде феодалдық қоғамдағы әйел теңсіздігін арқау етіп, махаббат тақырыбына негізделеді. Енді бірде өмірде болған нақты тарихи оқиғаларды жырлайды (“Бекет”, “Досан батыр”).

Эпостық жырлар барлық елдерде болған. Ежелгі гректердің “Илиада”, “Одиссея” сияқты көлемді дастандарының эпопеялық сипаты басым болса, ондай сюжеттер қырғыз (“Манас”), қазақ халықтарында да жоқ емес (“Қорқыт ата кітабы”). Оларды гректер “эпос”десе, қазақтар “жыр”, қырғыздар “ыр” деп атаған. 1940 – 1950 жылдары Орта Азия және Қазақстан жерін мекен тұтқан көшпелі тайпалардың бай эпостық мұрасы жан–жақты зерттеле бастады. Оған В.В. Бартольд, В.М. Жирмунский, В.М.Чичеров, А.К. Боровков, Л.И. Климович, И.С. Брагинский, Е.Э. Бертельс, Х.Т. Зарифов, М. Тахмасиби, М.О. Әуезов, Ә.Х. Марғұлан, М. Ғабдуллин, Қ. Жұмалиев сияқты көптеген көрнекті фольклористер атсалысты. Осы жоғарыда аталғандар 40–50 жылдары жемісті еңбек етті.

Ел халық санасымен жасалған “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”, “Көрұғлы”, “Қамбар батыр”, “Ер Тарғын” сияқты батырлық жырларында, бір жағынан, ел бірлігі мен тәуелсіздігін сыртқы жаулардын қорғау сарыны үстем болса, екінші жағынан, хандар мен халық арасындағы қайшылық таңбасы да бар. Осы себепті қазақ эпосы халық тарихының көркем ескерткішіне айналған. Эпос түрлі ертегі, аңыз тарихи оқиғалар негізінде жасалады десек, олар өзінің нақты мазмұнын жойып, көп заманғы дәурдің бұлдыр суретіне айналған. Мұны эпостық көп стадиялық дейміз.

Батырлар жырының образдары мен тілі көтеріңкі стильде жырланады. Батырлар көбіне аса тұлғалы болып келеді, бәрі дерлік мұран-мақсаттарына жетіп отырады. Батырлар жырының жаңаша жырлануы XIX-XX ғасырларда ерекше көзге түседі. Бұл реттен ел арасынан шыққан айтулы ақын-жыраулардың қызметі айрықша.

Қай кезде туса да қазақ эпосының жалпы рухы өмірге жақын. Оны Ш. Уәлиханов, В. Радлов, А. Орлов, М. Әуезовтер өмір шежіресі, - деп бекер айтпаса керек. Қазақ эпосын біз олардың тақырыбы мен сюжетіне қарай батырлық, ғашықтық және тарихи жырлар деп үш салаға бөліп, соның бәрін де фольклорлық сипатына қарай “эпос” деп атаймыз. Бұлардың арасында жанрлық айырмашылықтар бар.

Қазақ эпосының үлкен бір саласы “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, ”Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан”, “Мақпал қыз”, “Сұлу шаш”, “Құл мен қыз”, “Есім сері-Зылиқа”, “Күлше қыз-Назымбек” сияқты ғашықтық жырларынан тұрады. Әйел теңсіздігін арқау еткен бұл жырларды қазақ зертеушілері әр қилы атап келді. Бірде жанрына қарай “лиро-эпос” десе,бірде мазмұнына сай “тұрмыс-салт жырлары” деп атадық. Енді бірде идеясына қарай “ғашықтық жырлары” дейтін болдық. Дұрысында бірін лирик сарынына құрылған лиро-эпостық жырлар,екіншісін ұсақ салт өлеңдері деп білу ләзім. Салт өлеңдері көбіне ескі әдет-ғұрып шеңберінде көрінетін болса, лиро-эпос сол ескі әдет-ғұрып нормаларына қарсы қойылған келесі де күрделі жырлар болып табылады.


Қобыланды” батыр жыры.

“Қобыланды батыр” - қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі. Жыр көп замандар бойы өмір сүріп, ірі–ірі эпос айтушыларының қолынан өткен.

“Қобыланды батырды” Марабай, Мергенбай, Біржан Толымбаев, Айса Байтабынов, Нүрпейіс Байғанин, Мұрын Сеңгірбаев, Көшелек Еламанов, Шапай Қалмағамбетов, Құлзақ Амангелдиев, Сыр бойының белгілі айтушысы Тұяқбайлар жырлаған. Айтушыларының осыншама көп болуы бұл сюжеттің халыққа кең тарағанын көрсетеді.

Жырдың ертегілік және тарихи – реалдық арқауы бар. Сюжеттің аңыздың ұйтқысы Оғыз – Қыпшақ ұлысы кезінде туа бастаған. Қазан аты оғыздардың сол дәуірде туған “Қорқыт ата кітабында” да кездеседі. Жырдың бергі жердегі мазмұны монғол, иран, жоңғар шабуылы, одан қалса, қазақтардың кейінгі кезеңдерде қалмақтармен болған күрестеріне негізделген.

Қобыланды жырының 29 нұсқасы болса, соның ортасында Марабай сюжеті тұрады.Онда Қобыландының қияттарға еріп, Қызылбас ханы Қазанды, одан соң Көбікті өлтіруі, Қарлығаны олжалану, ең аяғында өзі жорықта жүргенде елін шауып кеткен Алшағыр ханмен соғысып, ел – жұртын азат ету оқиғалары суреттеледі.

Мергенбай мен Біржан нұсқалары толықтау. Онда Тоқтарбайдың баласыздығы, Қобыланды мен Қарлығаның тууы, Қобыландының Көктін хан қызы Құртқаға үйленуі, Құртқаны жалғыз көзді дәуірдің тартып алмақ болғаны, оны Қобыландының өлтіруі, батырдың Қарлығаға үйленуі оқиғасы суреттеледі. Құлзақ пен Досжан нұсқасында Құртқаның тарихы бұдан да айқындала түседі. Қобыланды мал бағып жүріп бір қызға жолығады. Елі оны жылына бір келетін айдаһардың жолына қойған екен. Қобыланды қыздың орнында қалып, қырық құлаш қылышын тосып, айдаһарды өлтіреді. Бірақ өзі де уланады. Оны қыз сүтке шомылдырып,емдиді.

Сол қыз Құртқа болып шығады. Қобыландының ерлігіне риза болған Көктім хан оған қызын береді. Кейбір шығыс сюжеттерінде Көктім атауы Гөклан (мыстан кемпір), ал қызы Құртқа сиқыршы болып кездеседі.

Одан әрі Құртқаның көк-ала биені көрімдікке сұрап алуы, содан Тайбурылдай тұлпырдың туылуы баяндалады. Осы тұста Қызыл дәу қызға таласып, мерт болады. Қызыл дәудің өліміне Қызыл хан намыстанып, қит, ноғайлы елін шауып, жерін тартып алады. Қазан жорығы осылай туады.

Мергенбай, Біржан, Досжан жырларында Қобыландының Қазанға не себепті аттанғаны толығырақ айтылады. Қараман Қобыландыға келіп: “Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып, Ноғайлының жерін, Қырлы қала, Сырлы қала деген екі қаласын тартып алды. Қырлы қалаға бектерін, Сырлы қалаға жендеттерін жатқызып жатып алды”, - дейді. Осыны айтып Қобыландыға менімен бірге жүр деп қолқа салады.

Мұрын, Нүрпейіс, Айса жырлары бір–біріне ұқсас. Мұрын жырау жырында тоқсан баулы ноғайда Ақшахан деген хан той жасап, Қыдырбайды өлтірмек болады. Баласы Қыдырбайдың мал–мүлкін тартып алмақ.

Қыдырбай бала тілеп, ел кезіп кетеді. Ақырында Қобыланды, Хансұлу деген екі перзент көреді. Айса тұсқасында Ақшахан Алшағыр деп аталады. Ол өзінің тойына ұлсыздарды кіргізбейді.

Мұрын, Айса, Нүрпейіс жырларында Қобыланды көбіне ел билеуші хандарға қарсы күресте көрінеді. Алшағыр оғымен достық құрғап болып, батырды қиын істерге айдап сала береді.

Жырдың негізгі арқауы сырт жауларға қарсы күреске негізделген. Оның орталығында Қазан, Көбікті, Алшағыр соғысы тұрады.

Біз үшін Алшағыр соғысы аса мәнді.

Ноғайлы дәуірінде қазақ руларының хандардан тәуелсіз болу тенденциясы күшейеді.

“Қобыланды батыр” жырының алғашқы нұсқасын Ы. Алтынсарин Марабай жыраудың аузынан жазып алып, “Тайбурылдың шабысы” деген саласын өзінің “Хрестоматиясында” пайдаланған. Жырдың басқа да үзінділері революцияға дейін “Дала уалаяты” (1899), “Туркестанские ведомости” (1899), “Тургайская газета” (1901), “Труды Оренбургской научной комиссии” (1910) сияқты басылымдарда сөз бола бастайды. 1914 жылы Қазанда Тұяқбай нұсқасы, 1922 жылы Ташкентте Ә.Диваев жинаған нұсқалар басылған.

Ә.Диваев нұсқасы көптеген жинақтар мен оқулықтарға еніп келді. Ұлы Отан соғысынан соңғы жылдары М.Ғабдуллин “Қобыланды батыр” тақырыбынан докторлық диссертация қорғап, монографиясын жарыққа шығарды.Жырдың 15 түрлі нұсқасын ашқан да М.Ғабдуллин еді. Бүгінде жырдың 29 түрлі нұсқасы белгілі болып, ғылыми оралымға еніп отыр.

«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жыры.

«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының көптеген нұсқалары бар. Бұл жырды XIX ғасыр бойында орыс ориенталистері жинап, бастырған еді. Ең алғаш бұл сюжеттің башқұрт тілндегі бір нұсқасын 1812 жылы Т. Беляев жазып алып, Қазақ қаласында жарияланған.

«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының қазақ арасындағы сюжеттерін 1830 жылдардан бастап белгілі шығыстанушы Г. Саблуков, орыс халқының ұлы ақыны А.С. Пушкин жазып алады. Бұлар жырдың қазақ тіліндегі нұсқасын бастауы алмаса да, «Қозы Көрпеш» жырымен орыс оқырмандарын тұңғыш рет таныстырады. Г.Саблуков жырдың бір сюжетін 1830 жылы Семей губерниясындағы Көкжиектеді жүрген орыс чиновнигінен түсіріп алады. Мұндай нұсқалар оның қолында көп болған. Оларда Шөже жырының әсері, содан туатын діни сарындар, ержегілік арна күштірек. Жырдың басқа да нұсқалары аз емес. Мысалы, «Қозы Көрпеш» жырының әлеуметік- реалистік мазмұны басым үлгісін 1833 жылы А.С. Пушкин жазып алып, сол жайында поэма жазуды жоспарланғаны анықталды, - дейді фольклорист, ғалым Ә. Қоңыртбаев өз еңбегінде. Жырдың сюжетін А.С. Пушкин Жайық бойындағы кіш жүз қазақтарынан жазып алған. Бұл вариант айрықша бағалы, халықтық мазмұны күштірек болғандықтан, академик А.С. Орлов өзінің «Казахский героический эпос» деген еңбегінде орысының прогресті жұртшылығын ең алғаш қазақ халқының тамаша эпосы «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырымен таныстырушы А.С. Пушкин болды деп дұрыс айтады.

Бұдан соң бұл жырдың бір нұсқасын Жанақ ақын аузынан қазақтың тұңғыш ағартушысы, демократы Ш. Уәлиханов жазып алған. Бұл өзіне мектеп жасаған дарынды айтушы, қобызшы Жанықтың өз аузынан шыққандықтан және Шоқанның, Г.Н. Потаннинің жақсы бағалаған жыры болғандан «Қозы Көрпеш» дастанының бір құнды варианты делінеді. Жалғыз–ақ Жанақ нұсқасы Шоқанның қолжазбаларымен бірге Тезек төренің ауылында жойылған, бізге келіп жеткен жоқ.

«Қозы Көрпеш» жырының қазақ, ұйғыр, барабы татарларының арасындағы түрлі нұсқаларын халық ауызынан жазып алып, сол елдердің өз тілінде тұңғыш рет жариялаған, айрықша еңбек сіңірген зерттеуші-академик В.В. Радлов. Ол «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырының әрі алғаш жинаушысы, әрі зерттеушілерінің бірі болды.

«Қозы Көрпеш» жырының қазақша нұсқасын В.В.Радлов 1865 жылы Аягөз бойынан жазып алып, өзінің «Образцы народной литературы тюрских племен» деген кітабының үшінші бөліміне қосқан. Бұл нұсқа 968 жол, бір буынды қара өлеңнен жазылған.

В.В. Радловтан соң «Қозы Көрпеш» жырының қазақша бір нұсқасын 1876 жылы Петербург университетінің профессоры И.Н. Березин өзінің «Турецкая хрестоматия» атты жинағына енгізген. Бұл нұсқа – Жанақ, Шоқан вариантының бір көрінісі.

Қазақтың халық ақындары ішінен «Қозы Көрпеш» әңгімесін Абай ауданынан Шәкір Әбенов жаңғырта жырлаған. Оның өз поэмасы 1936 жылы шықты.

Шөже нұсқасы да революциядан кейін жазылып алынған. Оны бізге жеткізген Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының қолжазбалар қорында Шөже жырының тағы бір үлгісі бар. Айтушысы- Мұқан Машанов, жазып алған (1905)- Бозтай Жақыпбаев. Жырдың тағы бір варианты институттың қолжазбалар қорына 1947 жылы Ұлытау өңірінен келіп түскенді. Соның бәрін Ы. Дүйсенбаев тапқан Әбдірахманов, Фролов, Батырханов нұсқаларына қосамыз. «Қозы Көрпеш» жырының ел ішінде басқа да варианттары болуға тиіс.

Жырдың сан алуан нұсқаларын сөз еткенде, біз қай айтушы қандай өзгерістер енгізеді, оның ерекшелігі қайсы, сол сюжеттердің өзара айырмашылығы неде деген сауалдарға жауап іздейміз.

«Қозы Көрпеш» жырының варианттарын сюжетіне қарай үш түрлі салаға жіктеуге болады:


  1. Мұнда жырдың көпшілік сюжеті трагедиялы болып келеді. Оған Шоқан – Жанақ, Березин, Пушкин, Чеканский, Кастанье, Машанов, Тверитин, Әбенов, Жылқайдаров, Батырханов, Дербісалин, Ұлғашев нұсқалары, барыбы, башқұр, ұйғыр тіліндегі, тағы басқа бірнеше ұсақ кестелер жатады.

  2. Жырдың бұл саласында трагедиялық аяқтама жоқ. Оларда Қозы мен Баян феодалдық қоғам жағдайында өздерінің армандарына жетеді. Бұл - В.В. Радлов пен Бейсембай нұсқасы. В Радлвтың қазақ арасынан жазып алған «Қозы Көрпеш» жыры трагедиясыз болса, барыбы татарларынан жазып алғаны- трагедиялы.

  3. Соңғы салаға жататын нұсқалар - Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет институтында сақтаулы тұрған Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбалары. Бұл варианттарда Қодар қолынан өлген Қозы кейде отыз бір жыл, кейде жеті ай, енді бірде үш күнге тіріліп, Баянмен уақытша қосылып, біраз өмір сүргеннен соң қайта өледі.

«Қозы Көрпеш» жырының сюжеті қазақ, башқұрт, монғол, якут, ұйғыр, Сібір татарларында бар. Соған қарағанда оны бастапқы ертегілік желісі Алтай, Жетісу жағында, оғыз тайпалары дәуірінде туған ба дейміз. «Қозы»- қой аты емес, «оғыз» түбірінен туған. Монғолдар бұл жырды «Козюке», «Козы Еркеш», «Малшы мерген» десе, ұйғырлар «Бозы Көрпеш» дейді.

Жырдың сюжеті XIX ғасырда жазылып алғандықтан, Онда Қарқаралы, Қараөткел, Баянауыл, Қарасақпай, Аягөз дейтін кейінгі дәуір атаулары да жүр. Сол себепті, жыр VIII-XIX ғасырлар арасындағы қазақ өмірінің көп заманын қамтып, өзінше бір энциклопедияға айналған.

Жырдың түпкі идеясы әйел басындағы теңсіздікпен байланысты болғандықтан, бірінші орынға Қозы емес, Баян образы шығады. Жырдағы Баян бейнесін біз негізінен екі арнада түсінеміз. Бірінде ол- ата-ана салты, ескі қоған дәстүрімен келіспей, өз жүрегінің нәзік сезімін, еркіндігін феодалдық ортадан жоғары ұстағын азайтып, халықтық бейне. Екіншісінде Баян – ескі салтпен ымыраласқан, сол себепті жесір немесе құдалық идеясының жетегінде жүрген пассив образ.

Баян образының ең күшті жағы трагедиялы жырларда десек, оның ең басты қасиеті – азатшылдығы. Қыз басындағы осы жүйені жыр берік махаббат, күшті адамгершілік сезім арқылы гуманизм рухында жырлай білген. Екі дастың махаббаты үнемі дамып, күшейтіп, динамикалық арнада беріледі. Қодар қиянат жасап, Қозыны Шоқтеректе өлтірген сәтте де Баян өзінің сертінен қайтпайды. Жұбатпақ болған әкесіне:



Етегімді жел ашып жүрген емен,

Қозкеден басқаға күйген емен,

Әке, неке қи – дағы енді өзің ал,

Елден бура салғандай інген емен,-


дейді.

Баянның жарқын мінездері мұнымен де шектелмейді. Ол - өзінің адамдық, сүйіспеншілік сезіміне ажалдан да жоғары қоятын, оған ешбір кір келтірмейтін, халыққа үлгі, идеал болған қыз. Өзінің Қозыға деген адал махаббатын, сол сезімге беріктігін ақырғы рет болса да жақтан қалу үшін Баян Қозы сүйегінің басында антын шешіп, өзіне-өзі қанжар салады.

«Қозы Көрпеш» жырының тарихи мазмұнына сай, оның қайшылықтары да бар. Жырға түрлі ырым- жырымдар мен наным- сенімдер мол енген сондай күрделі қайшылықтардың бірі- Қарабай мен Сарыбай арасындағы «құдалық» шарты.Бесікте жатқан екі сәбиді байлар өзара атастырып, Сарыбай өлген соң бұрынғы бата бұзылып, оқиғаның тартысы басталады. Содан былай Қарабай ақ батаны бұзушы, Қозы мен Баян сол ақ бата үшін күресуші ретінде суреттеледі.

«Қозы Көрпеш» жыры көп заманнан бері келе жатқан сюжет болса да, онда XIX ғасырдың орта кезінде қазақ даласында туған саяси-экономикалық өзгерістердің те таңбасы бар. Соны кейінгі айтушылар құдалық, әмеңгерлік салттарының әсерімен жаңғырта жырлаған.

Жырдың өткір, әлеуметтік тартысына сай сюжеттік құрылысы да көркем әрі қонымды. Трагедиялы жырлардың сюжеті негіщінен үш салаға бөлінеді: а) екі байдың аңға шығып құда болуы, Сарыбай өлген соң Қарабайдың антын бұзвп, көшуі. Бұл тарау жырдың экспозициясы мен байланысына сай; ә) Қозының Баянды іздеп табуы, екеуінің табысуы мен өлімі. Бұл сюжеттің дамуы мен шарықтау шегіне тән; б) Қозы өлген соң Баянның жұртта қалып, Қозы бейітінің басына барып өлуі. Бұл оқиғаның басты шешуі. Жырдың ең басты кейіпкері Баян болатыны да осыдан келіп туады. «Қозы Көрпеш» жыры өзінің тақырыбы жағынан өткен дәуірдің күрделі әлеуметтік проблемасына құрылған мазмұнды, шыншыл проблемалы эпостың бірі. Ол проблема- адам еркіндігі, әйел теңдігі мәселесі. Бұл жырдың өлмейтін көркемдік қасиеті - образдарының қуатында, әсерінде. Баян мен Қозы арасындағы тап теңсіздігі содан туатын жырдың негізгі тартысы қоғам өмірінің ұсақ сыртқы көрінісін емес, ішкі сырын, жұмбағын философиясын жинақтайды. Жырдың ең құнды жағы- тіл байлығында. Онда араб-парсы сөздігі мейлінше аз, жыр байырғы халық сөзінің мол лексикалық қорына негізделген. «Қозы Көрпеш» диалекті емес, қазақтың әдеби тіл нормасына жол салған эпостық мұраның бірі. Бұл үлгілердің тілі, өлеңдік кестесі, идеясы қарапайым халыққа жақын, түсінікті.

«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жыры қазақ даласындағы барлық лиро- эпостық жырларға жол салған шығарма. Сол негізінде «Мақпал қыз», «Құл мен қыз», «Қыз Жібек», «Айман- Шолпан», «Есім сері-Зылиха» сияқты көптеген ғашықтық жырлар туған.



Дерекөзі: Аманжолова М.К., Беркінбекова А.М., Әбілқасов Ғ.М. Мәдениеттану (барлық мамандықтардың студенттеріне арналған). Оқу құралы. Қарағанды: ҚарМТУ, 2004. 117 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет