Қазақ халық музыкасындағЫ ҚОРҚыт сарындарының алатын орны



Дата25.01.2017
өлшемі79,96 Kb.
#7723
ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ МУЗЫКАСЫНДАҒЫ ҚОРҚЫТ САРЫНДАРЫНЫҢ АЛАТЫН ОРНЫ

өнертану кандидаты Б.Ж.Оспанов



п.ғ.магистрі Н.Б.Мирманов
Қорқыт ата - түркі халықтарының бәріне ортақ ұлы ойшыл-кемеңгер, жырау, күйші-қобызшы. Ол туралы деректер бізге үш түрлі жолмен жеткен. Бірі - ел аузындағы Қорқыт туралы аңыз-әфсаналар, екіншісі - тарихи шежірелер, үшіншісі - «Қорқыт ата кітабы». Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылғы 12 қарашада «Қорқыт және түркі әлемі» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына қатысушыларға арнаған қүттықтауында төмендегідей пікірайтты: «Түбі бір түркі халықтарының ортақ ойшылы саналатын атақты ақын, дәулескер күйші, философиялық мазмұны аса терең аңыздардың кейіпкері Қорқыт бабамыз  баршамыздың рухани болмысымыздың алтын арқауы болып табылады. Егемендікке қолжетіп, өзінің өткеніне көз жібере бастаған қазақ халқы үшін Қорқыт бабамыз қалдырған гуманистік ниеттегі дидактикалық мұралардың маңызы өзгеше зор дер едім. Өйткені оның осыдан он ғасырдан астам уақыт бұрын айтқан өсиет қағидалары қоғамымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігімен де жақсы үйлесім тауып отыр. «Өлген кісі тірілмес, өткен қайтып келмес», - дейді абыз өзінің сөзінде. Иә, өткенді қадірлеуге, одан сабақ алуға болады, бірақ оған қайтып оралу жоқ екен, тек ілгері ұмтылу қажет. Осы қарапайым айтылған кемел ойды келешегіне үлкен бағдар белгілеп, әлемдік өркениет көшіне ілесіп, Орталық Азияның Барысы болуға бекем бел байлап отырған бәріміз де мұқият зерделесек болады. Аңыз бойынша Қорқыт бабамыз артына адамның өлімнен қашып құтылмайтындығы, оның ғұмырын жарық дүниеде бітіріп кеткен жасампаздық ісі мен өшпес өнері ғана жалғастыра алатындығы туралы данышпандық пәлсапалық байлам қалдырды. Осы ғаламат ой әрбір саналы жанның ғұмыр бойы темірқазық етіп ұстар бағдаршамы болуға лайық десек, қателеспейміз...». «Қорқыт ата кітабы» - түркі тектес халықтардың ежелгі тарихын, байырғы тұрмысын әдет-ғұрпын, салт-санасын, ақындық дәстүрін танытатын эпикалық әрі тарихи мұра. Қорқыт ата хикаясы ХІІ-ХІІІ ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тараған, рухани қазына ретінде бүгінгі күнге дейін өзінің әдеби, тарихи, этнографиялық, т. б. мәнін жоймаған, аса құнды көркем туынды. «Деде Коркут» кітабын терең зерттеген, оның көп ғасырлар ішінде үздіксіз айтылып келе матқан «Қария сөздерін» қазақ пен түрікмендер ортасынан айқындап тапқан аяулы ғалымдар жоғарыда көрсеткен Ш.Уәлиханов, В.Бартольд, В.Жирмунский, Фуад Копрюлу, О.Ш.Кокжай, Этторе Росси. Осылармен қатар А.Н.Самойлович де тарихи шыншықтар бар.

Егер кейінірек шыққан «Деде Коркут кітабын» былай қоя тұрсақ, ескі дәуірдегі (7-8 ғ.ғ.) Қорқыт туралы айтылатын қария сөздерді, ғажайып әфсаналарды сақтап келген бір ғана қазақ пен түрікмендер екен. Академик В.В.Бартольд пен В.М.Жирмунскийдің «Қорқытты қадірлеудің Сырдария жағасында мың жылдық өнегесі бар»,- деуі осыған дәлел. Бартольдтың толғауынша Қорқыт туралы қария сөз қазақ даласында Кавказға бармай тұрып ерте кезде қоныстағандығына байланысты. Сондықтан бұл қария сөздер осы күнге дейін сол даланы мекен еткен қазақтардың аузында айтылып келеді. Қазақтар айтатын әфсаналардың кейбіреулерін басқа еңбектерімде де жазғанмын. Бір еске түспей қалған 1865 жылы қайтыс болған, күншығыс халықтарын зерттеуші, Сібір қазақтарынан шыққан Шоқан Уәлихановтың «Қорқыт» туралы айтқандары. Шоқан Қорқытты «бірінші бақсы, қазақтарды қобыз тартуға, сарын айтуға үйретті», -деп жазды. «Кітабы деде Қорқыт» туралы бұрын жазғандарында,-дейді Бартольд,-аңызда жырланатын Қорқытты қазақтың қария сөзінде айтылатын әулие Қорқытпен бір кісі деппін. Демек, Қорқыттың бейіті Сырдарияның жағасында оғыздардың бұрыңғы астанасының қасында әлі күнге дейін сақталып келген. Қорқыт Сыр бойындағы тым атақты, әрі сәуегей, әрі жырау, әрі кемеңгер қарт. Осы сияқты әфсана түрікмен даласында да кездеседі. Демек, қазақ пен түрікмендер айтатын Қорқыт әфсанасы бір негізден шығуы күмәнсіз. Ғалымдардың зерттеуінше Қорқыт жырындағы әсем түрде суреттелетін атақты алыптар Қазанбек, Бамсы, Домрул әфсаналар. Олардың аттары қазақ эпосында да кездесіп отырады. Кейінірек оларды оғыздар Сыр бойынан батысқа апарып таратады. Тегінде қазақ ортасында Қорқыт туралы қария сөз, аңыздар орасан көп, және ол аңыздарда Қорқыттың тарихи бейнесі өте жарқын, және әр алуан түрде айтылады. Қазақта көп жасаған дана Қорқытпен қатар жас Қорқытты сипаттайтын да аңыздар бар. Қазақ аңыздарындағы дана Қорқыт Халықтың кемеңгер ұстазы, ақылшы батагөй, кеңес беретін данасы ол тарихи дәуірдегі асқан жырау, болашақты болжайтын кемеңгер ойшыл, қазақтың жырау күйшілерінің ұлы атасы. Қорқыт атаның өзі туралы бұл тақырыпты ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Ә. Марғұлан төмендегідей пікір айтады: «Қорқыт - тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (ұзан), болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған. Ол кісі туралы айтылатын қария сөз Азиядағы түрік тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыз-легендалар, ән-күйлер қазақ пен түркімендерде көбірек жолығады». Тарихи деректермен халық шежіресі бойынша, Қорқыт-сегізінші ғасырда Сыр бойында өмір сүрген батыр, атақты ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері. Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан екені мәлім. Міне, сондықтан да Қорқыт қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын жайлаған оғыздар арасында екі жаққа бірдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдөйтін тарихи деректер бар. Ал оның теңдесі жоқ күйші-композитор болғандығын халық жадында сақталған «Қорқыт ата күйі», «Қорқыт сарыны», т. б. музыкалық шығармалары дәлелдейді. Қазақ арасынан шыққан атақты күйші-бақсылар, ақын-жыраулар өздеріне Қорқыт атаны пір-ұстаз тұтқан. Олар өздерінің өлең жырларын бастар алдында, алдымен Қорқыт атаның есімін ауызға алуды шарт деп білген:

Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,

Бата алған барлық бақсы асқан ата.

Таңғалып жұрттың бәрі тұрады екен,



Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда.

Ел аузындағы аңыздарда Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп алып, халқына мәңгі жасайтын жерұйық іздеуші, ғұмырбойы өлімге қарсы күресуші, өлім дегенді білмейтін ғажайып қайсар жан ретінде суреттеледі. Әйтсе де ол өмірінің соңында «өлмейтін нәрсе жоқ екен»деген пікірге келеді. Енді Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Ұлы күйші, кемеңгер жырау өзі іздеген мәңгілік өмірді шынында да тапқан секілді. Қорқыт атаның жантебірентерлік сиқырлы күйлері, ұлағатты ғибрат сөздері, әрбіржолы мақал-мәтелге айналып кеткен өлең-жырлары ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра, мәңгілік қазына ретінде ауысып, мыңжылдан астам уақыттан бері өмір сүріп келе жатыр. Қорқытты асқан күйші, ақылгөй, данышпан, атақты жырау деп, мазар-күмбезіне (қорым, пантеон) бас ию сонау оғыз-қыпшақ заманынан басталады. Қорқыттың мазарын (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында) халық сан ғасырлар бойы қадірлеп, оны Қорқыт атаның күй тартатын жері деп, басына күзетші, шырақ жағушы адам қойып жүрді. Қорқыт ата күмбезі шамамен ІХ-ХІ ғасырларда салынған. Қорқыт - жыр мен күйдің атасы, ерте кезде оғыз, қыпшақ және қаңлы тайпаларын басқарған данышпан кісі бейнесіне VIII—IX ғасырларда-ақаңыз кейіпкері болған жан. Қорқыт ата жөніндегі жыр-дастан алғаш қыпшақ даласы мен Сыр бойында туып, халық эпосының дәстүрі бойынша сан ғасырлар бойы ауызша айтылып келген. Тек XVI ғасырда ғана Қорқыт есімімен байланысты бұл дастан қағазға түсірілген. Енді оғыздар жөнінде бірер сөз айта кетейік. Оғыздар Кавказ өңіріне қоныс аудармай тұрған кезде олардың түбегейлі мекені Қаратау өңірі, Бөген, Шаян және Арыс маңайы болған. Араб ғалымы Әбу Исхах ибн Мүхаммед әл-Фариси әл-Истахридің (850-934) жағрафиялық еңбегінде Келес даласында болған оғыздар қонысы туралы құнды деректер бар. Осы еңбекте «Келес даласында, Ангрен мен Шыршық аңғарында, Шатқал және Угам жоталарының баурайында оғыздар қыпшақтармен және басқа түркі тілдес топтармен аралас мекендеген», -деп жазылған Оғыз тайпалары, сондай-ақ Сырдарияның төменгі ағысында мекен еткен. Истахридің айтуы бойынша, Сыр бойында тұрған оғыз тайпаларының ең маңызды қалалары Янги-Кент (Жаңакент), Жент, Өзкент (Өгізкент), Баршынкент (Қыз қала), Сүткент, т. б. болған. Оғыздармен қатар Сырдария бойында қыпшақ тайпалары да тұрған. Олардың басты қалалары - Сығанақ, Сауран, Отырар, т. б. кенттер еді. Демек, қазақ халқының рухани тұрмыс-тіршілігіне оғыздардың тигізген ықпалы аз болған жоқ. Кейінірек XI ғасырдың орта кезінде оғыздардың бірсыпыра топтары қыпшақтардың тегеурінінен Шығыс Еуропаға, Кіші Азияға қоныс аударып кетті. Ал сонда осында қалып қойған оғыз тайпалары қазақ қауымын құрысуға қатынасып, солардың этникалық құрамына біржола сіңіп кеткені мәлім. Қадым заманнан Сыр суының төменгі ағысында тұрған Жаңакент қаласы ұзақ жылдар бойы оғыз мемлекетінің астанасы болған. «Су аяғы Қорқыт» деген мақал осыдан шыққан. Сөйтіп, тарихи болмысы ғылымға мәлім Қорқыт атаның туып, өмірге келген, тіршілік еткен, атақты күй-жырларын, нақыл-ғибрат сөздерін шығарған, күллі адамзатқа мәңгілік өмір іздеген, ақырында дүние салған жері де осы Сырдарияның төменгі ағысы, Қармақшы қыстағының маңы, ескі қорымы (пантеоны)тұрған жер. Қорқыт ата туралы сан қилы аңыз-әңгімелер қазақ арасында ерте кезден-ақ кеңінен тараған. Солардың бірі - Қорқыттың тууына байланысты. Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Оны жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт туар алдында күллі әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басып тұрыпты. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жүртты қатты қорқыныш сезімі билейді. Сыр бойы мен Қаратау өңірінің аспаны да қараңғы тартып, қарауытып кетіпті. Сондықтан бұл маңай «Қараспан» аталыпты. Ашық күн тастай қараңғы түнге айналған қорқынышты күні туғаны үшін баланың атын «Қорқыт» деп қойғанекен. Қорқыт туралы аңыздар тарихта болған шын оқиғалармен тығыз байланысып, ұштасып жатады. Мәселен, Қорқыт есіміне байланысты ел арасында көп айтылатын сиқырлы шаһарлардың бірі - Баршын-кент. Бұл қала шынында да Сыр бойындағы сол дәуірдегі ең көрнекті қала болғанын тарихшы-археологтар дәлелдеп отыр. Баршынкент «сұлудың қаласы» деген сөз. Оны қазақтар соңғы кезге дейін«Қыз қала» деп атап келді. Аңызда Алпамыс батырдың сүйген жары Баршын сұлу (яғни Гүлбаршын) осында тұрған делінеді. Ал тарихшылар XII ғасырдың атақты ғалымы өз жырларын түркі, араб және парсы тілдерінде жазғандарын,  ақын Х. Баршынұлының осы қалада туып, осында өмір сүргенін дәлелдейді. Сөйтіп, күй атасы, жыр атасы, данышпан қарт Қорқыт ата туралы қазақ арасында ежелден-ақ сан қилы аңыз-әфсаналар кең тарағаны жақсы мәлім. Соның өзінде мұндай аңыз-хикаялардың бірқатары сол дәуірдің тарихи шындығына жақын тұрады. Дегенмен де, жоғарыда аталған күйлердегі Қорқыт сарындарының іздері осы бүгінге дейін жетіп отыр. Оның дәлелі ретінде сыр бойындағы маңырама үлгісінде жырланатын мақамның бастауы мен соңында глиссандо үлгісінде келетін микроинтонациялық құрылымдар кезедеседі. Осындай глиссандоларды жалғыз ғана қобыз, жыраулық дәстүрдегі күйлердің құрамында емес, музыка зерттеушілерінің пайымдауынша бақсылардың да сарындарында кездеседі. Оны біз (Е.Ерзакович, Б.Оспанов, Т.Тоқжанов) нотаға түсірген еңбектерінен де көреміз. Бұндай микроинтонациялық құрылымдар сөз жоқ ерте кезден бастау алып дамығандығын анық айтуға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Өтеғалиева С.Ы. Дыбыстың/тонның тембрлік-регистрлік моделі және оның Түркітілді халықтардың музыкасында қолданылуы. Елеманова.С.Ә. Ғалия Қасымова феномені және қазақтың дәстүрлі музыка мәдениетін зерттеу // Түркі халықтарының дәстүрлі музыкасының бүгінгі мен келешегі. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Материалдары. – Қызылорда, 2006.(21-22.09) – 266 б.

2. Қазақ музыкасы. Антология І-том. Көне музыкалық фольклор. – Алматы: ҚазАқпарат, 2005. – 515 б.

3. Мұхамеджан Ә. Қазақ әдебиеті мен өнеріндегі абыздар дәстүрі: автореф. канд.иск. 17.00.02. – Түркістан, 2007. – 30 б. Абыздан қалған асылдар. – Алматы: Алаш, 2006. – 184 б.

4. Қорқыт Ата. Энциклопедиялық жинақ. – Алматы, 1999. – 798 б.

5. Жақанов И. Хасенов И. Шақанов Б. Қобыз Атасы-Ықылас – Алматы: Рауан, 1993. – 130 б.

6. Қоңыратбай Т. Қорқыттану ғылымына серпіліс қажет. Түрікі халықтарының дәстүрлі музыкасы: бүгінгі мен келешегі // Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Қызылорда (21-22 қыркүйек) 2006. – 36 б.

7. Жарқынбеков М. Қорқыт Елім-ай. – Алматы: Өнер, 1987. – 46 б.

8. Ерзакович Б, Каракұлов Б, Қоспақов З. Қазақтың музыкалық фольклоры. – Алма-Ата: Наука, 1982. – 260 б.


Резюме

Роль музыкальных напевов Коркыта музыкальной культуры казахского народа.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет