Тұрмыс – салт мәдениетінің дәстүрлері.
Қазақтарда тұрмыстық және ғұрыптық мәдениет дәстүрлері күнделікті өмірде көрініп отырды. Бұл ислам дініне дейінгі , ертедегі әр түрлі ғұрыптар мен салттарға байланысты болды. Отпен тазарту “аластау” түріндегі ертедегі отқа табыну қазақтар өмірінің әр түрлі қырларынан байқалды.
Ғарыштық түсініктер де маңызды рөл атқарды. Түнгі аспанды ежелден қадағалап келген қазақтар басқаларынан ерекше белгілерімен айрықшаланатын көптеген аспан денелерін білді, олар бойынша түн кезінде уақыт жағынан да, түнгі жол бағдары жағынан да нақты дерек ала білді. Темірқазық, Жетіқарақшы, Үркер, Шолпан, Құсжолы, Сүмбіле – таразы және т.б. осындай жұлдыздар болып саналады.
Қазақтар үшін көк аспанның тәңірлік маңызы ерекше болатын. “Аспан өз әрекеттерінде еркін болды, -деп жазды Ш.Уәлиханов, -- ол әрі жарылқады , әрі жазалады.Адамдар мен халықтардың есен-саулығы соның ықтиярына байланысты болды. “Тәңірі жарылқасын”, “көк соққан”және “көк соққыр” деген ұғымдар, олардың шамандардан шыққанын көрсетеді”.
Қазақтардың түсінігі бойынша,көшпелі мал шаруашылығына байланысты кейбір заттардың бұрынғы қожайынының “құтын” алып кететін ерекше күші болған. Сондықтан ат сатқанда – жүгенін, түйе сатқанда – мұрындығын, сиыр сатқанда бас жібін бермеген.
Қазақтардың некелесу салт-дәстүрінің әр түрлі рәсімдерінде халықтың байырғы әдет-ғұрыптары мейлінше мол сақталған.Оларда ертедегі дәстүрлердің – топтық некенің, рулық экзогамияның, полигамияның, үлкен патриархаттық отбасының қалыңмал және енші берудің және т.б. ғұрыптардың белгілері жақсы көрініс тапқан.
Қазақтар арасында үлкендер ерекше құрметтелді. Оны бұзушыларға айып салынды. Қазақ әйелдері күйеуінің жасы үлкен туыстарын құрметтеді. Келін атасының және қайын ағаларының алдынан өтпеу ғұрпын қатаң сақтады, оларды өз атымен атамады.
Қазақтар 22 наурыздағы көктемнің күн мен түн теңесетін күніне тұстас келетін Жаңа жылдың келуін жыл сайын ежелден көңілді мейрам ретінде атап өткен. Әйелдер дәстүрлі рәсімдік тағам – “наурыз көже” дайындап, оны келген қонаққа берген.
Қазақтар арасында діни сипаттағы “құрбандық шалу” рәсімі кең қолданылды. Құрбандық шалу соғыстың аяқталуы, ұлының шайқастан аман оралуы, шаңыраққа ұл перзенттің келуі, өлімнен аман қалу, тасаттық беру, т.б. салт-жоралғыларға байланысты жүзеге асырылды.
Қорытынды
XVIII-XIX ғ.ғ. Қазақстан мәдениеті Ресейдің отаршылдық саясатына, қоғамның экономикалық дамуына және т.б. байланысты, бұрынғы салт-дәстүрлерін сақтап, біршама өзгерістерге ұшырады. Қазақтар орыс шаруаларынан бұрын қолданбаған еңбек құралдарын және т.с.с. қолдануды үйренді. Қоғамның дамуына байланысты киім үлгілері де біраз өзгеріске ұшырады.
Қазақстан Ресей бодандығын алысымен орыс ғалымдары қазақтың музыка өнерін, әдебиетін, қоғамдық құрылысын зертей бастады. Орыс ғалымдарының көптеген еңбектері қазақтарға байланысты болды.
Сайып келгенде өзгерістер қазақ қоғамы мәдениетінің барлық жақтарын қамтыды.
Қорыта айтқанда, ұлт салт-дәстүрлерін, аманатын, өсиеттерін, қағидаларын қамтитын шежірелік деректер, ғылымның, мәдениеттің дамуына зор септігін тигізетін мәдени мұралар болып саналады.
Қазақ даналығының оның ішінде, қазақ мәдени философиясының көрінуі жоғарыда аталған поэзиямен бірге музыка саласында (ән-күй) болды.
Достарыңызбен бөлісу: |