41. Жыраулар поэзиясындағы қайталаудың түрлерін көрсетіңіз
Жырауларда бір сөз жол аяғында екі-үш дүркін ғана емес, бірнеше рет, тіпті бүкіл шумақ бойында қайталанып келеді. Мұндай қайталаулардың жырауларда бірнеше түрі кездеседі:
Жыраулар басты аназр аударған нәрсенің не болмыстың, яки оның басты қасиетінің өлең жолы аяғында бірнеше дүркін қайталанып келуі, мәселен Асан қайғыда:
Тақырлауға қонған қаз-тырна,
Таң маңынан ұшар ол.
Тауық неше шақырса,
Таң болжалдан атар ол.
Қызыл изең боз жусан,
Сарыарқаға бітер ол.
Таңдайға батқан қылы тіл,
Жаққа біткен отыз тіс,
Тірлікте не шайнасаң жұтар ол.
Өлеңнің алғашқы тармақтарынан, яки тармақтағы сөз тіркестерінен жырау нысанаға алған негізгі объекті айқын танылады. Бірақ, жырау басты әрекеті мен қимыл, қасиетін «ол» деген сілтеу есімдігін қайталау арқылы жинақтай көрсетеді.
Есімшенің «ар», «ер», «с» жұрнақтары арқылы жасалған болжамды келер шақ түріндегі сөздердің қайталанып келуі, мысалы, Шалкиіз жыраудың толғауынан үзінді келтірейік:
Шағырмақ бұлт жай тастар,
Ағытқан қойды жол бастар,
Ақ желкенді жел бастар,
Ғаділ төре ел бастар,
Батыр жігіт жау жасқар,
Аға жігіт қол бастар,
Шешен адам сөз бастар.
Құсты жисаң бүркіт жи,
Қыс тоныңды түлкі етер.
Бір жақсымен дос болсаң,
Азбас-тозбас мүлкі етер.
Бір жаманмен дос болсаң,
Күндердің күні болғанда,
Жімле ғаламға күлкі етер.
Бір Шалкиіздің өзінде «Шағырмақ бұлт жай тастар» толғауының «Ор-ор қоян, ор қоян» шумағында «жолығар» сөзі өлең жолдары аяғында жеті рет, «Ау, бөрілер, бөрілер» тирадасында болар үш рет, «Асқар, асқар, асқар тау, Асқардан биік тау болмас» деп басталатын тирадасында «болмас» төрт рет, «алмас» алты рет қайталанып келеді.
Көмекші етістіктерден жаслаған эпифоралық қайталаулар, мысалы Шалкиіз жырауда:
Жапырағы жасыл бәйтерек,
Жайылмағы оның желдей-дүр,
Шалулығы белден-дүр,
Төренің кешігуі елден-дүр,
Байлардың мақтанбағы малдан-дүр,
Кешу-кешмек сайдан-дүр,
Батыр болмақ сайдан-дүр,
Жалаңаш болып жауға ти,
Тәңір өзі біледі,
Ажалымыз біздің қайдан-дүр.
Бұл – көне түркі халықтары әдебиетінен келе жатқан, қазақ даласына Сүлеймен Бақырғани, Қожа Ахмет Иассауи шығармалары арқылы да бой көрсеткен көмекші етістіктердің көне түрі. Бұл түрдің жырауларда кездесуі әдеби көркемдік тәсілдердің қазақ даласында ауызша поззия мен жазба шығармаларда бір-бірінен әсер алып, қатар дамығанын да танытады.
Риторикалық сұраулар мен келетін қайталаулар, мысалы Шалкиізде:
Лашын құс игі құс,
Қанаты қысқа болса не болды?!
Қатар бұзып ол айуан қаз төңкеріп алған соң,
Қырқасы кишкей болса не болды?!
Ақтамбердінің:
Мінезді болса алғаның,
Одан артық жар бар ма?!
Екі жаман қосылса,
Күнде жанжал, күнде шу,
Ұяларлық ар бар ма?!
Бұқарда:
Көкте бұлт сөгілсе,
Көктеп болмаса не пайда?!
Көкіректен жан шықса,
Қайтып келмесе не пайда?!
Т.б. толғауларындағы эпикалық қайталаулар риторикалық сұрақ күйінде келіп, жыраулардың замана халін, өмір сырын білдірер негізгі ойын айқын танытуға қызмет етеді.
Сұрай арнау түріндегі эпифоралық қайталаулар, мәселен Доспамбет жырауда:
Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік боз орда,
Еміне кірер күн қайда?
Жиырма бес тармақтан тұратын осы тирадада осылайша «күн қайда?» он рет, Ақамбердінің қырық екі тармақтан тұратын «Күмбір-күмбір кісінетіп» толғауында «екенбіз» сегіз рет қайталанады. Мұндай сұрай арнау түріндегі қайталаулар жыраулардың алғы күндерден үміт еткен арман-аңсарын аңғартып, тыңдаушы, оқушыны да тебіреніске бөлейді.
Бұйрық рай түрінде келетін эпифоралық қайталаулар, мысалы Шалкиізде:
Алып, алып, ал сақын,
Аңдып жүрген дұспаныңнан мың сақын.
Күле кіре күңіреніп
Шыққан достан мың сақын
Бұқарда:
Ей, айташы, Алланы айт,
Аты жақсы Құдайды айт
Істің, заттың, құбылыстың, оқиғаның, себеп-салдарын, мақсаты мен шартын білдіретін эпифоралық қайталаулар, мәселен Асан қайғыда:
Әділдіктің белгісі –
Біле тұра бұрмаса,
Ақылдының белгісі –
Өткен істі қумаса
Осылайша «белгісі» сөзін жырау бес рет қайталап, өмірдегі жақсылық, жамандық түрін дақпа-дақтап түсіндіре толғайды.
Санамалап, сатылап, беркіте, көз жеткізе баяндау түріндегі эпифоралық қайталаулар, мысалы, Доспамбетте:
Азау, Азау дегенің
Әл-Ғұсман паша жұрты екен,
Дін исламның кірті екен,
Азаудың ер Доспамбет ағасы
Азаудың бір бұрышындай нарты екен.
Шешендік сөздерде ауыстыру (метафора) мол қолданылады. Ауыстыру алынып отырған заттың не құбылыстың мағыналас, мәндес басқа ұғымдардың орнында пайдаланып, ойды ықшамды, суретті, айқын, қысқа жеткізуге негізделеді.
Жыраулар поэзиясы дербес мемлекеттік дәрежеде өмір сүрген қазақ хандығының әдеби мұрасы. ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда қазақ хандығы құрылып, тайпалар бірлестігінің, феодалдық мемлекеттің нығая бастаған дәуірі. Осы кезден бастап қазақ халқы мәдениетінің де өзіндік беті айқындала түсті. Ол әсіресе халықтың тілінен, әдебиетінен айқын сезілді. Жыраулық поэзия өзінің көркемдік ізденістері мен өмірдің шындық көріністерін бейнелеуде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Жыраулар негізін қалаған толғау жанры жеке жанр ретінде қалыптасумен қатар, ең алдымен әлеуметтік-қоғамдық өмірді, сондағы әр алуан адамдар қатынастарын сараптап, ертеңгі болашақ туралы ой түйді. Мұның бәрі дерлік ақыл-нақыл, насихаттық сипаты арқылы көрініп, әдебиетіміздегі дидактикалық мазмұнды жырлардың сапасын арттырды. Бұл дәстүр кейінгі жазба әдебиет өкілдері Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт жалғастырған бұқарашыл, ағартушылық бағытқа жол салды. Сондықтан бұған Асан қайғыдан басталып, Бұқар шығармашылығымен дамитын жыраулар творчествосынан тыс, жаңа мазмұнды әдебиетіміздің қалыптасу қарсаңында тұрған ақындық поэзияның ірі өкілдері - Көтеш пен Шал ақындардың қосқан үлестері де аз емес. Бұлар, әрине, өзінің ұстанған ақындық дәстүрі мен өмірді көркем бейнелеу тәсілі жағынан жақын тұрғанмен, дәл сол деңгейге иық тіресіп, көтеріле қойған жоқ. Алайда, бұлар суырып салма дәстүрінің өкілдері болғандықтан, жыраулық поэзияның қол жеткен табыстары мен игіліктерін игере отырып, соны ілгері қарай дамыта білді.
Халқымыздың тарихи тағдырын қамтыған, оның беймаза дүрбелең кезеңдерін тек басынан өткізіп қана қоймай, бүкіл адамзаттың дұшпаны - зұлымдықпен белдесуде шыныққан ХҮ-ХҮІІІ ғғ. қазақ өлеңінің эстетикалық қуаты мәңгіліктің өзімен тіл табысқандай еді. Ол өткен ғасырларда нұрлана түсіп, жаңа кезеңде қайта түлеп, ерекше ажармен бүгінгі біздің саңлақ санамыз бен инабатты жүрегіміздің қақпасын қағады.
Қазіргі қазақ лириктерінің жыраулар поэзиясынан алған үлгі- өнеге, тағылымы мол дерлік. Турашылдық пен бұқарашылдық, әрине, өрелі өнерге тән салауат. Бірақ, ол ақын біткеннің барлығына жарасты мінез деу қате. Мұны поэзияда үлкен саяси- әлеуметтік концепцияға айналдырған Қазтуған бастаған қазақ жырауларының тобы. Ал Махамбет осы поэтикалық концепцияны ұлт-азаттық күрестің қаруына айналдырды.
ХҮІ ғасыр түлегі Доспамбет те, ХҮІІІ ғасырдың Ақтамбердісі де, ХІХ ғасырдың қақ ортасында кемеліне жеткен Махамбет те «өлі» дүниемен «сұхбатқа» түсіп отырады. Мәселен, осы ақындардың барлығы Жайық пен Еділ өзеніне адамша арыз айтады:
Айналайын, Ақ Жайық!
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңісі биік боз орда
Еңкейе кірер күн қайда? (Доспамбет
Қайран менің, Еділім,
Мен салмадым, сен салдың... (Қазтуған)
Еділді көріп емсеген,
Жайықты көріп жемсеген
Таудағы тарлан шұбар біз едік. (Махамбет).
Махамбеттің «Жалған дүние» өлеңі Шәлгездің «Қоғалы көлдер, қом сулар» толғауымен, «Тайманның ұлы Исатай» толғауының бірқатар жолдары Шәлгездің «Айырдан туған жампоз бар» шумағымен, Ақтамбердінің «Күмбір-күмбір кісінетіп» толғауымен Махамбеттің «Күн қайда» толғауларынан іштей де, сырттай да ұқсастықты байқау қиын емес. Мысалы, Шәлгезде:
Айырдан туған жампоз бар,
Жүгін нарға салғысыз.
Арғымақтан туған будан бар,
Күніне көрінім жерді алғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар,
Адам айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,
Бір аяқ асқа алғысыз, - деген жолдар Махамбетте былай оқылады:
...Айырдан туған жампоз бар,
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мал бар,
Асылын айуан десең нанғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар,
Атасын айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,
Жарамды бір теріге алғысыз.
Қазақ даласының шалғай шеттерінде ғұмыр кешкен екі ақын поэзиясының біршама ұқсастық, үндестіктері, олар өмір сүрген ортаның әлеуметтік теңсіздігінен, билер мен сұлтандардың халыққа жасаған озбырлығына наразылықтың нәтижесінен, бақытты өмірді аңсағандықтарынан туса керек.
Жыраулар поэзиясының дәстүрі Махамбетке дейін ғана емес, қазіргі қазақ поэзиясының белгілі өкілдері - Фариза Оңғарсынова, Нұрлан Мәукенұлы, Есенғали Раушанов және Жанат Әскербекқызының шығармашылықтарынан да өз жалғастығын табуда. Қазіргі қазақ лириктерін көне жыраулық дәстүрді жалғастырушы әрі әдебиетімізді одан әрі қорландыра түсуші талант иелері деу де артық болмас. Екі дәуір поэзиясында дыбыстардың қайталануы, аяққы немесе сөз басында бір сөздің қайталануы, афоризмдердің қолданылуы, ұйқас ұқсастықтары көптеп кездеседі.
Мәселен, Қазтуған жыраудың толғауында:
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт.
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт, - деп келсе,
Ж. Әскербекқызының «Баба жұртына оралу» өлеңінде:
Шалкиіз жырау шалған жұрт,
Қазтуғаннан қалған жұрт,
Доспамбеттей қыршын ер,
Соңғы демін алған жұрт,
Ақтамберді толғанып,
Махамбет атой салған жұрт,
Дауға түскен ептінің
Жауға түскен тектінің
Таңдайынан түйірлеп,
Сөз асылы тамған жұрт, - деген шумақтар бар. Тек осы ұқсастық қана емес, айта берсек бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Нұрлан Мәукенұлының поэзиясын алып қарасақ та жыраулық дәстүрдің ізі айқын көрінеді. Мысалы:
Жылқыдағы боз айғыр
Шұрқыраса болар ма?
Сойылды жау сыдыртып,
Үйірді алса, қалар ма?
Тұяғымен тас илеп,
Ойлы-қырлы шабар ма?
Жау қолына жеткізбей,
Елдің шетін табар ма? – десе,
Ақтамберді жырауда:
Арудан асқан жар бар ма?
Жылқыдан асқан мал бар ма;
Биенің сүті сары бал -
Қымыздан асқан дәм бар ма? – деген риторикалық сұрау ұйқастарды ұшыратамыз.
Н. Мәукенұлының:
Күннен құдірет қашқаны-
Қара бұлттың басқаны,
Қамырыққан көңілдің
Құлағаны аспаны...
Айдан айбын қашқаны-
Айдын көлдің тасқаны,
Айдай аппақ көңілді
Ауыр мұңның басқаны, - деген жолдарына ұқсас Шалкиіз жырауда:
Аспанды бұлт құрсайды -
Күн жауарға ұқсайды,
Көлдерде қулар шулайды -
Көкшіліден ол айуан.
Соққы жегенге ұқсайды, - деген сияқты сәйкестіктерді аңғаруға болады. Бұл өлеңдердің бойында тек ұйқас ұқсастығы ғана емес, сонымен бір дыбыс үндестігі (аллитерация мен ассонанс) де бар.
Сондай-ақ, жыр жолдарындағы сөздер мен буындардың қайталанып келуі жыраулар мұрасынан өнеге алған. Жыраулар поэзиясы мен қазіргі ақындар поэзиясын салыстыра қарасақ, мынадай қайталаулар кездеседі: Н. Мәукенұлы: « Тасқын, тасқын, тасқын су», «Отар, отар, отар қой», «Қара, қара, қара түн» т.б. Доспамбет жырауда: «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Сіреу, сіреу, сіреу қар», Шалкиізде: «Асқар, асқар, асқар тау»; Е. Раушановта: «Жолдар да жолдар, жолдар-ай». Ақтамбердіде: «Бұлан да бұлан, бұлан сан», Есенғалида «Жасыл да жасыл, жасыл бел». Ақтамбердіде: «Жел, жел есер, жел есер», Есенғалида: «Сеңгір де сеңгір, сеңгір-ай». Бұқарда: «Ай, заман-ай, заман-ай». Мұндай қайталаулар көбінесе толғаудың, яки шумақтың басқы тармағында кездеседі. Қайталаулардың бірқатарында ақындар бір нәрсеге, яки құбылысқа тыңдаушы назарын аударып, сосын барып ол туралы өз толғамын ағытады.
Есенғали Раушанов шығармашылығы жайлы сөз етсек, жыраулар поэзиясына тән мынадай сабақтастықтар бар.Есенғалида:
Уа, Алатаудай асқағым,
Жайдың оғын жасқадың.
Үмбетей жырауда:
Уа, Алатаудай Ақшадан
Асып тудың, Бөгембай!
Есенғалида:
Бозаңға біткен боз жусан,
Боқыраудың күні болғанда
Бозарып барып солар ма.
Шалкиізде:
Саздауға біткен қара ағаш
Кімдерге сайғақ болмаған, - деген сияқты үндестіктер аз емес.
Ақын-жырауларда бір сөзді бірнеше рет қайталау арқылы бір нәрсеге, яки құбылысқа ерекше мән беріп, назар аудару сияқты тәсілдерді жиі қолданған.
Қазіргі қазақ лирикалық поэзиясының белгілі өкілдерінің бірі Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы мен жыраулар поэзиясы ұқсастығын қарастыратын болсақ, ең алдымен тіл мен бейнелілік мәселесіне назар аударарымыз заңды. Мәселен, Ф.Оңғарсыновада:
Мен үшін зауза, ақпан бар,
Қара сулар бар, ақ қар бар.
Мүсіркемеңдер - сақтаңдар!
Итерсең жығып тастаңдар,
Тұрғызсаң қолды қақпаңдар.
Сендер деп жүрмін әйтеуір
Аялаңдар, не таптаңдар!
Марғасқа жырауда:
Шығырмақ бұлт жай тастар,
Ағытқан қойды жол бастар,
Ақ желкенді жел бастар,
Ғадыл төре ел бастар,
Батыр жігіт қол бастар,
Шешен адам сөз бастар.
Немесе Фаризада:
Жолымда талай орлар бар,
асуын бермес жолдар бар,
Жанымды теңдей тондар бар-
қиналғанымды қолдаңдар.
Сәулелеріңмен қорғаңдар.
Жиембет: Жалаулы тайда тарқа жоқ,
Жаңа кисең, ескі жоқ.
Күдінілген балдан сарқыт жоқ,
Күлімсіреп айтқан сөзде қажау жоқ.
Фаризада: Махаббатым -
Мөлдір әуен, сұлу саз көктемдерім,
көктемдерім - өзіңнің өбкен демің.
Бұқарда: Ай не болар күннен соң,
Күн не болар айдан соң - деген еспе қайталаулар да ұшырасады.
Сонымен, жыраулар мен қазіргі ақындар мұрасы тақырып, мазмұн, жанрлық жағынан сабақтас, байланысты келеді. Өмір талабына орай, бұл екі сала да ақыл-насихат, тәрбиелік дидактикаға аса мән беріп отырған.
Толғауда ақын-жыраудың қуанып, шаттанған, не кектеніп ызаланған жан тебіренісі де, сол дәуірдегі әлеуметтік ірі оқиғаларға айтқан парасатты пайымдаулары да, яки дүние, өмір, адам, табиғат, заман сырын таразыға салып тебіренген философиялық-дидактикалық пікірі бой көрсетеді. Жазба ақындар творчествосында бұрын толғау табиғатынан табылатын қасиеттерді енді лирика атқара бастады. Толғау табиғатында тек лирикаға тән тебіреніс, толғаныс қана емес, үндеп, жарлап, жалындай келетін жауынгерлік рух, өмір, дәуір, заман т.б. сан алуан мәселелерді кеңінен қамтып, шабытпен шалқыта бейнелейтін көсемсөз- публицистиканың да сипаты танылады. Жыраулар поэзиясы мен қазіргі қазақ лирикасының арасындағы ұқсастық тек мазмұны, тақырыбы жағында ғана емес, түр жағынан да сабақтасып жатады. Өлеңнің сыртқы құрылыстарын қарастыратын болсақ, аралас, ерікті, кезекті, егіз, қара өлең ұйқастарын қолданған. Ұйқастың өзін ішкі ой мен мазмұнға бағындырған және шумаққа поэзиялық қасиет дарытып тұратын дыбыс үндестігі де жиі кездеседі.
Қазіргі қазақ лирикасынан жыраулар поэзиясының түрлі үрдістерін байқауға болады. Қазіргі лириктер жыраулар дәстүрін жалғастырушы, қазақ әдебиетінің асыл арнасын жалғастырушы.
Достарыңызбен бөлісу: |