Лоп-Нор өзені жағалауында көштің артынан келген бейтаныс кісілер
Өзенді құлдилап көшудегі мақсат – өзеннің аяғындағы Лоп-Нор көлін айналып, Такламакан шөлінен өтіп, Алтынтауға жетіп, содан Гималай тауының етегіндегі Гаскөлге бару еді. Олай етпегенде Лоп-Нор өзенінің көлге құйған жеріне жақындап барып, сол жерден Такламакан шөлін кесіп өтіп, шөлдің екінші жағындағы адырдағы ауыз суы бар бұлаққа жету керек. Лоп-Нор өзенінің аяғын айналғанда да осы бұлаққа соғу, соның жанындағы өзіміз «Ұзынсай» деп атаған сайды өрлеп, межелеген жерге қарай беттей беру қажет еді.
Лоп-Нор өзенін жағалап дәл қанша күн көшкеніміз белгісіз. Кейін Гималай тауында апам, Нұркамал деген баласы өлгенде, сол қарындасымның түйіншектерін шешіп отырып, соның бір кішкене дорбасының ішінен 28 тас шығарып: «Мыналарды Лоп-Норды жағалап көшкенде Нұркамалым «әр қонған жердің белгісі» – деп алып, осы дорбасына салушы еді. Айналайынымның осы тастардың санындай да өмірі болмады ғой», – деп егіле жылағаны есімде.
Бір күні көштің артындағы қарауылдан жедел хабар келді. «Артымыздан бейтаныс үш кісі келді. Жетелеген екі аты бар. Үшеуі де ұйғыр. Сізді көріп сөйлесеміз – дейді», – деді әкеме хабар жеткізген жігіт. Біраздан соң олар да келіп жетті. Лоп-Нор өзенінін басындағы Көнші деген ауданның әкімі Емін Дамолла деген кісі екен. Жанындағы атшысы Айсары деген жігіт. Үшіншісі оларды бізге жеткізіп салып, қайту үшін келген басқа бір ұйғыр жігіті. Емін Дамолла кезінде генерал Махмұт (Махмұт Сыжаң) пен бірге елден қашып шығып, сонау Жапонияға дейін барып, кейін еддегі жағдайдың сәл дұрысталғанын естіп қайта оралыпты. Кезінде Мәскеудің Үрімжідегі қуыршағы залым Шың шы цайдан қашқан бұл кісі, енді Мау зы дұңның (қытай коммунисттерінің) зұлымдығынан үрейленіп, қашып бара жатқан бізді естіп, бізбен еріп шетке шығып кету үшін келіпті.
Қытай коммунистерінен қашқан ұйғыр Емін Дамолланың қанын қытайшыл ұйғыр Жолбарыс пен ұлдары ағызып шейіт етті. Емін Дамолла да, Сәліс Әміреұлы, Әбдікәрім Ынтықбайұлы және Әділ Сексенұлдарымен бірге Тибет жерінде Жолбарыс пен ұлдары жағынан өлтірілді.
Такламакан шөлінен өту
Лоп-Нор өзенінің көлге жақындаған мойнағына таяғанда, өзен мұзының жұкарғандығы, тіпті кей жерлерде мүлдем ерігендігі байқалды. Бұл арада әкем, тиісті кісілерді шақырып ақылдасып, өз ұйғарымын айтты:«Көлді айналып өту ұзақ. Көлігіміз арықтайды. Екінші жағынан көлдің айналатын жағасы батпақ болып, өткел бермеуі де ықтимал. Сондықтан осы тұстан Такламакан шөліне кіріп, әрі қарай өтіп шығайық» – деді. Сол ұйғарысқа сай Лоп-Нор өзенінің екінші жағына өтуге тиіс болдық. Бірақ, әлгінде де айтылғанындай, өзен мұзы бұл тұста жұқа еді. Сондықтан бір-екі күн кейін көшіп барып өту керек болатын. Әкем оны дұрыс санамады: «Не де болса осы жерден өтуге тырысайық» – деді. Сонымен дағдысына сай өзі көштің алдында шығып өзеннен өтуге кірісті. Мұз опырылып кетті. Аты малтай жөнелді. Аттан айрылмаған әкем де аман-есен ар жаққа өтіп шықты. Артынан сәл кейіндеп көш пен малымыз да өзеннен өтті. Бірақ елдің қомақты бір бөлігі өзеннің ар жағында қалып қойды. Олар кемінде бір-екі күн кейін көшіп барып өзеннен өтпекші болды.
Елдің алдыңғы бөлігі артқы елді тоспай жүре беруді ұйғарды. Соның өзінде де Такламакан шөлінің шетінде бірер күн аялдауға тиіс болдық. Өйткені, бұл жерден тіке шөлге кіру керек. Шөлдің дәл сол маңынан бұрын біреу-міреудің ар жаққа өтіп шыққаны белгісіз. Біздің қиыншылығымыз: бала-шағамызбен, айдаған малымызбен, шөлдің бұл тұсынан өтуге мәжбүр болып отырғандығымыз-да. Сол ерекшелігімізге сай, бірер күн кідіре тұрып, алдыңғы жаққа шолғыншы жіберуді дұрыс санадық.
Шөлге жіберілген шолғыншылар
Такламакан шөліне шолғыншы ретінде алдымен Сәпең (Сәбәділ Мұхамметжанұлы) мен Тәкіман батыр аттанды. Ол екеуі шөлге терендеп кірмей, беріректен қайтатын болып міндеттенді. Шолғыншылардың екінші тобы, Адамбай Арықбайұлы, Мәдәлім Байқонақұлы, Емін Дамолла, атшысы Ақсары төртеуі шөлді терендеп жүре беретін болды. Өткен жерлеріне белгі қойып отырмақшы болды. Такламакан шөлінің бұл тұсының жер жаратылысы мен табиғат өзгешелігінен бұл елде ешкімнің мәліметі жоқ еді. Шөл дегенде олар – тек сусыз дала, құм-құмайт жазық деп ойлаған болуы ықтимал. Бұны шолғыншылар өткен жеріне: «Белгілер қойып отырсын» – деген ұйғарым анық байқатады.
Сонымен бірінші топтағы шолғыншылардан Сәпең қайта оралды: «Көрінерде су, өсімдік сияқты ештеңе жоқ» – деп келді. Тәкіман батыр тағы бірнеше күн алға барып қайтпақшы болыпты. Екінші топ одан әрі тереңдеп шөлге кіре берген. Сәпең қайта оралған күннің ертеңінде: «Я, Алла» – деп Такламакан шөліне кірдік. Лоп-Нор өзенінен сәл ұзап шыққаннан кейін-ақ, аяғымыздың асты топырақ та, құм да емес, кілең тұз екені байқалды.
Алғашқы күні кешке таяу бастапқы шолғыншылардан Тәкіман батыр көрінді. «Ешқандай су да және өсімдіктің де белгісі де жоқ» – деді. Бірақ әкем алға тарта берді. Бір күннен кейін, екінші топтағы шолғыншылардан Мәдәлім Байқонақұлы ұшырасты: "Түк жоқ. Адамбай Арықбайұлы, Емін Дамолла, Айсарылар алға кетті», – деді.
Лоп-Нор жағасынан көшкенімізден бері 48 сағат өтті. Аяғымыздың асты әлі тұз. Бірақ бұл тұз – біз көріп жүрген тұз емес. Табақтай-табақтай, тағы үлкендеуі – қазанның ауызындай, одан үлкендері – алты қанат үйдің жұртындай болып дөңгелектеніп-деңгелектеніп, ернеулері көтеріліп қатқан, немесе кепкен тұз-ды. Әлгі ернеулерінің қаттылығы соншалық, тиген жерін пышақтай тіліп кетеді. Кейбіреулерінің үстіңгі жағы қоңырқай түсті, ол дөңгелектердің не екенін түсіне алмай, күрекпен қазып көрмекші болғандар, оған күрегін өткізе алмай, балтамен шауып әрең сызат түсіріп таңырқады. Балта тигенде әлгі тұздан темірге темір тигендей дауыс шықты. Оның үстінгі қабаты соншалық қатты болғанымен, астыңғы жағы жұмсақтау, ақ түсті, немесе, сарғыштау түсті тұз екен. Тереңірек қазғандар шыққан дәмі удай және мөп-мөлдір суды татып жиіркенді.
Лоп-Нор өзенінен шыққанымызға 60 сағаттай болған. Су да, суды байқатар бір белгі де кездеспеген. Аракідік демалу үшін аялдаған көш ұдайы алға қарай тартуда еді. Ең алдында – әкем, одан кейін – Сәпең бастаған жіптей тізілген көш. Бұл арада Тәкіман батыр мен тағы бірнеше кісі: кейін шауып барып, Лоп-Нордан су әкелейік – десті. 60 сағаттық жолмен кейін барып, тағы 60 сағат жүріп су әкелгенде көштің сол орнында тұрмайтыны анық-ты. Сонда да олар, мықты түйелермен кейін шапты. Су әкелуге кетті.
Тастай қатты тұздың үстінде жүргенімізге толық үш күннен (72 сағаттан) асқан-ды. Аш және сусыз қалған мал, бір-біріне ауыз сала бастады. Мен жылқы айдауда едім. Жылқылар, қайта-қайта ығысып, бірінің жалқұйрығына екіншісі ауыз салып, қайта айналушы еді. Ал қойлар жаппай маңырап иріле береді екен.
Хайуан, мал екеш – малды, осыншама қатын-бала, кәрі-жасты осындай ауыр жағдайға түсірген – жат-жұрттық отаршылық, олар басшылыққа алған коммунизм деген зұлымдық еді. Егер орыс пен қытай біздің елімізді жаулап алып, отаршылық зомбылығы астына алмағанда, егер орыс пен қытай халықты қырғындамағанда, бұл халық қашып келіп осы Такламакан шөліне түсіп, осыншама азапқа душар болмас еді.
Төртінші қүнге айналғанда, көштегілердің бір-бірімен сөйлесуі де азайған-ды. Төрт күн, төрт түннен бері анда-санда ұйлығып бір жерде отырып дамылдап, одан кейін қайта жүрумен келеміз. Қайда кетіп бара жатқанымызды да, алда судың бар-жоғын да білмейміз. Алдағы шолғыншы Адамбай Арықбайұлы, Емін Дамолла, Айсарылардан, кейін шауып мұз-су алғалы кеткен Тәкімандардан да дерек жоқ. Осынау көште, бір кісі ғана, қайда және қалай кетіп бара жатқанын білетін. Ол – Қалибек хакім-ді. Қолындағы картасына қарап алып, алдағы су көзі – «Сор бұлақ» – деп көштің аддында кете беретін. Бірақ картада көрсетілген «Сор бұлақ» дәл біздің аддымызда ма? Біз дәл сол «Сор бұлақтың» тұсынан шығамыз ба? Істің ол жағы белгісіз болатын. Оны Қалибек хакім де білмейді. Ол Құдайға, ал оған ерген ел де: бір білгені бар шығар – деп Қалибек хакімге сенуші еді. Бұл сенім, яғни Аллаға және басшыға деген сенім – елден осылай аууға, Такламакан шөлінен өтуге, Гималай тауынан асуға, сонау Түркияға дейін баруға жеткізген күш еді.
Су орнына қан ішу
Лоп-нор өзені жағасынан көшіп, Такламакан шөліне кіргенімізге бес күннен асқан еді. Мал айдаған жігіттердің кейбіреулері шөлге шыдамай, қойды бауыздап, қанын ішіп жатыр – деген үрейлі хабар тарады. Енді біреулер: малдың қарнындағы жынын сығып су шығарып ішу үшін соны сүзуде – десті. Қан ішкендер, кеуіп құрғаған тамақ-кеңірдегін алғашқыда жібіткенмен, кейін қанның одан әрі шөлдеткенін айтысып жүрді. Игі болғанда – күн ыссы емес. Керісінше аңызғақ, суық еді. Жауын-шашын да жоқ. Жалпы алғанда, Лоп-Нор өзенін құлдай көшкен бір жарым ай шамасындағы мерзімде ауа райы ашық болды. Күннің ашық, ауа райының жауынсыз болуы бізге ыңғайлы болды. Өйткені, жауған жаңбыр, немесе қарда малпаңдап жол жүру, сондай-ақ, қонған жерге қос тігу оңай іс емес еді. Оның ауыртпалықты азабы алдағы күндерде душарласатын-ды.
Ұзақтан көзге шалынған адыр-төбелер
Такламакан шөліндегі бесінші күн. Астымыздағы атымыздың, жетелеген түйеміз бен айдаған қойымыздың да су ішпегеніне, талшық шөп ауызына салмағанына 108 сағаттан астам уақыт өткен. Жолда тұздың үстінде сәл аялдай қалғанымызда, аттарымыздың, тіпті айдаған жылқымыздың ішіндегі бұрын құрық тимеген, асау да үркектерінің біздің үсті-басымызды иіскелеп, ішетін су, жейтін тамақ іздеуі, адамның жүрегін тебірентетін еді.
Біз жүріп келе жатқан тұздың үстінен анда-санда қаздың өлексесі кездесетін-ді. Оны кейбіреулер жақсылыққа жорып: «Алдымызда сулы жер болғаны ғой» – десе, енді біреулер: «Әй, қайдам! Мынау ана артта қалған Бағыраш көлінен қайтқан қаздар ғой. Мына бетпақ шөлдің үстінен ұшқанда қанаты талып түскен ғой!» – деп үрейлендіретін.
Шөлдегі бесінші күн түс ауа алдан ұзақта бұлдырап адыр-төбелер көзге түсті. Көштің ең алдындағы Қалибек хакім дүрбі салып қарап алып, солай тарта берді. Оның артында Сәпең бастаған біздің ауылдың түйелі көші. Оның артында жылқы айдаған мен. Менен кейін басқа ауылдардың көштері жіптей тізіліп, ілбіп келе жатырмыз. Бесін уақыты ауа бергенде, тұздан шығып, әлгі адыр-төбелерге жеттік. Өсімдіктен ештеңе жоқ қоңыр құм. Тұздан шығып құмға келіп жеткен көш, қалай жүруін біле алмай иіріліп қалды. Құм төбелердің біріне шыққан Қалибек хакім, жан-жаққа дүрбі салды.
Құмға келіп жеткен көштегі кісілер де Қалибектің жанына жиналды. Бұл арада біреуі: жерден жеті қоян тапқандай қуанып: «Ой! Мынаны қара! Өлген жылқының, түйенің сүйегі жатыр. Демек, бұл жақтан адам баласы өткен» – деп үміт отын жақты. Оған кейбіреулер: «Ой байғұс-ау! Оған несіне қуанасың? Астындағы аты, жетелеген түйесі өліп, осы жерде қырылып қалған сорлылардың қалдығы шығар!» – деп тойтарыс берді.
«Сорбұлақ» табылды!
Төбе жақтағылардан: «Ағаш көрінеді!» – деген дауыс естілді. Қалибек хакім өзі сол төбеде отырып, әлгі дүрбімен ағаш көрген жаққа Хамза Шемішбайұлын жіберді. Егер ол жақта су болса, Хамза тымағын бұлғап, белгі беретін болған еді. Көштің арты тұздан шығып құмда шоғырлануда. Жұрттың бәрі өте абыржулы. Егер бұл жерде су табылмаса, онда қалай және қанша жүре алатынын ойлап үрейленуде. Сондай үнсіз де абыржу басып тұрғанда, төбеде дүрбі салып түрған Қалибек хакім, Хамзаның тымағын бұлғаған белгісін көріп солай жөнелді. Көшке де солай жүруге жол сілтеді.
Сәлден кейін Такламаканның шөлінің шетіндегі бірден-бір ауыз су көзі – «Сорбұлаққа» жеттік. Мен айдаған жылқы мен астымыздағы аттарымыз әуелде жабыла суға бас қойды да, бірден шегіншектеді. Суды ішпеді. Аттан қарғып түскен кей жігіттер де суға ұмтылып барып: «Ойбай-ау! Мына су тұзды екен, ішуге болмайды» – десті. Ол жұртшылыққа жай түскендей жаман хабар болды. Сорбұлақтың басында, біраз қамыс және жыңғыл сияқты аласа біткен бұта бар екен. Аш және сусыз жылқы, әлгі қамыс пен бұталарды кемірді. Сәпең (Сәбәділ Мұхамметжанұлы): «Тұзды судың мұзы тәтті болады, мұз жендер» – деп дауыстады. Расында да солай екен!...
Атам Әділбек Райымбекұлының қазасы
Ел Сорбұлаққа келіп жиналғанда, Қалибек үшін ауыр да, аянышты бір хабар келді. Туған ағасы Әділбек Райымбекұлы (ел арасында «Ақ молла» деп те аталатын) Такламакан шөлінде адасып кеткен-ді. Біз балалар ол кісіні «Ата» деуші едік. Атамның Такламакан шөлінде адасып кетуі, ол кісінің өмірімен қоштасқаны, қаза болғаны деген сөз еді. Марқұмның әйелі Күлән апа 1948-жылы жазда Тасырқайда қайтыс болған. Кіші қызы Қалия және жалғыз ұлы Қапан үшеуі бір үй еді.
Атамның бұндай қазаға үшырауы әкеме өте ауыр тиді. Жалғыз інісі Ілияс Райымбекұлы – Қаратауда (Нәньсанда) бізге ермей қалып қойған. Енді міне бір туған жалғыз ағасы Әділбек Райымбекұлынан да айрылды.
Әкем кейін қайтып, ағасының сүйегін тауып арулап жерлеуге ұмтылды. Бірақ, әкем кейін қайтып ағасының сүйегін іздейтін болса, онда барлық ел бөгеліп қалатын болды. Елдің дәл сол жерде бөгелуі, халықтың жаппай апатқа үшырасуына соқтырар еді. Сол жағдайға байланысты әкем Қалибек Райымбекұлы: елді алға қарай бастай беруте, ал ағасьн іздеуге немерелес ағасы Сәбәділ Мұхамметжанұлы мен немерелес інісі Зейнұлла (Зазен) Райысұлын және Мөрдіқан Омарбайұлын, түйе және атқа мол мұз арттырып кейін жіберді <...>.
Сәпен бастаған атамды іздеген үш кісі Лоп-Норға барғанда, әлгі шолғыншы болып көштен бірнеше күн бұрын алға кеткен Адамбай Арықбайұлы мен Емін Дамоллаларды кезестіреді. Олар өздері жол таба алмай Такламакан шөлінде үлкен қауіп-қатерге ұшырап, Емін Дамолланың атшысы Айсарыны жоғалтып, алдыңғы жақтан үміт үзіп, баяғы ел көшкен, өздері кеткен Лоп-Нор өзені жағасындағы жұртқа қайта барыпты. Олар сол жерге барғанда, Лоп-Нор өзенінен өте алмай екі күн кейін көшіп барып, жоғарыдан өтіп келген елмен кездеседі. Оларға: «Алда үміт саңылауы жоқ. Кеткен ел шөлде қырылған шығар» – деген үрейлі тұжырым айтады. Сонымен ол ел сондай абыржушылық жағдайда тұрғанда атамды іздеген Сәпеңдер барады. Сөйтіп олар атамды таба алмаса да, жүз үйден астам елді бастап, біз Гаскөлге жеткенде артымыздан келді.
Сорбұлақтан ұзынсайды өрлей көшуіміз
«Сорбұлақта» екі күн аялдағаннан кейін тағы кештік <...>. Ол жерден көшкен күні үлкен бір жыраны өрледік. Әкемнің картадан көріп жобалауынша, ол жыраның басы қытайдың Шыңхай өлкесі мен Шығыс Түркістан арасындағы тасжолға шығады. Біз сол жолды кесіп өтіп, Гаскөл мен Темірлікті басып, Гималай тауының етегіне ілінуді жобалауда едік. Сайдың басының Шығыс Түркістан мен Шыңхай тасжолына шығатындығы, бізді: «Қытай әскерлері бізді сонда тосып жатқан болуы мүмкін» – деген қауіпке де жетеледі. Дәл сол күндері жаумен қарсыласқандай бізде қауқар да қалмаған еді. Адамдар шаршап-шалдыққан-ды, көлігіміз де арықтаған.
«Сорбұлақтың» жанынан өрлейтін сол жыраны «Ұзынсай» деп атадық. Біз «Сорбұлақтан» көшіп, сол Ұзынсайдың аяғынан өрлеген күні, ауа райы кенет өзгеріп, ызғарлы қарлы боран соға бастады. Кешке таяу қалың қар жауды. 7-8 күннен бері су ішпеген айдаған малымыз бен мінген көлік, ат-түйеміз, жаңа жауған қарға ауыз салды. Аш қарынға құм аралас ақша қарды жұтқан мал, сәлден кейін қалжырап жолда қала бастады.
<...>. Жол бойы жүре алмай сілейіп тұрған, немесе жығылып жатқан, қазақтың бұрын «бір қызға бергісіз» – деп бағалаған небір жақсы аттары, бүрісіп әрең кетіп бара жатқан қатын-бала, көлігі өліп айдалада жаяу қалған талай кісілер көзге түсуде еді.
Әлсіреген аттарын аяп, жаяу жетелеп бара жатқандардың ішінде кімдер жоқ десеңші. Шығыс Түркістан үкіметінің бұрынғы генерал секретары Сәліс Әміреұлы, атақты ақын-жазушы Әбдікәрім Ынтықбайұлы, Үрімжінің көрнекті байларынан – Әділ Сексенұлы, бұл елдің имамы Нұрмұхаммет Атамбайұлы сияқты көптеген кісі алға қарай үнсіз ілбуде еді <...>.
Кездейсоқ кездесулер
Картасына қарап алған әкем: «Шығыс Түркістан – Шыңқай тасжолына жақындаған болуымыз керек. Алдымызда қытай әскері болуы мүмкін», – деп шолғыншы аттандырды. Дағдысына сай өзі де алдыңғы жаққа барып, көш жүретін жолды шолып қайтты. Расында да, Шығыс Түркістан – Шыңхай тасжолына жақындаппыз. Әйтеуір, көрінеуде жау жоқ. Шолғыншы жігіттер, тасжолда жуырда жүрген машиналардың ізі бар екендігін, ілгеріде бір там үй тұрғандығын, бірақ ішінде ештеңе жоқ екендігін де айтып келді.
Әлгі шөбі, суы бар жерде бірер күн аялдап, тынықтырғаннан кейін үдере көшіп, Шығыс Түркістан – Шыңхай тасжолына келдік. Бұл жолы Үрімжі – Қашқар тасжолынан үрейленіп қауіптенгеніміздей, сақтық шараларды қолданбадық. Коммунист қытай әскерлері әлі бұл жаққа келіп жетпеген шығар деп тұжырымдадық. Сол үшін бір қатар жерге дейін тасжолдың үстімен жүріп, әлгі бос тұрған екі там үйге келдік. Көш сол жерден Гималай тауына қарай бұрылды. Бос там үйлерді барып тексерген Сәліс Әміреұлы, үйдің дуалына қытайша жазылған жазуларды оқып: «Гоминдаң әскерлері де, коммунист қытай әскерлері де бұл жолдан өтіпті. Міне, солардың жазған ұрандары», – деп көрсетті.
Әлгі екі үйден оңашаланып, Гималай тауы бағытына қарай сәл өрлеп барып қондық. Ол маңның шөбі шүйгін екен. Суы да бар. Шолғыншы жігіттер: жақында жүрген атты және түйелі кісінің ізін кездестірдік – десті. Арадан бірер күн өткенде қарауыл-күзетте жүрген кісілер, бейтаныс екі қазақты ұстап әкелді. Дүниенің бұл шетінде қазақпен кездесу таңғажайып оқиға еді. Сонымен қатар бұл сақтануды да қажет ететін құбылыс-ты. Ол екі кісінің жаудың жіберген шолғыншысы, жансызы болуы да ықтимал.
Бейтаныс екі қазақтың жетелеген екі түйесі бар екен. Бастарында «Алтай керейі тымағы» дейтін үшкір төбе, кең етекті тымақтары бар. Оларға әкем:
– Қайдан келесіңдер? – деді.
– Гаскөлден.
– Қайда барасындар?
– Шәршен - Шағлыққа барамыз. Шай және кездеме, бұл сияқты қажетті заттар сатып аламыз.
– Гаскөлде кімдер бар?
– Құсайын тәйжі деген кісі басқаратын ел бар.
– Бұл жерден ұзақ ба?
– Екі күндік жерде.
Одан кейін әлгі екеуін өз бетімен жібердік. Олар Шығыс Түркістанның кілең ұйғырлар тұратын, Шәршен Шағлық қаласына қарай кете барды. Біз олар айтқан жолмен Гаскөлге қарай көштік. Жиі көшіп Гаскөлге, сондағы елге жеттік. Бұл 1950-жылдың ақпан айы еді.
Гаскөлде түйеге мінген америкалықтар
Гаскөлге барған күніміздің ертеңінде 1950-жылдың ақпан айында, біздің ауылға қарай түйеге мінген бірнеше бөгде кісінің келе жатқанын көрдік. Олар не қазаққа, не қытайға ұқсамайды. Алдында келе жатқан біреуі, мінген түйесін шөгерген бойда, қарғып түсіп құшағын ашып Қалибек хакімге қарай ұмтылып барып құшақтады. Ол 1949-жылдың көктемінде Үрімжіде Қалибек хакіммен кездесіп, үйдің шамын сөндіріп қойып, қараңғыда отырып сөйлескен, кейін Оспан батырмен, Жанымхан қажымен және Қалибек хакіммен Көктал – Толы жайлауында жиналыс өткізбек болған, АҚШ-тың Үрімжідегі вице-консулы Mr. Douglas Maskernen еді. Жанындағылар консулдың хатшысы Mr. Frank Basseic және атшы ретіндегі антикоммунист екі орыс.
АҚШ – қытай коммунистерінің билік басына өтуін мойындамаған болатын. Қытай Халық Республикасын заңды үкімет деп тануды кері қаққан-ды.Гоминдаңдық қытай үкіметін (Тайуан аралына қашып өткен маршал Жаң кайшы үкіметін) қытайдың заңды үкіметі деп тануын ұластыра беретінін мәлімдеген. Сол үшін қытай коммунистері Үрімжідегі Американ дипломаттарын тұтқындауға ұмтылды. АҚШ-тың Үрімжідегі бас консулы Mr. Yall Paxton бұрынырақ еліне демалысқа кеткен екен. Ал бас консулдың орынбасары Mr. Douglas Maskernen мен бас хатшы Mr. Frank Basseic Үрімжідегі антикоммунист орыстардан алған қызметшілерін ертіп, машиналарымен Үрімжіден қашып шығады. Жемсарыға барғаннан кейін, машиналарын тастап, атпен Оспан батырдың ауылына барып паналайды.
Оспан батыр АҚШ-тың дипломаттарын өз панасына алып қамқорлық көрсетеді. Ат, түйе сияқты көлік беріп, өз ауылынан Залабай деген жігітті, Жанымхан қажы ауылынан Қиса дегенді қосып, Сұлташәріптің інісі Қариғаға жол бастатып Гаскөлде отырған елге жібереді. Ол елдің бұл шетелдіктерге көмек көрсетіп, Тибет жаққа шығарып жіберуін тапсырады. Қалибек хакім өзі 1949-жылы Қошты жиналысы шешімі бойынша Үрімжіге барып сөйлескен АҚШ вице-консулы Mr. Douglas Maskernenмен Гаскөлде де жеке сөйлесулер өткізді. Бұл сөйлесулерге Сәліс Әміреұлы да қатысты. Қалибек хакім мен Mr. Douglas Maskernen арасында бірқатар келісімдер де болды. Соған орай Mr. Douglas Maskernen АҚШ-тың долларын ортадан жыртып, бір бөлегін әкеме берді. Екінші бөлегін өзі алды. Оның екеуіне де әкемнің бас бармағын бастырды. «Осы жарты долларды әкелген кісіні дос деп санаңдар», – деді. Сонымен бірге, Mr. Douglas Maskernen өз айтуы бойынша: «Үрімжі қаласы маңындағы төбелердің біріне апарылып жасырылған құрал саймандардың орнын» берген-ді. Ол кезде біз елден мүлдем кетіп қаламыз деп нақтылы шешім қабылдай қойған жоқпыз. Әлі де болса одақтастық құрып қайта соғысамыз ба деген үмітте едік. Американдық достармен де сол жөнінде кеңескен едік.
Mr. Douglas Maskernen Қалибек хакіммен қоштасып тұрып, көзіне жас алып: «...Сіздің еркіндік, тәуелсіздік жолындағы қызметтеріңіз, мен өлсем де Америкаға белгілі болды. Егер азат дүниеге шықсаңыз, американдық ресіми бір қызметкер көрсеңіз, оған ана доллардың жартысын көрсетіңіз...», – деді.
Қалибек Хакім өз тобының ұзақтан арып-шаршап жаңа келгеніне, көліктерінің қоңсыз екеніне сілтеме жасай отырып, Құсайын тәйжіге көлік тұрғысынан АҚШ консулына көмектесуін өтінді. Сонымен американдықтар алтын беріп Құсайындардан 8 түйе сатып алып, Тибет жерін басып Үндістанға қарай аттанды. Қалибек хакім олар арқылы бұрын шетке шығып кеткен ұйғыр жетекшілеріне және маршал Жаң Қай шыға хаттар жіберді.
Өкінішке орай Тибет жерінде АҚШ вице-консулы Mr. Douglas Maskernen қаза болыпты. Mr. Frank Basseic аман есен еліне барыпты <...>.
Гаскөлдегі өмір
1949-жылдың желтоқсан айының аяғында Көклік тауынан шығып, 1950-жылдың ақпан айында шаршап-шалдығып Гаскөлге келгеннен кейін, Қалибек хакім сол жерде 12 жылдан бері өмір сүрген Құсайын тәйжіге кейбір ұсыныстар да жасады. Бізге тың көлік беруін өтінді. Ондағы мақсат: тың көлікпен бірқатар кісілерді Баркөл – Құмыл жаққа Қанамбал жолы арқылы жіберіп, Оспан батырмен және Жанымхан қажылармен хабарласу еді. Оларға тез арада біз тұрған Гаскөл жаққа келуін ұсына отырып: кешіксек Үндістан – Қытай ( Тибет – Үндістан) шекарасы жаққа коммунист қытай әскерлері түседі. Шекара бекіп қалады – деп те ескертіп еді. Бірақ Құсайын тәйжі ол істің мән-маңызын түсінбеді <...>.
Қалибектің елініің Гаскөлде аялдауының екі түрлі басты себебі бар. Біріншіден, Қалибек хакім Оспан батыр мен Жанымхан қажының келуін күтті. Екіншіден, Такламакан шөлінен өтіп, шаршап-шалдығып келген елдің көлігін тынықтыру қажет болды.
Гаскөлде мүлдем бос отыруды дұрыс санамаған Қалибек хакім: Хамза Шөмішбайұлы мен Тәкіман батыр бастаған бір топ жігітті – Шыңхай өлкесі жаққа аттандырып, сол жақтан хабар алып қайтуға; Қайнаш Мұхамметжанұлы мен Зейнұлла Райысұлы (Зазен) бастаған жігіттерді – Қанамбал – Дұңхуан жаққа; Нұрмұхаммет Атамбайұлы, Нұрсапа Мергенбайұлы және басқалары ішінде бір топты – Оңтүстік Шығыс Түркістан (Шәршен – ПІағлық) жаққа жіберді.
Шәршен – Шағлық жаққа барғандар сол жақта жасырынып жүрген Мұхаммет Тұрдықары деген ұйғырды ертіп келді. Ол кісі 1946-жылдың басында Іледегі Шығыс Түркістан жұмхұриеті үкіметінің бастығы Әлихан төренің өкілі ретінде Манас – Сауанға келіп қайтқан, сонда Қалибек хакіммен танысқан-ды. Ол кезде Әлихан төренің хатшысы болып істейтін. Құранды толық жатқа білетін. Ол Әлихан төре орыстар жағынан ұсталғаннан кейін, Іледен қашып шыққан. 1949-жылдың 21-қыркүйегінде ұйғыр жетекшілері Үрімжіден қашқанда М.Тұрдықары соларға ілескен. Шығыс Түркістан – Үндістан шекарасында 400 кісі (кілең ұйғыр) 11 қытай әскеріне қаруын тапсырып, қол қусырғанда Мұхаммет Тұрдықары солардың ішінде болған <...>.
Оспан батыр мен Жанымхан қажы Баркөл – Құмылда
1949 жылдың қазан айында Шығыс Түркістанның қаражат министрі Жанымхан қажы Үрімжі маңынан көшкеннен кейін, Шонжыдағы Оспан батырға барып қосылған. Олар одан кейін Құмылға жуық өңірге көшіп барады. Бес айдай сол манда аялдайды. Бұл арада оларға коммунист қытай үкіметі үш рет өкіл жіберіп, бас иіп бағынуын талап етеді. Олар оны кері қаққан.
1950-жылдың қаңтар айында Оспан батырдың ауылында үлкен бір жиналыс өткізіледі. Оған сол мандағы қазақтың игі жақсыларымен қатар, ұйғырлар, гоминдаң әскерлерінің кей қолбасшылары, Алтайда тұратын антикоммунист орыстардың өкілдері, дүңген қосындарының басшылары қатысады. Сөйтіп, шамасы елу мың кісілік бір әскери күштің басы қосылады. Бас қолбасшы – Оспан батыр, орынбасары ұйғыр – Жолбарыс болсын деп келіседі.
Ол одақтастыққа қарсы коммунистердің үгіт-насихаты да күшейген. Кейін солардың біреуі бір күні: «Ей байғұс қазақ! Түйеге мініп Америкаға кетпекшімісің! Түйе мұхиттан өте алмайды!» – деген сөзін, сонда сол жерде болған, кейін Америкаға барып келген бір кісі Түркияда отырып: «Қүдайға сенген қазақ түйемен Құмылдан шығып, міне, Америкаға барып келді!» – деп еске түсіріп тұрып: «Коммунизмге сенген, ей ,сорлы сенің жемтігің қайда қалды екен?» – деп езу тартқан-ды.
1950-жылы 2-айдың 10-ы.күні Құмылдың Қуарша деген жерінде Оспан батыр сарбаздары мен коммунист қытай әскерлері арасында тұңғыш соғыс болады. Сол тұңғыш шайқаста Оспан батыр сарбаздары басым болған. Соның нөтижесінде қытайға тағы да орыс көмектескен. Орыстардың бұрынғы үлгі-кеңесіне сай, бұл жолы қытайлар қазақты қазаққа қырдырады. Бұрынғы тәуелсіз Шығыс Түркістан, кейінгі «Үш аймақтың» казақ пен ұйғырдан құралған (көбі қазақ) әскерлері, қытай коммунистерінің 5-корпусының бөлімшесі ретінде Оспан батырға қарсы аттандырылды. Тағы да қазақты қазаққа қырдыру зымияндығы жасалды.
Жан-жақтан ұдайы шабуылдаған жау әскерлерімен соғысқан Оспан батыр мен Жанымхан қажы сарбаздары мың кісілік бір қарулы күш ретінде Бәйтік тауына қарай шегінеді. Ол жақта алдарынан Моңғол әскерлері шығарылады. Сонымен, олар қайтадан Құмылға қарай беттейді. Олардың Құмылға баратындығын жобалаған жау күштері ол жақта да төтенше шаралар көреді. Сөйтіп Құмыл төңірегінде тағы да үлкен қанды соғыс болған.
Достарыңызбен бөлісу: |