Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


Жанымхан қажы Тілеубайұлының жау қолына түсуі



бет22/28
Дата05.11.2016
өлшемі5,25 Mb.
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   28

Жанымхан қажы Тілеубайұлының жау қолына түсуі
Оспан батыр мен қаражат министрі Жанымхан қажы Тілеубайұлы Бәйтік жақтан Құмыл төңірегіне қайта оралғаннан кейін, Шыңхай өлкесі шекарасына өтіп, Тибет арқылы шет еддерге кетіп, жан сауғалауды жобалайды. Соған орай сол бағытқа қарай бет бұрады.

1950-жылдың 7-айының 23 күні Дарақты деген жерге келгенде, тұман түсіп, көзге түртсе көрінбейтіндей жағдай болған. Оспан батыр мен Жанымхан Тілеубайұлы сәл қашықтау екі бөлек жерге қос тігіп аялдаған. Айлар бойы дамыл көрмей арпалыспен жүрген сарбаздар да калжырап жата қалады. Таңға жақын олар жаудың зеңбірекпен және пулеметпен атқылаған дауысынан оянады. Қараса – Дарақты сайының адды-артын түгелімен жау әскері коршап алыпты.

Сонымен сарбаздар қия бетке шыға атысады. Атысу ұзаққа созылады. Жанымхан ауылының қатын-баласы сол жерде дерлік толығымен қолға түседі. Жанымхан қажының өзі және Дәлелхан, Хамит, Мәжит деген ересек үш ұлы мен Нұрғожайлар қия бетке шығып, тау арасына қарай беттейді. Бірақ, Шығыс Түркістанның қаражат министрі Жанымхан қажы Тілеубайұлы жасы ұлғайған кісі болғандықтан да ұзап жүре алмайды. Сол жерде қолға түседі. Үлдары қашып шығып Оспан батырға барып қосылады.

Қолға түскен Жанымхан кажыны қытай коммунистері алдымен Құмылға апарады. Коммунистердің жауыздық дағдыларына сай ол жерде қала халқы жиналған жиын өткізіледі. Оған Жанымқан қажы апарылады.

Коммунистер белгілі көпірме балағаттарын бастайды. Одан кейін Жәкең қажыны Үрімжіге апарады. Талай жиындар өткізіледі. Көптеген «күреске салады». Екі қолы байлаулы және мойнына ажырғы салынған күйде ол кісіні жаяу айдап көшелерді аралатады. Сол жағдайды өз көзімен көрген, Англияның Үрімжідегі сол кездегі бас консулы Mr. George Fox Holmes 1954- жылдың күзінде Түркияның Салихлы қаласында Қалибек хакімнің үйіне келіп бір апта жатқанда, өзі көрген сол жағдайды қынжыла отырып айтқан-ды.

Жанымхан қажы қаражат министрі болған кезде министрлікте бас хатшы болған, әйгілі тарихшы ғалым Нығмет Мыңжанұлы да 1984-1988 жылы Үрімжіге барғанымда, сол жағдайды растады. Жанымхан қажы Тілеубайүлы Үрімжіде 195-жылы 4-айдың 2-і.күні атылды <...>.


Оспан батырдың елден шетке қарай беттеуі
Жанымқан қажы жау қолына түскеннен кейін Оспан батыр және Жанымқанның үш ұлы Шығыс Түркістан шекарасынан шығып, Шыңхай өлкесіне қарасты Қанамбал тауына қарай беттейді. Қытай әскерлері де, Оспан батырдың алды-артын орап қуа береді. Жол бойындағы барлық ауыз су көздерін бұрын барып басады. Оспан батыр, тасбике Жанабіл және басқаларының жанқиярлығымен әйтеуір аман-есен Қанамбал тауынажетеді. Ол жерде баяғы 1930-жыддарда Баркөл – Құмылдан ауған елден қалған бірнеше ауыл тұратын. Соларға келіп жетеді. <...>.

Әкем атынан Оспан батырға барып амандасуым
1950-жылдың қазан айында әкем мені Қанамбал тауы жаққа барып Оспан батырға амандасып келуге аттандырды. Жаныма қазір (1999) Ыстанбұл қаласының Зейтінбұрын ауданында тұратын Мұса Омарбайұлы Сатай, барқы Мағзұм мен Зарлықан және Молқы Тұрапбайды қосты.

Ол кезде біз Гаскөлге жақын, өзіміз Қызылтас деп атаған жерде тұратынбыз. Сол жерден аттанып, бір апта бойы күндіз-түні суыт жүріп, Қанамбал тауының етегіндегі Мақай деген жерде тұрған Оспан батырға бардық. Ол кісіге әкемнің жіберген атын және жазған хатын бердім. Әкемнің хатын оқығаннан кейін Оспан батыр, жанында отырған әйеліне қарап: «Дереу көшіп келіндер депті» – деді.

Оспан батыр – сом денелі, балуан бітімді, ұзын бойлы, кең жауырынды, қалың тұйық қабақты, қою сақал-мұртты, қызыл шырайлы, сәл дөңестеу қыр мұрынды, көз шарасы үлкен әрі отты кісі еді. Ол кісі онда өте жұпыны бір қоста отыр еді. Кейін сол жердегі елден естуімізше, Оспан батыр үй-ішінің және сарбаздарының азық-түлігі үшін Қанамбалда бұрыннан отырған елден, сойып жейтін мал сатып алған. Гаскөлге алғаш келгендегі біз іспетті Оспан батыр да құлан қара атып жеу тәсілімен күнделік азығын қамтамасыз еткен. Өз үйіндегі сол әңгіме кезінде Оспан батыр: «Биыл елу бір (51) жастамын», – деді. Ол 1950 жылдың күзі болатын <...>.

Әйгілі Оспан батыр, әне, сондай дерлік, әр үйден кемінде бір өлім шыққан қаралы шағын елдің арасында, Қанамбал тауының етегіндегі Мақай деген жерде тұр еді. Ол елдің ішінде Оспан батырдың қадыр-құрметін білмейтін, не бір кеудем соқ батырларды, бір қора қойы мен жиырмашақты түйе-жылқысына масаттанып, өзіне қытай берген «тәйжі» деген мансабына босқа шіреніп жүргендерді де көрдік.

Біз Оспан батырдың үйіне барғанда үлкен ұлы Шердиман – інілерімен және басқа да бір қатар жігіттермен үйге кіріп-шығып жүрді. Біз барған күні Ошыңның үйіне қондық. Жұпыны қосының ішіне өздері жатты. Бізге сыртқа, қостың іргесіне төсек салып берді.

Оспан батыр өзін тоспай, тіпті қоштаспай кетіп қалғаны үшін Жанымқан қажының балаларына, әсіресе, үлкен ұлы Дәлелханға (Жаналтай) ренжулі еді.

– Мен оның әкесінің жолдасымын. Әкесі қолға түсті. Сонда бірге келе жатқан мені тастап, бір ауыз қош та айтпай қашып кетуі дұрыс па?, – деген сияқты орынды өкпе айта келіп, қатал сипаттамалар да жасады. <...>.

Оспан батыр біз ауылынан аттанарда үйінен шығып, өзі қоштасып, тұрып: «...Дәл қазір ол жаққа көшіп бара алмаймын. Бұл жер ел жаққа бір табан жақын. Ел жақтан тағы келетіндер болуы мүмкін. Ал сендердің де, ол жақта алдарыңнан тауып отырған жұрттарың жоқ. Баяғы Макпен де (Макарнен, АҚШ консулы) бір байланыстарың жоқ... Мен елден кете алмаймын да, шыға алмаймын. Жағдай туса кейін қайтып коммунистермен соғысамын. Түсімде, ақ бозатқа мініп, ақ киім киіп, елге қайтып барып, жап-жасыл бір төбенің басындағы ақ үйге кірдім. Ана Жанәбіл де маңайымда еді...», – деді.

Сонымен Оспан батырды бізбен бірге Гаскөл жаққа көшуге көндіре алмадық. Марқұм әкеме бір хат берді. Алдағы күндерде үлкен ұлы Шердиманды бізге жіберетінін айтты. Соған орай Шердиманға қарап:

– Биыл мен елу бір жастамын. Біз, яғни, Қалибек екеуміз қартайдық. Жәкең қажы жау қолына түсті. Ендігі кезек сендерде. Дәлелхан, Хамза, сен үшеуің елді құтқарыңдар...», – деді.

Шердиман ештеңе демеді, жөн жымиып күлді. Ошың сөзін:

Сендер ештеңе істей алмайсыңдар. Бірдеме істесек әлі де біз қарттар істейміз, – деп жалғастырды.

Сұлтаншәріп пен Қәбен Төлеубайұлының ауылдары бізбен еріп көшті. Олар жолда, Тажынор деген жерде Құсайын тәйжілердің жанында қалды. Біз Қызылтастағы өз елімізге оралдық.
Оспан батырдың жау қолына түсуі

1950-жылдың қараша айында бұрын-сонды елден қашып шыққан қазақтар үш жерде шоғырланды. Оспан батырлар – Қанамбал тауында, Құсайын тәйжі, Сұлтаншәріп, Дәлелхан және Мағзұмдар – Тажынорда, Қалибек хакімдер – Гаскөлде. Әркімнің әртүрлі жобасы бар-ды. Оспан батыр қайтадан елге қарай барып, күрес бастау ойында еді. Құсайын тәйжі өткен 12 жылдан бері ұласып келген дағдысына сай, сол маңды қыстап-жайлап өмір сүре беруді көздеуде еді. Қалибек хакім: шет елге кетуден басқа шара жоқ, – деген шешімге келген-ді. Бірақ Гималай тауы қыс айларында аса қауіпті еді. Қыс айларында Гималай тауында адамға да, ол жерге үйренбеген малға да ыс тиді. Сол үшін келер жазды күтуге тура келді.

195-жылы 1-айдың 2-і күні Шыңхайдан шыққан қытай әскері – Тажынордағы қазақтарға, Шыңжаңның Шағлық – Шәршенінен шыққан әскер – Гаскөлдегі Қалибек хакімдерге, Гансуден шыққан әскерлер – Мақайдағы Оспан батыр мен Жанәбілдерге шабуылдады.

Жасырынып келіп шабуылға өткен әскерлер, Оспан батыр мен Жанәбілдің ауылын түнде қоршаған. Олар қатты қарсылық көрсетіп, қытайдың талай жендеттерін жер қаптырған. Бірақ қоршаған қалың жаудың қабат-қабат шеңберін жарып шыға алмаған. Жанәбіл сол жерде шәйіт болады. Өкінішке орай, Оспан батыр жау қолына тірі түседі. Оспан батырдың қолға түсуіне, ауылдың маңындағы бір көлдің қағына атының тайып жығылуы себеп болған. Ал балалары мен бірқатар сарбаздары қашып шыққан. Қолға түскен Оспан батырға, қытайлардың істемеген қорлық зәбірі жоқ. Оның бетіне күйе жағып, екі қолын мойнындағы ағашқа қайыра байлап, Үрімжі көшелерінен талай рет жаяу айдап өткізген. Талай жиындар ашып, ол кісіні «күреске салған».

Шығыс Түркістан қазақтарының әйгілі қаһарманы, аты әлемге таныс Оспан батыр.1951-жылы 4-айдың 28 күні Үрімжіде атылды. Сол күні Үрімжі радиосы: «Оспан батырды Әнуар Жакулин деген бір қазақ атты», – деп хабарлады.

1984-1988 және 1992-жылдары Үрімжіге барған кезімде, Нығмет Мыңжанұлы және басқалары: «Оспан батырдың Әнуар Жакулин жағынан атылды дегені өтірік. Оспан батыр қытайдың арнаулы қосын бөлімшілері жағынан, жұртшылық алдында атылды» – деді. Олар: «Оспанды, Әнуар Жәкулин атты деу, әлгі Оспан батыр 200 найманды аттырды, – деген сияқты, орыс пен қытай отаршыларының қазақты қазақпен араздастыру тактикасынан туындаған зымияндық», – деген пікір білдірді.



Гаскөлден бізге жасалған шабуыл және біздің Гималай тауына беттеуге мәжбүр болуымыз
1951-жылдың ақпан айының бірі күні бізден кемінде мың километр ұзақтағы Оспан батырларға шабуылдаған коммунист қытай қарулы күштері Гаскөлдегі Қалибек хакімдерге де шабуылдады. Құдай сақтап, келе жатқан жау әскерін, дағдысына сай ылғи қарауылдап жүретін Қалибек хакімнің өзі бұрын көріп, алдын ала шаралар қолданды. Дәл сол күні (01.02.1951) таңертең әкем мені шақырып алып: «Бүгін аралдағы жылқыны көріп кел» – деп тапсырды. Содан кейін өзі де, Шыңхай – Шығыс Түркістан тасжолы жағындағы өзіміз «Таскөл» деп атаған асу белге қарай кетті. Әкем ешуақыт мылтықсыз және дүрбісіз жүрмейтін.

Мен де тапсырма бойынша, мылтығымды мойныма асып алып, Таскөлдің Темірлік деп аталған жерінен жылқымыз апарылған аралға қарай беттедім. Жолда бір қарақұйрық атып бауыздап тастап, жаяу жайлап жүріп Ахмет Арықбайұлының қосына келдім. Кеш болды. Тамақ ішкеннен кейін, сыртқа шықтық. Ай қараңғы, бірақ ауа райы ашық. Көкте жұлдыздар сайрап тұр. Сол кезде әлгі Таскөл жақтан бір зат жарқырап көкке шығып, сәлден кейін өшті. Оны біз, «жұлдыз ақты», «алтын көшті» – деп жорып әңгімелесіп отыра бердік. Сәлден кейін, қараңғыда біреудің бізге қарай келе жатқан дыбысы естілді. Сөйтсек ол – Нұрмұхаммет Атамбайұлы екен.

– Ойбай, жау келді! Көкке атылып жарқырап өшіп жатқан жау әскерлерінің бір-біріне берген белгісі. Құдай оңдағанда жаудың келе жатқанын хакімнің өзі көріпті (Ол кезде ел Қалибек хакімді солай атайтын). Әйтпегенде, бейғам жатқанда таңертең бір-ақ үстімізден басады екен, – деді.

Нұрмұхаммет Атамбайұлы түйесін қарап келіпті. Ол кісі сол елдің имам молласы болғаны үшін, жұртшылықтың бәрі «молла» деп атайтын. Мен ол кісіге:

– Молла, мен не істеймін? Әкем таңертең жылқыны көріп кел деп жіберген еді, – деп сұрадым. Молла маған: «Хакім біреу жіберер, сәл күте тұрыңдар», – деді де түйесін іздеп жүріп кетті. Сол арада әкем жіберген Айдарқан Хамзабайұлы келді. Ол: «Жылқыны Төсбастау жаққа қарай айдаңдар. Бүкіл елдің жылқысын қосып, тастамай айдаңдар – деп хакім жіберді», – деді. Сонымен Айдарқан Хамзабайұлы екеуіміз арал жаққа қарай жүрдік. Ахмет Арықбайұлы, қоралы қойды да, тігулі қосты да тастап, әйелін ертіп ауыл жаққа жөнелді. Ал ауыл жақтан, әр ауылдың сілемінен жарқыраған от көзге түседі. Ол елдің түгелімен көшіп жатқанының белгісі деп ойладық.

Айдарқан Хамзабайұлы екеуміз Ахметтің қосынан сәл ұзай бергенімізде арт жағымыздан, қараңғыда тағы бір кісінің дыбысы естілді. Оның бәсең дауыспен: «Қасен! Қасен!» – дегені құлағымызға шалынды. Сөйтсек ол – Адамбай Арықбайұлы екен. Оны да әкем жіберіпті: «Аралдағы барлық жылқыны Төсбастауға қарай айдап шығындар», – деп тапсырыпты.

Адамбай Арықбайұлы бізге: «Ана жарқырағанның бәрі ауылдың оты емес, жаудың танкісі мен машинасының шамы. Алдымен танкі жүреді екен, артынан әскер толы машиналары жүреді. Хакімнің өзі бақылап отырып дүрбімен көріпті», – деді. Гаскөлдің жері жазық-ты. Танкі мен әскери үлкен машиналар өте алмайтын жері жоқ-ты. Тек анда-санда аққан қарасу жыралары ғана бар-ды. Сол жағдайды ескеріп әкем Адамбай Арықбайұлына:

– Жылқы жатқан арал жаққа да жаудың орап баруы мүмкін, сақ болыңдар. Жаудың жансыздары елдің жылқысының аралда болатынын, әрине,айтқан болуы керек», – деп ескертіпті.

Біз үшеуміз тың тыңдай жүріп аралға барғаннан кейін, таңның атуын күттік. Өзара ақылдасып, таң атқанда Адамбай Арықбайұлының арал жанындағы бір төбеде қарауылда отыруын, жау келе жатса бізге белгі беруін, Айдарқан Хамзабайұлы екеуіміздің аралдың арғы шетіне барып, мылтық атып жылқыны бір-ақ үркітіп айдауды жобаладық.

Таң қылаң бере бергенде біз жылқыны бір-ақ үркітіп Төсбастау жаққа қарай жөңкілттік. Дәл сол сәтте төбеде қарауылда отырған Адамбай Арықбайұлы мылтық атып бізге: «Жау келе жатыр!» – деген белгі берді. Ол біздің мейлінше үрейленіп, жылқыны одан әрі тез айдауымызға түрткі болды. Соның арасынша төбеде отырған Адамбайдың жанына басқа біреу барды. Сөйтсек, ол Сәбиқан Омарбайұлы екен. Әкем оны да жіберіпті. Адамбай алғашында оны жау екен деп ойлапты. Сол үшін бізге мылтық атып белгі беріпті.

Сонымен, Гаскөлдегі барлық елдің жылқысын аралдың қалың қамысынан айдап Төсбастаудың тақырына біз де шықтық, жау әскерлері де екінші жақтан аралға келіп жетті. Жау әскерінің аралды алдымен басып, жылқыны алуға ұмтылуы, Таскөлге келіп аялдап, елді түнде қоршап, таңертең шабуылдауды жобалауы – оларды сол жер жағдайын жақсы білетін, біреудің бастап жүргенін аңғартқан-ды. Құдайдың бізді сақтағаны әкемнің жауды бұрын көруі еді.

Қалың жылқыны айдап біз Төсбастауға бара бергенде, оң жағымыздан түйеге мінген біреу шыға келді. Оның алды-артында жау әскері барма? – деп тағы үрейлендік. Сөйтсек ол Шірзат Сәбәділұлы екен. Әкем оны арал жаққа бару енді қауіпті деп көлденеңінен Төсбастауға жіберіп:

– Жылқыны ауыл жаққа қарай айдамаңдар. Дөң асырып Құмсуға қарай айдаңдар. Ауыл жақта ешкім қалған жоқ. Ел үркіп Құмсуға шықты. Бұрынғы жұртты жау келіп басты, – деп хабарлапты.

Сонымен мен Адамбай, Сәбиқан, Айдарқан, Шірзат болып жылқыны айдап Құмсуға шыққан елге жеттік.

Гаскөлден үріккен күні әкемнің жинаған кітаптарының бәрі жұртта қалыпты. Кейін әкем, Қызылөзенде отырғанда өзі Жабағытайға әдейілеп көшіртіп алған, Шәкәрім Құдайбердіұлы жинақтарының сол жерде қалып қойғанына қатты өкінген-ді. Сол өкінішін Түркияға келгеннен кейін де бірнеше рет айтып отырғанын естідім. <...>.

1951-жылдың ақпан айының үші (03.02.1951) күні Таскөлдегі бізге шабуылдап келген қытай әскерінің елшілері болып бір қазақ, бір ұйғыр Құмсуға келді. Олар арқылы қытай генералы Лука Мин өзі қол қойып хат жазып, Қалибек хакімді және барлық елді қару-жарақ тапсырып бағынуға шақырыпты. Әкеме қаратып: «...Баратын алдыңдағы Тибет жерінде де біздің әскеріміз бар. Егер өзің келіп берілсең, сенің кешірім етілуіңе көмектесемін...», – депті. <...>.


Құмсудағы қоштасу
Гаскөлдің жиегі саналатын Құмсу деген жерде едік. Кейін де анықталғанындай, аттысы бар, танкілісі бар, 5 000 шамасындағы қытай әскерлерінен, небәрі 40 километрдей ғана ұзақта тұрыппыз. <...>.

Алда тұрған ауыр жағдайды толық аңғарған Қалибек хакім Құмсудан Гималай тауына қарай көшу алдында өзі бастаған сол шағын елдің әр шаңырағының отағасын шақырып, бәріне жағдайды қайталап түсіндірді. Арттағы жауды, елден қашып сол жерге келуіміздің негізгі себебін, алда тұрған табиғат апаттары мен Тибет жерінде бізді қолға түсіру үшін кес-кестеп жүрген жау әскерінің болу ықтималдығын, барып паналайтын шет елде де жағдайымыздың оңай болмайтынын ұқтырды.

– Енді, – деді Қалибек хакім, – өздеріңіз біліңіздер. Маған ермеймін, қаламын дегендеріңіз қалыңыздар. Ал: Аллаға тәуекел сенімен боламын, – дегендеріңіз жүріңіздер. Бірақ ертең: «Қалибек, сен айдап әкелдің» – деуші болмаңыздар, – деді.

Әкем сондай ерікті маған да берді. Мені жеке шақырып алып: «Сен жассың. Кейін кайтсаң бәлкім сені өлтіре қоймас. Ойлан, еркің өзіңде», – деді. Мен қалжыңдап тұр ғой деп ойладым. Қарасам шын айтып тұр: «Өзіңмен бірге өлемін!», – деп қостан шығып кеттім. Әкем басқа жақын туыстарын да шақырып алып: «Кейін, Қалибек сен бізді осылай еттің деп жүрмеңдер», – деп ескертті. <...>.

Сонымен, Құмсуда біздің Зейнелбек Райысұлы, Талғатбек Райысұлы, Зейнұлла Райысұлы, Баймолла Райысұлы , Зейнелхамит Қалпақбайұлы және үй-ішілері мен Мұратбек Түсіпбекұлы, Әнуарбек Сауабынұлы, ішінде жақын туыстарымыз да бар, жүздей кісі кейін қайтты. Әкем олардың қолына қытай генералы Лука Минге қаратылған бір хат жазып берді. Ол хатында әкем: «Маған көрсетемін деген көмегіңді мыналарға көрсет. Мен кеттім...», – деген-ді.

Қайтқан ел де, кететін ел де ұлардай шуласып қоштасты. Қайтқандар – Гаскөлге қарай, кеткендер – Гималай тауының Есекбатты асуына қарай беттеді.


Ыс тиіп ауырғандардың алдының өле бастауы
Құмсудан көшкен күні ауа райы өте суық-ты. Қар жапалақтап жауып тұрған. Жау бізді артымыздан қуа ма? Немесе, Құмсудың шығысындағы алқапты өрлеп алдымызды орай ма? Ол жағы белгісіз. Қалай болғанда да, өте сақ болуымыз керек, алды-артымызға қарауыл қойып жүруіміз тиіс-ті. Құмсудан көшкен күні әбден қараңғы түсіп, көз байлағанда бір жерге барып қондық. Қардың қалыңдығы тізеге жеткен. <...>.

1951-жылдың ақпан айында (06.02.1951) жиырмасыншы ғасырдың басында әйгілі Бөке батырдың інісі Шөке қайтыс болған, сол үшін де, «Шөкенің бейіті» деп аталатын Есекбатты деген жердің шығыс жағына барып іліндік. <...>.

Біз Есекбаттыға келгенге дейін де, бірнеше кісіге ыс тиді. Бұл ыс – Гималай тауына тән, әсіресе, қыс айларында өте қауіпті апат. Ыс тиген адам дереу өледі. Немесе бүкіл денесі ісіп, іскен жерлер бейне ыстық суға күйген іспеттеніп қолдырап, қол тисе жарылып, су ағушы еді. Гималай тауының ысы жөнінде, Гаскөлде 12 жыл отырған елден бұрын естігенбіз. Бірақ ыс тиген адамды оған дейін көрмегенбіз. Есекбаттыда 70-тей адамға ыс тигендігі белгілі болды. <...>.

Ыс тек адамға ғана емес, ол жердің ауа райына үйренбеген, біздің елден бергі көлігімізге, айдаған малымызға да тиюші еді. Ыс тиген не бір жақсы аттарымыз, маңдайынан оқ тигендей бірақ ұшып түсетін. <...>. Қойлар мен түйелер де солай ететін. Аттарымыздың, түйелеріміздің ыстан қырылуы, адамдардың жаяу жүруіне жеткізген-ді. <...>.

Есекбаттыдан Мыңбұлаққа қарай көшкен күні ауа райы керемет жаман болды. Өте қатты боран соқты. Боранның қаттылығынан көш ығысып жүре алмай, әрең дегенде ойпатқа жетті. Мыңбұлаққа барып қонған күні, елде еш қауқар-күш қалмаған-ды. Ертеңінде таңертең әр ауылдан өлім белгісі саналатын, жылаған дауыс айтып жоқтаған, мұң-зарлы, еңіреген үндер естілді. <...>.
Мыңбұлақтан Керметас, Сабынжыкөл, Бұқадауанға беттеуіміз
Жоғарыда да елестетілгеніндей, Мыңбұлақта ойлағанымыздан көбірек отырып қалдық. Оған ыс тиіп өлгендер мен ауырғандардың кенет көбеюі себеп болды. Ал күн өткен сайын ат-көлігіміз азаюда және арықтауда еді. Сол үшін мүмкіндігінше алға қарай жылжи беруіміз қажет-ті. Олай етпейінше, көздеген жерімізге межелеген мезгілінде жетуіміз мүмкін емес-ті.

Мыңбұлақтан көшкен жұртта – көптеген жабайы бұқаның екі мүйізі ар биған басы көзге түседі. Әр бұқаның басының маңайында бірнеше кісі көмулі еді. Қайтыс болған кісілердің әрбірінің басына, маңайдан тас-мас жинап әкеліп, бейіт бейнесі жасалғаннан кейін, тапқан әркім «қодас» делінген жабайы бұқаның басын бейіттің үстіне қойған. Олай етпегенде, бейіттерді аю қазып, жаңа қаза болған кісілердің мәйіт-денесін жеп кету қауіпі бар-ды. Аюлар бұқадан қорыққаны үшін, оның қу басы тұрған жерге де келмейді екен. <...>.

Киім-кешек тұрғысынан да жұтай бастағанбыз. Басымызда тымақ, үстімізде ішік-тон бар-ды. Аяқ киімдеріміз айтарлықтай тозған. Киіз байпақтың тысынан, өлген жылқы, түйелердің, немесе өзіміз атқан құландардың жон терісін сылып алып, ықшамдап кесіп, шетінен жіп өткізіп «шақай» етіп лекерлейтінбіз. Қалың қарда ол дымқылданып, жүре-бара су өтіп, аяғымыз тоңатын. Дымқыл тартып су болған байпақтарымызды құрғату түгіл, ыстық тамақ ішу үшін отқа жағатын бірдеме табу да қиын болатын. Отқа жағу үшін қар астынан құланның, жабайы қодастың тезегін, табылған жерде бүрген-бұта бірдемелердің түбірін іздейтінбіз.

Ең басты көлігіміз – түйелерге ерекше мән беріп, оларды жабуылдайтынбыз. Жылқының саны күрт азайды. Жылқы ыс тиіп өліп, арықтап жүре алмай жолда қалып, күн сайын кеміді.

Әр бір көшкен жұртымызда бір төмпешік, яғни, бір өлінің бейіті қалатын. Мыңбұлақтан Керметас асуына келіп қонған жұртта Хамзаның, Адамбайдың балалары бірер төмпешік болып қала берді. Керметас асуынан асу үшін тағы өрлей көштік. Көш алдында әкем кетіп бара жатыр еді. Жанында Қайнаш Мұхамметжанұлы бар-ды. Кенеттен бейне маңдайынан оқ тигендей болып, Қайнаштың торы аты омақасты. Ат сол бойы қимылсыз қалды. Қайнаш аға да, жаяу жүргендер қатарына қосылды.

Керметас асуын асып Сабынжыкөл деген дерге келдік. <...>. Бұл жерде әкеме де ыс тиіп ауырды. Марқұм (ұйғыр) Мұхаммет Тұрдықары әкем өлсе, бұл көштің тоқырайтынын біліп, әкемнің қасында жылап отырып құран оқитын. Әкемнің бала күнінен бірге өскен, әрі жездесі, әрі жолдасы, шұбарайғыр Нұрсапа Мергенбайұлы: «...Әй Қалибек-ай! Қу далада мына елді қаңғыртып тастап шыныңмен кеткенің бе?...», – деп өксіген-ді. Әйтеуір құдай сақтап, әкем ыс тиіп жазылған санаулы кісілердің бірі болды.

Біз Сабынжыкөлде екі-үш күн аялдаған едік. Артымыздан екі қазақ келді. Олар Тажынордағы елден екен. Гаскөлде бізбен бірге отырған жау келген кезде бөлініп кеткен Шақабай Мұса деген кісілердің ауылынан екен. Олардың айтуынша: Оспан батыр қолға түсіпті. Сөйтіп, Оспан батыр жөніндегі көңілсіз хабарды біз ақпан айының соңғы кезінде (1951жылы) Сабынжыкөлде естідік.

Сабынжыкөлден көшкенде де Бұқандауанаға қарай өрледік, Гаскөлден шыққаннан бері ылғи өрлеп көшіп келеміз. Ол жердегі ыстың күштілігі соншалық, тез қимылдайтын жағдай жоқ-ты. Тез отырып, лып етіп тұруға шама келмейтін. Оның өзі қауіпті еді. Біреуге сәлем беріп амандасқанда да, ентігіп, жайлап сөйлейтін жағдайға тап болдық. Әр отбасында ыс тиіп ауырған кісі бар-ды. Біздің үйде де қарындастарым Шәрбән мен Нұркамал ауру еді. Бұқадауан асуына жақындаған күндердің бірінде (1951 жылдың ақпан айының аяқ шені) түнде апамның жылаған дауысынан ояндым. Нұркамал қарындасым қайтыс болып-ты. Бұл апамның қайтыс болған үшінші баласы еді. <...>.

Бұқадауанды асқаннан кейін сәл ылдилап келіп бір жыраға ауыл да қоныпты. Бұқадауанды асқаннан кейін жол ойпатқа қарай мүлдем құлдап-ылдиламайды екен. Басқаша айтқанда, ол – Бұқадауанды асу емес, Бұқадауан жотасына шығу екен. Сол Бұқадауан жонындағы бір жылғаның тұмсығына төрт күннен бері артып келе жатқан қарындасым Нұркамалдың сүйегін қойдық. Мұхаммет Тұрдықары мен Нұрмұхаммет молла жаназасын оқыды. Ол жерді біз «Нұркамалды қойған жұрт» – деп атадық. Сол жұртта екі-үш күн аялдап, артта – Бұқадауан жонына шыға алмай қалған ауылдарды күттік. <...>.
Ұзақтан көрінген басқа көш
Бұқадауан жонында ілбіп күнде көшетінбіз. Көшіміз келіп қонған күндердің бірінде, Нұрмұхаммет молланың жалғыз ұлы Тұрдыақын қостың жанындағы төбеге шығып алып: «Ей бері тарт, бері тарт!» – деп айғайлап ойнап жүрді. Оны естіген апам: «Мына бала ел шақырып тұр ғой», – деп ырымдады. Апамның баланың ойынын ырымдауын өзімше ерсі көріп: «– Бұл сары жонда бізден басқа қаңғырып жүрген қайдағы ел болсын?», – деп мысқылмен езу тарттық:«...Атамыз: қазанның қайнағанына, баланың ойнағанына қара..., – деп ырымдаушы еді», – деді апам.

Арада бірнеше күн өткеннен кейін бір жылғаға келіп қонып, бірер күн аялдадық. Әкем дағдысына сай, бір түйеге мініп (мінетін қоңды ат қалмаған-ды) маңайдағы төбелерге шығып дүрбі салып, жан-жақты шолуда еді. Кенет ауылға оралып: «...Ұзақта бір көш келе жатыр. Жау ма? – деп анықтап бақыладым. Жауға ұқсамайды. Айдаған малы бар. Тажынор жақтан қашқан ел болуы ықтимал. Қалайда сақ болған жөн. Алдарынан бір неше кісі бақылап барсын...», – деді.

Сәлден кейін міндеттелген жігіттер қайта оралды. Қастарында басқалары да бар-ды. Қарасақ олармен бірге келе жатқанның біреуі, Көкліктен бізбен бірге шығып, Гаскөлге келген найман Шүкен ақсақал еді. Артынан: Сұлтаншәріп, Құсайын тәйжі, Дәлелхан Жанымқанұлы, Нұрғожай батырлар келді. Олар өздерінің де, 1951-жылдың 2-айының 1-і күні Тажынорда қытай әскерлерінің келе жатқанын көріп, қашқандықтарын айтты. Бұлардың айтуынша, Тажынордағы елдің көбі, Қажыра деген жерде қалыпты.

Бұл келген елдің ішінен бірнеше ауыл бөліне көшіп, бізге келіп қосылды. Олардың айтуынша: аналардың ішіндегі біреулер, бұлардың Жуанған деген жігітін өлтіріпті. Дауласушы екі жақ та рулас найман-ды. Сонымен бірге, Қиса батыр деген бір жігіт те арыз айтып бізге келді. Ол – керей, жәнтекей-ді. Оның шағымданып жүргені тағы да керей, керей ішінде жәнтекей Дәлелқан Жанымқанұлы еді.



Бірінші бөлім
Бірінші белес, «ұшқыннан жалын қаулау»:
Бірінші, бұрыпжап, манат маселесі.
Бірінші, алдыңғы шептегі ұлттық армия бөлімдерінің сәтсіздігі.
Бірінші шайқас.
Хасен _қалибекұлы оралтай
Шәуешектегі орыс консулының дөңжұртқа келуі
Лоп-нор өзені жағалауында көштің артынан келген бейтаныс кісілер
Сонымен қазақтың «алты бақан ала-ауыздығы» гималай тауының сарыжонына да келіп жеткен-ді.
Жағда бабалықұлы (әңгіменің жалғасы):



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   28


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу