Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


Үрімжідегі қазақ зиялыларымен Қаратау етегіндегі кездесу



бет20/28
Дата05.11.2016
өлшемі5,25 Mb.
#478
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   28

Үрімжідегі қазақ зиялыларымен Қаратау етегіндегі кездесу
1948-жылдың күзінде Қаратаудың (Нәньсан) бөктеріне, Тәшүнку өзенінің батыс жақ кабағына келіп қонғаннан кейін, әкем Үрімжідегі қазақ және ұйғыр зиялыларын қонаққа шақырды. Иса Юсуп Алптекін бастаған ұйғырлар, сондай-ақ, Үрімжідегі барлық қазақ зиялылары (Жанымхан мен Қадуан ханымнан басқа) үлкен екі жүк машинасына отырып бізге қонақ болды <...>.

1948-жылдың қысын біз Тәшүнкү өзенінің шығыс жағындағы Биянго жотасының бір қойнауында, сол маңдағы қытай әскерлері салып берген үйлерде өткіздік. Хамза Шөмішбайұлы мен Омар Байқонақұлының ауылдары бізге жақын қыстады. Сол қыста әкем жанына Хамзаны және басқаларды ертіп бүркіт саламыз деген сылтаумен жер шолып қайтты. Одан кейін Мөрдіқан мерген мен Адамбай Сауашты: аң қарап келіндер – деп Өри, Ұсты жаққа жіберіп, жерді және келер жазда көш өтетін жолды шалдырды. Аталған жерлерде қазақ жоқ-ты. Тоқсын мен Тұрпан жақтың ұйғырлары қойларын жайылуға өргізетін Қарашәрі аймағына қарасты өңір еді.

1948-жылдың сол қысында әкем: «Коммунистер билікті қолға алса елден кетуге, шет елдерге барып паналауға бекінгендікті» байқатып, ол жөніндегі өз ой-жобаларын ашық айта бастаған болатын. Өзінің көңілдес кісілерін шақырып алып, алдына қартаны жайып салып, оларға ұзақ түсінік беретін. Шығыстан келе жатқан қытай коммунистерінің өзімізді Ұлужан мен Қызылөзеннен қуған орыстардан айырмашылығы жоқ екенін, негізінен қытай коммунистерін демеп қоздырушы – орыс коммунистері екендігін, ал орыс коммунистерінің жауыздығын ана жылы Қазақстаннан қашып келген елдің ауыр жағдайы мен коммунистік зұлымдық жөнінде олардың айтқандары айқындап бергенін баса ескертетін.

– Коммунистер дінге қарсы, коммунистер ұлтгық әдет-ғұрыпқа қарсы. Коммунистер мал-мүлікгі тартып алады, жерімізге – Қазақстанда орыстарды толтырғанындай, бұл жақта қытайды толтырады. Елімізді, бүкіл халқымызды жайлап сіңіріп әкетеді, қытайластырады, құрып кетеміз. Сондықтан, қазақтан шетке тұқым шығарайық, – дейтін...

1948-жылдан 1949-жылға өтер кез бе екен, әлде 1949-жылдың басы ма еді, өте суық бір күні Мөрдіқан мерген бір ұйғырды айдап келді. «Мынау шпион сияқты. Осы суықта қазақтың арасында бұның қандай жұмысы бар?» – деді. Ол кезде әкем сақтық шараларында қолданып отыратын. Қытайлардың және орыстардың қастандық жасауынан қауіптенетін.

Әлгі байғүс ұйғыр өзінің құшынаш балгер екенін, құмалақ салып алда болатын және болғалы тұрған оқиғаларды біліп айтып беретінін айтты. Содан кейін үйде отырғандар оған құмалақ салдырып сөйлете бастады.

Ең соңында әкем әлгіге: «Қане, айтшы! Менің жеке бір кісілік және 21 кісілік екі сапарым бар. Сол жүзеге аса ма?» – деді.

Әкемнің ол жұмбақ сөзінің мәнісін үйде отырғандар түсінбеді. Құмалақ салған балгер-құшынаш ұйғыр: «Ха! Екі сапарыңыз да болады. Екеуіне де барасыз» – деді. Ол кандай сапар дегендей үйде отырғандар әкеме таңырқай қарады. Әкем оны:

– Менің жеке бір кісілік сапарым – қажыға барсам деген арманым. Ал 21 кісілік сапарым 12 керей мен 9 таңбалы найманның жұрнағын ертіп шетке кету сапарым –, деп түсіндірді.

Әкем жеті рет қажыға барып, өзіне ерген бір қатар елмен Түркияға келіп орналасып, сол арманына жетті. <...>.


Қоштыдағы құпия жиналыс

<...>. Соңғы бір-екі жылдан бері әр жылы басқа бір өңірде қыстап, басқа бір өңірде жайлайтын болдық. 1949-жылы қайда жайлауға шығып, қайда қыстайтынымыз белгісіз еді. Бірақ 1949-жылдың өте бір күрделі жыл болатыны аңғарылуда еді.

Әкем: «Елден кету керек» – деген тұжырымын ашық айтып, көңіліне алған кісілерге ол жөнінде ұзақ түсінік беру істерін үдете түскен-ді. Елден неге кетуіміз керек екендігі туралы және жолда өтілетін шөл, асатын асусыз таулар, баратын шет елдер жайында айта келіп: «...Бүгін бізге ілеспей қалғандар кейін біздің атымыздың басқан ізін сүйіп, арманда болады...» – дейтін-ді.

Әр күні дерлік біздің үйге ондаған кісі келіп, ондаған кісі аттанып жататын. Олардың көбі әкемнің: «Коммунизмнің адамгершіліксіз қанды шеңгеліне түспей, шетке шығып кету керек» – деген жобасын түсіндіру үшін шақыртқан кісілері болатын. Істің олай жеделдетуіне ішкі қытайдағы жағдайдың барысы әсер етті. Өйткені, күн сайын ішкі қытайда коммунистер жеңіске жетуде, гоминдаң үкіметінің қосындары шегінуде – деген хабарлар келіп түсуде еді. Сол бетімен қытай коммунистерінің Шығыс Түркістанға да кешікпей басып кіретіні сөзсіз-ді.

1949-жылдың көктемінде Үрімжі қаласына 60 километрдей қашықтықтағы Қошты деген жерге барып қондық. Қой мен жылқымыз сол маңға жуық қыстатылған-ды. Көктемнің сол бір қарбалас кезеңінде біздің ауылда малдың жағдайы, төл алу ісі сияқты шаруашьшық емес, «елден кету» немесе «елдің, яғни, Шығыс Түркістанның оңтүстік жағына шеп құрып, Пәкістан арқылы Америкамен жалғасып, коммунистерге қарсы соғысу» – деген мәселе күн тәртібінде еді. Ол, әрине ауыл адамдарының ісі емес-ті. Ауылға күн сайын топ-тобымен келіп-кетуші кісілермен болған кеңестердің күн тәртібі еді. Қоштыда біздің ауылға келіп жиналысқа қатысушылар тек қазақтар ғана емес-ті.

Қытайдың әскери бастықтары, әсіресе, қытай қарулы күштерінің қатарындағы дүңген қолбасылар түнделетіп біздің ауылға келіп, сөйлесулерге қатысып қайтатын.

Ол кезде Үрімжіде дүңген генералы Мажұң-жаңның басқаруында дүңген әскерлері бар-ды. Қоштыда біздің ауылда болған жиналысқа қаражат министрі Жанымхан Тілеубайұлы мен Оспан батыр қатыспаған-ды. Бірақ, олардың өкілетті өкілдері келген-ді. Генерал Мажұң-жаңның өкілі ретінде Қаңлу-жаң деген бір полковник келгенді. Олардың тысында Үрімжі қаласында тұратын қазақ зиялыларының бәрі дерлік келген-ді.

1949-жылдың көкек айының басында Қоштыда болған сол жиналыстың күн тәртібінде екі мәселе болды:

1. Қытай коммунистері суыт түрде жақындап келеді. Олар Шығыс Түркістанға басып кіргенде не істеу керек?

2. Оған қарсылық көрсете аламыз ба?

Бұл жөнінде әркім әр түрлі пікір баяндады. Соңында мынандай қорытындыға келді:

1. Гоминдаң үкіметі жағынан, ішінде Шығыс Түркістан да бар, солтүстік-батыс қытай қарулы күштерінің бастығы етіліп тағайындалған, Шыңхай өлкесіндегі дүңген генералы Мабұ-Фаңға бір кісі жіберіп жаңа қызметімен құттықтау және онымен егжей-тегжейлі сөйлесу.

2. Ұйғырлармен, олардың Үрімжідегі басшыларымен байланысқа еніп, жағдайды түсіндіріп, Қошты жиналысында қабылданған қаулы-қарарға олардың да қосылуын қамтамасыз ету.

3. Бұл жиналыста қабылданған қаулының Қалибек хакім жағынан Оспан батырға білдірілуі.

4. Бұл жиналыстағы каулыға сай Қалибек хакімдердің Қарашәрі аймағына қарасты Көклік тауы жаққа көшуі.

5. Үрімжідегі АҚШ консулымен байланыс құрып сөйлесу.

6. Коммунистерге бас имеу, коммунистік пропагандаға қарсы шығу.

Қытай коммунистері Шығыс Түркістанға бастап кірсе, Оңтүстік Шығыс Түркістанға қарай шегініп, Қарашәріде бір шеп құрып, сол жақтағы шекара арқылы Пәкістан, Үндістан және Ауғанстаннан көмек сұрау, Америкамен жалғасу.

7. Гоминдаң үкіметінің Шығыс Түркістандағы қарулы күштерімен (антикоммунист болғандарымен) де селбесу. Бұл үшін дүңген генералы Мажұң-жаңның іске кірісуін қамтамасыз ету.

Қошты жиналысының шешімдерін жүзеге асыру ісі дереу басталды. Қабылданған шешімнің бірінші тармағында көрсетілуіне сай Шыңжаң (Шығыс Түркістан) қазақтары атынан Құтыби ауданының әкімі Оразбай Қалиұлы – Солтүстік-Батыс Қытайдың дара бастығы етіліп белгіленген дүңген генералы Мабұ-фаңға барып құттықтап қайтуға жіберілді. Шешімнің екінші және үшінші тармағында белгіленгеніндей, Үрімжіге барып ұйғыр жетекшілерімен сөйлесу және Оспан батырға барып түсінік беру ісі Қалибек хакімге жүктедді.
Қалибек хакім мен Оспан батырдың жолығуы және Үрімжідегі АҚШ консулымен жасырын кездесу
Қоштыдағы сөйлесулерден кейін біздің ауыл және Қожалақтың алты ұлының өзге ауылдары Қаратаудағы Көктал – Толы деген жерге барып қонды. Сонымен бірге бізге еретін, сонау Қызылөзеннен бері әкемнің серіктері болған Хамза Шөмішбайұлының төңірегі, Омар Байқонақұлы мен Қайнаш Мұхамметжанұлының, Ақыштың Ахметінің төңіректері, Омарбай ақсақал, ІПөкен ақсақал, Нұрсапа Зәңгілер, Шойынбек және Мұхамметкәрім Оралбайұлы мен семіз Сәдудің төңіректері және басқалары да сол Көктал – Толыға барып қонған-ды.

Әкем мамыр айында басына оншақты кісі ертіп Оспан батырға аттанды. Ол кісінің отырған жері мен біздің арамыз мықты атты кісіге 7-8 күңдік жол болатын. Әкемдер төте жолмен және елдің шетімен жүруді жөн керген. Оның бірінші себебі, сақтық шараларынан, екінші, тез барып қайтудан туындаған. Әкемдер сол төте жүрген бағытында, бұрын атты кісілер өтпеген кей асулардан да асқан. 1984 және 1988-жылдары елге барғанымда естідім, жергілікті қазақтар оны «Қалибек асқан» деп атап кетіпті.

Әкемдер Оспан батырдың ауылында үш күн аялдап, ұзақ сөйлесіп, көптеген мәселелерде келіскен. Жай әңгімелер кезінде Оспан батыр, арғы аталары немерелес кісілер болған Бөке батыр еліне ілесіп, өзінің бес жастағы кезінде өз ауылының да қазіргі Қалибек хакімдер отырған Қаратауға дейін келіп, кейін Алтай жаққа қайта көшкенін айтқан.

Оспан батыр мен әкем Қошты жиналысының шешімдерін талқылап толық келіседі. Қайтар жолында әкемнің Үрімжіге Американ консулымен сөйлесуін ұйғарады. Содан сәл бұрын Америка консулы Оспан батырға өзі барып сөйлесіп қайтқан екен.

Қошты шешімдері және Оспан батырдың оны ұйғаруына сай, әкем Оспан батырдың аулынан қайтар жолда Үрімжіде ұйғырлардың жетекшілері Мәсғұт Сабри, Мұхаммет Емін Бұғра және Иса Юсуп Алптекінмен сөйлеседі. Оларға Қоштыда болған жиналыстың шешімдерін түсіндіреді. Ол жөніндегі пікірлерін сұрайды. Ұйғыр жетекшілері 1949-жылдың мамыр айында Үрімжіде болған сол сөйлесуде өздерінің Қошты шешімдеріне қосылатындығын білдіреді. Қалибек хакім сонымен бірге Үрімжідегі дүңген генералы Мажұң-Жаңмен де кездесіп сөйлескен <...>.

1949-жылдың мамыр айындағы сол сапарында Қалибек хакім Қошты жиналысының шешіміне сай, Үрімжідегі АҚШ консулына барып, бас консулдың орынбасары (ол кезде бас консул жоқты) Mr. Douglas Mackarnen-ге жолығып, сөйлескен. АҚШ консулының ғимаратына кешкі қараңғыда барған. Mr. Douglas Mackarnen Қалибекпен үйдің шамын сөндіріп қойып, қараңғыда отырып сөйлескен. Консул өзінің Үрімжідегі орыс және қытай коммунистері жағынан ылғи бақылануда екенін айтқан.

Mr. Douglas Mackarnen мен әкем бірер айдан кейін, яғни, 1949-жылдың маусым-шілде айларында, Үрімжіге жақын Қаратау қойнауының Көктал – Толы жайлауындағы Шығыс Түркістанның қаражат министрі Жанымхан қажының аулында, Оспан батырдың қатысуымен тағы бас қосып сөйлеспек болып келіседі. Ол кездесудің нақ қай күні болатыны туралы Қалибек хақім: Оспан батыр және Жанымхан қажымен ақылдасып хабарлайтын болады. Сөйтіп, әкем Жәкең қажы және Ошың батырдың ұйғарымын алғаннан кейін: «Шілде ішінде Көкгал – Толыда кездесейік» – деп хабарлайды АҚШ консулы Douglas Mackarnen ол кездесуге АҚШ консулы Көктал – Толы жаққа аң қараған болып келіп қатысуды жобалаған. Оспан батыр сонау Бәйтік тауы жақтан, Қалибек хакім де Көклік – Ұсты жақтан: «Жанымхан қажыға амандасамыз» – деп мүмкіндігінше дабырасыз түрде Көктал – Толыға баратын болған. Солай келісілген.
Оспан батырдың Үрімжіге келген сапары
Негізінен алғанда, Оспан батыр ұзақ сапарға шықпайтын. Ол тек 1948- жылы жазда ғана Үрімжіге келіп қайтқан-ды. Басқалары оған барып амандасатын. Ол Шығыс Түркістан қазақтарының ең құрметгі тұлғасы еді. Одан бірнеше жыл бұрын Алтайда «ақ киізге отырғызылып хан көтерілген-ді». Ол Алтайдың губернаторлығына және өлкелік үкімет мүшелігіне (министрлігіне) сайланса да, Бұрхан Шаһидидің сөзімен айтқанда «пысқырып қарамаған-ды». Бәрінен маңыздысы, ол сонау 1939-жылдың аяғынан бері елінің тәуелсіздігі үшін қытайға да, орысқа да қарсы күресіп келген Шығыс Түркістан көлеміндегі теңдессіз тұлға болатын.

Әне, сол үшін де Оспан батырды тек қазақтар ғана емес, шет елдіктер де жоғары бағалайтын. Мәселен, Үрімжідегі АҚШ-тың консулының өзі кезінде Ошың батырға барып амандасқан-ды. Prof. Dr. Barnett сынды американдық ғалымдар да 1948-жылы ол кісінің үйіне барып, әңгіме өткізген болатын. Сол кездегі Шыңжаңдағы (Шығыс Түркістандағы) қытай қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал Сұн ши лан және қытайдың Үрімжідегі қазақ зиялыларының бәрі дерлік Оспан батырға барып амандасқан-ды. Сонымен қатар, қытай үкіметі де Үрімжіге келіп, қонақ болып қайтуға талай рет шақырған да болатын.

Сол үшін Оспан батыр 1948-жылы жазда жүздеген жауынгерін және қеңесшілерін ертіп Үрімжіге барды. Үкіметтің ресми қонағы болып барды. Қытай басшылары Оспан батырдың Үрімжіде үлкен салтанатпен қарсы алынуы үшін жарлық түсірді. Ол кезде Шыңжаңның (Шығыс Түркістанның) жалпы губернаторы ұйғыр Мәсғүт Сабри, оның хатшысы (орынбасары іспетті) тағы ұйғыр, Иса Юсуп Алптекін-ді. Үрімжіде Оспан батырды үлкен салтанатты қошаметпен қарсы алу ісін басқаратын топтың ішінде сол Иса Юсуп Алптекін де болды. Шыңжаң үкіметі мен қарулы күштің басшылары Оспан батырды үлкен қүрметпен қарсы алып, зор қошаметпен шығарып салды. Өйткені, Оспан батыр үкіметтің қонағы болатын.

Ал Үрімжідегі Оспан батырдың өз туыстары, яғни, қазақтар батырдың Үрімжіде үкімет жағынан үлкен қошаметпен қарсы алынуына сүйсіне караумен ғана болды. Жоғарыда түрлі орайға байланысты бірнеше рет ескертілгеніндей, Шығыс Түркістандағы барлық қазақ атаулы – керей немесе найман болуына қарамастан, Оспан батырды пір тұтып, ерекше құрметтейтін-ді.

Соның көптеген куәләрінің бірі ретінде 1946 жылдың 26 қыркүйегі күні Найман Әбдікәрім Ынтықбайұлы жағынан жазылған, кейін Үрімжіде шығатын «Алтай» журналында басылған «Сәлемде!» деген тақырыпты өлең-толғауды еске алуга болады. Ол толғауында Әбдікәрім Ынтықбайұлы: «Не оған, не бұларға сатылды ма ?!.» – деу арқылы, Оспан батырдың орысқа да, қытайға да сатылмағандығын баса корсеткен. Онда былай делінген:

Сәлем де!

Сәлем де алтын Алтай асқар белге,

Ондағы айбынды Абақ, қалың елге.

Басынан Хантәңірдің қарауылдап,

Біз-дағы тілеулеспіз Ошаң ерге.
Тартылып тау мен дала қысылғанда,

Қысымын тіккен де жау мұсылманға.

Кім шықты соған қарсы, Ошаң шықты,

Еңкейіп елдің бәрі ұсынғанда.


Алтайдың сен бекіндің құздарына,

Құздардың сен түнедің мұздарына.

Жастанып кыс қыстауда темір қазык,

Шыдадың қыс суықтың ызғарына.


Көріп ек алыс пенен жакынды да,

Атақшыл, абыройшыл батырды да.

Шынайы ел қорғаны ер Ошаң ғой,

Не оған, не бұларға сатылды ма?!...


Құдайым пана берсін сол ниетіне,

Кез қылмай қарақшылар жендетіне.

Қормалым, ардагерім, асқар белім,

Ұстаған панам сенсің ел шетіне. <...>.


Қазақ полкының таратылуы
Үрімжідегі қытай қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал Сұң ши лан ішкі Қытайға шақырылып, орнына Тао зұң сылың деген басқа бір қытай генералы келді. Оның ізашарындай жігерлі антикоммунист еместігі байқалды. 1949-жылдың басынан ол ішкі қытайдағы коммунистерге және Мәскеудің қуыршағы «Үш аймақ» жаққа жағымпазданған саясат жүргізді. Сол бағытына орай ол 1948-жылы құрылған 8-қазақ полкін таратты. Ол полктің 2 эскадроны (кілең Қызылөзен мен Ұлужан қазақтарынан құралған әскерлер) қаруларын қытайға тапсырмады. Олар қаруларын өз қолбасылары Зәкәрия Әшенұлына апарып берді.

8-полктың таратылуы Шыңжанда коммунистік әкімшіліктің орнайтындығының тағы бір нақтылы белгісі саналды.


Қазақ елінің шетінен шығып, Қарашәрі жаққа көшуіміз
Әкем Оспан батырға барып кездесіп, қайтар жолында Үрімжіге соғып түрлі келіссөздер жүргізіп оралғаннан кейін, 1949 жылдың мамыр айының аяғында біз, «Қалибектің Елі», Қаратаудан (Нәнсаңнан) Қарашәрі аймағына қарасты Өри деген өзенге қарай көштік. Бұл батыстағы сонау Еділ, Жайықтан бері тұтасып жатқан іргелес қазақ елінің шетінен шығып, мүлдем жат жұрттарға қарай беттеуіміздің табалдырығы еді <...>.

Қаратаудан басталған көш бірер күн аялдап, екі аптада Қарашәрі аймағына қарасты Үш Тасырқай, Алғи, Ұсты өзендерінің басындағы жайлауға барып қонды. Ілияс ауылынан басқа біздің жақын туыстар, Қожалақтың алты ұлының ауылдары, Хамза Шөмішбайұлының ауылы, Омар Байқонақұлының ауылы, Қайнаш Мұхамметжанұлының ауылы, Омарбай ақсақалдың ауылы, Нұрсапа зәңгінің ауылы, Шүкен ақсақалдың ауылы, Ахымет-Сәдудің ауылы, Шойынбек-Бығайдың (Мұхамметкәрім) ауылдары, Сармерген ақсақалдың ауылы, меркіт Қыдырмолланың ауылы, тағы басқалары болып, жалпы саны 700-дей кісі қалың қазақ елінен шығып, осы қиыр шетке келіп қонған-ды. Бірақ, арттан тағы көп ел келеді және: ішкі қытайда коммунистер жеңіліске ұшырап, Шығыс Түркістанға коммунистік қауіп-қатер төнбесе, елге қайтамыз – деген үміт ұшқыны сөнбеген-ді. <...>.


Ұйғыр жетекшілері мен дүңген генералдарының кенеттен қашуы
Жоғарыда егжей-тегжейлі түрде баяндалғанындай, Бәйтік тауы жақта – Оспан батыр, Қаратауда (Нәньсан) – Жанымхан қажы, Қарашәрі аймағына қарасты Ұсты-Көклікте – Қалибек хакім, сол 1949-жылдың көктемінде Қоштыда өткізілген жиналыста және одан кейінгі сөйлесулерде болған келісімдерге сай: Оңтүстік-Шығыс Түркістанда бір шеп-майдан құрып, Қарашәріден былайғы жерді қытай коммунистерінен корғаймыз, Пәкістан арқылы батыс елдерімен байланыс жасаймыз – деп өз шама-шарықтарынша жедел даярлық көріп жүргенде, Үрімжідегі ұйғыр жетекшілері мен дүңген генералдарының қашып кеткендігі жөнінде хабар келді. Оны бізге Шыңжаңның (Шығыс Түркістанның) қаражат министрі Тілеубайұлы Жанымхан қажы жіберген кісі хабарлаған-ды. Ол кісімен Жанымхан қажы әкеме бір хат жіберіпті. Онда Үрімжідегі ұйғыр жетекшілері Иса Юсуп Алптекін, М.Емін Бұғра, дүңген генералы Мажұң-жаңның машиналарға отырып, (21.09.1949 күні) Үрімжіден Оңтүстік-Шығыс Түркістанға қарай қашып кеткендігі жазылған. Жағдайдың өте қауіпті екені білдірілген. «Дереу кісі жіберіп бізді көшіріп ал» – деген. Ол хабар келген бойда әкем ішінде Хамза Шемішбайұлы, Қайнаш Мұхамметжанұлы, Зазен (Зейнұлла) Райысұлы бар, 50 кісіні жедел аттандырып, Жанымхан қажыларды көшіріп әкелуге жіберді. Бірақ, ол кісінің жіберген адамының бізге алты күнде келіп жетуі, бізден аттанғандардың да Жанымхан қажы тұрған жерге бір аптада баруы, арада екі аптадай уақыт өтуіне әсер етті. Сол арада Жанымхан, баласы Дәлелхан және басқаларының кеңесіне сай, бізге алты күндік жердегі Қаратаудан, одан әлде қайда ұзақтағы Оспан батырға қарай көшіп кеткен.

Жанымханды көшіріп алғалы кеткен Хамза, Қайнаш, Зазен (Зейнұлла) және басқалары – Үрімжіден қашып шыққан, ішінде Шығыс Түркістан үкіметі бас хатшысының орынбасары Сәліс Әміреұлы, ақын-жазушы Әбдікәрім Ынтықбайұлы және Әділ Сексенұлы бар жиырма шақты үйді көшіріп келді. Олар Үрімжіде шығатын қазақша және қытайша газеттерді де әкеліп, коммунист қытайдың «Халық азаттық армиясы» дейтіннің Шыңжаңға (Шығыс Түркістанға) қарсылықсыз келіп кіргенін хабарлады. Сол газеттердің бірінде (қытай тілдегісіндегі) Шыңжаңның генерал-губернаторы Бұрхан ШаҺидидің, «Бандит Оспан, хайн (опасыз) Қалибек» – деген ұзақ бір мақаласы жарияланыпты. Оны Сәліс Әміреұлы әкеме оқып беріп: «Сізді Ошыңнан бөлек сипаттапты" – деп күлген-ді.

Бұл арада коммунист қытай әскерлерінің Үрімжіге келіп жеткені де хабарланды. Сонымен қатар бізге қосылуға ұмтылған бір бөлім елдің Санжы өзенінің басынан кейін қайтуға мәжбүр болғандығы да мәлім болды. Одан кейін Оспан батыр мен Жанымхан қажы бастаған елдің жағдайы жөнінде ұзақ уақыт хабарсыз қалдық. Екі жақтың арасы өте ұзақ-ты және араға коммунист қытай әскерлері түскен-ді.

Бізбен бірге Үштасырқай мен Ұстыға келген бірқатар ауылдар бөлініп қайта көшті. Олардың ішінде Арыстанбай, Зейнембай моллалар сияқты Қызылөзеннен бірге шыққан, талай ауыр жағдайдағы атыстарда бірге болған кісілер де бар-ды. Олардың бізден кенет бөлініп қайтуы бізді абыржытып, кейітті. Оларға әкем талай кісі жіберіп: «Қайтпандар, кейін күн келеді, біздің атамыздың басқан ізіне зар боласындар. Егер расында да қайтатын болсандар, онда Үрімжі маңына аялдамай, тіке Қызылөзенге бір-ақ тартындар. «Үш аймақпен» Үрімжі қосылыпты. Қайтып барғаннан кейін үкімет не айтса, соған көніп, тыныш отырындар» – деп ескертті. Олар кері қайтқаннан кейін әкем олардан қауіптеніп, Ұстыдан көшіп, Көклік дарасына барып аялдай тұруды жөн көрді.

Арыстанбай мен Зейнембай моллалар жетекшілік еткен сол ел 1951 жылдың басында баяғы бізден бөлінген жұртқа қайта келді. Жазда Такламакан шөлінен өтудің мүмкін еместігін аңғарып, Қаратау мен Еренқабырға бөктеріне барып, сонда қытай әскерімен соғысады. Кейін қолға түседі. !шінде Арыстанбай мен Зейнембай моллалар бар, қөптеген кісі атылады.
Қар жауса екен деп асыға күткен кезең
Сөйтіп: қазақ болып, ұйғыр болып, дүңгендер мен антикоммунист қытай әскерлері болып, жалпы бір майдан шебін ұйымдастырып, Қарашәріден былайғы, бүкіл Оңтүстік – Шығыс Түркістан өңірін қытай коммунистерінен қорғап, Пәкістан арқылы батыс елдерінен көмек аламыз деген жоба – ұйғыр жетекшілері мен дүңген генералдары елден қашқаннан кейін жүзеге аспайтын болған-ды. Оспан батыр мен Жанымхан қажы Баркөл – Құмыл жақта қалды. Олармен арамыз өте алыс. Арамызда ешқандай қатынас жоқ-ты. Бұл жағдайда «Қалибектің елінін» де атамекеннен кету ісіне кірісуі тиіс болды. Олай етпегенде алдағы жолдың жау күштері жағынан бөгелуі, сондай-ақ, жаудың кенеттен шабуылға өтуі де ықтимал-ды.

Бірақ, «Қалибектің елінің» ұйғыр жетекшілері мен дүңген генералдары сияқты машиналарға отырып қашатын жағдайы жоқ-ты. Олар бала-шаға, қатын-қалашымен, малын айдап, түйесін жетелеп, бірінші кезеңде дүниенің ең қауіпті шөлі – Такламаканды басып өтіп, Гималай тауының етегіне барып ілінуді жобалауда еді. Сол мақсатқа орай, 1949-жылдың қазан айының ішінде Қалибек хакім мен Сәліс Әміреұлы, жанына бірқанша кісі алып, Көклік тауынан Такламакан шөліне қарай өтетін жолды шолып қайтты. Олар жолда ауыз судың жоқ екендігін, қардың жаууын күту қажет екендігін анықтады. Соған орай, жоғарыда да елестетілгеніндей, суы жоқ тау дарасы (бекініс) саналатын Көклік дарасына барып, қардың жаууын күту қажет болды. Бұл арада коммунист қытай қарулы күштерінің бізге шабуыл жасауы да ықтимал-ды. Сол үшін де оларды алдай тұруды көздеген әкем немерелес інісі Зазен (Зейнұлла) Райысұлы н Үрімжіге жіберді. Оның қолына Бұрхан Шаһидиге қаратылған бір хат жазып берді. Ол хатында әкем: өзі бастаған елдің де жақында қайта көшіп, елге барып қосылатындығын» – білдірген-ді.

Ол хатгы алған Шыңжаңның генерал-губернаторы Бұрхан Шаһиди Зейнұлла Райұлын коммунист қытай қарулы күштері бас қолбасшысына ертіп барып: «Мыналар да қайта көшіп келетін болды» – деп таныстырған. Сөйтіп, ол Зейнұлла Райұлын: «Тез көшіп келіндер» – деп қайтарады. Зейнұлла әкелген ол хабар коммунист қытайлардың бізге шабуылдай қоймайтындығын аңғартқандай болды. Әрине, соның өзінде де сақтық шараларын қолдануда едік. Жау әскерлерінің келуі ықтимал жолдарға күзетшілер койылды.

Ал екінші жағынан болса, киімдік мата, бұл және шай, астық сияқты заттарды сатып алу үшін Көклікке жақын Тоқсын қаласына Сәбәділ Мұхамметжанұлы бастаған бір топ жіберілді. Мұхамметбай молла ішінде бар бірнеше кісі де Қарашәрі жаққа кетті. Тоқсын қаласына кеткен Сәбәділ Мұхамметжанұлы бастаған кісілер аман-есен тез орадды. Ал Мұхамметбай моллалар Қарашәрі жақтан тез оралмады. Олар бізге қайта қосыла алмады.

1949-жылдың желтоқсан айының басында Такламакан шөлі жаққа тағы бір шолғыншы жіберілді. Оның ішінде Хамза Шөмішбайұлы мен Сәбәділ Мұхамметжанұлы және Мөрдіқан Омарбайұлы, Мадалым Байқонақұлы сияқты Түркияға дейін келіп жеткен кісілер болды. Олар: біз Үштасырқай – Ұстыда отырғанда, Үрімжіден қашып бізге келіп, бір мезгіл аялдап, кейін алға қарай кетіп қалған антикоммунист қытай қолбасшылары мен әскерлерінің: «Біз жүреміз» – деп жобалап отырған жолмен кеткен ізін көргендіктерін де айтып келді.
Екінші бөлім
Атамекеннен алыстау, туған жер және туған елмен қоштасу
Сонымен атамекеннен, елден-жерден кететін күн келіп жетті. Қар жауған-ды. Егер қар жаумаса да кетуге мәжбүр едік. Үрімжі, Тоқсын, Тұрфан жақтан келіп Қарашәріні басып, Қашқар, Хотан жаққа баратын тасжол – біз тұрған Көклік тауының етегін көлбеп өтетін. Сол тасжолдан күндіз-түні дамылсыз әскер машиналары ағылуда еді. Оны біздің шолғыншылар барып анықтаган-ды <...>.

Көкліктен 1949-жылы 12-айдың 23-күні Такламакан шөліне қарай көшіп, тау арасындағы бекіністен түсіп, бөктерге барып қондық. Нақтылы санын білмеймін. Кейінгі топшылауларға қарағанда 200 үйден астам ел едік. Оның бәрінің айдаған – қойы, жылқысы, жетелеген – түйесі бар-ды. Көкліктен көщіп-қонған күннің ертеңінде, Үрімші – Қашқар, яғни Оңтүстік Шығыс Түркістан мен Солтүстк Шығыс Түркістанды байланыстырған тас жолды кесіп өтуге тиіспіз. Тас жолдан үздіксіз әскер өтуде еді. Олармен біздің кездесуіміздің бір қарулы қақтығысқа жетелейтіні сөзсіз-ді. Сондықтан да, бүкіл 200 үй шамасындағы елдің көші, қоралы қойымен, үйірлі жылқысымен тас жолдың оң жағындағы бір жылғаға келіп жиналды. Іңірде, қасқарайып, көз байлана бергенде, елдің көші мен малы бірден тас жолдан өтуге даярланды. Тас жолдың дәл көш өтетін жерінің екі жағына, бірер шақырым қашықтыққа, оңтайлы жерлерге он кісілік мергендер орналастырылды. Олар көш тас жолдан өтіп жатқан кезде, әскери машина келетін болса, дөңгелектеріне атып, тоқтататын болған-ды. Сонымен, 24.12.1949 күні кешке, іңірде, қасқарайып көз байлағанда, «Қалибектін елі» Үрімжі – Қашқар тас жолын кесіп өтті. (Кейін, Тарым жаққа айдауға барған қазақтардың айтуынша, тас жолдың сол біз өткен нүктесінің екі жағы, көш ізімен ойылған аңғар болған. Оны халық «Қалибек Өткен» – деп атап кетіпті). Бұл тас жолдан өтуді ел бейне бір мемлекеттік шекарадан өтіп, жаудан құтылғандық ретінде бағалаған-ды...

Көклік тауы жақтан келіп тасжолдан өтіп, біз ылғи ылдыилап ойға қарай тарттық. Көштің ең алдында Сәпең келеді. Ол кісі жоғарыда айтылғанындай, бұл жолды шолып қайтқан топта болған. Әкем көштің, жалпы елдің артында еді. Көштің арт жағы тасжолдан өткен кезде: қытай әскерлерімен ұшырасып қала ма, немесе қуған жау бола ма? – деген қауіптенушілік болды.

Бесін уақыты шамасында артынып-тартынып, тасжолдың үстіңгі жағынан қозғалып, іңір түсіп, қас қарайғанда қозғалған көш түн ортасы ауып, үркер жанбасқа қарай төмендегенде, бір жерге барып тоқтады. Маңайда қамыс, жыңғыл сияқты өсімдіктер бар-ды. Жер шым емес, қиыршық қара тасты құмайт. Үздік-создық болып елдің бәрі сол жерге келіп шоғырланды. Таңертең сиыртүс шамасында көш тағы жәнелді. Бұл көштің сонау Үндістан шекарасына дейін ұласатындығын ол кезде қанша кісі білгенін айту қиын.

Тасжолдың астыңғы жағына өткен күнгі көш те ылдилап ойға қарай тартты. Тек сол күні түс ауа, екінті кезінде көш адырлы бір өңірге қарай өрлеуге бет бұрды. Кейде бозғыл, кейде мүлдем қап-қара тасты, көк-жасыл өсімдіктен ада төбешіктер мен жылғалар, жасыл жайлау жақтан келген бізге тым сүйкімсіз, тіпті үрейлі көрініс туғызды <...>.

Сонымен Көкліктен көшкеннен кейін 13 күн жүріп, Лоп-Нор өзеніне келдік. Өзеннің екі жағына қатқан мұздан өтуге болатын. Өзен бойында қамыс, жыңғыл, оның түбіне біткен өсімдіктер баршылық екен. Бірақ, терек және қарағай сияқты зәулім ағаштар жоқ. Өзен қабағынан онша ұзап шықпадық. Әкемнің шолғыншы ретінде жіберген жігіттері: «Жандыда қарақұйрық бар екен», – деп келді. Сонымен бірге Лоп-Нор өзенінің жағалауында, бұрын қарақұйрық сияқты аңдарды аулап келген болуы ықтимал кісілердің көне іздері де кездесті. Оны сол маңға жақын Көнші және басқалар сияқты ұйғырлардың елді мекендерінен келген кісілер шығар, – деп жорыдық. Басқадай Лоп-Нор өзені төңірегінде ешкімді кездестірмедік <...>.

Лоп-Нор өзенін жағалап апталар бойы көштік. Өзен жағалауында кейде көне құрылыстардың қалдығын да кездестірдік. Оны зерттеп, мән-жайын аңғаруға тырысатын бізде уақыт та, дәл сол кез үшін айтқанда, саналы ой да жоқ еді. Күндер, апталар өткен сайын көлігіміз де арықтай бастады. Көш қатарында жаяу жүрушілер де кездесетін болды. Сол жаяу жүріс басталған күндердің бірінде Сәліс Әміреұлының Әбдікәрім Ынтықбайұлына: «Әй Әбеке, анада маған бермеген кітабыңды тастағанша, енді маған бер» – дегенде, Әбекеңнің: «Бермеймін, көтеріп жүремін. Дымым құрыған жерде ағаш басына байлап кетемін» – дегені әлі есімде. Ол соншалық қандай кітап еді!? Олардың екеуі де, сол кітабы да, Тибет жерінде ұйғыр Жолбарыс пен оның ұлдары жағынан өлтіріліп, өртеліп жіберілді..

Лоп-Нор өзенін көлге қарай құлдиап бірнеше апталар бойы көшкеннен кейін, өзен жағалауына қонғанымызда, түнде мұздың астынан қорқылдаған ғажайып дауыстар естілетін болды. Ол бұрын біз естімеген дыбыс-дауыстар-ды. Кейін біз Үндістанның Бомбей қаласында және Түркияның Ыстанбұл мен Ізмір қалаларындағы хайуанат бақшаларына барып аралағанда, сондағы су астында жүретін төрт аяқты үлкен хайуанның дауысының Лоп-Нор өзенінде мұз астынан естілген дауысқа ұқсайтындығын аңғардық.


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет