Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



бет9/28
Дата05.11.2016
өлшемі5,25 Mb.
#478
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   28

Алтыншы, 1946 жылы қараша айында Гоминдаң үкіметі жеделхат жолдап, Оспаннан: ең сенімді, абыройлы адамдарынан құралған толық құқықты уәкіл жіберуін – талап етеді. Оспан Ләтіпті бастық етіп Қанатбай сияқты 8 адамдық уәкілдер тобын жібереді. Олар 1946 жылы желтоқсанның аяғында жолға шығады. Оларды «радист» генерал Рау шы жие бастап жүреді. Олар Жанымханның қорасындағы арнаулы дайындалған үйге түседі. Оларды 5-6 күннен кейін, 1947 жылы 17 қаңтар күні Жаң жы жұң қабылдайды. Ләтіп Жаң жы жұңға: Оспанның – бір полк әскер, 500 бесатар, 50 пулемёт, 50 мың оқ сұрап жазған хатын табыстайды. Сонымен қоса, Оспанның «Үш аймақ» үкіметімен ашық жауласуға дайындалып болғанын мәлімдеп: «Сірә, осы күнге дейін шайқас басталып кеткенде болар» – дегенді қосып қояды.

Гоминдаң жедел қимыл жасап, алдымен Шонжы арқылы 400 бесатар, 20 пулемёт, 40 мың оқ, оның сыртында бірер жүз түйемен кездеме, шәй, астық жөнелтеді. Іле-шала Сұң ши лянның тікелей бұйырығымен, Асылбек Қабдешұлы басқарған бір отряд пулемётшілер мен Фукаңнан взвод комендирі Ма тян фу басқарған 250 адамдық қарулы қосын аттандырады. Сонымен қоса, бұдан былайғы жерде осы тектес көмектерді үзбей беріп тұратындықтарын уәде етті.

Сөйтіп, Гоминдаң – Оспан тобының қажетін қанағаттандырып, олардың «Үш аймақ» үкіметімен қарсыласуына – қару-жарақпен және заттай, рухани жақтан көмек қолын созды.

СОҒЫС ОТЫ ТҰТАНДЫ

Оспан Гоминдаң үкіметінен жәрдем алғаннан кейін қарулы шайқасқа көшті.
Бірінші Бурылтоғай соғысы. Оспан соғыс отын Бурылтоғай ауданына шабуыл жасау арқылы тұтандырды. Бір кездегі өзінің ең үлкен қас жауы – Манат пен Бұрыпжапты 200 адаммен Бурылтоғай ауданына шабуылға шығарды. Олар 1947 жылы Қаңтар айында Қарулы күшпен ауданды басып алып, мейілінше талан-таражы жүргізді. Ауданда әскер жоқ болатын. Аудандық үкімет орындарындағы қызметкерлер мен аудандық сақшының он шақты әскері, Манат, Бұрыпжаптардың келе жатқанын білген заманда Сарысүмбеге шегініп кеткен еді.

Бурылтоғай ауданы қолдан кеткен соң солтүстік қолбасшылық штабының1 бұйырығымен, Алтай атты әскерлер полкінен Патқолла взводы мен Студенков взвоты Бурылтоғайға барды. Оспан тобы азырақ ұрыс салды да, шегініп кетті. Сонымен, бұл екі взвод сол жерде тұрып қалды.


Екінші, Жосаты соғысы. 1947жылы қаңтар айында Қабас Тіркешұлы 200-ден аса қарулы күшпен Сарысүмбе ауданының – Жосаты, Ішбеті деген жерлеріне келіп халықты бұлап-талады. Солтүстік қолбасшылық штабы халықтың мал-мүлкі мен амандығын қорғау үшін төрт взвод әскер шығарды. Қабастар бұлардың алдынан тұтқиыл шабуыл жасап, екі сағат мөлшерінде соғысты. Ұлттық армия жақтан Пайжаң Тоқтыев бастаған 4-5адам құрбан болды. Бірақ бірте-бірте соғыс ырқтылығын қолға алады.
Үшінші, Ішбеті соғысы. 1947жылы ақпанда – Қабас, Нұрғожай, Бұрыпжап үшеуі 250 адамдық топты бастап, Ертіс бойындағы ел ішіне: «Үш аймақ» үкіметінен қол үзіңдер. Болмаса кейін май өкшелеріңе жақсы болмайды. Біз жақын арада Алтайды иелейміз, Гоминдаң үкіметі бізге көмектеседі...», – деген мазмұнда үгіт таратады әрі ілгерілей Қыран өзені бойындағы Бітеуіргеге дейін келеді. Бұл тұста Бітеуірге елінен Шамер Мәмаев бастаған кісілер: бір жағынан – Сарысұмбедегі «Үш аймақ» үкіметіне хабар жіберсе, енді бір жағынан – өздіктерінен топтасып Қабастарға оңай-оспаққа ырық бермейтінін байқатады. Асхат Мәңкейұлы мен Ежен Бұқатұлы уәкіл болып келіп: «Бейуаз халыққа соқтығып зиян салмауды, болмаса өздерінің де қарап тұрмайтынын» – ұқтырады. Қабастар Жосатыға қайтып кетеді. Қабастардың Ертіс, Қыран еліне келгенінен хабар алып, барлау жүргізе қаладан келген взвод командирі Дөней Молдажанов бастаған 70 неше әскер Жосатыға іліне бергенде, тұтқиыл шабуылға ұшырайды. Шайқас қиян-кескі болады. Осы сәтте Балбағай жақтан көмекке бір отряд әскер мен өздігінен ұйымдасқан жергілікті халықтың сәйкесуінде Дөнейлер қоршауды бұзып, қарсы шабуылға өтеді. Қабастар шегінуге мәжбүр болады. Жол-жөнекей 200 ірі-қараны айдап әкетеді.
Төртінші, тағы да Жосаты соғысы. Оспан тағы да Қабас, Кашабат, Сайтанкөз (моңғыл, шын аты Геріл) бастаған 500 адамдық топ аттандырады. Олар 1947 жылы наурыз айында Ертіс өзені аңғарындағы Жосаты маңына үшінші рет шабуылдап келеді. Солтүстік қолбасшылық штабы бұларға қарсы кіші лейтенант Машан Әлілбаев бастаған, Дауи Шәріп – орынбасар, Хакім Өмірбаев – ақылшы болған бір батальон әскер шығарады. Сонымен бірге, Бурылтоғай ауданында тұратын Патқолланың атты әскерлер взводына көмекке баруды бұйырады.

Машан батальоны наурыз айының 5-6 шамасында Жосатыға келеді. Соғыс 4-5 сағатқа созылады. Екі жақ текетірес болып тұрғанда Патқолла басқарған атты әскерлер взводы көмекке жетіп үлгереді. Оспан тобынан Хакім бастаған он неше адам оққа ұшады. Көмек алған ұлттық армияның соққысына төтеп бере алмаған Қабас тобы қаша соғыс салады. Ұлттық армия бөлімі оларды Жолсай деген жерге дейін қуып келіп, бұйырық бойынша сол жерде тоқтайды.


Бесінші, Сарбұлақ соғысы. Жосаты соғысының ертеңінде ұлттық армия бөлімдері жаудың қайтып кеткен-кетпегенін білуге екі топ барлаушы әскер аттандырады. Олар Сарбұлақтың ағынына іліне бергенде қалың бейіттің арасына жасырынып жатқан Оспан тобының боратқан оғының ішінде қалады. Лектің алдында кетіп бара жатқан взвод командирі Шәріп ствани мен жауынгер Жұмағали оққа ұшады.

Шәріптің қазасы жауынгерлердің қабырғасын қайыстырып, жауға кегін еселеп арыттрады. Олар қарсы шабуылға өтіп, тас-талқанын шығарады. Атақты атаманның бірі – Сайтанкөз оққа ұшады. Басқа да бірталай адамдарынан айырылады. Сайтанкөздің өлігін ала кетуге де үлгірмей, шегініп кетеді.

СОҒЫС ЖАҒДАЙЫ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ КӨТЕРІЛДІ
Оспан үш ай бойы «Үш аймақ» үкіметімен 5-6 рет ұрыс салды. «Үш аймақ» үкіметі мен армиясы: «Өзі соқтықса – сыбағысын беру, шегінсе – қумау, ізденіп барып соғыспау» принципінде болды. Ал Оспан бұны әлсіздіктің бейнесі деп біліп, шабуыл жасау ретін жиілетіп, адам санын көбейтіп, қимыл жасау көлемін барған сайын кеңейте берді. Сондықтан, ұлттық армия бас қолбасшылық штабының нұсқауымен және орналастыруы бойынша, солтүстік қолбасшылық штабы Оспанның тобын тез арада аластап, түбегейлі жою бекіміне келеді.

Сөйтіп, дайындық жұмысына жедел кіріседі. Құлжадан генарал Лескин – ақылшы, генарал Әбдірашиіт Тұрдыев – солтүстік қолбасшылық штабының штаб бастығы, генарал-майор Юсыпжан Ясынов – Алтай атты әскер полкінің орынбасары болып келді. 1947 жылы наурыздың жиырмаларында полк командирі – Бәделхан Сүгірбаев, орынбасары – Юсыпжан Ясынов, ақылшы – Лескиін болып, толық бір полк әскер Оспан тобын жоюға аттанады.


Бірінші, Уылбай құдығындағы соғыс. Алтай атты әскер полкі үш күн жол жүріп, Бурылтоғай мен Көктоғай аудандарының елі көктем кезінде аралас әрі жиы отыратын Сарбұлақтағы «Уылбай құдығы» деген жерге барып орналасады. Бұл жерде олар, бір жағынан – Оспан тобының қимыл ауқымын байқаса, енді бір жағынан – елге Оспан тобына ілеспеу туралы үгіт-насихат жүргізеді.

Оспан – ұлттық армия бөлімдерінің Уылбай құдығына келгенінен хабар тауып, Көктоғай, Шіңгілден мыңнан аса адам топтап, үш жақтан: Қабас, Кашапат бастаған топ – Солтүстік батыс жақтан, Ма тиян фу, Асылбек басқарған Гоминдаң әскерлері – Солтүстік шығыс жақтан, Жылқайдар, Әсен бастаған топ – солтүстік жақтан қоршап шабуылға өтеді. Соғыс бір жарым тәулікке созылады. Ұлттық армия бөлімдерінен – батальон командирі майор Машан және 20 неше адам құрбан болады.

Осы кезде бұйырық бойынша бірнеше күн бұрын жолға шыққан Қобық атты әскерлер полкінің полк командирі майор Ыбырайымбай бастаған бір батальон (үш взвод) соғыс майданына жетіп үлгіреді. Олар жаудың солтүстік ту сыртынан тиіседі. Жылқайдар, Әсен бастаған солтүстік топ ығысып, Қабастар тобына қосылады. Ұлттық армия пулемётшілер взводының басым бөлегі мен миномёт ротасының барлық қару күшін Солтүстік шығыс жақтағы Ма тиян фу, Асылбек басқарған Гоминдаң әскерлеріне шоғырландырады. Гоминдаң әскерлері төтеп бере алмай жапырыла қашады. Нәтижеде, Оспан тобы 70-80 адамынан айырылып, шегініп кетеді.
Екінші, өлкелік тексеру тобы Алтайға келді. «Уылбай құдығындағы соғыста» жеңіліс тапқан Оспан мен «радист» генерал-майор Рау шы жие, Гоминдаң әскерлерін бастап келген Ма тиян фу Үрімжіге: «Ұлттық армияның шамамен екі полк әскері Көктоғай ауданына кірді. Қазір соғыс жағдайы қалыптасты» – деген мазмұнда жеделхат жолдады. Сонымен бірге, «Уылбай құдығындағы соғыстың» барысы мен нәтижесінен мәлімет берді.

Бұны естіген Гоминдаң жағы жағдайдың қас-қағымда осыншалық ушыққанына әрі алғашқы шайқаста Оспан тобы мен өздерінің жіберген әскерінің бірден мұрындары тасқа тигеніне абыржып қалады. Енді қайту керек? Мол әскерді айдап салып, Оспанға үстемелеп көмек беру керек пе? Бірақ, бұл жеңіл-желпі тәуекелге баса қоярлық мәселе емес. Әлде, Оспанды осылай тастап қою керек пе? Гоминдаң жақ ойлана келіп: «Істік те күймейтін, төстік те күймейтін» – шара ойлап табады.

Өлкелік біріккен үкімет атынан, үш жақтан1 ұйымдастырылған «Алтай аймағының жағдайын тексеру әрі Оспан мен Дәлелханды рақайластыру» тобы Алтайға аттандрылады. Топ бастығы болып, өлкелік біріккен үкімет төрағасының орынбасары – Бұрһан Шаһиди (аралық жақ), топтың негізгі бір мүшесі, өлкелік қаупсіздікті қорғау бөлімінің орынбасары – Даң би гаң (Гоминдаң жақ) және Өлкелік халық істер мекемесінің меңгерушісі – Рақымжан Сабырқажиев («Үш аймақ» жақ) болады. Бұлардан өзге Қали Абақ, Қали Ысқақ, Нүсірат Шаһиди, Әнуар Сәлжан, Қанатбай сияқты топ мүшелері бар.

Бұл топ 1947 жылы 4 сәуір күні арнаулы ұшақпен Үрімжіден Сарысүмбеге барды. Барған күні түстен кейін және кеште топ басшылары мен Дәлелхан арасында ресми емес кездесулер болды. Ертеңінде аймақтық әкімшілік мекемесінде, тексеру тобы мен жергілікті орындардың басшыларының басын қосқан мәжіліс өткізілді. Мәжіліс үш күнге созылды. Алдымен топ бастығы мен негізгі мүшелер Оспан мен Дәлелханды рақайластыруды мақсат ете отырып, Алтайдың мән-жайын тексере келгенін әңгімеледі. Дәлелхан Сүгірбаев Алтайдың жалпы жағдайын жан-жақты баяндады. Сонымен қоса, Оспанның «Үш аймақ» үкіметімен жауласып, бұлап-талау жүргізгенін нақты фактілермен көрсетіп берді. Дәлелхан: «Қазіргі кезде Оспан мен біздің арамыздағы қайшылық – екі адамның шығыса алмауынан туған қайшылық емес, не болмаса екеуі рақайласса – іс шешім таба қалатын әдеттегі іс те емес. Өлкеден келген уәкілдердің мұқият тексеріп, шындыққа жүгініп, қазір өмір сүріп отырған нақты, маңызды, түбірлі мәселелерді дұрыс әрі түбегейлі шешу жолын қарайластыруынан үміт етемін», – деді.

Шәмши Мәмиев, Мұқаш Жәкеұлы, Қажынаби Уалиев, Мінуар Абдолла Қажыев, Мамыт Яқұпбаев тағы басқалар да: Оспанның – берекесіздік, бүліншілік, аласапырандық, тынышсыздық тудырып отырғандығы, сондықтан ол Алтай халқының алдында жауапкер екені, ел назарынан қалғаны, оны қайтадан аймақ бастығы етіп қоюға1 мүлде болмайтындығы – туралы пікірлерін айтады. Даң би гаң:

– Оспанның бастық бола беруін халық бұқарасы расында қаламай ма? Әлде, кейбір адамдар ғана қаламай ма? Меніңше, бұл айқындауға тиісті бір іс болса керек, – дейді. Екі жақ шекісе қалғанда Рақымжан Сабырқажыев:

– Олай болса, біз бұқаралық мәжіліс ашып, жұрттың райын естиік, – деді.

Ертеңінде Сарысүмбе қалалық халық клубында әр ұлттан, әр жіктен 6-7 жүз адам қатынасқан мәжіліс ашылды. Үрімжіден келген уәкілдер алдымен сөзге шығып, Алтайға келгендегі мақсаттарын айтты. Онан соң сөз бұқараға берілді. Көпшілік: Оспанның бір жылға жуық уақыттан бергі жолсыздығы, өте-мөте таяудан бергі озбырлығы туралы сөйледі. Елдің 15 мыңнан астам қойын, 800-ден астам ірі қарасын, сан-санақсыз киім-кешек, үй жиһаздарын тонағандығын, осының салдарынан 20 мыңнан астам адамның күн көрісі мүшкіл халге түскенін айтып, Оспанды аймақ бастығы міндетінен алып тастауды ұсынды. Сөздерінің соңында Даң би гаңға:

«Халық қарғысына ұшыраған қанды қол, қылмысы басынан асқан тонаушыны Гоминдаң үкіметі не үшін қорғаштап, көкке көтереді? Не үшін қару-жарақ жәрдем етеді? Не үшін он бір тармақты келісім шартына құрмет етілмейді?» – деген сұрақтар қояды әрі табанда жауап беруін талап етеді.

Даң би гаң бір ауыз сөз қайтара алмай, ырықсыз орынға түсіп қалады. Төрт сағатқа созылған бұқаралық мәжіліс Даң би гаңның құтын қашырып, сүлкін түсірумен аяқталды. Даң би гаң сол күні түстен кейін асығыс жеделхат жолдап ұшақ шақыртты. Ауа райының қолайсыздығынан екі күн кешігіп жеткен ұшаққа отырып, Бұрһан мен Рақымжан сияқты адамдарды ілестіріп, асығыс-үсігіс Үрімжіге қайтып кетті.



Үшінші, «Итек қызыл соғысы» және Оспанның Бәйтікке қашуы. Оспан мен Рау шы жие жолдаған жеделхатты тапсырып алғаннан кейін, Гоминдаң «Оспан мен Дәлелханды рақайластыру» комедиясын сахнаға шығырған еді. Осы тұста Гоминдаң үкіметі үш айдан бері Үрімжіде тұрған Ләтіпті қасындағы үш адаммен бірге Көктоғайға қайтарды. Төрт уәкілдің әр қайсысына сәлемдеме ретінде 5 мың юаньнан2 ақша береді әрі: «Біз Сарысүмбеге уәкілдер тобын жібердік. Сендердің басты міндеттерің – күшті жаумен өздіктеріңнен ізденіп барып соғыспау. Олар іздеп келіп соғысатын болса, тіресіп тұрып алмай, жылжымалы соғыс жүргізіп, уақыт ұту. Алтай көлемінен шығып кетпесеңдер, негізгі күштеріңді әлсіретіп алмасаңдар болды. Қалғанын кезі келгенде көре жатармыз» – деп нұсқау көрсетеді.

Оспан барлық күшін аса қолайлы «табиғи бекініс» деп – «Итек қызыл» деген үстірітті таңдап, қосынын сонда топтайды. Ұлттық армия барлау арқылы Оспан тобының қалай орналасқанын біліп алғаннан кейін, күшінің тең жартысын шағын, ықшам топтарға бөліп, атыс шебін – кең жаю, тұс-тұстан от ашу, жаудың әрбір тобын өзіне тартып бөлшектеу, ал жиырма неше миномёт пен қырыққа тарта пулемёты бар қалған жарты күшті – Оспанның өзі орналасқан бекініске шоғырландырып, сілейте соққы беру тактикасын қолданады. Бұл жолғы соғыста Оспан тобынан өлгендер мен жараланғандар 40-50 адамға жетеді. Гоминдаң әскерінен екі адамы тірі қолға түседі. Оспан – Қу Ертістен өтіп, Күрті деген жерге шегінеді. Жылқайдар – Шіңгіл елінен ертіп келген 200-ден аса адамын ертіп, Оспаннан бөлініп өз жеріне кетеді.

Оспан Үрімжіге жеделхат жолдап: «Алтай көлемінен шығып кетпесеңдер, негізгі күштеріңді әлсіретіп алмасаңдар болды» – деген нұсқауды қаз-қалпында атқарудың мүмкін емес екенін, не Алтайдан кету, не бір адамы қалғанша соғысу, бұдан басқа жол жоқ екенін» – жеткізеді. «Ондай болса Бәйтікке шегініңдер» – дейді Үрімжідегі Гоминдаң үкіметі. Сол кезде ұлттық армия бөлімдері де Оспан орналасқан жерге жетіп үлгереді.

Оспан: жеті жүзден көбірек адамы бар жүзден аса түтінді өзі бастап (бұның ішінде Бурылтоғай ауданынан салт қашқан – Манат, Бұрыпжап, Бұқа, Әбдехан сияқты жүз шамалы адамтағы бар), ұзын аяқты малдарын ғана айдап, сәуір айының жиырмаларында Бәйтікке қарай көшеді. Оспанның шешесі мен бір қызы көшке үлгіре алмай, қалып қояды. Арада жарты айдан соң, Алтай аймақтық әкімшілік мекемесі мен қолбасшылық штаб Оспанның тағы да шырықты бұзып жүрмеуі үшін – Көктоғай ауданының елін Сарысүмбе ауданына қарасты жерлерге көшіріп әкеліп қоныстандырды.


ОСПАН ТОБЫ ҚАЙТА МОЛАЙДЫ




Бірінші, 1947 жылы сәуір айында Оспан тобын Алтайдан қуып тастағаннан кейін, солтүстік қолбасшылық штабы: олардың қайта тап беріп, елдің тынышын алмауы үшін Көктоғай, Шіңгіл аудандарының – Сарытоғай, Шаңқан, Секпілтай, Қарашора, Тұрғын сияқты жерлеріне шағын-шағын әскери бөлімдер қалдырады да, қалған әскери бөлімдерін Сарысүмбеге қайтарып әкетеді. Осы тұста Сәлде залың, Сәли сияқтылар екі жүзден аса түтінді ертіп, Бәйтіктің Ұланбұлақ деген жерінде отырған Оспан тобына барып қосылады. Бұлардың қаша көшкенін ұлттық армия бөлімдері сезбей қалады.

Екінші, 1947жылы мамыр айының бас шенінде, Шіңгіл ауданындағы Әсен Рысханұлы өзіне қарасты елден жүзден аса түтінді ертіп, Бәйтікке көшіп кетеді. Ол көшер алдында Боғдабай деген адамды Оспанға жіберіп, жолшыбай ұлттық армия бөлімдерінің тосып қалмауы үшін алдарынан адам шығаруды талам етеді. Әсендердің көшкенінен хабардар болған ұлттық армияның екі рота атты әскері оларды қуады. Сонымен бірге, Қарашорада тұратын полк командирінің орынбасары Юсіпжан автомобильмен бір рота әскер бастап жолға шығып, Әсендерді Сарытоғайда қуып жетеді.

Ұлттық армияның қуып жеткнін көрген Әсен – қатын-бала, кемпір-шал, біткен малды қалдырып, ер-азаматтарды салт ертіп, көк жойқын болып тасып жатқан Сарытоғай өзенінен1 өтіп кетеді. Дәл осы кезде Оспанның көшкен елдің алдынан шығарған – Зейнел, Рақым, Кашапат бастаған 70-80 қарулы адамы келіп, Әсендермен тілдеседі. Қарулы топ Юсіпжандар орналысқан жердің 15 километр жоғарғы жағынан өтіп, түн ішінде ұлттық армия бөлімдерінің ту сыртынан шабуыл жасайды. Қарсы жақтан Әсендер де бер жаққа өтіп, қарсы оқ жаудырады.

Әскери бөлім қыспаққа қалып, өлгендер мен жараланғандар барған сайын көбейіп, жауынгерлердің қатары кұрт азайып кетеді. Таң атқанша соғысқан ұлттық армияның оқтары таусылуға айналады. Юсіпжан жаралыларды автомобилге салып, қоршауды бұзып шығуға бұйрық береді. Бірақ, автомобил енді қозғала бергенде шофер Бисұлтан оққа ұшады да, Юсіпжанның өзімен қоса жиырмаға жақын адам қолға түседі. Взвод командирі Әбдікәрім бастатқан жетпіс неше әскер қаза табады. Әсендер Юсіпжанды Оспанға тапсырып береді. Оспан оны Үрімжіге жөнелтпек болғанда, Сұң ши лян:

– Оның Үрімжіге келтірілгенін «Үш аймақ» жақ біліп қалса, қайтарып беріңдер деп талап етеді. Қайтарып бермесек және болмайды. Содан, сол жердің өзінде оның көзін жоғалтыңдар! – деп жеделхатпен жауап қайтарады. Сонымен Оспан – Юсіпжанжы атып тастайды.



Үшінші, Оспан 1947 жылы маусым айының басында, Ләтіп, Қабас бастаған 150-ден астам қарулы қосынын – Шіңгіл елін көшіріп әкелуге аттандырады. Олар күндіз бекініп, түнде жортып Шіңгілге жеткен соң, Төржайлауда отырған қалың елге баруға ұлттық армияның сезіп қалуынан жасқанып, Ортажайлауда отырған Ләтіпке қарасты 500-ден аса түтінді Бәйтікке көшіреді.

Ұлттық армия бөлімдері елді айырып алуға аттанып, Күмістің құйғанындағы Дөңті деген жерде екі жақ ұрыс салады. Ләтіп қосыны көшкен елді және ірі қара малдың барлығын тасып жатқан өзеннен Бәйтік жаққа өткізіп әкетеді. Қырық мыңнан астам қой – ұлттық армияның қолында қалады. Ұлттық армия бөлімі бұйырық бойынша Секпілтайдағы бекініс орынына қайтып кетеді. Осы жолғы соғыста Ләтіп аяғынан ауыр жараланады, 5-6 адамынан айырылады. Маусым айының соңына жеткенде Оспан тобы әуелгі: алты-жеті жүз адамы бар жүз түтіннен – төрт мыңға жуық адамы бар сегіз жүз түтінге артады.



Төртінші, 1947 жылы сәуір айының соңында, Буыршын ауданының Қалутан деген жерінде тұратын паташалық Ресейдың полк дәрежелі офицері Ёсов бастаған он неше орыс салт қашып Оспанға қосылады. Бұлар сан жағынан көп болмаса да, Оспанға ақыл-айла жағынан көмегі аз болмады.

ОСПАННЫҢ ГОМИНДАҢМЕН ҚОЙЫНДАСЫП КЕТУІ




Бірінші, «Һал сұрау тобы» Бәйтікке келді. Бәйтікке шегініп барған Оспан іле-шала Ләтіп, Манат, Қанатбайларды Үрімжіге жіберіп: өзінің Алтайға қайта шабуыл жасамақ ойын айтып, Гоминдаң үкіметінің қару-жарақ беруін, әскер аттандырып көмектесуін талап етті. Оларды кезінде бір рота пулеметшілерге басшылық етіп барған Асылбек Қабдешұлы ертіп Шонжыға келген соң, Хан ю уын арнайы автомобильмен Жанымханның үйіне жеткізеді.

Ләтіптер Үрімжіге келіп бес-алты күннен кейін, Жанымхан арқылы Сун ши ляңмен жолығып, барлық мән-жайды баяндайды. Сонымен қоса, Оспанның талабын айтады. Ақылдасып жауабын беретінін айтқан Сун ши ляң бірнеше күннен соң Ләтіптерді шақыртып алып: Оспанның талаптары толығымен орындалады, десе де бірден емес, жағдайдың пісіп-жетілуіне қарай іске асырылатынын ұқтырады. «Оспан, біріншіден, алаң болмасын, екіншіден, тым асығып кетпесін. Біз жуықта бір неше әскери бастықты арнаулы Оспанға жіберетін болдық. Нақты істерді Оспанмен бетекі сөйлесіп шешеді. Қазірше бір топ амандаса барады. Бұл араға байланыс жасап тұратын бір уәкіл қалдырыңдар да, қалғандарың сол топпен бірге қайтыңдар» – дейді. Манат – Үрімжіде қалады да, Ләтіп пен Қанатбай топтағы – Зәкихан Әленұлы мен Қамит Жанымханұлы сиятылармен бірге алты автомобильмен жолға шығады. Сун ши ляң Оспанға Жаң жы жұңның және өзінің атынан – төрт машина кездеме, шәй, ұн, күріш, қант, шекер сияқты нәрселерді, ал Жанымхан, Қадуаң, Әбдіқадыр1 – бірден арғымақ, Хан ю уын – екі Гансу атын сәлемдемеге жіберді.


Екінші, Оспан Сун ши ляң арқылы АҚШ-пен қарым-қатынас жасады. 1). Оспан «Бәйтік уақиғасында»2 – Моңғолия әскерлерінен олжаға алған бірнеше медаль мен қаруды Гоминдаң ұлықтарына тарту ету үшін, маусым айында Қанатбай мен Құрманды Үрімжіге жіберді.

Оларды Жан жы жүн генарал салтанатты қонақасы беріп күтіп алады. Қонақасыға – Жанымхан, Қадуаң, Сәліс (өлкелік біріккен үкіметтің орынбасар хатшысы), Зәкария (өлкелік қауіпсіздікті сақтау бөлімінің орынбасары), Айсабек, Мамет Емін Бұғыра (ұйғыр), тағы басқалар қатынасады. Асылбек Қабдешұлы аудармашылық істейді. Қонақасыда – Жан жы жүн бастаған Гоминдаң мансаптыларын Жанымхан қостап, Оспанға мақтау айтады. Сондай-ақ, Оспанды қолдайтындығын білдіріп талай-талай уәделер беріледі. Қонақасының соңында, Қанатбайлар Оспанның тапсыруы бойынша АҚШ-тың Үрімжіде тұратын бас елшісімен жолықпақ ниетін білдіреді. Жан жы жүн:

– Сун ши ляң орналастрсын, – дейді.

Ертеңінде Сун ши ляңның орналастыруы бойынша – Асылбек Қанатбай бастаған Оспан уәкілдерін Яңхаңдағы1 АҚШ елшілігіне алып барады әрі аудармашылық істейді. Бас елші Пакстон (– ?) өзі қабылдайды. Оспанның уәкілдері: АҚШ-тан көмек тілейтіні – туралы Оспанның сәлемін жеткізеді.

– Оспан «Бәйтік уақиғасында» дүниені дүр сілкіндірді, –дейді Пакстон, – сендер қытай жеріне сұғанақтық жасап кірген Моңғолияның бір полк әскерін талқандадыңдар. Жапонияны бағындырған күш АҚШ-тың атом бомбасы. АҚШ – ғылым-техника саласында теңдесі жоқ күшті әрі бай мемлекет. СССР-ден, Моңғолиядан қорықпаңдар. Біз сендерге көмектесеміз, – дейді.

2). 1947 жылы маусым айының соңында, Сун ши ляң өзінің қорғаушысы арқылы Оспанның Үрімжідегі уәкілі Манатты шақыртып, оны Маккирнанға таныстырады.

– Мына кісі АҚШ елшілігінің орынбасар бастығы Маккирнан мырза. Оспанға амандаса бармақшы. Бұл өте құпия сапар. Сізді түн ортасында шақыртып әурелеп отырмын. Осы кісіні Оспанға ертіп баруға аса сенімді адам қосып беріңіз, – дейді.

Мұнда да Асылбек Қадешұлы аудармашы болады. Ертеңінде таңертең, Манат қосып берген Мәжит деген жігітпен бірге Маккирнан жолға шығып, Бәйтіктегі Оспанның ауылына барады. Маккирнан ол арада төрт күн тұрады. Оспанмен күндіз-түні құпия әңгімеде болады. Оспанға – қытайшаны қазақ тіліне Құрманбай Тиянақұлы аударып беріп отырады. Екі күннен кейін Маккирнан Қытай-Моңғолия шекарасындағы «Алтын Оба» деген жалға шығып, Моңғолия жақтың жер түзілісінн суретке алады әрі картаға түсіреді. Сөйтіп, Оспан мен американың елшілігінің қызметкері (әрине, әскери барлаушы – Т.Ж.) Маккирнан тікелей барыс-келіс жасап тұрды. Оспан мен АҚШ елшілері ортасында бұндай қарым-қатынас кем дегенде үш рет болады.



Үшінші, Оспан Гоминдаң үкіметінің анағұрлым мол, нақты көмегін алды. 1947 жылы шілденің соңында, Сун ши ляң: Хуаң фамилялы кеңесшісі мен Асылбек Қабдешұлын ауыз екі тапсырмамен Бәйтікке аттандырады.

– Міндеттерің, – дейді Сун ши ляң, – Оспанның мылтық көтере алатын адамын әскери құрылым ережесі бойынша түгел тізімдеп, бізге мәлімдеу. Біз сол бойынша, қару-жарақ, азық-түлікпен, үкімет әскері есебінен қамтамасыз ететін болдық.

Өлкелік қауіпсіздікті сақтау қолбасшылық штабының орынбасар бастығы – Чың мен бесінші атты әскер бөлімінің бастығы Ма чың шяң бұларды Бәйтіктің «Алтын Оба» деген жерінде отырған Оспанға ертіп апарып орналастрады. Бұлар ол арада үш-төрт күн тұрып, елді жиып мәжіліс ашады. Мәжілісте: «Оспанның Бәйтік уақиғасында қосқан үлкен еңбегі бар. Қазір бұл уақиғаны қытайдың және шетелдің тілшілері дүние жүзіне жария етті. батырдың ат-атағы – АҚШ, Англия, Франция сияқты үлкен-үлкен мемлекеттерге танылды», – деп Оспанды көкке көтере мақтайды.

Сонымен қоса: «Гоминдаң үкіметі батырдың СССР-ға әрі оның қара қолы – «Үш аймақ» үкіметіне қарсы шыққан әлілетті қимылын қолдайды. Көмек көрсетеді. батырдың тез арада Алтайды бағындыруына жәрдем декөрсетеді» – деп уәде берді.

Осыдан соң, Хуаң мен Асылбек – Оспан тобынан 800 қарулы қосын ұйымдастырып шығады. Оны екі үлкен топқа бөліп, біреуіне – Қабас Тіркешұлын бастық, Жамет Мұсаұлын –орынбасар, енді біріне – Құрман Қапышұлын бастық, Қабайды – орынбасар етіп белгілейді. Қарулы топтың арытқы шеп қамдауын Үрімжіде тұрып басқаруға Қайымғазы жауапты болады. Осылайша Гоминдаңның көмегін алған Оспан Алтайға шабуыл жасаудың қамына шұғыл кірісті. Үрімжіден қыруар қару-жарақ келтірілді. Гоминдаң тарбиешілерінің басқаруында бірнеше шағын бөлімшелерге бөлініп, қатаң әрі жүйелі жаттығады. Алтай жаққа барлаушылар аттандырып, Шіңгіл, Көктоғай өңіріне және басқа да жерлерге орналасқан ұлттық армия бөлімдерінен ақпар жинайды.

ОСПАН ТОБЫНЫҢ АЛТАЙДЫ УАҚЫТША БАСЫП АЛУЫ




Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет