Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


Үшінші белес, бекіністер мен кенттерге қадалу



бет7/28
Дата05.11.2016
өлшемі5,25 Mb.
#478
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   28

Үшінші белес, бекіністер мен кенттерге қадалу. 1944 жылы қазан айының соңында «балықты судан айыру» әдісі жүзеге асып болды. Енді төңкерісшілер Гоминдаң үкіметінің түйінді бекіністері мен аудан-кенттеріне шабуыл жасау басталды.

Бірінші, 1944 жылы желтоқсан айында Шіңгілдегі Күмістің құйғанында тұратын қытайдың әскери бекінісіне шабуыл жасалды. Бұл бекініс – Көктоғай мен Шіңгілде топталған төрт жарым аудан халқы мен партизандарға тікелей қауып төндіретін, ең жақын жердегі жау ойнағы еді. Бекіністегі бес жүз әскер, екі тәулік бойы жанталаса қарсылық көрсеткенімен, үш жүзден аса адамынан айырылып, екі жүздей адамы Сарытоғайдағы негізгі әскери базасына қашып тығылды. Партизандар үш жүздей мылтық, жүз сандықтай оқ, басқа да мол зат олжа түсірді. әрине, соғыстың аты – соғыс. Бұл соғыста партизандардан жиырмашақты адам оққа үшты, жаралы болды. Бұл төңкерістік үкімет пен партизандық қолбасшылық штаб құрылғаннан кейінгі тұңғыш жеңісті шайқас еді.

Екінші, 1945жылы ақпан айында, Келес, Қаби Бітімшіұлы, Тастембай бастаған үш бөлімшенің төрт жүздей адамы Көктоғай кентін азат етуге аттанғанын білген жау, 24-ақпан күні Сарытоғай бекініске қарай жаяу-жалпы шегінеді. Бұл тұста Көктоғай өңірінде қардың қалыңдығы бір, бір жарым метр, темпратура 35-40 градустан кем емес еді. Үш жүз адамдық Партизан бөлімі жаудың соңынан түсіп, Сарытоғайға 70 километрдей қалғанда қуып жетіп соғыс салды. Шайқас жарты тәулікке созылды. Партизандар жаудың төрт жүздей адамын жойып, үш жүзге тарта әр түрлі қару-жарақ олжа алды. Көктоғай ауданы толық азат етіледі. Бұл – партизандар өмірінде жауды ең көп жойған, қару-жарақты мол олжалаған тағы бір шайқас болды. Партизандардан – Мырзахан, Елемес, Әбіш сияқты жиырма неше адам қаза, отыз неше адам ауыр, жеңіл жаралы болды. 19 жастағы Шәйзат Мәмедоллаұлы осы соғыста ерен ерлік көрсетті.

Үшінші, Рамазан, Молда Сіләм, Әріпбай бастаған Жеменей партизандары Қазақ ССР-іне барғаннан кейін, ең әуелі елді қыстан қалай аман өткізудің қамына кіріседі. Жүз адамдық партизан бөлімінің қорғауымен үш жүзге жуық азаматты ұйымдастырып, бергі бетте (қытай жақ) орылмай қалған астықты жиып алуға аттандырды. Бір тәуірі, арғы беттегі ел мен бергі бетте қалған егістік алқаптың аралығы бірнеше километр еді. Қарулы патизандар ыңғайлы жерден бекініс алып, аудандағы қытай әскеріне құқай көрсетті әрі жиын-терінге қатынасты. Олар осы барыста Гоминдаң әскерінің кент сыртындағы ат бағушыларына бірнеше рет шабуыл жасап, отызға жуық адамын өлтіріп, үш жүзге тарта ат, жиырма неше мылтық олжа алды. Енді бір жағынан жергілікті үкімет адамдарымен қарым-қатынас жасап, жүз мыңға жуық төрт түлік малдың өрісін лайықты шешті. Осылай ел мәселесі шешілгеннен кейін, 1945 жылы қаңтар айынан бастап Жеменей ауданын азат етудің қамына кірісті.

Дайындық барысында Жеменей, Қаба аудандарынан және Қобықтан қосылған моңғолдар болып толық қаруланған төрт жүз адамдық, бес шағын партизан бөлімшесі ұйымдастырылды. Бұл бөлімшеге Талқы мен Ахмет Тиекбайұлы, Солтан мен Қабиден, Мәуліхан, Мұқаш, Қожахмет, Баһауидден, Зүңғұрұп басшылық етеді. 27-қаңтар күні Талқы мен Қожахметтің бөлімшелерін шабуылдаушы алғашқы қосын етіп, Жеменей ауданы маңына жібереді. Олардың біреуі кенттің бас жағынан, біреуі аяқ жағынан тиіседі. Қытай әскері алғашында СССР-дің шекарашыларының шабуылы болар деп топшылайды. Артынан партизандардың шабуылы екенін білсе де, батылы барып оқ шығара алмайды. Себебі, шекара өте жақын орналасқандықтан, оқ шекарадан өтіп кетіп, өзге елдің адамын жаралап алу жауапкершілігінен қорқады. Бұл кезде ауданда Ли күй басқарған толық бір полк әскер бар болатын. Бұл қосын 29-қаңтар күні таң бозынан түп қопарыла шегініп, Буыршынға бет алады. Партизандар Ноқайға дейін қуалап соғысады. Жау Ноқайға1 келгенде күшті боранға жолығады. Жаудан жүз елуден астам адам үсіп өледі. Боранда алып жүре алмаған жүзден астам мылтық пен сандық-сандық оқ-дәрілерді партизандарға тастап, Буыршынға барып тығылады. Осылай Жеменей ауданы 29 қаңтар жаудан толық азат етіледі. Бірнеше күннен соң аудандық уақыттық үкімет құрылады. Рамазан – әкім, молда Сіләм мен Мамедолла – орынбасар әкім, Қабиден – сақшы бастығы, Садық Әбзи (татар) мен Ахметнәби – қазына істерінің жауаптысы, Әріпбай – бас ақылшы, Қажиман, Қозыхан, Зәкон, Әбілмәжін, Байанды, Тағай – ақылшы болып белгіленеді.

Төртінші, 1945 жылы наурыз айында, Гоминдаң үкіметінің Көктоғай мен Шіңгілдегі берік бекінісі саналатын Сарытоғайға шабуыл жасау мақсатында, Алтай партизандары бас қолбасшылық штабы жүз адамдық қарулы қосын құрады. Сарытоғайда жаудың үш мыңға жуық әскері бар болатын. Олар партизандардың соқтығуынан бұрын-ақ бес танк пен үш броневик машинасын қалқан етіп, азық-түлік, оқ-дәрілерін отыз неше автомобильге артып, Шонжыға шегініп кетеді. 1944 жылы қазан айының орта шенінен, яғни, «Алтай қазақтарының уақыттық үкіметі» құрылғаннан 1945 жылы сәуір айына дейінгі жарты жыл ішінде Гоминдаңның үш орындағы әскери базасы жұлып тасталып, төрт аудан азат етілді. Қытай әскерінің Сарытоғай жеңілісінен кейін Үрімжі – Алтай арасындағы «шығыс жолы» үзілді. Бұның өзі жау әскерінің Сарысүмбе сияқты жердегі әскери базасын соғыстық қарумен қамдауда үлкен қиыншылық тудырды...


Тоғысқан тілектер, айқасқан білектер. 1945жылдың соңғы жартысы Алтайда партизандық қимылдың жеңіске жетуінің шешуші кезеңі болды.

Бірінші, Жеменей партизандары ауданды азат етіп, уақыттық үкімет құрған тоғызыншы ақпаннан бастап үш ай ішінде сапа жағынан жетіліп, сан жағынан молайды. Атап айтар болсақ: 1. 1944 жылы Қазақ ССР-іне өтіп қыстаған ел 1945 жылы сәуір айында мекендеріне қайта оралып жайғасты. 2. партизан бөлімдері тағы бір мәрте тәртіпке салынып, ұйымдық жақтан сұрыпталды. Жаттығу жүргізіп, түрлі қару-жарақты қолдану қағидаларын игеріп, соғыстық өнер жағынан өресі жоғарылады. 3. Сан жағынан молайды. 1945 жылы мамыр айында, Дөрбілжін ауданы Қызылбейіт деген жердегі Пейев, Картошев бастаған жүз шамалы орыс партизандарға келіп қосылады. Партизандар оларды құшақ жайып қарсы алды әрі бұларды айырым партизан бөлімшесі етіп құрады. Сондай-ақ, Гоминдаң үкіметінің Бурылтоғай, Қобық аудандарында тұратын әскери бөлімдерінен, мамыр, маусым айларында 3-4 рет, жүзден аса ұйғыр әскерлері он неше жан құрал (наган, тапанша), екі пулемет, жүз шамалы қару-жарақпен партизандарға келіп қосылады. Осылай, Жеменей партизандарының жалпы саны екі арнадан келіп қосылған жаңа күштермен алты жүз адамға, бес бөлімшеге кеңейді. 4. Үрімжі – Алтай тас жолы бойындағы Қурайты, Мұқыртай сияқты түйінді орындарға бақылау тораптары құрылады. Бұлардың міндеті – Гоминдаң үкіметінің Алтай мен Қобық арасындағы барыс-келіс жағдайын бақылау әрі қолдан келгенше тосқауыл болу.

1945 жылы маусым айында, Дәлелхан Сүгірбаев жіберген Мұқай Ақшалұлы мен Зәки төрт күн жол жүріп Жеменейге жетеді. Оларға екі міндет жүктелді. Бірі – Үрімжіден Қобық арқылы Буыршынға ұласатын жолды кесіп тастау. Екіншісі – тамыз айында Сарысүмбеге жасалатын жорыққа сәйкесіп, Буыршын, Қаба кенттеріне шабуыл жасауға дайындалу. Жеменей партизандары бұл іске дереу кіріседі. Талқы, Әбен басқарған толық бір бөлімше Қурайты мен Мұқыртайға барып, Қобық – Буыршын тас жолын үзіп тастайды. Шілде айының басында, Мәуліхан, Мұқаш басқарған бір бөлімше Қаба ауданына жорыққа аттанады. Дәл осы кезде Құлжадан ұлттық армия1 Шәуешекке қарай жолға шыққан хабар келеді. Пейев, Картошев басқарған бөлімше қайтып барып өз жерлерінде әрекет жасау талабын қояды. Бұлардың талабына қосылған басшылық, Сұлтан, Қабиден басқарған бір бөлімшені қоса аттандырады. Олар 15-16 шілдеде Дөрбілжін ауданындағы Қырықошақтағы орыс ауылын бес тәулік қоршауға алады. 20-шілде күні Құлжадан келген ұлттық армияның бір атты ротасымен бірігіп, жауды жойып, бекіністі тартып алады. Сұлтан, Қабиден басқарған бөлімше Дөрбілжін, Қобық аудандарын азат ету соғысына қатынасып, Жеменейге қайтады.

Екінші, Сарысүмбе қаласына жасалған шабуылда жолы болмай қайтып кеткен Өр Алтай партизандары2 тамыз айының басында жорыққа қайта дайындалады. Дәлелхан Сүгірбаевтің қолбасшылығындағы Алтай парнтизандары бір мың бес жүз әскермен Сарысүмбе қаласын қоршауға алады. Сонымен бірге, партизандардан біраз адамды Сарысүмбенің астық шығатын негізгі өңірі – Тұлтыға жіберіп, бидай оруға орналастырып, жауды азық-түліктен қаңтаруға кіріседі.

Тағы бір жағынан, Дәлелхан Сүгірбаев өз атынан Алтай аймағының қуыршақ уәлиі Гау бо үй мен қолбасшы Уан лиң иұнге: «Естеріңе келіп, шығар жолдарыңды іздейтін кездерің жетті. Егер тізе бүкпейтін болсаңдар, тез арада қылышпен көрісетін боламыз» – деп хат жазды. Қоршауда қалған жау Үрімжіге У жұң шин, Жу шау ляңға жеделхат жолдап, қоршаудан құтқаруды өтінеді. 13-тамызда партизандар Сарысүмбенің Әбитан аэропортын басып алады. 14-тамыз күні Гау бо үй, Уан лиң иұндер: «Сарысүмбе қатерде қалды. Азық-түлік, оқ-дәрі тақа таусылды. Тезден көмек жіберіңдер. Ұшақ, ұшақ, ұшақ, ұшақ, ұшақ, ұшақ, ұшақ, ұшақ, ұшақ, ұшақ» , – деп он рет қайталап, тақаты таусылып, зар қақсайды3.

15-тамыз күні Сарысүмбе қаласына негізгі шабуылды бастамақ болып тұрғанда, Дәлелхан Сүгірбаевтің Жеменейге байланысқа жіберген Тоқтар бастаған үш адамы хабар алып қайта оралады. Олар Іледен келген ұлттық армияның Қобықты азат еткен бөлімі Алтайға шеру тартқалы жатқанын, Жеменей партизандарының көп бөлімі Буыршынға жақын Көксін тауына орналасқанын, қалған бөлімі 20-тамызда Қаба ауданына шабуылға аттанбақ болғанын хабарлады.

Осы хабарға байланысты жорық жоспары қайта ойластырылды. Бірінші, жоспар – Жеменей партизандары ұлттық армия бөлімдерімен қарым-қатынас орнату, олардың қажеттерін қанағаттандырып, ұлттық армияның орналастыруына бойсына отырып Буыршынға бірігіп шабуыл жасау. Қаба партизандары Қабаға шабуылды дереу бастау. Сөйтіп, жауды жеке-жеке талқандауға қол жеткізу. Екінші – Сарысүмбе қаласына шабуыл жасауға келген партизандар ұлттық армияның келуін күту. Бірақ, қытай әскерінің Сарытоғай немесе Құбы қүмы арқылы Үрімжіге қашып кетуінен сақтану үшін қаланы 10-15 километр кең аумақ ішінде солтүстік батыс және оңтүстік жағынан қоршауға алу. Осылай орналастыру жасайды да Жеменей партизандарына адам аттандырылады.

28-тамызда Қаба кентін азат етуге жіберілген Мәуліхан, Мұқаш, Баһауидден Қадыров басқарған үш жүз адамдық партизан бөлімі Қаба ауданын еш қарсылықсыз азат етеді. Бұл жердегі екі рота қытай әскері екі күн бұрын Сарысүмбеге шегініп кеткені белгілі болды. Демек Қаба ауданы жаудан 26-тамызда азат болды1. Қабадағы қытай әскерінің шегінуінің себебі, Гоминдаң үкіметі Сарысүмбенің қат-қабат қоршауда қалғанын көреді. Қобықты азат еткен ұлттық армияның Буыршынға бет алғанын, бірнеше күннің ішінде Буыршын, Қаба аудандарына шабуыл жасалатындығын межелейді. Ендігі жерде бас қолбасшы Уан лиң иұн Қабадағы қосынды Буыршынға шегіндіріп, онан соң Буыршындағы қосынмен қоса Сарысүмбеге қайтарып әкеліп, барлық күшін шоғырландырып, қаланы қоршауға алған партизандармен тіреспек ниетте болады2. Қабадан шегінген қосын – Жеменей партизандарының Қаба, Буыршынға аттанғанынан хабарлы болып, Буыршынға шегінбей тіке Сарысүмбеге тартады.

28-тамызда Қаба ауданына кірген партизан бөлімі қосынның жартысын ауданның кейінгі жұмыстарын жөнге салуға қалдырып, жаңадан қосылған еріктілермен қатарын толықтап, төрт жүз адамға жеткізіп, қашқан жауды Сарысүмбеге іліндірмей жоюға аттанады. Партизандар Буыршынның Шұңқыр3 деген жеріне келгенде, бұл жерде «қауіпсіздікті сақтау» желеуімен орналасқан орыс бөлімшесін үш жағынан қоршап алып, еріксіз бағындырады. 250 әр түрлі мылтық, 50 дана атты әскер қылышы, 600-ден астам әр түрлі гранат, 11 мың тал оқ, алты жан құрал (тапанша, наган) өткізіп алады. 31-тамызда бұқаралық мәжіліс ашылып, район кентінің азат болғаны жарияланып, Шүңқыр аудандық сақшы бөлімі құрылады.

1945жылы Іледен шыққан бір полк ұлттық армия бөлімі4 (командиры – Лескин, жергілікті орыс), орынбасары – Бекішевтің қолбасшылығында Жеменейден келген төрт жүз адамдық партизан қосынының сайкесуінде 1 қыркүйектің кешінде Буыршын ауданына шабуыл жасайды. Алдымен Жеменей партизандарының көбі ауданның жоғарғы және аяқ жағынан ат салып өтіп, ауданның шығыс жағына топтасып, Шегетай қабағынан оқ атып, жаудың назарын аударады. Жер сырына қанық бір топ адам тоғай арасымен ауданға кіріп паромды тартып алады. Сонан Көксын тауының шығыс бөктерінде шабуылға дайын тұрған Кеңсай атты полкі мен Жеменей партизандарының қалған бөліміне хабар береді. Олар ауданның батыс және шығысынан бірдей шабуылға өтіп, Буыршынды лезде басып алады. Жаудың өлгені өліп, қалғаны түгелдей қолға түседі.

3-қыркүйек күні Кеңсай полкінің бір рота «бастауыш бөлімі» Дәлелхан Сүгірбаевтің қолбасшылық штабы тұрған Әбитанға келеді. Олар Шәмши Мәмиевті1 бірге ала барады. Дәлелхан сол күні Шәмшиды – Сарысүмбе қаласындағы Гау бо үй, Уан лиң иұндерге «құр арамтер болмай бағынудың» қажеттілігін айтып, хат жазып ,елші етіп жібереді.

5-қыркүйекте Кеңсай полкінің Буыршынға жорық жасаған негізгі қосыны Дәлелхан тұрған жерге келеді. Бұл екі жақтың алғаш бас қосуы еді. Осыдан соң екі жақ тізе қоса Сарысүмбе қаласына қадалды. 6-қыркүйекте таңға жақын жалпы үш мыңдай адам, атап айтар болсақ, Гоминдаңның Сарысүмбе қаласында тұратын екі мыңнан астам әскері, Манат пен Бұрыпжаптың «қауіпсіздікті сақтау» делінетін екі бөлімшесіндегі бес жүз адамы, төрт жүздей жәй бұқара – Алтай тауын бетке алып, Өрмегейті асуы арқылы Моңғолияға өтіп кетпек болып қашады.

Сол күні Алтай партизандары мен Кеңсай атты полкі қалаға еш қарсылықсыз кіреді. Қала іші тез тынышталады. Әуелде қорқып, жау әскерімен тауға қашып кеткен жәй бұқара қайтып келеді. Екі күннен кейін Әбдірасілдің бөлімшесіндегі екі жүз партизан мен ұлттық армияның Бекішев бастаған жүз жауынгері Дәлелхан Сүгірбаевтің қолбасшылығында қашқан жауды қууға аттанып, шекараға жақындап қалған жерінен қоршауға алады. Гау бо үй, Уан лиң иұн тізе бүгеді.

10-қыркүйекте, 1500 бесатар, 150 жанқұрал, 50 неше ауыр-жеңіл пулемёт, 8 миномёт, толып жатқан гранат тапсырылып алынады. Қуыршақ уәли Гау бо үй,, бас қолбасшы Уан лиң иұн, 8-полктың полк командирі Пән жи юан бастаған 150 неше офицер, 1700 әскер қолға түсті. Бұлардан басқа қуыршақ орынбасар уәли Табын бейсі (моңғол), Бұрыпжап басқарған үш жүз адамдық «қауіпсіздікті сақтау» бөлімі тізе бүгеді. Осының алдында 7-қыркүйек Манат басқарған екі жүз адамдық бөлім бағынған еді.

Бұл жолғы олжаға алынған үлкенді-кішілі қарудың саны, Буыршын ауданын бағындыруда алынған қаруды қоспағанда, 3100, бағындырылған әскер 3000-нан астам болды. Тек полк командирі Дәй күй жю мен мекеме бастығы Ли хұң рұң бастаған 300 әскер Моңғолияға қашқан қосыннан Үсіген деген жерде бөліне шығып, Үшбұлақ жолы арқылы Үрімжіге қашып кетеді. Қолға түскен әскер арасынан 200 нешесі ұлттық армия қатарына қосып алынады. Қалғаны Кеңсай атты полкінің екі взвод әскерінің бақылауында Толы мен Бұратала арасындағы «Қызыл тұз» тас жолын жасауға жіберілді. Гау, Уан, Пән сияқты орта дәрежеліден жоғарғы офицерлер Құлжаға жіберілді. Бұлар 11тармақты бітімнен кейін Гоминдаң жаққа тапсырылды.

1945 жылы 20-қыркүйекте Алтай аймағының барлық жерінде тыныштық орнады. Қыркүйектің 20-ларында Құлжадан Әлихан төре, Ахметжан Қасыми, Сәйфидден Әзизи бастаған адамдар келіп, Алтайда он неше күн тұрып қайтты. Дәлелхан Сүгірбаев әр жіктегі адамдармен бірнеше рет жан-жақтылы пікір алысты. Онан соң үлкен мәжіліс болды. Бұл кезде Оспан Көктоғайдағы өз ауылында еді. Мәжіліске екі рет адам жіберіп шақыртты, келмеді.

Үлкен мәжілісте:

1). Алтай аймақтық әкімшілік мекемесі құрылатындығы, мекеме – Құлжадағы уақыттық үкіметтің басқаруынакөшті, Алтайдың уәлилігіне – Оспан, уәлидың орынбасарлығына –Дәлелхан Сүгірбаев, Шәмши Мәмиев, Әріпбай тағайындалды;

2). 1945 жылдың 6-қыркүйегінен бұрын өткен әр қандай істің (саяси істерде) бәрі салауат – деп жариялады1.

Мәжіліс ашылудан ілгері, атап айтсақ, 15-қыркүйекте ұлттық армияның Алтай атты полкі мен Алтай қарулы бөлімі құрылды. Дәлелхан Сүгірбаев – полк командирі, қарулы бөлім бастығы болды. Бұдан соң ұлттық армияның Кеңсай полкі Құлжаға қайтып кетті. Іле-шала аудандық үкіметтер, аймақ, аудан дәрежелі әкімшілік мекемелер құрылып, іске кірісті. Бірнеше жылға созылған қарулы күрес бейбіт, көңілді тұрмыс жағдайына ауысты.


ЕКІНШІ БӨЛІМ

ОСПАННЫҢ ӨМІРБАЯНЫ
Алтай елінің 1940-жылдан басталған қарулы күресі 6 жылға жалғасып, 1945 жылдың қыркүйегінде жеңіске жеткені туралы бірінші бөлімде баяндалды. Ендігі бөлімде, осыдан кейінгі уақытта Алтай көлемінде туылған аумалы-төкпелі уақиғалар туралы баяндалады. Сөз басын Оспан Исламұлынан бастайық.

Оспан Исламұлы – он екі абақ керейдың молқы руының Айтуған жігінен. 1899 жылы Алтай аймағы Көктоғай ауданының Өндірқара қыстауында туған. Ол 1940 жылға дейін Көктоғайда өз түтінінің шаруашылығымен шұғылданады. Ат жақты, ұзын жал тұмсықты, қызыл күрең шырайлы, үлкен от көзді, қою шаш-сақалды әрі бойшаң (бойы – 1,8 метр), кесек, толықша денелі, ерен қайратты адам болатын. Ол тым аз сөйлейтін, ішкі сырын оңай-оспаққа жария етпейтін, жүріс-тұрысы жайбырлау, өшіккен адамына «тістеген жерімде тісім қалсын» дейтін зейілді, бірақ адамдармен жалпы байланыста – онша анайы, бейбастақ, әпербақан емес болатын. Қатты қағылез, сақ, бел шешіп бейғам жатпайтын, жан құралы жастық астынан кетпейтін, қорамсағы белінен түспейтін, бір атын отқа қойғанда, бір аты белдеуде ерттеулі тұратын еді. Әрине, бұл тұрмысқа ол неше жылдық ұрыс өмірінде дағдыланып шыққан еді. Білім жағынан алғанда еш оқу көрмеген жан еді.

Оспанның ұлы әкесі едәуір ауқатты, аз да болса дін оқуын оқыған, кейде «молда» аты қосанжарлап жүретін адам болыпты. Қыстауы – Өндірқара, жайлауы – Алайғыр, Арасан, Ақбұлақ, Құжырты сияқты жерлер болыпты. Әкесі Ислам (Сіләм) бара-бара кедей болып қалған. Оспанның ат жалын тартып мінгеннен бергі тұрмысы кедейлікпен өтіпті. 1940 жылға дейін Көктоғай ауданы Күрті деген жердегі Екіқызылтас бұлағы бойында арпа, тары салып, жер емшегін емген.

Оспан 1940 жылғы Есімхан, Ақтеке, Рысхан, Сүлеймен Бектұрұлы бастаған түңғыш халықтық көтерліске, 1941 жылғы Қалел, Рақат бастаған екінші халықтық көтерліске бастан-аяқ қатынасып, көрнекті үлес қосқандардың бірі болған.

Екінші халықтық көтерлісті бастаған – Қалел сияқты ел ағалары Жанымханның: «Міне –алла, міне – құран» – дегеніне сеніп бағынғанда, Оспан көтерлісті жалғастыра беруге бел байлап, тізе бүкпей, құрал тапсырмай, Жоңғария құмына кіріп кетеді. Осыдан бастап талай тар жол, тайғақ кешуді басынан кешіреді. Ыстыққа күйіп, суыққа тоңып, өзгелерден еш көмек болмағанкезде, табандап тұрып бір жыл, он ай бойы жаумен алысып, үшінші көтерілістің жалынын қаулатады. 1943 жылдың сәуір айына келгенде қатарын 400-ге жеткізіп, 150-ден аса қаруға ие құралды топтың басшысы болады. 1943 жылы шілде айынан 1944 жылы қыркүйекке дейін «халықтың Шың Шы цайға қарсы ұйымының», «Алтай қазақтарының көркею комитетінің» бастығы әрі қарулы қосынның қолбасшысы, 1944 жылы қазан айынан 1945 жылдың қыркүйек айына дейін «Алтай төңкерістік үкіметінің» төрағасы, 1945 жылы қыркүйектен 1947 жылдың ақпан айына дейін « «Үш аймақ»тың» Алтай әкімшілік мекемесінің бастығы, 1946 жылдан бастап Өлкелік бірккен үкіметтің мүшесі болады. 1948 жылы ақпан айынан 1949 жылы Шинжаңды қытайдың қызыл армиясы басып алғанға дейін, Гоминдаң үкіметінің жардемімен Шонжыда құрылған уәли мекемесінің бастығы болды. 1951 жылы 1мамыр күні Үрімжідегі халық алаңында өлім жазасы кесілді. Сүйегі – 1952жылы қараша айында Көктоғайдағы мекеніне жерленді.

Оспан екі ағайынды еді. Інісі – Дәлелхан Исламұлы 1942 жылы Көктоғайда Шың Шы цай үкіметінің қолынан қаза болды. Оспан ілгерінді-кейін үш әйел алған. Бірінші әйелі – Нұрғиза, одан Шердиман, Шерияздан, Нығыметолла, Нәби, Байдолла, Кәри деген алты ұл, Кәбира, Пансия атты екі қыз болады. Нұрғиза өлгеннен кейін екінші әйелі – Мәмейды алады. Онан –Сапия, Қапия, Замбия деген үш қыз, жесірдей алған соңғы әйелінен – Амақ атты бір ұл болады. Бұл балаларынан Шерияздан 1940 жылы бірінші көтеріліс түсында оққа ұшады. Екінші әйелі Мәмей мен үш ұлы, бес қызы—9 жан 1942 жылы ақпан айында Шың Шы цай үкіметінің Бұрыпжап басқарған әскерлерімен болған соғыста қолға түсіп, алғашында –Сарысүмбе (Алтай) қаласында, 1943 жылы мамыр айынан бастап – Көктоғай ауданында мырза қамақта отырады. 1944 жылы мамыр айында партизандардың бір реткі қатты соққысына ұшыраған Гоминдаңның Көктоғай ауданындағы жендеттері, аудан тұрғындарынан 40н еше бейуаз бұқараны қырғанда Оспанның 18 жастағы Кәбира мен 14 жастағы ұлы Байдолланы – Мәмейдің көз алдында кескілеп өлтіреді. 11 жастағы ұлы Кәри мен 9 жастағы қызы Сапияны 20 неше метр терең құдыққа тірідей тастайды. Онан соң кезек Мәмейдің өзіне келеді. Қорлыққа шыдамай жанынан түңілген ол тасып жатқан өзенге бір-ақ секіреді. Қытай әскері жапа-тармағай оқ шығарғандарымен бірде бірі дарыта алмайды. Соңынан қууа атқылауға таяу маңда бекініс алып жатқан партизандардан қорқып, батылдары бармайды. Бірнеше 100 метр жерге ағып барып, бір иенде талықсып жатқан жерінен Мәмейді партизандар құтқарып кетеді.

Оспан Мәмейді ежелден менсінбейтін, оның үстіне жақында ғана дәулетті әрі сәулетті Баянмен некеленіп алған соң, Мәмейге өзінің күңі қатарында мәміле жасайды. Ақыры ол 1948 жылы жазда іргеден кетеді. Пансия деген қызы 1942 жылы Шың Шы цай үкіметі Оспанға жіберген елшілерімен бірге барып, сол беті әкесінің қасында қалып қойғандықтан, бұл жолғы қырғынға ілікпейді. Қалған ұш ұлы – Шердиман, Нығыметолла, Нәби 1941 жылдан бастап Оспанмен бірге болады. 1951 жылы Оспан Гансудың Хайзы деген жерінде қызыл қытайдың азаттық армиясы жағынан қолға түскенде, қашып шығып Шинжаңға келіп, байырғы серіктерінен адам топтап, Алтай мен Боғда аралығында қарулы күреспен шүғылданады. Қызыл қытайдың азаттық армиясының қыр соңынан түсіп, өкшелей қуалап, соққы беруі, сонымен бірге қытайдың комунинстік партиясының қайта-қайта адам жіберіп насихаттауының нәтижесінде, 1952 жылы қыркүйек айында қаруын тапсырып, бағынды. Шердиман 1952 жылы желтоқсан айынан 1959 жылға дейін Алтай әкімшілік мекемесінде – мал шаруашылығы бөлімінің орынбасар бастығы, 1959 жылдан 1967жылдың басына дейін Іле Қазақ Облыстық саяси кеңесі мекемесінің орынбасар бастығы болады. «Мадениет зор төңкеріс» тұсында, 1967 жылы 14-қаңтар күні «қызыл қорғаушылар» жағынан қолға алынып, үш жыл, үш ай түрмеде отырады. 1970 жылы 30 сәуірі күні 51 жасында өлді. Оспанның Нығыметолласы – 1972 жылы науқастан қайтыс болды. Нәби – қазір Көктоғай ауданы Күрті ауылының Ертіс қыстағында, Амақ – Күрті қыстағында тұрады.
Жатсыну және кергу. Сонымен, 1945 жылы 20-қыркүйек күні Алтай аймағының барлық жерінде тыныштық орнады. Бұл кезде Оспан Көктоғай ауданының Тұрғын деген жеріндегі ауылында еді. Дәлелхан Сүгірбаев Оспанға: Алтайдағы Гоминдаң үкіметінің соңғы тиянағы болған Сарысүмбе қаласының азат болуының мән-жайын, Іледегі ұлттық армияның Кеңсай атты әскерлерінің 3 полкінің келгенін толық таныстырып хат жолдады. Хатты жеткізген адамға Оспанның бар айтқаны: «Қап, әттеген-ай! Бұдан кейін бір атқа екі адам мінгесетін болған екеміз-ғой» – деген сөз болыпты.

Қыркүйектың 20-ларында Құлжадан – Әлихан төре, Ахметжан Қасыми. Сәйфидден Әзизи бастаған адамдар келіп, Алтайда он неше күн тұрып қайтты. Олар осы жолы Дәлелхан Сүгірбаев бастаған әр ұлт, әр жіктегі адамдармен бірнеше рет әңгіме, жиын өткізді. Соңында бұқаралық мәжіліс ашып:

Алтайдағы төңкеріс – Іледегі төңкерістің (« «Үш аймақ»» төңкерісінің – Т.Ж.) бір бөлегі – деп қаралатынын;

Алтай аймақтық әкімшілік мекемесінің құрылғандығын;

Құлжадағы уақыттық үкіметтің (Шығыс Түркістан республикасының – Т.Ж.) бір тұтас басшылығын қабылдайтындығын,

Оның құрамындағы негізгі басшыларының тізімін – жариялады.

Осы жолғы мәжілістердің бәрінде алдымен Оспан ерекше ұсыныс етілген болса да, ол мәжіліске қатынаспады. Оспан:

1944 жылдың қараша айында – Іледе «11 қараша» төңкерісінің басталғаны,

Құлжа, Сүйдін, Қорғас, Шапшал сияқты жерлердің азат болғаны – жөніндегі хабар Алтайға жеткенде Оспан бұған жайсыз қараған.

Мүбәда, Оспан осы жолғы мәжіліске қатынасатын болса, онда ол Алтай төңкерісі – Іледегі төңкерістің бір бөлегі – деген көзқарасқа қосылып, пікір білдіруі керек еді. Олай істеу – Оспанның көңілінен өтпейді. Ал бұлай болмаса, әшкере қарсылық көрсетуі керек. Бірақ, бірден бұлай кетудің орайы келмеген еді.



АЛҒАШҚЫ ҚАЖАЛЫСТАР
Әлихан төре, Ахметжан Қасыми, Сәйфидден Әзизилер қайтып кеткеннен кейін, 1945 жылы қараша айының ортасында полковник Доскенов арнайы Оспанға барып: оны Сарысүмбеге келіп, бастықтық міндетін тапсырып алу үшін үй ішімен көшіріп әкелді. Бірақ, ол қызмет столында бір күн де отырмады. Ол жайшылықтағы хат-қатынастарды меншікті хатшысы Бағдат Зейтынғазыұлы1 арқылы жүргізіп отырды. Маңызды іс бола қалса, Оспанның орынбасарлары, көбінесе, Дәлелхан Сүгірбаев – Оспанның үйіне барып оның мақұлдауынан өткізіп отырды. Соның өзінде алғашқы қажалыстар жарыққа шыға бастады. Атап айтар болсақ мыналар:

Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет