Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


Бірінші белес, «ұшқыннан жалын қаулау»



бет6/28
Дата05.11.2016
өлшемі5,25 Mb.
#478
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28

Бірінші белес, «ұшқыннан жалын қаулау»: 1941 жылы екінші көтеріліс жалыны басым әскери күшпен жанышталған болса да, мүлдем құрып кетпеді. Жанымханның: «Аузымда – иман, қолымда – құран», – деген антына сеніп Қалелдер бағынғанда Оспан Исләмұлы1, Кәмел, Қапас бастатқан бір топ қаруларын тапсырмай, жиырмадан артық үйді ертіп, Жоңғария құмы ішіне кіріп кетеді. Бұларды әуелде ешкім іздестірмейді, тіпті ешкім сезбей де қалады. Өйткені, ол кезде Оспан – көтерілісшілер арасында атағы онша шыға қоймаған, үшінші, төртінші қатардағы батырлардың бірі еді.

Бұқат пен Қалелдердің Үрімжіге әкетілгенін ұққан Сүлеймен2 оннан аса үйді ілестіріп Оспанға келіп қосылады. «Алтын қазушылардың» сырын ұғып қалғандығы үшін қолға алынған Кәдірбай – Сарысүмбедегі түрмеден қашып шығып, Күртіде отырған ауылына барады. «Келес» – деген адамның жасырын көмектесуімен, ол да туған-туыс, бала-шағасы бар жиырмадай адаммен маусым айында Оспанға барып қосылады. Осылайша олар – елуге тарта үй, екі жүздей адам болады да, Құбының құмы ішіндегі Қарағанды Шыбе деген жерге бекінеді.

Кейін бұлар азық-түліктен тарығады. Сол жылы Желтоқсан айында Үрімжіден Алтайға бара жатқан кірекештердің жиырма неше түйеге артқан күрішін тартып алып, адамдарын қоя береді. Осылайша өздерін әшкерелеп алады. Шың шы цай үкіметі ақпан айында оларды үгіттеп, бағындырып келуге – Уатқан би, Мағауия залың, Мәмиле зәңгі бастатқан елшілер тобын жібереді. Оспан:

– Басқасын қоя тұрыңдар, кеше ғана Бұқат пен Қалелді алдап, түрмеге жапқан үкіметтеріңнің «тимейді» дегеніне кім сенеді? – деп оларды екі сөзге келтірмей қуып шығады.

Шың шы цай үкіметі: «Блар күн жылынып, етек-жеңі кеңейген соң Алтай тауына шығып, еркін қимыл жасап, тамыр тартып алады. Сөйтіп, үлкен әлек салады. Бұлардың құмдағы қиын-қыстау кезін пайдаланып, қарумен жайпап тастау керек» – дейді де, наурыз айының ортасында Бұрыпжапты (монғол) бастық қылып екі жүз әскер (жартысы монғол) аттандырады. Екі жақ Үшбұлақта кездесіп, біраз соғысқаннан кейін Оспан жағдайдың өздеріне тиімсіз болып бара жатқанын аңғарып, жиырмашақты адаммен салт қашып шығады. Бағындырғандардың ішінен Оспан, Сүлеймен, Қапас, Кәдірбайлардың қатын-баласын Сарысүмбеге әкеліп, мырза қамауда ұстайды. Осы еңбегі үшін Бұрыпжап – Дәлелхан Сүгірбаевтың орнына Сарысүмбе әкімінің орынбасары болады.

Наурыз айының аяқ шенінде Көктоғай аудандық сақшы мекемесі Келесті ауданға келіп кетуге хабарлайды. Келес – мұның жақсылық емес екенін біледі. Өйткені, ол алдыңғы екі жолғы көтеріліске қатынасқан батырлардың бірі әрі Кәдірбайды үйіне жасырып, Оспандар жаққа жолға салған еді. Шынын қуғанда, оны күтіп тұрған тағдыр – түрме, өлім болатын. Ол туыс-туғандардан жиырма шақты адамды ілестіріп, Қазан құмы маңайында жүрген Оспандарға барып қосылады. Қырыққа жуық адам болып құралған олар Бәйтік тауына жақын Қарамайлы деген жерге барады. Олардың осы маңда жасырынып жүргенін естіп-білген Шың шы цай үкіметі сәуір айының орта шенінде – Мәлгаждар молда, Мәсай, Сейіт деген үш адамды бағындырып келуге елшілікке жібереді. Олар Оспан тобын таба алмай қайтады. «Таба алмадық деп өтірік айтады, әсілі, сөз байласып келді», – деп оларды қолға алмақ болғанда, олар да жиырма шақты адаммен Оспанға барып қосылады. Мамыр айының бас кезінде Оспан:

– Үкімет Сарысүмбедегі бала-шағамды әкеліп беріп, сенім көрсетсе бағынамын, – деп өзінің жалғыз інісін Көктоғайға жібереді. Шың шы цай үкіметі:

– Інің өнебойы қызып, қатты ауырып қалғандықтан қайта алмады. Бала-шағаңды маусым айында Қажынаби әкім мен Мағауия залың апарып тапсырады. Шықынтыға келіп күтіп ал, – деп хабарлайды.

Әсілі, әр екі жақтың айтқан сөздері мен істеген істері бүкілдей өтірік болатын. Оспанның мақсаты – «бағынамын» деген сылтаумен бала-шағасын алдырып алу; үкімет жақтың мақсаты – Оспанның бала-шағасын қармақ жемі етіп шырғалап, өзін қолға түсіру болатын. Қажынаби – Оспан қатарлы төрт үйдің бала-шағасын үш жүз әскердің қорғауымен уәделі жерге алып барады. Оспан тобы ашыққа шықпай қояды. Осылай екі жақ та ойлаған мақсаттарына жете алмайды.

Маусым айының басында көтерілісшілер арасында енжарлық пайда болады. 9-10 ай бойы үйінен, ел жұртынан алыстап, аш жалаңаш, ұйқысыз күлкісіз, суыққа тоңып, ыстыққа күйіп жүру – шынында оңай емес еді. Осындай күйде жүргенде Шың шы цай үкіметі Оспанға Салық тәйжі мен Әділхан биді жіберіп, «насихат» жүргізеді. Бұған Оспан, Келес бастаған бір жағы құлақ аспайды. Ал Қапас, Әбдірахман, Кәдірбай бастаған 5-6 адам нар тәуекел деп бағынады. Арада екі ай өтер-өтпестен, тамыз айында Кәдірбай қолға алынады. Бір неше айдың алдында елшілікке барып, бақылауда отырған Оспанның інісі де қолға алынады (екеуі де түрмеде өледі). Бұны білген Қапас, Әбдірахман қырық неше адаммен қашып шығып, Оспанға келіп қосылады.

1943 жылы Қаңтар айында Шың шы цай үкіметі Оспанға қарасты ел орналасқан Өндірқараға үш жүз әскермен шабуыл жасайды. Бірақ, өздері жеңіліп қалады. Көтерілісшілер қырықтан артық адамды өлтіріп, отыз неше қару олжа алады. Осы соғыста Сайып оққа ұшады. Ақпан айында Шіңгіл елінен Сұлубай, Тескембай, Тоқтаубай бастаған жиырмадан аса адам көтерілісшілерге келіп қосылады. Бұдан ілгері, үшінші көтерілісте Шіңгілден, негізінен ешкім жоқ болатын. Осыдан бастап мамыр айының аяғына дейін қытай әскері мен көтерілісшілер арасында Қарамайлы, Жиек, Құланқұдық, Бала Ертіс, Күрті, Құжырты қатарлы жерлерде атыс болады. Бұл атыстардың бәрінде, көтерілісшілер «тұтқиыл соқтығу, қаша жүріп соғысу, соғыса жүріп көз жаздыру» амалдарын қолданып, жаудың ілгерінді-кейінді 70-80 адамын өлтіріп, 40-50 қару-жарақ олжа түсірді. Бал Ертістегі атыста Оспанның атына оқ тиіп, қолға түсуге айналады. Осы кезде Сұлубай жаңбырша жауған оққа қарамай Оспанды атына мінгестіріп құтқарып алады. Осыдан бастап ол көзге түсіп, батыр атағын алады.

Қорыта айтқанда, 1941 жылғы көтерілісте сәтсіздікке ұшырап бағынғандардың ішінде қолға түсу қаупінен сақтанып, бірден-екіден, бестен-оннан, тіпті, отыз-қырықтан қашып шығып, көтерілісшілердің қатарына қосылғандардың саны барған сайын көбейеді. Алтай өңірінен ғана емес, Еренқабырға, Баркөл, Құмыл өңірінен қосылушылар да болды. 1943 жылдың маусым айына келгенде көтерілісшілер – төрт жүзге тарта адамы, жүз елуге тарта қару жарағы бар недәуір үлкен топ болып қалыптасты.

Көтерілісшілердің сан жағынан молайюы, жаумен соғысуға қолайлы жағдай тудырғанымен де, азық-түлікпен, оларды ат-көлікпен және тағы басқа керек-жарақтармен қамдауда қиыншылықтар тудырды. Басқа амалы болмағандықтан, көтерілісшілер жан-жаққа шапқылап, жол тосу, жортуылға шығу, ұрлау, алып қашу сияқты басқалардың мал мүлкіне зиянын тигізген оғаш істерге де ұрынып қалып жүрді. Бұлар Алтай, Боғда өңірінен ғана емес, сонау Монғолия шекарасынан өтіп, олардың жылқылары мен түйелерін айдап алады. Қуа келгендердің бірнешеуін жаралайды. 1943 жылы шілде айында Монғолия үкіметі көтерілісшілерге хат жазып Қамқаш (сүйегі молқы) деген адамды жібереді.

– Шың шы цай өктемдігіне қарсы қару көтергендерің дұрыс. Бірақ, жөнсіз барымтаға барып, бұлап-талау жасағандарың жөн емес. Әрине, бұндай қимылды амалсыздан істеп отырғандарыңды түсінеміз. Бұдан былай дөрекі әрекеттерден аулақ болыңдар. Мылтық аузын Шың шы цай өктемдігіне қарсы кезеңдер, осылай істесеңдер сендерді қолдаймыз әрі көмек көрсетеміз, – дейді.

Көтерілісшілер бұны құптай жөнеледі. Өзара түсінісу үшін хат жазып, Қапас, Шердиман, Тескембай бастаған бірнеше адамды жібереді. Хатты –Сұлубай ауызша айтып, Уақит Қалелұлы жазып шығады. Оспан мен Қабидың мөрі басылады. Елшілер бірнеше күн жүріп қайтады. Монғолия жақ елшілердің әр біріне – бірден наган, Оспанға – арнаулы бір автомат, бір дүрбі, Қаби Бітімшіұлына – бір наган тарту жібереді.

Көтерілісшілердің қайта-қайта шақыртуы бойынша, 1943 жылы қараша айының ортасында Монғолия үкіметі Қалқабай, Ғабділ, Құрманхан бастатқан алты адам ақылшылар тобын жібереді. Іле шала «Халықтың Шың шы цай үкіметіне қарсы ұйымы» құрылады. Оспан – комитет бастығы, Көксеген би, Мұқаммеджан би, Келес, Кәріп – бас мүше болған, жиырма бес адамнан құралған «Алтай қазақтарының көркею комитеті» деген жетекші ұйым ұйымдастырылады. Бұрынғы бытыранды, жүйесіз, өз бетімен әрекеттенетін көтерілісті реттеу жұмысы жүргізіледі. Осы байланыспен тай сойып, той жасап, Жәнібектің туын алып шығып тігеді.

1943 жылы қараша айының соңында Монғолия үкіметі екі жүз бесатар, жиырма пулемет (он ауыр пулемет), отыз сандық әр түрлі оқ береді. Осы кезде Алтай халқының алман-салығы ауырлай түскен еді. Үкіметтің соғысып жатқан сан мыңдаған әскерінің – мінетін аты, жүк артатын түйесі, жейтін еті Алтай қазақтарының мойынында еді. Күн сайын ауырлаған қысымға шыдамаған Көктоғай қазақтарының үштен бір бөлегі 1943 жылы қыркүйек айының аяғында көтерілісшілер жаққа бір-ақ өтіп шығады. Қазан айының басында Сұлубай Шіңгіл қазақтарына барып, оларды аттанысқа келтіру ісімен айналысады. Бұдан хабар тапқан Шың шы цай үкіметі қазан айының жиырмаларында Сарысүмбе қаласынан бір полк әскер шығарып, Көктоғайдағы екі полк әскерімен бірлестіріп – Қарабұлғын, Дүре сияқты жерлерге күшті шабуыл жасайды. Көтерілісшілер қарсылық көрсеткенімен, төтеп бере алмай Шіңгілдің Бұлғынына шегінеді. Бұларға Сүлубайдың аттанысқа келтіруімен, көтерілісшілерге қосылуға дайын тұрған Уатхан, Жылқыайдар бастаған Шіңгіл қазақтарының жартысы қосылады. Қалған елді қытай әскері «бандылардан қорғаймыз» деген сылтаумен Шіңгіл ауданның маңына жинап алды.

1941 жылы күзде СССР жеріне өтіп кеткен, 1943 жылдың соңынан бері Оспан басшылығындағы көтерілісшілермен тығыз байланыста болып келген Дәлелхан Сүгірбаев 1944 жылдың наурыз айының басында Монғолия арқылы қайта оралып, көтерілісшілердің ортасына келеді. Темірхан, Әлихан, Әріпбай, Қасен, Құрмаш, Солтан, Жағыпар, Жапар, Дүйсембек, Қали, Нұрман, Сәрди (дұңған) қатарлы он екі ақылшыны ерте келеді. Бұлар – тігіп отырған үйлерінің өңіне қарай «Ақ үйдің адамдары» – деп, ал бұның алдында ғана Монғолиядан келген Қабай бастатқан алты ақылшы – «Көк үйдің адамдары» – деп аталады. Бұлардың сыртында СССР генералы Попов пен монғолиялық генерал Доржы (Мәжік) – Шіңгілмен шекаралас келетін Майқантас қорғаныс орынында тұрыпкеңес беріп тұрды.

Дәлелханның екі жылдан аса із-түссіз жоғалып кетуі адамдар арасында: «Оны Шың шы цай қолға алған болса керек», – деген ұғым тудырған еді. Сондықтан, Дәлелхан да алғаш келген кезде:

– Мен Шың шы цайдің түрмесінен шықтым. Ол – асқан жендет, жиренішті зорлықшыл, саяси алаяқ. Халықтың мойынына мініп алған қанаушы. Бүкіл Шинжаң халқының ортақ жауы. Оған қарсы батыл ниетте қарулы күрес жасағанда ғана, оның озбыр үкіметін жойғанда ғана еркін, бейбіт, бақытты тұрмысқа кенелетін боламыз, – деп үгіт жүргізеді.

Сонымен қатар Оспан басқарған қарулы көтерілісшілерге ішкі-сыртқы жағдайды, дәуір беталысын, төңкеріс мақсатын айқын ұғындырады. Оларды дұрыс мақсатты, ұлт мүддесіне үйлесімді, халық көңіліне жағымды төңкерістік қимылдармен шұғылдануға үндейді. Көтерілісшілер бұрын шұғылданып келген бейбастақ әрекет шілде айынан бастап дұрыс беталысқа қарай ойысады, төңкерістік түс алады. Тағы бір жағынан, Дәлелхан Сүгірбаевтың көтерілісшілерге келіп қосылуы – төменгі бес ауданға да төңкерістің ықпалын жаюға пайдалы болды. Өйткені, ол өзі Алтай ауданының (бұрынғы Сарысүмбе ауданы) адамы, осы ауданды қамтыған Қаба, Буыршын, Жеменей, Буырылтоғай аудандарына таныс әрі ықпалды адам болатын.

Дәлелхан Сүгірбаев көтерілісшілерге келіп қосылғаннан кейін жарыққа шыққан екінші бір жағдай мынау болды: өткен қараша айында ретке салынып, төңкерістік қимылдармен шұғылдануға ойысқан қарулы қосын тағы да реттеліп, төңкерістік партизан бөлімі болып ұйымдасады. Сөйтіп, 1944 жылы наурыз айының соңына келгенде Қапас пен Кәмел, Қаби мен Жылқыайдар, Нұрғожай мен Сұлубай, Келес пен Сымағұл басқарған, әр қайсысы 150-200 адамдық төрт партизан бөлімшесі құрылды. Уақытша қолбасшылық штабы құрылып, Оспан –бастық, Дәлелхан Сүгірбаев –оның орынбасары болды. Осы аралықта төңкерісшілер жаққа Буырылтоғай ауданынан елуден аса түтінді ертіп алдымен Әбдірасүл, оның артынан іле шала Кәріп, Манат бастаған қырық адам салт келіп қосылады.

Бірнеше жыл бойы беталыссыз, бытыранды, тәртіпсіз қимыл жасап келген қарулы көтерілісшілер – ендігі жерде нақты төңкерістік мақсаты бар, шоғырланған, ретті партизан бөлімдері болып ортаға шығады Шың шы цай үкіметін онан арман састырды. Алтайда бұрыннан бар алты мыңға жуық әскерінің сыртында Үрімжі жақтан төрт мың алты жүзден көбірек әскер әкеліп орналастырады. Демек, қытай әскерінің Алтайдағы адамы он мыңнан асты.

Төңкерісшілер – партизан бөлімдерін ұйымдастырғаннан кейін, қорғаныс соғысын жүргізуден – шабуылға өтпек болып дайындалады. Осы қажеттілікпен 1944 жылы наурыз айының аяғында Монғолиядан елу пулемет, елу автомат, басқасы бесатар болып үш жүз қару, елу сандық гранат, отыз сандық оқ әкеледі. Сәуір айының басында Шіңгіл өзені мен Бұлғын өзеннің құйғанынан сәл төмен Ағашобаға орналасқан жаудың бес жүз адамдық бекінісіне шабуыл жасайды. Жаудың жартысы табанда жойылып, қалғаны Күмістің құйғанындағы бекінісіне шегініп кетті. Партизандар жүз елуге жуық мылтық пен толып жатқан оқ дәрі олжа алады.

Қытай әскері «бандылардан қорғаймыз» деген сылтаумен Шіңгіл ауданның маңына жинап алған халықтың көтерілісшілерге қосылып кетуінен қорқып, наурыз айының орталарында Шонжыға көшіреді. Бұдан хабар тапқан көтерілісшілер Тоқтаубай бастаған партизандарды жіберіп, елді айырып алып қалады. Бар сенген Ағашоба бекінісі талқандалған, аудан халқы көтерілісшілерге өтіп кеткен Шіңгілдегі Гоминдаң әскері мен үкімет бөлімдері табан тіреп тұра алмай 1944 жылы сәуірдің 13-күні кентті өртеп, бейкүнә халықтың оннан асасын өлтіріп, Көктоғайға барып тығылады. Осылайша, Шіңгіл ауданы – Алтай көлемінде алғаш азаттық алған аудан болады әрі төңкерістік базаға айналады. Төңкерісшілер – Шіңгіл, Көктоғай аудандарының отыз мыңнан астам халқын негіз еткен, мыңнан астам қарулы адамы (бұның ішінде алты жүзі партизан) бар қарулы күшке айналады.
Екінші белес, «балықты судан айыру»: 1944 жылы маусым айында көтерілісшілер өзінің ықпалын Алтай көлеміне кеңінен жаю үшін нақты қимылға көшті. Алдымен Дәлелхан Сүгірбаевтің бастауымен төңкеріс жетекшілері әскери істер мәжілісін ашты. Тұтас Алтайдың нақты жағдайына қарай кенттерді алуға және жау әскерімен шешуші соғысқа түсуге асықпау керектігін, оның есесіне халық бұқарасын толық аттанысқа келтіріп, төңкеріс шебіне тарту, сөйтіп, жауды «судан айырылған балықтың күйіне түсіру» стратегиясын белгіледі. Халық бұқарасын өз жағына тартып, жауды «судан айырылған балықтың» күйіне түсіру – оларды әр жақтан, әсіресе экономикалық жақтан тұралатып, сонан кейін тіректі бекіністер мен кенттерге шабуыл жасау арқылы соңғы мақсатына жету көзделді.

Шілде айының басында, екі-үш жүз адамдық төрт партизан бөлімі Сарысүмбе, Бурышын, Жеменей, Буырылтоғай аудандарына аттандырылды. Қуанышбай, Нұрғожай басқарған бөлімше мен Әбдірасыл, Ноғай басқарған бөлімше Қара Ертіс мен Сомдайрақ өзені аралығындағы – Құлынембес, Екі аша, Ақбұлақ, Ушылык сияқты Төржайлауда отырған Сарысүмбе елінің жартысы мен Буырылтоғай елінің арасына келеді. Бұны білген Гоминдаң әскер аттандырады. Екі жақ бір айға жуық тиіп-қашты соғысқаннан кейін партизандар Буырылтоғай елінің барлығын және Сарысүмбе елінің бір бөлегін Өрмегейті асуы арқылы Монғолия шекарасы ішіне өткізіп, одан соң шекараны бойлата көшіріп Шіңгілге алып келеді. Мыңның үстіндегі үйді Гоминдаң әскері қайыра айдап Ортажайлауға әкеледі.

Қаби, Мұхамед басқарған бөлімше Жағаштай, Қомбасы арқылы шілде айында «Арал» деген Төржайдауда отырған Сарысүмбенің қалған елі мен Буыршын елі арасына келді. Олар ең алдымен Дәлелхан Сүгірбаевтің өз үйіндегідерге, туыс-туғандарына жазған хаттары мен халыққа жазған үгіт қағаздарын таратты. Бұл туралы ел түрліше көзқараста болды. Дәлелханның үй ішін қамтыған (мен 17жаста едім – автор) Сайфолла, Сәм, Тастембай, Қосай, Сәдуақас бастық бастаған бір топ адам партизандар жаққа дереу қосылуды құптады. Бір бөлім адамдар келген хат пен үгіт қағаздарының рас-жалғандығына жіп таға алмай, екіүшті күйде болды. Көп санды ел: «Шіңгіл мен біз түрған жер тым алыс—400-500 километр келеді. Келген партизандардың саны мардымды емес. Осындай жағдайда Гоминдаң үкіметінің қолына қайта түсіп қалар болсақ, онда күніміз қалай болмақ?» – деген ойда болады. Сондықтан осы елді иландыру үшін жиырма күнге жуық уақытын сарып қылды. Осы уақытта Буыршын ауданының жарты елі мен Қаба ауданының елі аралас отыратын Қанас өзенінің солтүстік батыс жағындағы елден Зұлжалал, Байтолла, Қабдыуәли, Тышан бастаған адамдар келіп:

– Гоминдаң үкіметі бізді: «Төмендеп тау сағаларына көшіңдер» – деп жатыр. Оның үстіне, «қауыпты» деген бірнеше адамды қолға алмақ көрінеді. Тез барып елді құтқара көріңдер, – деп көмек сұрайды.

Тамыз айының басында Қаби бастаған топ Үштас, Қаба жайлауына өтіп кетті. Аралдағы елге бір топ автоматты адамдарын тірек етіп қалдырады. Гоминдаң үкіметінің Буыршын елі арасындағы «сенімді адамдарына» таратып берген қорғасын оқты қырық мылтықты негіз етіп, жүз адамдық шағын партизан бөлімін ұйымдастырады.

Арал – Сомдайрақ өзені мен Қаба өзені ортасындағы арал. Аралға Сарысүмбе, Буыршын жақтан келетіндер өтетін жалғыз көпір, бұдан тыс үш-ақ өткел бар еді. Өзеннің екі жағы жалама жартас, заңғар тау, екі беткейі ит түмсығы өтпейтін ну орман, қалың бұта-бүргенмен бүркенген жер. Біз (автор) көпірді өртеп жіберіп, үш өткелге 30-40 қарауыл қойып, айға жуық уақыт өткіздік. Осы тұста Гоминдаң үкіметінінң – Әбілмәжін, Бадауи сияқты тыңшысын ұстап алдық.

Тамыз айының жиырмаларында Сарысүмбе қаласынан полк командирі Ян зы фа бастаған бір полк жау әскерді жер сырына қанық оншақты қазақтың жол бастауымен Аралға «тыныштандыруға» жіберді. Партизандар үш өткелдегі адамдарды бір өткелге шоғырландырып, қытай әскерінің жолын кесіп, қарсылық көрсетпек болады. Жау әскері 20-30 пулемёттен оқ жаудырып партизандар бекініс алған беткейге өрмелейді. Жердің қолайлығын пайдаланып 7-8 сағат ұрыс қылған партизандар бір полк жау әскеріне төтеп бере алмай шегінуге мәжбүр болады. Бұл кезде екі мың үйдей Арал елінен бес жүз үй жоғарылап, Алтай тауының Моңғолияға шекаралас жеріне барып алған. Қалғаны бір көшіп, екі көшіп төмендей бастаған болатын. Партизандар жау әскерін тау сағасында тосқаулдап соғысып жатқан орайда осы бес жүз үй бір түннің ішінде Моңғолияға өтіп шығады. Біраз күннен кейін Моңғолия үкіметінің жол беруімен шекараны жылжи көшіп бір ай дегенде Шіңгіл ауданның Үшкөл асуынан Алтай бетіне өтіп шығады. Аралдың қалған елін Ян зы фа полкі қару күшімен айдап Сомдайрақ өзенінен өткізіп әкетті. Кәмел дүңше (тілмәш) бірнеше адамды жиналыс деп алдап шақырып алып, өлтіріп тастаған жерінен кейін сүйектері табылды.

Тамыз айының басындаа Қаби бастаған топ Үштас, Қаба жайлауындағы жұрт арасына барғаннан кейін елдің басым көбі партизандар жаққа өтіп шықты. Ел солтүстік батысқа қарай көше бастады. Қытай әскерінің көшкен елдің соңына түсіп, кедергілік жасауынан сақтануды ескерген Қаби бөлімі ел көшіп алыстап алғанша Қаба ауданын қоршауға алды. Жау әскері қоршауды бұзып шығуға әрекет жасайды. Шайқас үш тәулікке созылады. Екі жақтан да бірталай адам шығын болады. Партизандар бөлімшесінің орынбасары Мұхамед қолға түседі. Көшкен елдің алыстап кеткенін білген бөлімше, қоршауды тастап шегініп шығады да, аудан халқын – Шыбаршілік, Ботамойын, Алқабек, Жалаңаш өткелдері арқылы Қазақ ССР-нің шекарасының ішіне өткізіп жіберіп, өздері келген ізімен қайтып кетеді.

Шілде айының басында – Келес, Жылқайдар, Тескембай басқарған, Әріпбай, Құрмаш ақылшы болған бөлімше Жеменей мен Қобық аудандарының елі қанаттас отырған Сауыр тауының Қарағайтыдағы Төржайлауына келеді. Олар үгіт қағаздарын таратып, бұқараны аттанысқа келтіру ісін бастайды. Десе де, олардың екі істі істеуге бірталай уақытын жұмсайды. Бірі, аз санды адамдар арасында сақталып отырған күдік-күмәнді сейілту, енді бірі, ел арасында партизан тобын ұйымдастыру және басқару алқасын құру. Бұдан он неше ай бұрын: «Майқапшағай шекарасы арқылы аткезшілік (сауда – ред) істеді» – деген жаламен қолға алынбақ болғанда Қазақ ССР-іне қашып өткен молда Сіләм Исмайылов: «Сауыр тауының Қарағайты Төржайлауына өр Алтайдан партизандар келді, ел оларға қосылып, төңкеріс жасамақ болып жатыр», – деген хабарды естіп төңкерісшілерге қосылады.

Сонымен бірге ол Жеменей ауданында тұратын Қожақымет Сәлімбаев, Баһауидден Қадыров сияқты адамдарға жағдайды баяндап хат жазып, адам жібереді. Сондай-ақ оларға аудандағы1 әр ұлыт тұрғындары арасынан сенімді делінген адамдарды ұйымдастырып, орайы келгенде іштен сәйкесуін, Гоминдаң әскерінің күш-қуаты, қимыл-әрекеті туралы мәлімет беріп тұруын ұқтырды. Гоминдаң үкіметінің Қобықта Манас – Сауан – Қобық арқылы Алтайға жалғасатын тас жолды қорғауға қойған бір атты полкі (жартысы жергілікті моңғол) бар болатын. Арада бір жеті өтер-өтпестен осы әскери қосында рота командирі міндетін атқаратын Зүңғұрұп (моңғол) жүз адаммен көтерліс жасап шығып, Жеменей елімен қанаттас отырған екі жүзден аса моңғол туысқандарын ертіп алып, партизандарға келіп қосылады.

15-шілдеде Келес, Жылқайдар, Әріпбайлар – аудан көлемінде мәжілыс ашып, жергілікті халықтан уақыттық басшылыққа ұйытқы ұйымдастырылады. Оған – Рамазан – зәлің, молда Сіләм Исмайылов – орынбасар, Қозыхан, Мәнкен, Зәкон, Әбілмәжін, Баянды, Тағай мүше болып сайланады. Осы мәжілісте Жеменей ауданының стратегиялық маңызы ескеріліп1 ауданға шабуыл жасауға бекінеді. Өр Алтайдан келген үш жүз адамдық партизан бөлімшесі, Зүңғұрұп бастаған жүз шамалы адамды көмекші етіп, оның үстіне қару-жарақсыз немесе найза, шоқпар секілді қарапайым қаруы бар елден Ахмет Тиекбайұлы, Әбен Айдаршыұлы, Талқы Бекболсынұлы бастаған мыңнан аса адамды ұрандатып, қара көрсетіп, үрей тудыруға топтап, шілденің соңында ауданға қоршай шабуылға өтеді.

Бұл кезде ауданда Ли хұйдің қолбасшылығындағы бір полк әскер бар болатын. Шабуыл алғаш басталғанда жау қатты қарсылық көрсетті. Соғыс қиян-кескі болды. Ли хұй – қыруар адамынан, жүзге жуық қару-жарағынан айырылды. Көтерілісшілер жақтан да азды-көпті адам құрбан болды. Екі тәулік сайысу арқылы бекіністер талқандалып, аудандық үкімет пен полк штабы басып алынды. Ақырында қытай әскері сақшы мекемесінің қорғанына тығылады. Ауданның басым көп бөлегі көтерілісшілер қолына өтеді. Партизандар сақшы мекемесінің қорғанына шабуыл жасап, орынсыз шығындалып қалмау үшін жәй ғана атыс қылып, уақытты оншақты күнге созады.

Қытай әскерінің оқ-дәрі, азық-түлігі сарқылып, қалжырай бастайды. көтерілісшілер: «Енді жауды тізе бүгуге үндейміз, күнбесе соңғы айқасқа шығамыз» – деп түрғанда, күтпеген жағдай туылады. Гоминдаңның Сарысүмбедегі қолбасшылық штабы: Жеменей жақта да партизандардың пайда болғанын әрі бір топ моңғол әскерінің көтерілісшілер жаққа өтіп кеткенін біліп, шілде айының жиырмаларында Сарысүмбе қаласындағы Шүй кий атты полкін Буыршын арқылы Жеменейге көмекке аттандырады.

Жеменей ауданының қоршауға алынғанын жолшыбай естіген жау қосыны 30-шілде күні таңға жуық ауданға жақын Беларық деген жерден партизандардың солтүстік шығысынан шабуылға өтеді. Бұл шабуылға іштегі жау әскері де сәйкесе кетеді. Партизандар аз тіресіп көреді де, басым күш алдында әуреленудың қажетсіз екенін біліп, бірте-бірте қоршауды тастап шегініп шығады. Аудандағы қазақ, ұйғыр тұрғындарының көбі үйімен, кейбірі салт атымен, ер азаматтардың барлығы төңкерісшілер қатарына қосылады.

Партизандар Сауыр тауына барғаннан кейін жергілкті елден жүз адамдық, жартылай қарулы төрт партизан бөлімшесін құрады. Зүңғұрұп қосыны ала келген жүз мылтықпен, сондай-ақ соғыста олжа түскен жүзден астам қарумен жасақталады. Бірінші бөлімшеге – Талқы мен Ахмет Тиекбайұлы, екінші бөлімшеге – Әбен мен Әбілмәжін, үшінші бөлімшеге – Қожахмет пен Баһауидден Қадыров, төртінші бөлімшеге – Зүңғұрұп жауапты болады. Ендігі бір жүмыс: елді жаудан аулаққа көшіріп әкету. Бірақ көшіру жұмысы басталмай жатып, бұрыннан Жеменей ауданында тұратын Ли хұй полкінің орынбасар полк командир Йұи чаң жяң бастаған үш рота әскер мен Шүй кийдің атты полкі 15-16 тамыз күндері Сауыр тауындағы партизандарға шабуыл жасайды. Партизандар: олармен соғысуға – Талқы менҚожАхмет басқарған екі топ жасақ жібереді. Олар Аюсайында жаумен айқасады. Шайқас қиян-кескі болады. Жау – адам санының молдығымен, қару күшінің егейлігімен партизандарды артқа шегіндіреді. Партизандар онан кейін де бірнеше рет тосқауылдап соғысқанымен, бұдан ешбір нәтиже болмайды. Сонымен барлық аудан халқы1 Қазақ ССР-ның аумағына өтіп шығады. Келес, Жылқайдар, Тескембай басқарған партизандар Шіңгілге қайтып кетеді. Әріпбай, Құрмаш – Жеменей елінің арасында қалады.

Көктоғай, Шіңгіл аудандарын негіз еткен Алтай көтерілісшілерінің төменгі аудандарға жіберген бөлімшелері тамаша жеңістерге жетіп, төңкерістік қимыл бүкіл Алтай көлемін шарпиды. Гоминдаң өктемдігіне қарсы төңкерістік қимыл жеті ауданың бәрінде жарыққа шығады. Бұдан соң Гоминдаң өктемдігінде қалып отырған Сарысүмбе, Буыршын елін өз қатарларына алып, жауды оқшау қалтыру үшін 1944 жылы қыркүйек айында – Кәмел, Нұрғожай, Әбдірасыл басқарған бес жүз адамдық қомақты партизан бөлімін осы екі ауданға жібереді. Олар айналасы жиырмашақты күнде – Сарысүмбе елінің барлығын, Буыршын елінің жартысын Алтай тауын бөктерлей көшіріп, көтерілісшілер тобына қосады.

Бұл жолы Гоминдаң жақ бұрынғыдай полк-полк әскерін салып соғыспайды. өйткені, бұдан былайғы жерде қаладан түп қопарыла шығып соғысудың зиянға ұшыраудан басқа еш өнім бермейтіндігіне көздері жеткен еді. Демек, Гоминдаң жақ қала-кенттерді негіз еткен қорғану соғысын жүргізетін күйге түсіп қалды. Алтай елінің 1940 жылдан бастап зүлымдыққа, қанауға қарсы жүргізген күресі 1943 жылдың шілде айынан2, өте-мөте қараша айынан3 кейінгі бір жарым жыл ішінде төңкерістік арнаға түсіп, өте тез қарқынмен Алтай аймағындағы жеті ауданның (Буыршын елінің жартысынан басқа) 90% халқы Гоминдаң өктемдігінен құтылады.

Осымен бір уақытта Қуанышбай бастаған 250 адамдық партизан бөлімі қыркүйек айында – Шонжы, Мори, Жемсары елі арасына барады. Бұндағы мақсат – Гоминдаңның Көктоғай, Шіңгіл ауданында орналасқан әскеріне Дабысыннан шығыс жолы4 арқылы тасылатын азық-түлік, қару-жарақ көмегін үзіп тастау, тым болмағанда кедергі жасау. Бұл кезде Гоминдаңның Сарысүмбеде – екі полкі, Буыршында – бір полкі, Буырылтоғайда – бір полкі, Жеменейде – бір полкі, Қабада – бір батальоны, бұдан басқа Шонжы арқылы Алтайдың Сартоғайға баратын шығыс жол бойында және Көктоғай, Шіңгіл аумағы ішінде төрт полкі, екі батальон әскері бар болатын. Көктоғай ауданында он бірінші двизияның 383 полкі (полк командирі Уаң), Қаратүңкеде – он бірінші двизияның 382 полкі (полк командирі Чін жүн), Сарытоғайда – қырық алтынші двизияның 1 полкі (полк командирі Шя үй шяң), Дабысында – қырық алтынші двизияның 2 полкі (полк командирі Ма пиң лиын), Қарасуда алпыс төртінші двизияның 3 батальоны (батальон командирі Шын уын жүн), Күмісте қырық алтыншы двизияның 1батальоны, батальон командирі Жу фамилалы болатын. Бұның сыртында Буырылтоғайда түратын алпыс төртінші двизияның Лу фамилалы басшылық ететін бөлімі кейде – батыс жол, кейде – шығыс жол арқылы тасымалданатын азық-түлікпен, қару-жарақпен қамдалатын. Жоғардағы 5 полк, 2 батальонға Шонжыда түратын қырық алтыншы двизияның (двизия командирі Шүй ру чың) қолбасшылық жасайтын.

Қуанышбай бастаған топ ел арасына келгеннен кейін, бірнеше күннен соң бұл жердегі елдің бір бөлігі партизандар жаққа өтеді. Гоминдаңның Шонжыда түратын әскері мұнан хабар тауып, 2батальон әскермен ұрысқа шығады. Партизандар тұрған жер кентке 20 километр болғандықтан, қытай әскерімен қақтығысу өздеріне қолайсыз болатынын ескеріп, ұрыс салмай-ақ – Шонжыдан – Жүкей бастаған үш жүз түтінді, Жемсарыдан жүзге жуық түтінді ілестіріп Мори өңіріне өтіп кетеді. 4-5 Исмайылов күннен кейін Моридағы елдің бір бөлгі партизандар тобына қосылады. Демек, үш ауданнан партизандарға қосылған ел едәуір мол болады. Бұл жағдай Гоминдаң үкіметін қатты састырады.

Олар әскери күшпен партизандарды бұл өңірден қуып шықпақ болады. Қазан айының басында Моридың құм жиегі Бесағаш маңында қатты соғыс болады. Гоминдаңның Морида тұрғызған әскері болмағандықтан, Шонжыдан батальон командирі Уың чю жу үш жүз әскермен келіп соғыс ашады. Партизандар келістіре соққылап қуып салады. Елу неше мылтық олжа алынады. Кейінгі деректерге негізделгенде, сол жолғы соғыста қытай әскерінің төрт офицерімен бірге қырық үш адамы өлген. Екі офицерін қамтыған он тоғыз адамы жараланған. Батальон командирі Уың чю жудың қарынына оқ тиіп, әрең қашып құтылған. Үш пулемёт, елу неше бесатар мылтығынан айырылған.

Қуанышбайлар – Шонжы, Мори, Жемсары аудандарынан бес жүзден астам түтінді көшіріп, Бәйтік тауының Алтай жақ теріскей бетіндегі қыстаулықтарға орналастырады. Өздерін қорғауға жүзден астам мылтық, үш пулемёт қалдырып, Шіңгілге қайтып кетеді.

Еренқабырғаның1 теріскейіне барған партизандардың осы жолғы қысқа уақыттық жорығы – Шонжы, Мори, Жемсары аудандарынан тыс – Фукаң, Мичуан, Санжы, Құтыби, тіпті, Манас аудандарына дейін аңыс тудырды. Сөйтіп, Шонжыдан Шихуға дейінгі аудандарының қатынас жолы жансызданып қалды. Бұл барып Үрімжінің экономиясының тұралауына соқтырды. Өйіткені, бұл кезде Үрімжідегі қытай әскерінің азық-түілгі осы аудандардан, не осы аудандардың тас жолдары арқылы тасылатын. Ал оңтүстік Шинжаңның жолы – өте керағар, тас жолдар әлде қашан тозығы жетіп, істен шыққан еді. Тасымал жұмысы ат арбамен, есек арбамен орындалатын да, өте ұзақ уақыт жұмсалатын. Дәл осы кезде Іле жақтан басталған «Үлкен уақиға да2» – Гоминдаң үкіметі үшін зор қауіп тудырды. Осылай, Алтай партизандарының төңкерістік қимылы бұл тұста аймақ көлемінен шығып, шығыс Шинжаңға ықпалын көрсетті.

Жағдайдың даму барысы – төңкерісті жеңіске жеткізу үшін бір орталыққа бағынған әрі пәрменді басшылық пен ұйытқы қажет екенін көрсетті. Сөйтіп, 1944 жылы қазан айының орта шенінде Шіңгіл ауданының Бұлғын деген жерінде Дәлелхан Сүгірбаевтің ұсынысы әрі басқаруы арқылы бұқаралық мәжіліс ашылып, «Алтай қазақтарының төңкерістік уақыттық үкіметі» құрылды. Үкімет құрамында он екі адам болды.1 Оспан – үкімет бастығы, Дәлелхан Сүгірбаев – үкіметтің орынбасары және қосымша Алтай партизандарының қолбасшысы болып сайланды. Төңкерістік уақыттық үкіметте: қауыпсіздік істер бөлімі, сот бөлімі, бұқаралық қызмет бөлімі, артқы шеп қамдау бөлімі – сияқты бөлімдер болды. Он адамға батырлық атақ берілді.2 Ұйымдық жақтан бұрынғы төрт партизан бөлімшесі тоғызға жетті3. Олардың қолбасшылары: Кәмел мен Қапас, Қаби мен Жылқайдар, Нұрғожай мен Тоқтыбай, Келес пен Сайфолла, Әсен мен Қапырыш, Тескембай мен Балтабай, Тастембай мен Асқабыл, Молда Бейіс пен Әбіләкім (екеуі де ұйғыр). Партизан бөлімшесін жеткілікті қарумен қамдау үшін қолда бар қарудың сыртында Моңғолиядан Жалпақ (қазіргі Буырылтоғай) қарауылы арқылы бес жүз қарулы құрал әкелінді (автомат – 100, ауыр пулемет – 20, жеңіл пулемет – 30, миномет – 6, танкі атар – 2, бесатар – 350). Мұнымен қоса 100 сандық гранат, 500 сандық әр түрлі оқ бірге келді.4


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет