6. Болжалдық сан есімдердің сөзжасамы
Зат пен құбылыс атаулының объективті өмірде барлық жағдайда бірдей саны мен мөлшері айқын бола алмайды, сондықтан сөйлеушіге заттардың санын дәл атап беру мүмкін болмағанда, сол заттың шамасы мен мөлшерін тұспалдап, болжалдай айтуға тура келеді. Нәтижесінде осылай болжалдап айтушылық қалыптасады да, тілде болжалдық сан есімдер қатары қалыптасады. Мұндай болжалдық сан заттың, нәрсенің санын еш уақытта да дәл, нақты көрсете алмайды, сондықтан оларға заттың сан-мөлшерін тек шамамен, болжалдап қана атаушылық тән. Болжалдық санның жасалуына негіз болатын сандық ұғымда да әдепкі нақты өз мағынасы сақталмайды, себебі мұндағы заттың саны болжалдық санға негіз болып тұрған есептік саннан артық болуы да, кем болуы да ықтимал. Мысал келтірейік: Құдасының ауылына Ұлжан отыз шақты кісімен келген (М.Әуезов). Бұл екеуінің елі жақын, отыз-қырық шақырымдай ғана жерде (С.Мұқанов). – Әрине, – деді Мәлік, - сол кезде ол үйде мың жарымдай жылқы, екі-үш мыңдай қойы бар екен (С.Мұқанов). Бір сиырдан бес-он литр сүт алғанша, жиырма-жиырма бес литр сүт алса, бір гектардан бес-он центнерден астық алғанша, жиырма-жиырма бес центнерден астық алса, ішті жара ма? (Ғ.Мұстафин). Осындағы отыз шақты кісі деген болжалдық сан есімінде де кісінің нақты саны отыздан артық болуы да, сондай-ақ оған жетпеуі де мүмкін, ендеше мұнан отыз шақты дегендегі отыз сөзі өзінің әдепкі дәл сандық мағынасында тұрмағаны белгілі болады. Осыған ұқсас отыз-қырық дегенде де нақтылы сан отыз бір, отыз екі, отыз үш, отыз төрт, отыз бес, отыз алты, отыз жеті, отыз сегіз, отыз тоғыз, қырық, қырық бір не қырық екі де болуы мүмкін екендігі күмән тудырмаса керек. Алайда нақтылы санның осы секілділердің қайсысымен сәйкесетіндігін сөйлеуші дәл білмейді де, осы шамасында немесе осы мөлшерінде дегенді білдіру мақсатында отыз-қырық дегенді қолданады. Осы сияқты мың жарымдай жылқы, екі-үш мыңдай қой дегендерде де жылқы мен қойдың саны аталған осы сандардың шамасында, осыған орай мың жарым, екі-үш мың деген сандар сөйлемде өзінің әдепкі мағынасына сай жұмсалмаған. Өзге мысалдардағы бес-он, жиырма-жиырма бес деген болжалдық сандарда да дәл жоғарыдағыдай мән жатыр.
Сонымен, болжалдық сандарға абстрактілі сан-мөлшер ұғымы болмаса, нақтылы сан-мөлшер ұғымы тән емес. Мұнан болжалдық сандардың есептік сандардан негізгі айырым белгісі келіп шығады.Жасалу жолы жағынан болжалдық сандардың мүмкіндігі өте мол және олар тілімізде кең қолданысқа ие. Олар заттың болжалды санын берудегі қажеттіліктерді өтеуімен кәдімгідей маңызды болып саналады. Сондай-ақ олардың жасалу жолдарын (синтетикалық және аналитикалық) екіге жіктеп көрсетуге болады [15,13]
Достарыңызбен бөлісу: |