Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасы №2 модулі «Ғылым (салалар бойынша) және инновация»


-лекция. Мәтіннің психологиялық қуаты мен қызметі



бет43/50
Дата17.10.2023
өлшемі459,62 Kb.
#186277
түріСабақ
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   50
Байланысты:
korkem matin poetikas -keshen. kyal-21-1m,fil-21-1m

10-лекция. Мәтіннің психологиялық қуаты мен қызметі
Қарастырылатын мәселелер:

  • Эстетикалық сезім табиғаты;

  • Адам құлшынысы мен құштарлығының өрістері;

  • әдеби туындыдағы ақыл мен сезімдердің тоғысуы;

  • мәтін астарындағы ойлар мен сезімдердің жүйесі.

Көркем мәтіннің жалпы мақсатының бірі оның арнайы «адресаттық белгілері» арқылы жазушының оқырманмен эмоционалдық, психологиялық интеллектуалдық байланыс орнатуы болып табылатыны туралы айтылған еді. Ал эмфатикалық функция сол байланыстың нақты объективтік нәтижесі, оқырман ойы мен бойындағы, жан дүниесіндегі белгілі бір сипатқа ие болған әсері мен ықпалының көрінісі. Сөз төркіні адам ойы мен бойындағы пайда болуының құпиясы көп, зерттелуі қиын эстетикалық, психологиялық сезім туралы болмақ. Өнердің басты мәселелерінің бірі болып саналатын бұл феномен талайдың назарын аударуға, әрқилы ғылыми ізденістерге түрткі болған. Оның құрамын жіліктеп зерттеуге, бұтарлап анықтауға тырысқандар аз емес. Б.Кроче «эстетикалық астрология» деп шартты түрде атаған бұл жолдың эксперименттік негізі аз екені көрініп тұр. Кейбір зерттеушілердің эстетикалық сезімі психологиялық түрде тап басып тану, нақты талдау үшін оған жасанды жолмен қол жеткізуге тырысқаны мәлім, жекелеген ғалымдар оның табиғатын асықпай-саспай зерттеуге бел буған болатын. Бұл бағытта психологтар үлкен белсенділік көрсетті, олардың ішінен Т.Липстің «эмпатия теориясын» бөліп көрсетуге болар. Оның пікірі бойынша, оқырман өнер туындысына қатысты өз сезімін оны оқу барысында-ақ білдіре бастайды екен, бұл әсіресе рахаттану кезінде мол болатын көрінеді. Эмпатияны-адам ағзасының өнер туындысына деген ерекше реакциясы деп атау қалыптасқан. Б.Христиансен деген ғалым оған басқа балама теория ұсынды. Оның бағамдауынша, адам эстетикалық нысанға өз көңіл-күйімен әсер ете алмайды екен, керісінше оқырманның ішкі жан дүниесін мәтіннің жаулап алуы жиі кездесетін құбылыс деген ғалым пікіріне құрметпен қарағандар аз болмапты.


Әдеби туындының эмотивтік қуатын, оның пәрмені мен дәрменін тап басып танып, өлшеу-қиынның қиыны, бірақ оны кейбір мәтіндерде мүлдем жоқ дегендермен келісу қисынсыз. Бірақ әсер мен ықпалдың күшінің әртүрлігі, кейде сол мәтіннен күтілген потенциалдың әдеби шығармада жүзеге аспай қалатындығы түрлі сауалдар өрбітеді. А.Ричардс, Ч.Огден, Д.Вудтың «Эстетика қағидаттары» атты кітабы-ХХ ғасыр басындағы гуманитарлық ғылымдарға өзінше қозғау салған еңбек болатын. Адамның жан дүниесіндегі, көңіл-күйіндегі сезімдердің ауқымын анықтауға бел буған бұл ғалымдар олардың барлығын эстетикалық эмоция деуді қолдамаған. Зерттеуде «әсемдік» ұғымының 16 мағынасы келтірілген, авторлар соның үшеуін ғана эстетикаға қатысты, ал қалғандарын психологиялық деп есептеген. Сезім тудыратын нәрсенің бәрін әсем дей беруге болмас, сезімнің барлығынан эстетикалық негіз іздеу де қисынсыздау делініпті. Әрине, бұл бағытта қарапайым гедонизмге ұрынғандар да болды, яғни сезімді тек «ляззат», «рахат» деңгейінде қарастыру оның өрісін тарылтып жіберді. Тәтті тамақты тоя жеп рахаттанған кезді эстетикалық сезім дей қоюдың реті жоқ. П.Валеридің тәтті тамақты рахаттана жеп алып кітап оқуға кірісетін кейіпкерді сынағаны еске түседі. Ал А.Ричардс пен оның әріптестері психологиялық табиғаты тек «импульстер мен гармониядан» тұратын сезімдерді ғана эстетикалық деп санаған, олар поэзиялық мәтіннің адамның түйсіктеріне қозғау салатынын, сол кезде оқырманның әдемілікті сезініп рахатқа бататынын атап көрсеткен. Осы эстетикалық сезім табиғатын ғылыми тұрғыдан түсіндірілуде Л.С.Выготскийдің еңбегі елеулі. Көркем шығарма оқудан туған сезімдерді қарапайым сезімінен бөліп қарастырған ғалым өнер туындылары адам бойында өте күшті сезімдер туғызғанымен, оның негіздерінің мәтінде көрініс бермейтінін айтады. Көркем шығарманы «тітіркендіру жүйесі» деп атаған ол «эстетикалық катарсис» ұғымы арқылы сезімдердің белгілі бір уақыт аралығында өзара психологиялық үйлесімге келетінін дәйектеген. Адам бойындағы оқырмандық сезімдердің шарпысуы, сарсаңға түсуі, бір-бірімен күресуі үнемі жүріп жататынын алға тартқан ғалым мәтін энергиясының пайда болуын сөз еткен. Сезімдердің мағына түзушілік қабілетін А.Н.Леонтьев атты психолог-ғалым адамның іс-әрекетімен байланыстырған. Зертеуші мағына, сезім мен маңыздылықты сананың структуралық бөліктері деп белгілеп, мағынаны биологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталғандықтан, ол адамда тұрақты түрде болады екен. Ал тұлғалық мағына адам санасында құлшыныс пен құштарлық, ынта мен ықылас туғызып, ниет пен пиғылды айқындайды екен. Зерттеушінің мағына мен мән арасындағы айырмашылықты түсіндіруі де назар аударарлық. Мағына-құбылысқа деген жеке адамның қатынасының көрінісі болса, ал мән-тарихи-қоғамдық, әлеуметтік көзқарастар жүйесінің тұжырымы. Қоғамдық-әлеуметтік маңыздылықтың тарихи кезеңде тоғысуын, іріктелуін тұлғалық мағыналар туындататын заңды үдеріс дей келіп, А.Н.Леонтьев іс-әрекет мотивінің оның мақсат-мүддесіне байланысы ғана шынайы мағына түзетінін айтқан. Демек, мотив дегеніміз іс-әрекеттің мақсатына мағына дарытатын ұғым екен. Адам ойында мағына тудыру үшін мотивтің бағыты, мақсаты айқын болуы қажет дей келіп, ғалым уақыт өте келе мотивтердің кейбіреуі мағына тудыру қабілетінен айырылатынын, біреулерінің жаңа мағынаға ие болатынын, яғни олардың арасында үнемі өзгерулер мен ауысулар болып жататынын көрсеткен. «Мотивология» атты ілім саласының қарқынды дамуы қазіргі ғылымның осы мәселелерге ынтасын көрсетеді. Мағына тудыру үдерісі тек іс-әрекет барысында ғана жүзеге асады деген пікірді А.Н.Леонтьевтің ілімін жалғастырушы А.Г.Асмолов, В.В.Столиндер тәжірибе жасаумен дәлелдеген. Адам өзіне қатысы бар құбылыстар мен нысандар туралы ғана субьективтік мән қалыптастырады екен. Ынта, ықылас, құлық, қызығушылықтың бәрі тек мағыналық ниетке бағынышты дей отырып, В.В.Столин «мен» деген сөздің мағынасының өзгеру ауаны адамның өз-өзіне деген сеніміне, сезіміне тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен. Ол «меннің» мағынасының әрекет мотивіне де байланысты екендігін ескертеді, көркем мәтінде «меннің» көп қолданылуының астарлары қалың. Қазақ әдебиетіндегі «Меннің» «бізге» ауысуларын зерттеп көру көп ғылыми ақпарат беретіні сөзсіз, мұндай мысалдар қазақ поэзиясында мол.
А.Леонтьев мектебінің өкілдері адам сезімдерінің өзара гармониялық күйде болуын әрекет, ниет, мотивпен байланыстырып, мақсатсыз, мағынасыз, ниетсіз сезімдер адам санасына, жүйкесіне күш түсіреді дейді. Көркем мәтінді оқу-мақсатты, түсіну-мәнді, талқылау- жүйелі болуы керек деген бұлардың көзқарасына қарсылар да бар. Солардың бірі- Д.Хартман, ол көркем шығарманы оқу адамның ішкі дүниесіне, қалыптасып қалған сезімдерге зиянын тигізеді, жанын жаралауы мүмкін, яғни оқырманның жан күйін, сезімін мәтіндегі оспадар сөз бен образ, қиялдан туған қисынсыз суреттер мен сезімдер бүлдіруі мүмкін деген. Оның үстіне мазмұны күрделі әдеби шығарманы оқу барысында ондай мәтін адресаттың күрделі әдеби шығарманы оқу барысында ондай мәтін адресаттың миына, жүйкесіне ерекше салмақ түсіреді-мыс. Д.Хартманның ойынша, өнер туындысы суреткердің қолындағы сойыл немесе қамшы сияқты екен. Көркем мәтін тудыратын эстетикалық сезімдер қатарында үрей, қорқыныш, аяушылық сияқты адам күйлері көп аталады. Б.Спинозаның құштарлықты адамның ойы мен сезімін тұсайтын сезімдер қатарына жатқызғаны белгілі. Бір қызығы-сезім түрлерін білдіретін сөздерді аудару әрі оңай, әрі қиын, себебі олардың көбі- «аудармашының жалған достары» деп аталады. Sympathy деген ағылшын сөзін көпшілік симпатия деген орысша ұғымының эквиваленті деп түсінеді. Ал оның нақты мағынасы түпнұсқада аяушылыққа жақын. Pathetic сөзінің номинативтік мағынасы орыс тіліндегі патетикамен өте алыстан байланысады екен. Энтузиазм сөзі туралы да осындай пікір айтуға болады. Ендеше мәтінді оқу барысында адам бойында пайда болатын симпатия, антипатия, патетика, энтузиазм сияқты көңіл-күйдің атауларының өздерінің сезімдік қырларының көп тілдерде дұрыс анықталмағаны көрініп түр. Т.С.Элиоттың көркем әдебиет эмоцияны бейнелей аймайды, ол тек оқырман бойында сезім ғана оята алады деген пікірі бар. Осыған байланысты төмендегідей деректерге назар аударуға тура келеді. 2000 жылы Минск қаласында басылып шыққан «Афоризмы лауреатов Нобелевский премии по литературе» атты кітапта әдеби шығармашылық табиғатын, көркем мәтінді танып-білудегі атақты қаламгердің көзқарастары жүйеленіп берілген. Мұны «автоанықтағыш» деп айдар таққандардың пікіріне ойлаана қараған дұрыс. Кейбір тұжырымдарға көз жүгіртіп, ой тоқтатқан артық болмас. 1923 жылы Нобель сыйлығын алған ақын У.Иейтс «поэзияның айтқанынан айтары көп» десе, Т.Элиот (1948) «Ақын басынан өткен сезімдер поэзия емес, оның материалы ғана» депті. Сыйлық иелерінің барлығы дерлік шығармашылық еңбектегі психологиялық ахуалдарға, өз туындыларының оқырмандарға әсер етуіне ерекше мән беретінін айтқан. Осындай басылымдардың қазақ тілінде де болғаны зерттеуші мен оқырман деңгейін көтеретіні даусыз.
Көркем мәтінді түсіну оны қабылдау үстінде қатарласа жүріп жатады. Әдеби туындының эстетикалық, сезімдік, интеллектуалдық, рухани әсері оқырман ойында сұрақтар тудырып отырады. Р.Якобсонның «поэзия дегеніміз-тілдің эстетикалық қызметінің көрінісі» деген пікірі кезінде сыналған болатын. Осыдан қорытынды шығарған ғалым кейінірек «эстетикалық қызмет» деген ұғымды «тілдің поэтикалық қызметі» деп нақтылаған еді. Ол поэзиялық мәтіндегі функциялар парадигмасын былайынша белгілеп көрсеткен болатын: референттік, апеллитативтік, экспрессивтік, фактикалық, метатілдік. М.Лотман бұл тізімге қосымша жасап, креативтік және конденсаторлық қызмет түрлерін енгізді. 1999 жылы Мәскеу қаласында жарық көрген мәтінге қатысты құнды пікірлер бар. Й. Ужаревич авторефлексияны, Падучева мағыналық сырғу мен жылжуды, Бенчич ойын концепциясын, Мартемьянов- эмотивтікті эстетикалық, психологиялық қызмет жасайтын компоненттер деп санаған. Сонымен қоса көркем шығарманың жазылуын адамның ішкі әлемінің қоршаған дүниені тануға деген бір кездегі жағдайының көрінісі деп санау қалыптасқан. Көркем шығарманы лингвистикалық, антропологиялық, мәдени, эстетикалық, рухани, психологиялық категория деп тану филологиялық ілімдерді дамытуға негіз болып жатыр.
Аристотельдің «мютос» деп атаған құбылысының да психологияға қатысы бар. Тіл, фабула, сюжет үшеуінің синтезі арқылы өнердің табиғатқа еліктеуі (мимесис) әртүрлі формаға ие бола бастаған, кейін оларды жанр деп атау қалыптасып кетті, яғни әдеби тектер мен түрлердің астарында белгілі бір псилогиялық сезімдер қатары болатыны айқын.
Түйіп айтсақ, көркем мәтіннің психологиялық қауаты тек тілдік структураларға ғана тиесілі емес, ол осы сөздерді «сезінген», өз жанымен қабылдаған оқушы бойында пайда болатын сезімдерден да тұрады. Оқырманның туынды туралы өзіндік ойлары мен сезімдері, толғаныстары мен шығарма арасында екі жақты байланыс орнайды, энергетика алмасуы жүреді. Олар мәтіннің мазмұнын күрделендіре түседі, мағыналарын кеңейтеді, маңызын тереңдетеді. Көркем мәтіннің күрделілігі мен тереңдігін нақты өлшеу қиын, бірақ олардың ортақ төркіні жалпы қауымға белгілі. Мәтінде айтылған ой мен оны оқырманның қалай түсінденінің арасындағы алшақтық, айырмашылықтың болуының екеуіне де тікелей қатысы бар. Мұны ғылыми түрде эксплициттік (ашық айтылған) және имплициттік (жасырын) мағыналардың сәйкессіздігі деп бағалау жиі кездеседі. Өйткені адамға әсері бар сөздердің шамадан тыс көп қолданылуы сезімдерді сапырылыстырып жібереді. Сондықтан «Тілдік үнем заңы» деп аталған құбылыстың эмфатикаға қатысты екенін білген дұрыс. Айтылымда тілдік белгілер грамматикалық ережелерге сай тұтас бір қатар құрап, бірінен кейін бірі ретпен тұрса, әдеби тілде ылғи бұлай бола бермейді. Ауызекі сөйлеуде психологиялық мәні бар ишара, емеурін, меңзеу, дауыс, ырғағы, екпін арқылы қанша қосымша ойлар мен мағыналар айтылады, ал осы ойларды, авербалды мағыналарды жазба әдеби мәтінде қалай сақтап қалуға болады, оларды вербалды түрге ауыстырсақ, оған қанша уақыт кетер еді дейтін пікірлердің жаны бар. Сөзді мәтінде нормадан артық қолдану көпсөзділікке, санамалап айту үнемшілдікке бастайды деген тезиспен толықтай келісуге болмас. Өйткені көркем әдебиетте де, басқа мәтіндер де тілді қолдану нормасының нақты шамасы, мөлшері анықталмаған. Оны автор патша көңілі шешеді.
Сөзді үнемдеп қолдану көркем мәтіннің импоициттік мазмұнымен байланыстыруға деген ниет әдеби шығарманың мағына тереңдігін нақты айқындауға жол ашты. «Астарлы мағына» немесе «мәтіннің тереңіндегі мағына» деген ұғымдар сөз, іс-әрекеттің, жағдайдың жасырын немесе әдейі бүркемеленген құпия жақтарын зерттеуге қолданыла бастады. Осы мәселелерді қаузаған кейінгі кездердегі ғылыми еңбектерде импликация деген термин лаконизмге синоним есебінде қолданылып жүр. «Эзоп тілі» деген ұғымның да бұған қатысы бар. Осының барлығының әдеби мәтінде қажеттілігі мен орындылығы, жалпы алғанда, түсінікті, бірақ олардың адресаттың санасы мен түпсанасында бұрыннан ақпарат түрінде ұзақ жатуы да мүмкін ғой. Осыны байқаған әдебиеттанушы Н:Холланд оқырмандармен әрқилы психоаналитикалық тәжірибелер жүргізген. Соның нәтижесінде ғалым поэзияның қолынан адамды қиялға бөлеу келмейді, өлеңді оқып алып, әрі қарайц қиялдайтын адамдардың өздері деген тұжырымға келген. Ал олардың елесі мен қиялының негізінде архетиптер (К.Юнг), «қайталанатын әдеби образдар» (Н.Фрай), символдық формулалар (Фидлер) жатады дейтін пікірлердің мәні бар. Демек, жеке әдеби образдар, мифологиялық көркем сюжеттер адам ойында астарлы мағына құрап, оқырман санасына тұрақты түрле өзінше ықпал етуі мүмкін екен.
Көркем әдебиеттің адамзаттың рухани қазынасы екендігі даусыз десек, оның оқырманның ішкі әлеміне әсері де мол болатынын айтқандаймыз. Білікті оқырман тәрбиелеу үшін көркем мәтінді қабылдаудың психологиялық механизмдерінің қызметін білу қажеттілігі де күн тәртібінде тұр. Мәтінді түсінудің қазіргі кездегі нәтижесін ерекше үдеріс деп тану белең болып тұр. Психологтар түсінудің кезеңдерін, фазаларын бөліп көрсетуге әуес. Оның бастапқы фазасы шығарма туралы оқырман бойында жалпы сұрақтардың пайда болуынан басталады екен. Сұрақтардың мазмұны әрі қарай ойлаудың бағыты мен белсенділігін белгілейді. Ал түсінуді үдеріске айналдыратын басты күш-гипотезалардың пайда болуы деген келесі пікірлерге абайлап қарау керек. Осыған байланысты көркем шығарманы түсінуді ойлаумен және болжаммен бірлікте қарастыру туралы ұсыныстар болған. Бірақ оқырман ойында гипотезаның пайда болуына қатысты талас көп. Бір адресаттар үшін алдымен мәтінде проблемалық сәт тудыру қажет, онан соң, сол сәттің моделін анықтау керек дейді Л.М.Веккер (1974). Әрі қарай гипотезаны ойша безбендеу, тексеру мен байыптау жүреді, нәтижесінде мәтінді түсінудің негізгі фазалары осылайша аяқталады екен. Ал эвристикалық тәсіл гипотеза мен түсінудің нақты нәтижелерін салыстаруға мүдделі, өйткені ойлау қызметін реттеп тұратын басты тетікті эврика осылай түсінеді. Кейбір зерттеушілер мәтінді түсінудің басқа сатыларын көрсеткен. Түсіну үдерісіндегі ойлауды есеп шешумен ұқсастыру да ұсынылған, бірақ мұндай жұмысқа барлық мәтін қол емес. Білікті оқырманның мәтінмен диалогы көбінесе мәтінді оқу барысында пайда болған сұрақтарға жауап іздеуінен басталады, яғни алдымен оқырман мәтінге өзі сұрақ қоя бастайды. Алғашында сауалға жауап ретінде бірнеше гипотезаны мәтіннің өзі ұсына алады екен. Осындай гипотезалардың арасынан ең қолайлысын таңдап алуда оқырманның эмоционалдық тәжірибесінің атқарылатын үлесі көп екені сөзсіз, себебі ол гипотезаларды өз өміріндегі жайттармен, өзіндік ақпаратымен салыстырып өлшеуі, пішуі де мүмкін ғой. Соңғы және ақырғы гипотезаны таңдап алу мәтіндегі ақпараттарды қайта-қайта ой сүзгісінен өткізуге тікелей байланысты. Осы кезде оқырман өзін-өзі қайта-қайта тексеру, жүйелі бақылау операцияларын жүргізеді дейді психологтар. Көркем мәтінді оқу барысында пайда болатын оқырмандық мүдде мен бағдардың мәтінді түсіну үдерісінің басты қозғаушы күштерінің бірі екендігін зерттеушілердің естен шығармағаны жөн.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   50




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет