Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасы №2 модулі «Ғылым (салалар бойынша) және инновация»



бет44/50
Дата17.10.2023
өлшемі459,62 Kb.
#186277
түріСабақ
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   50
Байланысты:
korkem matin poetikas -keshen. kyal-21-1m,fil-21-1m

Пайдаланылатын әдебиеттер.
1. Компаньон А. Демон теории. Литература и здравый смысл. –М., 2001.
2.Лагерквист К. Нумерология. –М., 2003.
3.Леви-Стросс К. Структурная антропология. –М., 2001.
4.Литературная энциклопедия терминов и понятий. –М., 2003.
5.Литературные архетипы и универсалий. –М., 2001.
6.Майтанов Б. Портрет поэтикасы. –Алматы, 2006.
7.Нурланова К.Ш. Эстетика художественной культуры казахского народа. –Алматы, 1987.


11-лекция. Мәтінтану ұғымдары мен нысандары
Қарастырылатын мәселелер:
-мәтін және көркем шығарманың арақатынасы;
-әдеби туындының мәтіндерінің түрлері;
-мәтіннің шығармашылық тарихының құрамы мен құрылымы

Мәтінтанудың негізгі зерттеу нысаны, басты пәні – мәтін және оның тарихы. Мәтін түрлері, олардың әрқилы қызметтері туралы ғасырлар бойы жиналған ақпарат көп, пікірлер сан алуан. Әсіресе олардағы мәтіннің объективтілік пен субъективтілік сипаты туралы түйіндердің де әрқилылығы бірден байқалады. Мәтіндерді қазіргі кезде бұрынғыдай ақпараттық және экспрессивтік деп бөле салу да көп жағдайда шартты, алайда оларды қайтадан жіктеп, жүйелеп, топтап сараптаудың да өзіндік қиындығы жетерлік. Әрине, бұл бағытта ертеректе айтылған біршама орнықты пікірлер баршылық болғанмен, әзірге көпшілік мойындағандары санаулы ғана. «Әдеби шығарма» және «көркем мәтін» деген ұғымдар ұзақ уақыт бір-бірімен қатар қолданылып келгені белгілі, әр түрде оларды бір-біріне синоним ұғымдар деп қабылдау бүгін де кездесіп жүр. Әрбір филологиялық ғылыми мектеп бұл мәселеде міндетті түрде өз тұрғысын айқындап отыруға мүдделі болуының себебі жетерлік. Атақты көркем шығармалардың талай мәрте өңделіп, бірнеше рет өзгертіліп, әр кезеңде қайта-қайта басылып шығатыны белгілі жайт. «Абай жолы» эпопеясы да автордың көзі тірісінде әртүрлі атаумен басылым көргені белгілі, жеке кітаптары өз алдына бөлек мәтін ретінде бірнеше рет басылып шыққаны мәлім. Осы мәтіндердің барлығы қосылып тұтас әлем, яғни көркемдік дүние құрайтын ұмытпау керек. Автордың ортақ ойы, мазмұн мен пішін тұтастығы оларда ерекшеленіп тұрады. Шығармашылық еңбекте қаламгердің ойлау жүйесі мен ол таңдап алған өмірлік материалдың арасындағы қарым-қатынас ылғи үйлесім таба бермейді, ол шырғалаң сәттерден де тұруы мүмкін, оған қоса замана тезі,уақыт лебі, биліктің себі, сынның кезі де өзінше ықпал ететіні белгілі. Ішкі тартыс, өзара қарсылық, ықпалдастық, ой мен сезім арасындағы текетірес – суреткердің шығармашылық еңбегінде жиі кездесіп отыратын құбылыстар. Үнемі креативтік ширығу мен қозғалыста болатын көркем ойдың сол сәттегі көрінісі мәтінге де ауысатын болар. Кейін шығармашылық ахуал өзгерген кезде олардың автор қолымен өңделіп, өзгертіліп, тіпті кейбірінің сызылып қалатын тұстары бар. Дегенмен осы ізденістердің барлығының автордың шығармашылық ізденісі мен еңбегінің нақтылы көрінісі екенін зерттеушінің ұмытпағаны жөн.


Көркем мәтінді зерттеуге кірісу үшін ең алдымен оның объективтік, субъективтік бастауларын түгендеп алу керек. Автордың шығармасын жазу барысындағы өз қолынан шыққан мәтіндерінің барлығы есепке алынып, талданады. Олар қолжазба, жазу машинасында басылған, ауызекі магнитофонға жазылған, видео нұсқа, корректордың қолынан өткен нұсқа, электрондық нұсқа, нобай, жоспар әр кездегі басылымдар түрінде болуы ықтимал, яғни суреткердің қолынан шыққан шығармаға қатысы бар жазбалардың барлығы бастаулар ретінде үнемі назарда болғаны дұрыс.
Бұлардың ішінен ең сенімді негіз ретінде автографты, яғни қаламгердің өз қолымен жазылған мәтінді бөліп алып, оған айрықша мән беріп, ерекше көрсету – қалыптасқан тәжірбие. Бірақ авторлардың қолжазбаларына деген ықыласы әртүрлі болатынын есепке алу керек. Бальзак оларға салғырт қараған, ал А. Чехов болса жыртып тастап отырған. Ғ.Мүсірепов қарындашпен жазғанын өшіріп тастап, түзетіп қайтадан жазып отырған. М. Әуезовтың эпопеяның соңғы кітаптарын ауызша айтып отырып басқызғаны мәлім. Л. Толстой өз жазбаларын, қағаздарын ыждаһатпен жинап, реттеп сақтаған. Қазіргі кезде оның 165000 парақтан тұратын қолжазбалары музейінде сақтаулы тұр. Бүгінгі жазушылардың дені шығармаларының электрондық нұсқасын жасауға ғана ынталы, ал олардың шығармашылық ізденістерінің барысы назардан тыс қалатыны өкінішті.
Әртүрлі жағдайларға байланысты қолжазбалардың авторлық нұсқасы болмаған кезде мәтінтану басқа деректерге жүгінеді. Мұндайда қаламгердің хаттары, күнделіктері, жазбалары, мемуарлары, замандастары мен жақындарының естеліктері сияқты қосымша материалдарға ерекше көңіл бөлінеді. С. Мұқанов оқушыларынан мыңдаған хат алған, солардың көбіне жазушының өз қолымен жауап жазылған. Оқырман сұрақтарына жауап, сауалдарына шешім іздеу барысында жазушының жеке тұлғасы, өмірінің басты кезеңдері, шығармашылық еңбегінің кейбір қырлары мен құпиялары айқындалып отыратынын біраз зерттеушілер көрсеткен. Л.Толстой 10000-нан астам хат жазып, өзі 50000-ға жуық хабар алған. А. Чеховтың 30 томдық шығармалар жинағының 12 томын хаттар құрайды. Ондағы мәліметтер мен деректер жазушының шығармашыдық еңбегінің қыр-сырын, мәтіннің шығармашылық тарихының кейбір кезеңдерін нақтылауға, талдауға бағалы дерек-дәйек болатынын тәжірибе көрсетіп отыр.
Әрине, мәтінтануда авторлық қолжазбаның орны айрықша. Суреткердің жазу мәнері мен ақ қағазға ой-сезімін түсіру машығының өзіндік ерекшеліктері болады. Мәтінтанушылар автордың қолын жазбай тануға ерекше мән береді, өйткені оның өзгеруі көп нәрседен хабар беріп тұратын ақпараттық белгі деп саналады.
Ежелгі әдебиет нұсқаларының мәтіндеріне қатысты қолжазба, автограф, тізім деген ұғымдардың ғылыми қолданыста жүргені тиімді. А.Яссауи хикметтердің авторлық қолжазбалары табылмай отыр, автографтары да белгісіз, әртүрлі көшірмелерінің тізімі ғана бар. Абай өлеңдері автографтарының көбі табылмай отырғаны өкінішті. Мүрсейіт көшірмелері ғана сақталған. Ал әр жылдардағы басылымдарының тізімі ғана белгілі.
Қаламгердің көркем мәтінмен шығармашылық жұмысының барысын көрсететін нұсқа автограф деп аталады. Ол – жұмыс нұсқасы мен автордың өз қолымен таза етіп көшірілген мәтіннен тұрады. Автографтар – шығармашылық үдерістің біршама кезеңдерінен анық ақпарат бере алатын, мәтінтану үшін өте бағалы құжаттар болып саналады.
Көшірме мәтін көбінесе түнұсқаға қарап жасалады. Абай өлеңдерінің әр түрлі көшірмелеріне бұлай қарауға болмайтындай, себебі олар көшірмеден жасалған көшірме болып есептеледі. Қазіргі ғылым копияға, яғни тікелей көшірме деген қалыптасқан түсінікке көп жағдайда сай емес. Көшірме нұсқалар мен түпнұсқа арасында айырмашылықтар кейде аз, кейде көп болады, бірақ ондағы механикалық қателіктер оларды көшірме мәтін деп тануға бөгет болмайды.
Автордың өз мәтінімен шығармашылық жұмысының соңғы кезеңі әдетті мәтінді тексеру, яғни түзету, немесе корректуралық еңбек саналады. Басылым болып, жарық көрудің алдында шығарманы тағы бір сыннан өткізу кезінде қаламгердің өзі өзгерістер енгізген мәтін де бағалы болып саналады. Авторлық ойдың ұшталуы, идеолектінің жетілдірілуі сияқты ізденістерді осы жерден байқауға болады. Сондықтан авторлық корректура жасалған мәтінді мүмкіндігі болса сақтап қалу керек, ол канондық мәтін дайындау үшін аса қажет.
Мәтін тарихы – мәтінтанудағы іргелі ұғым, ол мәтіннің ой түрткісінен соңғы нүктесіне дейінгі автордың шығармашылық шығармашылық еңбегінің үдерісін қамтиды. Ал ғалымдар оның хронологиялық сипатын мәтін бастауларын сүйене отырып түзеді. Әрине, мүмкіндікке сай мәтінге қатысы бар барлық деректерді қамтыған дұрыс, бірақ ол тізім қатары құжаттар мен мәтіндердің сақталуына тәуелді екені түсінікті. Мәтін тарихы – шығармашылық ізденіс тарихының материалдық көрінісі дегенге бекіну керек болар.
Мәтінтануда мәтін редакциясы, шығарма нұсқасы, вариант деген түсініктер жиі, кейде аралас қолданылып жүре береді. Олардың бір-біріне ұқсастықтары да, мағыналық айырымдары да бар. Вариант пен редакция мәтінді шығармашылық өңдеудің кезеңі мен көлеміне байланысты анықталды.
Редакциялық өңдеу мен түзетуден, жетілдіру мен нақтылаудан өткеннен кейінгі мәтін редакцияланған мәтін немесе қысқаша мәтіннің редакциясы деп аталады. Мәтін редакциясына автор, баспа редакторы, цензор қатысуы мүмкін деп есептеледі. Олар бір кездері шығарманың идеялық мазмұныныа, көркемдік пішініне, мәліметтер мен деректерге сол кездегі ережелерге сай түзету енгізуге құқылы болғаны мәлім. Мәтінтануда автор редакцияланған мәтін өте құнды құжат деп саналады. «Қан мен тер» трилогиясының әр басылымы автор редакциясына ұшырап отырғаны мәлім. Ә.Нүрпейісовтің енгізген толықтырулары мен өңдеулері шығарманы оқырмандарға жақындатуға, көркемдік сапасын арттыруға бағытталғанын сыншылар айтып жүр. Мұндай өзгерістердің негізінде авторлық ойдың жетілуі идеялық мағыналар қабатын көбейту мақсаты да жатуы ықтимал. Мәтінтану тәжірибесінде редакцияларды рет –ретімен тізіп отыру, олардың әрқайсысына не нөмір, не атау беріп отыру дәстүрі бар. Абайдың жинақтарының басылып шыққан жылдарына байланысты 1910, 1924, 1961 жылғы редакциялар ьелгілі, кейінгі басылымдарды есепке алып отыру да – мәтінтанушылардың міндеті. Ал әрбір зерттеушінің Абайдың өлеңін талдамас бұрын сол туындының мәтіндік тарихын, әр басылымдағы өзгерістерді таразылап алған жөн. Сонымен қатар зерттеу ныасанына қатысты мәтінтанушылардың еңбектеріне мұқият назар аударудың мәтінді филологиялық талдаудың қай түріне болсын пайдалы екенін еске салмақпыз.
Көркем мәтіннің варианттары деген ұғым ғылымда кең қолданылады, оны қазақша нұсқа деп жүрміз. Бір мәтіннің түпнұсқадан аздаған өзгешеліктері бар бастауларын нұсқа деп атау – қалыптасқан жағдай, онда мәтіндегі өзгерістердің мазмұндық, мағыналық, пішіндік жағынан айтарлықтай әсері болмағаны қадағаланады. Автор қолымен жасалған түзетулердің әрқайсысының табиғаты, себебі жан-жақты сарапталғаны дұрыс, тек осындай талдаулардан соң ғана мәтіннің нұсқасын жеке ақпарат көзі деп тану жөнінде шешім шығарылады. Ауыз әдебиеті нұсқаларын жүйелеу де негізінен осылайша жүргізілген.
Оқырманды әманда шығармашылық еңбектің құпиялары қызықтыратыны белгілі. Алғашқы ойтүрткі, оның әртүрлі жағдайларға қатысты дамуы, өзгеруі, ақыр аяғында көркем мәтінге айналуының үдерісі көп жағдайда адресат үшін әуелі белгісіз болады. Бірақ оған деген қызығушылық тоқтамайды. Көркем мәтіннің тарихын бүге-шүгесіне дейін білу шығармадағы автор мақсатын толығырақ анықтауға, шығармашылық еңбектің сапасын нақтылауға, мәтіннің мазмұны мен мағынасын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретіні мойындалған. Сондықтан әрбір айтулы әдеби туындылардың мәтінінің тарихын арнайы зерттеу қазіргі көкейкесті ғылыми мәселелердің қатарында тұр. Мәтін тарихы мен теориясының тығыз байланысты қарастырылуы мәтінтану үшін өте маңызды. Сондықтан мәтін туралы әдебиеттану, лингвистика, әдеби сын салаларындағы ақпаратты есепке алып отырған тиімді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   50




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет