Қазақ тілі сабақтарындағы шығармашылық жұмыстардың түрлері



Дата27.12.2016
өлшемі75,76 Kb.
#5729
Қазақ тілі сабақтарындағы шығармашылық

жұмыстардың түрлері
І.Кіріспе
ХХІ ғасыр мектебінің мұраты-жас жеткіншектерді жауапкершілігі жоғары, парасатты, адамгершілік мәдениеті қалыптасқан, өмірге икемді, прогрессивті ойлай алатын белсенді, жеке шығармашылық қабілеті бар, ұлтжанды тұлға етіп тәрбиелеу.Осыған байланысты еліміздің орта білімді дамыту тұжырымдамасында «білім беру мекемелерінің ең негізгі мақсаты:дүниетанымдылық, құзырлық, шығармашылық»,-деп атап көрсетілген.Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда кәсіби жетістікке жалпы және арнайы қабілеттілік, білімділік, шығармашылық арқылы ғана жетуге болады.Сондықтан ата-аналардың, мұғалімдердің алдында жаңа міндет тұр:балалардың жеке қабілеттілігін, бейімділігін анықтау және оны дамыту, соның негізінде олардың болашағына бағыт беру.
ІІ. Негізгі бөлім
Қазіргі білім берудің басты мақсаты-шығармашыл тұлға қалыптастыру. Егеменді еліміздің ең басты мұраты өркениетті  елдер қатарына көтерілуі болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған,рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Оқушының танымдық, шығармашылық қабілеттерін дамыту және оны тәрбиелеу – бүгінгі таңдағы мектеп мұғалімдерінің алдындағы көкейтесті мәселелердің бірі.

Шығармашылық дегеніміз-оқушының белсенділігі мен дербес іс-әрекетінің ең жоғарғы түрі. Бұл мәселені шешуде шығармашылық тапсырмалардың орны ерекше. Шығармашылық бағыттағы тапсырмалар оқушының білім деңгейін-оқушылық деңгейден шығармашылық деңгейге көтеруге жол ашады. Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту жолдарын үш кезең арқылы жүзеге асыруға болады.

Бірінші кезең-жаңаны,тың нәрсені дамыту, түпкі идеяны табуға ұмтылу. Бұл кезеңде әдеби- шығармашылық тапсырмалар беріліп, төмендегідей талаптар бойынша жұмыс жүргізіледі:шығарманы бөлімдерге бөліп, тақырыбын жазып келу; кейіпкер тобын ажыратып, олардың арасындағы шиеленісті түсіндіру;шығарма мазмұнына сай қанатты сөздерді ойлап жазу; әңгіменің белгілі бір бөлімінің көркемдік ерекшелігіне талдау жүргізу.

Екінші кезең-қиял, ұшқыр ой қалыптастыру.Бұл кезең –оқиға құрудың, образ жасаудың мүмкіндігі бар кезең. Мұнда оқушыға ертегі, әңгіме, мақалдарды жалғастырып жазу және аяқтау тапсырылады. Оқушы қиялға ерік беріп, оқиғаны дамыта отырып шығармашылық  жұмыс істейді.Өз бетінше іздену-шығармашылық қабілетін ашудың көзі. Бұл бағытта төмендегідей жұмыстар арқылы оқушының таным көкжиегін арттыра түсеміз.

Логикалық ойын дамытатын тапсырмалар (сөзжұмбақ, ребус шешу, жұмбақ, мақал-мәтел, қанатты сөздер құрастыру).Берілген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс түрлері (Мәтінді өндеу, берілген мәтіннен диалог құрастыру, мәтін бойынша шешендік сөз құрастыру).Өз ойынан еркін тақырып құрастыруға берілген жұмыс түрлері (Өлең, ертегі, әңгіме, шығарма жазу)

Оқушылардың шығармашылық қабілетін де дамыту үшін басым міндетті оқушының өз қолына беріп отырған дұрыс.Бұл орайда сыныпты топқа бөліп, тақырыпқа сәйкес өлең құрастыру, қанатты сөз ойлап табу, шағын әңгімелер жазу тапсырылады.

Үшінші кезең-тапқырлық пен шеберлікке шыңдалу кезеңі. Бұл кезеңде оқушы белгілі бір шығармаға өзіндік көзқарас білдіріп, пікір (рецензия) жазады, мәтінге әдеби-теориялық толық талдау жүргізеді, кіші ғылыми жұмыстарды қорғайды, әңгіме жазады. Осы үш кезеңнен өткен оқушы нағыз шығармашыл тұлға болып дараланады.
Шығармашылық – бүкіл  тіршілік көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі. Демек, білім беру ісіндегі басты бағдар оқушылардың тек шығармашылық мүмкіндіктерін дамытып қана қоймай, олардың шынайы өмірде дара тұлға болып әзірленуіне бағытталады.

       Мектеп – бұл оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін, ерекше құнды, қайталанбас кезеңі. Сондықтан да ондағы білім беру ісі – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да қадірлі жұмыс. Мектеп балаға белгілі бір білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқыту, қоршаған ортада дұрыс көзқараста болу, жағдайларды объективті түрде бағалап, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйретеді.Жеке тұлғаның рухани өсуі дегеніміз-кісілік қасиетін, шығармашылық қасиетін, дүниетанымын кеңейту.Біреулер айналадағы құбылысқа таңдана, тамашалай қарайды, ал енді біреулер сын көзімен қарап, ой қорытуы, сыни пікірлер айтуы мүмкін.Психологтердің зерттеуінше, әрбір жаста шығармашылыққа баулуға өзек болардай өзіндік қабілет, бейімділік болады.Сондықтан баланы сәби кезінен бастап мектеп бітіргенге дейін үзбей, жүйелі түрде шығармашылыққа баулып, ақыл-ойын, икемділігін дамыту қажет.Орта буын оқушыларының (5-6 сынып) шығармашылық мүмкіндіктері зор, өйткені, олар шығармашылыпен тұрақты, белсенді айналысуға икемді келеді.

Шығармашылық қызығуы қалыптасқан оқушылардың мынадай ерекшеліктері болады:

-балалардың өзіндік ойлау ерекшеліктері басым, түрлі болжамдар жасауға қабілетті, қиялы ұшқыр, өзін танытуға құштар;

-шығармашылықпен айналысуға ұмтылып тұрады, шығармашылық күшін сынауға тырысады;

-қиялдары жүйрік, бейнелер сомдауға шебер, жан дүниесі нәзік;

-бұл жастағылар ақыл-ой қабілеттілігін тек өзін қызықтырған іске бағыттайды, ал қызықтырмаған істе қалыпты білік-дағдыларымен шектеледі;

-оқушылар мазмұндама, мінездеме жазудан гөрі әңгіме, өлең, ертегі жазуға бейім.

Оқушыларды шығармашылыққа баулу үшін тағы бір қажеттілік – оларды психологиялық дайындықтан өткізу, яғни балалық шабытын оятып, құлшындырып, еліктіру. «Сенің қолыңнан бәрі келеді екен ғой», «Өзің де бәрін біліп, үйреніп  аласың» деп олардың кішкентай жетістіктерін мадақтап, көтермелеп отыру қажет. Алдындағы жетістіктеріне құптаушылық көрсетіп, сезім күйін бақылап, қамқорлық жасау керек. Оқушының қойған сұрақтарына пейілмен дұрыс жауап беріп, алдына проблема қойып оны шешуге ықпал жасап отырған дұрыс. Сонда оқушы ынталанып, алға ұмтылады, шығармашылық қабілетін дамытады.

Сонымен қатар, сабақ беру процесінде оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулудың маңызы зор. Жазба  жұмыстары олардың танымдық белсенділіктерін, ойлау жүйесін арттыруға көмектеседі. Жазба жұмыстарынан әр баланың өзіндік көзқарасын, эстетикалық және адамгершілік танымы, эмоциясы, пікірі, талдау, қорытындылау, салыстыра білу және одан қорытынды жасау қасиеттері байқалып тұруы қажет деп ойлаймын.

        М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» оқулығында бала дамуының мәселелерін көтереді. Ол үшін оның танымын, ақылын, еркін қалыптастыру керек екенін жазады.

        Баланың шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселелерін талдау ең алдымен «қабілет» ұғымының мәнін терең түсініп алуды талап етеді.

        Ж. Аймауытовтың пікірінше, адам өмірге өзіндік табиғи қасиеттерімен, қабілеттерімен келеді. Ал, баланың бойындағы туа біткен қасиеттерді дамытатын оқыту мен тәрбие. Неғұрлым баланың қабілеті мен талантын дамытуға ертерек көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Бала бойындағы ерекше қасиеттерді жасы үлкендер жеткілікті бағаламаса, ол «өзгелер сияқты» болып қалып қоюы мүмкін», – дейді. 

            Психологтар бала қабілетінің екі түрлі деңгейі болатынын дәлелдейді. Соның бірі шығармашылық әдіс – жаңа нәрсені ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі. Ол үшін оқушыға бағыт-бағдар бере отырып, баланың өз бетімен жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек деп ойлаймын.

Оқушының өз бетімен жұмыс жүргізуі – шығармашылық қабілетті дамытудың басты жолы. Бұл ізденіс, ойлау әрекетімен тікелей байланысты. Ол үшін балаға берілетін білім сабақтастықты қажет етеді. Мысалы, есімдіктер тақырыбы бойынша түрлі жұмбақтар шештіру, есімдік сөз қатысқан мәтінді оқу, көркем мәтіннен есімдіктерді табу, оқушының тілін дамыту ғана емес, шығармашылықпен жұмыс жүргізуге де әсер етеді, яғни оқушы ізденеді, талаптанады, ойланады.

Оқу іс әрекетінде мұғалім мен оқушы тығыз байланыста болуы керек. Ол үшін мұғалім бар күш-жігерін, педагогикалық шеберлігін оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашуға, үйлесімді дамытуға бағыттауы, шығармашылық жағдай жасауы қажет. Ал оқушы өз тарапынан белсенділік, дербестілік көрсетуі, өзіне деген сенімділігі арқылы шығармашылық әрекетті қалыптастыра алады. Сонымен бірге, әрбір сабақ үстінде шығармашылық тапсырма беріп отыруы тиіс. Шығармашылық тапсырма түрлерін сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне, шығармашылық қабілетінің даралығына қарап, әр сынып бойынша әрі қарай жалғастыра беруге болады.

Оқушы шығармашылығы практикалық әрекеттер, ізденімпаздық арқылы дамиды. Шығармашылыққа үйрететін сабақтар – жаңа технологияларды қолдану болып табылады. Мұндай сабақтарда оқушыға ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасында ынтымақтастық қатынас сақталады. Мұғалім бақылаушы емес, бағалаушы емес, танымдық іс-әрекетін ұйымдастыратын шығармашылық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана оқушы интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытады.

Оқушыларды шығармашылық іс-әрекетке баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылықтарын арттыра түсу үшін әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады:


Балаларға белгілі тақырыпта әңгіме оқып, оқушыларға басқаша аяқтауға кілт боларлық сюжет ұсыну.Әңгіменің, ертегінің сюжетін бастап беру, аяқтауды оқушыларға тапсыру.Ертегіні ұжым болып тыңдау. Ұнатқан кейіпкерлеріне мінездеме беру.Қиялдау арқылы сурет салғазу, ролмен ойнату.Арнайы тақырыпта пікірталас тудыру.
Сыныбымдағы әр оқушының пән бойынша ізденімпаздық деңгейлері анықтаймын. Сонымен қатар пәнге қабілеттілігі, қызығушылығы анықталады. Шығармашылық әр оқушының жеке қабілеттері мен мүмкіндіктерін, танымдық іс-әрекеттері мен дағдыларының дәрежесін көрсетіп береді.

XXI  ғасыр - білім ғасыры. Тек білімді азаматтарымен ғана еліміздің болашағы жарқын болмақ. Білімді ұрпағы бар мемлекет өзінің даму жолында кез келген кедергілер мен тосқауылдарға қарсы тұра алады. 

            Ұстаз еңбегі – оқушы білімімен өлшенеді десек, ұстаз еңбегінің күрделілігі – әрбір оқушы жүрегіне жол таба білуінде. Әрбір баланың бойындағы қабілетті дамыту арқылы өзін, өмірді, әлемді танып білуге, қоғам алдындағы жауапкершілік қасиеттерін сезіндіре білуінде жатыр.

            Қорыта айтқанда, оқушының оқу үрдісінде танымдық белсенділігін, қабілетін дамыту, танымдық жан қуаттарының оянуына ықпал ету, білім деңгейін жетілдіру ұзақ әрі жүйелі жүргізілетін жұмыстар нәтижесінде қалыптасады.Оқушы бойында шығармашылықты дамытуда үздіксіз құлшыныс, оқуға, білім алуға деген ұмтылыс ұдайы өшпей, күннен-күнге дами түсуі қажет. Сонда ғана оқушы бойында білім нұры тасып, сыныптан-сыныпқа көшкен сайын оқушының ішкі дүниесі, сыртқы ортамен байланысы дамып, оқушы дүниетанымы арта түсері анық



Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Қазақстан мектебі №5, №8 2012 жыл

2.Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде журналдары

3.Жайық ұстазы №3 2012 жыл


А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебі

Қазақ тілі сабақтарындағы шығармашылық

жұмыстардың түрлері

Оқыған:Ильясова Э.А.



Тамыз-2015 жыл

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет