Қазақ тілін қатысымдық негізде оқытудың тиімді жолдары



Дата20.06.2018
өлшемі45,52 Kb.
#43485
Қазақ тілін қатысымдық негізде оқытудың тиімді жолдары
Тіл – адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, сөйлесуін қамтамасыз ете келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне асырады. Ғалымдар осы қарым-қатынас, сөйлеу құралы болып табылатын тілді әр түрлі ерекшеліктеріне қарай жан-жақты зерттеп келеді. Бұл ғылыми мәселенің тіл білімінде анықталуы тілді оқытуға байланысты қатысым әдісін (коммуникативный метод) туғызды. Қазір халықаралық қатынас жан-жақты дамыған уақытта тілді оқыту мен үйретуге айрықша назар аударылып отырғаны белгілі.

Тілді оқытудың ұтымды әдістерін іздестіру ғылымда қатысым әдісін алға шығарды. «Коммуникация» сөзінің негізгі мазмұны жалпы қарым-қатынас, араласу, хабарласу, байланыс деген сияқты мағыналарды білдіре келіп, адамдардың тіл арқылы сөйлесу процесін, тілдесу ерекшеліктерін, тілдің әлеуметтік мәні мен қоғамдық қызметін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, өзара түсінушілікті көрсетеді. Сонымен, «коммуникация» - қарым-қатынас, өзара байланыс деген ұғымды білдіреді. Тілді үйретуге қатысты әдісті сөз еткенде, арнайы қарастырған тілші-әдіскер – Е.И.Пассов. Ол қатысымдық әдісті сөз етпестен бұрын, жалпы оқыту әдісіне тән бірнеше белгілерді бөліп шығарды.

Мұндай белгілер мыналар:

1. Әрбір оқыту әдісі белгілі бір мақсатқа жетудің құралы болып табылады. Қатысымдық әдістің негізгі мақсаты – сөйлеу әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерте білу.

2. Әдіс оқыту процесіндегі тактиканы емес, стратегияны анықтайды, сондықтан да ол (әдіс) оқытудың шартына тәуелді болмайды.

3. Оқыту әдісінің аумағы өте кең, сондықтан сөйлеу әрекетінің қай түрінде болсын оқытудың барлық жақтары қамтылады.

4. Әдісте барлық қағидалардың басын біріктіретін ең басты, негізгі идея болады. Басты идея методологиялық рөл атқара келіп, әдістің жүзеге асуы үшін барлық мәселелердің басын біріктіреді.

Сөз болып отырған әдіске қатысты негізгі идея, басты өзек – қатысым болып табылады.

Тілдерді үйрету әдісі үнемі заман талабына, уақыт ағымына қарай өзгеріп, дамып, жетіліп отырады.

Орыс тілді мектептегі қазақ тілі пәнінің мақсаты оқушылардың қарым-қатынас біліктілігін, яғни тілдік және танымдық біліктілікпен қамтамасыз ету екендігі Қазақстан Республикасының жалпы білім берудің мемлекеттік стандартында көрсетілген.

Қазақ тілі – оқушыға ертеңгі күні үлкен өмірге араласқанда оның қоғамдағы қызметіне көмегін тигізетін, жұмысында, күнделікті өмірінде қажетіне жарайтындай білім бере алатын аса білікті пәндердің бірі. Осы үлкен міндетті жүзеге асыру мектептің, оқытушылардың қызметіне тікелей байланысты және мемлекеттік тілдің қолданылу аясына, қабылданған заңдардың сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындалуына да байланысты. Қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың пікір айту, ауызша сөйлеу, жазбаша сауатты жазу, қоғамның өзге өкілдерімен дұрыс қарым-қатынас жасау, яғни әрбір адамға керекті коммуникмтивтік дағдыларды қалыптастыру мәселелерін шешуге міндеттіміз. Тілді мазмұнсыз, мағынасыз меңгеру мүмкін емес. Тіл арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, болмысы танылады. Осы мақсатқа жетсек қана Қазақстанның саналы азаматын тәрбиелейміз. Ғасырлар тоғысындағы қоғамдағы күрделі өзгерістер, білім беру сапасына жаңа көзқарас, жаңа ағым, жаңа сапалық деңгейге көтеретін іс-әрекет

әкелгені – заңды құбылыс.

Осыған байланысты менің міндетім – мәдениетті түрде білімімен, іскерлігімен қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, осы мақсатқа жететіндей тиімді жол арқылы жүзеге асыру.

Сондықтан, мен қазақ тілінде қатысым әдісі, оның ерекшеліктері мен негізгі қағидалары, тіл үйренудегі осы әдістің ұтымдылығы оны сөйлесімдік дағдыларына сай қарастыруды талап етіп отырмын.

Айтылымда қазақша сөйлеуге үйрету сапалы болу үшін басты-басты мынадай жағдайларды ескеру қажет.

1. Үйренетін тілде сөйлеуге деген қажеттілік.

2. Қоршаған орта, жағдайдың әсері.

3. Жеке бастың қабілетін ескеру.

4. Сөйлеудің түпкі мақсатын айқындау.

Үйренетін тілде сөйлеуге деген қажеттілік болмаса, сөйлеудің қаншама жолдарын меңгергенмен, ол жасанды рөл атқарады да, бірте-бірте өзінің өміршеңдігін жояды. Сөйлесімге деген қажеттілік оқытушы тарапынан да, оқушы тарапынан да бірдей болу қажет.

Мәселен, мұғалім оқушыны сөзге тару үшін сөйлесуге түрліше қадам жасау керек. Ол:


  • Кешке үйде боласың ба? – десе оқушы:

  • Жоқ, болмаймын,-деп, диалогты бірден үзе салуы мүмкін.

Ал егер:

  • Кешке не істейсің? Мен сенің кешке уақытыңның қалай болатынын білгім келеді,- десеңіз, ол:

  • Мен үйде боламын. Сізге менің қажетім бар ма? Немесе:

  • Мен кешке театрға барамын.

  • Уақытыңыз болса, бірге барайық, егер баратын болсаңыз маған телефон соғыңыз.

  • Жарайды, рахмет, көріскенше! – деуі мүмкін.

Осындайдан барып өз-өзінен туындап жатқан сөйлесудің үлгілері пайда болады. Демек, сөйлеуге үйренудің сыртқы жағдайларымен қатар, ауызша тілдесудің ішкі жағдайларға қатысты қажеттілігі де маңызды рөл атқарады.

Сөйлеуге үйретуде қоршаған орта мен жағдайдың әсерін ескеру оқу процесін тікелей өмірмен жалғастырады. Сол себепті ситуациялық көрініс өмірде болып жатқан құбылыстарды бірден түсініп, ауызша тіл арқылы жеткізіп беруге жол ашады. Сабақта сөйлеудің барлық формалары (монолог, диалог т.б) сөйлеушілердің ыңғайына қарай атқарыла береді.

Сабақта диалог жүргізуге арналған тірек схеманы пайдалану барысында оқушылар білімдерін тереңдетіп, жалпы ой-өрістерін дамытып қана қоймай, сонымен қатар коммуникативтік іскерліктері мен дағдылары жетіледі.

Диалог жүргізуге арналған тірек схема:


Сұрақ Жауап

/вопрос/ /ответ/



Қосымша сұрақ Жауап

/доплнит. вопрос/ /ответ/




Өтініш Ақыл-кеңес

/просьба/ /совет/


Өтініш Қайталау

/просьба/ /повторение/

Алғыс

/благодарность/



Мұғалім: Представьте себе, что больной зашел в аптеку и указывая на предмет (указывает на лекарство), спрашивает.

  • Ауырған адам қандай сұрақ қояды?

Оқушылар: Сізде анальгин бар ма?

Мұғалім: Сатушы не деп жауап береді?

Оқушылар: Иә, бар.

Мұғалім: Ауру сатушының сөзін дұрыс түсінбей қалды. Қандай өтініш айтады?

Оқушылар: Кешіріңіз, түсінбей қалдым, қайталаңызшы.

Мұғалім: Ауру сатушыға қандай алғыс айтады.

Оқушылар: Сізге көп рахмет! Сау болыңыз!

Әр сабақта тақырыпқа байланысты диалог түрлерін өзгертіп отыруға болады. Мысалы: «Дүкенде», «Кітапханада», «Асханада», «Көшеде», «Қазақ тілі сабағында» т.б

Мұндай сабақ түрі оқушыларды ауызша сөйлеуге үйретудің қызықты, әрі тиімді түрі. Оқушылар бұған ықыласпен қатысады, ал бұл олардың қазақ тіліне деген ынтасын арттыруға септігін тигізеді.

Төменгі сынып оқушыларымен диалогты ойын түрінде өткізуге «Қазақ тілі» оқулығы өте қолайлы. Егер, төменгі , орта буын оқушыларымен тақырып бойынша диалог түрлерін меңгертсе, жоғарғы сыныптарда оқушылар арасында ешқандай қиындық туғызбайды.

Сабақ барысында әр тапсырманы орындап болған соң, белсенді қатысқан оқушыларды, қатарды атап көрсетіп, мадақтап, әрқайсысының жауаптарын қорытындылап баға қойылады.

Сөйлеуге үйретуде мұғалімге оқушының жеке басына тән өзіндік қасиеттерін, мінез-құлқы мен қабілетін үнемі ескеріп отыруы керек Мұның өзі әр оқушымен жеке-дара жұмыс істеуге, әрқайсысымен қарым-қатынаста болуға мәжбүр етеді. Сонда ғана тіл үйренудің сапасы артады.

Кез келген оқыту процесінің нәтижесі де, қазақ тілінің іс жүзінде қолданылу аясы да, ең алдымен, сол пәнді оқыту жүйесіне қатысты жасалған бағдарламаға тікелей байланысты.

Бағдарлама – бүкіл оқыту процесіне ғана емес, әрбір оқушы үшін де қажетті құрал.

Әр сабақтың, тапсырманың және жаттығудың басты мақсатқа жету талабы айқын болса, оқушының да оны түсінуі тез болады.

Тілді іс жүзінде, күнделікті өмірде қолдана білуге үйретудің жолы деп, жаңа буын оқулықтарында көбінесе арнайы тақырыптар алынып, лексикалық материалдар жиі қайталанып келеді. Мысалы, «Отбасы», «Менің демалыс күнім», «Қонақта», «Мен таңдаған мамандық» т.б. Тақырып арқылы сөйлеуге үйрету, біріншіден, тіл үйренушілерге не туралы айту керек екенін аңғартса, екіншіден, қалай айту керек, қандай сөздерді білу керектігіне назар аудартады.

Сол себепті тақырыпты басты белгі ретінде алып, сол тақырыптың төңірегінде әңгімелесу оқушыға оған қатысты өмірлік жағдайларды меңгеруге жәрдем береді. Бұл ретте тақырыппен қатар сөздік, грамматика, дыбыстардың айтылуы, тілдік ережелер мен заңдылықтар – бәрі комплексті түрде бірге жүргізіледі.

«Шет тілін меңгертудегі негізгі әрекет – қарым-қатынас үрдісі, сөйлеу қатынасы» \1\ екендігі бүгінгі күнде бұлтартпас ақиқат екендігі белгілі. Сол себепті де мемлекеттік тілімізді басқа ұлт өкілдеріне меңгертуде дүние жүзінің әдістеме ғылымында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген қатысымдық бағытты ұстану бүгінгі күннің аса өзекті мәселелерінің бірі.

Қазақ тіл білімінде қатысымдық әдістің негізін қалаған профессор Ф.Оразбаева берген анықтамаға жүгінсек, «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі» \2\.

Сөйлеу үшін оқушы тілдік көрсеткіштер мен сөйлеуде жұмсалатын тұлғалардың тіркесу заңдылықтарын білуі, тілдік құралдарды қолданудың амал-тәсілдерін меңгеруі қажет.

Сөйлеу кезінде тілдік тұлғалардан бұрын қатысымдық тұлғаларға, әсіресе олардың байланысу, қолданылу жолдарына, амалдарына ерекше назар аударылады. Мұнда тілдің кіші, үлкен, дара, күрделі бөлшектерінің бәрі бір ортақ мақсатқа – сөйлей білуге, айтар ойды жеткізуге жұмсалады. Сөйтіп, адамдардың тілдік қарым-қатынасы жүзеге асады, сөйлесім, тілдесім өз нәтижесін береді.

Сөйлеуді үйрету барысында қатаң талаппен сұрыпталған лексикалық, фонетикалық, грамматикалық минимумдар мен сөздік материалдар алынады. Олардың барлығы сөйлеуді меңгеруге тікелей қатысы бар жадығаттар болып табылады.

Қатысымдық технология, негізінен: а) оқу материалын меңгеруге бағытталады; ә) оқушы тұлғасына бағытталады; б) оқытушы мен оқушының ынтымақтастығына бағытталады, сол арқылы оқу мақсаты жүзеге асырылады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас пен қатысым әдісінің ғылыми-теориялық негіздері. Пед.ғыл.докт.дис.-Алматы, 1996ж.

2. Гоноболин Ф.Н. Психология. –Москва, 1973 г.

3. Ф.де Соссюр. Труды по языкознанию. –Москва, 1977.

4. Комков И.Ф. Речевая коммуникация и вопросы обучения иностранным языкам //

в сб.Коммуникация и обучение иностранным языкам. –Минск, 1970 г.



5. Оразбаева Ф.Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі.–Алматы, 2000

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет