Негізгі бөлім. Қазіргі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен цифрлық құрылғылардың дамуы мен оқиғалардың жылдам өзгеру заманында негізгі қажеттілік - өмірде болып жатқан әртүрлі процестерді жаңа әдіс-тәсілдермен ұйымдастыру болып табылады. Сол себепті, білім беру жүйесінің инновациялық құралы күрделі, үнемі өзгеріп отыратын әлемде жұмыс істеуге қабілетті мамандар даярлауға бағытталуы тиіс. Оқыту әдістемесі - әрдайым оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын, заңдылықтары мен әдістерін толықтырып, басқа елдердің жаңалығын салыстырмалы түрде зерделеуді, ізденуді қажет ететін ғылым. Сондай-ақ, қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде үйренушілерге арналған әдістеме міндетті түрде оқытудың дәстүрлі және инновациялық әдістері мен тәсілдерінің ұштасуын қажет етеді. Оқыту әдістемесінің негізін қалаушы А.Байтұрсынұлы: «Адамның өзінде кәмілдік болмаған соң, ісінде де кәмілдік жоқ» - дейді. Сабақ беру барысында мұғалім білімі мен шеберлігін жетілдіріп және жаңа оқу жолын меңгеру қажеттілігін баса жазған болатын. Әрбір оқытушыға тілді оқытудың тиімді әдістері мен сан алуан жаттығулар жиынтығын таңдап алу өте маңызды. Дегенмен, өзіндік әдістемелік концепцияларды қалыптастыруда мақсат, мазмұн, оқыту әдістері мен құралдар сияқты негізі базалық әдістеме категориялары да қамтылуы тиіс.
Қазіргі индустриалды қоғам жан-жақты дамыған, коммуникативтік қабілеттері жоғары, әлемдік қоғамдастықта табысты жұмыс істей алатын тұлғаны талап етеді. Сол себептен тілді оқытуда бірінші мақсатта коммуникативті құзыреттілігін қалыптастыру керек. Коммуникативті құзыреттілік әдістемелік мәні ретінде әр түрлі компетенцияларды қамтиды: тілдік, сөйлеу, әлеуметтік-мәдени, компенсаторлық және оқу-танымдық. Қазіргі кезде білім берудің жаңа мазмұнының басты ерекшелігі пәндік білім алуда әмбебап дағдыларды дамытуға баса назар аудару болып табылады. Бұл ерекшелік - өзін-өзі дамыту, ұйымшылдық, шешім қабылдау және нәтижеге жету дағдыларын, стандартты емес міндеттерді шешу, бейімделу, қарым-қатынас дағдыларын, тұлғааралық және мәдениетаралық құзыреттіліктерді, эмоционалды интеллектті, цифрлық дағдыларды және т. б құрайды. Сонымен, шет тілдерді, тілді меңгертудің тиімділігі оқыту әдістеріне байланысты екені белгілі. Ал оқытудың кез-келген әдісі - мұғалім оқушылардың танымдық және практикалық іс-әрекеттерін ұйымдастыратын, білім беру мазмұнын игеруін қамтамасыз ететін мақсаттық жүйе деп айтуға болады. Яғни, оқыту әдісі - оқыту әдістерінің жиынтығы арқылы білім беру мазмұнын игеруді қамтамасыз ететін оқыту жүйесі.
Жоғарыда көтерілген мәселелерді іске асыру қойылған мақсат пен тілді оқыту әдістеріне байланысты. Қазіргі білім беру жүйесінде дәстүрлі және балама оқыту әдістері деп бөліп қарастыру дәстүрге айналды. Біздің ойымызша сабақ жоспарында қойылған мақсаттың тиімді орындалуы үшін, сабақтың тақырыбына қатысты әдіс-тәсілді біріктіріп өткізу қажет. Мәселен, қазіргі таңда әрбір сабақ барысында компьютерлік бағдармалар мен интернет ресурстарты пайдалану өте тиімді. Ақпараттық технологияларды қолдану практикалық дағдыларды жетілдіруге ықпал етеді, өзіндік жұмысты тиімді ұйымдастыруға және оқу процесінде уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді және оқушылардың тақырыпты меңгеруге қызығушылығы, танымдық белсенділігі арттады, шығармашылық әлеуетін дамытады. Белгілі бір интернет желісін қолдана отырып, компьютер арқылы тақырып пен тапсырмаларды үйрету, жобалар, эссе жазу, шығармашылық тапсырмаларды орындау тиімді. Сұрақтарға жауап беру, тест тапсыру, тақырыпты бағалау, технологиялық құралдар сияқты формаларды қолдануда оқулыққа қосымша көмек болып табылады. Сонымен қатар, электрондық оқу құралы дидактикалық тапсырмаларды, яғни визуалды және аудио ақпаратты беруімен құнды. Тақырыпқа қатысты сіз кинохрониканы, деректі және көркем фильмдерден үзінділерді, интернет-ресурстардан аннимациялық диаграммаларды пайдалана аласыз. Мұндай мүмкіндіктер сабаққа дайындық кезінде мұғалімнің көмекшісі болып табылады және оқу процесінің сапасын арттырады. Мұғалім мен оқушыны байланыстырады, әр оқушыға өз қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді.
ХХ ғасырдың аяғына қарай танымал болған коммуникативті әдістеме әлі күнге дейін есте сақтаудың ең тиімді баламасы болып табылады. Әдістеменің негізгі идеясы балалардың санасын тілдік ортаға дағдыландыру және елдің дәстүрлі өміріне бойлату болып табылады. Сабақ еркін формада өтеді және басқа сабақтармен байланыстыруы әбден мүмкін. Коммуникативті әдістемеде қамтылатын мәселелер:түпнұсқада көркем шығармаларды оқу және онымен жұмыс істеу; кітапты екі тілді немесе көп тілдерде оқу; түпнұсқадағы видеолар қарау, жұптық немесе шағын топтарда белсенді жұмыс істеу; нақты өмірлік жағдайларды шет тілінде пысықтау; сөйлесу тәжірибесінің көп мөлшерде болуы.
Коммуникациялық әдістеме шеңберінде табысты тәжірибе алу үшін мұғалім мынандай негізгі аспектілерге сүйенуі керек: балаларды қызықтыру мақсатында ынталандыру контенті арқылы жұмыс істеу; өзекті тақырыптарды пайдалану немесе ағылшын және басқа пәндерді біріктіру; белсенді лексикалық қорды қалыптастыру; өзара әрекеттесу мен қарым-қатынасты дамытатын салауатты және достық атмосфераны сақтау; оқушыларға сөйлеу деңгейін меңгеруде жеке жауапкершілік беру; оқытылып жатқан тілде еркін сөйлесуге байланысты кедергілер мен қорқыныштарды жоюға көмектесу. Ең басты мұғалім аудиториялық уақытты дұрыс бөлу қажет. Дұрыс бөленген уақыт балаларға грамматиканы жақсы меңгеруіне, еркін сөйлеп үйренуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әлеуметтік, шығармашылық дағдыларын дамытады, сөйлесім әрекеті арқылы әңгіме барысында барлық грамматикалық құрылымдарды қолданады.