Оқылған шығарманың мазмұнын айту. Шығарманың жоспарын жасау мазмұнын айтумен тығыз байланысты. Оқылғанның мазмұнын жүйелі, байланысты түрде айтып беру сияқты синтетикалық жат-тығудың үлкен тәрбиелік мәні бар. Шығарманың мазмұнын айту барысында балалар оны алғашқы қабылдаумен байланысты туған эмоцияны басынан қайталап кешіріп қана қоймайды, сонымен қатар әңгімелеу арқылы дауыс ырғағының, бет бейнесінің көмегімен оған өзінің көзқарасын да білдіруге тырысады. Оқушының баяндау барысынан шығарманы қаншалықты терең, толық қабылдағанын байқауға болады.
Жақсы ұғынған мәтінді баяндағанда оқушы сөздерді таңдауға, оларды грамматикалық жағынан дұрыс қолдануға тырысады, яғни дұрыс сөйлеуге жаттығады. Сондықтан баяндаудың тіл дамыту үшін де маңызы орасан зор.
Баяндап беруде бастауыш сынып балаларына шығарманың үлгісі үлкен әсер етеді. I—II сынып оқушылары мәтінді жатқа дерлік айтып береді. Мұндай сырттай баяндауға қарсы бірқатар мұғалімдер оқылғанның мазмұнын өз сөздерімен айтқызу үшін біраз әрекеттер жасайды. Ал осының қайсысы пайдалы деген сұраққа мұның екеуі де пайдалы деп жауап қайтаруға болады (бұл да мәтіннің ерекшелігіне байланысты. Мысалы, ертегілер халықтың қанатты сөздеріне бай, синтаксистік құрылысы да ерекше, белгілі дауыс ырғағын талап етеді. Сондықтан оны мәтіннің тіліне жақын мазмұндату керск. Ғылыми көпшілікке арналған мақалалар жөнінде де осыны айтуға болады).
Мәтінге жақын мазмұндау механикалық түрде өтпеу үшін мұғалім дайындық жұмысын жүргізеді. Онда бейнелі суреттемелерді, сұлу сипаттамаларды көрсетіп, идиомаларды түсіндіреді, оларды қалай қолдану керек екенін айтады. Балалардың зейінін мәтіндегі кейбір сөйлем құрылыстарына аударады. Оны жеңіл, қарапайым түрде айту керектігін көрсетеді.
Тілдің құрылысына жақын мазмұндауда мәтін оқушылардың жеке ерекшеліктеріне қарай таңдалады. Әсіресе сөздік қоры тапшы балалар кітап тіліне еліктеп, мәтінге жақын баяндайды. Ал тіл байлығы мол балалар өз сөздерімен айтуларына да болады. Бірақ олар да мәтіндегі жаңа сөздерді, орынды сөз тіркестері мен синоним сөздерді қолданулары керек.
Мәтіннің мазмұнын айтқызу екі түрлі жолмен іске асырылады:
1) толық,
2) ішінара.
Көлемі шағын мәтіндерді және жазбаша мазмұндамаға дайындық барысында толық баяндаттыру қажет. Ішінара мазмұндау көлемі үлкен мәтіндер бойынша және бөлімге бөліп оқу, жоспар жасау барысында, көбіне қорытынды әңгіме кезінде іске асады.
Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстар. Бұл жұмыстар, біріншіден, оқылған материалды тереңірек меңгеруге мүмкіндік туғызса, екіншіден, балаларды өз беттерімен ойланып жұмыс істетуге талаптандырады. Бастауыш сыныпта ұйымдастыруға болатын шығармашылық жұмыстың негізгілері:
а) Шығарманың баяндалу түрін өзгертіп әңгімелеу. Мұнда әңгіменің баяндалу түрі аз-кем өзгертіледі. Мысалы, әңгіме I жақпен баяндалған болса, III жаққа айналдырып, керісінше де әңгімелеуге болады.
а) Оқылған шығарманың мазмұнын толық өзгертіп әңгімелеу. Жұмыстың бұл түрін үйден орындап келуге тапсыруға болады. Мұнда оқушылар әңгімедегі оқиғаға ұқсас өз бастарынан өткен оқиғаны немесе өзі қатысқан не көрген оқиғалары жөнінде өз жандарынан әңгіме құрастырып айтады. Мысалы, «ИЛ-18» әңгімесін оқығаннан кейін, балалар өздерінің немесе аға, апаларының самолетке отырып ұшқандары туралы әңгімелеуіне болады. Сондай-ақ Б.Полевойдың «Елдің ері» әңгімесін оқығанда, әкелері мен аталарының соғыста көрсеткен ерліктірі жайлы, ал Ә.Тәжібаевтың «Жерге деген құштарлық» әңгімесін оқыған кезде егістікте немесе жұмыстың басқа да салаларында жан аямай еңбек етіп жүрген ата-аналары мен туған-туыстары жөнінде мақтанышпен әңгімелеп берулеріне де толық мүмкіндік бар.
Жұмыстың бұл түрі де оқылған шығарманың мазмұнын балалар толық та саналы меңгерген қезде ғана ұйымдастырылады. Мұндай жұмыс балаларды өз беттерімен ойлануға, ізденуге және шығармадағы жүйені пайдалана отырып, өздіктерінен әңгіме қарастыруға, оны құрастыру барысында талай сөздерді еске түсіріп, ішінен қажеттілерін таңдап алуға үйретеді.
б) Оқылған шығарманың мазмұнын аз-кем өзгертіп әңгімелеу. Мұнда оқушылар оқылған шығарманың аяғын өз ойынан шығарып, әрі қарай жалғастырады немесе ондағы оқиғаның арасына өз жанынан әңгіме қосып айтады. Бірақ мұнда да шығарманың сипатын ескеру керек, өйткені кез қелген шығарманы жалғастырып әкетуге де, сондай-ақ ойға қелген оқиғаны қоса салуға да болмайды. Шығарманың арасына қосылған әңгіме оның мазмұнымен қабысып қететіндей болғаны жөн. Сабақ кезінде сұрақ-жауап арқылы соған бағыттайды. Мысалы, «Бала батыр» әңгімесінің «Қастандық» бөлімін оқығанда Болатбек таң сәріден шошқа қораға келгенде, бұрын бөлек қамалатын қабандардың мегежіндермен бірге жүргенін көреді. Әңгімедегі оқиғаның барысына қарағанда, мұны қастандықпен торайларды шайнап, талап, өлтіріп тастасын деп, бұрынғы байлардың бірі — Ефимнің әдейі істегені белгілі. Бірақ оның бұл істі қалай жасағаны әңгімеде айтылмаған. Мұны ойдан шығарып қосуға болады. Сонда мына сияқты әңгіме қосылады:
«Мегежіндердің жаппай торайлап жатқан кезі еді. Түн тас қараңғы болатын. Ел ұйқыда. Жалғыз Ефим Сторожнев қана ояу. Ол күні-түні қолхоз малын қалай құртуды ойлайды. Өйткені оған колхоз ұнамайды. Ол жеке меншікті көксейді. Жеке меншік кезінде Ефим бай болды, жарлылардың еңбегін пайдаланды. Ал ол қазір колхоз қорасындағы шошқаны құртудың айласын ойлап жатыр.
Түн ортасында Ефим далаға шықты. Далада қыбыр етксн жан жоқ. Ол шошқа қораға бет алды. Қора маңайы да тып-тыныш. Ефим жалма-жан қораның мегежіндер қамалған есігі мен қабандар қамалған есігін ашып, шалқасынан қайырып тастады да, үйіне жүгіре жөнелді. Ол үйіне келіп, жатып қалды». Онан әрі мәтін бойынша: Таң сәріде Болатбек шошқа қораға келсе, бұрын бөлек қамалатын қабандар мегежіндермен бірге жүр, делініп, оқиғаның жалғасы әңгімеленеді. Бүл сияқты жаңадан қосылған эпизод әнгімені толықтырып, мазмұнын айқындай түседі. Осындай жұмыстар жүргізу үшін қандай шығармалар қолайлы болатынын алдын ала ескеріп, іріктеп алады.
Оқушылар шығармаға өз ойларынан әңгіме қосуда жоғарыда мысалға келтірілгендей түрде айта алмай қалулары мүмкін. Ол үшін мұғалімнің көмегі керек. Мысалы, осы әңгімедегі «Бір күні бес мегежін қатарынан торайлады. Мүны көрген Болатбек торайларды қозы-лақтай көріп сылап-сипап, мәз болды», деген абзацтан кейін, мұғалім сұрақ қою арқылы бұл кезде мегежіндердің жаппай торайлап жатқанын айтқызады. Сонан кейін «Балалар, Болатбек таң сәріде шошқа қораға келгенде, қандай жағдайды көрді?» — деген сүрақ арқылы есіктің ашық жатқанын, қабандар мен мегежіндердің бірге жүргенін әңгімелейді. Мысалы:
Мұны кім істеді деп ойлайсыңдар?
Мұны Ефим істеді.
Неге?
Ефим қабандар торайларды өлтіріп тастасын деп әдейі істеген.
Ефим торайларды неге өлтіргісі келді?
Ол шошқа кебеймесін деп, торайларды өлтіріп тастағысы келді.
Дұрыс, ол күні-түні колхоз малын азайтудың, кұртудың жолын ойлаумен болды. Ал ол колхозды ұната ма, қалай ойлайсыңдар?
Жоқ, ол колхозды ұнатпайды.
— Оған колхоз болу неліктен ұнамады?
— Ол бай болған.
— Дұрыс, ол бұрын бай болды, жарлы адамдарға қызметін істетіп, өзі еш нәрсе істеген жоқ ... Басқалардың еңбегін қанады. Қазір ол соны көксейді. Сондыктан колхозға қастандық істейді, колхозды құртқысы келеді. Ал сендер қалай ойлайсыңдар, шошқа қораға қай кезде қамалады, кеште ме, түсте ме, ертеңгілікте ме?
Шошқа қораға күн батарда, кеште қамалады.
Ал Ефим іңірде, ел әлі жатпаған кезде, қораның есігін ашып тастай алар ма екен?
Жоқ, ел ояу кезде ол қораның есігін ашып тастай алмайды.
Неге?
Өйткені ел ұйықтаған жоқ, біреу-міреу шығып қалып, қөріп қоюы мүмкін.
— Сонда ол қай кездерге дейін ояу жатты екен?
Ол түн ортасына дейін, ел тегіс ұйқыға кеткенше ояу жатты.
Дұрыс, сонда Ефимді қай кездерде далаға шықты деуге болады.
Ефим түн ортасында далаға шықты.
Түн қандай, далада дыбыс бар ма?
Түн қараңғы, далада қыбыр еткен жан жоқ.
Ефим қайда бет алды?
Ефим шошқа қораға бет алды.
Қора маңы қандай, дыбыс бар ма?
— Қора маңы тып-тыныш, қыбыр еткен дыбыс жоқ.
— Ефим не істеді?
Ефим қораның мегежіндер қамалған есігі мен қабандар қамалған есігін шалқасынан қайыра ашты.
Ефим онан соң қайда кетті?
— Ефим онан соң үйіне келіп, жатып қалды.
Осылайша сұрақ қойып, оған жауап алу арқылы оқушыларға өз ойларынан әңгіме құрастыртып, ол — оқылып отырған шығарманың арасына қосылады да, онан әрі мәтіннің мазмұны айтқызылады. Мұндай жұмыстар арқылы оқушылар өз ойларын, қиялын дамытуға мүмкіндік алады, оқығандарының мазмұнын ат үсті, шала ұғынып қалмай, ондағы әңгімеленген оқиғаның мән-жайын ойлана, толық саналы түрде қабылдайды. Сонымен қатар олар қітапта жазылғанды ғана қабылдап қоймай, онда жазылмаған жағдайларды да (сол оқиғаның туу себебі немесе барысындағы түрлі жағдайларды да) көз алдарына елестетеді.
в) Оқылған шығарманың мазмұны бойынша сурет салу. Жұмыстың мұндай түрі шығармадағы оқиғаны нақтылай түседі. Оқылған мәтіннің мазмұны бойынша сурет салуға да немесе пластилиннен түрлі бейнелер жа-сауға да болады. Бастауыш мектеп жасындағы, әсіресе I сынптағы балалар әдетте сурет салуға әуес келеді. Бірақ олар өздерінің салған суреттеріне сын көзбен қарайтындай дәрежеге жете бастаған кезде, сурет салудан бірте-бірте бас тарта бастайды. Дегенмен олардың көпшілігі оқылған мәтінге қандай суреттер салуға болатынын ойлап, дұрыс таба алады. Ол үшін алдымен шығарманың белгілі бір бөлімі (егер шығарма көлемді болса) оқылады. Сонан кейін осы оқылған әңгіме бойынша қандай сурет салуға болатынын ойлануға уақыт беріледі. Оқушылар 2—3 минут ойланғаннан кейін, олардың қандай суреттер ұсынатыны сұралады. Егер балалардың біреуі қате айтса, қалғандары оны түзейді, ал ол қатені түзеуге балалардың шамасы келмесе, мұғалім сұрақ қою арқылы көмектесіп отырады.
Мазмұны бойынша суреттер ойластыру үшін де кез келген мәтінді ұсынуға болмайды. Мәтіннің сюжетінің оңай-қиындығы, оның балалардың, өз өміріне жақындығы және онда айтылған оқиғаны баланың түгелдей көз алдына елестете алатын-алмайтыны сияқты жағдайлардың барлығы жан-жақты ойластырыла отырып, қандай мәтінді ұсынуға болатыны анықталады. Мысалы, «Кайрақбай» әңгімесін оқығаннан кейін оның мазмұны бойынша, қандай-қандай сурет салуға болатыны жайлы сұралады. Әңгіменің мазмұнын бір оқығанда балалар толық қабылдауға қиналатын болса, оқулықтағы осы мәтіннің аяғында берілген сұрауларға жауап алынып, тапсырмалар орындатылады. Сонан кейін балалар әңгімедегі оқиғаны көз алдарына елестете алатындай дәрежеге жеткен кезде, осы мәтінге қандай суреттер салуға болатыны сұралады. Олар бұл мәтін бойынша төрт сурет салуға болатынын (Қайрақбайдың қозы-лақтарды өріске жайып жүргені, алыстан поезд көрінгені, Қайрақбайдың паровоз айдаушыларға белгі беруі, Қайрақбайдың қасына жиналған жұрт) айтады.
Сыныпта сабақ үстінде мұндай суреттерді салғызып отыратын уақыт та жоқ және оны салу оңайға түспейді. Кейде олардың экскизін ғана жасатуға болады. Ал кейде сыныпта оқылған шығарманың мазмұны бойынша неше сурет салынатыны, нелер бейнеленетіні ауызша ғана сипатталады да, оны орындау үйге тапсырма ретінде беріледі. Кейде жұмыстар сыныптан тыс оқуда орьндалады.
Оқылған мәтіннің мазмұны бойынша ермексаздан түрлі бейне, сурет жасау көбінесе II—III және IV сыныптарда іске асырылады.
г) Мәтін бойынша қорытынды әңгіме ұйымдастыру. Мұндай әңгіме балалардың оқу барысында алған әсерлері мен байқағандарын жинақтайды. Мақсат — оқушыларға автордың не айтайын дегенін тереңірек ұғындыру және оқығандарына өз көзқарастарын, пікірлерін білдіруге көмектесу.
Қорытынды әңгіме оқылған шығарманың сипатына қарай екі түрлі жолмен ұйымдастырылуы мүмкін. Мысалы, балаларға белгілі бір шеңберде білім беретін ғылыми мақалаларды, очерктерді оқығаннан кейін қайталау ретіндегі қорытынды әңгіме ұйымдастырылады, оқушыларға бағыт беріліп, олардың алған білімдерінің дұрыстығы, дәлдігі байқалады, білімдері бекітіледі.
Көркем әдеби шығармаларды оқығаннан кейін әңгіме эвристикалық сипатта құрылады, яғни шығарманың мазмұнын айту емес, оны бағалау, өз пікірін айту, ондағы басты ойды айтуға бағытталады.
Шығармадағы басты ой идеялық мазмұнмен сәйкес келе бермейді. Шығарманың идеясы — өмір құбылысын жазушының бағалауы немесе оқушы жұртшылықты белгілі бір мақсатқа шақыруы. Мысалы, «Әке арманы» (М. Әуезов) шығармасындағы басты ой Абай жөнінде, ал оның идеясы сол кездегі халықтың қараңғы тұрмысын, теңсіздікті т.б.с.с. көрсету.
Қорытынды әңгімеде себептік байланыстарды тапқызу, басқа шығармалармен салыстырту, нақты құбылыстарды байқату, оларды қосып жалпылату, абстракциялату т.б.с.с. жұмыстар арқылы жүргізіледі. Мысалы, С. Жүнісовтың «Сақау бәтеңке» әңгімесі неліктен осылай аталған? Бұл әңгімені басқаша қалай атауға болар еді? Сен киімдеріңді қалай күтесің? т.с.с.
Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстың бұл айтылғандардан басқа түрлері де бар. Айталық, шығарманы рольге бөліп оқып, оның мазмұны әңгімеленгенде де рольге бөліп айтуды ұйымдастыру. Мысалы, I. Жансүгіровтың «Шәркей» әңгімесінде бір оқушы автордың, екіншісі Шәутеннің, үшіншісі апасының сөзін оқиды. Бұл әңгіменің мазмұнын айтқызуда да осы әдіс қолданылады.
Сонымен шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін жұмыстардың барлығы да балаларды өз беттерімен іздетуге үйретіп, ақыл ойы мен дүние танымын кеңейтуге, тілін дамытуға септігін тигізеді.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Шығарма оқылмас бұрын қандай дайындық жұмыстары жүргізіледі, оның мақсаты не?
2. Шығарманы оқуға дайындық кезінде оның мазмұнын айтуға бола ма?
3. Оқулықтардан бір тақырыпты алып, оған қандай дайындық жұмысын жүргізуге болатынын белгілеңіз. Әңгімелесу сұрақтарын жасаңыз, көрнекі құралдар қарастырыңыз.
4. Оқу сабақтарындағы сөздік жұмысының негізгі қағидалары қандай?
5. ІІ сыныптың оқу кітабынан кез келген бір бөлім бойынша жаңа сөздерді теріп алып, олардың ішінде бес-алтауына түсінік жазыңыз.
6. ІІІ сыныптың оқу кітабынан бір шығарманың тіліне талдау жасаңыз: қандай сөздерді оқуға дайындық кезінде қайсыларын оқу барысында, ал қайсыларын шығарманы оқып болғаннан кейін түсіндіруге болады? Оқушылардан сөздіка қорына енгізуге болатын қандай сөздер бар? т.б.
7. Шығарманы оқу үшін не керек, оны қалай ұйымдастырады?
8. Жоспар жасау жолдарын айтыңыз.
9. Мәтіннің мазмұнын айтқызу қалай өткізіледі? Бұл жұмыстың мақсаты не, оқулықтардан мысал келтіріңіз.
10. Қорытынды әңгімені ұйымдастырудың жолдарын айтыңыз.
11. Оқулықтардан бір әңгімені алып, оның оқу жоспарын жасау, мазмұнын айту, қорытынды әңгіме өткізу жолдарын көрсетіңіз және сол әңгіме бойынша қандай шығармашылық жұмыс ұйымдастыруға болатынын айтыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |