Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ПӘНІ



бет30/54
Дата11.06.2024
өлшемі357,38 Kb.
#203316
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   54
Байланысты:
С Рахметова Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқыту әдістемесі

IV т а р а у
ГРАММАТИКА ЖӘНЕ ТІЛ ДАМЫТУ
1 ГРАММАТИКАНЫ ОҚЫТУДЫҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕРІ
Грамматиканы оқып үйренуде тілдің сан қилы сырларына қанығамыз. Тілдің түрлі құбылыстары тіл ғылымының әр саласында қарастырылады. Мәселен, тілдегі сөздер, олардың барлығының жиынтығы — лексико­логия саласында, тілдің дыбыстық жүйесі фонетика са­ласында, сөздердің формалары морфология, ал сөз тіркестері мен сөйлем синтаксис саласында қарастырыла­ды. Қазақ тілі әдістемесі қазақ тілін зерттейтін тіл ғылымы деректеріне сүйенеді. Сондықтан тілдің әдістемесі тіл ғылымымен, ғылыми грамматикамен өте тығыз байланысты.
Оқушылар бастауыш сыныпта грамматика жөнінде қарапайым ғана мағлұматтар алады. Әрине бұл мағлұматтар ғылыми жағынан толық дәлелденген деректер.
Мектепке алғаш оқуға келген кезде балалар заттар мен құбылыстарды әлде де болса, тұтас күйінде қабылдайды, оларды талдап, ішкі заңдылықтарын, себептерін, байланыстарын ажырата қабылдауға әлі машықтанбағандықтан, нысанды қабылдау қиындау болып бара жатса, ол дереу екіншісіне ауыса қояды. Тіпті олар заттардың жеке бөліктерін және белгілерін тізбектеп айтып та береді, бірақ онда жүйе, мән жоқ, негізгі жағдайын айыра алмайды.
Мектепке келумен байланысты бастауыш сынып оқушылары грамматиканы жүйелі түрде оқып үйренуге кіріседі, қазақ тілінің әдеби нормасымен таныса бастайды.
Бұл жұмыстарды ұйымдастыру барысында осы жастағы балалардың дүние таным ерекшеліктерін естен шығаруға болмайды. Мысалы, грамматикада берілетін түсініктер балалар ұғымына сай келе қоймайды. «Зат, сын, қимыл» т. б. с. с. сөздер олар үшін дерексіз (аб­стракты) болады да, ондай ұғымдарды әлсін-әлсін нақтылап түсіндіріп отыру арқылы ғана бірте-бірте меңгере бастайды. Немесе бастауыш сынып оқушыларына «ұйықтау, қайғыру, ойлау» сияқты сөздерді етістіктер деп түсіндіру де оңайға түспейді.
Бастауыш сынып балалары сөздердің тек нақты лексикалық мағынасын қабылдап үйреніп қалады да, грам­матикалық мағынасын мүлде елемейді. Ал грамматикада сөздердің ең әуелі грамматикалық мағынасы ескеріледі.
Грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Сөздің грамматикалық мағынасы мен грамматикалық формасы бір-бірімен тығыз байланыста, бірлікте болады. Мысалы, жақсылық, адамгершілік де-ген сөздер заттың сапасын, соған тән белгіні білдіреді. Грамматикалық жағынан алып талдағанда бұл сөздер дерексіз ұғымдарды білдіреді де, зат есімге жатады. Осы сияқты сөздердің өз мағынасы мен грамматикалық мағыналарының арасында кездесетін қайшылықтарды оқыту барысында жойып, бір-бірін нақтылай, саралап айқындай түсетіндей, әдіс-тәсілдер тауып қолдану қажет. Мұндай әдіс-тәсілдерді және оны қандай жағдайларда, қалайша қолдану жолдарын грамматиканың әдістемесі белгілейді. Мұнда грамматиканың әдістемесі пси­хология ғылымының деректеріне сүйенеді.
Сонымен қатар бастауыш сынып оқушылары жазу барысында өздері оқып үйренген ережелерін пайдалана білмейді, олар бір орфографиялық құбылысты екіншісімен шатастырады. Психологтар бұл фактілерді зерттеу арқылы анықтай отырып, балаларды ақыл-ой әрекетін үйрету қажеттігі жөнінде мәселе көтеруде. Ақыл-ой әрекеті балаларға бір құбылыстан екінші құбылысты ажырата білуге және жалпылай білуге көмектеседі. Осыған орай, қазіргі кезде әдістеме балаларға сауатты жазуды меңгерудің анағұрлым тиімді әдіс-тәсілдері мен жолда­рын зерттеуде, яғни ережені білуден сол ережеге сай, баланың бойында дағды, шеберлік жасалатындай жаттығу жүйесін белгілеуді талап етіп отыр.
Грамматиканың әдістемесі тіл білімі және пси­хология ғылымдарына сүйенумен қатар, педагогика ғылымының қағидаларын басшылыққа алады. Кеңес дидактикасының негізгі қағидалары бойынша оқу мате­риалы оқушылардың ұғымына сай болуы керек.
Тілді жүйелі түрде оқуға енді ғана кірісе бастаған 6-9 жастағы бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктерін еске алсақ, бұларды тілге үйрету барысында нақтылау жақтарына көбірек көңіл аудару қажеттігі туады. Мұнда көрнекіліктің орасан зор пайда келтіретіні мәлім.
Дидактика талабының бірі оқытудың с а н а л ы л ы л ы ғ ы, яғни оқушылардың сабаққа саналы түрде қарауы, материалды саналы меңгеруі болып табылады. Бұл үшін мұғалім балаларды қызықтырып, өзіне тартып, өз ойының барысын байқауға, бақылауға, салыстыруға, бі­рі мен екіншісінің арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды табуға, қорытынды жасауға, жалпылауға үйретуі тиіс.
Оқытудың міндеті жаңа тақырыпты түсіндіруді қамтамасыз етіп қою ғана емес, сонымен қатар негізгі фактілерді, анықтамаларды, ережелерді балалардың есінде берік сақтап, тұрақтандыру дағдыларын қалыптастыру болып саналады. Егер оқушы тілдің қандай да боламасын бір құбылысына немесе жазу заңдылығына түсінбесе, онда ол сол мәселеге арналған анықтаманы не ережені (тіпті болмаса терминді) жаттап алуға мәжбүр бо-лады. Түсінбей, ұғынбай, құр механикалық жаттап алған нәрсе есте ұзақ сақталмайды және оны практикада қолдана алмайды. Ендеше ол іске аспайтын құрғақ, пайдасы шамалы білім болып қалады.
Дидактика талабы тұрғысынан алғанда оқушыларға тіл үйретуде олардың зейін қою, ойлау, есте сақтау белсенділігін тудыратын әдістемелік әдіс-тәсілдердің тиімділігі көрсетіледі. Оқушы тек мұғалімнің айтқанын
немесе оқулықтағы дайын материалды ғана меңгеріп қоймауы керек, сонымен қатар өз күшімен, өздігінен бақылау арқылы қорытынды ереже шығара алатындай берілген тапсырмаларды өз бетімен орындайтындай болуға тиіс.
Дидактиканың күрделі бір шарты — мектептегі оқытудың, ж ү й е л і лігі мен сабақтастығы. Заттар мен құбылыстарды анық түсіну үшін оны басқа заттармен байланыстырып қарау керек, яғни бөліп алып қарамай, басқа заттар мен құбылыстардың жүйесінде қарастырған жөн.
Бастауыш мектептердегі оқытудың жүйелілігі туралы айтқанда оқушылардың әр сыныпта алған білімі келесі сыныпқа дайындық болатындай, яғни оқуды онан әрі жалғастырудың берік негізі болатындай дәрежеге жетуі қажет. Сонда ғана балада алдыңғы сыныпта берілген білім мен қалыптасқан дағды бұзылмай, жетіле беруіне мүмкіндік жасалады.
Оқыту тек білім беру ғана емес, сонымен бірге балаларды жан-жақты жетілдіру және тәрбиелеу, шеберлік және дағдымен қаруландыра түсу болып саналады.
Грамматика мен емле сабақтары үшін іріктеліп алынатын материалдар оқушыларға тәрбие беру жағынан да маңызды, бағалы болуға тиіс. Ал сабақ жүргізу процесінде қолданылатын әдістемелік әдіс-тәсілдер тақырыпты оқушылар жақсы түсіну үшін жағдай жасап қана қоймайды, соған сәйкес, балалардың жан-жақты дамуына да әсер еткендей болғаны жөн. Дағды мен шеберлік әрдайым жаттықтыру жұмыстарын талап етеді, мұғалім балалардың алдарына белгілі бір мақсат қойып, соған жету жолдарын қарастырады; күрделі жұмыстарды бөлшектей отырып, қандай да болмасын бір әрекетті орындау барысында оның айтқан, көрсеткен тәсілдерін шеберлікпен қолдануға үйренеді, дағдылана түседі.
Грамматика мен жазудың әдістемесіндеқазіргі кезде мектепте сабақ беріп жүрген озат мұғалімдердің шеберлікпен қолданған әдіс-тәсілдері де ескеріледі. Мектептерде үлгермеушілікке қарсы күрес барысында көптеген мұғалімдер тиімді әдістемелік жүйе жасады. Бірқатар мұғалімдер қазақ тілін үйрету саласында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Міне, сондай жұмыс нәтижелері әдістемені дамытуға қосқан үлес болып табылады да, грамматика мен емле әдістемесін жоғары сатыға көтере түседі.

Сұрақтар мен тапсырмалар:


1. Грамматиканы үйрету әдістемесі қандай ғылымдармен байланысты?
2. Бастауыш сыныптарда грамматиканы оқытуға қандай талаптар қойылады?
3. Бастауыш сыныптарда грамматиканы оқытуға қойылатын талаптарды қалай іске асыруға болады?
4. Грамматика сабақтарында берілген ережелер мен ұғымдарға оқушылардың саналы түсінгендігіне бақылау жүргізіңіз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   54




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет