Бастауыш мектепттерде оқытылатын ана тілі пәнінің басты бөлімінің бірі – грамматика. Грамматика сабақтары оқушыларға тілдің грамматикалық құрылысын меңгерту, грамматикалық заңдарды білгізу мүддесіне бағындырылады. Өйткені оқушылардың жалпы білімін, ой-өрісін, сауаттылығын тіл мәдениетін арттыруда грамматиканы жүйелі оқытудың маңызы ерекше болып табылады.
Жалпы білім беретін бастауыш мектептердегі грамматика курсының алға қоятын ең басты мақсаты — оқушыларға ана тілінің заңдарын грамматикалық құрылыс ерекшеліктерін білгізу, оның байланыстарын меңгерту болып табылады. Әрине, бұл мақсат толығымен бастауыш мектепте орындала қалмайды, өйткені грамматика бастауыш мектептерде ғана оқытылып қоймайды. Оның өрісі кең, жоғары сыныптарда да, жоғары оқу орындарында арнаулы факультеттерде де оқылады. Ал бастауыш мектеп дайындық курсы іспеттес, жүйелі курсты өтуге дайындық болып есептеледі. Бірақ бастауыш мектептерде берілетін грамматикалық мағлұматтар өзінің қарапайымдығына қарамастан ғылыми негізде құрылады. Балалар бастауыш сыныптарда ана тілінің негізгі нормасын меңгереді. Грамматика курсы балаларды тілдік құбылыстарды бақылай алуға, талдауға, салыстыруға, топтауға, жүйелеуге, қорытынды жасауға, дәлелдеуге дағдыландырады.
Оқушылар бұл курсты оқу барысында бірқатар грамматикалық мағлұмат алады: фонетика саласынан дыбыс пен әріпті, дауысты, дауыссыздарды, жуан, жіңішке дауыстыларды, қатаң, ұяң, үнді дауыссыздарды, буынды, тасымалды ажыратады және дұрыс жаза алады. Морфология саласынан сөздердің морфологиялық құрылысын, сөз таптары мен олардың негізгі формаларын айыра алады. Синтаксистен сөздердің арасындағы байланыстарды, жай сөйлемдерді ажыратып, өздері де сөйлем құрастырады.
Грамматика ойлаудың, ұзақ абстракциялық жүмыстың нәтижесі болғандықтан, онда дерексіз жалпы ұғымдар көбірек кездеседі. Ондай дерексіз үғымдар оқушылар санасына бірден қона қоймайды. Сондықтан оқыту ісінде грамматикадағы дерексіз ұғымдарға, дерексіз категорияларға деректілік, нақтылық беру мәселесін ойластыру грамматика сабақтарының басты міндеті болып саналады.
Бағдарламаның «Түсінік хатында» грамматика мен жазу сабақтарының міндеті мен жалпы әдістемелік қағидалары белгіленген. Бағдарламаны талдап қарағанда бастауыш сыныптардағы қазақ тілінің бастапқы курсы өзінің қысқалығына, қарапайымдылығына қарамастан, келесі сыныптарда грамматиканың жүйелі курсын меңгеруге қажетті грамматикалық мағлұматтар мен сөйлеу дағдыларын, орфография және пунктуация бойынша дағдыларды толық қамтитындығы байқалады.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Грамматика сабақтарының бастауыш мектептегі мақсаты мен міндеті қандай?
2. Бастауыш мектеп бағдарламасының «Қазақ тілі» бөлімін оқыңыз. Онда әр сыныпта грамматикадан берілетін білім көлемі мен мазмұнын анықтаңдар.
3. Бағдарламаның «Түсінік хатын» оқыңыз, онда грамматика сабақтарының қандай-қандай міндеттері мен жалпы әдістемелік қағидалары белгіленгенін айтыңыз.