ІІ тарау
ОҚУ ЖӘНЕ ТІЛ ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
1 ОҚУДЫҢ МАҢЫЗЫ МЕН МАҚСАТЫ ЖӘНЕ ҚАҒИДАЛАРЫ
Бүгінгі бөбек — ертеңгі азамат — қоғам иесі. Балғын бөбектерге ең алғаш жол көрсетуші, бағыт беруші — бастауыш мектеп мұғалімдері. Ақ жүрек, балғын бөбектерге білім мен тәрбие есігін ашу бастауыш мектеп мұғалімдеріне абыройлы да жауапты жұмыс жүктейді. Өйткені білім мен тәрбие негізі, баланың жеке басын қалыптастыру негізі — бастауышта қаланады.
Қайта кұру кезеңінде бөбектердің жеке басын қалыптастыру ісін тиянақты жолға қоюға баса назар аударылуда.
Балалар мектепке келген алғашқы күннен бастап, Отанымыздың өмірімен, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысады. Отанымыз кушейе түсу үшін, халықтың тұрмысы жақсара түсу үшін іске асырылып жатқан сан алуан жағдайларды ұғынады. Үлкен адамдардың оларға қандай үміт артып отырғанын аңғарады.
Осы үмітті ойдағыдай ақтау үшін, біздің мектептеріміз жас балдырған алғаш рет мектеп табалдырығын аттағаннан бастап-ақ, оқыту, тәрбиелеу және даму процестерін тығыз ұштастыра жүргізіп, өз өрендеріне дүниенің алуан түрлі сырларын ашып береді, оларды білімнің бай қазынасын терең меңгеруге, қоғамның белсенді азаматы болуға баулиды. Осы тұрғыдан қарағанда бастауыш мектептердегі оқу сабақтарының мақсаты:
Идеалық-саяси, адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру.
Дүниеге дұрыс көзқарас қалыптастыру.
Балаларды жас өспірімдер мен үлкендердің үлгілі, ерлік істерімен еңбектерімен таныстыру арқылы қо-
ғам игілігіне адал ниетпен еңбек етуге, адамгершілікке, бір-бірін сыйлаушылыққа, адалдық пен шыншылдыққа,
кішіпейіл болуға тәрбиелеу.
Сүйікті Отанымыздың мейлінше бай, көркем де сұлу табиғаты жайлы материалдармен танысу арқылы табиғатта кездесетін өзгерістер мен құбылыстарды байқай біліп, теңдесі жоқ сұлулық пен көркемдікті бағалай білуге, елін, жерін қадір тұтып, сүюге тәрбиелеу.
Бағдарлама көлемінде ғылым негіздерінен ең қарапайым білім беру.
Балалардың сынып сайын алған білімдері мен оқу дағдыларын, шеберліктерін жетілдіру, тілін одан әрі
дамыта түсу.
Халықтардың бостандық, бейбітшілік үшін жүргізген қаһармандық күрестерімен таныстыра отырып
(әдеби шығармалар, кинофильмдер т. б.), балалардың сана-сезімін советтік патриотизм, Отанды сүю, бейбітшілік пен халықтар достығы рухында қалыптастыру.
Саналы тәртіпке, дұрыс міиез-құлық нормаларына үйрету.
Еңбекке қызығу, еңбекқорлыққа, еңбек адамдарын жоғары бағалауға тәрбиелеу.
Бастауыш мектептегі оқудың негізгі қағидалары оны өмірмен байланыстыру болып табылады. Оқу сабақтарында балалардың алған мағлұматтарының шындық екенін дәлелдеу, тәжірибеден көрсету мақсаты көзделеді.
Оқу сабақтарының міндеті — балаларда дүниеге дұрыс көзқарас қалыптастыру.
Оқушыларды саналы оқуға үйрету, білімді саналы меңгерту, балалардың белсенділігін арттыру — оқу сабақтарындағы ең басты талап. Балалар бұл сабақтарда оқығандарына жақсы түсініп, ондағы кейіпкерлердің мінез-құлқы мен сезім күйін айыра білуге, процестер мен құбылыстарды дұрыс бағалай алуға үйренеді.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Оқудың бастауыш мектептегі маңызы жөнінде әңгімелеңіз.
2. Оқу сабақтары қандай мақсаттарды көздейді?
3. Оқу процесінде сүйенетін дидактикалық принциптер жөнінде айтыңыз.
4. Бастауыш мектеп бағдарламасымен танысыңыз. Бағдарлама бойынша сынып сайын оқуға қандай талаптар қойылады? Ондағы өзгерістер қандай?
5. Бағдарлама бойынша оқу сабақтарында оқушыларға берілетін білім, дағды, шеберлік қандай?
2 ОҚУЛЫҚҚА ЕНГЕН МАТЕРИАЛДАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ОҚЫТУ ТУРАЛЫ
Оқуға арналған материалдар әр сынып үшін «Ана тілі» кітаптарында беріледі. Бұл оқу кітаптары жаңа бағдарламаның талаптарына сай жасалған.
Оқулықтарға енген материалдарды тақырыбы мен мазмұны жағынан топтасақ; салт-санамыз, ұлттық дәстүріміз, өнеркәсібіміз бен ауыл шаруашылығымыз, қала мен ауыл арасындағы қарым-қатынас, мектеп пен отбасы, еліміздің алдыңғы қатарлы азаматтары, яғни Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері және олардың үлгі-өнеге боларлықтай істері, кеңес халқының алуан түрлі еңбектері, бейбітшілік пен халықтар-достығы үшін жүріп жатқан күрестер, жолдастық, достық және адамгершілік, кеңестік патриотизм, табиғатта, адам баласының мінез-құлқында, іс-әрекетінде кездесетін әсемдік пен сұлулық, балалар өмірінде, пионерлер, комсомолдар өмірінде кездесетін уақиғалар жөнінде мағлұмат беруді көздейтін материалдар.
Жаңа оқулықтардағы материалдар жүйеленуі жағынан тақырыптық қағидамен орналастырылған, яғни бірнеше материал бір тақырыпқа жинақталып, топталып беріледі. Мұндағы мақсат — белгілі бір тақырып бойынша оқушыларға түрлі уақиғаларды суреттейтін сан алуан материалдарды оқыту арқылы жан-жақты ұғым, кең мағлұмат беру. Оқулықтар тақырыптық қағидамен құрылғандықтан, ондағы материалдар сол орналасқан қүйінде бірінен соң екіншісі оқытыла бермейді. Оқулыққа енген шығармаларды мазмұнының оңайлығына, қиындығына, көлемінің үлкен-кішілігіне, баяндалу стиліне, құрылысы мен жанрына қарай, қай мер-зімдерде өтуге лайықты болатынын мұғалім алдын ала ойластырады. Сондықтан да мұғалім оқу сабағына кіріспес бұрын оқулықта берілген материалдармен түгелдей танысып, олардың мазмұнын толық меңгеріп, оқытылу жолын жан-жақты қарастыруға тиіс. Осындай жұмыстардан кейін қай материалды қашан, неше сағат оқытатынын белгілеп, календарлық жоспар жасайды. Онда әр бөлімде берілген бір топ материалды сол оқу-лықта орналастырылған тәртібімен өткен қолайлы ма, әлде түрлі даталарға сай келтіру үшін, олардың орындарын ауыстыруға тура келе ме — осылардың барлығын ойластырады. Мысалы, III класс оқушыларының түгел пионерге өтетіні ескеріліп, пионер деген кім, пионердің міндеті қандай, пионерлердің іс-әрекетімен балаларды нақты таныстыру мақсатында оқулыққа «Пионерлердің өмірі мен істері» бөлімі берілді де, оған біздің елімізде пионер ұйымының алғаш қашан құрылғанын, пионерлердің ұранының, пионер галстугінің маңызы мен мәнін түсіндіретін сондай-ақ оның өмірін көрсететін бірнеше әңгіме кірістірілді. Бұл әңгімелерді біздің ойымызша апрель айларының алғашқы күндерінен бастап оқытқан қолайлы. Себебі балалар пионерге жаппай Ұлы көсеміміз В. И. Лениннің туған күні қарсаңында өтеді. Сондықтан балаларды өздеріндей жас лениншілдер өмірімен пионерге етуге дайындық кезінде таныстырған пайдалы. Немесе 3 класс оқулығында: «Ертегілер, мысалдар, мақал-мәтелдер» бір бөлімге топталады. Мұнда да берілген ауыз әдебиет үлгілерін тек осы бөлімде ғана он-он бес күннің ішінде оқулықтағы тәртіппен өту керек деген мақсат көзделмейді. Бүл материалдар да жыл бойына әр кезеңге бөлініп оқытылғаны дұрыс.
Күнтізбелік жоспар жасағанда әр бөлім бойынша қайталауды қалай ұйымдастырған тиімді, қорытынды сабақтарды өткізу үшін пайдаланылатын материалдар, жазу жұмыстарын қай кездерде қалайша жүргізген ұтымды — осылардың барлығы көрсетілуге тиіс. Тағы бір есте болатын жай: мұғалім кейбір материалдарды, яғни бір бөлімде берілген шығармалардьң ішінен ең қиындарын, балалардың оқу дағдылары мен шеберліктерін қалыптастыруға қажеттілерін, сыныпта оқыту үшін іріктеп алады да, кейбір жеңіл-желпі материалдарды (оқушылардың өз бетімен түсінулеріне қиындық келтірмейтіндерін) үйден оқып келуге тапсырады.
Оқулықтарға енген материалдар: көркем очерктер, ғылыми мақалалар, жазба және ауыз әдебиеті үлгілері. Бұл материалдар арқылы мұғалімдер оқушыларды кеңес ақын-жазушылары шығармаларымен, халық ауыз әдебиетінің тамаша үлгілерімен таныстырады, балалардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттырады, сөйтіп, халық тілінен үйрену арқылы сөз байлығын арттыруға көмектеседі. Оқушылар ғылыми мақалаларды оқу арқылы түрлі ғылым салаларынан мағлұмат алады.
Оқулықта берілген материалдарды оқып үйренуге байланысты әр түрлі практикалық жұмыстар да жүргізіледі. Олардың бастылары: оқушыларды әр түрлі құрылыстарға, фабрикалар мен зауытттарға, ауыл шаруашылық нысандарына (егіс даласы, жеміс бағы, мал, құс фермалары т. б.) экскурсияға апару, кинофильмдер, диафильмдер көрсету, еңбек озаттарымен, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлермен, қарт қоммунистермен кездесулер, әдеби-музыкалық кештер, ертегі кештерін ұйымдастыру т. б.
Оқулықтарда әрбір мәтіннен кейін оқушыларға сұраулар қойылады және сол мәтін бойынша олардың өз беттерімен орындайтын жұмыс түрлері көрсетіледі. Онда балалар мәтіннің мазмұнына байланысты түрлі жұмыстар орындайды (мәтінді бөлімдерге бөлу, әр бөлімге ат қою, бірнеше бөлімді біріктіріп ат қою, жоспар бойынша баяндау, мәтіннен табиғат көріністерін, еңбек әрекеттерін немесе басты кейіпкерлерді бейнелейтін үзінділерді тауып оқу, сөздік жүргізу т. б. С. С).
Оқулықтарда түрлі түсті суреттер берілген. Мұғалім бұл суреттерді талдау арқылы балаларға картинаны түсіну әдісін үйретеді.
Сонымен қатар ол картиналардың авторларымен де таныстырған жөн.
Оқулықтардағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі туралы берілген материалдар табиғаттану жөнінде оқушыларға ғылыми мағлұмат беруді қатаң талап етпейді, :өйткені жаңа программа бойынша, балаларды айналамен таныстыру I кластан бастап оқылады. Сондықтан мұндай материалдардың, көркемдік қасиетіне, тіліне баса назар аударылады.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Сұрақтарға енген материалдардың тақырыбы мен мазмұны қандай?
2. Оқулықтағы материалдар қандай жүйемен оқытылады?
3. Оқулықтардағы материалдардың тағы қандай ерекшеліктері бар?
4. Бір оқулықтағы материалдарға күнтізбелік жоспар жасаңыз.
3 ОҚУДЫҢ ТҮРЛЕРІ
Оқудың түрлері екіге бөлінеді: дауыстап оқу, іштен оқу.
Дауыстап оқу көбінесе I—II сынып оқушыларына тән болады. Бірақ I сыныпта іштен оқытуға болмайды деген ұғым тумасқа тиіс. Іштен оқу I сыныптан-ақ басталады. Содан былай қарай, оқудың бұл көрсетілген екі түрінің екеуі де бір-бірімен ұштастырыла жүргізіледі. Балалардың дауыстап оқуы арқылы алған дағдылары іштен оқуға тасымалдана береді (II—III сыныптан бастап дауыстап оқылған материалдар іштен оқуға беріледі), III сыныпта жаңа материалдар алдын ала дайындық жұмыстарынан кейін іштен оқуға тапсырылады. Мұнда мәтіннің мазмұнын оқушылардың түсінуін қамтамасыз ететін түрлі тапсырмалар беріледі: мәтінге сурет ойластыру, тақырып табу, бөлімдерге бөлу т. б. Ш—IV сыныптарда іштен оқылған мәтіндерге балалардың түсінген-түсінбегендері түрлі сұраулар қойып, жауап алу арқылы немесе мәтіннің мазмұнын айтқызу арқылы, мәтіннен кейбір сөздерді тапқызу арқылы т. б. с. с. тексеріледі. Оқудың бұл түрлерінің екеуінде де дұрыс оқу, шапшаң оқу және түсініп оқу талаптары орындалуға тиіс. Дауыстап оқуға бұларға қосымша мәнерлеп оқу талабы қойылады. Бұл талаптар бір-бірімен тығыз байланыста іске асады. Өйткені түсінбей, мәнерлеп оқи алмайды, ал дұрыс оқымаса, түсінбейді.
Дұрыс оқудың негіздері алғашқы оқу-жазуға үйрету кезінде-ақ қалана бастайды. Осы кезде мұғалім әрбір жеке сөзді балаларға жеке әріптеп оқытпай, буындап оқуға жаттықтырғаны жөн, бірақ мұнда балаларды сөздің сыртқы түрін ғана меңгеріп, мағынасын жаңылыс ұғынудан немесе тіпті түсінбей оқудан сақтандыру керек. Егер бала буындап оқығанда қателессе, дереу түзетіп, оған қиын тиген сөздерге талдау жасап отырудың дұрыс оқуға дағдылану үшін пайдасы зор. Бастауыш сынып оқушыларының оқу сабақтарында жіберетін қателерін топтап көрсетсек, төмендегідей:
Әріп, буын немесе сөз қалдырып кетіп оқу.
Кейбір буындарды, сөздерді екі рет қайталап, ежелеп оқитындар.
Тілі келмегендіктен немесе әдеттеніп кеткендіктен бір әріпті екінші әріппен алмастырып (оңда-онға, күзет-күжет т. с. с.) оқиды.
Мұндай кемшіліктерді мұғалім алдын ала есепке алып, түзету жолдарын ойластырады. Тәжірибелі мұғалімдер оқушыларды дұрыс оқуға үйрету үшін мынадай жұмыстар ұйымдастырады:
Оқушыны кітап оқуға жаттықтырып, дағдыландырады. Мұндай жаттықтыру жұмысының түрлері әр қилы. Бірде оқулықтың өзінен әр оқушыға арнаулы тапсырмалар береді; екінші бір жағдайда карточкалар жа-
сап, соларды әрқайсысына оқытып дағдыландырады; енді бірде дидактикалық материалдар пайдаланады т. б.
Осындай жұмыстарды орындау үйге де тапсырылады.
Қате оқыған сөздерді буынға бөліп оқытады немесе тақтаға буындап жазып көрсетіп, дұрыс оқуды талап етеді, ол сөзге талдау жасайды, кеспе әліппеден құрастырады т. б.
Қате оқыған сөздерді қайта оқыттырады.
Қате оқыған жерін сыныпта тыңдап отырған оқушыларға түзеттіреді.
Жаңылтпаштар айтқызып жаттықтырады.
Указканы қолданады. Бұл зейіндері тұрақсыз не месе көздері нашар керетін оқушылар үшін пайдалы
және оқып отырған сөздерінің кітап бетінің қай жерінде екеніне бағыт береді, сөзді дұрыс оқуға көмектеседі.
8. Орфоэпия заңын басшылыққа алып отырады. Басқа тілдердегі сияқты, қазақ тілінде де орфографиялық және орфоэпиялық заңдар бар. Ол заңдар оқушыларды дұрыс сөйлету мен дұрыс оқытуда басшылыққа алынады. Ал оқушыларға жаңа сөздердік мағына- сын түсіндіру үшін, сөздерді тақтаға жазып көрсету қажет болғанда, олар тек орфография ережесіне сай жазылады. Мысалы, ақ ешкі. Мұндай сөздерді оқығанда ағешкі деп айту керек екенін ескертіп, мұғалім балалар ды солай (ағешкі) оқытып үйретеді. Түсініп оқу дегеніміз оқушының оқыған мәтіннің мазмұнын анық, терең ұғынуы болып табылады. Бұл әр сөздің, сөйлемнің мағынасына түсінуден, әр бөлімді логикалық, психологиялық байланыстырудан келіп шығады. Оқығанын толық түсіну балалардың мәтіндегі басты ойды айыра алуларынан, оның мазмұнына өзінің көзқарасын білдіруінен көрінеді.
Түсініп оқуда балалардың назары шығарманың идеалық мазмұнына аударылады. Түсініп оқу барысында оқушыларда елес, ұғым, бейне, жоғары сезімдер пайда болады. Түсініп оқуды жүзеге асыруда алғашқы кезде балаларға жеңіл, өздері түсіне алатын, сюжетті мәтіндер оқытылады.
Оқушыларды түсініп оқуға дағдыландырудың бір жолы алдын ала дайындық әңгіме өткізу болып табылады. Сондай-ақ мәтін оқылмас бұрын бақылау, экскурсия жасау, тәжірибе жасау жұмыстары да түсініп оқуға жәрдем етеді. Түсініп оқуда қорытынды әңгіменің де тигізетін пайдасы мол.
Шығарманың идеялық мәні мен мазмұнын оқушыларға ұғындыру үшін сөздік жұмысын жүргізудің көп көмегі бар.
Сөйтіп, оқушыларға оқу техникасын игерумен бірге білім, тәрбие беру, олардың жеке басын қалыптастыру, дағдылары мен шеберліктерін жетілдіру мақсаты оқығанды саналы түсінгенде ғана нәтиже бермек.
Шапшаң оқу дегеніміз — мәтіндегі сөздерді қалай болса солай бастырмалатып немесе сөздердің ара жігін айырмай оқу емес. Бұл — оқығанды түсінетіндей қалыптағы шапшаңдықпен оқу. Мәтінді тым баяу оқыған оқушы мәтіннің мазмұнына түсінбек түгіл, бір сөйлемнің өзінде не айтылғанын да аңғара алмай қалады. Сондықтан мәтінді шапшаң оқу талабы да маңызды болып табылады. Шапшаң оқу барысында әр оқушының оқу қарқыны әр түрлі, осыған орай, олардың бір минутта оқитын сөздерінің саны да азды-көпті болып келеді.
Шапшаң оқу, дұрыс оқу, түсініп оқу бір-бірімен тығыз байланысты. Сөзді дұрыс, түсініп, белгілі бір қарқынмен оқығанда ғана шапшаң оқу талабы орындалды деуге болады.
Шапшаң оқуға жаттықтыру жұмысы барлық сабақтарда да іскс асырылып отырылады. Дегенмен шапшаң оқу дағдыларын бекіту үшін арнаулы уақыт беру қажет. Мұндай арнаулы жұмыстың түрлерінен мыналарды атауға болады:
Көз бен кітаптың арасындағы қашықтықты дұрыс сақтау; мәтінді алдын ала іштей оқып шығу; шамамсн қандай жылдамдықпен оқылуы тиіс екенін мұғалімнің өзі оқып көрсетуі; сыныпта барлық оқушыға бір мәтін беріп, оны командамен бір мезгілде бастап оқытып, бір мезгілде аяқтату (әркім келген жерін белгілейді. Әр оқушының неше сөз оқығанын мұғалім өзі жүріп есептейді).
Шапшаң оқуға дағдыландырудың тағы бір түрі —сыныпта дауыстап оқыту. Мұндай жұмысты орындатқанда мұғалім оқушыларды тақтаға біртіндеп шығарып, әрқайсысына тапсырма береді де, дауыстап оқытады (кейде әрқайсысына әр түрлі мәтін, кейде бір түрлі мәтіннің өзін беруге болады).
Шапшаң оқуға оқушыларды жүйелі түрде күнбе-күн оқыту арқылы ғана дағдыландыруға болады. Шапшаң оқу оқушылардың сөйлеу мүшелерінің жетілуіне де байланысты. Мұғалім әр баланың сөйлеу мүшелерінің қалай жетілгенін байқау үшін оқушыларға мәтінді хормен де, жеке-жеке де оқытып көреді. Айтылуы қиын жаңылтпаштарды қайта-қайта айтқызып жаттықтыру әрі дұрыс оқуға, әрі шапшаң оқуға септігін тигізеді.
Мәнерлеп оқу дегеніміз — дауыс интонациясы арқылы автордың ойын білдіру, мазмұндық ой екпінін дұрыс қоя білу, ақырында оқығанды түсініп, кейіпкердің көңіл-күйін сезіне оқи білу.
Оқушылар сөйлемдегі сөздердің мәнін (әсіресе, омоним сөздер), шығарманың көркемдігін және оның әсерлілігін мәнерлеп оқу арқылы байқайды.
Мәнерлеп оқу үшін әр сөздегі ойдың ара жігін ескере отырып, дауысты құбылтып, тиісті жағдайда сөздерге реңк беріп оқиды.
Мұғалім қөбінесе өзі мәнерлеп оқу арқылы оны оқушыларға үйрете алады. Мәнерлеп оқуды радио мен телевизорды, магнитофонды кең пайдалану арқылы да үйретуге болады.
Мәнерлеп оқуды үйрету үшін әр мұғалім оқу сабағына немқұрайлы қарамай, жан-жақты дайындалуы керек. Ол үшін мұғалім қандай мәселені жете білуге тиіс? Мәнерлеп оқуды дұрыс ұйымдастыру үшін, оқушы сөйлемді немесе мәтінді оқығанда, қалай дем ала білу керек, дауыс қалай шығуға тиіс, дикцияның қандай болуы қажет — осының барлығын мұғалімнің өзі айқын білгені жөн. Өйткені мәнерлеп оқу үшін кеуде қуысына толған ауаны орынды пайдаланып, дұрыс дем ала білудің мәні зор. Өкпедегі ауаны сарықпай, оқу процесінде үнемі дем алып, ауаны керегінше жұтып отырған оқушы мәнерлеп дұрыс оқи алуына жағдайы бар.
Мәнерлеп оқу дауыстың өзіне де қатысты. Дауыс неғұрлым таза, күшті шықса оқу да мәнерлі болады. Ол үшін әр оқушы даусын күте білуі қажет. Дауыс желбезегіне онша күш келтірмеу. Суық күндерде далада азырақ сөйлеу, суыққа шалдықпау – дауыс күші мен оның тазалығын, үнін сақтаудың басты шарты.
Дауыстың өзіндік белгілері бар. Олар: күші, жоғарылығы, қарқыны, тембрі. Сөйлегенде адам бірде жылдам, бірде баяу сөйлейді. Бұлар әр адамның дауыс қарқынына байланысты. Мұғалім жаттығу арқылы өз даусының орташа қарқынын анықтай алады. Ол жылдам сөйлеуден аулақ болғаны жөн. Егер жай сөйлей алмайтын болса, жаттығуы қажет.
Дауыстың тыңдаушыға әсерлі болуы тембріне байланысты. Құбылта оқу, дауыс ырғағына келтіре оқу да жаттықтыру арқылы қалыптасады. Мәнерлеп оқуда дикцияның мәні зор. Сөйлеушінің ашық, анық, айқын айтуы оның айтқанын ұғуға, әсерлі болуына ықпалын тигізеді. Дикциясында ақау болса, оны арнаулы жаттығулар арқылы түзету қажет. Дикциядағы кемшілік – сөйлеу мүшелеріне дұрыс жұмыс істете алмаудың салдары.
Мәнерлеп оқуда зор роль атқаратын – интонация. Интонация – сөйлеу сазы. Ол сөйлеудің ритмі мен үнін, дауыстың бірде жоғарылап, бірде төмендеуін білдіреді. Интонация мына элементтерден тұрады: сөз бен ой екпіні, сөйлеудің қарқыны, ритмі, пауза, сазы.
Интонация жайында анығырақ түсінік беру үшін, оның кейбір элементтеріне арнайы тоқталайық.
Сөз екпіні және ой екпіні. Сөз екпіні – фразалық екпін, ал ой екпіні – логикалық екпін. Сөйлемді айтқанда я оқығанда, оның ішіндегі сөздер интонация мен мағынасына, айтылу ырғағына қарай, өзара топ-топқа бөлінеді. Ол топ синтагма деп аталады. Синтагмада бір я одан да көп сөздер болады. Әр синтагмада бір сөз көтеріңкі дауыспен ерекшелене айтылады. Міне, соны екпін түскен сөз дейміз.
Сөз екпіні түскен сөздер ой екпіні түскен сөздерден көп төмен айтылады. Кейде оларға екпін түсіп тұрғаны сезілмейтін кездері де болады. Бұдан шығатын қорытынды – екпін түскен сөздердің бәрін көтеріңкі дауыспен айта бермеу керек. Тек ой екпіні түскен сөзді ғана даралай айтуға болады.
Пауза сөйлеуді сөйлемге, сөйлемді синтагмаға, синтагманы сөзге ажыратып, ара жігін көрсету үшін қолданылады. Сонымен қатар пауза сөздердің басын біріктіріп, бір синтагма жасай да алады. Паузаны сақтамау оқып отырған мәтіннің мазмұнын дұрыс түсінбеуге әкеліп соғады. Мысалы, «Ол үй емес» деген сөйлемді паузасыз айтсақ, айтып тұрғаным басқа үй деген ұғымды білдіреді, яғни ол сөзі сөйлемде үй сөзіне анықтауыш ретінде қолданылады. Ал сол сөйлемде ол сөзінен кейін пауза жасасақ, онда айтып тұрғаным үй емес, қора немесе басқа бірдеме дегенді білдіреді. Мұнда «ол» бастауыш қызметін атқарады.
Көркем шығарманы мәнерлеп оқу үшін, онымен алдын ала танысып, сонан соң оқығанда ғана автордың идеясын жеткізе оқып шығуға болады. Көркем шығармада адам психологиясы жан-жақты суреттеледі. Оны өз мәнінде тыңдаушысына жеткізу үшін, мұғалім оқитын мәтіндегі қай сөздің, сөйлемнің қандай мағынаны, қандай көңіл күйді білдіретінімен алдын ала таныс болуға тиіс.
Міне, осы сияқты жәйттерге көңіл бөліп, дайындық жұмысын жүргізген мұғалімдер ғана оқушыларды мәнерлеп оқуға үйрете алады.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Оқудың қандай түрлері бар?
2. Оқудың түрлері қалай іске асады?
3. Оқуда қандай талаптар орындалады?
4. Түсініп оқудың маңызын, іске асыру жолдарын айтыңыз.
5. Шапшаң оқу не үшін керек?
6. Дұрыс оқу деген не, қалай іске асырылады?
7. Оқушылар мәнерлеп оқуға қалай дағдыланады?
Достарыңызбен бөлісу: |